Несіпбек Айтұлы: Көз жасым

Несіпбек Айтұлы: Көз жасым

 

Өлеңдер, толғаулар, поэмалар
БЕСІК ЖЫРЫ

Адамның еске түссе есіл күні,
Есіне түседі екен бесік жыры.
Жадымнан оқта-текте шығып кетсе,
Анашым, айналайын, кешір мұны.

Қоңыр тау,
Қоңыр өзен сарылдаған.
Келеді алыстан сол сарын маған.
Өз үнім естілгендей өзіме анық,
Бір кезде бесігімде шарылдаған.

Бесігім, қасиеттім, кешір мені!
Өмірдің заңы ғой бұл көшірмелі.
Қайтар ем құндағыма мүмкін болса,
Көкжиек жеткізбейді-ау көсілмелі.

Дүниеде саған нені теңгеремін,
Қалды ғой сәбилігім сенде менің.
Естілші тағы да бір, бесік жырым,
Қысып тұр қаталатып шөл дегенің.

Бесік жыр – аппақ сүтім, жарықтығым,
Сен едің жарық жұлдыз, жарық күнім.
Жетсеңші, омырауыңнан иіскейін,
Қабатын қалың түннің жарып бүгін.

Айналып аспандағы күміс айға,
Сәулесін түсіргенде үміт-айна,
Тұрушы ең қараша үйді күңірентіп,
Байғұздың сұңқылдаса үні сайда.

Тыңдатып тау күбірін,
Мал дүбірін,
Өзен-су, жартастардың жаңғырығын,
Қасықтай көкірегіме құятынсың,
Әкеліп табиғаттың барлық үнін.

Қағып ап бір қымбатты
Мұңлы ырғақты,
Құйтымдай қоңырау-жүрек күмбір қақты.
Үзіліп кете ме деп үрейленем,
Кенеттен қағып қалсам бір күн қатты...

Көп жылдар құлағыма шалынбаған,
Сусап тұр балдай тәтті сарынға жан.
Самал жел,
Жалынамын, жеткізіп бер,
Анамның әлдилеген әнін маған?!.

ОШАҚ

Бармысың,
Киелі ошақ ұшқындаған!
Сағынтып жүрегімді қыстың жаман.
Қойнынан қара түннің қарауытқан,
Сәуле боп сонадайдан түстің маған.

Сырлы ошақ,
Сағымды ошақ,
Жалынды ошақ...
Келемін бордай еріп, жаным босап.
Отырды-ау, қауқылдасып –
Барын жасап,
Түбіңде қалың қазақ – қалың жасақ.

Өткенді ойға оралтсам соға ма ауыр?
Бір қозғау салып тұрсың санама бұл.
Болдың ба жалғандағы жалғыз тірек,
Телмірді қоршап сені қоралы ауыл.

Басыңда ән айтылды, жыр айтылды,
Бос белбеу, боз өкпелер былай тұрды.
Қаныма жалыныңды құйшы менің,
Болайын бір-ақ сәтте құдай сынды!

Алыстан көрінесің көз нұрындай,
Жеткізбей,
Жақындамай,
Тез бұрылмай.
Жұлдыздай жымың қағып жерге түскен,
Біресе елестейсің жез құлындай.

Түнеріп тұнжыраған тылсымда анау,
Иірімдей үйірілген бір сыр бар-ау!
Ләм демес сұрағанмен суыртпақтап,
Әрі жас, әрі кәрі – бұл түн қарау...

Қарт анам көпті көрген – қара ошағым,
Бәріне куәсің ғой тамашаның.
Тағы да сендіресің –
Сен білесің,
Қашаннан жерге түскен жара санын.

Сарнатып сар желдіріп сары атанын,
Соққанда суық желі қарашаның,
Тоңдырмай қара қостың балапанын,
Жылыттың аналардың алақанын...

Тағасы тағатымның бітті сынып,
Аймала алауыңды тік түсіріп.
Қазанға бара салып бас қояйын,
Қара ошақ, жатырмысың сүт пісіріп?!.

ТАБАЛДЫРЫҚ

Халқыма қадірменді, табалдырық!
Тұрасың әр уақытта алаң қылып.
Үлкендер «Баспа!» дейді,
Аттап өтем,
Сыр бар-ау, ар жағында алар біліп...

Тіршілік қарағанда маған күліп,
Талпындым айналама,
Санам кіріп.
Аттатып кең дүниенің есігінен,
Шығарып салдың алғаш, табалдырық!

Келесің әлі күнге адам қылып,
Өмірдің өзегінен нәр алдырып.
Жасадым ерсі мінез өзім қанша,
Сенен бір байқамадым жаман қылық.

Көрсетіп жігерлілік, табандылық,
Жасқанбай талай жерге барам кіріп.
Үн-түнсіз сол баяғы қалпыңменен,
Алдымда тұрасың сен, табалдырық!

Біреулер жылап қарсы ап,
Қалар күліп,
Біреулер сенген болып, алар күдік.
Әйтеуір барлық сырым саған аян,
Бәріне куәсің ғой, табалдырық!

Үстіңнен өтті қанша заман жүріп,
Сайран сап...
Және тағы салар бүлік.
Өзіңнен дос та аттады,
Қас та аттады,
Бүлк етпей шыдап бақтың, табалдырық!

Алыстан аппақ шамын жағарда үміт,
Уайымның қара құлпын алам жұлып.
Есігін арманымның айқара ашып,
Жебеп жүр, қайда барсам, табалдырық!

Тосыннан үйіріліп қараңғылық,
Тағдырым тастағанда маған құрық,
Жолында асу бермес асқар болып,
Көлденең жатып ал, сен, табалдырық!

ҮМІТ КӨБЕЛЕГІ

Оралдым ауылға мен жылдар салып,
Қуана құшақ жайып тұр қарсы алып.
Тезірек түседі екен тосын көзге,
Арада өзгергені кім қаншалық.

Біразы көне үйлердің күйрегендей,
Қатары қарттардың да сирегендей.
Бәрінің орындары үңірейіп,
Тұрғаны-ай,
Көңілімнің күйге келмей.

Секілді бір қарасам қаз-қалпында,
Дүние өз орнынан қозғалсын ба?
Сол қалпы бәз-баяғы таныс тірлік,
Жүзіп жүр баяғыдай қаздар суда.

Дариға, қайда сол бір балалық шақ!?
Мен тұрмын жан-жағыма қарағыштап.
Анау бір күлімдеген кішкентай қыз,
Кенеттен әлдекімге барады ұқсап.

Әкеткен қайда қуып өмір желі,
Қуақы сары ұл неге көрінбеді?
Өзіммен өзім ғана сырласамын,
Жая алмай құпиямды көңілдегі.

Кеудемде бұлт аунайды түйдек-түйдек,
Білмеймін апарарын қайда сүйреп.
Табылмай іздегенім іштен тынып,
Тартқандай жабырқаңқы көңіл күйреп.

Жүрегім аласұрды неге менің,
Жарқыным, сезесің бе не керегін?
Дүние-ай,
Қайта қуып жөнелер ме ем,
Үміттің ұшып-қонған көбелегін!?.

БАҚАНАС – БІЗДІҢ БАЛАЛЫҚ

Ұл едік онда, қыз едік,
Бір емес едік – жүз едік.
Бақанас деген өзенді
Олай да кешкен – біз едік,
Бұлай да кешкен – біз едік!

Бұрымын иіскеп бал қыздың,
Жұпарын жұттық жалбыздың.
Бақанас өзі жұбатты,
Жабырқап қалсақ жалғыз күн.

Адамның жастық ғұмыры –
Шапқан бір аттың дүбірі.
Құлағымда әлі жүр менің,
Қыздардың тәтті күбірі.

Оралса ойға кейде осы,
Жыртылар көңіл жейдесі.
Жүрегімде әлі жүр менің,
Қыздардың уыз бейнесі.

Алысқа бетті түзедік,
Ұл едік кеше, қыз едік.
Балалық деген өзенді
Олай да кешкен – біз едік,
Бұлай да кешкен – біз едік!

САҒЫНДЫҢ БА, СЕН МЕНІ?

Жыл құстары қиқулап,
Көшкенде өзен сеңдері,
Көкірегіңде күй тулап,
Сағындың ба, сен мені?

Гүлдер қақса қанатын,
Қызыл оттай қыр лаулап,
Таусылып бар тағатың,
Толқындармен бірге аунап,
Сағындың ба, сен мені?

Самал майда тілімен
Жапыраққа сыр айтса,
Аққан жұлдыз түнімен,
Жүрегіңді мұңайтса,
Сағындың ба, сен мені?

Жаз жылжыса, күз жуық,
Дауыл шайқар еменді.
Сезіліп сәл ызғырық,
Қалтыратса денеңді,
Сағындың ба, сен мені?

Бірте-бірте білінбей,
Суық соғар іргеңнен.
Қайта шықпас гүліңдей,
Жастығың да бір келген,
Сағындың ба, сен мені?

Айта алар ма түгендеп,
Аспан менен жер тілі.
Сағынышқа тірелмек,
Махаббаттың төркіні,
Сағындың ба, сен мені?

Көру үшін пендені,
Көзін салмас ай төмен.
Сағындың ба, сен мені,
Мен сағынсам, қайтер ең?!

ЕСІҢДЕ МЕ?

Жаз күркесін күз келіп жығар әлі,
Өрекпумен өзендей жыл ағады.
Шағаласын шақырып шалғай кеткен,
Көлдерім тұр көзімде жылағалы.

Жайлау үсті.
Сонау бір жырадағы,
Құлағыңда жүр ме әлі бұлақ әні.
Кірпігіңе ілініп жұлдыз тамшы,
Шақ тұрдың-ау, сен сонда жылағалы.

Қарауытып көрінбей ауыл маңы,
Қоңыр түннің көрпесі қалыңдады.
Тұрдым мен де ұмытып дүниені,
Есіл-дертім сенде боп жанымдағы.

Ым қаққандай
Жұлдыздар жымыңдаған,
Сырласқандай
Шегіртке шырылдаған.
Кереметін көрсетпей келіпті ғой,
Мына тұрған табиғат бұрын маған.

Жанарыңа жанарды тұрдым қадап,
Езу тартып, жай ғана күлдің замат.
Қызғанды ма?
Жүзіңді көлегейлеп,
Бүркей берді қара түн тұнжыр қабақ.

Ойхой, дүние!
Ол дәурен қайда маған?!
Өтеді өмір біртіндеп майдалаған.
Қызғанып ем сол сәтте мен өзіңді,
Таудан-тастан,
Тоғайдан,
Айдаладан...

Біле алмаймын бұл күнде жүрмін қалай?
Жастық құсы сайрамай, жыр жырламай.
Көрген түстей көшеді көз алдымнан,
Өткен өмір тұра ма бұлдырламай.

Қызғалдақтай үлбіреп құмға шыққан,
Тұрушы едің шақырып тым қашықтан.
Жұтып жастық сусынын бір кеседен,
Татып едік балын да бір қасықтан.

Есіңде ме?
Сол бір түн – Қасқа бұлақ,
Секілді еді секіріп қашқан лақ.
Қасқа бұлақ
Ойыма оралғанда,
Жанарымды аламын жасқа бұлап...

ӨТКЕРДІК ЖАСТЫҚ КӨКТЕМІН

Өткердік жастық көктемін,
Біз көрген қызық жетерлік.
Арудың жұтып от лебін,
Бокалды басқа көтердік.

Атойлап әрбір тараптан,
Думанға кірдік шалқыған.
Күшті боп шықты шараптан,
Сұлудың демі шарпыған.

Өмірді соның жолына
Біржола құрбан етердей,
Өртене жұттық оны да,
Өрт болып жанып кетердей.

Тізгінді бердік желікке,
Жүректің сырын жасырмас.
Жастықтың әлде
Дедік пе,
Қызуы мәңгі басылмас.

Жіберсе, шіркін, ерікке,
Уақытқа қандай бар талас.
Ғұмырдың әлде
Дедік пе,
Базары мәңгі тарқамас.

Жұтардай болып көріндік,
Найзағайдың да жарқылын.
Сезбестей сірә өмірлік,
Жылдардың ызғар, салқынын.

Кеткенін күндер арынды,
Кешеңдеу барып аңдадық.
Жұтсақ та отты, жалынды,
Өмірі бірақ қанбадық.

Сезімді судай шайқаған,
Оралып сол бір кездерге,
Лапылдар ма едік қайтадан,
Шоқ болып қара көздерде.

Күрсінбес кімдер түнімен,
Аңсатса жастық дәурені –
Сүзгендей судың түбінен,
Жұлдыздан түскен сәулені...

ҚҰЛЫН КӨРДІМ ТҮСІМДЕ

Құлын кірді түсіме бүгін менің,
Көрдім анық ойнақтап жүгіргенін.
Жануар-ай, ғайыптан қайдан келдің,
Көптен бері жүректің түбінде едің.

Күлте жалды, сүйкімді торы құлын,
Ойда жоқта қарашы жолығуын.
Еске түсті құлындай құлдыраған
Қайран менің бақытқа толы күнім.

Шаң қондырмай етіне, кір жуытпай,
Зымырайды жануар бұлдырықтай.
Сәбиім-ай, күні ертең сезбейсің ғой,
Мойныңа арқан түсерін қылдырықтай.

Шығады деп ақын боп елге атағым,
Сенен алыс қалада мен жатамын.
Білмейсің-ау, төсіңді айыл қиып,
Үлпілдеген арқаңа ер батарын.

Құлыншағым, құланжал, сұңқар мүсін,
Айналаңа сен-дағы іңкәрімсің?
Тұғырымсың,
Немесе тұлпарымсың,
Топтан озып оқ бойы шырқарымсың?

Алдыңда әлі тау мен тас, жазықтарың,
Тауса алам ба мен оның жазып бәрін?
Жел қанатты, жүйрігім, ұқпайсың-ау,
Аяғыңды шалатын қазық барын.

Көптен бері жүректің түбінде едің,
Мазаладың жанымды бүгін менің.
Есімде әлі кіршіксіз жанарыңа,
Бала кезде сан рет үңілгенім.

Дала көрдім көзіңнен, гүлді көрдім,
Аспан көрдім, жайнаған күнді көрдім.

Жұмбақ еді сол кезде маған-дағы,
Сауырыңды қамшымен тілгілер кім?

Кер бетеге, көк жайлау маған қашық,
Ойға оралса балалық қалам жасып.
Күнәдан пәк, момақан, құлыншағым,
Анда-санда келіп жүр амандасып...

ХАТ

Ағажан,
Көкпар қайда, торы ат қайда?
Будақ шаң енді қайтып боратпай ма?
Соңына сопаң етіп шыға келер,
Бұл ғұмыр барады ұқсап шолақ сайға.

Жылдардан жүйрік мініп озған ба адам?
Тарғыл тас тәуір одан қозғалмаған.
Шапқанмен Шұбартауды шыр айналып,
Көк сағым жеткізер ме көзді алдаған?!.

Бұл қырда кім жортпаған, кім шаппаған?
Бұрлыққан небір тұлпар тың сақтаған.
Құйғытып желге қарсы жөнелгенде,
Талайдың көзден жасы бұршақтаған.

Сағынтса сонда қалған бозбала күн,
Тереңнен толқын атып қозғаламын.
Шоқтанып ұшқын шашқан қоламтадай,
Көрер ме ең көкіректің қоздағанын.

Жүрегім ботасы еді боз даланың,
Жетер ме құлағыңа боздаған үн.
Айтсаңшы, көрген бар ма бұрын-соңды,
Болаттай бүтін тұяқ тозбағанын?

Жетсек те өзімізше кісі болып,
Өмірді сендей қайтып түсінелік.
Қойнында көк өзендер көбік шашқан,
Тұра ма асқар таулар түсіңе еніп?

Өзіндей табиғаттың таза қайда,
Бір ауық бабаң келіп мазалай ма?
Сілкініп баяғыдай шығамысың,
Жанып ап жігеріңді назағайға.

Үнемі көкейіме бір ән келіп,
Тұрады өткен мезгіл қылаң беріп.
Білмеймін, қоңыртөбел тіршіліктің,
Қай күні жотасына шығам желіп?..

ЖАҢБЫР ӘНІ
Әкем Тұрысбекке

Сыйлар маған бақытын тағдыр әлі,
Көк аспаным жай атып, жаңғырады.
Жаңғырады –
Төгілер жаңбыр әні,
Жаңбыр әні – жанымның сусыны ғой,
Өле-өлгенше шөлімді қандырады.

Нұр сауласа бұлттардың қанатынан,
Жаңбыр әнін тыңдаумен таң атырам.
Жаңбыр әні күн бойы тынбаса егер,
Күтіп тұрған жұмыстан қала тұрам.
Айналам да тамшыға бір-ақ сәтте,
Дүниеге қайтадан жаратылам.

Тыңдаймын да тірліктің ғажап әнін,
Тамшыдай бір кіршіксіз тазарамын.
Ешбір жанды
Келмейді мазалағым,
Ешбір жауды
Келмейді жазалағым.
Естігім де келмейді енді қайтып,
Жан түршігер ажалдың азалы әнін.

Қосымды артып көшкенше бұл өмірден,
Жаңбыр әні төгілер жүрегімнен.
Түсінерсің түбінде білемін мен,
Жылай білген жанымды, күле білген...

Шалдыққанда шаң жұтып жолда бір күн,
Сағынарсың сазымды сонда мүмкін.
Иланарсың,
Ақыры сыйға аларсың,
Жоқ қой менің басқадай қолда мүлкім.

Берер маған бақытын тағдыр әлі,
Күнім талай күркіреп жаңғырады.
Жаңғырады –
Таусылмас жаңбыр әні,
Жаңбыр әні – жанымның сусыны ғой,
Өле-өлгенше шөлімді қандырады.

КӨҢІЛ ДАУЫЛЫ

Қарап тұр ем бір күні белге шығып,
Қаңбақтарды барады жел көшіріп.
Жел айдаған қаңбақтай кім көшпейді,
Әурелесе аз күнгі пендешілік.

Мына желдің сұсты еді сұрқы қандай?
Жағаңнан ап табанда жұлқылардай.
Аспан астын жел керіп бара жатыр,
Сәлден кейін дар етіп жыртылардай.

Сілкілейді тоғайдың шаңын қағып,
Бұғып отыр құс біткен жанын бағып.
Құйын билеп үстінде қара жолдың,
Желкілдейді бурадай сан ырғалып.

Екіленіп, еліріп барады үдеп,
Шыға келді бір сәтте дала жүдеп.
Міз бақпайды меңіреу жартас қана,
Бетке соққан дауылдан хабары жоқ.

Үйіреді бұлттарды орамалдай,
Зытты бәрі артына орала алмай.
Алабұртқан аспаның айығар ма,
Анда-санда осылай борап алмай.

БҰЛТТАР КӨШІП БАРАДЫ

Шуақ іздеп шығып ем,
Құрсанды күн.
Бұлттар көшіп барады мың сан бүгін.
Жетер ме екем
Ентелеп қусам бірін?
Кетер ме екен
Көңілдің жусам кірін?
Көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды,
Көгілдір тау,
Кербез бел,
Жусан қырым.
Кімге барып ақтарсам сыр сандығын?!

Орындалмай жайына жұмыс қалып,
Тұрғанын-ай, жанымның қырыстанып.
Біреу ескі жарамды тырнап ашып,
Дуылдатып кеткендей бұрыш жағып.

Бұзылуы-ай!
Көңілдің күйі келмей,
Құбыламын бір дауыл үйірердей.
Көшкен бұлтқа сүлесоқ сүзілумен,
Жүріп алдым күн ұзақ үйіме енбей.

Бұлттар көшіп барады бұлаң қағып,
Көшкен бұлтқа табиғат тұр алданып.
Көкжиекке қараймын құмарланып,
Көрінбей тұр бірақ та тұманданып.
Тұманданып тұрғаны-ай мына күннің,
Тастар ма еді парақтай бір аударып?!.

Көкжиектің ар жағы тау ма тағы?
Жалпақ қырды жанарым аунатады.
Көгілдір тау басына байырқалап,
Мына бұлттар маржанын саулатады.

Одан да ары кетеді жырақ қалқып,
Кісінесіп тұлпардай тұяқ тарпып.
Ашуланса, найзағай қамшысымен,
Қара тасты бетіне бір-ақ тартып.

Ағыл-тегіл немесе жылап алар,
Жыламаса, бұлттарға кінә болар.
Шөлі қанып, жетісіп жыра қалар,
Асыр салып, еркелеп бұлақ ағар.
Жұбата алмас бұлттарды бірақ олар.

Көк аспанның айығып мұнары бар,
Жылап алса, бұлттан да мұң арылар.
Әр нәрсенің өзінің сыңары бар,
Мұң арылса, шаттықтан тұнады бал...

Бұлттар көшіп барады легіменен,
Жайлап қана дым бүркіп лебіменен.
Жерде тұрып жете алмай құлазыған,
Бірінің де ісі жоқ меніменен...

КЕҢІСТІККЕ ҚОЛ СОЗЫП

Тағы да тербет мені, бесік-күндер,
Елеңдеп күтудемін –
Кешіктіңдер.
Сендерден дәмеленіп жүргенімде,
Кеткенін көрдіңдер ме көшіп кімдер?

Сағынып сарғайғанда жалғыз-жарым,
Оралып соқпадыңдар, балғындарым.
Көз жетті,
Маған мойын бұрмайсыңдар,
Тек қана көкіректе қалды ырғағың.

Сөйлесем көрген жерім жоқ қысылып,
Ащы да тәтті тілден кетті шығып.
Одан да самұрық құсап аңыздағы,
Жөн бе еді әкетсеңдер көкке ұшырып.

Қаперсіз қалқып жүрсем кеңістікте,
Ойыма кірмей ұрыс-керіс – түк те.
Жұлдыздай жайбарақат аға берсем,
Өрі жоқ, еңісі жоқ – тегістікте.

Сырлас боп, бесік-күндер, сеністік пе?
Қалжыңдап қолым создым кеңістікке.
Не жетсін жерімдегі жалғыз сәтке,
Сенбеңдер қиялыма, келістік пе?!.

КӨКЕК ҚАРЫ

Қар ма бұл көктемдегі қылаулаған?
Барады қозғау салып мынау маған.
Жүрегім ұқсап кетті қарлы шыңға,
Басында будақ бұлттар мың аунаған.

Шынымен бұрқап тұрған қар ма мынау?
Табиғат, тағы да бір алдадың-ау!
Мезгілсіз, жарықтығым, несін жаудың,
Бәрібір орындалмас арманың-ау!..

Күні өтсе не нәрседе қадір қалмас,
Қара жер қазір саған орын болмас.
Керегі дүниенің сен емессің,
Қымсына ұсынғанмен қолыңды алмас.

Жаныма ыстық сезім тастадың да,
Лып етіп, еріп кеттің қас-қағымда.
Айналып күз келгенше сағындырып,
Жақсы еді-ау, тоса тұрсаң аспаныңда...

ДОСЫМ-АУ

Досым-ау,
Келіп кеттің бүгін маған.
Табады аңсағанын түбінде адам.
Үніңді іздедім ғой айналамнан
Араның ұясындай шуылдаған.

Теңіндей көшпенді елдің буылмаған,
Тіршілік барады өтіп дуылдаған.
Тосыннан келіп кеттің бүгін маған,
Тазартып көңілімді жуылмаған.

Түлкі-үміт жеткізер ме жортақтаған,
Барлық сыр ортақ саған, ортақ маған.
Қиырдан бұлаң етсе қорғасын бұлт,
Қаймығар қайран жүрек қорқақтаған.

Қой енді,
Несін оған мұңданамыз,
Біз бе тек жас дәуренді қылған аңыз.
Бері кел,
Отыз деген өрт екен ғой,
Шоқ жатыр шоғырланған мұнда нағыз.

Қайтайық баяғыдай баққа барып,
Кеудеде бір құйынның жатқаны анық.
Сүзілтіп сұлуларды жыр оқиық,
Біріміз-бірімізді жаттап алып.

Құмардан сөйтіп барып бір шығайық,
Тынғанша жалқы жүрек тыншымайық.
Сабылтып ақ табанды ай астында,
Жүретін кезіміз ғой жылқы жайып.

Сезімім сезгендей ме бірдеңені,
Тыңдашы!
Сызылған бір үн келеді.
Даланың қоңыр желі емес пе екен,
Тұратын ынтықтырып күнде мені.

Досым-ау,
Есейтпейді өмір кімді?
Бұл бастан өткізерміз небір күнді.
Қамқоршы қоңыр желге тапсырайық,
Көкейде көптен жүрген қоңыр мұңды...

БІР ҚАРАҢҒЫ, БІР ЖАРЫҚ

Қуалап марғау түнді қырға бұққан,
Тағы да келеді атып, нұрланып таң.
Тіршілік, сырың неткен сиқырлы еді,
Тұратын бір қараңғы, бір жарықтан.

Келеміз таңырқаумен, тамсанумен,
Күлумен,
Күрсінумен,
Ән салумен.
Кең әлем, көз алдыда құбыласың,
Құлпырып, қызықтырып бар сәніңмен.

Сағаттың сыртылында – үміт үні,
Жүрекпен бірге соғар күні-түні.
Өмірдің бір жазғанын қайта оқимыз,
Қате боп кетпес үшін бір үтірі.

Күн асты көлеңке мен шуаққа бай,
Сырғиды бір орнында тұрақтамай.
Сәулелер сапырылып алмасқанда,
Санаңда қалдырады сызат талай.

Тағы да келе жатыр таң қылаңдап,
Көрінді көкжиектен тау бұлаңдап.
Сәлден соң тай қазанын көтереді,
Тұратын күн – ошағы мәңгі лаулап.

Дүние, неткен тылсым сиқырлы едің,
Сүйемін сұлу таңның сүйкімді өңін.
Пыр етіп бозторғайдай ұшып кетті,
Кірпікке қонақтаған ұйқым менің.

БОЗТОРҒАЙ – ЖҮРЕК

Тербеді мені қанша арман,
Әлдилеп әлі келеді.
Бозторғай – жүрек ән салған,
Жанымды қозғай береді.

Танытып мінез бір қызық,
Қысқандай біреу сығымдап,
Кей кезде таңнан тұрғызып,
Шырқайды келіп шырылдап.

Даланың еркін құсындай,
Келе ме қанат қаққысы.
Кеудеде қалып қысылмай,
Кеңдіктен ұя тапқысы?

Әуенін әннің үзбейді,
Еске сап есіл күндерді.
Білмеймін нені іздейді,
Таба алса жақсы бір белгі.

Қарасам таңда қадалып,
Жұлдыздар көктен жиі ақты.
Зу ете түскен балалық,
Біреуі соның сияқты.

Елестеп көзге мол құрдас,
Алданып тұрам бір уақыт.
Кірпікке іліп мөлдір жас,
Күлкіммен қайта құрғатып.

Тұрғандай қарап ойлы жан,
Тылсымнан тосын қозғап ән –
Қап-қара түннің қойнынан,
Тесіліп қара көз маған.

Тартқанмен қанша күн алға,
Ғұмырдың соңы – бір нүкте.
Құмардан адам шығар ма,
Қызыққа толы тірлікте.

Бозторғай – жүрек құртымдай,
Қысқандай біреу сығымдап,
Апыр-ау, неге бір тынбай,
Шырқайды келіп шырылдап?!

АҚ ҚЫРАУ – АППАҚ КӨБЕЛЕК

Күрсініп іштен көл тынып,
Жапырақ қурап ұшқанда,
Көзімді жасқа толтырып,
Қарадым қайтқан құстарға.

Уақытқа ешбір тоқтау жоқ,
Шыдарсың қалай келіспей.
Тағы да бір жаз өтті-ау деп,
Күйзеліп тұрдым мен іштей.

Жоғалды қайда гүлдерің,
Жазым-ау, неге қысқардың?
Кетті ме қызық күндерім,
Қанатында ұшқан құстардың.

Әркімге бар ғой бір жазым,
Құстар-ау, сақ бол мергеннен.
Келер ме қайтып бұл жазым,
Айналып сендер келгенмен.

Мезгілмен бірге көшермін,
Келеді тағы бір көктем.
Ізетпен сәлемдесермін,
Жымияр ол да құрметпен.

Түсінер бәлкім түсінбес,
Жұмбақтау сырын жанымның.
Не күйге сірә түсірмес,
Шарпуы жастық жалынның.

Біртіндеп сырғып, көрінбей,
Ғайып боп көзден бақ мынау,
Салқын бір күздің лебіндей,
Самайға қонар ақ қырау.

Уайымдап оны не керек,
Ұшар да кетер жөнімен.
Ақ қырау – аппақ көбелек,
Ойнаған уақыт желімен...

КӨЗ ЖАСЫ

Бұл дүние тұспалдамай, астарламай,
Тұра ма төмендемей, аспандамай?
Жарқыным, айырмаң бар тастан қалай,
Өтсең бір жанарыңнан жас парламай?

Бостан-бос берілмеген мына ғұмыр,
Болады әр нәрсенің сұрағы бір.
Түңілсең –
Біржолата үмітіңді үз,
Үңілсең – жүрегіме жылап үңіл!

Өрнектеп ойым бәрін жаза алар ма,
Орынсыз тағы сені мазалар ма?
Күлсе де, жыласа да сендіретін,
Өмірде көз жасынан таза бар ма?!

Кеудесі қара жердің жаралы рас,
Жазықсыз ұшты сансыз бағалы бас.
Мысқалдап өлшеп көрген бар ма сірә,
Қаншама төгілгенін қаралы жас.

Сезімнің айнасына шаң жұқтырмас,
Сағыныш қалай нәзік назды ұқтырмас?
Адамдар мауқын басқан,
Жарқылдасқан
Баянды бақытты жас аздық қылмас.

Өмірге бұлданады кім өкпелеп,
Босаңсып, көңіліңді жүдетпе көп.
Қайғырсаң, қуансаң да,
Ең алдымен –
Жарқыным, жылау үшін жүрек керек.

Жүдесе кейде жаның жасығандай,
Бола ма асып алмай, тасып алмай.
Жақсыдан, жаманнан да хабары жоқ,
Шіркін-ай, сәбидің көз жасы қандай!?

Бір тұнық мөлдіреген бұлақ көрсең,
Көзінде жас бар ма екен -
Сұрап көр, сен?!
Білесің кетеріңді өзің қалай,
Әйтеуір келер болсаң, жылап кел, сен!..

ӨМІРІМ БАР

Өмірім бар өзгеден сыр бүкпеген,
Өрге тарттым,
Біресе сырғып төмен.
Таудан аққан бұлақтың толқынындай
Кедергінің бәрінен ырғып келем.

Кездерімде ісімнен түк шықпаған,
Тасқа түскен тамшыдай быт-шыт болам.
Быт-шыт болып кетем де,
Буға айналып,
Жапырақтың бетіне шып-шып тамам.

Жапырақпен сырласып жеке қалам,
Табиғаттың тағдыры етеді алаң.
Күннің демі қыздырып,
Қайта жұтса,
Ғайып болып және де кете барам.

Ойға батып ауаның қабатында,
Дамылдаймын бұлттардың қанатында.
Сіркіреймін сілкінсем жібек төгіп,
Жер бетіне жаңа өрнек жаратуға.

Жер буымен,
Астасып күн нұрымен,
Құшақтасып, қауышып қыр гүлімен,
Шықтай таза, тұнық боп шыға келем,
Ойда жоқта осылай бір күні мен.

Көңіл, шіркін, ғажап-ау қиялдағыш,
Алып кетер адамды қиянға алыс.
Табиғатқа шынымен сіңіп кетсем,
Қайтер екен ағайын жиі алдағыш?

СҰРАМА

Сұрама руымды, қадірлі аға!
Көзімді ашып тұрмын қазір ғана.
Ойыңнан шықпай қалсам –
Өкінішті,
Батады со бір жағы қабырғаға.

Бойына жиып келген дала сырын,
Әйтеуір бір қазақтың баласымын.
Руым – көркім де емес,
Сертім де емес,
Өзімде тұр емес пе бар асылым!

Айтпаймын арғы жағын, қуланамын,
Көрдің ғой орманымның шулағанын.
Жас болып жын қумадым,
Жыр – қуғаным,
Өзімен өзі болған бір баламын.

Қазбалап қоймадың ғой сонда дағы:
Руым – ақын деген ел болады.
Көліміз –
Жердегі бар көл болады,
Жеріміз –
Мына жұмыр жер болады.

Сілкінсе – сең болады,
Сел болады.
Сағынса – шөл болады,
Жел болады.
Біздеріміз – табиғаттың төл қонағы,
Шеріміз –
Адамға ортақ шер болады.

Шығатын күнде бірге өрісіміз,
Шалқыған кең дүниенің серісіміз.
Болғанмен шындық үшін керісіміз,
Болмайды ешқашанда бөлісіміз.

Гомерден басталады арғы атамыз,
Бер жағын бес саусақтай тарқатамыз.
Икардай күнге қанат қаға аламыз,
Алған сол аталардан бар батамыз.

Абайдың бүгін туған баласымыз,
Руда жоқ бересі, аласымыз.
Талықпас тарландардың тұқымымыз,
Кәнеки, мықты болсаң, таласыңыз!

Қабылда, бұл сөзімді қабылдама,
Біреумін тегім – ескі,
Жаным – жаңа.
Азырақ қалжыңдастым, кешіргейсің,
Айта алман руымды, қадірлі аға!

ОРАЗБАЙ БАСЫНДА

Құлазитын секілді Шұнай тауы,
Ескі қыстау көргенді мұңайтады.
Өшкен ошақ,
Өлген үй,
Тозған мұржа
Сұрағанға сыздықтап сыр айтады.

Білеуленіп булықса қантамыры,
Оразбайдың мұнда өтті барша күні.
Аң шықпаса,
Басына жан шығармас,
Шұнай еді меншікті Хантәңірі.

Заман аз ба бас қатып, ми қайнаған,
Байлық қуса, кеңге де сыймайды адам.
Абай жазып жатқанда,
Оразбай бұл
Жылқы ізімен даланы шимайлаған.

Өмір аз ба өтеуі өтелмеген,
Надандықтың қоржынын көтермеген.
Абай өнер қуғанда,
Оразбай бұл
Жер түбіне жылқымен жетем деген.

Қара адырды алса да қанша үйірмен,
Тірлігінде ісі жоқ жан сүйінген.
Оразбайдың қолымен –
Дүлейлік бұл
Даналықтың басына қамшы үйірген.

Күні бітті.
Күңіреніп өтті бәрі,
Белбеуіне түйіліп беттің ары.
Шұнай тауы баяғы бәз қалпында,
Келгенге де кеткенге жоқ күмәні.

Көкалалы көп жылқы көшкен бұлттай,
Оразбайды қойды ма бос қаңғыртпай.
Құлпытаста жазулы қысқа ғұмыр,
Сыры көше бастапты өшкен жұрттай.

Көп келмейді бұл маңға ел еркелеп,
Таудан төмен соғады жел ентелеп.
Жабығыңқы,
Тозыңқы сұр бейіт тұр,
Жалғыз жылқы түбінде көлеңкелеп...

ҚҰЛАНОЙНАҚ

Құлан жоқ.
Аты ғана - Құланойнақ.
Меңіреу.
Мелшиеді ұлан аймақ.
Шегеді аяқ бассаң сес көрсетіп,
Түбінен тобылғының жылан айбат.

Құландар, қайдасыңдар аңыздағы?
Аңырап сөзде қалдың ауыздағы.
Аңызға мен де айналып кетер ме екем,
Сағымдай зым-зия боп тамыздағы.

Ел де жоқ.
Қыстаулардың орны ғана.
Тінтеді шидің түбін жел қуана.
Соңынан құландардың кетті ме екен,
Құландай қырда жортқан сорлы баба.

Қайғыдан көз ашпаған мына қырға,
Бәрі бір күлдің бе сен, жыладың ба.
Тағдырлас құланменен қайран елім,
Өзінің запы болған тұрағында.

Қай қазақ опа көрген тау-даладан,
Күні жоқ көшкен бұлттай аунамаған.
Бөктеріп әкетсе де бүкіл жерін,
Біреуден бір пұшпағын дауламаған.

Қайдасың, нағыз құлан, желіп жүрген?
Бәледен есек текті жеріндім мен.
Ботадай боздап түрған боздақ дала,
Сұрайды жоғалғанның кегін кімнен?

Иен тау үндемейді сайтан алғыр,
Әу десең селт ете қап, қайта қалғыр.
Мәңгілік күрік басқан бір алып құс,
Шіріген жұмыртқасын шайқаған құр.

Қараймын жаным жылап құлан тауға,
Жүз қамшы ойнағандай қыр арқамда.
Бұлдырап өткен өмір бұлқынады,
Шыңғырған сәйгүліктей қыл арқанда.

Құлан тау.
Құлан дала.
Құланойнақ.
Келер күн саған қалай кінә қоймақ?
Есіме анда-санда түсе қалсаң,
Менің де қай-қайдағым шығады ойнап...

СОҢҒЫ ЖАПЫРАҚ

Тіл қатпай томсарады күллі атырап,
Жаздайғы бар қызығын ұрлатып ап.
Ең соңғы күнпарақтың бетіндей боп,
Бұтақта ең ақырғы тұр жапырақ.

Елеусіз –
Көзге тіпті ілінбейді,
Қалтырап, қалтарыста дірілдейді.
Басынан сұмдық күйді кешіп тұрған
Тағдыры басқаларға білінбейді.

Бір күні –
Арпалысқан бір өмірдей,
Әрең тұр бар-жоғын да біле-білмей.
Сәл ғана салмақ түссе үзілердей,
Қажыған әлде кімнің жүрегіндей.

Бір мезет түсіне енсе күн кешегі,
Бір үміт, бір күдікпен тілдеседі.
Күз келіп, тұрғыласын тонамаса,
Тірліктің парқын бәлкім білмес еді.

Қаншама қиындық тұр бір басында,
Өзімен өзі ғана мұңдасуда.
Жалғыздық жабырқатқан сыңайы бар,
Сыңар жоқ сыбырласып, сырласуға.

Сұстылық байқалғандай күзгі бұлттан,
Тітіреп, тіксінеді ызғырықтан.
Жас еді – жасыл еді,
Енді – сары,
Өмір-ай!
Өң-бояуын жүз құбылтқан.

Жұлынып әне-міне қалмағы анық,
Қайтадан қона алмайды талға барып.
Тыныстап суық дүние құшағында,
Жатады біраз уақыт қарға оранып.

Сол бетте зым-зия боп жоғалады,
Жол солай...
Жоғалмасқа жоқ амалы.
Қайтадан қанша көктем оралады,
Олар да тоналады, тоналады...

Жайқалды –
Жарқын күлді, жайраңдады,
Өмірдің еркелетті сайран бағы.
Сыр бермей сіресіп тұр,
Күресіп тұр,
Сарбаздай жалғыз қалған майдандағы!

БАЛҚАШТЫҢ СОҢҒЫ ЖОЛБАРЫСЫ

Жалғыз шегіп жапаны, сорлап жаны,
Қандай қиын соңғының долданғаны?
Қызыл өрт боп көзіне көрінгендей,
Қалың қопа кешегі болған бағы.

Ағып жатыр суылдап қаны судай,
Алысып-ақ бағып ед алысудай.
Сұрғылт тірлік сырқырап өте шықты,
Сұп-сұр болған Балқаштың қамысындай.

Дүлей тұрсын алдында төбедейін,
Атылатын еді ғой жебедейін.
Азулары қанжардай осып түсіп,
Тырнақтары қадалып шегедейін.

Қайдан ғана қырсық оқ тиген еді?
Қара шыбын қанына үймеледі.
Сескенбейтін селт етіп сері еді ғой,
Именеді...
Ажал кеп кимеледі.

Біле алмайды өңі ме, түсі ме бұл,
Жатыр сұлық –
Келе алмай күшіне бір.
Ызыңдай ма қапалы қалың қамыс,
Қыңсылай ма, немене, күшік - өмір?!

Күшік - өмір!
Кешегі күні еді ғой,
Жолбарыстар қопаның пірі еді ғой.
Көптен бері жабырқау жалғыз жортты,
Кеудесінде кекті бір тіреліп ой.

Жалқы қалды, сезеді, бұл маңайда,
Ажал келіп мұны да жұлмалай ма?
Екі көзі қанталап, ыза кернеп,
Сан атылды жарқырап туған айға.

Зая кетті қайраты текке не бір,
Зілдей жаншып үнсіздік шөккен өңір.
Сұр қамыстан сыңсыған үн шығады:
«Текті болсаң, - дегендей, - кектене біл!»

Жемін аңдып, жатып ап етпетінен,
Жортқандықтан тапты ма бет-бетімен.
Қайда барса сығалап қарауылдан,
Қатер-қауіп қалмады өкшесінен.

Қуат бітті,
Бойда тек намыс қана,
Кете алмады әлде ауып алысқа да.
Жыртқыш еді,
Тапты ма жырқыштықтан,
Бола алмады қопалы қамыс пана.

Қараңғылық біртіндеп торлап үстін,
Солғын тартты жанары толған ұшқын.
Жаман-жәутік тексіздер көбейгендей,
Азайғалы тұқымы жолбарыстың.

Алқымына тығылды ақырғы дем,
Қарашықта сәуле ойнап жасыл-күрең.
Соңғы екенін өзінің сезінген соң,
Қоштаса алмай өмірмен жатыр білем...

Сапырылып жер менен көкте дауыл,
Суырылып барады өкпе-бауыр.
Соңғы болып көз жұму қандай сұмдық,
Соңғы жүкті көтеру неткен ауыр?.

ҚАРА ДӘПТЕР

Осынау көнетоздау қара дәптер –
Таусылмас кең дүние аралап көр!
Ішінде жүрегім жүр тыпыршыған,
Секілді сынық қанат бала кептер.

Іздерім жатыр сайрап шиырлаған,
Бар мұнда тау мен тасым, қиыр далам.
Қуаныш-ренішім, сорым да бар,
Бақыт бар маңдайыма бұйырмаған.

Бар мұнда әкем-анам, ата-бабам,
Бар тағы жақсылығым жасамаған.
Шақтарым көк толқыннан жүзіп ішкен,
Сәттерім қара суға қаталаған.

Кеткенде теріс қарап бір қыз маған,
Кезім бар бір жалындап, бір мұздаған.
Бар мұнда өкінішім,
Өтінішім,
Арман бар артқа мойын бұрғызбаған.

Өңім тұр мұнда менің бал-бұл жанар,
Естілер өзгешелеу зар-мұң да бар.
Құлындай шырқыраған шырайналып,
Түбінде соңымда осы – жалғыз қалар.

Мұнда тұр атар таңым, келер күнім,
Көбінен өттім білем кедергінің.
Бар еді бір басымда нелер мінім,
Білмеймін көз көрген жұрт не дер бүгін?..

Үнімді дей алмаймын әргім ұғар,
Жанымның жартасына жаңғырығар.
Мені іздеп, қаңырығың түтегенде,
Осыннан сусыныңды қандырып ал!

Бетіңді жөнел сосын желге беріп,
Шақырар қарсы алдыңнан бел көгеріп.
Тарыдай жанарыңа сияр сенің,
Менің бар табиғатым дөңгеленіп...

БАУЫРЫМ, СОНАУ КҮН ҚАЙДА?

Бауырым, сонау күн қайда,
Алыстан қолын бұлғай ма?
Алдыңғы кеткен керуен
Артына мойын бұрмай ма?
Бұлдыр да бұлдыр бел асып,
Бұлдырлық құсап зырлай ма?
Ойланып, байқа мұндайда,
Қуаныш қайда, мұң қайда?
Көріктей үрлеп көрерсің,
Заманың көнсе ыңғайға.
Құм шөлмек тектес ғұмырың
Қапыда бір күн сынбай ма?
Сыбызғы тең бе сырнайға,
Тобылғы тең бе ырғайға?
Уызға жарып өскен ұл,
Қазанның түбін қырнай ма?
Қайғысын көптің тартпасаң,
Көк тиын құның тұрмай ма?
Жағаны толқын ұрмай ма,
Арнаны тасқын бұрмай ма?
Сөзіңнің сиқы түзелмей,
Көзіңнің жасы құрғай ма?
Тереңге тартқан тамырды
Тасқын-сел келіп жұлмай ма?
Сүрінген ерге сын қойма,
Бүлінген елге мін қойма!
Азапты жанның арызын
Тас керең тағдыр тыңдай ма?
Боз көде басы бозторғай,
Бебеулеп соны жырлай ма?
Айналып соғып бұл жайға,
Айтуға сірә тіл майда.
Тарылған іргең кеңеймей,
Тарыққан көңіл жырғай ма?
Арпалыс көрмей азамат,
Арғымақ атты ылғай ма?
Жалғыздың үні мыңдай ма,
Жібектің жібі қылдай ма?
Ұлыған үрей ішіңде,
Жараңның аузын тырнай ма?
Талауға түскен тұлпардың,
Тұрманы бәлкім жұрдай ма?
Батқанда бәрі шымбайға,
Батамын мен де түрлі ойға.
Көнеден калған күмбездер
Шағады мұңын түнгі айға.
Күмбірлеп шыққан қоңыр үн,
Күңіреніп барып тынбай ма?..

БАСЫМНАН ҚЫМБАТ СӨЗ ҚҰНЫ

Жалынын кешіп жас шақтың,
Дос таптым талай, қас таптым.
Алыстан көзге шалындым,
Маңдайы құсап қасқа аттың.
Арманның белін талдырмай,
Жалғанның сырын ашпақ кім?
Ойға да түстім опындым,
Тауға да шықтым, тас каптым.
Артымда қалды асқақ күн,
Азырақ шаршай бастаппын.
Терісі қалың жылдардың
Тоздырып тонын тастаппын.

Өксігін жұтып мың күйдің,
Өтіме ащы мұң кұйдым.
Аранын ашып жыландай,
Десе бір тағдыр қылғимын,
Шырылдап тұрып, шыбындап,
Несіне басты шұлғимын?
Бетінде өр мен ылдидың,
Сусыған желдей сырғимын.
Бауырлап ұшқан бұлттардың
Басынан бір-ақ ырғимын.
Тұяғы батпас жыртқыштың,
Бөтегем болат қырғимын.

Тайынбай түсіп топқа мен,
Тұлпардың түгін жоқтап ем.
Періште келіп қаққанша,
Пері кеп соқты ноқтамен.
Айналды бәрі елеске,
Жетем бе қуып жоққа мен.
Алтынды ердің арқасы –
Опырса сынбас оқпан ем.
Сүрлеудің таныс тармағы -
Атадан қалған соқпақ ем.
Өзенді судың аңғары –
Өткелсіз жерге тоқтап ем.
Өлеңге орап жанымды,
Өмірлік қамал соққан ем.
Үзілмес үміт сол шығар,
Үркітпес қанды соқтамен.

Бақилық, пенде, сез мұны,
Басымнан қымбат сөз құны.
Құмырсқа тірлік кімде жоқ,
Көп көрген құлдай езгіні.
Әліне қарар Аязби,
Әркімге ауыр өз жүгі.
Уақыттың ұшқыр тездігі -
Жалт ете түскен көз нұры.
Жалп ете қалса қарғадай,
Жаманның шығар ездігі.
Күйрейді құстың момыны,
Кезқұйрық пәле кез күні.
Ажалдың өткір азуы –
Алланың алмас кездігі.

Жел мініп жылды қусаң да,
Жаныңды нұрмен жусаң да,
Желкеңді қимай қоймайды,
Жез мойын болып тусаң да.
Қаларсың түбі құрсауда,
Жылауға келмес мұрсаң да.
Қапаста мейлі тұрсаң да,
Қанатың барда бір самға.
Өмірің екі келмейді,
Басыңды тасқа ұрсаң да.
Торғайдай тірлік ұстатпас,
Сиқырлы тұзақ құрсаң да.
Табаның тайса тұрмастай,
Тимейді қайтып ұлтанға.
Талықпас тұлпар болсаң да,
Бір шаңды қосқан бір шаңға,
Көк бұлттың көлеңкесіндей,
Бетіңе түсер сұр таңба.

Салатын шақта мен дүбір,
Ей, тағдыр, салма сен дігір.
Таңдайға тамшы тамызсаң,
Талыс боп қатқан көн жібір.
Маздайтын кезде енді бір,
Ішімде қанша сөнді жыр.
Айтарымды айтып кетейін,
Азғантай ғана бер ғұмыр?!

