Астанада көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелері талқыланды
Төтенше жағдайлар департаментінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның жоспарлы отырысы өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агентігі. Бұл туралы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Астана қаласы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысының күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Астана қаласы аумағынан көктемгі су тасқынын өткізуге дайындық; су тасқыны кезеңінде су астында қалуы мүмкін проблемалық участкелерді анықтау; көктемгі төтенше жағдайлардың қатеріне және оның туындауына ден қою. Осы үш мәселе бойынша аумақтық кіші жүйелер күштері мен құралдарын әзірлікке келтіру жөніндегі ведомство бөлімдері өкілдерінің баяндамаларын тыңдады" - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, комиссия мүшелеріне Астана қаласының коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы нысандарының (тұрғын үй қоры), лифттік шаруашылық жай-күйі туралы; төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша іс-шараларға жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлу туралы ақпарат берілді.
Мұнан бөлек, жергілікті ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған жағдайда жергілікті атқару органдарының резервінен қаражат бөлу керектігі түсіндірілді.
«Бірінші сұрақты қарастыру кезінде қала аумағынан су тасқынын өткізу, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз жұмыс режимін, қорғаныс бөгеттерін ұстау және су басу қаупі бар учаскелерде тасқынға қарсы шаралар қолдануға қатысты ерекше назар аударылды», - делінген ведомствоның хабарламасында.
Күн тәртібін қарау нәтижесі бойынша қала қызметтеріне төтенше жағдайлардың алдын алуға және азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне бағытталған нақты тапсырмалар берілді.