Ауруханада жатқан баланың әкесі табылды
Тәңірбергеннің әкесі екенін дәлелдеу үшін ДНҚ тапсыруы керек.
Екі жасар баланың әкесі Алматыға былтыр күзде жұмыс істеуге келген. Сол кезде қала көшелерінде баласымен бірге жүріп баспана мен жұмыс іздеген
Бірнеше айдан бері Алматыдағы ауруханалардың бірінде тұрған баланың әкесі табылды. Енді ол кішкентай Тәңірбергеннің әкесі екенін дәлелдеу үшін ДНҚ тапсыруы керек.
Бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түсті, содан кейін ер адам байланысқа шықты. Оның сөзінше, екі жасар баласынан бас тартпаған және оны ауруханадан алып кетуге уәде берген. Алайда алдымен баланың әкесі екенін дәлелдеуі қажет, деп хабарлады КТК телеарнасы.
"Бастапқыда баланың құжаты болмағандықтан, енді әкесі екенін дәлелдейді – бала екеуінен ДНҚ сараптамасы алынады. Негізінен оның баланы алып кетуге толық құқығы бар. Себебі әкесі ата-ана құқығынан айырылмаған және оған қарсы ешкім арыз жазбаған. Егер әкесі екенін дәлелдесе, баланы алып кете алады", - деді Алматы қаласының №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының заңгері Рүстем Балтабаев.
Ал оған дейін кішкентай Тәңірберген мамандандырылған балалар үйінде тұрады. Қазір оны сол жаққа ауыстыруға дайындап жатыр. Баладан сараптама алынды, сондай-ақ коронавирустың бар-жоғын да анықтайды.
Бала алғашқы құжатын – туу туралы куәлік алды. Тек "әкесі" деген тұста сызық қойылған. Өйткені бес айға жуық уақыт бойы баланы іздеп ешкім келмеген. Дәл сол уақыттан бері бір жарым жасар Тәңірберген аурухана палатасында тұрды.
Баланың әкесі ДНҚ тапсыруға дайын.
"Жағдайға бей-жай қарамағандарға алғысым шексіз, алайда ұлымды өзім тәрбиелеймін. Қазір қажетті құжаттарды жинап, оны алып кетуге дайынмын. Қажет болса, ДНҚ тестін тапсырамын. Тәңірбергеннің 100% менің ұлым екеніне сенімдімін. Осы уақытқа дейін ай сайын ауруханаға келіп жүрдім. Дәрігерлер оны біледі", - деді баланың әкесі Мейірбек Тілепбаев.
Кішкентай сәбидің бірнеше айдан бері ауруханада тұрып жатқаны туралы әлеуметтік желі арқылы белгілі болды. Баланы ауруханада әкесі қалдырған. Әке мен бала қыркүйекте полиция қызметкерлерінің назарына іліккен – олар ауа райына сай киінбей жүрген. Сол кезде ер адамның тұрақты тұратын жері жоқ екені анықталды. Ал Алматыға Жамбыл облысынан табыс табуға келген. Ер адамның сөзінше, баланың анасы кетіп қалған.
Содан кейін баланы ауруханада қалдырып, әкесі алып кетуге уәде берген. Медициналық мекемеге екі рет келіп, баланы балалар үйіне бермеуді сұраған.
Айта кетері, бұған дейін полиция баланың Жамбыл облысында тұратын әжесін тапты.