Алматы облысында 45 млн теңгенің спорттық алаңдары құжат жүзінде ғана жасалған
Алматы облысында 45 млн теңгеге салынған спорттық алаңдар шын мәнісінде аяқталмаған болып шықты. Мұндай келеңсіз жағдай Сарқан ауданында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дәл осы ауданның үш ауылында яғни, Бақалы, Көкөзек, Алмалыда құжат жүзінде заманауи спорттық алаңдар салынған. Тіпті жұмыс аяқталмаса да мердігердің шотына келісімшартта көрсетілген 45 млн теңге толықтай аударылған. Мәселен, құжат жүзінде салынып біткен спорт алаңының бірі Алмалы ауылында орналасқан. Дәл осы объектіні салу үшін 15 млн теңге бөлінген. Алайда 15 млн теңгеге салынды делінген спорт алаңында қиыршық тас пен арам шөптен басқа ештеңе жоқ.
«Бұл жұмыстар былтыр қазан-қараша айында басталды. Қиыршық тас төкті, жан-жағын бетондады, сонымен жұмыстар тоқтады.
Заманауи қоршауы, жарығы бар алаң салынады деді. Қуанышымыз зор болды. Бірақ су сепкендей басылды. Өзім сол объектінің комиссия мүшелігінде бар екенімді де білмеймін, құжат та көрмедім, қол да қоймадым. Барлық жұмыстарды Сарқан аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі жүргізді. Ауылдық әкімдіктің еш қатысы жоқ», - деді Алмалы ауылдық округінің әкімі Асхат Тұрғанбеков.
Ал Сарқан ауданының Бақалы, Көкөзек, Алмалы ауылдарында үш спорттық алаңды құжат жүзінде салған «Бағалы-Алакөл» мердігер компаниясы. Ең сорақысы, 45 млн теңгенің жұмысы атқарылмаса да толық қаражат мердігер компанияның шотына аударылған. Құжат жүзінде жұмыстар былтырғы жылдың 30 қарашасында аяқталған. «Бағалы-Алакөл» мердігер компаниясымен келісімшарт жасасқан Сарқан ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ғабит Сәбитұлы ақшаны жұмыс атқарылмаса да жеке компанияның шотына аударылғанын мойындап, жағдайды былай түсіндірді.
«Барлығы 45 млн теңге қаражат аударылды. Бұл нысандар құжат жүзінде аяқталған. Алайда, мердігермен ешқандай келісімшарт бұзылған жоқ. Олардың келісімшарт бойынша кепілдік мерзімі бар. 2 жылдық, егер де жұмыстар дұрыс жасалмаған жағдайда, өздері қайта атқарады. Екіншіден, ол кісілердің бізде кепілдік хаты бар. Яғни, 2021 жылы жұмыстарды толық аяқтаймыз деген», - деді Сарқан аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ғәбит Сәбитұлы.