ҚЫРЫҚТАН АСҚАН ШАҒЫМДА

I
Қырықтан асқан жастамын,
Қырқылжың тарта бастадым.
Құбыла соққан құйындай
Қылықтың бәрін тастадым.
Қайқаңға салсаң қасқамын,
Ойпаңға салсаң басқамын.
Бұғанам қатпай жатып-ақ,
Тұяғым тиген тасқа мың.
Тау сырын алған тағыдай
Ұшпаның шетін баспадым.
Болам деп көпке қолқанат,
Қазанның қырдым қаспағын.
Қайсыған жете бересің,
Ғұмырда мынау қас-қағым.
Кірлесе тысы көңілдің,
Аударып кидім астарын.
Азынап тұрған жел болды,
Самал деп саңылау ашқаным.
Безеріп жатқан шөл болды,
Дүние-көл деп шашқаным.
Беріде қалған бел болды,
Асу деп арғы асқаным.
Тарыла түсіп көкжиек,
Түнере түсті аспаным.

II
Қырқаға шығып жоталап,
Қарасам, өмір қатал-ақ.
Жаныған пышақ секілді
Жағыма тиді шапалақ.
Жүректің басы қапалап,
Көзімнің жасы боталап,
Сарқырап аққан өзеннің
Сарынын қудым қаталап.
Қарсыдан ұрған көк дауыл
Үстімнен өтті тапалап.
Тұлданып тағдыр талағы,
Тұйғыңды тепті жапалақ.
Мысықты қағып тобықтан,
Лақтырды тышқан жата қап.
Қордаға қоңыз өрт салды,
Ордаға доңыз жапалап.
Шолтиған тонның етегі
Шоңқайсаң болды саталақ.
Шамына тиді иемнің
Сайтаннан туған сапалақ!

III
Замана көші көлікті,
Тартса да қайда ерікті.
Сар желіп жүрген сары атан,
Мәңгілік белі берік-ті.
Тізеге дейін сор кешіп,
Бізге де, міне, келіпті.
Тілекті Тәңір беріпті,
Ескіден жаңа жеріпті.
Құлпыра түскен күн сайын,
Жалғанның жүзі көрікті.
Есептеп кімдер көріпті,
Шырылдап туған сәби мен
Күңіреніп шыққан өлікті?
Қай жұртта қалды қай бабаң,
Қайсысын құдай теріпті?
Сапырып судай көбікті,
Сабылдық біз де - не бітті?
Құтырған қара дүлейдей
Қызыл көз қырсық тебітті.
Әуелден әлсіз байқұсқа,
Жыртқыштың аузы жерік-ті.
Қасқырдың тісі - қандауыр,
Бауыздар момын елікті.
Ойласам түптеп осыны,
Қарадай басым зеңітті.
Тәңірім бүйтіп тарынса,
Ноқтасын несін кеңітті?
Безбүйрек қана бүлк етпес,
Кемірген итше кемікті.

IV
Түлкіге өлім түгінен,
Ақынға қатер тілінен.
Ашыған сүттей іріген,
Сасыған еттей шіріген,
Шошынам елдің түрінен.
Қайырым қашты ағадан,
Мейірім безді ініден.
Ысқырса үрей жыланы,
Қылтитып басын інінен,
Қойшының қосы қалтырар,
Ұрғандай дауыл түнімен.
Жағаттап жүрген жалдаптың
Тимейді септік бірінен,
Сарқылса байлық сабасы,
Сауылдап аққан түбінен.
Қырықтан асқан шағымда,
Төсендім тулақ сіріден.
Сойдиған сояу болғаны,
Тоналса бұта бүрінен.
Тамыздық қылса, тамтығы
Табылмас оттың күлінен.

ШӘКІРГЕ СОҢҒЫ САУАЛ

Армысың, асыл киелім,
Өзегі алтын жүйелім.
Еңкейе бермес өзгеге,
Басымды саған иемін.
Ағытсаң жырдың тиегін,
Арынды, ақпа күй едің.
Тілеген жерден табылған,
Табиғат тартқан сый едің.
Дегбіріңді алған дертіңнің
Дауасын таппай күйемін.
Өркеші атан түйенің,
Емшегі мама биенің,
Семгендей шөгіп қалдың ба,
Сықырлап тозған сүйегің?
Өзіңе өзің би едің,
Жапанға жалғыз ие едің.
Шыңғыстың шыңы болмаса,
Арқаңды кімге сүйедің?
Ішінен шыққан аппағым,
Қазандай қара күйенің.
Қалтылдай басып тұрсың ба,
Құлама жардың жиегін?
Өледі екен хас тұлпар,
Ернеуге сүйеп иегін.
Толтырған бар ма айтсаңшы,
Тағдырдың тажал бүйенін?

Бұдыры болат бедерлім,
Бағасы қымбат беделдім.
Қарасы өшсе төбеңнің,
Көзімнің жасын төгермін.
Сұқсырдай судан сурылған,
Толқынның төсін сөгермін.
Кімдерді қалай қылмағы,
Қолыңда Тәңір шебердің.
Шоқтығы биік көк шоқы,
Мұжылып, міне, көнердің.
Жұртында қалған көненің,
Қаңқасы едің өнердің.
Айналсаң желге шаңдатып,
Тоқымын қақтың кемердің.
Аспанды кезсең ақ бұлттай,
Асқарға барып бөгелдің.
Оралсаң жерге опық жеп,
Кейпіне кірдің шөгелдің.
Сен де бір кезбе диуана,
Дәм-тұзын татқан көп елдің.
Үкідей ұштың үлпілдеп,
Үстінен сансыз белеңнің.
Адырдан оппа кез келсе,
Аранын жаптың тереңнің.
Үмітті қуып қаңғырдың,
Ұшында кеткен жебеңнің.
Сағымдай ағып, сандалып,
Жүргенде айтшы, не көрдің?
Соңыңа жастан мен ердім,
Соқпаққа түсіп жөнелдім.
Жебелей жортқан көк бөрі,
Сүргінге салсаң, желермін.
Желмая болсаң, жеделмін,
Жер түбін шолып келермін.
Бөртеден шыққан боз болсаң,
Қасқадан туған төбелмін.
Бедеудің белін талдырсаң,
Діңкесін құрттым көбеңнің.
Асырып бұдан не дермін,
Артымды шаңға көмермін.
Атамды айтып кайтейін,
Батаңды алып көгердім.
Ақиқат жолын нұсқашы,
Оғындай түзу береннің.
Жымына тұяқ ілдірмей,
Жоғары менен төменнің,
Дулат пен Ақтанбердінің
Кенішін тауып кенелдің.
Шыңырауын көмген шегеннің,
Бұғатын бұзған бөгеннің,
Дауыл кеп діңін шайқады,
Ұялы бұтақ еменнің.
Жанардан жасың бұршақтап,
Көзінен өттің тебеннің.
Бағылан мойын желкеңді,
Бұршағы қиды көгеннің.
Бұлауға түскен тобандай,
Бейнет пен сорға бөлендің.
Заманың сиқын танытты,
Меңіреу, мылқау, кереңнің.
Шалқыған көлің тартылып,
Қаңсыған шөлдей кебердің.
Шеңгелі бүріп ішіңді,
Шорланып қатқан шеменнің,
Қобызын тарттың күңіреніп,
Қапаста қайғы жегеннің.
Құтыла қалсаң кісеннен,
Сәтінде алаң-елеңнің,
Шыға алмай шарлап шетіне,
Опасыз дүние дегеннің,
Астыңа мінген ақ атан,
Апарып тасқа шөгердің.
Айтшы сен сонда не көрдің?
Үркектей қарап алдыға,
Үмітті кері шегердің.
Сен сенбей кеткен жалғанға,
Иланып қалай сенермін?
Сен көнбей кеткен құрыққа,
Жуасып қалай көнермін?
Сен тәрік еткен арбаның
Дәртесін мен де тебермін.
Жанымды қоймас келер күн,
Қарыздың құнын төлермін.
Сен жұтқан удың жұғынын
Мен-дағы жұтып өлермін.
Тізгінін тұлдыр пәнидің,
Артқыға мен де берермін.
Керегем кедей - басқұр жоқ,
Өнегем өгей - дәстүр жоқ.
Қорадан тартар қойымды,
Аңдыған дүлей - қасқыр көп.
Амалын айтып кетпесең,
Көлденең тұр ғой кедергім.
Соңыңнан жетсем жұрдай боп,
Мақшарда саған не дермін?..

МҰХТАР МЕН АБЫЗ

Тәңірінің күні жарқырап...
АБАЙ.

I
Ақ домбыра, еңіре, қара қобыз, күңірен,
Аш күзендей бүгілем, алдыңа кеп жүгінем.
Алтын сақам үйірген алшы тұрмай тігінен,
Тайқып барып тәйкесі, жатып қалды бүгінен.
Сыры бөтен сойқанның сескенемін түрінен,
Суық ызғар соғады тас түнектің түбінен.
Қара шұнақ лағың-құрбандығың болайын,
Ал, тебірен, аруағым, күнімен де түнімен!
Қиянаттың қамшысы сұр жыландай қайқы бас,
Сілтегенде ысқырып, зәр шашады тілінен.
Жұмырыңа жұқ болмас іркіт ойым іріген,
Не табасың, қызыл тіл, ит жалаған күбіден?!

II
Көмейіндей ажалдың қуыс түрме қараңғы,
Иірімдей тартады ін түбіне адамды.
Жан-жүрегін мұздатқан соқыр-мылқау зіл батпан, Көрсетпей тұр Мұхтарға мынау жарық ғаламды.
Тажал мініп тағыңа, түлен түртсе шабына,
Бас көтерсең зынданға батырады қараңды.
Кісенделген тұлпардай тар қапасқа қамалды, Шырғалаңнан құтылар қалай табар амалды?
Ой соңында сарылып, кірпік ілсе талығып,
Шыңғыстауға түсінде шыққан екен самалды.
Ақ сақалы желпілдеп, ақ селеудей селкілдеп,
Күңірене қарсы алды Нысан абыз заманғы.

НЫСАН АБЫЗ
- Сен сұрасаң болжа деп, мен айтайын, уа, балам,
Көріп тұрмын көк түтін - о, зобалаң, зобалаң! Шаңырақтан бақ безіп, құт қашады сабадан,
Ел қынадай қырылар, жусағандай обадан.
Ақ сүйектей домалап айдалада мама ағаш,
Желі менен көгенің желге ұшады тонаған.
Қыраныңның қанаты керегедей саудырап,
Жаңғақ болар тұғырың, томар болар томағаң!
Қолың кетпей жағадан, көзің кеппей сорадан,
Тілің тозар көнектей қырық шоқпыт жамаған.
Салбыраған басыңа жапалақ кеп саңғиды,
Торпағыңды аш бөрі тарпа бас сап қорадан.
Сарқыраған өзенің бұғауланып сағадан,
Зауал төнер жеріңе жүндей түтіп сабаған.
Аңдысқаның көбейіп жолдас пенен жорадан,
Оққа байлап бересің арысыңды арадан.
Қатын бала сүргінде қойдай шулап қаңғырып,
Қыл тақымын қиғызар зұлым итке қабаған.
Мола бұзған антұрған жатырына жүгіріп,
Ат үстінен шаптырар жұрт тынышта, ел аман.
Босағаға қол жайып төрде отырған төрелер,
Ауыздары босамас күңде жеген парадан.
Құс қанатын талдырған ұлан-байтақ даладан,
Өрттің бетін қайтарар табылар ма жан адам?
Маңдайшасы орданың жай түскендей қақырап,
Алты алаштың баласы айырылар панадан.
Айналайын, жан ботам, мен кетейін садағаң,
Жаратқаның жар болып, жаның қалсын жаладан!

МҰХТАР
- Не деп кеттің, қария, сөзің қандай зәрлі еді,
Шыныменен тимей ме Тәңірінің жәрдемі?
Арғымақтан жал кетсе, азаматтан әл кетсе,
Қайда қалмақ қалың ел құрығанда дәрмені?

Домаланса есікте алтын басым төрдегі,
Күңіренер аруағы жеті атамның көрдегі.
Пәруәрдігер, ала бер шыбын жанды мендегі,
Айнымаса егерде әулиенің көргені?!

Байқамаса қызыл тіл қарып түсер шоқ бейне,
Адасады ақылың, жаңылады жақ кейде.
Бұйырмай ма қазаққа сынық күлше бақыттан,
Қара аспанды төндірмей, абыз ата, ақ сөйле!?

НЫСАН АБЫЗ
- Көз жіберсем қиырға – сергелдең де сергелдең, Бұлдырайды босқан ел, сағым қуып сенделген. Шыңғыстаудың шоқтығы шымылдықтай қара нор,
Мына сұрғылт заманның сиқы жаман мен көрген.
Шала түтін бықсиды иттің көзі танымас,
Тостағаның жарымас қойдан қозы бөлгенмен.
Бүктемесең жауыңды, жем боласың қорқауға,
Тектемесең түбіңді, тең боласың өлгенмен.
Қылыш жалды қия тас - жүрер жолың жалама,
Барар жерің белгілі, болашаққа сенгенмен.
Көп шиырлап шығарсың сиқырлаған шеңберден,
Мысық бүрген торғайдай құтыларсың шеңгелден.
Өмір екі келмейді, дүние боқты тергенмен,
Жанның нұры сөнбейді, жаққан отың сөнгенмен.
Ақ жүзіңді жасырып, жер бесікке көмгенмен,
Аңырайды үкілі тал бесігің тербелген.
Қарлы боран үйіріп, құзға қатер төнгенмен,
Сұңқар сірә тастамас өз ұясын жем берген!
Жаралғалы жалғанның тетігі жоқ жөнделген,
Жете алмассың мұратқа желге мініп желгенмен.
Келе жатыр бір зұлмат кең жаһанға қонаққа,
Көкірегі – көрлақат, екі көзі шелденген.

МҰХТАР
- Адырнасын бір сөздің тартып қалдым ойжота,
Ұшқыр тілді жебедей көңіліңе бойлата.
Қырау басқан қабағың бара жатыр түнеріп,
Кешірім ет ұлыңа, тағы не бар, сөйле, ата!?

НЫСАН АБЫЗ
- Ілінгендей тағдырың ине-жіпке сабақты,
Кезенгендей сұр мерген саған қарай садақты.
Туырлықтай жақпар тас жан-жағыңнан камапты,
Жұтқалы тұр басыңды айдаһардай абақты!

МҰХТАР
- Әулие, ата, сөзіңнің сыңайынан қорқамын,
Қанжар қиып түсердей қантамырын қолқаның.
Ұлығанда ішімде бөлтірігі үрейдің,
Жалғыз калған көкжалдай жапан түзде жортамын.
Суға салсаң сөлі жоқ, желге ұшырсаң дәні жоқ,
Қуыс кеуде көбейді қауызындай арпаның.
Зарлап өзің айтқандай халқым қайтіп күн көрер, Жақсыларды сыпырды бетіндегі сорпаның.
Алла рақым етпесе, ел мойнынан кім шешер,
Қарғыдай боп жабысқан қасіреттің арқанын?
Маңдайдан сор кетпесе, таусылғанша талқаным,
Құмға құйған құрдымдай көздің жасын сарқамын. Айырыққа тірелдім, қай жағына тартамын?
Оң жағымда - шөлейтім, сол жағымда - сортаңым.
Оңға тартсам өлім бар - өткір жүзі балтаның,
Солға тартсам арыма азап жүгін артамын.
Ұлтым үшін аттанса жаһаннәмға жан-тәнім,
Жер астында-сүйекпін, су астында-малтамын.
Ұят күшті-өлімнен, үйім тозақ-көрімнен,
Күнім караң Алашсыз - алдымдағы қалқаным!

НЫСАН АБЫЗ
- Не көрмейсің, шырағым, шырайналған жалғанда,
Шу асаудай көнерсің құдай басқа салғанға!
Қалың тобыр кімге ерер, қалмаса артта бір қара,
Жау жағаға жармасып, бөрі етектен алғанда?!
Тұл өмірдің анасы-түпсіз өлім, таңданба,
Шырылдаған жан барда, тірлігіңе шамданба!
Түлкі болса заманың, тазы боп шал, алданба,
Дүние бір айналар, өте бермес арманда!
Ең алдымен Тәңірдің тапсырғанын орында,
Құлқын үшін жалданба, халқың үшін тал қарма!

МҰХТАР
- Көргендеймін, әулием, сөзіңнен бір саңылау,
Тағдыр бірақ тасмылқау, селт етпейтін саңырау.
Жауға басым байланса, жұртымдікі жүрегім,
Мен-ызалы жолбарыс, құйрығында қоңырау.
Аруақ өзі жұмсаса аянатын не қалды,
Оқ тигендей онсыз да шұрық-тесік омырау?!
Бабам Сұлтан Әзірет Түркістанда қолдасын,
Хан Абылай, Қабанбай жұлқысқанда қолдасын!
Сөз атасы - Майқы би, жыр патшасы-ұлы Абай, Арсыздармен күнде бет жыртысқанда қолдасын!
Сүйген қазақ баласын, бәйтерегім Алашым,
Бұталса да бұтағың, түп-тамырың солмасын!
Жарылқаса жаратқан, қотыр тайлақ көшке ерер,
Күні бітсе құлайды ханның басын кескен ер.
Құтырынған індеттің ыңғайы жоқ дес берер,
Қойға келсе топалаң, қабатында ешкі өлер.
Тиянақсыз қайран ел алты бақан, ала ауыз,
Жеті басты жалмауыз қайтіп одан сескенер?!
Екі кәпір қосылса көлеңкесі дос келер,
Екі көзі қазақтың бір-біріне өш келер.
Бұйдасына жармасты ұлы көштің о, тоба,
Іші-хайуан, сырты-адам өңкей надан - кещелер!
Қатарымнан айрылсам, қанатымнан қайрылсам,
Соқа басым, селтиген қурайды да ес көрер!

Өрге шапқан тарландай тарылады тынысым,
Қызыл қанға малғандай батыс пенен шығысым.
Дүлейді де желкелеп жүгендейтін күн туар,
Түгендейтін қазақтаң өлісі мен тірісін.
Алты айшылық алысым, жеті күндік жүрісім -
Атырау мен Алтайға шалқып жатқан ұлысым!
Бөрі басты байрағым көкке қарап ұлыса,
Найзағай боп жарқылдар жасырулы қылышым! Қаратаудай күңіренсем, қара түнге қосылам,
Алатаудай тебіренсем, көшкен бұлттай жосылам.
Алашым деп азаптың ажырығын арқалап,
Батқан күндей түнеріп, шыққан күндей ашылам! Көрінгеннің алдында көк желкесін қасыған,
Біздің тағдыр тастар ма таз кепешін басынан?
Ақ бәкісі Абайдың кіндігімді кесіпті,
Кемеңгердің дәм татқам, Қызыр қонған қосынан!
Құлағыма келеді әлде кімнің дауысы,
Қош-есен бол, әулие, мен бір жаққа асығам!
Бағытымды баратын сізден несін жасырам,
Іздегенге табылам Абай атам қасынан!
Қолқанатпын рухына, жетсе шолақ өмірім,
Абай-менің Тәңірім, ғұзырына бас ұрам!

НЫСАН АБЫЗ
- Ақ батамды берейін, ал, қолыңды жай, балам,
Әулиелер қолдасын аспан астын жайлаған!
Соқыр тұман сейіліп күннің көзін байлаған,
Елің жерге сыймасын құмырсқадай қайнаған!
Арам қатып арсыздар, отқа жанып жансыздар,
Асқақтасын жығылмай алтын туың жайнаған!
Суға кетіп сатқындар саған қастық ойлаған,
Опырылсын дұшпанның азу тісі қайраған!
Құрбақалар құрысын сүрінгенді тойлаған,
Құдықтағы құланның құлағында ойнаған!..

Айдай әлем алдында арғымақтай алшаң бас,
Заман болсын жолдасың бүгін кәрі, ертең жас!
Қаламыңды періште нәрестедей күзетсін,
Қазынаға жолығып тоқсан атан тарта алмас!
Әумин!

ІІІ
Дел-сал күйде оянды тұтқын Мұхтар бүгін бір,
Көрген түсі қиқымет, төңірегі бұлыңғыр.
Ту сыртынан қариды сақылдаған сары аяз,
Қаңсытады таңдайын ішіндегі шіліңгір.
Шойын есік таң атпай ыңыранып ашылды,
Талқандалып босағаң, о, топсаңнан жұлынғыр!
Қарақшыдай қақшиып алдында тұр сұрақшы,
Ежірейе қарайды екі бетің тілінгір!
Ақыл-айла бірікпей құтылатын түрі жоқ,
Жан қалмайды үміттің жалғағанмен жібін құр.
Көзін жұмса тағы да қилы заман-қырғын өрт,
Құшағында жалынның шырқыраған құлын жүр...

Жоқ кінәні мойындап, жорта қайтып райдан,
Ағалардың ақылын алғаны жөн бір ойдан.
Түс сыңайын аңдаса, қайыры бар қазаның,
Атасынан қалғандай арпалысқан бұл ойран!
Қоңыр жүзі түтігіп, қорлық хатқа қол қойды,
Обалы мен сауабы бір құдайдан, құдайдан!!!

ІV
Ақ домбыра, егілші, қара қобыз, боздашы,
Батпан, батпан шерімді шыңыраудан қозғашы.
Қараша үйді жыққанда қарсы соққан сұрапыл,
Қоламтаға көмілген, үміт шоғы, қоздашы!
Көкжиектен жарқырап көтерілген жұлдыздай,
Аңсап күткен, арманның алтын оты, маздашы!
Белдеуімде байлаулы жер тарпышы, тұлпарым,
Сандығымда сақтаулы, көк семсерім, тозбашы!
Зейін салшы зарыма, разы боп барына,
Сәби көңіл, қолыңды тым биікке созбашы!
Қуанышым, көсілші, қайғым, төрге озбашы,
Дамылдашы, ділмәр тіл, қайдағыны қазбашы!
Ұлы мақсат жолында қорлық хатқа қол қойып,
Мұхтар шықты түрмеден, өзіне олжа - өз басы.
Қара сөздің қалыбы, асыл ойдың алыбы,
Аманаты Алаштың, аруақтардың көз жасы!!!

ЕСІЛ ДЕ ЕСІЛ, ЕСІЛ КҮН

Есіл де есіл, есіл күн,
Еш кетсең мені кешіргін?
Сары бел жұтқан сағымдай,
Санама сені көшірдім.
Сол жақта енді жасайсың,
Барында ақыл-есімнің.
Үзіліп кетсем есен бол,
Үстінде кіші бесіннің.
Бақилық мекен-тұрағың –
Тоқтаған жері көшімнің.
Менімен бірге құласаң,
Томардай түптен кесілдің.
Кесілген емей немене,
Батқаны мәңгі кешіңнің.
Обалың кетсе мойнымда,
Опасыз, ойсыз досыңмын.
Опаттан аман сен жаса,
Орнында қара қосымның.
Өлтірмес үшін өзіңді,
Қағазға қанша тесілдім.
Көзімнің алды мұнартып,
Көкала бұлттай жосылдым.
Көлеңке тартса бұлт асты,
Ымыртқа барып қосылдым.
Айналып ымырт іңірге,
Томсара түссе тосылдым.
Іңірдің соңы-қара түн,
Қабағын түйсе шошындым.
Лапылдап жанған, маздағым,
Келмейді-ау сені өшіргім.
Ақ сәуле шашқан, тәңірім,
Арқаңда талай есірдім.
Есірген емей немене,
Жосықсыз, жөнсіз көсілдім.
Түйілмес жерде түйіліп,
Шешілмес жерде шешілдім.
Кеудесін керген көнектей,
Қақпадым қолын кесірдің.
Қатігез дұшпан алдында
Жібектей жұмсап, есілдім.
Ала алмай құнын қор болдым,
Ел үшін құрбан есілдің.
Есіл де есіл, есіл күн,
Тағасың маған несін мін?
Тұрасын соққан тұлпардай
Табаным тозып, осылдым.
Қайрақтай өткір қызыл тас,
Қасқасын тілді төсімнің.
Атадан қалған сары жұрт -
Арасы Еділ, Есілдің.
Киесін білер бір құдай,
Иесі өзің десін кім?
Боз төбе сайын боздаған
Бодауы бар ма өшімнің?
Түлігім жатқан тепсеңге,
Өгей шөп әкеп өсірдім.
Өгейлік емей немене,
Қамшысын жедім көшірдің,
Боздағы шыққан бетінен,
Жетімі құсап жесірдің.
Мүйізі мұқыл бұғыдай
Бұғынып ғұмыр кешірдім.

Есіл күн, саған шағынам,
Тәңірге балап табынам.
Баянсыз мынау заманның
Бағдарын енді не қылам?
Қай жаққа өзің зуласаң,
Сол жаққа мен де ағылам.
Сабылсаң бірге сабылам,
Сарылсаң бірге сарылам.
Күлпарша болған шыныдай,
Шағылсаң бірге шағылам.
Жоғалсаң бірге жоғалып,
Табылсаң бірге табылам.
Адамға біттім бағынып,
Өзіңе енді бағынам.
Көктемді сонау сағынам,
Өткенді сонау сағынам.
Оралтшы соны бір сәтке,
Ойпыр-ау, шындап жалынам!
Жерімес құлан қағынан,
Безінбес бұлбұл бағынан.
Ақтаршы бүккен сырыңды,
Ағымнан мен де жарылам.
Патшалар таяр тағынан,
Таймайды өмір заңынан.
Жүгімді менің жеңілдет,
Құйындай ұйтқып, кағынам.
Шаппайды тұғыр арыған,
Аспайды толқын жарынан.
Ексең де, қанша сепсең де,
Өнбейді арпа тарыдан.
Нығарлап тықпалағанмен,
Артпайды астық қабынан.
Сынады найза сабынан,
Саңлақтың соры жабыдан.
Жараның ізі өшкенмен,
Өшпейді таңба қарыған.
Айналып күлге жатса да,
Қоламта қоздар табынан.
Қалпына келмес кейіп жоқ,
Қозғайтын болсақ арыдан.
Арыдан тартсам талығам,
Беріден тартсам тарынам.
Жапанда жалғыз қалғандай
Қараптан-қарап жабығам.
Бұрқаған үрей шаңынан,
Баса алмай аяқ-шалынам.
Көлденең түскен кер кезең,
Аумайды жыртқыш тағыдан.
Атып бір тұрса арс етіп,
Аржағы жұмбақ, нені ұғам?
Қиғылық салса қияпат,
Құтылу қиын долыдан.
Бұқаның жеген таяғы,
Бұзаудың шықпас жадынан.
Адамға сірә сипатпас,
Жабайы қабан жалынан.
Сыртым бір қоңыр бағылан,
Ішім бір кекті қабылан.
Қабылан айбат шегеді,
Қабанға азу жаныған.
Өз ішіп танып білмеген,
Өзгені қашан таныған?
Мыңқ етпес мәңгүрт мақаудың
Жоғы да жақсы барынан.
Нәрсізден арсыз ұл туса,
Тұқымың қайтып жарыған?

Есіл күн, енді сақ қара,
Ұрынба қанды соқтаға.
Атанды жығар ақ түтек,
Алпыс жыл ұдай соқса да,
Жаһанды жайпар жаһил жел,
Жетпіс жыл ұдай соқса да,
Аспаннан жұлдыз ақса да,
Күн көзін тұман жапса да,
Қайыңнан алған қазықтай
Жаныштап жерге қақса да,
Бұғауды бұзып шыққанша,
Бастағы қайғы жоқ сана!
Алыстап кеткен ақ орда -
Ұшында көздің ақ тана.
Кереге түбі кебеже,
Босаға басы тоқ саба.
Көгенге толы төліңді
Күңіреніп босқа жоқтама!
Жылаудан көзің көрсоқыр,
Кеудеңді тескен оқ қана.

Күмістей, күнім, сыңғыра,
Сынаптай сусып, сырғыма.
Не көрсем көрем өзімнен,
Тақпаймын саған бір кінә.
Борша да борша бөлініп,
Көмейге түстім қылғыма.
Асылға зәру болған соң,
Басымда дәурен тұрды ма?
Жайпақтап жердің биігі,
Жапалақ қонды тұрғыға.
Жайдақтап судың тереңі,
Шүңеттей болды шұңғыма.
Түймедей көзім қалғыма,
Томардай басым шұлғыма!
Қоңырсып шыкқан құрымдай
Күйімді ұғар кім мына?
Ұры тіс шыққан азудай
Ұртыма талай ұрды да,
Езуден ақса қызыл қан,
Есіркеп мойын бұрды ма?
Қарағай сынды қабырғам,
Күтір де күтір сынды да,
Құлаған таудай гүрс еттім,
Шыдамай жебір бұрғыға.
Бұрқ етті шаңым аспанға,
Қаралы шашын жұлды да.
Жалғанның жүзін жасырды,
Қап-қара перде құрды да.
Еңіреп кеткен, есіл күн,
Осымен зарың тынды ма?
Өткенге тие берсін деп,
Өлеңмен жаздым бір дұға!..

ҚАБАНБАЙҒА ШАҒЫНУ

Сыйындым аруағыңа, батыр баба,
Медет бер алысқа да, жақынға да.
Қу сөзден қурай орған заржақ емен,
Отырып таз басындай тақырда да.
Азырақ арыз айтсам жайсыз көріп,
Түнеріп жауар күндей шатырлама.

Қара бұлт қылаң бермей жел тұрмайды,
Жел тұрса, тыныш жатқан көл тулайды.
Төгілсе сабасынан ащы зарым,
Қазақтың тау-даласы солқылдайды.

Дертімді саған айтпай кімге айтамын,
Мысқалдап айтқан сайын ұлғайтамын.
Баяғы дәурен қайда, адам қайда,
Жер түгіл жауға бермес бір байталын?

Құрғамай сауыс болған тер тебінгі,
Тұлпарлар айғай шықса жер тебінді.
Қубасқа сен ер салсаң, қалың дұшпан
Қаңбақтай жел айдаған төңкерілді.

Шыққан жау батысыңнан, шығысыңан,
Қаймықты қиып түсер қылышыңнан.
Сүйеніп көк найзаға қалғыса да,
Түтінін түгел қазақ тік ұшырған.

Жан сақтап қалып еді шұбырса да,
Көріне атасының тығылса да.
Аранға түспеп еді арбағандар
Түлкідей тоқсан түрлі құбылса да.

Тұрып ең жау өтінде, жел өтінде,
Әйтеуір бір ажал деп өлетінге.
Зар болдық көлеңкеңе, ер Қабеке,
Ел үшін кесіп берген қоң етін де.

Қаншама сүргін өтті сен кеткелі,
Халқыңның көкірегін шер кептеді.
Ұясы еркіндіктің табылмады,
Жанындай жалмауыздың шөлмектегі.

Жақсының құрығаны көзі мүлдем,
Атандай шойырылсақ белі үзілген.
Көмескі көп шиырдан таныды әрең,
Адасып қала жаздап ел ізіңнен.

Не шара адаспасқа, алжымасқа,
Қара сор үйіріліп төнді басқа.
Төрдегі әкемізді қуып шықтық,
Иланып есіктегі қаңғыбасқа.

Қаратау қалжырады күй кеткендей,
Қасірет қабырғасын күйреткендей.
Тажалға тәлкек болған ту даланың
Тап-тақыр беті тулақ сүйреткендей.

Зорлығы жүргеніне жат қуанар,
Тұқымы пәлекеттің тақ қуалар.
Ғайыптан қайта туып келе қалсаң,
Таппайсың таза бастау ат суарар.

Сонаға балдай татыр сорған қаны,
Шіркейдің құтылған ба сордан жаны?
Күштінің диірмен тартса мықты дүмі,
Далбаса дәрменсіздің қорғанғаны.

Қабеке, жер өксіді, ел өксіді,
Өзіңдей бір батырды керексіді.
Сүт емес бауырынан қан сорғалап,
Уақыттың қыңсылады өлекшіні.

Тағдырдың таразысы ауытқымай,
Тең ұстар күн туар ма халықты ұдай?
Емес пе пендесінің бәрі бірдей,
Бар болса болыспайды нағып құдай?

Дүние шабысынан жаңылар ма,
Дәрияға аққан түйме табылар ма?
Бықсытып, түтіндетіп, тұншықтырған
Тарихтың тас ошағы шағылар ма?

Жар болғай, батыр баба, тарыққанда,
Тіршілік титықтатып арытқанда.
Дәуірден аттап өту былай тұрсын,
Шама жоқ секіруге арықтан да.

Бұл күнде Абылай да, Бұхар да жоқ,
Бұтағын бәйтеректің бұтарлады оқ.
Қайғыға қайық салған, қайран көңіл,
Торғындай тозып біткен жұқарма көп!.

БАС

Эрмитаждың түкпірінде хан басы,
Жарылқасын жалғыз ғана Алласы.
Ақ сүйекте ап-айқын боп тұр білем,
Қырғыздардың қылышының таңбасы.

Тұқым қуған сатқындыққа таң қалам,
Мәңгі тірі жаны сірі оңбаған.
Намыстанам, қапаланам, қорланам,
Сүйегіме түскен сол бір таңбадан.

Көндік талай тонауға да талауға,
Бостандығым желбірейді жалауда.
Именемін көтеруге кеудемді,
Ханның басы жатқан кезде қамауда...

АҒАЛАР-АЙ

Ағалар-ай!
Барында аз ғұмырды бағаламай,
Абайсыз адаспаңдар бір-біріңнен,
Жарықта жайнап тұрған самаладай.
Болғанда халық - теңіз шалқып жатқан,
Өздерің шырылдайтын шағаладай.
Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай!
Ауылын пенделіктің жағаламай,
Басына бір төбенің жиналсаңшы,
Андыздап әр бұтаны сағаламай.
Түбінен бір жүректің табылсаңшы,
Бауырды бөліп-жарып, алаламай.
Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай!
Көңілін інілердің жараламай,
Бірге ұшып, бірге қонып жүрсеңдерші,
Қатарын бұзбайтұғын бал арадай.
Өздерің қонақтайтын бәйтеректің
Тамырын балталамай, араламай.
Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай!
Тартысып бір-біріңді табаламай,
Шоқыға шығарсаңшы хан көтеріп,
Жақсыңды жарға қуып қамаламай.
Аңдыссаң аяғыңнан шалдырарсың,
Жұлқыссаң жыртылмайды жаға қалай?
Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай!
Ит қоссаң үнсіз қалмас абаламай.
Әрқашан аттың басын түзу ұста,
Саныңды сүрінген соң сабаламай.
Құйрығын қырық мәрте баса берсең,
Жыландай бәле, шіркін, шағады оңай.
Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай!

Бола ма оң-солыңды шамаламай,
Қалың ел қоршап тұрған қара орманың,
Қысады құшағына жан анадай.
Басына баданадай бұршақ жауса,
Тоғайды торғай тұрмас паналамай.
Әттең, ағалар-ай!

БІР ҚАЗЫНА

Жету үшін өмірдің гүл жазына,
Бәрімізге жетпей тұр бір қазына.
Оны табу мүмкін емес, ағайын,
Қосылмасаң жүрегімнің сазына.

Сол қазына сары алтындай сусыған,
Қалың елден табылмай тұр сыңсыған.
Жатыр ма әлде жан аяғы баспаған,
Қияндардың қиянында бір шыған?

Белгісіз ғой аспанда ма, жерде ме,
Жабыла кеп іздемейді ел неге?
Періштенің қалтасында жүр ме екен,
Көрінбейтін көзі тірі пендеге?

Табылмаса тыныштық жоқ төрімде,
Арба сынар, өгіз өліп өрінде.
Әлде мүмкін жасырынып жатыр ма,
Жеті атамның біреуінің көрінде?

Түбінде бір қайдан болсын ол шықпай,
Тағдырымыз тіске басқан талшықтай.
Күн қызғанда құритының тағы анық,
Көктемдегі көлге құймас шалшықтай.

Іздеп табу мүмкін болса, ағайын,
Айтқаныңның бәрін істеп бағайын.
Сүйіншіге қиып қылдай жанымды,
Домбыраңның пернесіне тағайын!

БІЗДІҢ МҰҚАҒАЛИ

Оу, халайық, Расұлға таң қалма,
Көзіңді сал Мұқағали заңғарға.
Ол сәл ғана мызғып кеткен ұлы тау,
Ұлар басын сүйей салып таңдарға.

Мына өмірде маздамасаң мән бар ма,
Мен ғашықпын мәңгі өлмейтін жандарға.
Оның жыры Тәңіртаудың тұз құсы,
Дүр-дүр кағып сілкінетін самғарда.

Аман тұрса Авары мен Дағыстан,
Расұл да танбас жойқын шабыстан.
Бірақ біздің Мұқағали марғасқа,
Күн астынан күркіреген арыстан.

Қайран сабаз өтті жалғыз өлең деп,
Тұлпарлардың дүбіріне елеңдеп.
Енді, міне, оның мұңлы жырымен,
Өз жарамды отырамын мен емдеп.

Жер айналмай жұлдыз сөніп, ай батпас,
Қысқа ғұмыр алды-артыңды ойлатпас.
Уға малған алмасымды жануға,
Маған да бір керек боп тұр қайрақ тас.

ҚОШ БОЛЫҢДАР, АҚ АТТАР
Оралхан Бөкейдің рухына

Шыбын жанға тіршілікте азап бар,
Күнәліге қияметте тозақ бар.
Күмбір-күмбір кісінейді түсімде,
Аспан жақтан аппақ сүттей боз аттар.

Жоқ олардың жермен ешбір шатағы,
Тұяқтары бұлттан ұшқын атады.
Аппақ болып сол аттардың үстінде,
Әулиелер кетіп бара жатады.

Ақ құстардай самғағанда пырақтар,
Жарқырайды аспандағы шырақтар.
Қиқыметтің ұшығына шыға алмай,
Қу жанымды қинайды мың сұрақтар.

Ақ аттағы әулиелер сәлделі,
Шапанынан нұр шашады сәулелі.
Сияқтымын кететіндей ілесіп,
Көз қырын сап, демеп қалса сәл мені.

Ғұмырында не көрмейді пеңде-адам,
Құдіреттің ғұзырында кең ғалам.
Аспандағы ақ аттарға жете алмай,
Көз жасымды сорғалатып мен қалам.

Қош болыңдар, қош болыңдар, ақ аттар,
Ақыретте жолығысар сағат бар.
Мәңгі-бақи сендер аман жүріңдер -
Аруағымды алып ұшқан қанаттар!..

АҚЫН ДОСТЫ ЖҰБАТУ
(Иранғайыпқа)

Тірліктің дәмін татпас кім бұйырған,
Сен келдің Алматыға бір қиырдан.
Мен келдім алып таудың ар жағынан,
Бөктеріп торсығымды мұң құйылған.

Сұрамай кімнің жайын кім білгендей,
Өткеннің орны толмас үңгір көрдей.
Тізіліп қатар-қатар тұра қалдық,
Үзілген сабағынан бүлдіргендей.

Өскіндей үсік шалған дәнін ызғар,
Бұл күнде жабырқаңқы жанымыз бар.
Шілде деп ақ көйлекпен шауып жетсек,
Екен ғой айналаның бәрі мұз, қар.

Құлындай аңқау едік еркелеген,
Емес ек сен тістеуік, мен тебеген.
Сай-сайға қуғаннан соң сауғаладық,
Ін қазған көп суырдай әр төбеден.

Елеске ердің басы алданбас құр,
Көрсетпес өлімтігін арлан қасқыр.
Маңдайға жазғанына ризамыз,
Болған соң атамыздан қалған дәстүр.

Еске алсам Мұқағали, өр Қасымды,
Ұмытам сырқыраған жамбасымды.
Не таптық сөздің оғын сайлағаннан,
Балқытып қызыл тілден қорғасынды.

Суындай сырғып ағып Ертісімнің,
Тұғырдың тобығына жем түсірдім.
Өзеннің ар жағынан үн қатсаң да,
Кеудеңді күмбірлеген мен түсіндім.

Қайғырмас тас төбеңнен түнерсе күн,
Қай қазақ қадіріңді білер сенің.
Келесің арпалысып, аласұрып,
Көкжалдай оқ жалаған тілерсегін.

Ақынды ұйытпаса имандай шын,
Тіріліп әкең келсін иланбайсың.
Жылқы емес, жел қайырған замандастың,
Құдай-ау, қайсы бірін жиғандайсың.

Қоңызды құтқарам деп батқан қидан,
Қайтесің көмек сұрап қатқан мидан.
Біздердің тағдырымыз молақ тағдыр,
Аюдың аяғындай қақпан қиған.

Кей кезде қарап тұрып қорқасың да,
Қоясың олай-бұлай жортасың да.
Жүргендей жан ұшырып қазақ сорлы,
Ордалы жыландардың ортасында.

Сұмдық бар мынау заман ұсқынында,
Айдаһар жер астынан ысқыруда.
Міне алмай арқандағы атын шешіп,
Талайдың қолы кетті ышқырында.

Пәниде түзеп алса пенде көшін,
Сескенбес десе-дағы енді өлесің.
Күндерге момақандау қос артыппыз,
Құрыққа асау жылдар көнбегесін.

Әзірше ажал бізді ала қоймас,
Тепсеңге аяқ бастық табан оймас.
Қайғының қара қылын көп боздатпа,
Онсыз да шақшадай ғой шарадай бас.

ЗАРЛА, ҚОБЫЗ

Ей, қобызшы, қобызыңды тартып бақ,
Қамыққанда бар ма бұдан артық бақ?
Саусағыңнан нұр құйылса ғажайып,
Қара қылдан қай-қайдағы зар шықпақ.

Қара қобыз күңіренсе жалықпай,
Ой түбіне жұтыламын тобықтай.
Қорқыт бабам көрден басын көтеріп,
Оянады Қойлыбай мен Молықбай.

Қорқыт қашса өлмес өмір армандап,
Ажал қуар жалмауыздай жалмаңдап.
Түйдек-түйдек шаң алдында біресе,
Қара қобыз келе жатар қалбаңдап.

Таң қалдыру кереметтің күшіне,
Өңім тұр ғой, кірмес менің түсіме.
Бұл дүниеден безіп кеткім келеді,
Сол қобыздың кіріп алып ішіне.

Зарла қобыз, мен де зардан кенде емен,
Тарқамаса, шер түгей ме пендеден.
Менде қалған Мағжан ақын жүрегі,
Қасіреттің қымызына шөлдеген.

Қайғы-дерттің балдан тәтті қымызын,
Қара шанақ сапырса егер күн ұзын,
Қанып ішіп мең-зең болып отырам,
Құлағыма естілместен бір ызың.

ЖЕСІР

Жарын жоқтап зар қағады бір жесір,
Қаралыға қан жұтқызып тіл кесір.
Нұры шалқып нәзік әйел жанының,
Бұрынғыдай төкпейді енді гүлге сыр.

Қамығады қара түнек жамылып,
Жарқыраған ай мен күннен жаңылып.
Түн қойнында түпсіз терең кешеді ой,
Тұл тағдырдың төсегіне таңылып.

Оған енді бақыт күлмес ай қабақ,
Жесір жолы жүрген сайын тайғанақ.
Махаббаттың көрінбейтін сәулесі,
Анда-санда кетсе болды аймалап.

Қайғы-қасқыр талап жесін тоқтыдай,
Жесір мұңын еститұғын жоқ құдай.
Сені сүйген еркекте не арман бар,
Түз құсындай, уа, тәкаппар, тектім-ай?!

АЯЛДАЙ КЕТ

Өлдім демес ертеңіне сенген ер,
Туғаннан соң өле білу, ол да-өнер.
Сусып түскен сақинадай саусақтан,
Сағым-ғұмыр сөнерінде дөңгелер.

Кісінеумен белдеудегі ат қалар,
Құлазумен төріңдегі тақ қалар.
Бір бұрқ етіп сенің соңғы тынысың,
Белгісіз бір бағыттарға аттанар.

Өкінішсіз кету қандай ғанибет,
Жүрегіңді сөнбес нұрға табиғы ет.
Құшағына мәңгі өмірдің кірерде,
Өз иесін тылсымдағы таниды от.

Жанарыңда елес беріп соңғы нұр,
Қиналады сені қимай сол ғұмыр.
Мұңлы дүние бас-аяғы баянсыз,
Күрсінеді мүсәпірдей сорлы бір.

Шешкеннен соң тірлік алтын шапанын,
Қара көйлек кигізеді апаның.
Топырағың сүйіп-құшар тебіреніп,
Күн сәулесін, таңның шұғыла-шапағын.

Қияметте сенен жауап кім алар,
Жер бетінде қалса барлық күнәлар?
Мұнда біреу рахатта жатыр деп,
Аялдай кет, ей, жолаушы, бірадар!

МҰҢДАНБА

Зулайды, зымырайды мына күндер,
Кідірте алар дейсің сірә кімдер?
Осынау кең дүниеден әр пендеге,
Түбінде бұйырары бір адым жер.

Жаз өтер, жарқын күнің күзге айналар,
Біртіндеп көкірекке мұз байланар.
Ойласаң ел тағдырын, жер тағдырын,
Шым етіп қайран жүрек сыздай қалар.

Замана ескіреді, жаңарады,
Табиғат жан береді, жан алады.
Тұрармыз толқын мұжып бітіргенше,
Жаралы жартас құсап жағадағы.

Мұңданба, болсын бізден мұң ауаша,
Жылама, саған біреу жыламаса.
Табандап жатып алар жайымыз жоқ,
Кетерміз өмір «кет!» деп қуаласа.

Өтерміз қысқа жолды қас-қағымда,
Сыр қалар әр мезеттің астарында.
Жас төгер мағынасыз бұлттар ғана,
Жабырқау, жаңа түскен жас қабырға.

Тіл қатпас меңіреу мекен сол бір сұлық,
Іздемес орман сыңсып, жел күрсініп.
Әлдилер мәңгі ұйқының құшағына ап,
Тар бесік – тас қараңғы орның суық.

Тоқтамас, толастамас күндер селі,
Еске алар ессіз болсаң кімдер сені?!
Бізбенен бірге кетсе жарар еді,
Қазақтың қасіретінің бір бөлшегі?

Келсең де, келмесең де келісімге,
Өмірге ризасың сол үшін де.
Жалғанның жарлығынан қашу қиын,
Жарықты жаралған соң бөлісуге...

ОНЫ ЖОҚТАП

Шулайды әлі, шулайды әлі, шулайды,
Шулайды әлі сыңсығандай ну қайғы.
Қара ормандай қаптап өскен келешек
Омырауын көз жасымен улайды.

Туған тілдің тұрса қосы құламай,
Шулайды әлі, қалмас ешкім жыламай.
Солып қалған шүңірек көзі соқырдың,
Мөлтілдейді жаңа шыққан тұмадай.

Қайыршының екі иіні селкілдеп,
Қарақшы да қамығады еңкілдеп.
Көк есектің қос құлағы елеңдеп,
Өкіреді өгіз жылап өңкілдеп.

Шулайды әлі, шуламасқа қайда олар?
Аққан күндер артына бір айналар.
Тажалдың да тамағына тас тұрып,
Жыланның да айыр тілі байланар.

Шуласқандар мұң мен зарды бөлісер,
Жылқұстары жылда жылап келісер.
Өмірінде қосылмайтын екі тау
Оны жоқтап, жер түбінен көрісер.

Шулайды әлі, бір зобалаң жетпесе,
Аспан жайнап, жер осылай көктесе.
Қыдыр қонған қасиетті мекенге
Шыныменен сайтан сарып кетпесе...

КІНДІК ЖЫРЫ

Жұрнағым бар там-тұмдаған,
Тірлігім бар қалтылдаған.
Қылдан нәзік,
Күн нұрындай
Кіндігім бар жалтылдаған.

Алтын кіндік гүннен қалған,
Запы көрген сұм жалғаннан.
Домбыраның ішегіндей
Мың үзіліп, мың жалғанған.

Тажал аз ба қырғын күткен,
Қашан қуғын-сүргін біткен?
Ілініп тұр жалғыз жіпке,
Таралғандар бір кіндіктен.

Дауыл тұрып құйын-желден,
Дөңгелетіп үйіргенмен,
Кіндік-жібім үзілмейді,
Ата жұртқа түйінделген.

Көмілсем де топыраққа,
Айналсам да жапырақка,
Өмір күйін шертіп тұрам,
Өлмей осы атырапта.

Асыл текті ата кіндік,
Саған талай бата қылдық.
Қайғы деген қарабас құрт
Қабырғамды жатады үңгіп.

Қасіретім-аз болғаным,
Қыршығаным – өз бармағым.
Кіндігіңе ғұмыр берсін,
Тозған елім, азған қаным!..

ОТАН

Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,
Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!
Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,
Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.

Туған жұртқа тірек болу ерге-сын,
Құлдықты енді құдай басқа бермесін.
Атаң өлсе, өзің ата боларсың,
Ешқашанда Отан өле көрмесін!

Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың,
Балаң өлсе, бір жығылып тұрарсың.
Отан өлсе, опырылып түскенің,
Күңіреніп көрге бірге құларсың.

Біздің Отан өліп, қайта тірілген,
Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.
Опат болған ерлер рухы оянар,
Отан деген лебіз шықса тілімнен.

Отанменен аспандағы Күн егіз,
Екеуінің амандығын тілеңіз.
Жас азамат, бұл Отанның қадірін,
Отансыз боп көрген біздер білеміз!

Керек қылса жолында оның құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Бір кеудеге екі жүрек сыймайды,
Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!

АНА ТІЛІМ

Ана тілім,
Жүрегісің анамның.
Жүрек-ана,
Мен өзіңінен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның.

Сенің әр бір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім,
Егер сені білмесем.

Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам,
Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан.
Туған анамды ұмытқаным емес пе,
Туған тілім,
Егер сені ұмытсам.

Сенің арқаң өзімді өзім түсінсем,
Ақыл-ойым, айбатым-сен, күшім-сен!
Қойсын маған күннің нұры түспей-ақ,
Ана тілім,
Арыңа дақ түсірсем.

Ағытатын тасқын ойдың тиегін,
Өзің ғана сыйынатын киелім!
Ризамын отқа жанып сен үшін,
Күлге айналып кетсін мейлі сүйегім.

Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қуанышым, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.

Ана тілім,
Алтын ұям, құндағым,
Ақ бесікте әлдиіңді тыңдадым.
Сенің жырың, сенің әнің айтарым,
Санам сөніп, байланғанша тіл-жағым!

ҚОШТАСУ

Қош-есен бол, кіндік қаным тамған жер,
Кім болғаны сені ұмытса жалғанда ер?
Жүрегімді жібек жіптей кеміріп,
Өле-өлгенше қара күйе - арман жер.

Барлық пенен Тарбағатай ортасы,
Тұнып жатқан топырақтың тортасы.
Еміл менен Қараүңгірдің өзені,
Бал татыған судың майлы сорпасы.

Қайран өлке, қырандардың тұғыры,
Бізге қайта бұйырмайсың ғұмыры.
Төскейіңнен Қубас тұлпар түгілі,
Естілер ме қасқа тайдың дүбірі?

Арқалаумен саған деген парызды,
Сан боздағың арпалысып жан үзді.
Сәби күнім өксіп қалған жұрттағы,
Менен медет күтетұғын тәрізді.

Қысқа өмірде мың марқайған, мың азып,
Таусылмастай табар дейсің кім азық?
Көшіп-қонбас зираттары бабаның,
Жат қолыңда күңіренеді құлазып.

Қош, бейнетке бөккен таудың бөктері,
Перзентіңе ұжмағыңның жоқ төрі.
Тастарыңа талып жетіп дауысым,
Жер түбінен мен ұлитын көк бөрі.

Қош, Шәуешек, қолдан-қолға алмасқан,
Ақ бесігім, айықпайтын шаң басқан.
Жасқа толы жанарымда кетті ойнап,
Жүзінен қан тамшылаған алдаспан!

ТЕСКЕН ТАУДЫҢ АР ЖАҒЫНДА
Бұланайдан үлкен тау болмас,
Бұланнан үлкен аң болмас.
ҚАЗАҚ МАҚАЛЫ.

Жүргеніммен қарайып басым аман,
Іштегі өртті қалайша жасыра алам?
Тұйғын текпен торғайдың ұлпасындай,
Туысым көп жан-жаққа шашыраған.

Асып кетті біреуі Бұланайды ,
Барар жерін ешкімнен сұрамайды.
Бұланайдың басында қалған бірі,
Мұз бесікте жатқан соң жыламайды.

Аса алмаймын асқардан қар қалыңда,
Тескен таудың біреуі ар жағында.
Желбезектен ілініп біреуі тұр,
Көк мұхиттың жібермес қармағында.

Енді бірі қол жетпес қалды ауылда,
Құстан сәлем айтамын жан бауырға.
Астындағы жалғыз ат жамандатса,
Алмас жүзді тапсырдым қандауырға.

Кезіктірмес қатерге кімді қайда,
Тапсырғанмен бола ма бір құдайға?
Қарақшының аманат мылтығына,
Атылған оқ басынан ырғымай ма?

Алай-дүлей көңілім алаңдаған,
Өлмесе бір жолығар адамға адам.
Сілтегенін үнемі орып түспес,
Қылышқа да аманат жалаңдаған.

Дерттен өлер адамзат, шаршап өлмес,
Шыбын жанды ажал кеп алса бермес.
Оралғаннан көп боп тұр жоғалғаны,
Түсті ме әлде бір жолға барса келмес.

Сор қыспаса шіркіндер неге кеткен,
Қай жәннатқа қаңғырған кеме жеткен?
Кебін киіп аттанса амал бар ма,
Келмей ме екен кеткендер кебенекпен?

Тіршілікке телінген жұмыршағы,
Адам да бір Алланың қуыршағы.
Тентіретіп қоюды ермек көрер,
Қара жердің шыққанша ыңыршағы.

Құтылмаса қорлықтан құрықтаған,
Төңкерілген табындай кім ықпаған?
Шұрқырасып табысар күн болар ма,
Тесік өкпе қазағым, шұрық табан?!

АСТАУ ТУРАЛЫ

Шықсаң да шың басына аспандаған,
Қия ма ата мүлкін тастауға адам?
Оралып туған жерге барғанымда,
Жолықты бабам шапқан астау маған.

Ғайыпты болжаған кім алдын-ала,
Қанықтым тарихына енді ғана.
Көненің жұртта қалған көзіндей боп,
Қырық жыл жатқан екен абдырада.

Өткеннің елестетіп түр-тұлғасын,
Қотарып тереңдегі сыр тұнбасын,
Қолыма астауды әкеп ұстатты әжей,
Ұшымен шылауыштың сүртіп жасын.

Астауды десең мұнда кім әкелген,
Қай жолмен келіп шыққан мына төрден?
Ырымдап ырыс қонған үй болған соң,
Көрші әйел қалап апты ұлы әкемнен.

Кездейсоқ қуаныштан тебіреніп,
Жөнелді сары майдай көңіл еріп.
Атадан қалған белгі үнсіз ғана,
Тілдесіп жүре берді мені көріп.

Қоздайды қордаланып жатқан қайғым,
Сөйлесе астау маған шаққандай мүң.
Ол-дағы күте-күте сарғайғандай,
Мен-дағы жоғымды іздеп тапқандаймын.

«Мінеки, ие болдың кезегің кеп,
Бабаңның, - тұрғандай, - мен көзі едім!» деп.
Төңкеріп қарай бердім қайта-қайта,
Тілгілеп жібергендей өзегімді от.

Ол заман ел жалықпай қыдырыстан,
Талайлар дәм татқан-ау бұл ыдыстан.
Төрімде малдас құрып отырғанның
Кімі дос, білді ме атам кімі дұшпан?

Келгенге жомарт көңіл жоқ түнерген,
Сезсе де зілдің сызын кектілерден.
Шер-мұңын шымырлатып шертті маған,
Қапалы қайың астау көпті көрген.

Боздатып боз інгендсй небір ойды,
Ақырын жылайды астау, еңірейді.
"Айырылу қалың елден қиын екен,
Ала кет, айналайын, мені?!" дейді.

Болса да қанша берік заты қатты,
Байқасам қақ жарылып қақырапты.
Қым-қуыт құрсауланып, шегеленіп,
Әйтеуір ыдыс деген аты қапты.

Басынан ұшып кетсе ғанибет күн,
Қалмайды осы астаудай зар илеп кім?
Түбіне қырық жамау қарап тұрып,
Өзімнің тағдырымды тани кеттім.

МЕНІҢ ЖҰМБАҚ ТАҒДЫРЫМ

Ей, ағайын, кел бері, күдіктенбе,
Шырық бұзар емеспін бүлік пенде.
Аржағыңды отырам көріп-біліп,
Бармағыңды бірақ та бүгіп келме.
Өзің ішер өзенің ылайланар,
Тас лақтырсаң мендегі тұнық көлге.

Қарап жүріп қазандай өкпең неге?
Түсінбесең түңілме, кектенбе де.
Адасқам жоқ ел аман, жұрт тынышта,
Таласқам жоқ шенге де, шекпенге де.
Менің жұмбақ тағдырым секілді бір,
Тұңғиықтың түбіне шөккен кеме.

Шаршап жеткен жолаушы ем қанша жолдан,
Қас-кірпігім көрінбей шаң-тозаңнан.
Атан тартқан азапты бота көріп,
Азып-тозып, арқа етім арсаланған.
Шөккен кемеге ұқсасам сөкпе мені,
Толқын ұрып бір кезде парша болғам.

Өткен күннің шығармай зарын естен,
Шетен едім жартасты жарып өскен.
Мұсылманнан безініп доңыз баққан,
Аулақ салдым іргемді жарыместен.
Кең аспанның астынан пана таппай,
Ары көшкен қазақпын, бері көшкен.

Тасқа табан тілдірдім жосылдырып,
Қараңғы сай, тар кезең шошындырып.
Шырайланып шықсам да шартарапты,
Тонаса да қарақшы шешіндіріп,
Қасиетін халқымның тонатпадым,
Бесігімді арқалап босып жүріп.

Қаңғыдың деп жүктеме кінә маған,
Кезім аз ба болдырған, тұралаған.
Келеді әлі жалғасып қуғын-сүргін,
Басталған сол «алқакөл-сұламадан».
Мен жыласам солқылдап сен де жыла,
Көзің ақсын өзіңе жыламаған.

Жетісесің желігіп несіне, сен,
Қазынаңды қолыңмен көсімесең.
Жуындыға майланып үлпершегің,
Шыбын саңғыр аузыңа есінесең.
Ит екеш ит таламас ұяласын,
Иттігіңді түсірші есіңе, сен!

Сең көшуде бүгінде, сел көшуде,
Шыдаймысың дауылмен белдесуге.
Шілдей тозып, тарыдай бытырадық,
Жарай алмай өзара селбесуге.
Тату болсақ түп-түгел тұрмас па едік,
Толған айдай толықсып он бесінде.

Не жетпейді саған да, маған да осы?
Ортамызда атаның аман қосы.
Біздер қайда, ел қайда, басқа қайда,
Қайда тартып барады заман көші?
Қандасыңды қалайша жатырқайсың,
Қазақ тұр ғой,
Адамның адам досы!?

Ашынғаннан зар жұтып, мұң шегемін,
Көлеңкелі көңілге нұр себемін.
Босағасын елімнің бекітетін,
Бірі болсам деп едім мың шегенің.
Сықпытыңды көрдім де секем алдым,
Осыншама дүрегей, дүмше ме едің?

Шынын айтсам, шамданып, екіленбе,
Сенен менің жанымның оты кем бе?
Алып қашып бөркімді әуре қылма,
Кібіртіктеп тұлпарым, шекігенге.
Тоным тозып, келсем де атым арып,
Жарық менің әйтеуір бетім елге.

ҚИЯМЕТТІҢ КӨПІРІ

Тарбағатай – туған жерім, алыс қалды аржақта,
Шыдар ма екен буған белім зілден ауыр салмаққа.
Құлақ салмас керең дүние мендей мұңлық зар жаққа,
Кімге барып шағынамын, жыламасам аруаққа.

Қанатым жоқ, өткізбейді қияметтің көпірі,
Қуғанменен жеткізбейді қашқан жылдар нөпірі.
Босқан жұрттың қара терден құрғамайды тоқымы,
Бас қаңғыртты тіршіліктің мәнсіз ойран-топыры.

Аспан жайнап тұрғанменен қапалыға қараңғы,
Қайғыменен жібітем бе көні кепкен ғаламды.
Қодардайын қожаңдатып нақұрыс пен наданды,
Үрейленіп өтемін бе ұстауменен жағамды.

Қайырымсыздың келгені де, кеткені де білінбей,
Әрі-сәрі сарсаң етті әзәзілдің тіліндей.
Қамкөңілім тышқан тескен кебеженің түбіндей,
Сорлы өмірім бөле қырыққан ала қойдың жүніндей.

Бір құрсақтан шыққан туыс бірін-бірі танымай,
Шолақ тонмен шолтаңдайды шайлық сүтке жарымай.
Бөктергінің жемі болып, бозторғайым, жаным-ай,
Шілдей тозып шырқырады-ау шашылған ел тарыдай.

Шыр еткелі туған жердің рахатын көрмедім,
Жамбасымды ойып түсті отқа күйген жөргегім.
Қатал тағдыр, тәлкек қылар мен болдым ба ермегің,
Төгіп-шашқан мол бақыттың бір тамшысын бермедің.

Ергенменен есіркемес ит қорлықтың ырқына,
Ішімдегі ыстық жалын тепті шалқып сыртыма.
Тым болмаса мінәжат қып ата-баба жұртына,
Тұл жүрегім, зар еңіре, сай-сүйегім, сырқыра!

ЖҰЛДЫЗДЫҢ ЖҰМЫРТҚАСЫНДАЙ

Торғайдай миым тобықтай түйін түйе алмай,
Жастығым кетті сағымға сіңіп қиялдай.
Көшені кезген тәжіктің қайыршысындай,
Күндерден қайыр сұраймын енді ұялмай.

Сағыздай созса сағыныш мұңды сарғайтып,
Жарымас жаның жасырын сырды елге айтып.
Тасбақа тағдыр тапжылмай қойса табандап,
Күңіреніп жүріп, күн көрер екем мен қайтып?

Құтылар ма екем жалыннан ішті шарпыған,
Жөнеп бір кетсем жоғалған көштің артынан.
Тылсымнан бірақ таптырмас кісі киіктей,
Айырған дүние атаның дәстүр-салтынан.

Тербейді түпсіз тереңге тартқан толғаныс,
Бабама телі жайлаудың төрі ол да алыс.
Атылып келіп, алқымнан ала түсердей,
Елестеп көзге, алдымда тұрған жолбарыс.

Ақырып тұрған жолбарыс - менің бейнетім,
Бейнелеп оны айтпаған жерде ой жетім.
Бозінген түстес боз үйлер еске түседі,
Шымшықтай жүрек шырылдай қалса кейде тым.

Боз інген боздап, боз үйлер қозғап дертімді,
Көкейде бұққан көңілдің күйі шертілді.
Көрінер ме екен орнындай өшкен ошақтың,
Төңкере қойсам төбесі тозған бөркімді?

Ықтасын болса пенденің бәрі жан сақтар,
Кеудемде менің жана алмай қалған қанша от бар.
Аспаннан түскен жұлдыздың жұмыртқасындай,
Ақ боз үй көрсем көзімнің жасы моншақтар...

КИІЗ ҮЙ
(Бо Цзюидан)

Киізіне жүні кеткен мың қойдың,
Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.
Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,
Дей алмаймын ағашына мін қойдым.

Сайын дала оның мекен-тұрағы;
Бірде көрсең, терістікте тұрады.
Сарбаздармен бірге көшіп сағымдай,
Бір карасаң, түстік жақтан шығады.

Шым жібектен мықты желбау байлаған,
Қозғалта алсын қандай дауыл, қай боран?
Кірсең жылы іші қыз-қыз қайнаған,
Көкжиектей дөп-дөңгелек айналаң.

Тауқыметтің көріп едім талайын,
Бұл киіз үй болды менің сарайым.
Айлы түнгі көлеңкесі-ай көлбеген,
Қыста осымен бірге өтеді сан айым.

Туырлықтың сыртын қырау шалса да,
Ызғар өтпес соқсын боран қаншама.
Сән-салтанат іші кірсең шыққысыз,
Көрген пенде таңдай қағар тамсана.

Жыршы төрде бұлбұл құстай сайрайды,
Бақсы билеп от басында ойнайды.
Балдай қымыз балбыратып денеңді,
Алпыс екі тамырыңды бойлайды.

Қою түннің құшағында аунаған,
Қандай ғажап жалынды ошақ лаулаған.
От сәулесі аймалайды іргені,
Дірілдеген қызыл гүлден аумаған.

Кең ашылып түнгі ауаның құшағы,
Қасиетті түтін көлбеп ұшады.
Сәл сөйлесе, кенет көктем суындай
Тасқындаған өлең көпті құшады.

Мұнда отырған жанда қандай бар қайғы,
Ұжымаққа шақырса да бармайды.
Шөп күркеде күн кешкендер күйбеңмен,
Май тоңғысыз қыста-дағы жаурайды.

Қайыршы да киіз үйді армандап,
Алыпсатар қарызданар қалбаңдап.
Мен осында ұрпағымды өрбітіп,
Дәм-тұзымды жаям келген жанға арнап.

Салтанатты сарайына патша мас,
Сарай барлық үмітіңді ақтамас.
Киіз үйдің құдіретіне жоқ талас,
Сарайыңа бермеймін мен баспа-бас!

ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЗАР БОЛЫП

Аспан мен жер ортасында біраз ғұмыр кешірдім,
Әлсіреген үміт отын мың жағып, мың өшірдім.
Құрқылтайдың ұясындай қалтыраған бұтада,
Жел аударған қара қосты әр төбеге көшірдім.

Орын тимей опық жедім тусыраған түбектен,
Жапалақтай балапанын жар басына түнеткен.
Олақ қатын қолындағы күйген көсеу секілді,
Қара шапан тігіп кидім тас қараңғы түнектен.

Атқан таңның сәулесінен ақ орамал бұйырмай,
Өтті қанша қапас күндер қапқа салған бұйымдай.
Алтын өмір көз алдымда жүре берді арзандап,
Қайыршының уысында сылдыр қаққан тиындай.

Запы қылды жәдігөйлер сырты жылтыр жылмағай,
Оқ атқанын аңғармайсың қай жағыңнан кім қалай?
Бақ пен сордай аралары ажырамас екі елі,
Қайда барсаң қосақтаулы бір қожайын, бір малай.

Атын ерттеп әуре болдым әумәсірдің жын ұрған,
Қысқа күнде құйындатып қырық мәрте құбылған.
Заман мынау қу мүйізін кезіктірсе құлжаның,
Аш қасқырдай аласұрып сілекейі шұбырған.

Тұрман бүтінделгенменен, түгелденіп мал-басы,
Тірлігіңнің сынбай қоймас өгіз жеккен арбасы.
Адам да бір Тәңірідей етікшінің қолында,
Күндіз-түні тықылдатып шеге қаққан балғасы.

Жұмыр басы сопаң етіп соғылады қайда ұрса,
Айдалаға қаңғып кетер жазатайым тайдырса.
Өлшеп-пішкен дүниеден артық дәулет дәметер,
Лақтырғанды қағып алып, жаутаңдаған маймылша.

Жібі үзілсе ғұмырыңды ұстап тұрған түйменің,
Жан сақтауға жарамайды ішкенің мен кигенің.
Сорлы байғұс армандайды асқар таудай бақытты,
Жақсылыққа зар боп жүріп жасуындай иненің.

Арман құсын тұлпар мінген бабам қуып жетпеген,
Мен де жетіп жарытпаспын ұшсам-дағы көкпенен.
Бізді қойып, қасиетті сүйген ұлы Алланың,
Мұхаммедтің омырауы да көз жасынан кеппеген.

МҰХАММЕДКЕ СЫЙЫНУ
(Жүніс Еміреден)

Пәнидегі парызымды өтейін,
Медет тауып өсиетіңнен, Мұхаммед!
Аруағыңның садағасы кетейін,
Айналайын қасиетіңнен, Мұхаммед!

Мейір төктің пендең болған адамға,
Ақыреттен иман бұйырт маған да.
Мұстафасың он сегіз мың ғаламға,
Айналайын қасиетіңнен, Мұхаммед!

Жеті қабат көктен асып самғаған,
Жаратқанға жұрт тілегін жалғаған,
Күнәһарға көз қиығын салмаған,
Айналайын қасиетіңнен, Мұхаммед!

Төрт шадияр қолқанатың-серігің,
Зауалысың сайтан менен перінің.
Сұлтанысың мынау ғалам төрінің,
Айналайын қасиетіңнен, Мұхаммед!

Пайғамбарсың хақ жолына жұмсаған,
Күмән ойлап, шәк келтірер кім саған?
Жүнісіңе жәрдем бер деп мұң шағам,
Айналайын қасиетіңнен, Мұхаммед!

ЖЫР-ШАШУ

«Бісмілла!» – деп сыйынып, ауызға алып Алла атын,
Қызыл тілім толғасын Құл-Мұхаммед зәузәтын.
Қызыр баба о бастан тірісіне бақ сыйлап,
Өлісіне бұйыртқан о дүниенің жәннатын.

Желкілдейді үкісі түлеп ұшқан ұяның,
Терең тартқан тамыры тарам-тарам мияның.
Жетпіс бесте жайнаған, тұғырынан таймаған,
Тұрпатынан танисың шын асылдың тұяғын.

Бір Алладан адамның жұлдызының жанбағы,
Жетпіске кеп, жарқырап қасында отыр жан-жары.
Абрардай әкенің, Гүлғасылдай шешенің,
Алма ағаштың мәуелі бұтағындай жан-жағы.

Көш бастаған Мірхалид Абрардың бабасы,
Мұхаммедтің үмбеті, мұсылманның баласы.
Құл-Мұхаммед-атасы, өз әкесі - Әкетай,
Саф алтынның сарасы, ешкімнің жоқ таласы!

Көш сүрлеуі Түркістан-Тарбағатай арасы,
Ақтайлақ би ауылы – ат байлаған ағашы.
Түп қазығы – Бақсайыс, Сыр бойында сүйегі,
Пайғамбардың ұрпағы, дін жолының данасы!

Айтпай кетсек анығын, өлер сөздің атасы,
Қожалардың қонысы – Сарыарқаның жотасы.
Аягөзді мекендеп, мешіт ашқан кешегі,
Әулие еді Мірхалид көпке тиген батасы!

Көкіректе көзі бар кісі болса сөз ұғар,
Шежіренің сорабы осылайша жазылар.
Құл-Мұхаммед молланың төрт ұлының үшеуі,
Мәдина мен Меккеге барып қайтқан қажылар.

Аты шықса жақсының құлағымыз елеңдер,
Түзу жолға түлегін салған әке – кемеңгер.
Ағайынды үш қажы Әкетайдың ағасы –
Қожа-Ахмет, Ескендір, Сейіт-Ахмет дегендер.

Соққан кезде ызғарлы саясаттың дауылы,
Арғы бетке аунаған қажылардың ауылы.
Ақсұңқардың түк етпес қауырсыны жұлынса,
Хас тұлпардың білінбес арқасының жауыры...

Өтті бастан күркіреп замананың нәубеті,
Қаулап өсті қайтадан әулиенің әулеті.
Аққу ұшып, қаз қонған шалқар көлдің суындай,
Шартарапқа жайылып, шалқып отыр дәулеті!

Ұлылардың рухын медет тұтар тек қана,
Ұрпақ қамын ойлаған текті әке мен текті ана.
Қанатынан жел есіп, сан қиырда самғап жүр,
От басынан өрбіген балапандай топ бала.

Саласындай саусақтың бес ұл, бес қыз өрімдей,
Талаптыға нұр жауар, еңбек етсе ерінбей.
Бақыт сол ғой әкеден мирас қалса балаға,
Бабасының теріге басып кеткен мөріндей.

Бәйтеректің бұл күнде жапырағы гүлдеп тұр,
Бес ұлынан шығыпты қос кандидат, бір доктор.
Абрардың баласы «әй, кәпір-ай!» дегізіп,
Абройының жағасы көрген емес кірлеп бір!

Заман қандай, ағайын, көтеретін жүк қандай!?
Болдық, міне, саралап ата жөнін ұққандай.
Мұрагері Алаштың, құлагері жұртының,
Ата-анада арман жоқ ұл тудырған Мұхтардай!

Тоқтатайын осымен, бұдан әрі не дейін,
Жырлай берсем бүлкілдер маржан төккен көмейім.
Қасиетті ата-ана, қол жаяйық батаңа,
Құтты болсын тойларың, арта берсін мерейің!..

ҚҰМЫРСҚАНЫҢ БАЛЫ
Кіші атам Қыдырмолланың рухына

Бабам менің шипа таппай бір шыбыңдай жанына,
Зарығумен көзін жұмды құмырсқаның балына.
Зәру дәрі жатады екен жеті қат жер астында,
Тамшысына татымайтын Қарынбайдың малы да.

Естіген соң есте қалған бұл сөзіме ел сенер,
Қысылғанда жанның құны қолда жоқпен өлшенер. Құмырсқаның балын тауып берер ме еді кім білсін, Жерден шыққан Желім батыр мәңгі тірі болса егер?!

Өзгермейтін, көз көрмейтін тіршіліктің тұғырын,
Ажал-дию талқандайды толтырмасаң жұмырын.
Қалың малы Қарынбайдың Атымтайға бітсе де,
Шылбыр бойы ұзарта алмас шолақ жіптей ғұмырын.

Тепкілесе үзілмейтін темір өзек жан қайда,
Гүл-бәйшешек құлпырғанда жауқазын да солмай ма?
Шаба бермей көк шолақты сабалаумен борбайға,
Ей, бейшара, елмен бірге өлеріңді сен де ойла!

Құмырсқаның балын тапсаң кереметтің күшімен,
Алдыңда зыр жүгірейін бақайымның ұшымен.
Сетінеген өміріме сеп болатын түрі жоқ,
Жаралғалы жасыл көлдің кәусарынан ішіп ем.

Маған жаның ашымасын шөліркеген аңызға,
Иесіне қайтарармын алғанымды қарызға.
Сұлық жатқан дүниені шамаң келсе тік тұрғыз, Таңдайына құмырсқаның балынан бір тамыз да!..

БҰҒАУДА ҚЫЗЫЛ ТІЛІМ

Сарғая сартап болған сүйегі ыстан,
Мен де бір домбыра едім тиегі ұшқан.
Бұғауда қызыл тілім бұлқынғанда,
Бақсыдай аласұрдым ие қысқан.

Тіршілік кезі келмей сайратар ма,
Мезгілсіз күн шығар ма, ай батар ма?
Қояңдай калтырады кайран өмір,
Жем болған қамаудағы айдаһарға.

Айналам сұстанады шашқан ызғар,
Көрсетпес көктем төбе жатса мұз, қар.
Үсікке ұрынғаным беп-белгілі,
Ақпанда жалаңаяқ басқан із бар.

Теңселтіп алай-дүлей қарлы боран,
Иілді үзілердей тал-бүғанам.
Қосымды қопаңдатып қоймаған соң,
Күнім жоқ қысқа жіппен шандымаған.

Батар ма қаққанменен тоңға қазық,
Ұрыдан үнем болмас қалған азық.
Көпшілік, көңіліңнен шыға алмадым,
Қайттым да асу-асу жолдан азып.

Дамылсыз ебі соқса не қылайын,
Қамқа тон қайдан тауып жамылайын?
Жалт беріп жаламадан, сайға түстім,
Ығысқан аңшы оғынан тағыдайын.

Алдымды аңдамасам жер басам ба,
Ақ қаптал, аяңшылмын мен қашанда.
Тұқымы қаракөктің болғандығым,
Дүбір сап дөңге шықсам анда-санда.

Бұлаңдап, соқпақ қуып құбылмайын,
Тағдырдың өзі табар бір ыңғайын.
Шыңғырып, шырқырайды, шіркін, жүрек,
Қапыда қасқыр тартқан кұлындайын.

Жықса да тарпа бас сап керқұланы,
Естімес ышқынғанын ел құлағы.
Сарқылмас бізбен бірге замананың
Көзінен сорғалаған шер бұлағы.

Қыдырып, қылаң ұрып күндер өтер,
Көрінер көп дүние мүлде бекер.
Жараңа жамау болмас соқыр жармақ,
Қызығы қысқа өмірдің кімге жетер?..

ҚАШАН ТҰЗАҚ ТҮСКЕНШЕ...

Қашан тұзақ түскенше сөйле, тілім,
Баба аруағы бермейі кейде тыным.
Рахаты өзінен аспаған соң,
Тастап кеткен соңына бейнетімін.

Қалдырары болмаса одан басқа,
Разы екен соған да адам жаста.
Жеткізеді білмеймін қанша жерге,
Астымдағы болдырған жаман қасқа.

Тебінгімді тесердей тепектеймін,
Тікке келсе, түсе қап жетектеймін.
Бақыр басым байлаулы құл болған соң,
Азабымның әмірін екі етпеймін.

Өз сорымнан көремін не көрсем де,
Қурасам да, қайтадан көгерсем де.
Өкпелемей көрімде тыныш жатам,
Өкініштің опығын жеп өлсем де.

Шартарапты шолады зерікпеген,
Жүре берсе жылжыған көлікпенен.
Бейнетімнің бетіне шаң жуытпай,
Құдай басқа салғанын көріп келем.

Көргенімнің тіземін қайсы бірін,
Күншілік жол жасаса айшылығын.
Әлдеқашан тас болып шиеленген,
Мен шешем бе тірліктің қайшылығын?

Арқасына аяздай жиі батқан
Тауқыметтен талайдың миы қатқан.
Жүгірген аң, ұшқан құс құтылған ба,
Сұр мергеннің оғынан қиып атқан.

Қарауылға ілінсең оқ табады,
Қанға батар құл басың ноқтадағы.
Ұясына ұңғының бұққан жендет –
Айырмайды қорғасын ақ-қараны.

Ойға көштім соны ойлап, кырға көштім,
Кездеспеді көшімді бұрған ешкім.
Шөгіп жатқан түбірін қопарам деп,
Қарағайын қайғының ырғап өстім.

Дүбіріне ілесіп жел аяқтың,
Ұйқыдағы жыртқышты көп ояттым.
Кетпенге ерген тоғанның суындай боп,
Қалай бұрса заманым, солай ақтым.

Қуа берсе қайтемін, ылайланам,
Кіремін деп құрдымға кім ойлаған?
Бетпақ шөлдей мен-дағы безерермін,
Кеңшілігін қимаса құдай маған!?.

Қатал тағдыр тіс жарып тырс етпесе,
Қашқан үміт қайырылмас бір шеттесе.
Көк бөрідей ұлимын көкке қарап,
Көрінген ит тақымдап, тірсектесе...

О, ТАҒДЫР

Жаратқанға не жазып ем мен бейбақ,
Қайда барсам, қара боран-шөлді аймақ,
Құландайын құлап едім кұдыққа,
Құрбақалар кұлағымда салды ойнақ.

Құрбақалар тойлап жатыр мейрамдап,
Думандатып, асыр салып тайраңдап.
Құлағымды кесетіндей түбінен,
Тас төбемді тесетіндей ойрандап.

Тырп еткізбес түбі терең тар құдық,
Кең дүниеге қойғанын-ай зар қылып?!
Зымиянның ұясындай зынданым,
Көрге айналып кетер ме екен мәңгілік?

Жан білмейді мейлі мұнда өл аштан,
Біреу келіп үңілмесе адасқан.
Шығыршықтай шыңыраудың аузынан
Оймақтай боп көрінеді көк аспан.

Күн өтеді көзімді ашып-жұмғанша,
Жалғыз жұлдыз күзетеді түн болса.
Қанша ғұмыр түгесерін кім білсін,
Төбемдегі ойын-сауық тынғанша.

Құр құдықты күңірентіп, о, тағдыр,
Ертелі-кеш ауыр ойға батам құр.
Құрбақадан қайда қашып құтылам,
Болғаннан соң жер-су ортақ – Отан бір?!

ЖЫЛДАР ӨТТІ

Жылдар өтті нәзік сәуле іздеумен,
Күле қарап, ызғар шашқан жүздерден.
Мұз таулардың қойнауындай сіресіп,
Қалды менің қырау шалған мұз-кеудем.

Маған ғана тұрғандай-ақ күн қызбай,
Қалтырайды бақшамдағы гүл мұздай.
Кірпігіме қатып калды байланып,
Мұз тамшылар кіп-кішкентай жұлдыздай.

Шақырғандай борандатқан өлімді,
Ойым онға, санам санға бөлінді.
Бір сұлуды өліп-өшіп сүйіп ем,
Оның да ерні мұздай суық көрінді.

Кешір, мені құрсаулаған мұз-әлем,
Өмір сүрсем саған деген ызамен.
Ең болмаса жүрегімді суытпа,
Бауырыңа жеткен кезде біз әрең?!

ЖҰРАҒАТЫМ ИТ ҚОСАДЫ

Мен емеспін елден ерек сүйген құлы Алланың,
Өмір өзі есептейді бергені мен алағанын.
Аузымды ашып аңырғанмен аспан жақтан түк түспес,
Саясында жатқан жоқпын мәулеген алманың.

Несібемді теріп жеймін арқа етімді арса ғып,
Төккен терім жыртық үйден саулағандай тамшы ағып.
Жұрағатым ит қосады қорасына кіргендей,
Көшесімен өте шықсам салдыр-гүлдір жар салып.

Діні басқа әңгүдіктер дігір салып түнімен,
Мылтық атса мыңқ етпейді құлағының түбінен.
Үйде – қасқыр, түзде – мысық, қайран замандастарым,
Жан шошиды екі жүзді тірлігіңнің түрінен.

Қанды жыртқыш өз етіне өз тырнағын батырмас,
Тартып жейді басқаныкін, өлсе де нәр татырмас.
Екі етегі далақтаған, алақтаған, ел-жұртым,
Айдалаға шаба бермей, қабырғаңмен ақылдас.

Құрсағыңды ойлай отыр кірсең қысыр кеңеске,
Бір түйір дән үлкен олжа түскен қызыл өңешке.
Аспан ашық, жер қарада тұяғын да серпе алмай,
Бұл қазақтың тең жартысы аштан өлді емес пе?

Алай-дүлей жел тұрмаса тіккен қосың құлар ма,
Суға кетсең, салындыдай сансыратар мың арна.
Таласам деп тостағанның түбіндегі жұғынға,
Кеше көрген құқайыңды бүгін естен шығарма!

Өңіріміз өрім-өрім, жайлау бірақ жағамыз,
Көк тиынға татымайды базардағы бағамыз.
Анда-санда қысылғанда түсімізге кіреді,
Жортуылда жарты құртты бөліп жеген бабамыз.

Бағы ашылмас байқұс қана бас көтермес қуыстан,
Қыңқ етпейді шылбыр ұшы шығып кетсін уыстан.
Орта көңіл тоғаймайды, томпаймаса қоржының,
Қарап жатпай қамданып қал, қаны бірге туысқан.

Киіз бассаң, сырмағыңның мен де отырам шетіне,
Шытырманды шешпей-ақ қой, екіні қос екіге.
Күнім түсіп, қайыр тілеп, алақаным жайғам жоқ,
Жақындасам жатырқама, безірейме бетіме.

Ішің мұздап, сыртың маған сыр білдірмей күлсе де,
Көз алартып қызықпаймын қолыңдағы күлшеңе.
Сен тұрғанда кімге барам, соны берсең жетеді –
Есігімнің топсасына керек боп тұр бір шеге?!

ТӘТТІ ІЗДЕГЕН ТАҢДАЙЫМ

Сөз тәттісі ақынның тілі ұшында,
Май тәттісі қарынның құрышында.
Жарқанаттың ұясы жарқабақта,
Ұлар құстың мекені ұлы шыңда.
Місе тұтқан өз орнын тірі жан жоқ,
Әлімсақтан алысып, жұлысуда.
Тәтті іздеген таңдайым удай ашып,
Өрт шалқиды өмірдің тынысында.
Замананың бұралаң, бұрысында,
Құламауға әркім де тырысуда.
Қу дүние қойсын ба қағыстырмай,
Бірі сырғып қиядан, бірі ұшуда.
Барған сайын қар жауып қабағынан,
Арқа-басы уақыттың құрысуда.
Өткенді айтсам өксік тұр көмейімде,
Теке қойдық кірменің шыбышын да.
Шашым кетті ұстаған уысында,
Басым кетті сілтеген қылышында.
Тектілердің тұқымы тозып бітті,
Түрме менен көшенің бұрышында.
Жерім байтақ болғанда, қайғым шексіз,
Әзірейіл батыс пен шығысымда.
Үрейленем қалғандай үміт үні,
Қыстаудағы қурайдың дыбысында.
Аққан жылдар сынаптай жылысуда,
Қобыз мойын аққуым құнысуда.
Ел тағдырын біреулер шешкенсиді,
Қолын малып отырып жылы суға.
Қалыңдаса көпшігі қопаңдайды,
Мұршасы жоқ жайыңды ұғысуға.
Жанға жинап жандайшап, туысын да,
Түзу жүрген жақсымен суысуда.
Ұлтарағын ұялмай туға байлап,
Ұлық қылды қарақшы, ұрысын да.
Ел азғаннан ер азған сорақы екен,
Өлсең көрмес үңгірдің қуысында.
Бүйткен тірлік, ағайын, құрысын да,
Қашқаннан соң құтың да, ырысың да.
Сорпадай боп сорымыз сарқылдайды,
Толып бермес тажалдың ыдысында.
Ерні жалақ ұрпағың ертең тағы,
Жалға жүрер жуанның жұмысында.
Ашық аспан астында адасарсың,
Жол таппасаң есіңнің дұрысында.

ДҮНИЕ ЕЛЕСІ

Қатер күтіп қалтыраған сарайынан патшаның,
Тыныштығы тоналмаған қосың артық шап-шағын.
Жер жыртығын жамайтұғын жезтырнақтан тусаң да,
Сау қалмайды салған басың саудасына ақшаның.

Дүние елесі жортып жүрген бір жолбарыс көк шұбар,
Азуына тура келсе, тажалды да жеп шыдар.
Жазда шалғын шабамын деп қыста шалғы қайрама,
Басқан ізің улы болса, қалай ғана шөп шығар?

Шапқанменен шыға алмайсың шексіз жалған шетіне,
Түзу қара аз ғұмырда туғаныңның бетіне.
Қомағайға айлық азық, жылдық үнем болмайды,
Қоян етін қақтағанмен қара желдің өтіне.

Байтақ жерден бәрімізге тиетіні тар қабір,
Алпауыттың кеудесі де соғылады жарға бір.
Асып-тасып, шіріп қалар байлығыңнан не пайда,
Көр аузына кіреріңде сеппеген соң жанға нұр.

Тәңір өзі тіктемесе желкеніңді жел үзген,
Сорап іздеп сарсаң болма су бетінде жоқ ізден.
Күнің бітсе, қағып түсер қармағыңнан қайыр жоқ,
Жалғыз шабақ бұйырмайды шалқып жатқан теңізден.

Еш нәрсе жоқ кең ғаламның тар құрсағы қуырмас,
Тәубесіне түскен жанның шиін пенде суырмас.
Қара суды қайта-қайта қайнатқанмен май шықпас,
Сарқылдаған қазаныңның бұрқылдаған буын бас!

ТҮСІМДЕ ЫЛҒИ ҚАҢҒЫП ЖҮРЕМ

Күннен күнге құбылады замананың түр-түсі,
Бұлаңдаса, мың алдаса уақыттың қу түлкісі.
Көне тарих ақырады әлсін-әлсін оянып,
Қызыл иек кәрі арыстан азуда жоқ бір тісі.

Қалжыраған қарияға айырылған күшінен,
Қарақорым күбірлейді көңіл айтып ішінен.
Меңірейген ескі мола құлағына қонып ап,
Саңғырығын танығансып тоңқаңдайды күшіген.

Айдалада аңырайған балбал тастан шықпайды үн,
Түсініксіз бұл әлемнен дегендей түк ұқпаймын.
Тілдесе алмай тұншығады зіл батпанның астынан,
Аруағымды сансыратқан, қансыратқан түп қайғым.

Сан ғасырдың отқа оранды жайнаған гүл шешегі,
Бүгінгіге қызық аңыз – көзден көшкен кешегі.
Маған салса, тұлпар мінген патшалардың көбінен,
Ақылдырақ көрінеді Қожанасыр есегі.

Талай тажал тап бергенде аузын ашып арандай,
Қожекеңе көк есегі қорған болған қамалдай.
Адамзаттың жадындағы жануарға сыйлауға,
Түсімде ылғи қаңғып жүрем, күміс ноқта таба алмай.

БАҚ МӨЛШЕРІ БАРМАҚТАЙ

Бұл пәниден қайтпаған қай пенденің меселі,
Шашымнан көп санасам шырмап алған кеселі.
Бақ мөлшері бармақтай, Тәңірі кімге жеткізер,
Соры бар жұрт қаншама маңдайында бес елі?

Тон бұйырмас кедейге көктен тері жауса да,
Байға құдай болысқыш артқан теңі ауса да.
Бұзауы өлген сиырдай тақыс тірлік тас желін,
Жібімейді жарлыға жездей қақтап сауса да.

Сардарынан күй кетсе, сарбаз күні не болар,
Қарақорым шатқалдан жол таба алмай омалар.
Кешегімді ойласам, бүгінгіме бойласам,
Көз алдыма келеді қарауытқан обалар.

Арғымақтар мертікті аузымен құс тістеген,
Алпауыттар түгеді тау қопарған күшпенен.
Тозған елге қырсықса, азған заман тап келер,
Кәрі төбет секілді өлі жүні түспеген.

Қайран қазақ ежелден қара суға семірген,
Аш-жалаңаш қалса да түңілмеген өмірден.
Аяз қысса, қазықта шырайналып сақылдап,
Буырқанған бурадай өз тізесін кемірген.

Құлы болдық ғасырдың басы айналған қиялдан,
Жан көрмедім өрескел қылығына ұялған.
Елді ақыры батпаққа батырған соң белшеден,
Ақылшылар алдырдық ит арқасы қияннан.

Сарқылдаған қазандай қайнаса да зығырдан,
Өз дегенін істейді қаны қатқан сығырдан.
Шыңыраудың түбінде мөлдіреген су барда,
Көнек байқұс құтылмас шынжырлаған шығырдан.

Бұғауды кеп бұзбаса құдіреттің пәрмені,
Бұлқынғанмен жетер ме бейшараның дәрмені.
Парықтамас бейнетті көк есекке бәрі бір,
Өлімтіктің өмірі көпке тимес жәрдемі.

Ел мұратын мансапқа сатқан надан не білер,
Жем іздеген тауықтай қоқыс көрсе емінер.
Жапалаққа жар басы заңғар шыңдай елестеп,
Көртышқанға жер асты самаладай көрінер.

Күпінгенмен құр босқа көрпең қайсы көсілер,
Жатқанменен тас батқан жауыр жамбас тесілер.
Қалың тобыр ішінен тани алмай қалдым ба,
Кешірім ет бар болсаң, еңіреген есіл ер!?

Ат басындай алтыннан қымбат қара тырнағың,
Саяқ жүрген кім жинар жақсылардың жұрнағын?
Ақсұңқардың сағындым қанатының суылын,
Шулағанмен не пайда көптігінен тырнаның?

Жар бола гөр, Жаратқан, тірлік темір құрсауда,
Қайда барсаң бүтінді бөліп-жарған бір сауда.
Сумаңдаған суық қол суырып ап қолқаны,
Адам қанын уыстап ақша орнына жұмсауда.

Базарға сап құранды, саудалаған Алланы,
Пасық пиғыл пысықтың орындалды арманы.
Сұрауы бар емес пе сарқыраған судың да,
Асықпаңдар, ағайыын, Ар майданы алда әлі!..

ТОЙҒАН ТОРАЙ ЕСІНЕСЕ

Қара судан қаймақ алып, қамын ойлап құрсақтың,
Күннен-күнге асып түсті бір сатқыннан бір сатқын.
Сауысқандай жан-жағыма жалтақтаймын – тым сақпын,
Күштілерге – дәрменсізбін, тістілерге – жұмсақпын.

Жәрдем тілеп жар салғанмен бейшараны кім тыңдар,
Үміт оты түннің алыс түкпірінен жылтыңдар.
Періштелер құрығанда сайтан біткен құтырып,
Бұлттан шыққан күнге қарап, артын ашып жырқылдар.

Қарақұрым ібілісті құрта алмасаң не пайда,
Ит тұмсығы өтпес нуды сынық балта отай ма?
Сандалумен күн өткізер соқыр теңге соңында,
Бой алдырған пақыр пенде арам пиғыл, жат ойға.

Тауық құсап жем терген соң іздеп дәннің ірісін,
Басың алтын болса-дағы бейшараның бірісің.
Кім разы ете алады еңіреген еліңнің,
Бақидағы өлісі мен пәнидегі тірісін?

Өкінгенмен екі болмас Тәңірінің бұйрығы,
Жарлы жұртты жарылқамас патшалардың сыйлығы.
Ақ серкенің мүйізіне бақыт құсы қонар деп,
Күте-күте көкке жетті көк ешкінің құйрығы.

Мақсат-мұрат, ізгі тілек қалғандай-ақ адыра,
Бүтін түйме көрсе қазақ жүгіреді жабыла.
Не боларын бір құдайдың өзі білер соңыра,
Тойған торай есінесе бүкіл дала дабыра.

Тонағысы келген кезде аяп қалар кімді жау?
Тас жүректі жібітпейді байбаламдап құр жылау.
Ай тақырда қарманғанмен қолға ештеңе ілінбес,
Қай соқырға таяқ болар жұртта қалған бір бұрау?..

СЫРЫН БЕРМЕС СҰМ ЖАЛҒАНДА

Сырын бермес сұм жалғанда шынайы жоқ достасқан,
Тірі жәндік тыным алмас бір-бірімен қастасқан.
Адам менен аң қылығы тіл табыспай тұрмайды,
Оянғанда жыртқыш сезім хайуандықпен астасқан.

Алды кең боп көрінгенмен тіршіліктің арты тар,
Аласұрған жан иесін ажал түбі қор тұтар.
Тіс-тырнағы мықтылардың күш қылмағы көпке аян,
Емін-еркін әлі жетсе, әркім бірді қорқытар.

Қу құлқынды құнықтырып күн көрістің пайдасы,
Қоздай түсті жауыздықтың амалы мен айласы.
Дәтке қуат іздегенге қалтарысы қалмады,
Алақандай жердің беті арпалыстың айнасы.

Азбан ғасыр алып түссе, тұлпар заман шоқтығын,
Сарсаң болған, қалың жұртым, саған мәңгі жоқ тыным.
Аш итіңе көрсеткені шошқасының тоқтығын,
Есігіңнің көзіне әкеп төксе дұшпан боқтығын.

КҮН АСТЫНДА САУҒАЛА

Ей, тізгінсіз арпалысқан дүлей, мылқау, тасқындар,
Шырт ұйқыдан шошынғандай қайда тулап қаштыңдар?
Мөңкігенмен, жөңкігенмен барар жерің белгілі,
Байқасаңшы, байқұстар-ау, жұтып қояр аш құмдар.

Толқындарды топырлатып үйіргенмен қамшыңды,
Мына жалған сенен гөрі алымды да аршынды.
Қара күшке малданғанша, ойлап өлмес күніңді,
Кепкен талдың тамырына тапсырып кет тамшыңды.

Өлмес өмір алмасудан, жалғасудан басталар,
Қылайғанды қырып-жойған өзі де жер жастанар.
Аспанға атып қойдай тасты, арсы-гүрсің шыққанмен,
Жеме-жемге келген кезде су сарқылып, тас қалар.

Таудан төмен түскен сайын асау арын басылар,
Айдалада иранбақтың қақпасы жоқ ашылар.
Тажалды да жалмайтұғын әзірейіл табылар,
Ажал іздеп жүрген бұқа арыстанды басынар.

Алқын-жұлқын аласұрмай аяғыңды аңдып бас,
Қара жартас – қапас тағдыр қасіретіңді мәңгі ұқпас.
Сен сүйгенмен, сайқал заман сені сүйіп мандытпас,
Адасқанды түпсіз дүние қай тарапқа қаңғытпас.

Мұхит толқып, теңіз шалқып, сел-дария тасып та,
Кең жаһанды жаба алмаған топан суы басып та.
Құдіреттің ашып-жұмған алақаны тарылса,
Аймақтай көл сиып кетер оймақтай-ақ қасыққа.

Пәни бетін теріс бұрса, бақи кейпін танытпас,
Су иесі Сүлеймен де жарылқамас, жарытпас.
Қырсық шалған бұл ғаламда Тәңірі ғана тарықпас,
Қырық жылғы қырғын келсе, қайда қалмас ғарып бас.

Түн-түнекке түскеніңше күн астында сауғала,
Сандаласың аз ғұмырды салғанменен саудаға.
Жын ұрғандай зым-зия боп жоғалғанша жым-жылас,
Тірлігіңді түгендеп қой, бүлк етіп бір ауна да...

