Ашаршылық шындығы мектеп оқулықтарына енгізілуі тиіс пе?
Қазақты қынадай қырған Голощекин геноциді мектептің Қазақстан тарихы пәнінде ашық жазылған ба? Шынын айтатын болсақ, төл тарихымыздағы қасіретті жылдар туралы ақпараттар мектеп оқулықтарының өзінде мардымсыз жазылған. Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған ашаршылықта қазақтар секілді көп қырылған украиндер бұл трагедиялық кезеңдерді халықаралық деңгейге шығарып, басқа елдерге көрсетіп, оны мойындауға мәжбүр етіп отырса, біз болсақ бұл нәубетті жылдарды өскелең ұрпаққа толық жеткізе алмай отырмыз.
Бұл туралы саясаттанушы Ерлан ҚАРИН бір сұхбатында былай дейді:
– Мен 10-11 сыныптардағы орыс және қазақ тіліндегі Қазақстан тарихы пәні бойынша оқулықтарды оқып, талдап көрдім. 11-сыныптың «Қазақстан тарихы» оқулығында ашаршылықтан 300 мың адам өлді деген дерек көрсетілген. Сондай-ақ орыс сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында (11-сынып) үлкен бір қасірет, қаншама миллион халқымызды жойған оқиға бір кішкентай ғана абзацпен берілген. Сонда бүтін бір ұлттың трагедиясы бар болғаны бір абзацқа сыйып кеткен бе? Сол парақтағы тараудың өзі былай аталады: «Кеңестік саясаттың олқылықтары». Жаппай ашаршылықты баяғы сарынмен тек олқылық, кертартпалық деп қарастыру, адамның өлімі трагедия емес, жай ғана қателік секілді. Бұл не? Бұл біздің әлі де кеңес өкіметінің түсіндірмесімен отырғанымызды көрсететіндей.
Шынында да, қарап тұрсаңыз, бұл біздің осынау тарихи оқиғаны «геноцид» деп ашық айта алмай, оқушыларымызға ақиқатты ашып көрсете алмай отырғандығымыздан емес пе? Осындай олқылықтардың орнын толтыратын уақыт әлдеқашан жетті емес пе? Бізде оқушыны апаратын мұражай жоқ болса, оқытатын оқулық жоқ болса, көрсететін фильм болмаса, онда біз жас ұрпаққа нені жеткіземіз? Ең қауіптісі осы емес пе? Біз бұлай немқұрайдылық таныта берсек, болашақ ұрпақтың түсінігі қазақ тарихы туралы ұшқары болатыны сөзсіз. Сондықтан жастар сол кезеңде ел басына түскен нәубетті ұмытпас үшін мектеп оқулықтарына нәубет тарихы туралы ақпараттарды кеңірек әрі ашық насихаттауымыз – міндет.
Оларды оқулыққа енгізу – келер ұрпақ алдындағы да, өткен ұрпақ алдындағы да үлкен парызымыз.
Еділ НОЯНОВ, тарих ғылымының кандидаты, доцент:
– Міндетті түрде ашаршылық шындығы мектеп оқулықтарында толық жазылуы тиіс. Өкініштісі сол – Тәуелсіздік жылдары шыққан мектеп оқулықтарында 20-30 жылдардың қасіреті толық жазылмаған. Украиналықтар өздерінің «голодоморын» болмаса еврейлер өздерінің «холокостысын» әлем болып атап өткісі келеді. Тіпті өткізіп те жатыр. Ал біз болсақ қайғылы, қасіретті жылдарымызды өз өскелең ұрпағымызға да толық жеткізе алмай отырмыз. 1931-33 жылдары қазақтың 40-50 пайызы аштықтан қырылды. Одан тірі қалғандары көрші елдерге бас сауғалауға мәжбүр болды. Ол кезде Қазақстанда қалу өліммен тең болатын. Демограф ғалым Мақаш Тәтімовтің есебі бойынша, 1897 жылы қазақтың саны 4 млн 400 мың болса, 1959 жылы 4,5 млн қазақ халқынан 2 млн 870 мың ғана қазақ қалған. Қазақтың негізгі шығыны ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келіп тұр. Сондықтан бұл мектептің оқулықтарында міндетті түрде шынайы әрі толық жазылуы тиіс. Тек Қазақстан тарихы пәнінде ғана емес, мектепте бұл тақырыппен факультативті сабақтар, тәрбие сағаттары өтуі керек. Сонымен қатар о баста 31 мамыр ашаршылық күні болып белгіленген болатын. Бірақ кейін ол 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып өзгертілді. Қазақстанда