Алматыдағы хоспис коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өсуіне байланысты карантинге жабылды
Алматыда қалалық хоспис шұғыл түрде карантинге жабылды. Медициналық мекемеде коронавирустың өршуі тіркелді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеп.
"30 қыркүйекте профилактикалық тестілеу өткізгенде, барлық сынақтар теріс болған еді. Бірақ, өкінішке орай, 19 қазанда бір науқасты тексеру кезінде біз тестілеу жүргізгенде 24 пациент пен алты адам медқызметкердің COVID-19 инфекциясын жұқтырғанын анықтадық", - деді Алматының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Медициналық мекеме 14 күндік карантинге жабылды. Мамандар барлық  мекемені дезинфекциялайды. Оң диагнозы расталған пациенттер инфекциялық стационарға ауыстырылды.
Хосписке қауіпті инфекцияны "әкелген" науқас қабылдау алдында тестілеуден өтті, нәтижесі теріс болды. Қайта тексеру кезінде әйелде коронавирус анықталды.
Қазір полиция мен санитарлық дәрігерлер Хосписте жаппай жұқтыру фактісі бойынша тергеуді бастады. Нәтижелерін жақын күндері белгілі болады.