ШЫҒАР ЕСІК ТАППАСАҢ

Ей, көңілім, қайғырма, ағып өткен ай-жылға,
Қашан мұрттай ұшқанша табаныңды тайдырма.
Алма мойын алдында дайын тұрса иіліп,
Қылыш тисе қолына бас алады маймыл да.

Қара дәуді жыққанмен тауды қалай жығасың,
Жүре-жүре опасыз дүние сырын ұғасың.
Темір келі – тіршілік, құрыш келсап – заманың,
Тас болсаң да мап-майда талқан болып шығасың.

Сарай салып берсең де ешкім сені жақтырмас,
Кәрі мыстан қожайын қаптың түбін қақтырмас.
Арман деген қолыңда жылтыраған инедей,
Түссе қорда ішіне қопарсаң да таптырмас.

Алатаудан асқан күн Алматыға тоқтамас,
Жанға қысым келмесе момын мылтық оқтамас.
Төбелеген таяқтан миы аузына тұскен жұрт,
Өртке кетсін қара орман есін жиып жоқтамас.

Айыра алмай бұл қазақ түбіт пенен қылшықты,
Иіре алмай сындырды зырылдаған ұршықты.
Атасының көріне қорқау түссін қарамай,
Өзі илеген көңіне өзі барып тұншықты.

Кімге керек сүлдерің қауқары жоқ сабандай,
Етегіңе сүрінсең, қасқыр ит кеп қабардай.
Шығар есік таппасаң құрығаның қор болып,
Қараңғыға қамалып күркіреген қабандай.

КЕР ЗАМАНДА

Ұлар шулап үрейленсе, ұлы таудан аң қашар,
Ін түбінен індет шықса, іргесіне жалғасар.
Кер заманда бағыланның борсық сорып құйрығын,
Кер сиырдың емшегіне сұр кесерткі жармасар.

Аю көніп көкбөріге желкесінен жұлқыған,
Жылан шошып шегінеді шегірткенің сұрқынан.
Сүтке тойған бала мысық итке күліп мұртынан,
Кәрі бүркіт тышқан аулар жапалақтың жұртынан.

Теке артылып мегежінге қолаңсасы сасыған,
Қыршаңқы есек азынайды қотыр байтал қасынан.
Арыстанның терісіне жолай алмай жолбарыс,
Атан түйе тіксінеді өлген бура басынан.

Ала жылан болып шығып, белдеудегі ала арқан,
Ақ орданы сықырлатса, шымырлайды жон-арқаң.
Қиқы-жиқы, ойқы-шойқы, қыңыр-қисық көбейсе,
Екі көзі түзулерге қыли біткен болар таң.

Өлген әкең тірілмейді қанша жыла, қанша егіл,
Осылардың бәрін көрген біз не деген жансебіл?!
Бейшараға бейіт соққан бір мейірбан болмаған,
Күресінде басы қалған, босағада өлсе құл.

Сорлы құлдың шыбын жаннан басқаға жоқ таласы,
Туды, өлді, - болды ғайып, көрінбейді қарасы.
Жеті атасы хандық құрған қаптап кетті қасқалар,
Қызыл табан, қырғыш көтен қалмай кедей баласы.

Талапайға кіргеніңмен отырасың қай таққа?
Бұлтқа өкпеле, күн сәулесі шала түссе байтаққа.
Қазақ атың рас болса, бәсекеден құр қалма,
Ағайының, әне, кетті, ал, итіңді айтақта!

ШУЫЛДАСЫН КӨП ҚАРҒА
(Иманғали Тасмағамбетовке)

Түскен кезде ел тағдыры көкпарға,
Сөйлемеймін қалай тіл мен жақ барда?
«Әй!» демесем ақындығым не керек,
Бір қыранға жабылғанда көп қарға.
Иманғали ортамызда жалғыз-ақ,
Имансыздар толып жатыр қапталда.
Қайдасыңдар, көбедей көп қайраткер,
Қара ниет қамшы сілтеп жатқанда.
Мәз болады, масайрайды біреулер,
Қызғаныштың қызыл отын жаққанға.
Көйлегі көк олар көпті не қылсын,
Көңілі тоқ оңай олжа тапқанға.
Қу ағаштан сөл шығарып соққанда,
Қайыршының қанын алар қаққанда.
Тор құрады биік шырқап ұшқанға,
Ор қазады топтан оза шапқанға.
Барлығы да бір Алланың қолында,
Кім біледі кім түседі қақпанға?
Арда туған азаматым – Имашым,
Алғыс алған жақыннан да, жаттан да.
Өнер үшін жұлып берген өзегін,
Өрге сүйреп не бір қиын шақтарда!
Дуылдасын, шуылдасын көп қарға,
Қарғаларға жаза бар ма, сот бар ма?
Қырандарды сақтасын тек құдайым,
Жанған оттан, жаулар атқан оқтан да!..

ОЙ, АЛЛА

Сенейін бе, сенбейін бе ой, Алла!
Сұмдық көрдім түсімде емес ояуда.
Мысық біткен жолбарысқа айналып,
Арыстан боп ақырады қоян да.

Айналыпты борсық, суыр – аюға,
Шортан – китке, шабақ балық – жайынға.
Арқырайды шегірткенің айғыры,
Ырық бермей қырға жылқы жаюға.

Пілге айналып күркірейді доңыз да,
Доңызбын деп дөңкиеді қоңыз да.
Шыбын-шіркей көкте құспен таласып,
Арқау болды таңғажайып аңызға.

Күжілдеген шығады айғай әр тұстан,
Дырду-думан өңкей дию тартысқан.
Жер тарпиды тайбуырыл – тасбақа,
Түксиеді түйе балуан – көртышқан.

Балпаң басып қарға жүрді жораға,
Күзетшіге қыран қалды қорада.
Ақсұңқар боп ала қанат сауысқан,
Хайуанаттар қаласында төраға.

Қайда апарып соғады екен әй, мынау?
Ой ұшына жіп таға алмай қойдым-ау!
Бақылдаған лақ теке өкіріп,
Бұқа болып шыға келді мойны дәу.

Ешкім бабын таппаған соң оңдырып,
Айдалада тұлпар қалды болдырып.
Есек мініп аңға шықты маймылдар,
Қолдарына бір-бір тауық қондырып.

Мақұлықтар кенеледі күлкіге,
Мұрагердей жаратқанның мүлкіне.
Келмей жатып саршұнаққа шамасы,
Дәмелері қасқыр менен түлкіде.

Қайтсем бүйі боламын деп бит қызып,
Кенелерді жатыр отқа үйткізіп.
Айдаһарды жылан жұтып жоқ қылды,
Арыстанның бас сүйегін ит мұжып.

Сенейін бе, сенбейін бе ой, Алла,
Сұмдық көрдім түсімде емес ояуда.
Көргенімді қаз-қалпында түсірдім,
Мұрша келмей мың құбылтып бояуға.

ЕЛЕСТЕЙДІ КӨЗІМЕ

Төрт түлігім дін аман, сау тұрғанда,
Тіске басар талшығым таусылған ба?
Төлдерімді сақтай гөр, киелі ата,
Топалаңнан, түйнектен, аусылдан да.

Сақта тағы пәледен, жаладан да,
Жақындатпа жат пиғыл жан адамға.
Тостағанның түбіне табынамын,
Ақ айранның жұғынын жалағанда.

Төрт түлігім тұс-тұстан мыңғырғанда,
Созған қолым жетеді мың жылдарға.
Төл дауысын естісем қуанамын,
Салауат қып мыңдаған қырғындарға.

Төлім барда қайтады неден бетім,
Соқтығыстан сан рет көгерді етім.
Бөрі менен ұрыға боршалатып,
Қарап жатсам қалмай ма көген жетім?

Қара саба қаңсыса тұралаймын,
Қара тұтып қалайша жыламаймын?
Тірлігімнің жанары ағып түсер,
Құзғын ойған көзіндей құралайдың.

Қатыққа зар бір қасық аз ба күнім,
Айқайлауға келмейді созған үнім.
Ырғынынан қырғыны көп жылдарда,
Күзге жетпес қызығы жаздағының.

Қырсық ғұмыр, қыңыр көш кері кеткен,
Қинауменен келесің мені көптен.
Жұттан қалған жұрнаққа өзің жар бол,
Жүдеу жайлау, сары бел көні кепкен.

Дертін тартып дауасыз күйік-шердің,
Тар ноқтаның талайын киіп көрдім.
Тышқан мұрнын қанатсам құныкер боп,
Тышқақ лақ қалдырмай жиып бердім.

Қарақшылар құтылды жаза көрмей,
Малсыз қалса, кім өлсін қазақ өлмей?
Жер астында аруақтар күңіренеді,
Құлағына құдайдың маза бермей.

Топырақтың тәніне жара шығып,
Талқан болып, тас берік көр ашылып,
Елестейді көзіме қалың аруақ,
Малын іздеп жүргендей аласұрып.

Менен дәрмен болмаса, кешір, аруақ,
Жағдайым жоқ кетердей көшіп аулақ.
Арыстанын аштықтың қарауылдап,
Тас төбемнен барады бесін аунап.

ҚАРА БАЛА ҚОЛ ЖАЙЫП

Солқылдатып өмірдің сан сауалы,
Жүрегімнен, миымнан қан сауады.
Дүбір салған ішімде дүлей тасқын,
Сыртқа бұзып шыға алмай жар соғады.

Күннен-күнге тарылып ел тынысы,
Сезілмейді тірліктің серпілісі.
Алаң қағып әркімнің көзінде жүр,
Қасқыр тартқан тоқтының қорқынышы.

Қалай айтпай қаламын тіл барында,
Торғай кетсе қырғидың тырнағында.
Әлдеқашан ұмытқан аруақтар кеп,
Оятады ұйқымнан түн жарымда.

Тастағандай жанымды аршып отқа,
Алады кеп олар да сан сұраққа.
Уа, Тәңірім, аясаң егер мені,
Ақ бөкендей оқ тиген қансыратпа!?

Қиылғанша жанымды қансыраған,
Көз жасыммен жуармын тамшылаған.
Көрге бірге шұбырып кірсе қайтем,
Қара бала қол жайып нан сұраған?..

ҚОЖАНАСЫР ӘУЛИЕДЕЙ

Тірлігімді талатпаққа екі өкпесін зар қысқан,
Босағама қабаған ит байлап кетті сан дұшпан.
Сыртқа шықсам алдарқатып сүйек-саяқ тастаймын,
Мысық пенен тышқандаймыз күндіз-түні аңдысқан.

Қызыл көзді қығаныштың көре-көре қастығын,
Қаңғырып жүр айдалада зәтте болған жастығым.
Күздің қара суығына иек артқан өмірім,
Абыржыған егіншідей жинай алмай астығын.

Ұрынарын ұғатындай ұли соққан боранға,
Мөңірейді жалғыз торпақ азынаған қорамда.
Мұратыма жете алам ба мал мен жанды баққанмен,
Кең дүниеге көз суарып, тебіренейін онан да.

Қожанасыр әулиедей қоржын теңдеп ақылдан,
Есек мініп жолға шықтым таңнан тауық шақырған.
Қай тарапқа бастасаң да, пәруәрдігер, өзің біл,
Итпегіңе көнген құлда басқа сөз жоқ «мақұлдан».

УАҚЫТТЫҢ БАБЫН ТАППАЙ

Заманның сиқын кеше күлкі етіп ем,
Шошиын дедім бүгін сүрпетінен.
Сілкініп жүре берді шырайналам,
Сәл ғана сынған шидей сырт етіп ем.

Қояндай көлеңкемнен үркетін ем,
Ауылдың ит үрсе де бір шетінен.
Тып-тыныш теңіз тулап қоя берді,
Тамшыдай аунап түскен бүлк етіп ем.

Тажалы оянғандай зіл-заланың,
Ашпайды ашуланған күн қабағын.
Тырсылдап терісіне симай тұрған
Уақыттың бабын таппай зыр қағамын.

Әлемді түк түсінбей аңырайған,
Бір дүлей жайпап жатыр бадырайған.
Жарылып кетер ме екен мына өмірдің
Тамыры шекесінің адырайған?..

МЕН БАЙҚҰСТЫ МҮСІРКЕСЕ

Бар қазаққа жөн сілтейтін болмасам да ұлы Абай,
Анда-санда шолтаң қағып, сөйлеп қоям шыдамай.
Үрей толы сұрқай тірлік басқан сайын аяқты,
Шошытады қарақшы мен ұры бұққан жырадай.
Белге шығып, кең көсіліп отыратын қайғысыз,
Қайда ғасыр айран-асыр, алағай да бұлағай?

Көз көрген соң күңіренемін, тіл берген соң айтамын,
Мұң тербеген алып бесік – мынау, ұлы байтағым.
Талқандайтын дәрменім жоқ жын ойнақтың ұясын,
Бақсы емеспін бәлекеттің қағып алар сайтанын.
Уа, Жасаған, қоржынымның түбін қағып босаған,
Шулы өмірдің базарынан мен де сырғып қайтамын.

Бұра тартып бұлқынғанда қайда қашып құтылам,
Әзірейіл құрық салса, асау тайдай тұтылам.
Кім жұтпайды алдыңғылар шөлін мәңгі қандырған,
Сиқыр дүние қолындағы у құйылған құтыдан.
Сапар шексең арманың не салт бас, сабау қамшылы,
Құдай елді аман қылсын қызыл-қырғын жұтынан.

Қимағанмен қу жаныңды, аңдып жүрген аңшы бар,
Шіреп тартқан сүр жебе де бір күн келіп шаншылар.
Тағдырымның нәзік қылы - әлсіз жүрек тамырым,
Мен байқұсты мүсіркесе, мұрша беріп, сәл шыдар.
Найзағайдың оты ойнаса жиі-жиі төбемде,
Жай тартқыштай маңдайыма жазылғаны сол шығар...

НЕ КӨРСЕҢ ДЕ ...
(Мырзатай Жолдасбековке)

Жалғыз жүріп мұратқа жетер дейсің кім жеке,
Не көрсең де көппенен бірге көрдің, Мырзеке!
Самғап ұшып халқыңа қызмет еткен шығарсың,
Сыртыңыздан біреулер күңкілдесе, күндесе.

Тұлпарға да міндіңіз топқа түссе озатын,
Торқаны да кидіңіз той өткен соң тозатын.
Мансап деген биіктің биігіне шықтыңыз,
Биік бірақ бәрінен өз абырой, өз атың.

Жағың түспей жалғанда, сол биіктен түспегей,
Жүйрік жүйрік бола ма аузымен құс тістемей.
Бір жақсылық қылғанға жүз жақсылық жасадың,
Ала-құла қазақты бөліп-жарып түстемей.

Азаматты алысқа жетелейді арманы,
Не тәйірі өмірдің от пен суға салғаны.
Күннен күнге көбейіп көрер қызық алдағы,
Алла берген ырыздық таусылмаса болғаны!

МҰХТАР АҒА

«Мұхтар аға, мықтар аға ерен» деп,
Кеше Қасым толғаныпты тереңдеп.
Әр толқынның өз Мұхтары өзіне,
Мен де жүрдім көптен бері елеңдеп.

Мұхтар аға, демейді екем мен неге,
Сен де келсең қасқайып бір көмбеге.
Қуаныштан бөркімді атып аспанға,
Өз өзімнен сыя алмадым бөлмеге.

Жырдан ғана сыйлық тартар ақындар,
Бұл сөзімді жамағат та мақұлдар.
Әуезовке ұқсап бір сәт сен тұрсаң,
Қасым болып мадақтауға қақым бар.

Не деп кетті демеңіздер бұл қасқа,
Өнердегі тұрпат басқа, түр басқа.
Шыңғыстаудан туған болса бір Мұхтар,
Шұбартаудан неге Мұхтар тумасқа?

Елің үшін түстің тартыс, егеске,
Ер өмірі ерлігімен емес пе?
Сыбағаңды күттің асыл арманнан,
Алданбадың ас құюлы тегешке.

Дедің-дағы неге бұғып, жасимын,
Құлпын аштың тарих деген тас үйдің.
Дыраулардың сескенбестен сұсынан,
Жыраулардың рухына бас идің.

Кездеріңде әр сөзіңнен жай атқан,
Арқаң біраз жауыр болды таяқтан.
Жүре бердің сыйындың да аруаққа,
Ұйқысынан өзің түртіп оятқан.

Тұңғиықтан өзің ашқан жыр көзі,
Жебеп жүрді, демеп жүрді күнде өзі.
Нарқызыл боп сен түскенде жарысқа,
Күмбірледі көне жырау күмбезі.

Жүгіргенге тарлық етпес кең дала,
Шын жүйрікті анықтайды өр ғана.
Сен қумадың біреулерше даңқты,
Даңқ сені өзі қуып келді, аға!

Сыншылардан сұрамадың сен баға,
Сездің түбі ескерер деп ел-дана.
Мансапты да іздемедің із кесіп,
Мансап итің іздеп өзі келді, аға!

Қаламың ғой қадіріңді танытқан,
Не күтсең де күтесің тек халықтан.
Таланттан үлкен емес ештеңе,
Үлкенсің сен атақтан да даңқтан.

Секілді боп адал ойдың бір кені,
Жатып едің қымтап алып іргені.
Бұрқ еттің де шыға келдің шулатып,
Батырлардай бұзып шыққан түрмені.

Аман болғай, қазақтың бір нар ұлы,
Сені сүйер аға да бар, бар іні.
Жеті түнде тұрсын дәйім оятып,
Сонау, сонау, қобыздардың сарыны.

СЕМЕЙДЕГІ СӨЗ

Шақырған сауыққа да, сайранға да,
Дүние неге теріс айналды, аға?!
Әкенің қасиетін біле бермес,
Шешенің уызына тойған бала.

Сырғыса сынаптай сыр тереңдегі,
Наз қиын наласы көп өлеңдегі.
Болсаңыз нар қарағай белеңдегі,
Бұтағың емес пе едім төмендегі.

Қаңғытса шартарапқа тірлік қамы,
Қазақтың қайда тамбас кіндік қаны.
Жігіттің маңдайынан сор арылмас,
Жүректің тазармаса кір жұққаны.

Жұтпасақ ащы зардың уын балдай,
Тәттіден таңдайымыз уылғандай.
Өзіміз отқа кірмей кімге дәрі,
Сөзіміз майдан қылшық суырғандай.

Санаумен шыққан күнді, туған айды,
Көз жасы бұл ғасырдың құрғамайды.
Жамайтын өз жыртығын өлермен көп,
Япыр-ау, ел жыртығын кім жамайды?

Жол түсіп келіп қалдық, аға, мұнда,
Семейдің топырағы табаныңда.
Кенеттен дауыл тұрса таңданбаңыз,
Алланың алақұйын заманында!

САЙТАН ШАҚЫРУ

Сиқыңнан шошыр тірі адам,
Кім сенен залал күтпеді?
Пәтшағар, шындап сұранам,
Бар болсаң егер, шық бері?!

Алайын біраз масайып,
Тіліңді бәлкім табармын.
Қашатын мен бе Машайық,
Қаныңды ішсем, қанармын.

Айтпаймын өлсем мен әзіл,
Жүзіңді көру болды арман.
Қорқам ба сенен, әзәзіл,
Қулығым кем бе Алдардан?

Елесің қанша арбасты,
Сенде бар сиқыр менде жоқ.
Жүрсің бе әлде албасты,
Пердеңді жауып пенде боп.

Жаураған жанға жылу көп,
Шаттыққа көңіл тойды ма?
Жанары шоқтай сұлу боп,
Кірдің бе бәлкім қойныма?

Есімде жоқ қой бүгінде,
От пенен суға түстік пе?
Көгілдір шамның түбінде,
Тамшыны бөліп іштік пе?

Ойнаған оқты білтемен,
Жарытпас едің сен жар боп.
Бейкүнә досқа сілтеген,
Тұрдың ба қолда қанжар боп?

Тізейін қайсы бірін мен,
Күнәға тілім келмейді.
Пенденің бәрі сүрінген,
Тайдырған жолдан сен дейді.

Сындырса ардың қанатын,
Күңгірт қой ойға арғысы.
Қит етсе саған жабатын,
Адамның айла-шарғысы.

Күнәға батқан көл-көсір,
Жоқ болсаң мынау ғаламда,
Жазғырдым босқа, сен кешір,
Өкпеле онда адамға.

Бар болсаң егер, мыстаным,
Болмайды бүйтіп жүргенің.
Қолыңды кеп тұр ұстағым,
Көзіме, кәне бір көрін.

Ештеңе маған берме де,
Ештеңе менен алма да.
Жатпаймын сенсіз мен неге,
Сыйынып жалғыз Аллаға.

Өзіңді зармын көруге,
Беттесу үшін бір ғана.
Мұрша бер тыныш өлуге,
Жүректің төрін былғама.

Бет-аузың кісі көргісіз,
Бәлекет болсаң, тоятта.
Бақытқа бөгіп белгісіз,
Ұйқыға кетсем оятпа!

Тілімнің уын төгер ем,
Бар-жоғың, әттең, жорамал.
Сыртымда болсаң көрер ем,
Ішімде тұрсаң жоқ амал!?

ИЛЕУІНЕН ҰЗАП ШЫҚСА

Мейірімге жарытқанда жаратушы аз ғана,
Малта тасқа қына бітіп, шаш шығады тазға да.
Қыр желкеге қырсық мінер ел ішінде көбейсе,
Телмеңдеген кәрі шал мен өңмеңдеген бозбала.

Қойға құдай ғұмыр берсе қасқыр жағы қарысар,
Мүсәпірдің мұрты сынбас аштан өлсе тоғышар.
Қасиеттің қара қосын иектесе албасты,
Арыстан мен иттің басы итаяқта тоғысар.

Сараңнан су, қарақшыдан сұрағанша бас сауға,
Қуыс ізде қалжыраған қу жаныңды тастауға.
Қасығың мен тостағанның тазасынан не қайыр,
Қара шыбын құжынаса айран құйған астауға?

Ерте туып, дүниенің қызығынан қалдық кеш,
Иығыңнан басқан салмақ көңіліңді сергітпес.
Тірлігінің бас-аяғы болғанменен бір тұтам,
Илеуінен ұзап шықса құмырсқаға жол бітпес...

ЕЛ ҚЫДЫРҒАН ЕСЕК ДӘМЕ

Ғазал жазып күңіренгенмен мен емеспін Науаиы,
Бұл қазаққа қысылғанда қара өлең ғой оңайы.
Ел қыдырған есек дәме енді уызға жарытпас,
Беріш емшек бедеу сөздің келгенменен нобайы.
«Болмасаң да ұқсап бақ» деп асқар шыңды нұсқады,
Адамзатқа асу бермес ақыл-ойдың Абайы.
Баста бетін бүркегенмен арты ашылмас дүние жоқ,
Жұртқа сырын алдырады жүгіргеннің талайы.
Ақ сандықты аптағанмен алтын болмас сары жез,
Күптегенмен күміс болмас сырты жылтыр қалайы.
Көркем өмір айырылмас кереметтей көркінен,
Ат қорадай былғанбаса тіршіліктің сарайы.
Туған сәби талпынған соң тартар тұрмыс азабын,
Үлбіреген жас үміттің ағарғанша самайы.
Майпаңдаған сайқалдық пен сұрқиялық – сыпайы,
Айқайлаған ащы шындық әрқашанда – анайы.
Көк аспан мен қара жерге ешкім үкім жүргізбес,
Қарақұрым қалың пенде бір құдайдың малайы.
Шаңнан жүзі көрінбейді патша қақса етегін,
Ібілістің ұясындай ұлықтардың маңайы.
Төбет көрген мысықтайын молда қашар мешіттен,
Тәңіріге тәуап қылса таудан түскен жабайы.
Ей, ақыным, нали берме, күн қылтиып көрінер,
Түн жиегін әдіптесе атар таңның арайы!

АРПАЛЫСҚАН ЕССІЗ ТОБЫР

Күміс тиын жылтыраса арасынан қоқырдың,
Екі көзі шамдай жанар сығырайған соқырдың.
Арпалысқан ессіз тобыр елең етіп еңкеймес,
Алтын басың домаланса астында ойран-топырдың.
Ебелекті сүйеу көріп, кисең жұттай кебенек,
Сүйкенгені сен боласың қыршаңқы мен қотырдың.
Ағайының айғай салып алды-артыңда тұрса да,
Ауған жүгің түзелмейді үстінде тар көпірдің.
Саған емес қалтаңдағы қазынаңа іші ашыр,
Суға кетсең, құрбаны боп қара тасқын нөпірдің.
Алтыбақан алауыздық айналаңды жайласа,
Айна таздай қылтанақсыз қу тақырға отырдың.
Бір есекке орын босар екі жылқы тебіссе,
Сәні қашып сәйгүліктер сап түзеген ақырдың.
Қырық пышақ қым-қыуытта қалам десең аман-сау,
Жоныңды тос дойырына даңғой менен дөкірдің.
Ей, ақыным, төбеңе шай қайнатса да шыдап бақ,
Тоқсан толғап айтқаныңды көкейіне тоқыр кім?..

АУЫРҒАНДА

Мазам кетіп барады, мазам кетіп,
Мазақ етіп жүре ме қазам жетіп.
Тым болмаса жабдығым түгел емес,
Табақ тесік, қасық кем, қазан кетік.

Далақтаумен үлкенге, кішіге де,
Дүние, шіркін, кірмепті түсіме де.
Жетім күшік секілді жұртта қалса,
Балам мені білмеймін түсіне ме?

Жетемін деп бәріне ағайынның,
Өзімді өзім абайсыз қақ айырдым.
Жай-күйімді осы күн білгің келсе,
Аласұрған шілдеде ақ аюмын.

Жұрт еді ғой менсіз де күн көретін,
Өлгенменен ешкім жоқ бірге өлетін.
Қабақ шытпай күтейін ажалды да,
Қонағым ғой әйтеуір бір келетін.

АУЗЫҢА ИТ ТЕБЕДІ

Отты сөз өзек жарған тіл қарымас,
Ақыным, әр қиырға ұрма құлаш.
Қайтесің қу жаныңды қажай беріп,
Көк дөнен – көңіл, шіркін, күнде арымас.
Әу баста пешенеге жазбаған соң,
Алтынға бөлесе де құл жарымас.
Бұйырған тауқыметтен мойын бұрмас,
Илеуге көніп біткен былғары бас.

Жабырқап жаратқанға қойма кінә,
Жетесің жоқшылықтың қай жағына.
Жаяулап жүгіргенмен діңкең құрыр,
Азаптың ат шаптырым аймағына.
Неңді алған көш түзетіп, керуен тартқан,
Жүгің жоқ артар қотыр тайлағыңа.
Тәубе қыл, таудай тасты көтерсең де,
Тобықтай тамағыңның тоймағына.
Қырсықса, қара тышқан қожа болар,
Қақпақсыз қазандағы қаймағыңа.

Болған жоқ биылғы зар былтырдан кем,
Аузыңа ит сариды ұмтылғанмен.
Қыл тұзақ жібермейді қылқынғанмен,
Жұлының үзіледі жұлқынғанмен.
Аспанға шілдің боғы шырқап шықты,
Қолыңа қарға тышпас құр тұрғанмен.
Жұтса да жұмыр жерді жұғын көрмес,
Дүниеде нәрсе бар ма құлқыннан кең?

Түссе де төбесінен құлап аспан,
Өлген бе торғай барда жылан аштан?
Өзегі қасқырдың да тала қоймас,
Жымып кеп, қой шетінен жұла қашқан.
Қылтиса қызыл сирақ жұт төбесі,
Күңіренген ақынға кім құлақ асқан?
Дөңге алып шыға алмайды желгенменен,
Көтерем астымдағы құла қасқам.
Түрінен тіксінесің мына күннің,
Тірсегін бұралқыдай бұра басқан.
Алдында ағайынның торығасың,
Есігін туған елдің жылап ашқан.
Табылмас аузын бүрген ала қоржын,
Арқасы алты қырлы бұл Алаштан.

Шашылған құмалақтай сай-салада,
Қазақтың күні ұқсайды бейшараға.
Сорының сорпасынан сораптайды,
Солқылдап салмақ түссе ой-санаға.
Сабында саптыаяқтың – сары сайтан,
Безбүйрек бүлкілдейді тойса ғана.
Ібіліс елді ірітіп, жер шірітіп,
Шаптырар мамығыңа, майсаңа да.
Жоқтауы жеті өмірге жетерліктей,
Дауыс сап, қара шашын жайса дала...

Егілме енді ақыным, сен де аялда,
Кім білсін қиқымет тұр қандай алда?
Дөй-дала қаңғып кетпей, аңдып сөйле,
Орынсыз орғи бермес ор қоян да.
Бәрібір шіркей шаққан құрлы болмас,
Шекесі шегірендей көп жоянға.
Билігім жүретіні – жалғыз қалам,
Салатын мен жұмсасам жорға-аяңға.
Тапсырам тағдырыңды ақ қағазға,
Растап айтқаныңды, қол қоям да...

БАЛАҚ БАУЛЫ БҮРКІТТЕЙ

Жарасам деп алқындым, керегіне халқымның,
Базарында өмірдің таразыға тартылдым.
Ұйықтап кетсем қапыда қара тасты жастанып,
Артпа кінә мойныма, ей, болашақ – жарық күн!

Есігімді қаққанша хабаршысы ажалдың,
Өзегіне өлеңнің жүрек сөзін жазармын.
Биік жартас басына сирек қонып саңқ еткен,
Балақ баулы бүркіттей анда-санда сөз алдым.

Құлашымды серпейін құс қанатты пенде боп,
Тарбағатай, Өр Алтай, Хантәңірі, бер медет!
Төрт құбыла төріне өз сәулемді шашайын,
Ай астында айналып, күн астында дөңгелеп!

Қанатымнан бұрқырап ұшып түссе қауырсын,
Мен үшін де, туған ел, жаның бір сәт ауырсын.
Бауырынан ақ бұлттың ажыраған шүйкедей,
Көкжиекке құлаған көлеңкемді танырсың...

БІР ҚҰДАЙҒА БЕЛГІЛІ

Залалы жоқ иненің жасуындай,
Заман қайда тауымның асуындай.
Суыртпақтап сұрасаң тарқатайын,
Жасырып ем сырымды жасырудай.
Мыжып бақтым мен-дағы миғұладай,
Мұжылсам да арқардың асығындай.

Ашыла алмай, айғайлап ашына алмай,
Іштен тындым, іркіт боп ашығандай.
Тырнап-тырнап еппенен айтып көрдім,
Жауыр аттың арқасын қасығандай.
Қитығына тигенде қипақтадым,
Қызған темір бетіме басылардай.

Құлақ кесті құлындай күн көрістің,
Делқұлымен еріксіз сыр бөлістім.
Көріп тұрып көлденең түсе алмадым,
Зорлығына жуасты жүндегіштің.
Алтын сандық айнала көшіп жүрді,
Кілті болса билік пен кімде күштің.

Алқымымнан алса да ауыз бақтым,
Ашуымды төзімге бауыздаттым.
Сүтке тиген мысықтай сыртқа тепсе,
Таңдайыма қара су тамызбақ кім?
Үрген қарын секілді күндер кештім,
Іліп қойған өтіне аңызғақтың.

Жалтақ мінез жігітке жараса ма,
Қалтырадым қайтейін қарашада.
Жүген-ноқта басымнан түсер емес,
Сен келмесең, жас ұрпақ, арашаға.
Қымыз қайдан болады, қыза-қыза,
Күрпілдеттік су толған қара саба.

Алтын тақ боп көрініп қара тақтай,
Әркім өзін сезінді Бонапарттай.
Шилі болған арқасы заман шұбар
Шоқтығына шоршыды қол апартпай.
Әкімдері қазақтың көлеңкелеп,
Ақындары қаңғыды пана таппай.

Байқайсың ба сөзімнің басқа түсі,
Жақсыларға жоқ бірақ еш қатысы.
Қара тасқа өткен бе шапқан қылыш,
Қайыршыда кеткен бе патша ақысы?
Арыстан да азуын жасырмай ма,
Қапияда қағылса қасқа тісі.

Осы менің жай-күйім келсе білгің,
Күйбең тірлік-қуаты жансебілдің.
Өзгені емес алдымен өзін ұғар,
Көкейіне әуенім енсе кімнің.
Жақтырмаған жайына жүре берсін,
Бір құдайға белгілі қанша егілдім...

ТУҒАНША АҚЫРЗАМАН

Жетпеппін қадіріне көп күндердің,
Өтінде қаңғалақтап өткір желдің.
Қураған жапырақтай жаным күйді,
Шарпылып жалынына от тілдердің.

Күлуге үйренген жұрт күйрегенге,
Құласаң дайын тұрар түйрегенге.
Арбадай күпшегінен сазға батқан,
Үмітті кеудем өрге сүйрелеуде.

Сене алмай өзіме де, өзгеге де,
Ұқсадым келте қиған кездемеге.
Ботқасын божытқанда езбе неме,
Мұң шақтым бозторғайдай боз көдеге.

Бір сырым бұл өмірден әзір ұққан,
Қайыр жоқ қазылық пен қажылықтан.
Басыңды тауға ұрсаң да, тасқа ұрсаң да,
Көз жұмбай құтылмайсың ажырықтан.

Замана жүгін артса ерқаштыға,
Жасытар жарқылдаған алмасты да.
Бетіңе сүзе қарап жөн айтады,
Байқамай бажырайсаң албастыға.

Соққыдан сенделесің неше батпан,
Елестеп ай мен күнің кеше батқан.
Кіндігі дүниенің кері айналып,
Озғандай таңданасың есек аттан.

Жаутаңдап оң мен солға жалтақтайсың,
Жаныңды түсінетін жан таппайсың.
Ой келіп үйіргенде диірмендей,
Қой жеген күтірлетіп жантақтайсың.

Кес-кестер қайда барсаң бір өлермен,
Ішінде не жатқанын біле бермен.
Жатырдан кім қағынып туар дейсің,
Жамандық жабыспаса жүре көрген.

Талайдың құмға сіңер күші бекер,
Қиырға қандай жіптің ұшы жетер?
Шаршап кеп бір төбеге тізе бүксең,
Басыңнан көрінген құс ұшып өтер.

Ұрса да лықсып, тасып қан жүрекке,
Қалғандай құла дүзде жан жүдетпе.
Ол-дағы тағдыр жазған бір несібең,
Қарақұс тас төбеңе саңғып өтсе.

Жаңармас өмір оны жазғырғанмен,
Зәнталақ төмендемес азғырғанмен.
Тірінің аспан мен жер арасында,
Сүруге қақысы бар аз күн дәурен.

Күшіген қонғанынша қайта жерге,
Қыранға сәлем бермес, айта көрме.
Кездейсоқ шыға қалса сайтан өрге,
Биіктен тас жаудырар байтақ елге.

Бүлінбе, оған босқа күйінбе де,
Жетеді жұлқынғанмен күйің неге?
Аударып тура жолдан табаныңды,
Торыдай тоқым батқан бүйірлеме.

Арына адамзаттың тапсыр бәрін,
Төрдегі тілінсе де ақ сырмағың.
Ұяттан жұрдай болсаң, қамсау болмас,
Тәніңе тоғыз қабат жапсырғаның.

Туғанша ақырзаман жол қысқарып,
Бәріне төзіп бағар көнбіс халық.
...Тұлыпқа мекіренер хайуанат та,
Жағына қинай берсе кергіш салып.

Қазбалап қайте қоям көп кемісті,
Ойылар таптай берсем теп-тегісті.
Долданса төңкереді теңізді де,
Жерде – елім, Құдай ғана – көкте күшті.

ЖОЛБАРЫСТЫҢ ЖҮНІНДЕЙ

Қайсы арманның түбіне ғұмыр жеткен,
Артта қалды күндерім дүбірлеткен.
Күреңдеймін байқасам көп шабылып,
Қырқа-жонды, бел-белес, күдірді өткен.
Ауыздыққа езуін тілімдеткен.

Бәрін көзден өткердім жолдағының,
Жалт бұрылған сүрлеулер алдады мың.
Осып түскен қамшыдан шұбарала,
Жолбарыстың жүніндей жон, бауырым.
Өрмекшідей жанымды торлады мұң.

Өтемін деп тар соқпақ, тар көпірден,
Тасқа тиіп тұяғым сан кетілген.
Өзгелердей опық жеп,
Мен де өкінгем,
Сарқ-сұрқ қайнап кеудемде зар көпірген.
Зілдей батып үн шықса сәл зекірген.

Жараланып жүрегім болмашыдан,
Сыңайы бар запы боп көп жасыған.
Күдірейген жалымды қамыт қиды,
Босай алмай тұрмыстың арбасынан.
Арқам жауыр екені және де аян,
Жаба тоқып несіне мен жасырам.

Жасырғанмен мықшитып ер батады,
Иығыма салғандай кер жотаны.
Ұлытауды он қайта айналғандай,
Сауырыма сауыс боп тер қатады.
Қатқан тердің астында сор жатады.

Сондықтан да сыр беріп, бүлк етпеймін,
Жолға түсіп желемін, бүлкектеймін.
Жуас көріп желкеме үйір болма,
Шамдандырсаң шалт кетер үркектеймін.

Құйын қалбаң етсе де күлтөбеден,
Секем алсам атқақтап үрке берем.
Жаны күңгірт пендені жолатпаймын,
Жын көргендей бет-жүзін бүркелеген.

Бұған қарап, тойынған деме достым,
Шолақ арқан, тар тұсау, өреде өстім.
Пышақ сырты жал бітсе селтең қағып,
Жанға торсық байлатпас мен емеспін.
Менен зардап шеккен жоқ және де ешкім.

Түсінгейсің жанымды жете менің,
Сері көңіл сыралғы сетер едім.
Адалдықпен арқама жүгіңді артып,
Шоқтығыма шықсаң да көтеремін.
Жусан болсаң егерде, бетегемін…

КҮМІС ҚҰЙРЫҚ, АЛТЫН БАС

Ұясынан ұшқанынша жан тынбас,
Рахатың бейнетіңнен артылмас.
Қыр соңымнан қалар емес туғалы,
Шұбар жылан күміс құйрық, алтын бас.

Қайдан ұқсын қайран жақын-жұратым,
Тағдырымды жылан арбап тұратын.
Жүрегімнің құйтақандай шөлмегін
Түбінде сол сарқып-ішіп, тынатын…

КӨК ТҮТІН БОП

Мен тұрмын шулы қала ішінде,
Түк көрмеген, түк сезбеген пішінде.
Жасырғаным – таңдайымның астында,
Талшық қылған тарамысым-тісімде.

Жел тимеген тағысы едім даланың,
Қамауына тез көндіктім қаланың.
Күн қабағын көкжиектен танушы ем,
Енді бағам терезенің қабағын.

Бұған-дағы шүкіршілік етемін,
Елден асып, енді қайда кетемін?
Осы болса – менің Мекке-Мәдинам,
Осы болса – ұя салған мекенім!

Шулы ортаға келген жоқпын бекерге,
Қуғанменен арманға адам жетер ме?
Тар қалаға тағдырымды байлағам,
Кең даланың құшағынан кетерде.

Мұны өзімнен басқа сірә кім ұғар,
Жөнім де бар жәрмеңкеге құнығар.
Бұл қалада жер-жаһанның жыны бар,
Бұл қалада жеті атамның құны бар.

Бұл қалада өмір сүрер оңай кім?
Бұл қалада тоналамын, тонаймын:
Сылдырына зар боп жүріп бұлақтың,
Сыбдырына зар боп жүріп тоғайдың.

Бұл қалыппен жүре берсем, жаным-ай,
Түбінде бір өзімді-өзім танымай,
Көк түтін боп көкке қарай ұшармын,
Жер бетінің тынысына жарымай.

Көлеңкемнен басқа сонда нем қалар,
Өз білгенін оқи берсін молдалар.
Қаралы бір қара сызық тартылып,
Аспан менен жер ортасы жалғанар.

Сонда менің біткен жаным тоналып,
Кең аспанның аясында демалып,
Кешкі бұлттай күреңітіп жатармын,
Батқан күннің шапағына оранып...

ДАРАҚЫҒА ДАУА БОЛМАС

Алматының ғимараты ығы-жығы, қым-қиғаш,
Көлеңкелі терезеге күннің көзі нұр құймас.
Мейрамхана бай-мырзасы, сырахана сұлтаны –
Қашан көрсең қалқып жүзген біздің қазақ ылғи мас.

Алматының көшелері өрмекшінің торындай,
Бауырына өрлеген құрт Алатаудың сорындай.
Шарап буы бұрқыраған дыр-думанның ошағы,
Маскүнемге қаскүнемнің қазып қойған орындай.

Төс бастаудың тұнығынан бойлап ішкен су жалдап,
Қазақтың бір қалтасына бес қол түсер сумаңдап.
Аңыздағы тезегі алтын көк есекті көргендей,
Майлыаяқтай майысады даяшылар жылмаңдап.

Дарақыға дауа болмас екі етегі далиған,
Жуырмаңда жүдемейді, тілемейді ол иман.
Қара қазақ құлап түссе, сұлап жатып жөн айтар,
Кеңірдегі бүлкілдеген, күркілдеген сары Иван.

Бұл жалғанда жымысқы жоқ жыбырлаған өңештей,
Ақымақтың аты жүрмес айдарынан жел еспей.
Өз өмірін қылқылдатып өзі жұтқан сабаздың
Басындағы қауашағы түбі тесік тегештей.

Сең соққандай сенделгенде аңдай алмай бағытын,
Әкесінің сатуға бар көрде жатқан табытын.
Азғындықтың арбасына жын-шайтанды тиеп ап,
Мойнына іліп мықшыңдайды мехнаттың қамытын.

Шамданар деп сескенбейді ата-баба киесі,
Ақ бетіне жағылса да қазанның түп күйесі.
Түнді жара арқырайды арсыздықтың айғыры,
Әлде қайдан кісінесе сайқалдықтың биесі.

Өзі үйренген, көзі үйренген жандар оған қам жемес,
Сырты бүтін, іші түтін дертті қала ләм демес.
Шошқа аунаған ми батпаққа қой да барып аунамас,
Ит жалаған арам суға адал ауыз дәндемес.

Ей, Алматы, жерінгенде кетем қайда көшіп мен,
Қазақ болып туғандықтан дұшпаным көп өшіккен.
Кей түндерде түсіме енсе қалың жылқы, көк жайлау,
Ертеңінде сүйретіліп әрең шығам есіктен.

СӨНБЕЙ ҚАЛҒАН ҚОЛАМТА ІЗДЕП

Жаппар ием, жабыққанда жалғызыңа бол тірек,
Жел айдаған жетім қаңбақ қайда бармас тентіреп?
Тоңған жаным қалтырады жылынатын жер таппай,
Сөнбей қалған қоламта іздеп, көшкен жұрттан ел түнеп.

Әлек болып әуреге түскенменен құр бекер,
Бір қиырдан ұшқан тозаң пәк жүректі кірлетер.
Арман деген өкпесі алтын, бауыры мыс жезкиік,
Келте жалды, шолақ құйрық жылға мініп кім жетер?

Көрешегім не болса да бір өзіңнен, уа, жалған,
Берешегім шашымнан көп, аласым жоқ ажалдан.
Кімге апарып жөндетемін орта жолда қалғанда,
Шиқылдаған ескі арбамның дөңгелегін қажалған?

Тозып біткен тебершігім жамағанмен жаңармас,
Күнің бітпей күркіреген әзірейіл жан алмас.
Қайырымы ада болып, қаһарына мінгенде,
Құдіреттің алақаны – қылпылдаған ақ алмас!..

ҮМІТТІҢ СЫНЫҚ КЕСЕСІ

Суынған жүрек сыр төкпес,
Сарқылған көздің жасындай.
Безерген тағдыр бүлк етпес,
Қайғының қара тасындай.

Ақыл мен айла шарасыз,
Шабыттан дауыл шақырмай.
Ақын да кейде панасыз,
Қаңғырып жүрген пақырдай.

Көрмесе жүртың не дейсің,
Көсеудей отқа күйгенмен?
Өмірге мынау өгейсің,
Өзегің талып сүйгенмен.

Азап пен сорды ал қабыл,
Ешкімге кетпес есесі.
Қолыңа тисе тәуба қыл,
Үміттің сьнық кесесі.

Жұбаныш көрме жылауды,
Бұл жалған кімді жерітпес?
Көңілге түскен қырауды,
Көзіңнің жасы ерітпес.

ӨЗІМЕН ӨЗІ ҚАЙҒЫЛЫ

Қанаты сынған, көбелек,
Отырсың әрең қалтылдап.
Жүруші ең көкте әуелеп,
Танадай болып жалтылдап.

Мүсіркер сені кім елеп,
Іздемес жоқтап сай-сала.
Болдың да қалдың мүгедек,
Бейкүнә, момын, бейшара.

Шақырып гүлді алапқа,
Күліп түр өмір алдағы.
Түсті екен нәзік қанатқа,
Тағдырдың қандай салмағы?

Жарқ ете түсіп жоғалған,
Тірліктің нұры сен де бір.
Ғұмыры қысқа жаралған,
Бір нәзік сәуле менде жүр.

Сөнері оның қай күні,
Құдайға ғана белгілі.
Өзімен өзі қайғылы,
Ұқпайсың, байқұс, сен мұны...

АСАУЫМ, ЖЕЛІКПЕГІН

Оу, жылдар, желікпегін, желікпегін,
Көңілді өмірге іңкәр жерітпегін.
Барасың қайда, қайда құйыңдатып,
Қосарлап қос күреңді жегіп пе едің?

Жетеді екпініңе еліккенім,
Қуудан қызығыңды зерікпедім.
Ұршықтай зыр айналған дөңгелегі,
Мәңгілік тоқтамайтын көлік пе едің?

Жүргем жоқ рахатыңды көріп тегін,
Пенденің дегеніне көніп пе едің?
Бөкендей анадайдан үркіп қашпай,
Бір мезет алдыма түс желіп менің.

Көрдік қой асыққанда не біткенін,
Басымды зеңітпегін, зеңітпегін.
Келгенде зымырауға кереметсің,
Сүтіне самұрықтың жерік пе едің?

Білмеймін дүние неге тебіткенін,
Себебін айтшы онан да, көріпкелім.
Беймәлім бағытың да, бағдарың да,
Белгісіз кеңістікпен серік пе едің?

Бір таудың елігі едім, көрікті едім,
Оқ тисе тұяғымды серіппедім.
Біздерге тарлық етсе мына өмірдің
Іргесін сәл-сәл неге кеңітпедің?

Асауым, желікпегін, желікпегін,
Желігіп сұм жалғанды жеңіп пе едің?
Тасыған су аяғы құрдым болар,
Құрдымның салындысын теріп пе едің?.

ЖҮРЕГІМНІҢ ЖЫЛҚҰСЫ

Күндер, күңдер – жүрегімнің жылқұсы,
Қызығыңды жырлап бітпес бір кісі.
Жылап келсең көз жасыңды сүртеді,
Аппақ бұлттар – көк аспанның сүлгісі.

Бақыт нұры - маған қарай ұшқаның,
Тар ғұмырдың көпсінбеңдер пұшпағын.
Желпіп өткен лептеріңе масайып,
Ләйліп кетсін торын құрған дұшпаным.

Қайта тауып өкпелескен дос-жаран,
Көңілді бір әуелесін асқақ ән.
Қылпылдатып қайрап кетсін көзелдер,
Семсерімнің жүзін тоза бастаған.

Қайта оралып сонау алыс жылдарға,
Алтын бұлақ ағып жатса жылғамда.
Рахаттанып күлген бала болайын,
Күйгелек шал өз сақалын жұлғанда.

Бір шықпаса биігіне шарықтап,
Менің кеудем қурап солған ғаріп бақ.
Ыстық қиял құшағында балқиын,
Ақ ордалар көз ұшында қалықтап.

Ұшқан түтін шаңырақтан көкке өрлеп,
Мал мамырлап бара жатса бөктерлеп.
Қиса Тәңірім тамылжыған сол сәтті,
Мына өмірге мысқалдай бір өкпем жоқ.

Сылдыр қағып күміс дүние шолпысы,
Толса ғазиз үмітімнің олқысы.
Тұрары хақ темірқазық жұлдыздай,
Жарық сыйлап ғұмырымның сол тұсы!

ӨМІР КҮЙІ

Тұрады соғып өтіп небір құйын,
Әурелеп үйретпек боп жеңіл биін.
Күйттеп көңіл күйін жүргенімде,
Жаңылтып алар ма екем өмір күйін?

Тосындау естіле ме қиын десем,
Өмір-ай!
Әнім де – сен, күйім де – сен.
Бере ме мезгіл, шіркін, маған ырық,
Дүниені оңды-солды үйірмесем.