бар-жоғы 104 адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Енді ашаршылық осының саясында қалып, айтылмай қалуда. Яғни ашаршылық күніне байланысты бізде нақты белгіленген күн жоқ. Бір ғана армян халқын алайық: кезінде түріктердің қолынан қаза тапқан миллионға жуық бауырластарын еске алу үшін еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін айтулы күнді айрықша атап, аза тұтады. Ал Украинада осыдан бірнеше жыл бұрын Украина Радасының (парламентінің) ұсынысымен, президент шешімімен 27 қарашаны жаппай ашаршылық кезінде құрбан болған қандастарын ескі алу күні етіп жариялады. Сол күні кеште бүкіл Украина бойынша бір сағат барлық жарық, шамдар өшіріліп, бауырластарын еске алады. Ал біз Алаштың арқа тұтар азаматтарынан бастап қарапайым қазақ ұлдарын баудай түсіріп, қазақ жерін молаға айналдырған миллион қазақтың басын жұтқан қаралы тарихтың жүзіне тік қарай алдық па? Мен қырылған қазақтың жоқтаушысы бүгінгі ұрпағы деп айтар едім. Келешекте барлық ЖОО-да, әрбір мектепте ашаршылық шындығы айтылуы тиіс. Қазір ештеңеден жасқанатын, қымсынатын кезең емес. Айтам деген, осыны іске асырамын деген адамның аузына қақпақ, қолына байлау болып отырған ешкімді көрмедім. Бұған тек ниет пен ынта керек. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі мен тағы басқа тиісті органдардың ықыласы қажет дер едім.
Бір сөзбен айтқанда, ашаршылық мектеп қабырғасында қазақ тарихындағы ең алапат ұлттық қасірет ретінде оқытылуы керек. Жазушылар, мүсіншілер, киногерлер, суретшілер осы трагедияны көркем бейнелеуге міндетті. Әрине, мұндай шараларға байқау жарияланып, арнайы мемлекеттік грант бөлінсе, дұрыс-ақ болар еді.
Қазақстан Тәуелсіздік алғанына 20 жылдан асты. Егеменді ел болдық. Экономикамыз да қарыштап даму үстінде. Өзге елдер арасында да беделіміз жоғары, түрлі шетелдік ұйымдарға төраға болдық. Енді бізге не кедергі? Небір нәубетті бастан өткерген ата-бабаларымыздың шынайы тарихын келешек ұрпаққа жеткізу бүгінгілердің парызы емес пе? Сондықтан қалай да болса бұл қасіретті жылдар төңірегіндегі шынайы тарихымыз мектеп оқулықтарында ашық әрі толық жазылуы тиіс. Ал бұған білім және ғылым министрі не дейді екен?..
Қамбар АТАБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Ашаршылық шындығы мектеп оқулықтарына міндетті түрде енгізілуі тиіс. Бірақ қазір мектеп оқулықтары тұрмақ, академиялық еңбектердің өзі қайта жазылуы керек. Өйткені олардың барлығы әу бастан қате жазылған. Оларды мен Ресейдің отаршылдық саясатының тұрғысынан жазылған еңбектер деп есептеймін. «Қазақстан тарихының» бес томдығы да солай. Ал оқулық деген не – ол білім, ал білім қайдан келеді, білім ғылымнан келеді. Егер бізде, шын мәнінде, Қазақстан тарихы ғылымы жоқ болса, онда шынайы оқулық қайдан пайда болады? Менің айтарым, Қазақстан тарихы ғылымы әлі күнге дейін өзінің зерттеу объектісін анықтай алған жоқ. Біз әлі күнге дейін жастарға «Ежелгі дәуірдегі Қазақстан», «Орта ғасырдағы Қазақстан» деп оқытып жүрміз. Ал ежелгі Қазақстан деген болып па еді? Қазақстан – ол мемлекеттің аты. Ежелде де, орта ғасырда да Қазақстан деген болған жоқ. Сондықтан, ең алдымен, оқулықты «Қазақ тарихы» деп өзгертуіміз қажет. Содан кейін барып оған қазақтың басынан өткен небір тарихты енгізуге болады. Сондықтан көптомдыққа, мектеп оқулықтарына бірді-екілі оқиғаны енгізе салу емес, бұл жердегі басты мәселе, қазақ тарихын ұлттық мүддеге сай, ұлттық тұрғыдан түбірімен қайта зерттеп, қайта жазуымыз керек.