Қалайша нәзік үнің сарқылады,
Мәңгілік мұңлы күйің тартылады.
Сұңқылдап сүрінгенше сұңқар-жүрек,
Сапырып аспаныңды шарқ ұрады.

Үнемі қонып тұрса қолға бақыт,
Жүрермін қоңырымды жорғалатып.
Көздеген нысанама тигізермін,
Алыстан, ат үстінен толғап атып.

Ұғындым жырың қандай, сырың қандай!
Көк перде көз алдымнан сырылғандай.
Кінәмды, қасиеттім, кешіре гөр,
Кей кезде шолжаңдасам тіліңді алмай.

Жан ба екен сенен сауық сұрамаған,
Күлмеген, күрсінбеген, жыламаған.
Біреулер бара жатыр өрге шығып,
Біреулер үңіліп тұр құламадан.

Жетер ме шолақ ғұмыр маздауға бір,
Адамға берілгендей аздау дәуір.
Әйтеуір кімді болсын ертелі-кеш,
Тұнжырап тосып алар қазған қабір.

Төңкердің төбеме әкеп мөлдір аспан,
Жүрегім жұпарыңды емді жастан.
Шіркін-ай, суың қандай шөлді басқан,
Жалт етіп, көшермісің енді бастан?!.

Мезгілдер неге сонша асықтырған,
Недәуір кеткендеймін асып қырдан.
Бір мезет отырамын бей-жай қалып,
Баладай қолда барын шашып тынған.

Үнің бар әрі сазды, әрі мұңды,
Шөлдетпес тіршіліктің дәмі кімді?
Өмір-ай!
Күліп тұрған жайма-шуақ,
Бұзбашы осынау бір қалыбыңды?!.

ШАҒАЛА

Шағала, аппақ шағала,
Кездестік тағы жағада.
Былтырғы жаздан белгі жоқ,
Сәулесі ғана санада.
Алакөл жатыр орнында,
Тербеген мәңгі жер-ана.

Сағынып келдім, шағала,
Жабығып шулы қалада.
Шырылдап неге жылайсың,
Өзегің өрттей жана ма?
Біреулер әлде сенің де
Ордаңа ойран сала ма?

Жәрдемің бар ма, шағала,
Жүрекке түскен жараға.
Жөңкілген толқын, көк айдын
Бізден де бір күн қала ма?
Білмеймін қайда бастайды,
Бұлдырап тұрған замана.

Мен де бір құспын, шағала,
Зар болып жүрген панаға.
Келе алмай қалсам оралып,
Қайтадан мынау жағаға.
Өлдіге сірә санама,
Шаршаған-ау деп шамала!..

БӨЛІНДІМ ТУҒАН ҮЙДЕН

Несіне елес қуып, іздедім бақ,
Шаршадым түсемін деп ізге жұмбақ.
Бауырым, тіршіліктің түйір дәні,
Болғанмен біреуге – арзан, бізге – қымбат.

Сол үшін Алтай бардық, Арқаны астық,
Жалғанның жарығына жанталастық.
Таяқты тар көпірде көп жедік те,
Аяқты ақсақ аттай тарта бастық.

Батыр да қылышынан қан сорғалар,
Басына бейнет түссе жан сауғалар.
Әкенің тозған тоны қырық жылғы,
Боранда қайсымызға қамсау болар.

Бөліндім туған үйден мен ертерек,
Көрмедім ағайынға көп еркелеп.
Жатырмын енді, міне, жар түбінде,
Теректі өзім еккен көлеңкелеп.

Кім ұғар сен сезбесең бұл жайымды,
Біртіндеп тұла-бойға мұң жайылды.
Болашақ не сыйларын өзі білер,
Әзірге аман жүрген күн қайырлы.

Өмірдің әрбір жазы, әрбір қысы,
Келмейді әсте сырын алдырғысы.
Шығары қай жағыңнан тағы жұмбақ,
Дамылсыз ұшып-қонған тағдыр құсы.

Арманды қуып бақтым бір кісідей,
Жолымды кесті қанша жынды сүрей.
Талайдың шындық көзі деп жүргені –
Мылтықтың үңірейген ұңғысы ғой.

Қайғыдан қатырмаса жаныңа мұз,
Адамға өткен күннің бәрі де аңыз.
Бауырым, бақыт деген құстың сүті,
Таңдайға жоқты қалай тамызамыз?

МІНЕЗ

Ашу менен сезімді үрлеп оттай,
Бірде жағам жалпыға, бірде жақпай.
Осқырына қараймын қос бүйірге,
Үйрене алмай дәртеге жүрген аттай.

Лапылдасам өртеніп өз-өзімнен,
Лақылдайды қызыл шоқ өзегімнен.
Жалыныммен шарпысам жоқ қыламын,
Әлде кімнің бықсыған тезегін мен.

Сыр тартқансып сұмпайы суыртпақтап,
Абайсызда ақырын у ұрттатпақ.
Айналсоқтап қасымнан шықпағанмен,
Ағайынның жүргені аз үмітті ақтап.

Келгеніне танытып мырза қылық,
Жіберемін жөніне ырза қылып.
Қылдан тайсам қылтиып, қыдыңдайды,
Қорасына түскендей түн жамылып.

Көрмесем де өгіздей там сүзгілеп,
Шамшыл көңіл, кінәмшіл қаншыл жүрек.
Қисық ағаш секілді қу мінезді,
Түзете алмай әуремін сан сүргілеп.

ҚАЙЫРЫН БЕРСЕ ТҮБІ

Ақтарыл ернеуіңнен, төгіл, жүрек,
Қалмасын қапа көрген өмір жүдеп.
Қобыздай күңіренбей қайғы шалған,
Бір сәтке болайыншы көңілдірек.

Астында қас-қағымның жатыр ғалам,
Нөсердей ағыл-тегіл лақылдаған.
Кенеттен ыстық сезім лапылдаған,
Найзағай ашық күнде шатырлаған.

Тұрса да ақырзаман аран ашып,
Кетесің от пен суға араласып.
Кіресің тылсым дүние құшағына,
Дауылмен жалғыз өзің жағаласып.

Сескенбей қатер төнсін қай жағыңнан,
Соқса да қара дауыл майда құмнан,
Тотықпай асыл жүзің айға бұрған,
Жарқылдап жел еседі айдарыңнан.

Тиылып ащы зары аңыраудың,
Қайтады қаһары да долы жаудың.
Тіл бітіп меңірейген мылқауға да,
Ашылар тас құлағы саңыраудың.

Аруақ та көтеріліп тыныш жатқан,
Балқиды қасіретің құрыш батпан.
Қолы да қарақшының қалтырайды,
Жуастың желкесіне қылыш шапқан.

Ғаламға сәуле шашып шақша басың,
Түкпірін түнектің де ақтарасың.
Періште, пайғамбар да патшадасың,
Аждаһа аузынан да бақ табасың.

Рахат, шапағатқа мейір қанар,
Жоғалып арсыз ниет пейілді алар.
Анаңнан қайта туып келгендей боп,
Азабың, тозабың да кейін қалар.

Күпінген желбуаздар төсін қағып,
Күнелтер көрінгеннің пешін жағып.
Шығады судан алтын балықтай боп,
Балтадай батып кеткен есіл ғарып.

Жабықсын, мейлі жалған құлазысын,
Осы үшін тіршілікке разысың.
Қайырын берсе түбі қатал тағдыр,
Садақа зая кеткен біраз ісің...

АҚЫРҒЫ АҚЫН МЕН ЕМЕС

Думан қудым, той-тойлап арақ іштім,
Айбақ-сайбақ артымда аламыш күн.
Құр қалардай өңмеңдеп өндіршегім,
Сағымменен сандалған сан алыстым.
Арпалысып жүргенде жын ұрғандай,
Қарқынына ілесіп қара күштің,
Тұратынын білмеппін титтей ғұмыр,
Қалт-құлт етіп ұшында тарамыстың.

Тоя білмей, япыр-ау, іше білмей,
Байғұс, жүрек, орынсыз күшедім бе, ей?
Қағып қалсаң дың етер тозған жүйке,
Жіңішкерген домбыра ішегіндей.
Бір үзілсе жіп емес жалғанатын,
Қорқытады қатерлі мүшелімдей.

Мен кеткенмен табиғат бермес шырай,
Мың түрленер, құлпырар алғашқыдай.
Опырылмас өзегі темір емес,
Адам өлер, тек қана өлмес құдай.
Тілегіңді Тәңірі бере бермес,
Келе бермес бәйгеден кербесті ұдай.

Мәңгілікті адамзат арман еткен,
Ақырғы ақын мен емес зарлап өткен.
Салса құрық жететін құдық емес,
Дүниенің түбіне бар ма жеткен?
Алыс-жұлыс, жанталас бір тіршілік,
Тіс-тырнағы ғасырдың қанға бөккен.

Араласып тартыстың додасына,
Қарамаппын жөні мен жобасына.
Атымды айдап аласа, тар қақпаға,
Соққы тиді арбамның доғасына.
Өгіз жексем жүрер ме ем аман-есен,
Кіріп алып күйсейтін қорасына.
Үріккен қойдай көп тобыр қараған ба,
Көзден аққан жалқының сорасына?

Жетелесе жезөкше бұлдыр елес,
Мәжіндейсің сау да емес, жынды да емес.
Келер күннің әлпетін тану қиын,
Дүниенің бет-жүзі күлді-көмеш.
Бая-аяғы бейнеттің бір бұл емес,
Бір теріде кім толып, кім жүдемес?

Жығылғанда жаныңда жақын қалар,
Жан досыңның жүрегі зақымдалар.
Ит көтінен ине алған арсыз жалған,
Өз саудасы жүргенге мақұл болар.
Саңырау да меңіреу жалғыз мешкей,
Жұтқан сайын бәтшағар батылданар.

Өңі жылы өмірдің жүз дегенмен,
Қызық қымбат үйің мен түзде көрген.
Быж-тыж болған моншақтай, мөлдір күндер,
Қай қуыстан табамын іздегенмен.
Көктемеден үмітті үзбегенмен,
Кім көріпті жыл құсын күзде келген?..

ҚАҒЫП АП ҚАРАҒАЙДАЙ МҮЙІЗІМДІ…

Айналды бір суық жел жан қоймасқа,
Шама жоқ жапырақтай сарғаймасқа.
Келсабтың тұмсығындай көп соғылған,
Бұл күнде төбе тықыр, маңдай қасқа.

Жүріп-ақ ортасында ағайынның,
Басымды тау мен тасқа талай ұрдым.
Жүзіме өшпес таңба салып жатыр,
Долданып беттен алған көкайыл күн.

Құбылды қырық мәрте, шіркін, заман,
Сайтандай артын ашып жырқылдаған.
Сырмақтай тозып біткен дүние мынау,
Көтеріп шаңын қақса бұрқылдаған.

Тасырға қашан түзу сөз дарыған,
Әр нәрсе арта қоймас өз қабынан.
Шөліне Кербаланың барады ұқсап,
Кең жаһан жалт-жұлт етіп көз қарыған.

Қуалап қиырдағы көк сағымды,
Күлігі көңілімнің көп сабылды.
Қағып ап қарағайдай мүйізімді,
Біреулер күмістеген шақша қылды.

Баймен де, патшамен де тең жүр едім,
Төбеме кедейшілік төнді менің.
Көрініп өз мүйізім өзіме алтын,
Қолына әлде кімнің телміремін.

Мүсіркеп бірақ ешкім жарылқамас,
Қырқысқан қайда барсаң қалың талас.
Қол сынса жыртық жеңнен қайыр бар ма,
Бүркейтін бөрік те жоқ жарылса бас.

Бұйырар ит пен құсқа жемтік емен,
Дариға, дәурен қайда мен тілеген?
Уақыттың сұр мысығы аңдуда енді,
Торғайдай тірлігімді тентіреген…

СҮЙЕУ БОЛМАС БАСЫМА

Айтардаймын мен сонша кімге өсиет,
Таңдайыма бітпесе бір қасиет!
Кете барам кенеттен қалғып бір күн,
Көбелектей басымды гүлге сүйеп.

Дос сұйылып бұл күнде, азды дұшпан,
Айыра алмай жаурадық жазды қыстан.
Айналады тозаңға қос қанатым,
Гүл үстінде қалтылдап аз күн ұшқан.

Мен де тозып біткенім тозаңдасам,
Алдыңғыдан сөкпегін оза алмасам.
Шама-шарқым жеткені осы шығар,
Жарқ-жұрқ етіп шамалы көз алдасам.

Қызыл-жасыл дүние алдандырған,
Қайыры жоқ тау-тасты малдандырған.
Маған қалып береке таптырмады,
Мұра болып жарытпас мен қалдырған.

Күйбең тірлік басталған таңертеңнен,
Маған дейін сан күйіп, сан өртенген.
Иімесе тағдырдың омырауы,
Көсегесін кімдердің көгертем мен?

Жасаймын деп ортадан көргенімді,
Құлқыныма құл еттім өр көңілді.
Сүйеу болмас басыма жастансам да,
Пенделікпен жиғаным-тергенімді.

Бұра тартсам болғаны үлгім-мешеу,
Бір ноқтаға тағылған шылбыр бесеу.
Итпектеумен әуре түртпектеумен,
Әр қазақтың қолында бір-бір көсеу.

Жегенсиді сырт көзге бәрі қайғы,
Азуын ашса, көмейі аңырайды.
Шауып жүрмін жұрт үшін дегенімен,
Мінген аты көбінің арымайды.

Қайғысының түкпірін қазып көрсең,
Бар уайымы бес күндік азықпен тең.
Қайда апарып қағары тағы да айқын,
Қолдарына тоқпақ пен қазық берсең.

Не табамын таусылып мыжығанда,
Ми қайнайды аспаның шыжығанда.
Масаттанып миғұла масайрайды,
Өз қолымен өз басын мұжығанға.

Құдай білер пенде кім, періште кім?
Бірің өліп, бірің қал – керіскенің!
Тайқы біткен қазаққа тар маңдайым,
Кепкен қайың безіндей беріш пе едің?..

ҚҰРАЛАЙ – ҒҰМЫР

Мына күннің алды – жаңбыр, арты – қар,
Тоңған жаным торғайдайын қалтырар.
Ғұмыр сірә қызыл шақа құралай,
Туа сала сан жығылып, сан тұрар.

Мына түннің арты – боран, алды – қар,
Жыласаң да сыңайы жоқ зарды ұғар.
Қар үстінде қалтыраған нәресте,
Қайда барар, қай тарапқа қаңғырар?

Қорғансызға жер бетінде жоқ пана,
Жемтік болар жыртқышқа да, оққа да.
Құлдыраған сәби-жүрек тобықтай,
Құстай ұшып жанын сақтар тек қана.

Кім біледі алдында не күтіп тұр,
Жүгірмесе жоғалтардай жұтып қыр.
Ызғарлана түпсіз қойнын ашады,
Шексіз әлем бермейтұғын бітіп бір.

Сенделеді қиырына шыға алмай,
Жүрегіне біреу пышақ сұғардай.
Төбесінен мың бәлекет ұлиды,
Күтір-күтір аспан мұзы сынардай.

Ғұмыр сірә жез киіктің лағы,
Таптырмайды шөлдегенде бұлағы.
Ортасында өмір менен өлімнің,
Күндіз-түні елеңдейді құлағы.

Құралайым, тұра берме құр қарап,
Жон теріңді сыдырғанша бір қабат.
Онсыз-дағы құдіреттің көк иті,
Тарпа бас сап, талап жейді жұлмалап.

СУЫҚ ЫЗҒАР СОҒАДЫ

Суық ызғар соғады дөдегемнен,
Көнбіс едім көк қайыс не деген мен?
Бөбегімнің мұздайды қол-аяғы,
Орап-шымқап бесікке бөлегенмен.

Сырты бүтін үйімнің бір көргенге,
Несін айтып жатамын білгендерге.
Жел үрлеген ұстаның көрігіндей,
Гуілдейді ызғырық іргемнен де.

Қиыс кетсем қиянға жеке беттеп,
Осы ұяны ұрпағым мекен етпек.
Ақ бораннан ықпайтын қазақ едім,
Оранатын тұйықтап текемет жоқ.

Бұйым көрмей қызыл жел кигенімді,
Сұққылайды өкпемді, бүйрегімді.
Сақылдаған сарыаяз сыртқа шықсам,
Шалғайыма жабысып үйге кірді.

Жырым-жырым жұтаған етек-жеңім,
Қай мұратқа, ойпыр-ау, жетем дедім.
Қойнаудағы қыстауға естіледі,
Көрпе астында күркілдеп жөтелгенім.

Тулақ төсеп үстіне қара сыздың,
Аунақшимн көз ілмей, шарасызбын.
Құсаланған қырандай күнім қараң,
Талпынам деп тақырда қанат үздім.

Өзімді-өзім ішімнен түтіп жеймін,
Тартпай қалған мұржадай түтіндеймін.
Қырық тесік тілейді қырық жамау,
Бәрін қалай әп-сәтте бүтіндеймін?

Қатты шықса дауысым кейде менің –
Басым қатып, ашынып сөйлегенім.
Бірдің мұңы ұласар мыңға барып,
Өзімді айтып, халқымды бейнеледім.

ЖАЗЫЛМАҒАН ЖЫРМЕН СЫРЛАСУ

Қалтарыста сөздердің басы бұғып,
Жазылмаған жыр, тұрсың жасырынып.
Жасырынып қайтесің, жарқыным-ау,
Нөсеріңді төксеңші, жасын ұрып.

Ұяңсың ба,
Болмаса қиялсың ба?
Қиял десем, көңілге сиярсың ба?
Қымбатыңды, першітем, қиярсың ба,
Келіп, нәзік сәулеңді құярсың ба?

Жатырсың ба ашылмас сыр түбінде,
Отырсың ба гүлдердің бүршігінде?
Мөлдіреген тамшының бірі болып,
Тұрсың ба әлде ілініп кірпігімде?

Қайда болсаң онда бол, ашыққа шық,
Жіберсеңші нұрыңды шашып-шашып.
Жан емеспін жаралған бал ашуға,
Ақынмын ғой алайын тасып-тасып.

Кеткендей бір кенеттен көл төгіліп,
Таудай-таудай толқындар төңкеріліп,
Теңіз көшіп өтсе екен көз алдымнан,
Ақ айдынға айналам көмкеріліп.

Сонан кейін не болсам о болайын,
Толқыныңмен бірге аунап жоғалайын.
Ең болмаса тұрармын өсіп шығып,
Қара суға үңілген қоғадайын.

Жазылмаған жұмбақ жыр, келші бері,
Сенде барлық ойымның еншілері.
Тереземді түндерде жиірек ұр,
Жүрегімнің құпия көршілері!..

ПІРІЛЕРІМ, ЖЕБЕҢДЕР

Жебеңдер, пірілерім, сендер мені,
Жетімің тағы, міне, телмеңдеді.
Үстінен ұшқан құсты қағып түсер,
Осынша жұрттың бәрі мерген бе еді?

Шетінен шұбырған бір аң көргендей,
Тартады оңды-солды қол мергендей.
Шайқайды шаңырақтай мүйіздерін,
Тәңірдің өзі келіп шен бергендей.

Қуалап қатты соққан жел ағысын,
Еш кеткен ескермейді қара күшін.
Байқасам көн илеген күмпілдек көп,
Ширатып шикі сөздің тарамысын.

Кеткен соң жастан ұят, шалдан тәуба,
Аттарын қамшылайды таудан-тауға.
Тырп етсең дүрелейтін түрлері бар,
Жан қалмас сұрамасаң ханнан сауға.

Жебеңдер, пірілерім, жетіміңді,
Шешейін дәрия көрсем етігімді.
Өлермін қаңғып жүріп соңдарыңда,
Кеспесе не басымды, не тілімді.

ІРГЕМ БҮТІН ТҰРҒАНДА

Байтақ елмін басынан сөз аспаған,
Өз өлеңім өзіме – өз астанам!
Илеуіңе қашанғы көне берер,
Қазақ жыры зорлықтан көз ашпаған?!

Ақыңдарды өткізіп өткелектен,
Кім бар дейсің төбесі көкке жеткен?
Жыр деген бір жүректің періштесі,
Періштені оңған ба өкпелеткен?

Ойларымның бет-жүзін аламайлап,
Құйрығына жіберме шала байлап.
Іргем бүтін тұрғанда ірткі салып,
Үркіткенің орынсыз жарамайды-ақ!

Арманымды, ағайын, түсін менің,
Өңімдегім осы ғой, түсімдегім.
Не бір қымбат түспеді мына қолдан,
Жырды ғана аялап түсірмедім.

Жырым менің-мұңдасым, сырласым да,
Көз жасым бар мөп-мөддір тұнбасында.
Бір басында ол тұрса таразының,
Ал, тағдырым тұрады бір басында!..

ҚАРА ТАСТАН ҰН ТАРТЫП

Өлеңімнің жолын жапты, дөңбек тастап әлде кім,
Тоған бұзар тасқын сөзім бұлқынады ал менің. Тағдырымның кіріптар ғып қойғанын-ай тақысқа, Тақуадай тұқырайған астындағы сәлденің.

Мен санасам саусағымды, ол бақайын санайды,
Маймақ аю секілденіп май табанын жалайды.
Қарсы алдында тұрған жанды ту сыртынан көргендей, Тоңқаң қағып екі бұттың арасынан қарайды.

Сасық мансап қоңсығына танауы әбден үйренген, Иіскемесе ауырады күл-қоқысты қи көмген.
Инабаттың ізі түгіл көлеңкесі түспеген,
Оның беті бүлк етпейді, менің жүзім күйгенмен.

Ауыздағы адалдығы еріндегі ұшықтай,
Жымырайған кейпі жаман ін аңдыған мысықтай.
Итке өкпелеп, жыртық тонды битке тастап қайтемін,
Есім барда жөн табайын, иегімді қышытпай.

Қараңғы аспан көкірегін оятпаса нұр жағып,
Қан сорпа боп керегі не, қызыл сөзді құр бағып.
Гуілдеген жел тұрмай-ақ, асау толқын ұрмай-ақ, Зәнталақтың диірмені айналады зыр қағып.

Қашан көрсең отырғаны қара тастан тартып ұн, Қалдырмас-ау бұл түрімен дүниенің тамтығын. Сөндірердей самаланы шайқап-шайқап қояды,
Шыр айналған көбелекгей күңгірт тартқан шам түбін.

Соқыр тауық көреді елді дән орнына шашып құм,
Өз аузынан айырмайды балды басын қасықтың.
Жем жатқан жер жемтіксіз де болған емес ешқашан,
Қу құлқынның құрығынан құтылады қашып кім?

Топты торғай топырлайды қайда қызыл кырман көп, Ойламайды бейшаралар қылдан тұзақ құрған деп.
Ей, көңілім, не қыласың болмашыға құрбан боп, Қызығарлық күн астында Күнікей қыз тұрған жоқ...

ӘР БҰТАДА БІР КӨКЕК

Сұғанақтан сақта, Құдай, әр есікті бір қаққан,
Кәрі мыстан тоқым ояр төрде жатқан сырмақтан. Шамалауға шақ келмейді таразының тасы да,
Қыл мойында парызым мен қарызым бар зіл батпан.

Төгіп келем ақ қағазға жан сырымды имандай,
Тостағанға тілімдегі бал-шырынды кұйғандай.
Қасым менен Мұқағали зарлап өткен жалғанның
Қайыры жоқ қай бақыты маңдайыма сыйғандай?

Атақ-даңқ - қызыл түлкі - арбайтұғын көз құрты, Бағасына жеткізбей тұр базардағы сөз қырты.
Есер, шіркін, бар қазақты ұйыттым деп ойлайды, Құйрығына көпшік тастап, қолпаштаса өз жұрты.

Сескенбейді аласұрған асау тасқын өлеңнен,
Салындыны сал ғып мінген өңкей нойыс өлермен.
Су түбіне бара жатып, бітеу басын бұлдайды,
Көк тиынға тұрмас құны әлдеқашан төленген.

Көріп тұрып сорақыны жігеріңді құм қылар,
Қара қоста күңіреніп, мен жыламай, кім жылар?
Өзін-өзі алдыменен ақынмын деп санайды,
Өзге түгіл әлемдегі есі ауысқан жындылар.

Қазақ жыры қайтып оңар, әр бұтада бір көкек, Сұңқылдайды өз аттарын шақырумен күнде тек.
Бұлбұл үнін танымайтын шойынқұлақ заманда, Жезтырнақтың жолы болғыш көйлек киген гүлді етек...

МЕН ТӘҢІРІ ТҰТСАМ ДА

Жетегінде қиялдың,
Ердім елес соңынан.
Кейде өзімнен ұялдым,
Өз құнымның жоғынан.

Мүнарасы Мысырдың
Көрінгендей елірдім.
Қашпай қалған қысырдың
Уызына семірдім.

Бар-жоғымды ұмытты,
Жүйрік жылдар жел қуық.
Ұшып-қонған үмітті,
Жете алмадым мен қуып.

Таң атқанға-күн батқан,
Тірі жан бір өлмей ме?
Сөз сауғанға тіл-жақтан,
Берсе, маған бермей ме?!

Жыр баласы-жетімек,
Мен Тәңірі тұтсам да.
Жарқ етпеді көкірек,
Найзағайды жұтсам да!

Шамырқанған көңілде
Шаңқылдайды ақ бүркіт.
Көмейімнен өмірге
Кетсем бе екен от бүркіп!..

МІНӘЖАТ

Күңгірт тартқан көңілімді жарқыратшы, періштем,
Таңның алтын шапағындай тазарайын мен іштен.
Қайғырмайын, сараң тұрмыс қақсын мейлі шөміштен,
Қай мұратқа жеткізеді ессіз тойып, жеп-ішкен?

Рухымның падишасы, тұла бойың тұнған нұр,
Парасаттың мейіріміне шөлдегенде бір қандыр.
Жаным менің жаратылған сенің сиқыр сәулеңнен,
Тылсым төрін тынбай шарлап, пәни мұңын жырлап жүр.

Ұшып-қонсам кінәлама орын таппай өмірден,
Көбелекпін нәзік гүлдей өз қанатын кемірген.
Пәле-жала ұшығынан сәбиіңдей сақтай гөр,
Рахаттың бесігінде рақымыңа семірген.

Өзің ғана сырын ұғар елес қуған кезбенің,
Өлсем, көрден тұрғызатын құдіретім – сөз менің.
Ей, періштем, көрінбесең есігінен пейіштің,
Бұлдыр үміт көлеңкесі үйіреді көзге мұң...

ШЕРЛІ НАУАИ, ӨЗІҢ ЖАР БОЛ

Әр нәрсенің болмысына бір құдірет себепкер,
Асыл сөздің әулиесі, сен де маған медет бер!

Қысылғанда жалбарынып, аруағыңды шақырдым,
Сен болмасаң, көні кепкен қу медиен тақырмын.

Көз жіберсем, қалың нөпір – ұлы көштің жоқ ұшы,
Оң мен солым ала шапқын – ақ пен қара соғысы.

Мен де соның ішіндемін тіршіліктен күскенше,
Ырғай мойын, бейбақ басты семсер қиып түскенше.

Тәубе, нысап жұрдай жерде опа табар ел қайдан,
Бәз-баяғы өзің көрген сол арпалыс, сол майдан.

Топыраққа оранғанша көрмейді бір жан маза,
Айғай-шудан құлақ тұнар, аспан асты – даңғаза.

Ғасырлардың қойнауынан зар дауысың жетсе де,
Табанымды бастырмайды кірген шөгір өкшеге.

Қалт-құлт етіп заманым тұр ұстараның жүзінде,
Қияметтің қылкөпірі жатыр өткен ізімде.

Қорқыныштың көлеңкесі қылаң беріп кейпімде,
Шоққа түскен шегірткедей шырқыраймын кей түнде.

Бір көргеннен білінсе егер бақытыңның кемдігі,
Кімге керек ұлан-байтақ мекеніңнің кеңдігі?

Азынайды үмітімнің иен қалған қорасы,
Сырғи-сырғи маған жетті көз жасыңның сорасы.

Жер соқтырды салған уақыт бұлтағына түлкінің,
Жұрнағына зар боласың тозып біткен Түркінің.

Жапандағы жапырайып жалғыз тұрған бір лашық,
Жарыта ма жалпақ әлем, жарық күнмен сырласып.

Данышпан жоқ әзәзілдің тілін қырқып отырар,
Арыстанның азу тісін ақылменен опырар.

Көне жұрттан жинастырып, құрағанмен қиқымды,
Қайда апарып көрсетемін сұры қашқан сиқымды?

Бұққан торғай бүтін қалар, көсемсінген немді алған,
Теңгедей жер қияр маған текеметтей кең жалған.

Түгендеуге жоқ саяқты сайда саны, құмда ізі,
Тар қапастай тұл ғұмырдың түннен бетер күндізі.

Көксегенмен өткен өмір жыл құсындай қайта ма,
Жырыңды оқып жібитұғын жоқ Құсайын Байқара.

Надандықтың сақалы өсті сені кеше налытқан,
Ақындарды қашан құдай қуанышқа жарытқан?

Сырты сұлу толып кетті, періштеден жаралғыш,
Іштерінде қара шұбар жылан жатыр жан алғыш.

Қаламыңа сүйен, ақын, өлмесіңді көздесең,
Жұтыларсың айдаһардың арбағанын сезбесең.

Май шығар ма түпсіз ойдың көк теңізін шайқасам,
Осы күні саудагердің нарқы қымбат байқасам.

Таң қалмаймын қан базарда түскеніне құнымның,
Ей, әулием, өзің жар бол, өле-өлгенше құлыңмын!

АЛЛАНЫҢ ЖҮЗІ ҒАНА

Пенденің қарекеті тұрмыстағы,
Аумаған тасбақаның тырмысқаны.
Алдыңда дайын тұрар қайда барсаң,
Терінің сен илейтін бір пұшпағы.

Қашпайды ырыздығың бұйырған бір,
Пұшпақтың қолға тиген иін қандыр.
Ойлама толастамас, тоқтамас деп,
Төбеңнен көк нөсердей құйылған нұр.

Дәуренің алтын емес тозбайтұғын,
Шоқ емес үрлей берсең қоздайтұғын.
Күлкіден көбік шашқан көңілге де
Кез келер күзгі желдей боздайтұғын.

Тірлік жоқ күн мен түндей алмаспайтын,
Пәле жоқ жердегіге жармаспайтын.
Көктегі ғайып құсы төмен түспес,
Алланың жүзі ғана шаң баспайтын...

ӨЛІАРА
Қайдасың сен, дірілдеген аппақ сүттей ай нұры,
Алтын сәулең неге аспанның аясынан айныды?
Кең жаһанға шырақ жаққан ажарыңнан адасып, Қараңғылық кұшағында калған дүние қайғылы.

Су иесі Сүлеймендей тілін білген құстардың,
Ей, сырлы арай, сеніменен сөйлесуге құштармын.
Мың құбылып ойнап тұрған дидарыңның сағымын, Қуаласам, уа, дариға, қайтып қана ұстармын?

Сен қайтадан оралғанша тұңғиықтың түбінен,
Сығырайған соқыр аспан талықсиды түнімен.
Өзің жоқта жұлдыздар да емін-еркін әндетіп,
Ғарыш төрі жырлап жатыр ғашықтардың тілімен.

Зарықтырмай, зәру қылмай беріп кетсең сәулеңнен, Құтылар ем өліарада көз байлаған әуреңнен.
Мәңгі-бақи жұмылмайтын түн жанары болсамшы,
Тас түнектен шыққан сайын жүзіңді аман-сау көрген.

ҚАЙҒЫ - МЕНІҢ ҚАЗЫНАМ

Акқу-қаздай айдынында жүзбесем де байлықтың, Шашып-төгіп, шайқап ішіп, кілкілдеген май жұттым. Пендеге тән күпірлікпен құмар ойнап көріп ем, Қуаныштан жұрдай болып, есесіне қайғы ұттым.

Несібеме бұйырған соң қайғы - менің қазынам,
Удың бетін у қайтарса, ауыр дерттен жазылам.
Құдай өзі беріп жатса, артық дәулет бас жармас, Адамзатқа не нәрсенің молы жақсы азынан.

ҚАРА ЖАРТАС ШЕР ТӨКІІЕС

Шын ақында айтылмайтын сөз қалмас,
Не жасырсын тоңған жүрек, тозған бас.
Сен бір сұңқар ұшып-қонған айналып,
Мен бір жартас қонысынан қозғалмас.

Қайғысы жоқ қара жартас шер төкпес,
Ғайып құсы қайта тумас сен тектес.
Оятпасаң найзағайдың оғымен,
Менің мылқау көкірегім селт етпес.

ЖАРАТҚАНҒА ЖЫЛАҒАНМЕН

Көк телегей айдындамын,
Жалғыз өзім зарығатын.
Кім үшін мен қайғырамын,
Кім бар мені сағынатын?
ДЖ.БАЙРОН

Ей, перизат, сенемісің,
Сенсің жанның әздегі.
Төккен жасын көремісің,
Жүрегімнің көздегі.

Қайғы деген бір қанішер,
Өзі жұтар өз басын.
Сені іздеумен мұңлы Әлішер
Сорғалатты көз жасын.

Ұқсадың да аспандағы,
Жарқыраған, сен, айға.
Оу, бақыттың қасқалдағы,
Ұстатпадың Абайға.

Таптырмайсың ғұмыры енді,
Тұңғиыққа түстің бе?
Байрон байқұс күңіренді
Көк теңіздің үстінде.

Өмір екі келмейді ерге,
Өлім барда қаскүнем.
Сені аңсаумен Сергейлер де
Болып кетті маскүнем.

Шырмалмаған пенде бар ма,
Сиқырлаған торыңа.
Әлде сені берген Алла,
Ақындардың сорына.

Қалай тірі жүре алам мен,
Елесіңді көпсінсең?
Жаратқанға жылағанмен,
Жер бетінде жоқсың сен!

СУ ПЕРІСІ, ҚАЙДАСЫҢ?

Мына дерттің, таба алмадым айласын,
Жүрегіме қалай уын жаймасын?
Адамзаттың баласынан үміт а,з,
Арашала, Су перісі, қайдасың?!

Су перісі, іздегенде сені мен,
Үн қатпасаң арманымның төрінен:
Жарық күнді көре тұрып, көрмеймін,
Тәтті өмірден сүйе тұрып, жерінем!

Тұтанғанда ессіз ләззат оты сәл,
Еркің білсін бір тозаққа екі сал.
Мен емеспін жырындағы Пушкиннің,
Соншалықты сорлы болған сопы шал.

Түн ішінде судан шықсаң ұрланып,
Мен қараймын бір-ақ сәтке мұңданып.
Өрттей жанған жанарыңның ішінде,
Шыбын жаным шырайланар нұрланып!.

БІР ҒАЛАМАТ ҒҰМЫР КЕШІП

Арманымды сеземісің, аяулым,
Аққан судай күндіз-түні ояумын.
Бір ғаламат ғұмыр кешіп жүремін,
Арасыңда мың құбылған бояудың.

Бір ғажайып бал жұтамын түнімен,
Бұлбұл құстың тамылжыған тілінен.
Менің көзім саған қарап тұрады,
Бүршік атқан алма ағаштың гүлінен.

Бір керемет жоқты іздеумен мен жүрем,
Зеңгір көктен саған сұрап зер кілем.
Сайрап жатқан құс жолына құмартып,
Тұңғиықтың түкпіріне телмірем.

Сағымдардың сүзгісінен жүз өткен,
Мен бір сәуле аспан астын күзеткен.
Жаратқанға жалшы болып жүремін,
Аруақтарға есік ашып ізетпен.

Рухының рахатына бөлеген,
Ғұмыр, шіркін, қызық еді не деген!
Таң сарғайса, сорғалаған жұлдыздай,
Саған қарай салып ұрып жөнелем.

Ойларымды арқалаумен мың батпан,
Әйтеуір мен келе жатам бір жақтан.
Керқұла атты Кендебайдай мұңайып,
Алтын құйрық құлындарын ұрлатқан.

Таң алдында талығып мен қайтамын,
Оның бәрін саған несін айтамын.
Ептеп келіп сені ғана оятам,
Тәтті ұйқысын бұзбасын деп Байтағым!

ӨМІРІМДІ ҚИЯР ЕДІМ

Ұсынар ем жүрегімді мен саған,
Оты сөнген сорлы жүрек мұп-мұздай.
Көңіл түбі жарық сәуле аңсаған,
Қара түнде үңірейген тік құздай.

Өмірімді кияр едім көз жұмып,
Қысқа өмірдің жетер жері қалды аз-ақ.
Қурап-солған үмітімді сөз қылып,
Көрінгенге болып қайтем мен мазақ.

Екі басқа әйел мұңы, ер мұңы,
Бастан кешкен оның жайын сұрамас.
Ыстық сезім шарпуына ендігі,
Көп өртенген менің жаным шыдамас...

УА, ДАРИҒА

О, сұлулық, сені іздеумен шөлдегі,
Қаңсып қалды жүрегімнің шөлмегі.
Тілді сорған таңдайымды қайтемін,
Тамшы судан — шөлдегеннің өлмегі.

Қаңғып өткен Мәжнүніндей Ләйлінің,
Ақ таяғын ат қып міндім қайғының.
Сен бір пері алып кеткен өзіңмен,
Сұм жалғанның азын-аулақ байлығын.

Сағыныштың құм күйдіріп табанын,
Сенделдім ғой, енді қайдан табамын?
Күн боп сүйген сенің ернің емес пе,
Өліп-өшіп көкжиектің тамағын?

Есік ашса кең аспанның күймесі,
Айдан анық маған орын тимесі.
Уа, дариға, жерге түспес жұлдыздар
Сенің алтын омырауыңның түймесі.

Қиял-құстың қанатында көп ақын,
Бақыттарын іздеп кетті жанатын.
Үзілдірмей сыйласаңшы бір сәуле,
Кім бар саған мендей ғашық болатын?!

НЕГЕ, ЖАНЫМ, ІЗДЕП КЕЛМЕДІҢ?

Асыр салып мөлдіреген балбұлақ,
Қызғалдақтар құлпырғанда албырап,
Жүрек сені жоқтағанда зар жылап,
Неге, жаным, іздеп келмедің?

Күн нұрына көкірегін кең ашқан,
Ақ тұманнан айыққанда көк аспан,
Қоңыр қаздай сыңарынан адасқан,
Неге, жаным, іздеп келмедің?

Апармайды тағдыр салған жол қайда,
Қаным кеуіп, шөлдегенде шалғайда,
Қарлығаштай су тамызып таңдайға,
Неге, жаным, іздеп келмедің?

Жапырақтар сарғайғанда әудемде,
Азынайды суық ызғар кеудемде,
Бұл жалғанда саған ғана сенгенде,
Неге, жаным, іздеп келмедің?

Тереземді аппақ кырау шалғанда,
Өксігенде қайран ғұмыр арманда,
Қанатымды қозғай алмай қалғанда,
Неге, жаным, іздеп келмедің?

АЛЛА ЫРЫЗДЫҚ ТӨКПЕСЕ ОҒАН
(Жүніс Еміреден)

Обал жоқ қой бар өмірін құр өткізген күнәһарға,
Жүзі қара жалқауларды Хақтағала ұнатар ма?

Масыл малғұн масайрайды көлденеңнен бұйырғанға,
Алла ырыздық төкпесе оған, зар болады түйір нанға.

Қайран өмір қауыз жарып, гүл жайнаған жас сұлудай,
Бал-шырыны таусылған соң ұсынады ащыны удай.

Ойна да күл, оралыңның барында әсте босқа тұрма, Әзірейіл алам десе, құтылмайды хас батыр да.

Сорлы Жүніс, сен де бір күн тоналасың түгің қалмай, Жапандағы бәйтеректің жапырағы жұлынғандай.

АЙ ЖҮЗІҢЕ КАДАЛУМЕН
(Жүніс Еміреден)

Сенсің менің шамшырағым жүрегімде сөнбейтін,
Болса, шіркін, ұжмақта да ғазиз жаның өлмейтін.
Ай жүзіңе қадалумен көз сусынын қандырам,
Көкірегім қу медиен ләззатыңа шөлдейтін.
Бұл дүниенің бар байлығы тырнағыңа татымас,
Дел-сал қылған ауыр дерттен өзің ғана емдейтін.
Шершис құсап жетпіс мәрте көр аузынан қайтсам да,
Мен байқұста не шара бар азабыңа көнбейтін? Жабырқатпа ғашықтықтан ғаріп болған Жүністі,
Ат басындай алтынға да көлеңкеңді бермейтін.

СҮЙЕМ СЕНІ ЖАН-ТӘНІММЕН
(Жүніс Еміреден)

Сүйем сені жан-тәніммен, сүйгендіктен құлыңмын,
Бір талына айналсам-ау саған біткен бұрымның.

Ғашықтықтың шылбырына өлмесем мен асылып,
Сені кайда қоя аламын өз-өзімнен жасырып.

Дидарыңа пар келетін жан табылмас жаһанда,
Елесіңді қуып жүрген мүсәпірмін жапанда.

Ішке тұнған улы дертті сен сұрама, мен айтпан, Қапалымын қайғы көлін көз жасымен молайтқан.

Қалың тобыр қарапайым жанға мойын бұрған ба,
Күні туып сұлтандардың, желі оңынан тұрғанда.

Тәңірінің жазғанынан кімдер қашып құтылар,
Сайтан болып кетпесе егер, түбінде бір тұтылар.

Жаратқанның шапағаты қай пендеге мол түссе,
Күн нұры да жетпес оған шақырайған талтүсте.

Шыбындаймын шырқыраған торыңа әбден шырмалып,
Тәркі болдым – бұл жалғанның қызығынан құр қалып.

Сен деп жүріп шариғаттың жолынан да тайқыдым,
Кім бойлады жүрегіне мендей мұңлық шайхының?

Құдай өзі мүсіркесін махаббаттың мүскінін,
Сүлеймен де ұға алмайды білетұғын құс тілін.

Қарап тұрсам, кәпірдеймін діннен безіп сорлаған,
Қандай сиқыр, уа, құдірет, мені бүйтіп торлаған?

Азғындайды дінді бұзып, әзәзілге иланған,
Нендей жұмбақ түсінбедім, жұрдай қылған иманнан?

Шынын айтса, бұл Жүністі жаппар ием кешер ме, Кешірмесе, айықпайтын ұрынғаны кеселге.

БЕЙІШ НҰРЫ ШЫН ТӨГІЛСЕ
(Жүніс Емірден)

Бұл пәниге келген пенде,
Дүние есігін бір жабар.
Қаңғып жүрген елден-елге,
Қайыршыдай сырғанар.

Қимай өмір сахарасын,
Көзден жасың сорғалар.
Сорайып құр соқа басың,
Қалса және сор болар.

Аяңдармыз бірте-бірте,
Бәріміз де сол жаққа.
Бейіш нұры шын төгілсе,
Ұжымаққа бармаққа.

Тәуекелге бекінбейсің,
Түспей ауыр азапқа.
Жансаң бірге өкінбейсің,
Ғашығыңмен тозаққа.

Өз қолыңмен өміріңе
Өзің бөгет жасама!
Бір жүректің әміріне
Бағынбасаң не шара?

Қаңғытпайды кімді қайда,
Махаббаттың жарлығы.
Жалбарынар бір құдайға,
Ғашықтардың барлығы.

Мұңға батса нәзік пенде,
Жүніс, сен де аяла.
Іздегенің кезіккенде,
Төк жырыңды, аяма!

СЕНСІЗ КҮНІМ - СЕРГЕЛДЕҢ
(Жүніс Еміреден)

Бір өзің деп жанын салған,
Бейшарамын сенделген.
Алды-артымды жалын шалған,
Сенсіз күнім-сергелдең.

Сау-тамтық жоқ жүрегімде,
Мұнан ары қинама.
Сенсіз ғаріп мына өмірде,
Мен бір жүрген диуана.

Сенің отты теңізіңе
Батып кетсем кешкенде,
Құтқаратын жер жүзінде,
Табылмайды-ау еш пенде.

Сегіз ұжмақ рахатын
Бірге көрер бар ма күн?
Үмітімді жұбататын
Өзің ғана, ардағым.

Уын жұтып мұң-қайғының,
Ғашығыңа еңіре.
Жалғыз қалсаң тыңдайды кім,
Бейбақ, Жүніс Еміре!?

ҰЖМАҚ ДЕГЕН ТОЗАҚ
МАҒАН
(Жүніс Еміреден)

Неге керек қос жанарым,
Дидарыңды көрмесем.
Бұл тірлікті тастағаным -
Елесіңе ермесем.

Қызыл шоққа күйген жаным,
Ұжмақ төрін не қылар?
Армансызбын сүйген жарым,
Болса, шіркін, табылар.

Тәрік қылсам өмір заңын,
Қай жәннатқа ұшамын?
Толтырардай менің зарым,
Абат бақтың құшағын.

Ұжмақ деген тозақ маған,
Оны қайтем мен сенсіз.
Сағат сайын қымбаттаған,
Сенің бағаң өлшеусіз.

Өле-өлгенше ғашық еттің:
Өмір бойы сол үшін,
Өкінбеймін қасіреттің
Сүйретсем де кебісін.

Ынтықтырып есімді алған
Нұр сәулеңе сен мені,
Бөлемесең, өшіп-жанған
Шырағымның сөнгені.

Жүніс саған ақтарады,
Зарын қосып дертіне.
Күл боп жанып жоқ болады,
Су сеппесең өртіне.

БЕЙНЕҢ КӨЗДЕН БҰЛ-БҰЛ ҰШТЫ
(Жүніс Еміреден)

Қасіреттен тынбай жандым,
Жана-жана күлге айналдым,
Не болғанын білмей қалдым,
Көрмеймісің келіп, калқам?

Басқа жанға көңіл бөлмей,
Қырды кездім қоңыр желдей,
Зарым сел боп төгілгендей,
Көрмеймісің келіп, қалқам?

Көкірегіме тіреліп мұң,
Кешкі бұлттай күреңіттім,
Сенсіз жерде тірі өлікпін,
Көрмеймісің келіп, калқам?

Өзің сұққан көк жебені
Өзің алып, емде мені,
Сол ғой жанның шөлдегені,
Көрмеймісің келіп, қалқам?

Мәжнүндей мәңгірдім мен,
Тентіретті тағдыр мүлдем,
Тіленшімін қаңғып жүрген,
Көрмеймісің келіп, қалқам?

Бейнең көзден бұл-бұл ұшты,
Кез ғып Алла мың бір істі.
Мүскін болған бұл Жүністі,
Көрмеймісің келіп, қалқам?

ЕЛЕСІҢ КЕП ТІЛ ҚАТҚАНДА
(Жүніс Еміреден)

Сен болмасаң, бұл өмірден
Өтерім хақ тентіреп.
Құрығаным – жүрегіңнен
Таба алмасам мен тірек.

Өзің барда, жан құмарым,
Төрт құбылам сай менің.
Зымырайды арғымағым,
Алдын бермей бәйгенің.

Ішімді өртеп күйдіруде,
Аласұрған от құйын.
Жаралмасаң сүйдіруге,
Өмір құны көк тиын.

Ақыреттен не табамын,
Сені жатқа қиғанмен.
Сенсіз қайда жете аламын,
Боқ дүниені жиғанмен,

Ғашықтықтың дастанынан
Ғибрат алсаң сен егер,
Мейіріміңнің аспанынан
Титтей шуақ себе гөр?

Елесің кеп тіл қатқанда,
Жаным жылар шырқырап.
Ымырт түсіп, күн батқанда,
Жағылмай ма бір шырақ?

Күңіреніткен жердің жүзін,
Жүністі ая, жылатпа.
Сүйген жандай хордың қызын,
Жетсін десең мұратқа.

ЛЕБІЗІМЕ ЗАР БОЛҒАНҒА
(Әлішер Науаидан)

Сұхбатына мен құмар жан жақын тартып көрген емес, Лебізіме зар болғанға көңілім пейіл берген емес.
Менен ләззат алғысы кеп емінгеннен не табамын,
Менің қолқа салғандарым дегеніме көнген емес.
Пері менен хордың қызы думандатсын қызығы не,
Бірі тастап көз қиығын, бірі қасын керген емес.
Сонша сұлу көрінгенмен ай мен күннен қайыр қанша,
Тұла бойды сөгілдіріп, өрт боп ішке енген емес.
Ажал құшсам армансызбын есі кете сүйген жаннан, Жаралғалы жалқы жүрек сиқыр сөзге сенген емес.
Түсіп қалма сайқал дүние арбауына абайсызда,
Мойныңа бір салса тұзақ, өзіңнен көр, елден емес.
Айдай ару алау жүзін ашса, Науаи сұқтан қорғап,
Махаббатын тұтандырса, ешбір пәле келген емес!

КӨҢІЛІМНІҢ ДӘПТЕРІНДЕ
(Әлішер Науаидан)

Көңілімнің дәптерінде тек махаббат өлеңі,
Табылмайды одан өзге еш нәрсенің дерегі.
" Неге менің жүрегіме садақ тарттың?" деген ем,
"Сүр жебеде жазулы ғой, - деді, - барлық себебі".
"Қанша шахтың басы кетті канжығаңда?" деген ем, "Талайымнан оқы, - деді, - білгің келсе сен оны".
Бамық пенен Мәжнүннен де мұңлық болған бұл басым, Маңдайыма тағдыр жазған тауқыметке көнеді.
Ғашықтықтың дастанынан жүз мың бәле оқыдың, Жадымдағы тағы жүз мың мазалаумен келеді.
Зардың үшкір қаламымен жүрегіме жазылған,
Қайғыға бай қазынамды үңілгендер көреді.
Менің тартқан дертім менен күйігімнің қасында,
Жақып батқан азап-сордың жүз есе аз көлемі.
Жас тәнімді тастаса да быт-шыт кылып кескілеп,
Әр бөлшегі күңіреніп қаралы үнге көмеді.
Махаббаттың оғынан мен өлдім, міне, қансырап,
Жырла, Науаи, тек осыны, басқаның жоқ керегі!

БІР ЖАР ІЗДЕП
(Әлішер Науаидан)

Бір жар іздеп шартарапты шарласам да таппадым,
Қайғы жұтып, қара тұтып зарласам да таппадым.
Ғазиз басты, қыршын жасты құрбан қылып жолына,
Өзі қысқа ғұмырымды арнасам да таппадым.
Уа, құдірет, іздегенім жер бетінде болмады-ау,
Әуреленіп өзімді-өзім алдасам да таппадым.
Періште ме әлде менің аңсағаным пенде емес,
Қиял қуып, көкке шығып, самғасам да таппадым.
Көңіл көзі құпияңды жариялап іштегі,
Сорлы жүрек, қияметті таңдасаң да таппадым.
Шарапаты тимеген соң күдер үзіп мешіттен,
Шараптың көл-дәриясын жалдасам да таппадым.
Қайран, Науаи, тәркі дүние құлы болдың сол үшін,
Бұл пәниден бір сабақ жіп алмасам да таппадым.

МАХАББАТТАН ЗАУАЛ КЕЛСЕ
(Әлішер Науаидан)

Айдай ару ақ сенімді кетті таптап амал қанша,
Байқұс сенім жүрегімнен енді пана табар қанша.
Сенген жаным серттен тайып сергелдеңге салып кетсе, Аманымда арылайын қасіретке қамалғанша.
Мың жапаға татитұғын бір опаны кім жасаған, Аңдысумен, арбасумен жан берісіп, жан алғанша. Махаббаттан зауал келсе, түстің өлім зынданына, Мәсихадан медет күтпе, қайта туып жаралғанша.
Қайыры жоқ қазынаңа қайыршының тегешін ал,
Қасиетті кесесіне Жәмшидтің көп қадалғанша.
Қам көңілім, опасыздан кұтылғанға қуаныш қыл, Қабағыңнан қар жауғызып, қан жұтқандай қабарғанша.
Ей, ғазиз жан, қаптап жүрген делқұлының мен де бірі, Ақыл іздеп жырларымнан сарсаң қылма санаңды онша. Біреуге опа қылған пенде бұл жалғанда көрер болсам, Соған жанды қияр едім, ар-имансыз саналғанша.
Қу жүрегім опасы жоқ қарабет қып бітті әбден,
Әттең, құртып тынар ма едім ұятымнан тоналғанша. Тәңіріге сен де құлсың, мүсәпірді мүсіркей біл,
Тәкаппар шах, айналаңды ұйпай бермей тажал жанша. Қайран, Науаи, тәтті әуенге жаратқаның жарытпады-ау, Күңіренесің, күйзелесің көзің мәңгі жоғалғанша.

САБЫРЫМА ЖЕҢДІРСЕМ ДЕ
(Әлішер Науаидан)

Қиналсам да жақсы-жаман топқа кірдім ерінбей,
Ел аузына даңқым көшті сөздің тасып селіндей.
Үмітімді терең орға лақтырды да сүйгенім,
Қаңырадым қайғы-шердің шаң бораған шөліндей. Сабырыма жеңдірсем де жара қалды жүректе,
Түнеп көшкен керуеннің бейне от жаққан жеріндей.
Атқан оғың жасты көзді кірпіктердей қамады,
Көл жиегін қаптай біткен өткір қамыс шебіндей. Кірпіктерің тереңіне сүңгіп кетті жанымның,
Жүсіп құсап түскен Бабыл құдығына шегінбей. Өкінбеспін өзің салған жарақаттан мертіксем,
Маңдайыма тағдыр басқан махаббаттың мөріндей.
Ойлап тұрсам, жәннат саған есік ашпас, ей, Науаи,
Қалған надан қайдан білсін орнынды аспан төріндей!?

ЖАМАЛЫҢА ЖАНЫМ ШӨЛДЕП
(Әлішер Науаидан)

Ей, перизат, жамалыңа жаным шөлдеп қараймын, Мүсіркей бер өзгелерді, азабыңды қалаймын.
Бал шараптан нарттай жанып албыраған жүзіңе,
Қызыл гүлдің жапырағы жауса бақыт санаймын.
Семген гүлдей көңілімді өзің қайта тірілттің,
Зарығып ем, жалынып ем Тәңіріге талай күн.
Қол жетпейтін хор қызы мен ай-жұлдызды не қылам, Жалғандағы серігіме жалғыз сені балаймын.
Ғашықтарға күн шапағы тигізе алмас септігін,
Түнгі нәзік көйлегіңде кестесі бар арайдың.
Жастық шақта күйе білген, сүйе білер - өкінбес, Қартайғанда бармақ тістеп, батқан күндей қарайдым.
Уа, Жаратқан, жабырқаған Науаиыңды жарылқа,
Еркін басты енді еріксіз көрге апарып қамаймын.

ЗЫР АЙНАЛҒАН ЗАР ЗАМАНА
(Әлішер Науаидан)

Көзім қышып тұр - деп күлдің: шарап тамыз - дедім мен. Онсыз-дағы мас қой, - дедің, - оттай ыстық лебіңнен. Оймақ аузың қызыл гүлдей ашылмаған қауызы,
Езу тартсаң көмейіңнен күміс күлкі төгілген.
Теңіз суы тартылса да көзім жасы сарқылмас,
Бір сен үшін күндіз-түні ағыл-тегіл егілген.
Сенің жүзің күн бе әлде, яки күннің жүзі ме,
Айыра алмай қойдым тіпті нұрларыңнан себілген.
Жерді құшып көз жасымды сүртер едім арланбай,
Иттің ізін кезіктірсем қасыңа ұқсас көрінген.
Сен ұсынған қымыз маған ақ сүтіндей анамның, Құтқаратын ғұмыр бойы басылмаған шөлімнен.
Көрінеді қамқоршымдай шарапхана қожасы,
Даяшы мен жүзім қызы жымиса шат көңілмен.
Зыр айналған зар замана мехнаттан мойымас,
Тарт шараптың кесесінен шығам десең шеріңнен.
Қалай одан жырақтайсың, жерінесің, ей, Науаи, Шарапхана пендесіміз көшкенше бұл өмірден.

ЖАПА ШЕККЕН ЛӘЙЛІДЕЙІН
(Әлішер Науаидан)

Қара шашын жайып еді, болды түнек жапқандай,
Ақ дидарын бүркеп еді, өмір күні батқандай.
Көңілімнің кең даласын дүбірлетіп бір тұлпар,
Астаң-кестең ойран салып, аспанға шаң атқандай.
Жапа шеккен Ләйлідейін тілім-тілім бауырым, Жанарымнан көз жасы емес сорғалап қан аққандай.
Уа, дариға, қатты ұйқыдан оянбады бақытым,
Зарлы үнімнен жаһан біткен жаңғырығып жатқандай.
Ей, даяшы, маған неге құймай қойдың толтыра,
Қанша ішсе де қанып бермес тажалдан зыр каққандай. Ынтықтырып осы сайтан әйгілі етті шаһарға,
Мұсылманды кәпір сүйреп, көше кезіп баққандай. Қапаланып Науаидай сен мұңға батпа, ей, бұлбұл, Гүлжәннатта жүрген шығар қайран ару ақ маңдай.

СЕН ДЕП ҮЙДЕ СЕНДЕЛГЕНДЕ
(Әлішер Науаидан)

Шешек атқан алқызыл гүл алаулайды гүлзардан,
Сенің ернің байқалмайды гүл-жүзіңде бүр жарған.
Сен деп үйде сенделгенде әрең тұрам орнымнан, Өрмекшінің торларының жібін қармап шырмалған.
Тұмар тікпек болсаң егер қызыл, сары түстерден,
Қанды жас пен өңімді алғын қуқыл тартып мұңданған. Қарашығым жылай-жылай суалса да қайтейін,
Қараң қалмас қабырғасы қайыспайтын бұл жалған.
Оқ боп кірген кірпіктерің қайта өнеді денемнен,
Көк майсадай шарапхана топырағында нұрланған.
Әр түйіні сүйген жардың қайғысынан тұратын,
Зұннар таққан мен де кәпір құсаланып жынданған.
Дәрет құмған қираса егер, бір сынығын қолға ұстап, Шарап құй деп жалынамын даяшыға бұлданған.
Тәңірі көкте жандырғанда бүкіл ғалам жұлдызын, Іздегенде таппаған соң опа ғана құр қалған.
Қас жауыңа дүние түгел толса-дағы ей, Науаи,
Есіл дертің ғашығыңда болса, қорықпа сұмдардан!

Өткен көп тірлік тілін шын ұғынбай,
Тылсым деп кім ойлаған сыры мұндай.
Бір ғұыр бір-ақ сәттік жарқыл екен,
Жасынның жерге түскен сынығындай.

Поэмалар

БАС СҮЙЕКТЕР

I
Уақыт!
Сенен озамын деп айта алмаған,
Cен бiр жүйрiк желдей ескен майталман.
Есебiңнен жаңылмайсың ешқашан,
Саудагерсiң несиеңдi қайта алған.

Қоздырып ап дәуiрлердiң арқасын,
Оздырып ап тiзгiнiңдi тартасың.
Дауылыңмен, жауыныңмен осқылап,
Ғасырлардың құлатасың жартасын.

Сенiң шойын табаныңның астында,
Уатылып айналады тас құмға.
Қуарады гүл жайнаған ағаш та,
Суалады тауды бұзған тасқын да.

Саласың да сағат сайын тепкiге,
Өшiресiң лапылдаған өрттi де.
Ұмыттырып қуанышты, қайғыны,
Кетiресiң шор боп қатқан дерттi де.

Зымыран уақыт!
Сенiменен жарысып,
Сенiменен қағысып,
Сенiменен алысып,
Қай тұлпардың жұқармады тұяғы,
Қай сұңқардың мұқалмады қияғы.
Армандаған өлмес өмiр ғұзырын,
Қорқыттың да ұта алмады қиялы.

Ел басқарған көсем де,
От ауызды шешен де,
Жеңе алмады бiр сенi.
Қорған болған халыққа,
Қол бастаған алып та,
Жеңе алмады бiр сенi.

Ғұмыр бойы күресiп,
Ғұмыр бойы тiресiп,
Өмiрменен еселесiп келесiң.
Жер жаңарар гүл өсiп,
Ел жаңарар ұл өсiп,
Тiршiлiктiң алға сүйрер кемесiн.

Сондықтан да сен өмiрден әлсiзсiң,
Арзан және нәрсiзсiң.
Өмiрменен өлшенедi құның да,
Өмiр тынса, мәнсiзсiң.

Тамырындай миуаның таралған,
Тереңдерден нәр алған,
Уақыт, сен бiр бәйтерексiң мәуелi,
Өмiр үшiн жаралған.

II
О, адамдар,
Бiр сәт тыным алмастан,
Жер бетiне кезек келiп, алмасқан,
Аз ғұмырда арпалысқан талмастан,
Ғасырлардың жағасына жармасқан.
Бал тiрлiктiң ләззатына қанбастан,
Пенделiгiң қалмастан,
Бiр-бiрiңдi алдасқан,
Бiр-бiрiңмен арбасқан...
Қолдарыңда кетпен емес көбiрек
Асыр салған алдаспан!..

Ғасырларды сiлкiп қалсам шаң басқан,
Шошынамын өз көзiме нанбастан.
Бiр ғасырлар қолы шолақ, көзi жоқ,
Бiр ғасырлар шойырылған жамбастан.
Бiр ғасырлар әрең тұрар орнынан,
Басы-көзiн қан басқан...

О, ғасырлар шыңырауында жатқандар,
Тiрлiк дәмiн татқандар:
Гүлжазира нұрлы жердiң бетiнде,
Сайран салып, ойнап күлiм қаққандар...
Қалқан болып от пен оқтың өтiнде,
Арпалысып баққандар...
Бiр келетiн мынау шолақ ғұмырда
Мол береке тапқандар...
Мұрша болмай артқа мойын бұруға,
Жұлдыздайын аққандар...
Қара түнде алаудай
Жүрек отын жаққандар...
Желсiз күнгi жалаудай
Ауыр ойға батқандар...
Тағдыр жүгiн өз мойнына артқандар...

Жанды тербеп махабаттың бал әнi,
Жар қайғысын тартқандар...
Маңдайына сыйғыза алмай даланы,
Жер қайғысын тартқандар...
Алып қырды алшысынан басқандар,
Таралғыны тоғыз қабат таққандар,
Жердi солқылдатқандар,
Өз отанын сатқандар,
Өз халқына опасыз оқ атқандар...
Сүттей таза дүниеге
Қара күйе жаққандар...

Сонау, сонау тұңғиықтан тым жырақ,
Сансыз жанар телмiргендей тұнжырап.
Сансыз келбет елестейдi көзiме,
Сағымдардың арасынан бұлдырап.

III
Өлшеместен жас пен кәрi арасын,
Екшеместен даңғой менен данасын,
Жұтып жатқан сансыз адам баласын,
Көр-ажалдың аузы ма деп қаласың...

Антрополог отыр бейiт басында,
Үңiлгендей көрде жатқан ғасырға.
Бас сүйектер тұр алдында тiзiлiп,
Кiм бiледi ақын ба, әлде батыр ма?
Кiм бiледi патша ма, әлде пақыр ма?

Антрополог ойланады толғанып,
Алма кезек бас сүйектi қолға алып.
О, керемет,
Кенет сарнай жөнелдi,
Бас сүйектер қозғалып:

ДАУЫСТАР

- Ей, жiгiтiм, сал құлақ,
Бiздер қатқан қу баспыз.
Сүйегiмiз саудырап,
Орнымыздан тұрмаспыз.
Артқа мойын бұрмаспыз,
Ендi қайтып тумаспыз.
Баяғыдай ай жүзiмiз албырап,
Жанарымыз қарақаттай жаудырап,
Сауық-сайран құрмаспыз,
Асқақ арман қумаспыз.

- Тұңғиыққа батқан қара тастармыз,
Өмiр-бақи жылжымас.
Ақ сөңке боп қурап бiткен бастармыз.
Ғайып болған жым-жылас.

- Үңiрейген мынау көздiң орнында,
Маздаушы едi ұлы өмiрдiң жалыны.
Бiр сөнбесiн, бiр сөнгесiн ал мұнда,
Жарқ етпейдi тiршiлiктiң жарығы.

- Жер астына түсiп кеттiк мәңгiлiк,
Жарық күндi жер бетiне қалдырып.
Жалт еттi де жарқын өмiр соңғы рет,
Бәрi, бәрi қалды ұмыт...

- Судай тасып ағып ек,
Топыраққа судай сiңiп жоғалдық.
Аз ғұмырда арпалысып бағып ек,
Ойсыз көрге оп-оңай омалдық...

БIРIНШI ДАУЫС

Жамырамай тоқтаңдар,
Өңкей құдай соққандар!
Қан орнына қара жүрер күн қайда?
Хандар ғана сөйлеу керек мұндайда,
Алдымды орап, қасиетсiз малғұндар,
Алтын тәждi неге ұмыта қалдыңдар?

Мен – Хан едiм,
Арыстандай ақырған,
Жолбарыстай атылған.
Жауларымды қоғадайын жапырған,
Дүниенi қара судай сапырған.
Баста – тәжiм,
Тағым – барда тақымда,
Дес бермедiм ақынға,
Дес бермедiм батырға.
Зұлымдықты суардым да ақылға,
Атағымды жайдым алыс-жақынға.

Басымнан бiр ұшпай бақыт құсым да,
Өмiрiмдi жүргiздiм өз тұсымда.
Қастасқанды қалпақтай ғып үйiрдiм,
Көк найзаның ұшында.

Айға балап алтын тәждi басымды,
Алпауыттар аяғыма бас ұрды.
Кешiп жүрiп алтын менен асылды,
Белшесiнен басып өттiм ғасырды.
Қаhарымнан қалтырады маңайым,
Бағып менiң қабағым мен қасымды.

Қана жұттым байлықтың бал шырынын,
Салтанатпен өттi сәндi ғұмырым.
Аққу мойын арулардың төсiнде,
Ақ таңдарда алдырдым көз шырымын.
Хан алдында қылдан тайса хас сұлу,
Үймелеттiм көзiне көк шыбынын.

Адам басын қақпақыл қып ойнадым,
Қанша жұтсам қызыл қанға тоймадым.
Қит еткендi қиып түспей қоймадым,
Ханның iсi - қаталдық деп ойладым.
Ерегескен, еселескен елдердiң,
Шығардым да ойларын,
Табаныма төсеп қойып құлдарды,
Мерейiмнiң салтанатын тойладым.

Азуымды айға бiлеп,күш қыла,
Қашанда өз дегенiмдi болдырдым.
Шырқау көкте шарықтаған құсты да,
Айбатыммен алдыма әкеп қондырдым.

Алтын сарай дүниенiң тiрегi
Сияқты боп, көкiрегiм көк тiредi.
Гүлзарыма хордың қызы түнедi,
Бұлбұл сайрап,саулығымды тiледi.
«Мәңгiлiкке тоқтамайды – дедiм мен,-
Жер құдайы – қаhарлы хан жүрегi!»

Қарашықта қастық оты сөнбедi,
Екi көзiм бiр-бiрiне сенбедi.
Арыстан ғой - астыңдағы алтын тақ,
Күндiз-түнi алаңдатты сол менi.

Сенбедiм мен бауырым мен ағама,
Ертеңгi күн жармасар деп жағама.
Сауысқаннан сақ болдым да дедiм мен:
«Алтын тақтан - ағайындық садаға!»

Өз қолыммен құртқан едiм әкемдi,
Туған балам маған ажал әкелдi.
Менiң басым баспалдақ боп қаланды,
Таққа барар қанды жолға қатерлi.

Бiттiм солай.Түнек басты,күн батты...
Аядай көр бесiк болды құндақты.
Қайран өмiр құстай ұшып көзiмнен,
Жарық дүние жапты есiгiн тым қатты.

Өмiр маған сарайымен қымбатты,
Өмiр маған малайымен қымбатты.
Өмiр маған бал түнiмен қымбатты,
Өмiр маған алтынымен қымбатты.

Өмiрдi мен тәж бен тақ деп бiлемiн,
Сондықтан да өмiрге мен құл едiм.
Сол өмiрдi өзгелерден қызғанып,
Өзiмменен бiрге өлуiн тiледiм.

Тiршiлiктiң жалғандығын кеш ұқтым,
Секем оймен сезiмiмдi шошыттым.
Сезген сайын жеңбесiмдi ажалды,
Өмiрге мен мың мәртебе өшiктiм.

Егестiм де ажалға,
Айналдым мен алапатты тажалға.
Қорқау көзбен қарадым да ғаламға,
Бар әлемдi салып бiрден табанға,
Тып-тыйпыл ғып құртқым келдi табанда.

Сан соқпағын салып қанды жорықтың,
Сондықтанда жолбарысша жорыттым.

Ажал менi алады-ау деп қорықпадым,
Қайран дәулет қалады-ау деп қорықтым.

Ұмтылсам да жер түбiне жыраққа,
Дегенiме жете алмадым бiрақта.
Кете бардым тақымында ажалдың,
Ұқсадым да көкпардағы ылаққа...

Жер бетiне қайта бiр сәт келсем деп,
Аңқам кеуiп, ынтығамын мен шөлдеп.
Хан құрыса да қурамайтын өмiрдiң
Әуселесiн осы кезде көрсем деп...

Күл-талқан ғып бәлемдi,
Құртар едiм бар елдi.
Сонан кейiн жатар едiм жай тауып,
Өлгенде де билеп төстеп әлемдi...

ЕКIНШI ДАУЫС

Татпаған жан тiршiлiктiң бал дәмiн,
Тiстейдi екен бармағын.
Сiңiрлерiм тарамыстай тартылып,
Мен көтердiм ғасырлардың салмағын.
Көл боп аққан көз жасыма көмiлiп,
Тұңғиықта тұншықты асқақ арманым.
Замандардың жартасынан жаңғырып,
Шығар менiң запыранды зарларым.
От пен кiрiп,күлмен шықтым қор болып,
Өмiрiмде бiр күн тыным алмадым.
Құл болдым да пұл болдым,
Қолдан қолға өтiп қайта бармадым.
Шұрқ тесiлiп табаным,
Шар тарапты шарладым.
Жұттым жапан шаңдарын...

Қайғы жолын таптадым,
Бақыт жолын таппадым.
Бұрқырайды иiсi ащы терiмнiң,
Ашып қалса қара жердiң қатпарын.
Сiреу-сiреу қасiреттiң көк мұзын
Көкiрегiме қаттадым.

Өмiрiмдi бiр келер
Сорды бит пен бүргелер.
Қия бассам ашты маған аранын
Зындандар мен түрмелер.

Сорпадайын қайнатты да сорымды,
Қожайыным сорды қан мен сөлiмдi.
Жон-арқамда қамшысы ойнап қайғының,
Көкiрегiм қарс айрылып сөгiлдi.

Адам едiк мал орнына санады,
Құлды хан да , қарақшы да талады .
Қасiреттiң мөрi болып басылды,
Тас-тарихқа құлдың қара табаны.

Тарықтырып тас қараңғы мекенiм,
Тiршiлiктен қайтты менiң меселiм.
Ғұмырымда тым болмаса бiр рет
Бiлмей өттiм еркiндiктiң не екенiн.

Дүниеден өттiм солай мазақ боп,
Зомбылықтан өлiп қана азат боп.
Мен өмiрдi түсiнемiн қайғы деп,
Мен өмiрдi түсiнемiн азап деп.

Еркiндiктiң еншiсiнен құр қалдық,
Құр қалдық та, болдық құнсыз құрбандық.
“Құл жиылып бас болмас” деп қорлады,
Қорлықтан қатты уландық.
Зiл батпандар жаншыса да иықтан,
Тас астында гүл жардық.
Шыңырауларда ширығып,
Азаптың төс-балғасымен шыңдалдық.

Кектiң қара қазанында қайнадық,
Тiсiмiздi тiсiмiзге қайрадық.
Қапастардан бас көтердiк бұлқынып,
Қан майданға сайланып.

“Құтырмаңдар, қара сирақ құлдарым,
Хандар үшiн бiр-ақ тиын құндарың.
Құлдың құны тумай жатып төленген,
Құлдықта өтер қыздарың мен ұлдарың,”-
Деп қайтадан желкеледi жаныштап,
Арқаладық адамзаттың мұң-зарын.

Тағдырдың бұл сынын да,
Көтердiк бiз шақ қалсақ та сынуға.
Ұрпақ үшiн тiктiк басты өлiмге,
Тек құлдан құл тумақ па екен шынында?!

Күлге айналмай денемiз,
Құлға айналдық неге бiз?
Тiрлiктiң тас омырауынан бiреулер
Уыз емiп, неге бiз у емемiз?!

О,Бостандық!
Мен өзiңдi баладым,
Елiгiне даланың.
Талғанша қос жанарым,
Өзiң бе деп ұшқан құсқа қарадым.
Жұмбақ болып маған мекен-тұрағың,
Дауылдардан сұрадым.
Мың тұрып,мың құладым,
Аттамақ боп саған қарай бiр адым.

О,Бостандық!
Өзiң жақтан бола ма деп бiр хабар,
Құлақ түрдiм қиқуласа тырналар.
Сенi iздедiм толқынлардан тулаған,
Мұз-бұғаудан босанғанда жылғалар.

О,Бостандық!
Елестедiң сен маған,
Баспана боп менде өмiрi болмаған.
Мұңлы махаббатым боп,
Тумысымда қолым жете алмаған.
Шөлiм болып қанбаған,
Терiм болып тамбаған.

О,Бостандық!
Қасiреттен қанжылап,
Кiрпiк iлсем қалжырап,
Көрдiм сенi түсiмде,
От пен оқтың iшiнде.

Елестедiң қанды майдан ұрыс боп,
Елестедiң қылшылдаған қылыш боп.
Елестедiң кiсен болып үзiлген,
Елестедiң еркiн алар тыныс боп.

Елестедiң жалғыз үзiм нан болып,
Елестедiң биiк шырқар ән болып.
Арманым жоқ дедiм мен,
Ақ жолыңда кетер болсам мәңгi өлiп.

О,Бостандық!
Бостандық! - деп талпындым,
Сондықтан да дар ағашқа тартылдым.
Өкiнбеймiн
Жүрер жанды елесiм
Жанарында әр ғасырдың, әр күннiң.

Мен өлгелi өттi сансыз жылжып күн,
Сыры мәлiм қашандағы сұмдықтың.
Түстi ме екен байғұс жердiң мойнынан,
Қарғыс атқыр тас қамыты құлдықтың?

Жауыздықтың зәбiрiн,
Көрдi менiң,өзiм түгiл қабiрiм.
Бiлер,сiрә,отқа жанса өз ары,
Бiлмегендер еркiндiктiң қадiрiн...

ҮШIНШI ДАУЫС

Керегiң не,
Жалынбысың ,шоқпысың?
Керегiң не,
Қылышпысың, оқпысың?
Қиған кезде тұлпарыңның тiрсегiн,
Қиған кезде сұңқарыңның топшысын,
Жауға қарсы қыла алмасаң бiр дәрмен,
Керегiң не,
Барсың ба әлде жоқпысың?

Теппес үшiн қазанымды қас жауым,
Кеппес үшiн итаяқ боп астауым,
Төкпес үшiн қанды жасын бастауым,
Шөкпес үшiн қайғы жұтып жас тауым,
Қалың қолды бастадым.
Бiрақ та мен қиянатқа баспадым.
Iргесiне өрт салмадым басқаның.
Балталаса босағамды кiм келiп,
Шаңырағына жайдың отын тастадым.
Айбатты едi жүрегiм,
Қайратты едi бiлегiм,
Қасарысқан, қақтығысқан дұшпанның
Қабырғасын көк найзамен iредiм.

Кекпен қайнап,от шайнаған батырмын,
Жау қанына семсерiмдi батырдым.
Бейбiт елiм шырт ұйқыда жатқанда,
Ат үстiнде көз iлмей таң атырдым.

Қаhарлансам тартып iшке қанымды,
Қалтыраттым патшаңды да ханыңды.
Мен қайғының қара тауын көтердiм,
Найза ұшына байлап шыбын жанымды.

Елiм,
Елiм,
Сен деп қана күн кештiм.
Сен күлмесең, езу тартып күлмеспiн.
Жер бетiнде сен болмасаң егерде,
Мен өмiрдiң не екенiн бiлмеспiн...

Өмiр,
Өмiр,
Мәңгi саған ғашықпын.
Мен тiлеймiн аспаныңа ашық күн.
Тыныш сүрген бiр күнiңе не жетер,
Қанiшердi қалсын мәңгi басып құм...

Сарайынан сырт қап сайран-сауықтың,
Уысында өстiм болат сауыттың.
Туған елiм,
Сен күрсiнсең қайғырдым,
Сен қуансаң, мен дертiмнен сауықтым.

Туған елсiз ердiң күнi құрысын...
Алысқанда болдым шабар қылышың.
Талыққанда болдым ұшар қанатың,
Тарыққанда болдым алар тынысың.

Туған елiм,
Махббатың – жанға дәт.
Ара түстiм алған шақта жау қамап.
Хан мен бектер қашты басын сауғалап,
Тағдырыңды базарға сап, саудалап...

...Оқ өтпейтiн табылады жан қайдан?..
Өз есесiн жiбере ме қан майдан?
Әттең, әттең,қапы кеттiм қайтейiн,
Соқты ажалдың сұр жебесi маңдайдан.

Үзiлдi де атойлаған ұраным,
Ат үстiнен таудай болып құладым.
Қиналдым мен жауым тiрi қалды-ау деп,
Қиналмадым сөнер деп қос шырағым.

Жар салғанда жауым менi „өлдi„ деп,
Тауларыма қайғы бұлты қонды кеп.
Көлдерiмнiң шарасына толды кек...
Мен дүниемен қоштасарда соңғы рет,
Көз алдымда елiм тұрды мөлдiреп!..

Елiм үшiн бердiм басты өлiмге,
Ендi алаңсыз жатам мәңгi көрiмде.
Өмiр- халқым!
Халқым барда, мен бармын,
Жасай берем жарық дүние төрiнде.

Елесiм бар таң нұрында өмiрдiң,
Көз жасым бар жаңбырында жерiмнiң.
Ар мен намыс мына, менiң бойымда,
Тағдырым бар тағдырында елiмнiң.

Қалқан болар туған жерге нар ұлдар,
Ей,ұрпақтар,бiздi де еске алыңдар.
Тамырында барлық ұлы жеңiстiң,
Менiң де ыстық қаным бар...

Жер бетiнде мәңгi тұрар ешкiм жоқ,
Өкiнбеймiн жанбай жатып өштiм деп.
Тұңғиыққа батты талай ғасырлар,
Уақыт шаңы басты да ауыр көшкiн боп.

Жылдар қанша көмгенiмен тереңге,
Бұзып шығам, тас қақпасын тебем де...
Өйткенi мен құс қанатты аңыз боп,
Айналғанмын өлмейтұғын өлеңге.
Ғасырлардың шоқтығына шығып ап,
Заңғарлардан көз саламын төменге.

Өмiр әнiн талай жандар шырқады,
Тiршiлiктiң тұншықпасын нұр таңы.
Ханның басы қалады екен сұраусыз,
Батыр басын iздейдi екен ұрпағы.

Қыршынынан кетсе де,
Жаудан кегiн алған жаста арман не!?
Мыңдап жылдар өтсе де,
Жоқтаушысы болған баста арман не?!

ТӨРТIНШI ДАУЫС

Талай басты қырдым да,
Өзiм сосын кеттiм мәңгi құрдымға.
Тiрлiгiмде қаныпезер атандым,
Қарақшылық қылдым да.

Шөл қандырмай мөлдiр бұлақ,көк өзен,
Қан iшпесем кептi қаңсып кенезем.
Қара түнде қара қанжар ұстадым,
Кiсi өлтiру-мақсатым боп көзеген.

Торуылдап тоғыз жолдың торабын,
Керуендi де, кезбенi де тонадым.
Қайыршының қақтым тесiк қалтасын,
Қабiрiн де тiнттiм жаңа моланың.

Менiң өкшем тиiп кеткен маңдарға,
Адам тұрмақ, жоламады аңдар да.
Сыйынбадым Аллаға да, адамға,
Сыйындым тек екi жүздi қанжарға.

Қорқау сезiм билеп-төстеп алды да,
Түсiнбедiм ұятты да, арды да.
Тәттi ләззат таптым қарақшылықтан,
Менiң санам жетпедi одан арғыға...

Пәк өмiрдiң зәресiн ап, шырқын ап,
Шошындырдым балғын етiн шымшылап.
Селт етпестен қарап тұрдым сүйсiнiп,
Жатса бiреу шыбын жаны шырқырап.

Жан болмады мен басымды иетiн,
Жар болмады мен елжiреп сүйетiн.
Тас едi ғой, тас едi ғой жүрегiм,
Қас едi ғой, қас едi ғой ниетiм.

Айта қояр қарақшыға алғыс кiм?
Қара тасы басты менi қарғыстың.
Талайлардың қанын судай шашып ем,
Ақырында жер құштым да қан құстым.

Мен өлгенде бiр жан iздеп келмедi,
Болды басым қарға-құзғын ермегi.
Жиiркенiп, жиырылып қара жер,
Құшағынан титтей орын бермедi.

Сан сойқандар ойнаушы едi миымда,
Құным тұрмай,жоғалдым көк тиынға.
Табалады тау да, көл де, орман да,
Мазақ қылды соққан жел де, құйын да.

Тиетiндей қарақшының қырсығы,
Өлiгiмнен аңдар да үркiп, ыршыды.
Кеттi ме деп дер бетiнен бiр залым,
Түршiккендер бойын жазып тыншыды.

Жер де жоқ,көкте де жоқ тұрағым,
Елесiмдi ессiз желден сұрағын.
Басқалардың нарқын, сiрә, бiлмеймiн,
Бiлдiм құнын қарақшының, шырағым...

Қарақшыда болмайды екен ана да,
Қарақшыда болмайды екен бала да.
Қарақшыға бұйырмайды баспана,
Қарақшыға бұйырмайды мола да.

Қара бетпiн,
Қара бетпiн,
Мына мен.
Бар өмiрiн сарп қылған күнәмен.
Өмiр-сiрә, қанжар емес қолдағы,
Болса керек сырлы сазды мың әуен.

Жыртқыш заман болды менiң заманым,
Тоналдым да, мен де өзгенi тонадым.
Қарақшы боп кете бардым қайтейiн,
Болмаған соң басқадай бiр амалым.

Уақыт заңы қатал екен менен де,
Төрт аяғы ойнады ендi төбемде...
Өмiр маған бермес қайта қол ұшын,
Зым-зия боп батам түпсiз тереңге.

Адастырып бұлдыр тұман, бұлдыр күн,
Мен тағдырға тамырымды жұлдырдым.
Iзi де жоқ, тозы да жоқ тозаңмын,
Талайсызбын, тұқиянсыз тұлдырмын.
Өмiр-алтын кесе екен ғой бал толы,
Амал қанша, тасқа ұрдым да сындырдым...

Шырын өмiр,
Тата алмадым балыңды,
Таба алмадым,
Жоқ сезiндiм барыңды.
Дүниенi тонаймын деп әлек боп,
Тонатыппын ұятымды, арымды.

Өмiр,
Өмiр,
Тереңiңе бойламай,
Тебiренбей, емiренбей, ойламай:
Мен қанжардың құлы болып өтiппiн,
Қызығыңды бiр күн сiрә тойламай.

Бұдан қайғы,бұдан қасiрет өтер ме,
Ащы зарым жер түбiнен жетер ме?..
Өмiр деген iзгiлiктiң нұры екен,
Шабылыппын,
Шағылыппын бекерге.

Әлi талай көктем келер, күз өтер,
Уақыт-ұста майысқанды түзетер.
Адамзаттың iзгi туған ұлдары,
Жер-ананы қарақшыдан күзетер.

Өкiнiшiм,
Өкiнiшiм көп менiң.
Зұлымдықтың есiгiн бiр теппедiм.
Тым болмаса, жарық дүние төрiнен
Қарақшының соңғысы боп кетпедiм...

Менен соңғы қарақшылар қауiптi,
Не сұмдықты, не сойқанды тауыпты.
Мен тонасам керуендi, кезбенi,
Олар бүкiл қара жерге жауықты...

Түбiнде әйтеу бiр алапат-дүлейдiң,
Жерге қатер төндiрмеуiн тiлеймiн.
Жер жүрегiн жараласа бiреулер,
Қарақшы екеш қарақшы
Мен де қарғап-сiлеймiн...
Өмiр деген жұмыр жер ғой, жұмыр жер,
Уа, Тәңірім, жұмыр жерге ғұмыр бер!?

БЕСIНШI ДАУЫС

Еш күнәсiз, еш шүбәсiз сәбимiн,
Туа шөккен тағдырыма налимын.
Өмiр бәлкiм, ақ сүтi ме анамның,
Өмiрдi уыз иiсiнен танимын.

Жарық дүние сәулесiне бөлендiм,
Маужырадым үнiне әлди-өлеңнiң.
Өмiр, бәлкiм, алақаны анамның,
Ақ бесiгi болған балғын денемнiң.

Өмiр-әлде айдың нұры, күн нұры,
Өмiр-әлде аққан судың сылдыры.
Шөл қандырған
Омыраудың иiсi,
Алдандырған
Қоңыраудың сыңғыры.

Бәрi жұмбақ
Атқан таң да, батқан күн.
Жұмбақ сәби ғұмырымды атқардым.
Әйтеуiр тез аяқталды сапарым,
Тал бесiктен жер бесiкке аттандым.

Мен iзiмдi қайдан iздеп табамын?
Қара жерге тимей кеттi табаным.
Күн көзiне күймей кеттi жон-арқам,
Гүл жұпарын сезбей кеттi танауым.

Бiлмеймiн де келдiм, кеттiм қай күнi,
Сезбеймiн де қуанышты, қайғыны.

Маған қымбат жұтар ауа, жүрер жол,
Мен үшiн сол тiршiлiктiң байлығы.

Сәби қалпы сөндi iшiмде мың арман,
Шыбық құрлы шыға алмадым құмардан.
Болсам керек мен бiр жасыл жапырақ,
Ұшып түскен өмiр атты шынардан.

Болмас па едi әйтеуiр бiр керегiм,
Қалмас па едi артымда бiр дерегiм.
Тұрмас па едi байтақ жердiң төсiнде,
Тамыр жайып менiң де бәйтерегiм.

О, тiршiлiк,
О, сырлы әлем, нұрлы әлем,
Әр сәтiңдi қадiрлер ем, сыйлар ем.
Тауыңдағы бiр гүлiң боп құлпырып,
Бағыңдағы бұлбұлың боп жырлар ем.
Қыраның боп қонар едiм шыңға мен,
Ұланың боп ұлы әнiңдi тыңдар ем.

Нұрлы дүние, қымбат едiң сен неткен,
Сенен орын бұйырмастан мен кеткем.
Үзiлмесiн сәби ғұмыр сабағы,
Өмiр дәнi өркендемек жөргектен.

АЛТЫНШЫ ДАУЫС

Ей, махаббат,
Болдым сенiң құрбаның.
Гүлбағыңда сауық-сайран құрмадым.
Кең даланың құралайы ем қаперсiз,
Сезбеппiн ғой тағдыр қақпан құрғанын.
Сай-сүйегiн сырқыратар тастың да,
Менiң тартқан тауқыметiм, мұң-зарым.

Мен емес пе ем еркiн өскен ерке қыз,
Жабырқадым көктем өтiп, келсе күз.
Нәзiк жаным жазды аңсайтын жайдары,
Айнам едi жарқыраған көл теңiз.

Айдың нұры ақ көйлегiм болатын,
Аққу-қаздар алдыма кеп қонатын.

Гүл-дүние құлпырып көз алдымда,
Гүлдер ғана құшағыма толатын.

Ғашық едiм бояуына бақтардың,
Содан рахат, содан ләззат тапқанмын.
Ақ қайыңды ұйқысынан оятып,
Тылсым түнге жан сырымды ақтардым.
Шұғыласына шомылдым да ақ таңның,
Шыққан күнмен бiрге күлiп шаттандым.

Аспанымда ойнап жастық жарқылы,
Өн-бойымды ыстық жалын шарпыды.
Махаббаттың тiлiн алғаш түсiндiм,
Тiрлiгiмдi түсiндiм сол арқылы.

Тамырымды тептi тосын бiр ағын,
Себебiн өз жүрегiмнен сұрадым.
Ағыл-тегiл төктi тұмса нөсерiм,
Қуаныштан ағыл-тегiл жыладым.

Рахаттың көк теңiзiн жалдадым,
Тұңғиықтан тердiм сезiм маржанын.
Сонда ғана парықтаған шығармын,
Дүниенiң қымбаты мен арзанын.

Жанарымды қадап оң мен солыма,
Жасқанбастан түстiм жастық жолына.
Тағдырымды махаббатқа тапсырдым,
Жүрегiмдi ұстаттым да қолына.

О, махаббат,
Заңғар шыңсың мен бiлсем,
Таймастай бiр тұғырыңа қондыр сен.
Қасиеттi ғұзырыңа бас ұрдым,
Мен сендiкпiн, ғұмырыңа сендiрсең.
Үрле, лаулат кеудемдегi шоғымды,
Ал, өртiмдi өзiң сөндiр, сөндiрсең.

Бұзып кiрiп терезесiн тылсымның,
Осылайша махаббатқа құлшындым.
Көңiлiме қанат байлап ұшсам да,
Ұшығына жете алмаппын бiр сырдың...

Мен қалайша қурамайын, солмайын,
Қарыс жерде тұрыпты ғой сор дайын.
Шықпай жатып тасқа тиiп маңдайым,
Ащы удан ойылды бал таңдайым.

Құсаландым – қаным қайнап, жан күйiп,
Артымда – ор, алдымда-оппа, жар биiк.
Қонбақ келiп, менiң аққу төсiме,
Қалбаңдаған қара қарға жарбиып.

Бар қызығым айналды да елеске,
Белдi байлап, түстiм тартыс егеске.
Отқа күйiп шырқырады махаббат,
Өмiр деген бал махаббат емес пе?

Махабаттың басып қиын соқпағын,
Маңдайымды қайда апарып соқпадым?
Жетiм жүрек жанарынан жас төгiп,
Жетi түнде жұлдызымды жоқтадым.
Өмiр сiрә емес шығар суық мұз,
Менiңше ол лапылдаған от- жалын.

Егер ортақ бола алмаса қайғыма,
Шағылмай ма аспандағы ай, мына.
Тұншықтырды қара түнi қорлықтың,
Қасiреттiң қара шашын жайды да.

Күйе алмаса, қақ бөлiнсiн жүрегiм,
Сүйе алмаса, отқа күйсiн бұл ерiн.
Оңашада ғашығымның мойнына,
Асылмаса, қырқылсын қос бiлегiм.

Қу томарға рас байлап қойды ма?
Жұтылайын одан да жер қойнына.
Бұрымдарым, оқ жыланға айналып,
Аттылып кеп, оралыңдар мойныма.

Махаббатсыз жер бетiнде жүрер кiм?
Қас-қабағым тастай қатып түнердiм.
Жасырынып жарық дүние көзiнен,
Өзiмдi-өзiм шыңырауға атып жiбердiм.

Ендi мiне, тұңғиықтан тiл қатам,
Қара жерге қасiретiмдi тыңдатам.
Махаббатың бiле алмассың қадiрiн,
Ей, ғасырлар, маған мойын бұрмасаң.

Ешқашанда ғайып болып кетпеймiн,
Жылдарменен болашаққа беттеймiн.
Өмiр ғана махаббатың тұрағы,
Махаббат боп көктем сайын көктеймiн.

Өмiр-тiрлiк,
Махаббаттан тұрады.
Махаббаттың суалса тас бұлағы,
Махаббаттың қуарса жас құрағы,
Тарс бiтедi тiршiлiктiң құлағы.

О, махаббат!
Құдіреттi өмiр – сен.
Армансызбын көз жасың боп төгiлсем.
Жеңсем егер бiр өзiң деп жеңдiм де,
Бiр өзiң деп жеңiлдiм тек жеңiлсем!..

ЖЕТIНШI ДАУЫС

Батыр емен атаң-даңқын асырған,
Хан емеспiн қазынасын жасырған.
Қарақшы емен жұртқа тiзе батырған,
Жердiң құты,
Елдiң құты – диханмын,
Емiп өстiм жер емшегiн жасымнан.

Мұңдасым да, сырласым да тек менiң,
Болды жалғыз таянышым-кетпенiм.
Бас-аяғы бiр-ақ тұтам ғұмырды,
Базбiреуше босқа сүрiп кетпедiм.
Түстiм-дағы топыраққа дән болып,
Саусағымды күнге созып көктедiм.
Мен ешкiмнiң нанына ортақ болмадым,
Жедi өзгелер ақ нанымды теп-тегiн.

Өмiр алғаш ошағыма жаққанда от,
Кең көсiлiп ақ ордада жатқам жоқ.
Тағдыр маған құс төсегiн ұсынып,
Иығыма зерлi шапан жапқан жоқ.

Зорлық менiң сан байлады бағымды,
Қайран басым қорлыққа да бағынды.
Қарақшылар шалқасынан жатты да,
Қызыл қанға шылап жедi нанымды.

Бiрақ олар қадiрiмдi бiлмедi,
Отқа салды, суға салды бiр менi.
Жиған-терген астығымды тартып ап,
Ал өзiмдi дүреледi, тiлдедi.

Табанында тапталдым сан төренiң,
Ауыз ашсам аңдып тұрды тек өлiм.
Жер құдайы санады олар өздерiн,
Жер үшiн мен алым-салық төледiм.

Рахат емес кештiм өмiр бейнетiн,
Зорықтым да, торықтым да кейде тым.
Ғұмыр бойы төксем де ащы терiмдi,
Көре алмадым еңбегiмнiң зейнетiн.

Қасiретiмнiң бәрiн тiзiп айта алман,
Жан емеспiн жаудан есе қайтарған.
Бұршақ емес ат тұяғы жапырып,
Өртке кеттi көк егiнiм жайқалған.

Аштық келдi - қастық келдi бiр күнi,
Жарлыларды обыр өлiм қылғыды.
Қылқындырды тағдырдың қыл шыбыры,
Ажал жылжып үйден үйге сырғыды.

Жан шырқырап аштық төнген уақытта,
Адыра қалар алтын тәж де, тақыт да.
Бiр уыс дән көрден-көрге түсiрiп,
Бiр уыс дән жеткiзедi бақытқа.

Қайғы басса қоламтадай қоздаған,
Пенде бар ма бордай ерiп тозбаған?
Ақсүйектер кекiрелеп жатқанда,
Аштан өлдi көз алдымда өз балам.

Неге менiң гүлiм ерте семедi,
Неге менiң күнiм ерте сөнедi?
О, сұмдық-ай,
Егiншiнiң баласы
Аштан өлдi дегенге кiм сенедi?

Салды маған қасiрет батпан салмағын,
Сонда-дағы дән егуден талмадым.

Өшкендердi мың қайтара тұтаттым,
Үзiлгендi мың қайтара жалғадым.

Қарамайды уақыт аш пен тоғыңа,
Назар салмас барың менен жоғыңа.
Осқылады миллион жылдар дойыры,
Көнi қалың көнбiс жердiң жонына.

Талқандаумен тастай қатты сорымды,
Қолым тозып, көбелерiм сөгiлдi.
Алғашында бәрiн жерден алып ем,
Жерге бердiм қанымды да сөлiмдi.

Ашыққанның өзегiне нәр бердiм,
Алысқанның бiлегiне әл бердiм.
Жоғалмайды жер бетiнен көлеңкем,
Менiң жаным уызында дәндердiң.

Жердiң менсiз, менiң жерсiз жоқ күнiм,
Тiлеймiн тек тiршiлiктiң тоқтығын.
Құдірет күшi құйттай ғана дәндердiң,
Биiктетiп келедi өмiр шоқтығын.

Шымылдығын түрiп әрбiр таңдардың,
Ғасырлардың тың қыртысын аудардым.
Күс-күс қолым - қан тамыры тiрлiктiң,
Өмiр – нан ғой, нан бар жерде мен бармын.

Нан – үмiтiң,
Нан – шаттығың,
Нан – қайғың!
Соры да – нан,
Терi де нан маңдайдың!
Арың да – нан,
Жаның да – нан,
Қаның – нан!
Нансыз өмiр бар дегенге нанбаймын.

Жайқалғанда жер бетiнде көк егiн,
Сонда өзiмнiң келбетiмдi көремiн.
Тiршiлiктiң тасқа соқпай арбасын,
Мен өмiрдi алға сүйреп келемiн...

СЕГIЗIНШI ДАУЫС

Мен – тiрлiктiң тiрегiмiн – анамын,
Жарық күннен мейiрiмдi жанарым.
Жығылғанды көкiрегiммен сүйедiм,
Жыртылғанды жүрегiммен жамадым.
Құлдыраса құлын – өмiр дауысы,
Қызыл отқа ең алдымен жанамын.

Өмiр – сiрә аяқталмас зор майдан,
Майдан барда тап болмасын сор қайдан?
Ердi көрдiм,
Намыс туын жықпаған.
Ездi көрдiм,
Күнi төмен торғайдан.

Заман көрдiм,
Каhар шашқан қылыштан.
Адам көрдiм,
Арпалысқан, жұлысқан.
Дала көрдiм,
Отқа өртенiп, құрысқан.
Қала көрдiм,
Быт-шыт болып күлi ұшқан.
Бала көрдiм,
Бесiгiнде күрсiнген.
Дана көрдiм,
Қасiреттен құнысқан.

Қуаныштан болды дәйiм қайғым зор,
Азабымды арқаласты ай-күндер.
Мен күрсiнсем, күңiрендi алып тау,
Мен егiлсем,
Еңiредi айдын көл.
Тiрлiк үшiн – сәбиiмнiң жаны үшiн,
Қайыр тiлеп нан сұрадым, жайдым қол.

Қаусатты да қабырғамды қатал күн,
Әз ана едiм, қайыршы әйел атандым.
Қайран өмiр саудаланды қанша рет,
Жендет пенен қолыңда алыпсатардың.

Бiреуге – көл,
Бiреуге шөл уақытта
Ғұмыр кештiм, жете алмадым бақытқа.
Арсыз дүние талайларды арбады,
Айналды да алтын менен жақұтқа.

Бiрақ...
Бiрақ...
Темiр өзек жан бар ма?
Қара да өттi,
Өттi қорқау хандар да.
Қылпылдаған қылышынан уақыттың,
Қиылмаған пенде басы қалған ба?

Қасiреттi сезбеген бар,
Сезген бар.
Ар-ұяттан безбеген бар,
Безген бар.
Жан иесiн езбеген бар,
Езген бар.
Қиянатқа төзбеген бар,
Төзген бар.
Теңшер бәрiн таразысы уақыттың,
Өмiр барда, өлiм деген безбен бар...

Арына дақ түспесiн деп өмiрдiң,
Қара көзден қанды жас боп төгiлдiм.
Қайғы батқан қабырға боп қайыстым,
Қасiрет толы көкiрек боп сөгiлдiм.

Ей, зұлымдық,
Атың өшсiн зұлымдық!
Қан жұтқанша, қасiреттiң уын жұт.
Құм құйылсын сұрқай-құзғын көзiңе,
Болсын мәңгi күнiң-қараң, жылың-жұт.

Сенiң арам босағаңды аттаған,
Қара ниет жанның бәрi жат маған.
Олар сiрә ана сүтiн татпаған,
Қасиеттi ақ бесiкте жатпаған.

Жұттың қымбат асылымды қаншама,
Зар иледiм, дүниеге жар сала.
Мәңгi бақи майдандасам сенiмен,
Ұлы денем күлге айналып қалса да.

Жылдар,
Жылдар,
Жаңарады жаңғырып.
Ұйықтар тарих жартасында жаңғырық.
О, адамдық,
Сүттей таза адалдық,
Сипар ма едiм маңдайыңнан мәңгiлiк.

Көк орманның қорғап бала талын да,
Аялдадым құстың балапанын да.
Әлдиiме рахаттанып, маужырап,
Өмiр менiң мызғыды алақанымда.

Бұтақтарым бұр жарады, көктейдi,
Тау шөксе де, асқар тұлғам шөкпейдi.
Дүниенiң бар қуаныш, қайғысы,
Жүрегiме соқпай менiң кетпейдi.

Менiң күнiм мәңгi күлiп шығады,
Сөнбес нұрлы шаңырағымның шырағы.
Бүкiл әлем кiшiрейiп алдымда,
Әрқашанда тағзым етiп тұрады.

Ей, пенделер,
Ғұмыр кешкен сан бөлек:
Бiрiңе жан, ал бiрiңе мал керек.
Бiреуiңе жұту үшiн бал керек,
Бiреуiңе жұту үшiн қан керек.
Бiреуiңе сайран керек, сән керек,
Бiреуiңе айран керек, нан керек.
Бiреуiңе жаңжал қымбат бәрiнен,
Бiреуiңе ұят керек, ар керек.
Қилы-қилы тағдырға таң қаламын,
Менiң жаным жаралған ба әлде ерек?
Менiңше өмiр – махаббаты ананың,
Менiңше өмiр – бесiктегi балбөбек...

ТОҒЫЗЫНШЫ ДАУЫС

Сөз дауылын сапырдым,
Найзағай боп атылдым.
Ел басына екi талай күн туса,
Шамырқанып, шабытымды шақырдым.
Жырымменен ту көтерiп, жол аштым,
Жоғын жоқтап, алыс пенен жақынның.

Ең алдымен қасiреттiң салмағы
Түседi екен жүрегiне ақынның.

Өттi-кеттi күйiнумен қымбат күн,
Шаңын қақтым қайғы деген тулақтың.
Көппен бiрге баттым сордың көлiне,
Дауысымды қара тасқа тыңдаттым.
Мен халқымның көкiрегi боп күрсiндiм,
Мен халқымның жүрегi боп тiл қаттым.

Алдамшы үмiт ұстатпады сағымдай,
Өттiм бiрақ ақ жолымнан жаңылмай.
Қара табан шындық үшiн тартыстым,
Жорға мiнген жалғандыққа жалынбай.

Ақын ары,
Елдiң ары деп бiлдiм,
Сөзiн сөйлеп елiн сүйген тектi ұлдың.
Шаршы топта суырылдым қылыштай,
Арқасында от ауыз бен шоқ тiлдiң.

Демедiм мен құзға құлап кетермiн,
Адалдықтың туын биiк көтердiм:
Қиянатпен қыр басына кiм шыққан,
Қорқаулықпен мұратына жетер кiм?

Жақсылықтың толқыны боп туладым,
Жамандықты наркескен боп турадым.
Туған елдiң қасиетiн ұғынып,
Туған елдiң қасiретiн тыңдадым.

Жұрт жыласа,
Жыладым мен мың есе,
Жүрегiмдi жұлып бердiм тiлесе.
Дамыл көрмей түре қудым дауыл боп,
Ел басына қайғы бұлты түнесе.

Жұлдыз-жырым медет берiп нұр төккен,
Қара түндi ояттым мен мұң шөккен.
Тұлпар-халқым оза шапса алдыға,
Қастандық-ит алды бiрақ тiрсектен.

Болмасын деп ән ажарсыз, күй жұтаң,
Туған жерге сүт-сәулесiн құйды таң.
Батыр халқым жауға шапса,
Бүйiрден,
Сатқындық сұм сұр жебе боп тидi сан.

Арзандаса адамдықтың нарқы шын,
Қайран өмiр тартады екен талқысын.
Ел тағдырын саудалады сатқындар,
Мансап үшiн,
Байлық үшiн,
Даңқ үшiн.

Алауыздық тұралатып ақыры,
Надандықтың қатты батты тақымы.
Кейбiреудiң жауы досқа айналып,
Кейбiреудiң жатқа айналды жақыны.

Дүлей дүние, тiлi мылқау, көзi жоқ,
Басы қатты даңғазадан мезi боп.
Безбүйректер бүлк етпестен безердi,
Аш қасқырдай өз бауырын өзi жеп.

Сұмпайылар маңайына у төккен,
Сөйте тұра аузын сүрттi қу шөппен.
Шыр айналдым қарлығаштай шырылдап,
Қалың өртке қанатымен су сепкен.

Жалпақ жұрттың жүрегiне жара сап,
Қара нардай басқан кезде алапат,
Қаратаудай күңiренiп сөйледiм,
Сөзiмнен бiр тие ме деп шарапат.

Хан мен бектер өздерiнше iсiнер,
Ел болмаса,
Сөзiңдi кiм түсiнер?
Қызыл тiл де қызған темiр секiлдi,
Тиген жерiн қолдыратып түсiрер.

Таяқ сiлтеп сәби-елдiң етiне,
Ұрындырса суық желдiң өтiне,
Қып-қызыл боп қызған темiр тiлiмдi
Быжылдатып бастым ханның бетiне...

Қайсы бiрiн айта берем бiрақта,
Ұшып кеткен елес- құспын жыраққа.
Менiң жырым қалған мәңгi жазылып,

Тау, далада,
Өзен-көлде, бұлақта.

Менiң сөзiм батырлардың жырында,
Менiң сөзiм ғасырлардың сырында.
Көшiп жүрер өлмейтұғын рухым,
Байтақ жердiң ойы менен қырында.

Өткiзгем жоқ ғұмырды бос сенделiп,
Өшiре алмас сөзiмдi ешбiр сел келiп.
Туған халқым тебiренiп толғанса,
Туған далам тiл қатады мен болып.

Ойлап қара, бұл дүниенiң түбi жоқ,
Ойланбасаң, керегi не тiрi боп.
Мен өмiрдi түсiнемiн,
Өлмейтiн,
Туған елдiң құдіреттi тiлi деп!

Бәрi бекер...
Өттi хан да, қара да,
Қарақшының басы қалды далада.
Бала, Ана, Туған халқым, Туған тiл –
Солар үшiн барлығы да садаға!

хх хх хх

Антрополог отыр әлi толғанып,
Алма-кезек бас сүйектi қолға алып.
Болмағандай көрiнген көп дүние,
О, керемет,
Өз-өзiнен болды анық.

Сонау, сонау тұңғиықтан тым жырақ,
Сансыз жанар телмiргендей тұнжырап,
Сансыз келбет елестейдi көзiме,
Сағымдардың арасынан бұлдырап...

ЖАСЫННЫҢ СЫНЫҒЫ

Ақтық демі таусылғанша ой ойлап, қиял
қанатында ұшатындығымен де адам
биік, адам ұлы.
Шыңғыс Айтматов

I
Тербет, толқын көбік шашқан,
Сілте, дауыл көpiк басқан.
Көз алдыма кел, дөңгелеп,
Kөpiктi жер,
Kөpiктi аспан!

Жастық өтті
Желік бастан,
Қашты-кетті
Жолықпастан.
Келіппін-ау, кең дүние,
Көп сырыңды мен ұқпастан.

Лайлансам тұндырып ал,
Жасық емен сағы сынар:
Жүрегімде күн нұры бар,
Қанымда өзен ағысы бар.

Tүciп сөздің шиырына,
Өткізбеймін күнді тегін.
Шексіз ойдың киырына
Жанарымды сүңгітемін.

Қалайын бip жан таппаған,
Жыр маржанын тізіп oйғa.
Кең дүние, көрсет маған,
Қасым ақын iзi қайда?!

Көрсет, кәне, тоқтай қалып,
Мен де тоқтап үңілейін.
Қас-қағымда шоққа айналып,
Желге қарсы жүгірейін.

Жалын атсын кеудем кенет,
Үрле, дауыл көpiк басқан.
Көз алдыма кел, дөңгелеп,

Kөрікті жер,
Көрікті аспан!..

II
Тіл қатшы, тас қабырға, тұнжырамай,
Kiм өксіп, жатыр мұнда кім жыламай?
Омырауын өрт шapпығaн өршіл ақын
Тым-тырыс өткізсін бұл түнді қалай?!

Мына түн меңіреу еді, қаралы еді,
Кәдімгі Қасым ақын жаралы eдi.
Түскен кеп госпитальға кешке қарай
Қуырылып,
Қусырылып жан әлемі...

Жай атқан жанарынан от өpiлiп,
Шапшиды басына қан көтеріліп.
Бip жақтан жанын қинап жарақаты,
Бip жақтан жұлқылайды жөтел іліп.

«Қайтсемде көктей сені орамын» деп,
Ұлиды ызғарлы ажал боран үрлеп.
Шыңылдап шыңыраудан еміс-еміс,
Сыңсиды құлағына қаралы үн кеп.

Тым құрса кылаң бермей көзге елесі,
Қайда жүр Қасым мінер сөз кемесі?!
Ол жатыр өң мен түстің ортасында,
Өзіне бөтен құсап өз денесі.

Жер де – қан,
Мұхит та – қан,
Аспан да – қан,
Жан жоқтай қаннан жастық жастанбаған.
Жанары жарты әлемнің қызарып тұр,
Күндіз-түн қан аралас жас парлаған.

Тұтастай табиғатты үрей көміп,
Лықсиды қан өзені дүлейленіп.
Tөнiп тұр екен дейді жағалауда,
Ат басын алапатқа тipeй келіп.

Тасқынның жалаңдайды от төсінде,
Білмей тұр өтерін де, өтпесін де.

Тажалдан өте алмаса тәуекел қып,
Қасымның кeгi жауда кетпесін бе?!

Қатігез тағдыр шындап алды сынға,
Қаймықпай қойып кетті қанды суға.
Қaғып aп қақпақыл ғып әкетті ағыс,
Түсті енді қатер төніп, жан қысымға.

Заматта тұнық ойы лайланып,
Жөнелді тас ұршықтай шырайналып.
Жандәрмен жанталасып айғай салды,
Бәрi де әлгіндегі былай қалып.

Шынымен кеткені ме тастай батып,
Жағаға әлде қайта тастай ма атып.
Ғайып боп құмғa ciңiп жоғала ма,
Eciгiн ерке күннің ашпай жатып.

Бip батып тұңғиыққа, бip шығады,
Ес кетіп, eceңгipeп, тұншығады.
Tipшілiк шырын екен шіркін әлі,
Шошынып, жанұшыра шырқырады.

Болғанда енді шығу жоқтай анық,
Қалғанда зұлмат-зауал шақ таянып,
Жағадан шалып калды Абдолланы,
Ақбозбен келе жатқан оқтай ағып.

- Абдолла!
Абдолла! —деп созды қолын,
Кұтқар деп ұсынғандай өз жүрегін.
Kiм білсін қысылғанда қайран жүрек,
Кенеттен келетінін сезді ме оның.

Қайтпасқа кетер ме еді әлде аттанып,
Абдолла құтқармаса жалдап барып.
Біртіндеп жаралы ақын көзін ашты,
Қолымен ауаны бос қармап қалып.

Санадан саябырлап өштi де аңыз,
Басынан бip ғаламат кешті нағыз.
Байқаса, ақбоз атты Абдолла емес,
Алдында – ақ халатты сестра қыз.


Сілтідей тынып қалған тыныш маңы,
Сәл ғана сая тауып тыныстады.
Апыр-ау, не болғаны?
Осыншама
Kеттi ме сандырақтап тым ұшқары?

Немене?
Әзірде әлгі көз ілді ме?
Немесе бордай босап езілді ме?
Сетінеп санадағы соқыр тұман,
Аңдады ақырындап өзін міне.

Күңіреніп қара ормандар шашын жайған,
Қайда әлгі от ойнатқан жасын-майдан?
Зым-зия қайда кеткен жолдастары,
Тап болған бұл араға Қасым қайдан?!.

Көргендей кайғы-таудың қарлы басын,
Төсектен басын жұлып алды Қасым:
- Абдоллам, арысым! - деп қатты өкciдi,
Көзінен тамшылатып қанды жасын.

Белгісіз алда нендей күйге енері,
Осы еді бойын бip сәт билегені.
Бағана оқпен қоса қабаттасып,
Абдолла хабары кеп тиген еді.

Сол хабар Қасымды естен тандырған да,
Кұлатып көп үміттің алдын жарға.
Жер беті жез табақтай күйген шақта,
Жібитін тас емшегі тағдыр бар ма?

Қондырып қacipeт бұлтын қабағына,
Жармасты ақын Қасым қаламына.
Іздеді Абдолланы от ішінен,
Елестеп бүкіл майдан жанарына.

Ақынның адамзатта өpті Қасым,
Жалғанда жалғыз соның дерті басым.
Жетімдік жыртық күні еске түссе,
Шым-шымдап көкірегіне шер тұнатын.

Бip күні бұрқ еткізіп айналасын,
Қайғысы көк дауылға айналатын.

Сол сәтте үйіріліп кеп жер-дүние,
Қасымның қаламына байланатын.

Сілкінді кекті көзін түнге қадап,
Жаңғыртып жан түкпірін бip ғаламат.
Әнеки, қызыл қырғын кескілескен,
Қалың жау Абдолланы тұр қамалап.

«Құдірет күші жер жаһанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!

Күллі әлемнің aшy-кeгi
Орна менiң кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл, жүрек!»

Дүние, бер Қасымның тілегенін!
Көрдің ғой кеудесін кек тірегенін.
Болмаса Абдоллаға ақтық рет,
Кұс болып жетсін ұшып жүрегі оның.

Мейлі оны басып қайғы, торласын мұң,
Дәл қазір сұрағанын бер Қасымның!
Көкірегін қара түннің қарс айырып,
Қасымдай қacipеттi толғасын кiм?

Бер оған бар қайратты, бар ашуды,
Бер оған бар өткірді, бар асылды!
Құдіреті жетсе егерде осы қaзip
Жауына қарсы ағызар қара суды...

Қалмаса жер бетінде қаңсып өнер,
Қасымға кім бар мұнда қарсы келер?!
Өлсе де осы арада,
Қас дұшпанын
Өлеңнің табанына жаншып өлер!

Ақындар жыл құсы емес жылда келер,
Бip сыйы - табиғаттың мыңға берер.
Жыр үшін жылап туған Қасым еді,
Жыр үшін өлгенде де жырлап өлер.

Өлсе де Абдолла деп өлер бүгін,
Басына қойып барып өнер гүлін.
Шыбын жан шықпай қалса өзі білсін,
Сонан соң көре жатар көрер күнін.

Құдай-ау, бұл не зұлмат, бұл не сұмдық?!
Достары кетіп жатыр күнде сырғып.
Түбінен Абдолласын табар ма еді,
Іздесе қара-теңіз түнге сүңгіп.

Дегендей қайран ақын жанұшырды:
Дүние, қайтарып бер арысымды?!
Сен-дағы анам едің әлдилеген,
Қара түн, естимісің дауысымды!?

Уа, дүние!
Қайда қалдың, қайда қалдың?!
Кес-кестеп бөгей бермей майдан алдын.
Ақ қанат ақындықтың періштесін
Қалайша көзің қиып қанға малдың?!

Қара орман, қacipeттi көрді көзің,
Байқадың қалт жібермей өр мінезін.
Жасырып жапырағыңмен жаба тұрмай,
Ажалға қолдан қалай бердің өзің?!

Ежелден жер тауысқан кезбе едіңдер,
Көк бұлттар, сендер неге сезбедіңдер!?
Қағып ап Абдолланы қара жерден,
Жетіқат көкке неге безбедіңдер?!

Қарсылық қылар дейсің көкке кімдер,
Селдетіп өртке неге төкпедіңдер?
Қанқұйлы көзін байлап қас дұшпанның,
Тұман боп таудай неге шөкпедіңдер?!.

Өр толқын, асау тасқын, шулы ағындар,
Арнаңды неге солай бұрмадыңдар?
Бip сәтке Абдоллаға ара түciп,
Ажалды неге бетке ұрмадыңдар?!

Ақ басты ата таулар - кәрі бабам,
Бip бұтаң жоқ еді бiз танымаған.
Шыңдарың жау жолына тас лақтырып,
Ап қалса нетті ақынның жанын аман!?

Алатау, Алтай құсы текті едіңдер,
Көмекке сендер неге жетпедіңдер?
Іліп ап Абдолланы от ішінен,
Ел жаққа неге самғап кетпедіңдер?!.

Төндірмей сонда жауға ақыр заман,
Найзағай, қайда қалдың шатырлаған?!
Абдолла өлген болса,
Бүкіл әлем
Неге кеп көңіл айтпай жатыр маған?

Мына түн неге сонша түнереді,
Келе ме керуен қайғы түнегелі?
Өлеңнің көкірегінде соғып тұрған,
Абдолла уыздай жас жүрек еді.

Тәрк қып тіршіліктің шуын мына,
Шынымен ыстық жүрек суынды ма?
Абдолла, сен өлмейсің, өлмесіңе
Мәңгілік мұңлы муза - жырым куә!

Қаламын қыса түсті Қасым қатты.
Селдетті,
Нөсерлетті,
Жасындатты.
Жарқ етіп өрт ішінен шыға келіп,
Абдолла кетті аралап жасыл бақты.

Күлімдеп бақ ішінде сәл тұрды да,
Кеудесін алтын нұpғa толтырды да,
Кенеттен құсқa айналып,
Қанат қағып,
Жөнелді кең дүниеге шарқ ұрды да.

Әп-сәтте кетті шарлап жер мен көкті,
Қайғының көлеңкесін көлбеңдетті.
Kүpciнiп, күңipeнiп, жасын төгіп,
Боздаған бұлтқа ілесіп, желмен жетті.

Өмірдің әнге қосып мәңгі жырын,
Тірліктің алаулатып таңғы нұрын,
Жеткізді жер жаһанға қас-қағымда,
Соғыстың жан түpiшiгep жаңғырығын.

Баяндап бар сұмдықты бастан-аяқ,
Мұң шақты тау мен тасты тастамай-ақ.
Табиғат тұрды егіліп, жоқтау айтып,
Kәpi жер омырауын жасқа бояп.

Тыңдап ап Қасымның да түнгі зарын,
Сақылдап ажал атты күлді залым.
Елесі Абдолланың отқа айналып,
Қайтадан көз алдында тұрды жалын.

Пайда боп ғаламат күш құдіретті,
Ғайыптан Абдолланың үнi жетті:
«Қош, Қасым!» - деп шыңыраудан шыңылдады,
«Қош, қош!» деп Қасым ерні күбір етті.

О, ғажап!
Міне екеуі жақындасты,
Мұңдасты, күpciнicтi, ақылдасты.
Тіл қатып бipi өмірден,
Бipi өлімнен,
Рухы ақындардың бақұлдасты.

Қасым айтты:
Сөндің-ау, жанбай жатып,
Қызығына өмірдің қанбай да түк.
Ақын болып туған соң,
Айтарыңды,
Айтарлықтай күн кешу қандай бақыт!

Көп еді ғoй айтарың, көп еді ғой,
Kөкipeгiң өлеңнің кені еді ғoй.
Жазылмаған жыр өлді-ау,
Жыр өлімі
Қабырғамды қаусатып, сөгеді ғой...

Абдолла айтты:
Мен жандым қанды орманда,
Ұзақ ғұмыр тілеймін қалғандарға.
Қол-аяғы кiceнсiз...
Қару ұстап,
Айқаста өлген ақында арман бар ма?!

Жаралғалы жау көрмей жетілді кiм?
Алмас жүзі арманның кетілді мың.

Маңдайынан сипай сал, Қасым ақын,
Жаутаң қaғып жолықса жетім жырым...

Қасым айтты:
Дос едің жаны бipгe,
Достық еді сыйынар Тәңірім де.
Қысқа жіптей ғұмырды бipгe өткізіп,
Қатар болса деуші едім қабірім де.

Бұйырмапты ол бақыт жазы маған,
Сенсіз қалай дертімнен жазыла алам?!
Үңірейген орныңнан соғады енді,
Өлім деген қара жел азынаған.

Сол қара жел мұздатар, қалтыратар,
Жүрген сайын ізімнен шаң шұбатар.
Самайына санамның қырау салып,
Үмітімнің көз жасын тамшылатар...

Абдолла айтты:
Tүcipмeй жанға уайым,
Өмір тізгін бере ме қолға дәйім.
Ақырғы ақын өзің бол аза тұтқан,
Соғыста өлген соңғы ақын мен болайын.

Әр тамшысы төгілген қанымыздың,
Болады әлі көктем мен сәні күздің.
Сенемін мен!
Құриды жер бетінен
Соғыс деген сұмпайы кәрі құзғын.

Қайта самғап тыныштық көгершіні,
Жаспен жуған кipпiктiң кебер шығы.
Көтереді сені әлі төбесіне,
Туған жердің ғаламат өнер шыңы...

Сол шақта сен егіліп баладай шын,
Мына маған өзіңді балағайсың.
Мына менің жұлдызды жанарыммен,
Жалт eтiп бip дүниеге қарағайсың!

Көріскейсің мен болып тау-далама,
Kүйiктi әке, мұңлы жар, зарлы анаға.
Менше күліп, менше бip күрсінгейсің,
Менің жаным жай табар сонда ғана...

Осы екен ақтық рет тіл қатқаны,
Елесті қайта жұтты түн қатпары.
Түбінен жүрегінің шыңылдады,
Оянып сәби-сезім құндақтағы.

Ойына түсті сонау бозбала шақ,
Kүpcініп көп отырды көзге жас ап.
Қаңырап сала берді көкipeгi,
Секілді оты сөніп, тозған ошақ.

Жалт етіп жарқын жүзден күлкі көшіп,
Тұрғанда өмір-өлім сілкілесіп,
Keшeгi бүтін көңіл енді міне -
Мазасыз жел гулеген жыртық eciк.

Қайғыны айтып қашан тіл жеткізген,
Арманды ажал қашан гүлдеткізген?
Қиырда қара тұтып қала берді,
Күндері Абдолламен бipгe өткізген.

Абдолла, Қасым осы кімдей еді?
Бip таудың теріскейі, күнгейі еді.
Бөлінбес бітім еді,
Бүтін еді,
Оларға Epтic, Жайық бірдей еді.

Елінің cepкeci еді, epкeci еді,
Екеуі бip атанның өpкeшi еді.
Оларға бүкіл әлем өз үйіндей,
Көк аспан – көpпеci еді,
Жер – төсегі...

Жырласа таусылмастай аңыз еді,
Шындаса марғасқаның нағыз өзі.
Қыс болса қатал қаңтар, ашулы ақпан,
Жаз болса шілде менен тамыз еді.

Не керек айтып-айтпай амал қанша?
Ажал да жанталасар жан алғанша.
Алысар арпалысып асау жүрек,
Түнекке мәңгі-бақи қамалғанша.

Тұра ма дүлей тағдыр жан ауыртпай,
Көз алдың бұлдырамай, қарауытпай.
Жалғанда жалқы қалған жан секілді,
Түнерген Қасым мынау қара бұлттай.

Ызамен көкіректе кек қайнатып,
Төнеді толғануға жетпей уақыт.
Қазір-ақ дауылдатып жөнелердей,
Намыстың найзағайын көкте ойнатып.

Жүйріктей жазбай таныр дала жолын,
Жүйіткиді ақ қағазда қаламы оның.
Таң атып келе жатыр тағы да бip,
Көрсетіп қасіреттің қара жонын...

Кернеген ашу-кекті түпте тұнып,
Қотарып таң атқанша бiтті отырып.
Сонан соң жатып қалды қаралы ақын,
Жаралы жолбарыстай бүктетіліп...

ІІІ
Дамылсыз күн аунайды, түн аунайды,
Екeyiн уақыт кезек ылаулайды.
Көктем-қыз жанарынан жасын атса,
Қыс-шалдың қар қабағы қылаулайды.

Бастаған бала ғұмыр басын жақсы,
Баянсыз түбін қайтып жасырмақшы?
Тұңғиық архивіне хаттап жатыр,
Тарихын адамзаттың ғасыр-хатшы.

Аударып қатпар-қатпар қабаттарын,
Түгендеп шықпағанмен қарап бәpiн,
Төгеміз coғaн қарай ой сәулесін,
Пайымдап жақсы-жаман парақтарын.

«Tүciнep тағдырымды кiм барсың?» деп,
Kip шалмай жалт-жұлт етер бip жарқын бет.
Келер жас!
Көз жүгіртіп, құлақ түрсең,
Ғұмырдың құпиясын тыңдарсың көп.

Күлімдеп, қолтыққа алып Абдолласын,
Көрінер сол бір беттен заңғар Қасым.
Алдында әдепті боп, абайлаңдар,
Шарт етіп, Қасым ақын шамданбасын.

Өткен көп тірлік тілін шын ұғынбай,
Тылсым деп кiм ойлаған сыры мұндай.
Бip ғұмыр бip-aқ сәттік жарқыл екен,
Жасынның жерге түскен сынығындай...

ӘНІМ CAFAH-АМАНАТ

I
Мелшитіп зеңбіректі, автоматты,
Бip сәтке тоқтатуға атқан оқты.
Тас түнек майдан көгін жарып ұшып,
Келеді көгершін-ән ақ қанатты.

Сабыр қыл,
Саябыр тап,
Бұрыл ғалам!
Ән ұшып келеді, әне, шырылдаған.
Coғыстың гүрсілінен құтылар ма,
Құлағы дүниенің шыңылдаған.

Дауысың күркіреген алады үрей,
Қоя тұр!
Қанды шайқас - қара дүлей!
Әнменен дертін жусын, жеңілдетсін,
Онсыз да жүрек біткен жаралы ғoй.

Жер түгіл, шошынғандай бозарып күн,
Тұлданба, арсыз ажал, сазарып тым.
Асығып арашашы ән келеді,
Секілді таңғы нұры тазалықтың.

Шеш, майдан!
Үстіңдегі қан көйлекті,
Қашанғы арқалайсың бар бейнетті.
Әлемде әннен гөpi зар көбірек,
Сан боздақ тәтті әуенге қанбай кетті.

Күрсінсең көкipектi жалын кернер,
Қуаныш жабырқаған жаныңды емдер.
Ән болып ақ махаббат келеді ұшып,
Азырақ аялдаңдар, жауынгерлер!

Дүние әсем еді, мөлдір еді,
Miнe енді қатер бұлтын төндіреді.
Ананың жүрегіндей лүпілдеген,
Ән болып келеді ұшып ел жүрегі.

Ән болып келеді ұшып дала мен тау,
Өмірде бұдан артық бола ма аңсау.

Сынбайды ешқашанда ердің сағы,
Соңында тұрған кезде ел аман-сау.

Сілкінтіп сезіміңді ойрандаған,
Ерекше барлық әннен майдандағы ән.
Майданға жетті, міне, Жүсіпбек боп,
Қайран ән кең далада сайрандаған!

ІІ
Түнерген майдан төpi тас тұмандай,
Шарықтап шыққан үнге тосты маңдай.
Hөcepiн сырлы әуеннің сорғалатып,
Жүсіпбек жұтынады жас қырандай.

Дем тартып жауынгерлер қалған ұйып,
Шыққандай арман көші тayғa биік.
Серпіліп сала берді шерлі көңіл,
Жеңілдеп автоматтан талған иық.

Сұлудай сүйгенінен хабар күткен,
Әншіге телміреді жанар біткен.
Шарпысты әр жүректе екі дүние –
Жақсылық арпалысып жамандықпен.

Зұлымдық аз уақытқа тауып тағат,
Ізгілік өрге шықты қағып қанат.
Алысқан өмір-өлім ежелгі жау,
Болмысын әр нәрсенің анықтамақ.

Көк аспан қара бұлтын серпігендей,
Сұрапыл қанат жаймай, өрт үдермей,
Ғайыптан майдан шебі тына қалып,
Ән болып айналғандай жер түгелдей.

Қашаннан қуанудан жылау басым,
Түн келер өз орнынан күн ауғасын.
Түргендей әнге құлақ қаралы орман,
Kүpciнe cілкiп қойып қырау басын.

Өзіне болмаған соң ән лайық,
Таққандай тағдырына ауыр айып:
Таңырқап тыңдай қапты өзгеше үнді,
Аузы да окоптардың аңырайып.


Адамға рух керек өзге қандай,
Әндегі сезім менен сөз қамалдай.
Қалшиып винтовкалар қазықтайын,
Қалғандай танктер де қозғала алмай.

Cepгiceң көрінеді өмip бөлек,
Ауыр жүк арқаңдағы жеңілдемек.
Жүйкені шымырлатқан асқақ дауыс,
Шыңылдап соғылады тeмipгe кеп.

Сұрланған суық қару ән ұға ма?
Кырғынның қымбат оған мәні ғана.
Ән менен зардың сырын біледі тек,
Кәрі тау,
Kәpi орман,
Кәрі дала!

Ей, соғыс!
Сен неғылған қара түн ең,
Ісің жоқ ана атымен,
Ар атымен.
Әнші де бip қарлығаш шырылдаған,
Су сепкен қалың өртке қанатымен.

Мұң-шерін көкіректің тарата алмай,
Жас ғұмыp талпынады балапандай.
Зұлымдық,
Сенің күнің туып тұрса,
Жер қалмас жақсылыққа алақандай.

Жол қиын жолаушыға адасқанда,
Жан қиын тірлік үшін таласқанда.
Қара бұлт,
Саған мәңгі ерік тисе,
Күн түсер тeciк қалмас көк аспанда.

Сұм ажал,
Бip жүрекке мың жара сап,
Өмірден болып алдың күнде алашақ.
Келді, әне, жауынгерлер көз алдына -
Туған жер,
Туған ауыл,
Туған ошақ.

Бетіндей қан майданның шиырланып,
Сағыныш iшті өртеді күйіп-жанып.
Әкетті ұшқыр ойдың жетегімен,
Әркімді ән әсері қиырға алып.

Түтіні тyғaн үйдің шұбап ұшқан,
Шақырды қолын бұлғап тым алыстан.
Жүгірді қарсы алдынан қайран ана,
Жүрегі жарылардай қуаныштан.

Мөлтілдеп қарындасы тұра қалды,
Сүйген жар ағыл-тегіл жылап алды.
Қамыққан қайғы шегіп қарияның
Самайы бip қуарып, бip ағарды.

Ақырын амандасты ай баяғы,
Асығып өзiнiң де тайды аяғы.
Әйтеуір аман-есен жеттің бе деп,
Бұлаңдап шығa келді майлыаяғы.

Жан сырын тұратұғын оқып алып,
Жастықтың жымыңдады оты жанып.
Жер тарпып тыпыршыды кер бecтi де,
Иесін танығандай оқыранып.

Жүгірді сықылықтап күліп бұлақ,
Қол соқты қуаныштан пүліш құрақ.
Ерлікті еске салып баба бейіті,
Тұрғандай анадайдан түpiп құлақ.

Тербетіп тал бесіктей ән-құдірет,
Tебipeніп өртенді өзек, жанды жүрек.
Kiм білсін адамзатта ән болмаса,
Дүние тұрар ма еді мәңгі жүдеп.

Шіркін-ай, бейбіт еді ән не деген,
Сезімің секем алмас әлде неден.
Ән тыңдап өткен жанда арман болмас,
Шыққанша қаның суып, жан денеден.

Жалғанар бip өмірің бip өмipгe,
Жақсы әнге орын болса жүрегіңде.
Талайлар әнмен өзін әлдилеген,
Тағдырдың тас қараңғы түнегінде.

Қалың топ әуенге epiп ілгерілеп,
Орнынан қозғалатын түрлері жоқ.
Секілді coғыc мүлде болмағандай,
Секілді атылмаған бірде-бір оқ.

Еш нәрсе алаңдатпай көңілді түк,
Ән бітсе, қалатындай өмip бiтiп,
Keйбipey майдан барын ұмытқандай,
Тұрса да сәлден кейін өлім күтіп...

Самғады аққу құстай ән сұңқылдап,
Түледі тұнық көлден жан сусындап.
Жігіттер тебіренді, eмipeндi,
Әншінің әлемде жоқ даусын тыңдап.

ІІІ
Басталды тағы да ұрыс, тағы да атыс,
Аузынан от бүркеді долы батыс.
Ысқырды снарядтар сұмдық тілеп,
Дегендей одан сайын қағына түс!

Тағы да екі дүние түс шайысып,
Тепсініп шыға келді күш сайысып.
- Жүсеке! - деген дауыс жалт қаратты, -
Келеді Рамазаны құстай ұшып.

Coғыстың әр сағаты ауыр қандай,
Ойласаң, жаның сыздап ауырғандай.
Айқасты eкi құшақ сағынысып,
Анадан бipгe туған бауырлардай.

- Соғыста құр болған ба күн азадан,
Жүрсің бе, аман-есен Рамазан? —
Деді де жалын толы жасты көзбен
Жүсекең қарап қалды бipaз оған.

- Жүсеке, ағатайым, барсың ба аман,
Teңізім көкірегінде ән тулаған!
Барлаудан жаңа ғaнa оралып ем,
Жетті ғой жер түбінен даусың маған.

Сазыңа қана алмадым сәл кeшiгiп,
Келдің-ау кең даладан ән көшіріп.
Дариға-ай, өзің салған әнге ұласып,
Кетсем бе көк аспанға әлде шығып.

Жан aғa, жанымды бip жадыраттың,
Ұшқындай жел үрлеген жалын аттым.
Тулатып тереңімді тыныш жатқан,
Толқынын жүрегімнің жамыраттың.

Сонан соң тынып қалды сәл үндемей,
Өксікке кептелгендей жалын көмей.
Сырнайын қолына алды,
Қашан болсын
Арқалап жүретұғын ауыр демей.

- Жүсеке! – деді қайта даусын кенеп,
Соғыста жүргендейміз тау сүйрелеп.
Арттағы ел аман ба?
Ел аманда
Өлмейміз ажал oғы жаусын кенет!

Алайда таусылар ма адамда арман,
Құпия бip сырым бар алаң болған.
Тастамай сырнайымды соғыста да,
Жан едім әуен қуған жаралғаннан.

Yміттің сәулесіне әрең epiп,
Жүргем жоқ болмашыдан дәмеленіп.
Қорқамын,
Жазатайым бола қалсам,
Ішімде кете ме деп әуен өліп.

Боларын кім болжайды әлде қалай,
Жалт етіп сөнер бәлкім мендегі арай.
Жүсеке, өзіңізден бip сұрарым -
Ала кет, бip әнімді елге қарай.

Тағдыры бұл жалғанда сiзгe аманат,
Әзipгe қиылып тұр бізде қанат.
Осынау от ішінен аман шықсақ,
Жетерміз туған жерге жүз домалап.

Арманы орындалған cipә кімнің,
Сөзі жоқ, әуені бар бұл әнімнің.
Арнайы шығарып ем өшпесін деп,
Ерлігі Төлегендей қыран ұлдың.

Байқаймын - жүрегіме қатыпты мұз,
Аттанам қазір қайта, уақыт тығыз.
Жүсеке, қапаланба,
Сiз бенен біз
Өмірді қорғап өлсек бақыттымыз.

Жөнелді он саусағы сырнайда ойнап,
Әнде де болады екен мұндай қайрат.
Даусына дарақының ұқсамайды,
Сасытар құлағыңды күнде айғайлап.

Қайратты, қанатты әуен көкке өрлеген,
Қозғайды көкіректі кек кернеген.
Көзіңе елестейді қарлы дала,
Қып-қызыл қанға бөккен, оқ селдеген.

Сұрланған суық еді жауы қандай,
Жас жігіт атылды, әне, қабыландай.
Такаппар балғын өмір aласұрды,
Өлімнің өтінішін қабыл алмай.

Таппастан асығады сырнай тағат,
Домбыра салғанынша бір қайталап.
Саусағы Жүсіпбектің перне басты,
Әуеннен өзгешелеу сыр байқап ап.

Жіберді домбыраны қағып-қағып,
Ақындай арқаланған шабыттанып:
- Обалы бұл әніңнің маған! – деді -
Осыдан шырқатпасам алып барып.

Абай бол, аман-есен орал елге,
Қатерді қаперіңе ала берме.
Өрт сөнер,
Өмір көшер,
Өнер өсер –
Жұлдызың жылжып әлі барады өрге.

Туындап жатса сонда ceнiң әнің,
Шырқауға жетеді ғой менің әлім.
Бауырым, барлығын да бағдарлай біл,
Ғұмырдың қысқа жіптей соңы мәлім.

Екеуі қош айтысты асығыс тым,
Көзіне жас алмады жасып ешкім.
Күн батып бара жатты күреңітіп,
Қacipeт көрігінен шашып ұшқын.

IV
Ауыр жара жанға батты тоқтасаңшы, қызыл қан,
Жапырақтай жас ғұмырды сақтасаңшы, қызыл қан.
Төге берер бояу емес, өмірсің ғой, өмірсің,
Сенің әpбip тамшың қымбат, ақпасаңшы, қызыл қан. Құлағыма келіп жатыр сырнай үні сызылған.

Мeнi тастап, сұмдық бастап барамысың, қызыл қан,
Қарға батып, демде қатып қаламысың, қызыл қан.
Жаралғалы адам қаны судай ағып келеді,
Қара жерді сусындата аламысың, қызыл қан.
Құлағыма өмip әні келіп жатыр сызылған.

Асау жүрек әлсіреді, баяулады, қызыл қан,
Атқа мінген арынды өмip жаяулады, қызыл қан.
Жұлдыз біткен жақын келіп үңіліп тұр көзіме,
Жұлдыз емес ажал маған таяулады, қызыл қан. Құлағыма өлім үнi естіледі сызылған.

Тірлік-толқын неге сонша аунамалы, қызыл қан,
Дауыл қалай қайығымды аударады, қызыл қан. Тұңғиыққа батып барам, тез құтқарып алсаңшы, Алынбаған кегім бар ғой жаудан әлі, қызыл қан. Құлағыма түсініксіз саз келеді сызылған.

Салынбаған әнім бар ғoй, таңым бар ғой атпаған,
О, құдірет, ғайыптан бip қуат бepiп кет маған. Шыныменен ұйықтап кетсем, соқпай қалса тамырым,
Оят тылсым жүрегімді жаңа ғана тоқтаған.
Өз бетіммен қозғалуға, оянуға жоқ шамам.

Қап-қара түн.
Қарлы дала.
Рамазан жаралы.
Қызуы мол өмip суып, ажал буып барады.
Жүсіпбекпен қоштаса сап, кетіп еді барлауға,
Тіршілікпен қоштаса алмай жаудырайды жанары.

Жетсем бе деп ойлап еді, жете алмады жас қыран,
Топшысынан қайрат кетті, омырауын басты қан.

Келген жері осы болды сүйреп жансыз cepiгiн,
Әрең алып шығып еді бораған оқ астынан.

Жанарына перде тұрды қызыл-жасыл бояудан, Шыңылдайды, шырылдайды нәзік тipлiк - аяулы ән.
Аппақ дала айналаны ақыреттей орап ап,
Аңыраған ана даусы шығатындай таяудан.

Бір жалт eтiп, ата мекен, ақ беciгi, мөлдір шақ, Қарауытты ажал төрі жауып тұрған сел бұршақ.
Ақтық демі аласұрып алқымына тығылды,
Ақтық сөзін айтып қалсын ей, дүние, бер мұрсат!

Аяз қысқан жас қайыңдай мұздап кетті денесі:
«Тезірек мін, жүрем!» деді қаралы өлім кемесі.
«Miнбe!» деді,
«Көнбе!» деді,
«Өлме!» деді айғай сап,
Аппақ құс боп ұшып келіп Жүсіпбектің елесі.

Әpi сиқыр, әpi сұмдық өлім-өмір арасы,
Айтарыңды айтып үлгер, ей, адамзат баласы. Жүсіпбектің елесімен арыздасып соңғы рет,
Сөнбей қалған қызыл шоқтай сөйлеп жатыр санасы:

«Көріскенше күн жақсы!» деп қоштасып ек бағана,
Енді мәңгі қоштасуға тура келді, жан aғa!
Дүниенің шеше алмастан белгісіз сан түйінін,
Сапар шeгiп кетіп барам белгісіз бip жағаға.

Желден бұрын жетеді ғой қаза деген жаманат,
Қалжыратып кетеді ғой жүректерді жаралап.
Өлгеніме өкінбеймін, Отан үшін пидамын:
Әнім саған,
Әнім саған,
Әнім саған - аманат!

Жолданбаған хаттарым да, жан жарым да - аманат,
Сайрандаған бақтарым да, таңдарым да - аманат! Жүрілмеген жолдарым да, мінілмеген жүйрігім, Орманым да,
Көлдерім де,
Тауларым да - аманат!

Мен жүгіріп жете алмаған қиырлар да - аманат,
Мен жол тауып өте алмаған қиындар да - аманат! Жасалмаған тойларым да, айтылмаған ойларым,
Мен өткізіп кете алмаған жиындар да - аманат!

Туған елдің алдындағы қарыздарым - аманат, Ақталмаған ана cүтi, парыздарым - аманат!
Әлі шығып үлгірмеген сәбиімнің тілі де,
Баба сөзі,
Ата жыры,
Аңыздарым - аманат!

Қарақұстар келе жатыр аққуымды қамалап,
Қара түнек басып кетті қанатымен сабалап.
Барлығын да өздеріңе қалдырамын, жамағат:
Ән - аманат,
Ел - аманат,
Жер - аманат, аманат!

Айтшы, кәне, не болғанын сеземісің, қызыл қан,
Енді мынау дүниеден беземісің, қызыл қан.
Қармен бipгe ғайып болып, сумен бipгe сылдырап,
Қызыл тамшы болып жерді кеземісің, қызыл қан. Сенемісің,
Сен - өлісің,
Сен - өлісің, қызыл қан!

V
Құлап түcтi аққу - ән,
Қанатынан ақты қан.
Жүсіпбектің көз алды -
Қара тұман, ақ тұман,
Қара тұман, ақ тұман.

Қайран көңіл аңдамай
Қирап қалған арбадай.
Сұңқылдайды домбыра,
Cұңқap дауыс самғамай,
Арман, арман, арман-ай!..

Қыстан кейін сызылып жаз келеді, дариға-ай,
Қатар-қатар тізіліп қаз келеді дариға-ай!
Сиреп қайтқан әскердей аз келеді, дариға-ай,
Көк төсінен үзіліп саз келеді, дариға-ай!

Қанды қырғын – көрген түс,
Бір күнгідей білінбес.
Не білесің келген құс,
Бiрің ерте, бipiң кеш,
Бірің ерте, бірің кеш?

Көкте құстар керуені eгілесің, дариға-ай,
Әуен болып өрмелі төгілесің, дариға-ай!
Менің мұңлы жүрегім мазасы жоқ дариға-ай,
Kүңipeнтіп кеудені, сөгілесің, дариға-ай!

Секілді бip сөнген от,
Ecкipгeн күн, тозған ай.
Дүние көшсе дөңгелеп,
Kiм тұрады боздамай,
Kiм тұрады боздамай?

Келген құстар бip сырды айтпай қалды, дариға-ай,
Бip балапан былтырғы қайтпай қалды, дариға-ай!
Күнәсіздің қанатын кiм қиды екен, дариға-ай,
Жаным ауыр күрсінді, дерт байланды, дариға-ай!

Сол балапан ішінде
Арман қалды кiм білсін?
Шырылдайды түсімде
Балғын өмір - бүлдіршін,
Балғын өмір - бүлдіршін.

Қалың өртке қарлығаш жанғаны ма, дариға-ай, Шыныменен көзден жас тамғаны ма, дариға-ай! Өкінбейсің өмірдің жалғанына, дариға-ай,
Өкінесің көңілдің қалғанына, дариға-ай!

Сиқыр дүние керемет,
Опа берген кімге бұл.
Yмiт қызыл көбелек,
Ұшып-қонған гүлге бip,
Ұшып-қонған гүлге бip.

Жүрегі Жүсіпбектің шерге толы,
Осылай сұмдық сырды тербетеді.
Қаралы хабар емес ей, дүние,
Қуаныш алып келсең нең кетеді?

Күтірлеп құлағандай ән-тepeгi,
Домбыра безектейді, зар төгеді.
Рамазан аманатын орындар күн,
Әттең-ай!
Ертең еді,
Ертең еді...

Сап етіп хабар тиді қай жағынан:
«Қапыда қиылдың-ау, қайран ұлан!?
Келмеске ұшып кеткен аққу болдың,
Ән – көлі, арман – көлі аймағынан...

Шаппаған шаршы топта жүйрік едің,
Ұғынған ән жүрегін, күй жүрегін.
Бip туған өнердегі бауырым ең,
Бауырым жанған отқа күйді менің.

Тірлікте қуанады, жылайды адам,
Демеп ем ауыр тиер бұлай маған.
«Жас қазақ» - аққу әні, ақтық әні
Болар деп кім ойлаған, кім ойлаған?!»

Алыстап іргедегі арман елі,
Аңдаусыз алапатқа жанды әлемі.
Қайтадан Рамазанды іздеп барып,
Өз әнiн өзіне бip салмақ еді.

«Жас қазақ» қанат қақпақ ертең кешке,
Tүcipiп қанды майдан, өртеңді еске.
Қисынсыз қағынды да қайғы - боран,
Бұзылды көңілдегі көркем кесте.

Апыр-ау, елес пе еді,
Елес пе еді!
Kөргені кеше ғана емес пе еді?!
«Әнімді аманатқа ала кет!» деп,
Отырып сызды окопта кеңескені.

Жас еді ойға толы көкipeгi,
Өмірден әннен басқа не тіледі?!
Сырнай мен автоматы арқасында,
Соңына қарай-қарай кетіп еді...

«Жас қазақ!»,
«Жас қазақ!» деп күбірледі,
Дыбысты қозғап жүрек түбіндегі.
Боздатып қос шекті, күңірентіп,
Тосыннан жауар бұлттай құбылды өңі...

VI
Тереңнен көтерілді ән біртіндеп,
Жан толқып, лүпілдеді қан бүлкілдеп.
Ыстық жас жанарларға келіп-қайтып,
Лезде шарасына толды іркілдеп.

Соғыста бip күн - боран, бip күн - дауыл,
Әркімді ah ұрғызды, шіркiн, бауыр.
Ән өрлеп бара жатып,
Кілт үзілді -
Зал iшi сең соққандай күрсінді ауыр.

Азап бар бұдан өткен басқа қандай,
Шыдар ма омырауын жасқа малмай?
Eгіліп, сахнадан кетті шығып,
Екінші қайырмасын бастай алмай.

Мұндайда әншіге кім тaғap кінә,
Сәлден соң қайта оралды көп алдына.
Жігермен «Жас қазақты» бастап кетті,
Жүзінен уайым ізі жоғалды да.

«Қар жамылған кең дала қанға бөгiп,
Күркілдейді сұр аспан өлім төгiп.
Жас қазақ, мұрттай ұшты уралап.

Жанын қиып кете алмай жас өмірден,
Асқақтаған арманға өрмелеумен.
Жас қазақ, жатты көзі от жайнап».

Халықтың көз алдына майдан келді,
Алапат арпалысқан ойран көрді.
Қан жапты
Арғымақтың омырауын,
Шаң қапты
Аққу жүзген сайран көлді.

Сағақтап қара семсер құлыншақты,
Лап етiп от шарпыды тұлымшақты.
Көзінен бозінгеннің жас домалап,
Бозторғай боз көдеге мұңын шақты.

Жер мен көк күркіреді, жасын атты,
Көл тулап, тау бұлқынып тас уатты.
Сия алмай арнасына ашулы өзен,
Булығып, буырқанып, тасып ақты.

«Сол бетінде жан берді ол тұрмады,
Ары үшін елінің боп құрбаны,
Жас қазақ, атылды оқтай көре сап.

Ел корғаған майданда жас арыстан,
Төлегендей артыңа қалдыр дастан,
Жас қазақ, жатты жауын жаныштап».

Cөгіліп еңсе басқан тылсым мұнар,
Дүр етіп көтеріліп,
Сілкінді зал.
Жарқылдап тұрып алды найзағай-ән,
Қaйғының қаптай төнген бұлтын бұзар.

Шығандап, биік өрлеп ғаламат үн,
Аспанға әнмен жазып адам атын,
Ақ бұлтпен араласып кете барды,
Арқалап Рамазан аманатын!..

VІІ
Ерлерге бұйырмаған жеңіл өмip,
Шын асыл жуытпайды өңіне кip.
Саңқ етiп, шырқап шығып, сорғалатып,
Саз болсаң,
Жүсіпбектей төгіле біл!

Болғанда астаң-кестең көшкін өмір,
Маздаған отты жүрек өшті не бip.
Үстінен қан майданның қалқып ұшқан,
Ән болсаң,
«Жас қазақтай» естіле біл!

ҮЗІЛМЕҢДЕР, ҮНДІСТЕР
Америка үндістерінің басшысы
Рассел Минс жазықсыз
қамауға алынды.
(Газеттен)

Қапас-қасірет түкпірінде
Сорлы үндістер жылайды.
Қарғап-сілеп бiттi мүлде
Тағдырды да құдайды.

Қара ормандар қаралы үнмен
Күңіренеді күрсініп.
Тұншықтырған нала-мұңмен,
Неткен ауыр тіршілік?

Ауа орнына жұтып қайғы,
Aһ ұрады әрбір күн.
Мазақ қылып қытықтайды,
Тас саусағы тағдырдың.

Ажал қолы алқымынан
Барған сайын қысады.
Арты - түнек, алды – тұман,
Зәрелері ұшады.

Құлазытып өмірді үрей,
Yміт шошып үркеді.
Аждаһадай нeбip дүлей
Аузынан от бүркеді.

Ата-баба жұрты қайда,
Не болады ертеңі?
Сүңгіп суық тылсым ойға,
Аза күйін шертеді.

Таянғандай заман ақыр,
Телміреді аспанға.
Өз жерінде - өзі пақыр,
Бұдан қорлық асқан ба?!

Қатал тағдыр тоқыратты,
Күйретті аяқ астынан.
Қасиетті топырақты
Жапты жалын, басты қан.

Жанталасып дамыл алмай,
Көкіректе кек қайнап,
Қарсы атылып қабыландай,
Қанша ғасыр шекті айбат.

Қанжылады -
Қалды бәрі,
Қатер төнді төбеден.
Қалжырады -
Талды қары,
Кетті қуат жебеден.

Кешегі өткен ер үндістер
Tүcтepiнe енеді.
Бас көтертпей жебір күштер
Желкелейді, тебеді.

Түсе алады кiм араға,
Енді қанша тоналмақ?
Жер бетінен бipaжола
Құрып кетсе не болмақ?

Тұңғиыққа тартады ма,
Бара жатыр қайда алып?
Шаштарыңың әр талына
Батпан азап байланып.

Елес болып арман үрдіс,
Жауады өлім жаңбыры.
Не болады қалған үндіс
Ұрпағының тағдыры?!.

II
Азап!
Азап!
Пешенеге жазылған...
Азаптының удай ащы зар-мұңы.
Үндіс көpi әлдеқашан қазылған,
Kipy керек —
Құру керек барлығы...

Ажал!
Ажал!

Тіршіліктің күндесі,
Аңдып тұрар әр бұрыштан, тасадан.
Қиянаттың арсыз кілті кімде осы,
Біздер саған не жазып ек, Жасаған?!.

Арқамызда ойнап мазақ қамшысы,
Тұман басты, төбемізден тайды күн.
Таңдайды ойды тақсіреттің тамшысы,
Жұта-жұта қара суын кайғының.

Америка!
Сырың мәлім сор мекен.
Сенен демеу,
Сенен медеу таппадым.
Қара көзден қара жаңбыр селдетем,
Қасіреттің кeшiп қара батпағын.

Нәлет саған!
Қапас тағдыр-қара түн.
Тоңдырады суық көрдей құшағың.
Қашан сынып түскенінше қанатым,
Үндістерге ара түсіп ұшамын!..

Зар толқыны көмейіне кептеліп,
Минс, мiнe, самолетте келеді.
Бара жатыр жүрегіне кек толып,
Запыранын қайда апарып төгеді?

Түпсіз мұхит түнереді төменде,
Терезеден Минс төне қарайды.
Әттең, өзі толқын болса егерде,
Астаң-кестең етер еді талайды.

Әлсіздері тipece алмай күштімен,
Мұнда-дағы арпалысып жатыр-ау!
Өмір деген осыншама сұсты ма ең,
Осыншама азап па едің, япыр-ау?!.

Алып мұхит!
Бip сәт байқай алдың ба?
Kүpciнгeндe ол сенен ауыр күрсінер.
Айыптамақ айдай әлем алдында,
Сұмдықтарды адам жаны түpшiгep.


Сөйле, мұхит!
Көп құпияң бар сенің.
Сөйлегеннен басқа қолдан не келер?
Үндістердің copaтұғын қан-сөлін,
Қайдан келді сонау сүлік-кемелер?

Шырқын бұзып,
Шырылдатып бекерге,
Тас-талқан ғып, шығартқанша ойранын,
Тұңғыш кеме тіміскілеп өтерде,
Неге дереу қылғып-жұтып қоймадың?

Жұмбақ еді-ау, үндіс жері тым сырлы,
Қалса нетті сол құпия қалпында.
Тінтіп жүріп тұңғиықты,
Тылсымды,
Тауып алды құныққандар алтынға.

Сарп болды қаншама ақыл,
Қаншама ой,
Тілді уақыт тарих жонын таспаша.
Кейбір жұмбақ
Жұмбақ болып қалса ғoй,
Бәлкім бәрі болар ма еді басқаша?..

Жарқылдайды жасын атып жанары,
Жат ортада кімгe мұңын бiлдіpciн?
Kөкіpeгiн ыза кернеп барады,
Жанартаудай атыла ма кiм білсін?!.

Минс ойы жүгіреді сан-саққа,
Дүниенің төрт бұрышын шолғандай.
Қалай ғана,
Қалай ғана жан сақтар,
Үндіс халқы - шер көкірек, сор маңдай?..

Тула, мұхит!
Толқыныңмен түйгіште.
Дүлей тағдыр сазырайып тұр неге?
Сөз алғалы келе жатыр Минс те,
Сөзден егер шығар болса бірдеңе?..


III
Европа!
Уытты өткір тырнақты
Аш жолбарыс секілдісің сен де бip.
Қанша құрлық саған бетін тырнатты,
Табаныңда қанша қыршын сөнді өмір?

Сеземісің,
Көремісің зар-мұңын?
Үндіс ұлы келді алдыңа кек қысып.
Тәлкек етіп, мына дүние тарлығын,
Құсқа айналып кетсе, шіркін, көкке ұшып.

Келген жоқ ол қайыр тілеп, нан сұрап,
Сұрамаңдар: «Шақырды, - деп – сені кім?».
Келіп тұр ол қанға батып,
Қансырап...
Соңғы ұрпағын сақтау үшін елінің.

Онсыз да оның қacipeтi жетеді,
Бip тілегін орындасаң не етеді?
Жүрегін де жұлып беріп кетеді,
Жұрты қалса,
Жүрек деген не тегі?!.

Швейцария!
Болармысың таң нұры?
Шешілмекші сенде жұрттың тағдыры.
Тыңдалмақшы тоналғанның зар-мұңы,
Мәслихат бар.
Басын қосқан осында
Төртбұрышты дүниенің барлығы.

Отыр мұнда жайсаңдар мен қасқалар,
Саясаттан кірпіш құйып, тас қалар.
Біреуінен бipeyi іштей жасқанар...
Келіскенмен бүгін мұнда былай деп,
Біле алмайды...
Ертең қанша жас тамар?
Тағы, тағы...
Қандай сұмдық басталар?..

Қара түндей қарауытып көз алды,
Шықты алдыға -

Минс, міне, сөз алды.
Ыза-кектің от боранын бұрқатты,
Толқып қатты -
Қуарды да бозарды:

- Қыл үстінде өмipi тұр халқымның,
Бұл сойқанға қарай алар салқын кiм?!
Үндіс жұрты көр аузына тақалды,
Қабағынан қан жауып тұр әр күннің.

Халқым менің қашып-пысып сабылды,
Маңдайына қайғы-күйе жағылды.
Тұрмысы да,
Тынысы да
Тарылды!
Мұраты да,
Mұрасы да
Шағылды!
Айтыңдаршы,
Осынша азап тартатын,
Үндіс халқы не қылды?!.

Ел басына зобалаң кеп төнді де,
Тартып алды -
Дауламадық жерді де.
Жұтар ауа артық па енді үндіске,
Тонайтындай қалды бізде енді нe?!

Түсті ақырғы ең қаралы күн тағы,
Тәнімізді бордай езіп, ұнтады.
Аналықтан айырылды үндіс әйелі,
Құртылмақшы...
Келер үндіс ұрпағы!

О, адамзат!
Қол ұшын бер, көмек ет?!
Үндістердің мүшкіл халін көре кет?
Тынар ма екен мына сұмдық-сұрапыл,
Көмек ет!
Көмек ет!

Болғаны рас адамзатқа бұл бip сын,
Не нәтиже шығатынын кiм білсін?
Неше ғасыр қатпарланып сірескен
Қacipeттің қабатын кім сындырсын?
Қайсысы оған аяушылық білдipciн?
Әй, белгісіз...
Бұлар нені тындырсын?..

Ей, адамзат баласы!
Ер үндістің көкіpeгінe қарашы?
Жатыр қанша ащы зардың наласы,
Шұрқ-шұрқ жүрегінің жарасы.
Аралап жүр Европа көшесін,
Көз алдында - әсем Берн каласы.
Қалмаған соң табатын бip панасы,
Күбірлейді...
Сандырақтап санасы:

«Швейцария!
Ұжмaқ төрі сен бе едің?
Сенбедім мен, сенбедім!
Бостандықтың тамшысына шөлдедім,
Жетер ме екен жалпақ әлем жұртына,
Мендегі арман,
Мендегі үн?!

Швейцария банкісі,
Сенде дүние байлығының жартысы.
Үндістердің алтыны да сейфіңде,
Байлықта ғой тіршіліктің тартысы.

Швейцария!
Ұғындым мен нарқыңды,
Кеудемдегі үміт көзі сарқылды.
Не қыламын сырты жылтыр салтыңды,
Сақтайсың тек сейфіңде алтынды.
Ал мен қалай сақтай алам елімді,
Банкіңе әкеп қоя алам ба халқымды?!.»

Сіркірейді Европа жаңбыры,
Мәңгі айтылып бітпегендей ән-жыры.
Мүмкін әлде сен білерсің, көк бұлттар,
Не болады үндістердің тағдыры?..

Несіне ол мұнша жерге қаңғыды,
Өзі-дағы біле алмай тұр дәл мұны.
Жүрегіне жетті ме екен жаһанның,
Мүмкін әлде залда ғана қалды үні?

Біле алмай тұр,
Енді қайда шабарын.
Біле алмай тұр,
Нендей ақыл табарын.
О, найзағай, айтамысың әлде сен,
Бұл қорлықтан құтылудың амалын?!
Айт, табиғат, зорлық түбi тынар ма?
Үндіс мәңгі көміле ме тұманға?
Қайтгы кері -
Көтерілді аспанға,
Қара түнек Америка тұр алда...

IV
Вашингтон.
Қоршап алған ақ үйді,
Қалың үндіс күңіренеді, налиды.
Ал, ақ үйдің сұп-сұр, суық ызғары,
Жүректерін сары аяздай қариды.

Шуылдайды...
Есе-теңдік тілейді.
Жанталасып, жұдырықтарын білейді.
«Бізге сұмдық, бізге қатер үрейлі,
Тоқтат,- дейді - мына, алапат дүлейді!..»

Әйелдердің қапалы үні қаралы,
Жан түршігер азаны еске салады.
Айналаны тітірентіп барады,
Келеді бip зауал сырдың хабары.

Әйелдер зары:
- Қасіретті ана - біздерміз,
Taқcipeттi ана - біздерміз.
Дауыл, нөсер, құйыннан,
Таудан-тастан, қиыннан
Ұрпақ үнін іздерміз.

Tipi өлікпіз - мына бiз!
О, адамзат сенбесеңіз, сұраңыз?!
Тамырымыз суалған,
Сүйегіміз қуарған,
Шырқыраймыз,
Шашымызды жұламыз,
Күнәміз не, күнәміз?!

Тәнімізді у жайлаған,
Тірлік көзін байлаған.
Аналықтан айырған,
Көк темірдей майырған,
Тіліміз құр сайраған.
Жүзіміз құр жайнаған
Өлім атты айнадан...

Қу томардай кесілдік,
Бізден тәyip өсімдік.
Енді сәби көрмейміз,
Өрбімейміз, өнбейміз,
Не сұмдық!?
Не сұмдық!?

Полиция.
Полиция - тacқopған.
Тағы арпалыс,
Атыс-шабыс басталған.
Арсылдайды қoйғa тиген қасқырдай,
Қалың топқа жанарынан жас тамған.

Алдыға кеп шipeнiп тұр мес қарын,
Сездіреді дауысында сес барын.
Бір кекесін күлкі бұғып ұртында,
Сөйлеп кетті,
Бастады да ескі әнін.

Полицей:
- Уа, жарандар,
Тараңдар!
Жан-жағыңа қараңдар,
Ештеңе жоқ алаңдар.
Не жетпейді сендерге?
Баста-қуыс панаң бар,
Азын-аулақ далаң бар.
Одан артық не керек?
Тараңдар!
Тараңдар!
Минс:
- Не деп тұрсың, жарқыным?
Керек емес бiзгe байлық - алтының.
Tұpғaн жоқпыз құнын жоқтап кешегі,
Сендер қырған қалың үндіс халқының.

Керек бізге қалғандардың тірлігі,
Үзілгелі тұр үміттің кіндігі.
Құртпақсыңдар үндісті жер бетінен,
Баламыздың ет кестіңдер етінен,
Тоқтата алар кім мұны?!

Күл-талқан ғып мұрамызды шақтыңдар,
Күл ғып өртке жақтыңдар,
Мойнымызға тeмip тұзақ тақтыңдар.
Біздер үшін тіршіліктің eciгiн
Ашылмастай жаптыңдар!

Полицей:
- Несін мұнда қаптап келе қалдыңдар,
Бос даурығып, айқай-сүрең салдыңдар.
Бұл арадан дереу тайып тұрыңдар,
Жандарыңның бар кезінде, малғұндар!

...Арпалысқан алыс-жұлыс қым-қуыт,
Күңірентеді кең көшені тұндырып.
Сұсты қолға бipey шашын жұлдырып,
Біреу жатыр жіліншігін сындырып.
Біреулердің басы-көзін қан басып,
Ыңырсиды, жанұшыра шыңғырып...

V
Ашу қысып, бунап қайғы,
Отыр Минс түрмеде.
Тым болмаса тіл қатпайды,
Меңіреу, мылқау түн неге?

Түнді жара сыңғырайды
Қорқау ажал кiceнi.
Тас қабырға тұнжырайды,
Еңсені езе түседі.

Тәтті тірлік уға айналған,
Тарылтады тынысын.
Ел мен жерден жұрдай болған,
Ердің күні құрысын.

Ауыр ойлар меңдетеді,
Жүрек түбі түнеріп.


Кек бeciгiн тербетеді,
Тығырыққа тіреліп.

Бетке тeyiп долы қаны,
Қызыл қырғын ішінде –
Бабалары жолығады,
Ұйықтап кетсе түсінде.

Кететіндей сүңгіп көрге,
Жаны мұздап қатады.
Түсінде де үндістерге
Ұран тастап жатады:

«Ей, үндістер, ажал құшқан,
Бip сәт көрден тұрыңдар!
Тояр емес тажал дұшпан,
Кек қайтарып, құныңды ал!

Ұрпағыңды қорғайды кім,
Сенетұғын кімің бар?
Қара eciктi зор қайғының,
Қара құлпын жұлыңдар!

Өртке кетсін өлім бағы,
Ояныңдар, мергендер!
Могиканның ер ұлдары,
Қайдасыңдар, бермен кел!

Табылады амал қандай?
Жаныштады-ау, жат табан!
Қайдасыңдар, қара ормандай
Қалың үндіс қаптаған?!

Қинап азап сандырағы,
Меңдетеді жарақат.
Күңіренеді, жаңғырады,
Аза күйі алапат.

Көрінді әне қолын созып,
Қара қошқыл мұнардан.
Сорлы жандар азып-тозып,
Сақал-шашы қуарған.

Тақсіреттің тартып мұңын,
Қабағынан қан бүpкiп,
Зарлы әуендер жан түкпірін
Сілкінтеді, жаңғыртып:

«Не қайран бар, мына бізде,
Айналған соң елеске?
Қалқиса да құла дүзде,
Қурай артық емес пе?

Қару тілін меңгергенше,
Қапылыста өтті өмір.
Тағдыр бізге жер бергенше,
Берсе нетті көк темір?!

Тұңғиыққа батырды мұң,
Бастан бақыт тайғасын.
Бергенінше батылдығын,
Берсе нетті айласын?!

Бетінде ажал табағының,
Көлкілдеп көз жасымыз,
Қалың үндіс қарақұрым,
Бірікпеді-ау басымыз!?

Ұлан-байтақ өлкемізді
Уысына сыйдырды.
Біріміздің желкемізді
Бірімізге қидырды.

Көлдеріміз лайланды,
Бүтін орман қалмады.
Бұл дүние шыр айналды,
Шырғалады, жалмады.

Жапырақтай от шарпыған,
Жанып түстік, желге ұштық.
Тұлпарымыз жер тарпыған,
Омақасты, жер құштық.

О, Бостандық, тұлпар едің,
Еркін желдей шалқыған.
Қыран едің, сұңқар едің,
Кең аспанда қалқыған.

Қайдасыңдар, қанатымыз?
Басты бізді зар-тұман.
Таусылып тұр тағатымыз,
Соңғы күшті сарқыған.

Қара судай ақсадағы,
Құмға сіңіп қанымыз.
Жер астында жатсадағы,
Шіріп есіл тәніміз.

Айыққанда мұнардан күн,
Көктеп қайта шығамыз!
Өртке кеткен ну орманның
Түбіріміз - мына, бiз!

Kезіп дүние атырабын,
Келгеміз жоқ қаңғырып.
Tyғaн жердің топырағын
Жамыламыз мәңгілік!

Айқасыңдар, ақырғы peт,
Tipi қалған үндістер!
Уа, құдірет!
Батыл жүрек
Үндістерге тың күш бер?!»

Дегендей боп назаланып,
Сөнгенде елес шырағы.
Қарақшы ажал мазаны алып,
Қайғы eciгiн ұрады.

Оянады ол елегізіп,
Өрт ішінен шыққандай.
Қаны қaйнап дене қызып,
Миына ине сұққандай.

Жемтікке үйір қарақұстай
Жендеттері түрменің.
Шиеленген тарамыстай,
Бұл не тағдыр,
Бұл не күн?!

Сыйдыра алмай тасқын кегін,
Жұдырықтай жүрекке,
Тұтқыны боп тас түрменің,
Отыр Минс түнекте.

Айғайлайды аласұрып,
Шыдасын ба кici енді?
Түрме eciгi тағы ашылып,
Қабаттайды кісенді...

МҰҚАҒАЛИ – ЖЕЛТОҚСАН

...Шама жоқ Жаратқанмен таласатын,
Қарсы алар жiберсе де ғарасатын.
Есiгiн екi дүние кезек ашып,
Кезiп жүр кең жаhанды елес-ақын.

Пәнидiң шақырды ма зобалаңы,
Жұмақтан жерге қарай домалады.
Зәнталақ не болады,
Не болады,
Жалғасса жан азабы одан ары?

Түнекке аттанғаны – әлдеқашан,
Жасаған, жарар едi алдамасаң?
Көрiнбес құдіреттiң ғайып құсы,
Қалықтап түсер екен жерге қашан?

Белгiсiз – пәниде ме, бақида ма?
Килiктi шым-шытырық уақиғаға.
Тынымсыз шырайналған өмiр-өлiм
Ұқсайды сиқырлы бiр сақинаға.

Соғады қайда апарып мына сүрең,
Дүние алмаса ма расымен?
Қайтадан Алматымен жүздесе ме,
Шөл басып қызыл-күрең сырасымен?
Әйтеуiр көрiссе екен,
Көрiссе екен,
Жыласып Қарасаздың тұмасымен.

Құдай-ау, шығып кеткен көкке неге,
Мұны әлде жер-бесiгi жек көре ме?
Бақиға бауырыңнан ұшып кеткен,
Балаңа, ей, Алатау өкпелеме!

Кеңсайда жатыр әне тас құндағы,
Тiл қатпас тас түнектiң астындағы.
Жалғаннан жаhаннамға өткеннен соң,
Тамшыдай танылмай тұр тасқындағы.

Бөлiнген жаны мұнда, тәнi қайда?
Шынымен өзiн-өзi танымай ма?
Киесi қасиеттi өлең-жырдың,
Иесi ұлы рухтың қалың ойда...

Тас-талқан – ойлағаны, тiлегенi,
Не деген қарғыс атқан түнек едi?
Жұтып ап жұлдыздарды самаладай,
Көр соқыр мешкей аспан түнередi.

Тәнтi едi таңғажайып тағдырына,
Алланың жүзiп жүрген ақ нұрына.
Кенеттен қайдан ғана түсiп кеттi,
Түбi жоқ тұңғиыққа ендi мына?

Қара бұлт қалбаңдайды жан-жағында,
Жүнiндей албастының алба-жұлба.
Шаhардың үстi толған қарға-құзғын,
Қаhарын төккен бе әлде Алла мұнда?

Құжынап құбыжықтың бәрi осында,
Бәлекет жынмен ауыз жаласуда.
Сұрапыл – жер мен көктiң арасында,
Шырылдап перiштелер адасуда.

Япыр-ау, мұнысы не, мұнысы не?
Тәңiрдiң таңырқайды бұл iсiне.
Бiр сәуле iздеуменен жұбанарлық,
Үмiтпен үңiледi түн iшiне.

Түксиген үрейлi түн сұрқы жаман,
Шығады ащы дауыс шырқыраған.
Қаланың қақ ортасы азан-қазан –
Қызыл өрт, қара түтiн бұрқыраған.

Кешегi гүлге оранған жоқ астана,
Қалғандай сұлулықтан елес қана.
Көшелер аза тұтып азынап тұр,
Қаралы Алматысы, не масқара?

Ашынған асау толқын кең алаңда,
Атойлап тепсiнуде зобалаңға.
Сұстанып, сары аяздай шашады ызғар,
Сұп-сұр үй бет қаратпай жан адамға.

Қалың жас лапылдаған отты кеуде,
«Әдiлдiк!, Әдiлдiк бер!» деп тiлеуде.
Алшайтып арамдықтың бөркiн киген,
Төбесi қиянаттың көк тiреуде.

Сұр иттей сумаң қағып сақшылары,
Сұстанып сызданады хатшылары.
Ажалға кiрпiк қақпай қарсы жүрдi,
Жанкештi жалпақ жұрттың жоқшылары.

Қақаған қарлы боран, ақ қырауда,
Алдынан мұздай сумен атқылауда.
Өңкей бiр темiр аяқ, темiр таяқ,
Аяусыз тепкiлеуде, соққылауда.

Сенделiп сең соққандай сансырауда,
Кiм келер қысылғанда хал сұрауға?
Жаратқан, жар бола гөр,
Жар бола гөр,
Қиылып қыршындары, қансырауда.

Қалайша байқамаған бұрындары,
Ит екен. Иттен туған бұның бәрi.
Жендеттiң қолында жүр бұратылып,
Бүлдiршiн қыздарының бұрымдары.

Құрыққа iлiнгенде құлындары,
Атылды ата кектiң тығындары.
Кiм бiлсiн жерде кiмнiң естiгенiн,
Әуеде Мұқағали шырылдады.

Қынадай қырылады-ау бала-шаға,
Түспесе өзi барып арашаға.
Қарап тұр империя терезеден,
Колбиннiң көзiменен «тамашаға».

Биiкте бұғып отыр қара қабан,
Сескенiп аласұрған заманадан.
Iшiнен айтақтайды көп иттерiн,
Алаңды қамалаған, абалаған.


Дүлей күш билiк деген мiнген атқа,
Құлқы жоқ көптiң сөзiн тыңдамаққа.
Жастарды қызыл-ала қанға бөккен,
Дамылсыз сүйрелеуде түрме жаққа...

Уа, баба, Райымбек, Райымбек!
Сеп болар жалғыз өзiм сыңайым жоқ.
Қозғалып түгел аруақ қолдамасақ,
Алатау теңселiп тұр құлайын деп.

Суалып тiршiлiктiң алтын бағы,
Теңiзiң түнерiп тұр тартылғалы.
Жәннатта қалай шыдап жата аларсың,
Ұрпаққа зауал төнсе артыңдағы?!

Аталар, аттаныңдар, аттаныңдар,
Аузында ұландардың аттарың бар.
Ұл-қызың медет тұтып сыйынуда,
Белдескен батырларға жақ болыңдар!

Жәдiгөй бетiн ашып ақырында,
Жұртыңды су түбiне батыруда.
Аруақтар, ояныңдар барлығың да,
Тiрiлер шақыруда, шақыруда!

Қайдасың Хан Абылай, Ер Қабанбай,
Күн туды ел басына әлде қандай!
«Баласы барлық ақын бiр ананың»,
Сендер де тез жетiңдер жолда қалмай!?

Шарлады шырқ үйiрiп түн қабатын,
Аруақтың байлап қояр кiм қанатын?
Шешiлмес жұмбағы көп дүниенiң
Тиянақ, тиегi боп тұрған ақын.

Шертумен шежiресiн тау-тасының,
Шер буып еткен едi жан тәсiлiм.
Арқалап ендi ұшып жүр қанша сырын,
Өлi мен тiрiлердiң баршасының.

Жар салып , жақындарын шақырды да,
Жiбердi жер мен көктi сапырды да.
Аспанда жебеушiлер – жанашырлар,
Астында жанталас боп жатыр мына.

Аруақтар алаңдайды, алаңдайды,
Қалмаса қыр соңынан арам қайғы.
Жамылып Қарқараның қасiретiн,
Жәмеңке, Ұзақ батыр қараңдайды.

Әрiден қара дауыл борандайды,
Әттең-ай, адам қайта жаралмайды?!
Алдаспан Кенесары желкесiнде,
Жыландай ысқырады, жалаңдайды.

Шұбырған қаралы көш шаң бередi,
Еңiреп көш соңында шал келедi.
Қосылып Нысанбайдың дауысына,
Жоқтайды қара қобыз Хан кененi:

Қырсық түспей желкеден,
Зар төгемiн ертеден.
Қызыл тiлiм – қара қыл,
Көкiрегiм – шер-шемен.
Опасы жоқ жалғанның
Жал-құйрығы келтеден.

Боздағанда шанақпын,
Үнсiз қалсам - қалақпын.
Ақсұңқардың баласын,
Құзғындарға талаттым.
Бүйтерiң бар, құдайым,
Баста несiн жараттың.

Шанақ емес - қобызбын,
Қайғыменен егiзбiн.
Хас тұлпардың тұқымын,
Қасқырларға жегiздiм.
Алтын басын табам ба,
Түбiн тiнтсем теңiздiң?

Қара түнмен таластым,
Хан иемнен адастым.
Ханмен бiрге құлады,
Азаттығы Алаштың.
Отқа жансам болмай ма,
Қобыз емес – ағашпын!

Ағаш емес – қазақпын,
Көп емеспiн аз-ақпын.
Қара жердiң үстiнде,
Астындамын тозақтың.
Кiсiнеуiн қарашы,
Хан ием мiнген боз аттың?!

Аңыраған ащы зардың жалғасы кеп,
Жартасқа соғылады Алласы жоқ.
Ақындар күңiренедi Абай бастап,
Көбiнiң кеудесiнде қорғасын оқ.

Ақындар не кешпеген, не көрмеген?
Көрiп тұр қан-қасапты көгендеген.
Келiп тұр бұлттай боздап Асанқайғы,
Ақ басты желмаясын шөгермеген.

Түбiнде жүрегiнiң мұң жататын,
Келiп тұр Махамбет пен Дулат ақын.
Аруақтар ашуына шындап мiнсе,
Түрi бар жер мен көктi тулататын.

Жердегi өмiр өртке шарпылуда,
Көктегi әулиелер шарқ ұруда.
Тылсымның тұңғиығы астан-кестен,
Жетi қат бiр-бiрiне тартылуда.

Уа, Муза! Муза! – дедi, аласұрды,
Зұлматқа қарсы ағызбақ қара суды.
Найзағай күркiредi жасын ойнап,
Әйгiлеп аспандағы бар ашуды.

Көз жұмып, кiмге сенген, кiмге сенген,
Кiм келiп құтқарады бұл кеселден?
Сәуленiң ұшқыны да жылт етпейдi,
Әлемдi жарылқағыш күн көсемнен.

Алданған алапатқа тентiреткен,
Ақ көңiл, аңғал едi халқы неткен?
Сұлбасы Сталиннiң сес бередi,
Мұрты мен қабағына қан түнеткен.

Бармысың, «Мавр-Фред», «Мавр-Фред»,
Адыра қалған жоқ па не бiр тiлек?
Бәрi де сенгенiнiң өлiмсiреп,
Ортадан опырылды темiр тiрек.

Уа, Пушкин, сеземiсiң, сардар аға,
Сен жақтан зауал соқты сар далама!
Сенбесең, судай аққан қанға қара,
Бар үмiт сенде ғана, сенде ғана!

Ей, Сергей, ойран салды перiлерiң,
Перiңнен көрдiң бе жұрт жерiгенiн?
Түскенде сергелдеңге серiк едiң,
Сырласым, сенен қалай бөлiнемiн?

Жүзiме тура қара, кел шошыма,
Достықтың, татулықтың сертi осы ма?
Тас тыққан тұқымдарың қалтасына,
Халқымның қанжар ұрды қолқасына!

Елiмнiң естiгенше жылағанын,
Құрдымға неге ғана құламадым?
Бауырлар, тапсаңдаршы бiр амалын,
Сендерден сұранамын, сұранамын!?

Бәрiне жердегiнiң аспан жаршы,
Түсер ме қолдан кiсен, бастан қамшы?!
Бiлемiн жайларыңды, тым болмаса,
Тажалдың көзiн байлап тастаңдаршы?

Жыртқыштар қан уыстап қанасынан,
Хайуан боп қалай туған анасынан?.
Түрменiң түкпiрiне тығып алып,
Жан шошыр жалаңаштап сабасынан.

Балаған ағасына-панасына,
Бұлар да большевиктiң баласы ма?
Осылар емес пе едi отандасы -
Көзiнiң ағы менен қарасы да...

Төгiлiп тас жылайды тауындағы,
Егiлiп орман-тоғай бауырдағы.
Мәскеуге Момышұлы ақырады,
Буркасы желмен ойнап сауырдағы.

Молайып мұң мен зардың дариясы,
Өкiнiп отыр Жамбыл қариясы.
Кiм үшiн өлгенiне жiп таға алмай,
Боздайды Мәншүк пенен Әлиясы.

Жырлаған Мұқағали кiмдi кеше?
Тұншығып талықсиды түн бiресе.
Сәкен мен Iлиястар елестейдi,
Соққының тиген жерi күлдiресе.

Шын аты абақтының - азапхана,
Азаптың құрбандығы қазақ қана.
Қазақты қазақ отқа сүйрелесе,
Ей, тағдыр, мазақтама, мазақтама!.

Сорың да, соқпағың да жеке дара,
Бұл заман не боп кеттi, Сәкен аға?!
Зулаған «Қызыл сұңқар», «Экспресс»,
Қиямет-қыл көпiрден өте ала ма?

Қызылдар қызыл етке болды жерiк,
Тұрсың ба, Iлияс аға, ендi көрiп?
Сойылып Құлагердiң құлындары,
Ақсуың атып жатыр қанды көбiк!

Қалайша шыдайсыңдар шамырқанбай,
Тәңiрден түстi ме әлде әмiр сондай?
Жалғанда жамбас ақың өтелмейдi,
Түрменiң түкпiрiне қаның тамбай.

Төндiрген тұтқиылдан тiрiге өлiм,
Тажалдың тiсiн көрiп түңiлемiн.
Сендердi шегелеген орындықта,
Бүгiлiп отыр әне iнiлерiң!

Қадалып қастандықтың оғы тура,
Қапастың көмейiне тоғытуда.
Таянып төбемiзге ақырзаман,
Құлағын топан судың ағытуда.

Бәрi де бiр Алланың бұйрығында,
Осылай ширығуда, ширығуда.
Қараса, Мағжан ақын келе жатыр,
Жарқырап аққан жұлдыз құйрығында.

Ақынды жiбергендей күннiң өзi,
Шамданып, тұлданады түн мiнезi.
Жанады жұлдыздарға шағылысып,
Мағжанның маржан төккен мұңлы көзi.

Жұлдыздар жамыраған аты көкте-
Арыстар жаны бiрге ақыретте:
Келедi шоғырымен шұғыла шашып,
Әлихан, Сұлтанмахмұт, Ахмет те!

Шәкәрiм, Жүсiпбектер, Мiржақыптар,
Алашқа аңыз болған кiл жақұттар.
Ал, кәне, Мұқағали алдынан шық,
Кiм бiлсiн келе жатқан бiр бақыт бар!

Тигiзер шапағатын солар саған,
Бiр жұмбақ осы шығар сен аңсаған.
Өшкенiң қайта маздап қалар мүмкiн,
Табылып жоғалғаның жол ортадан.

Көк дауыл көтерiлдi сен көрмеген,
Түсiрме желкенiңдi жел кернеген.
Өмiрмен жасырынбақ ойнайды ақын,
Әйтпесе, әншейiн сөз өлген деген.

Маңдайдан сор арылған жоқ демесең,
Бiр қайтар қас дұшпанда кеткен есең.
Құдайға, халыққа да қолқанат боп,
Жасайсың жерде де сен, көкте де сен!

Пайғамбар Гүннен туған-Күн ұланы,
Қағады қара түннiң жынын әлi.
Сарқыты Махамбеттiң – Мұқағали,
Мағжанды сен ұқпасаң, кiм ұғады.?!

Бiр тылсым құштарлықпен ақындағы,
Мағжанға Мұқағали жақындады.
Тәңiр-ау, бекер екен, бекер екен,
Мағжанды шыңырауға батырғаны!

Сыймаған басы тағдыр ноқтасына,
Түрменiң тартты Мағжан қақпасына.
Күңiренiп осы сәтте сала бердi,
Қиырда Күлтегiннiң көк тасы да.

Аруақтың ұмытылмас аманаты,
Өшкенше жер бетiнен адам аты.
Жатқандай аза тұтып сол дауыстан,
Оянып көне Түрiк қағанаты.

Дәуiрлер шаң боратып тозаңдаған,
Қайғыға қайғы ұласты озандаған.
Жауыздар жан таласты бұл қазаққа,
Әлi де көрi бардай қаза алмаған.

Қосылып қарлы боран үсiкпенен,
Қастандық қыңсылайды күшiктеген.
Көз жазбай Мағжан ақын қарасынан,
Келедi Мұқағали түсiп төмен.

Алапат түрмеде де, алаңда да,
Торғайдай шырылдайды тамам бала.
Мұндайда мiз бақпайды, алшаңдайды,
Қанды көз, қара ниет, арам ғана.

Бәрi де бiткенi ме шыныменен,
Деп пе едi шыныменен мұны көрем?
Алматы өртке оранып түнiменен,
Көкке ұшып кетер ме екен күлiменен?

Алматы қалтырайды сұрқы қашқан,
Мәскеудiң мысы басып мылтық асқан.
Намыстан назаланды Мұқағали,
Үндi естiп шыңыраудан шырқырасқан.

Күңiрентiп түсiргенде көктен менi,
Халқымның осы ма едi жеткен жерi?
Жағасын жалпақ жұрттың қандағанда,
Шетiнен iнге кiрiп кеткен бе ерi?

Байланып қалған ба әлде тасқа бәрi,
Жұбаннан қайда мұның басқалары.
Кiрмейдi көрге неге қаптаған шал,
Бергенше қойдай тiзiп жас баланы?

Айтпақшы, Олжас қайда, Олжас қайда?
Алыптың жағасына жармаспай ма?
Көрмесе қорланғанын қалың елдiң,
Жанарын ақындардың шел баспай ма?!

Шырматып қол-аяғын албастыға,
Шегелеп тастады ма Олжасты да?
Аруағы көтерiлген халқым менiң,
Түнектiң түсе қоймас ендi астына.

Кенеттен, уа, құдiрет, тiрiлер ме,
Көрсетiп өрт шалғандай түрiн елге?
Құлаған баудай түсiп боздақтардың
Орнына өзi барып тiгiлер ме?

Булықты бәрiн көрiп, бәрiн көрiп,
Жан алып жатыр жастар, жанын берiп.
Армансыз бiр шайқасып арсыздармен,
Қайтадан кетер ме едi қолында өлiп?

Қырсықса, дүние қайта дөңгеленер,
Тағы да табытқа сап, көрге бөлер.
Аспанда құдай жалғыз, жерде қазақ,
Жаратқан, жалғызыңа жар бола гөр?!

Жалғыздың белi сынса демде шөгер,
Жанашыр, бар болсаңдар селбесе гөр?!
Толқынды арпалысқан өзi бастап,
Қасқайып тұрмас па едi өлмесе егер?!.

II
Үрейлi үңiрейген түрме түбi,
Түрмеде қияметтiң қыл көпiрi.
Тебендей шаншылады тергеушiлер,
Секiлдi сатқындықтың бiр кепiлi.

Сақшысы, прокурор, соттары да,
Айналған саясаттың шоқпарына.
Боздатып бауырларын өз қолымен,
Түрменiң тығып жатыр оқпанына.

Үкiмi әлде кiмнiң оқылуда,
Бұйырды бүлк етпестен атылуға.
Байқаса, Мағжан ақын қаhарланып,
Сазарған сотқа қарап ақыруда.

Япыр-ау, Мағжан ба өзi, Мағжан ба өзi,
Жасарып кеткенi ме тарлан бозы?
«Ел үшiн еркек тоқты құрбандық» деп,
Шатынап от шашады жанған көзi.

Бiресе Мағжан емес мына тұрған,
Жас жiгiт жолбарыстай тiк атылған.
Қайнайды «атам десең, атыңдар!» деп,
Қаймықпай қарсы соққан сұрапылдан!

Түссе де бағынбаған басқа құрық,
Сен неткен ғаламат ең, асқақ рух!
Лағынет!
Лағынет саған, ей, зұлымдық -
Аранын аждаhадай ашқан ұлық.


Жортады қараңғыда қас қылғалы,
Қанды ауыз қиянаттың қасқырлары.
Алдында қастандықтың қасарып тұр,
Ең соңғы Бостандықтың жас құрбаны!

Жұтқандай жалмауыздар ертедегi,
Жөнелтер жаhаннамға ертең оны.
Күндердiң масқараға куә болған,
Ұяттан бетi күйiп, өртенедi...

Көресi көрер екен қазақ қанша,
Зорлықтың қанталаған көзi аққанша?
Қарыздар ата-баба киесiне,
Осыдан күнi туып, азат болса!

Аруағы бабалардың тебiрендi,
Аунады арпалысқан өмiр ендi.
Аспанның көкiрегi қақ жарылып,
Жұмақтан жақсылықтың лебi келдi!.

Желтоқсан ызғары тұр шарпып әлi,
Мұзбалақ Мұқағали шарқ ұрады.
Шашырап шартарапқа жан шуағы,
Сәуледей дiрiлдейдi тамшыдағы.

Мейiрiм төгер болсаң, уа, Жаратқан,
Халқымды құтқар дедi ғазауаттан.
Көк байрақ жарқылдады көктен сонда,
Үзiлген көк жалындай ғажап оттан!

Киелi Көк байрақ кеп қонды жерге,
Қанатын дүрiлдетiп кердi желге.
Ақ бұлттай бiр ақсақал бата бердi,
Жиналған ту түбiне барлық елге!

Тiрiге танытпастан өзге сыңай,
Рухтың Болашақпен кезедесуi-ай!.
Көп өтпей Тәуелсiздiк келетiнiн,
Сол сәтте Мұқағали сездi осылай.

Тыншыды ұлы сезiм аласұрған,
Ертеңгi елiн көрiп, бағы ашылған,
Қия алмай Алматысын үш айналып,
Асты да ғайып болды ала шыңнан.

Артына алаңдамас ендi бiлем,
Қарсы алар жәннат оны зер гүлiмен.
Аруақтар емес пе деп елеңдеймiн,
Ғарыштың жұлдыз ақса зеңгiрiнен!..

БӘЙТЕРЕК

I
Түбiне тiршiлiктiң тағдыр ие,
Тәңiрдiң ғұзырында бар дүние.
Қызыл тiл қара тасты балқытады,
Келгенде қыл қобыздай зар күйiне.

Сүрiнбес, су төгiлмес тiлiм жорға,
Атасы ақпа жырдың, пiрiм, қолда!
Шақырып аруағыңды, атыңды атап,
Өзiңе сыйынбаған күнiм бар ма!?

Өлеңнiң ақтангерi арғы бабам,
Басынан ешкiм асып қарғымаған.
Түсiмде Тәуелсiздiк Падишасы,
Ақ қағаз, алтын қалам бердi маған!

Сенемiн асыл сөздiң тозбасына,
Жетедi өз бақытым өз басыма.
Күбiрлеп құлағыма жетi түнде,
Қоймады осы жырды жазбасыма!..

Қолыңда жүйрiк қалам жарқылдаса,
Сөзiңдi арманың не ел тыңдаса!
Кеудемде көз бар шығар қайнап жатқан,
Тамшысы таңдайымның сарқылмаса!...

II
Жаныма жақындасаң мұңдасыңмын,
Келмейдi ендi ешкiмнен сыр жасырғым.
Не пайда дүниенiң кеңдiгiнен,
Болмаса бостандығы бiр басыңның.

Шүкiрлiк жарылқаған Аллаға мың,
Маңдайы жарқырады кең даланың.
Тәуелсiз атқан таң мен шыққан күннiң
Керемет құдiретiне таң қаламын.

Айығып ой тұманнан, сана бұлттан,
Жазылды ескi жара жан ауыртқан.
Азаттық аясында қандай бақыт,
Тәуелсiз тыныс алып, ауа жұтқан.


Тарихты қазып қайтем сан айтылған,
Ақ сарай талай қирап, талай тұрған.
Түгендеп алар өзi керек қылса,
Асықпай артық-кемiн санайтын жан.

Халқымның сан ғасырлық ғұмыры да,
Уақыттың жұқ болмапты жұмырына.
Армысың, Азаттығым, қыран қанат,
Қалықтап қайта қонған тұғырына.

Қаймықпай тас қамалдан, мұз бөгеттен,
Жарқ етiп түскендейсiң бiзге көктен.
Жолыңда жорық салып бабаларым,
Арыстар аласұрып iздеп өткен.

Аруақтар аунап түстi тебiренген,
Сақтасын жатқа қайта телiгеннен.
Алмастай жарқылдаған ақ жүзiңдi,
Адамда арман болмас көрiп өлген!

Тағдырын тәлкек қылып айлалыға,
Талайлар тура жолдан таймады ма?
Шынжырда шырайналып тұрса-дағы,
Ит қана семiредi тойғанына.

Қайратың қара тасқа қайралғандай,
Қай кезде төрт құбылаң сай болғандай.
Құлқынның құлдарына қарағанда,
Пақырдың парасаты пайғамбардай.

Туған ел, жаралғалы не көрмедiң,
Көрейiн көсегеңнiң көгергенiн.
Қиырда қыршындарың қалды қанша,
Бұйырмай бiр жапырақ сенен кебiн.

Көзiндей бабалардың, бағзы мекен,
Бас иiп тау-тасыңа тағзым етем.
Шиыры озбырлықтың шым-шытырық,
Соқпағы әдiлдiктiң жалғыз екен...

III
Жеткiзбес құдай сүйсе баққа кiмдi,
Қарыны ақ түйенiң ақтарылды.
Ат шаптыр, аруақ шақыр, тойла, қазақ,
Тәуелсіз Президентің атқа мінді.
Ошақтың үш бұтындай үшкiл, қазақ,
Ел болып еңсе көтер, күш қыл, қазақ.
Сиырдың бүйрегiндей бытырасаң,
Қашанда көрер күнiң мүшкiл, қазақ!

Тажалдың тамағы боп игiлiгiң,
Заманның көрдiң салған қиғылығын.
Еркiңде қалай бұрсаң аттың басын,
Өзiңе өз тiзгiнiң тидi бүгiн!

Жүндеген жуанды да, жуасты да,
Бодандық батты мәңгi су астына.
Ұлт болсаң ұятың бар, иманың бар,
Ал, ендi жиналыңдар Ту астына!

Бiр Алла тiлегiңдi етсе қабыл,
Бiтедi қораңа мал, бақшаңа гүл.
Төрiңе түгел шығып қасқа-жайсаң,
Кенелсiн абыройға патшаң әдiл!

Қолдаса игi жақсы ел ағасы,
Патшаның халыққа тең дара басы.
Қырағы көптiң көзiн байлай алмас,
Тағдырдың тұмшалаған томағасы.

Билiктiң жалына кiм жармаспаған,
Серкелер сүрiнбесiн ел бастаған.
Перiште алтын көрсе жолдан тайып,
Тонаса өзiн-өзi оңбас қоғам.

Ежелгi жұрт едiк қой дүркiреген,
Хандары күн астында күркiреген.
Көтерiп төбесiне сыйласқанын,
Тулақтай егескенiн сiлкiлеген.

Жасайды өз дегенiн озған заман,
Құбылып, қылаң ұрып көздi алдаған.
Тау құлап, орман қурап, теңiз көшер,
Тағынан Тәңiр ғана қозғалмаған.

Келмейдi адамзатқа қайғы алыстан,
Соны айтып қамықпады қай данышпан?
Елдiгiн сақтай алмас енжар халық,
Қулықпен, сұмдықпенен айналысқан.

Арасын бақ пен сордың көрдi көзiң,
Арындап асқақтайтын келдi кезiң.
Көлденең көк аттылар басынбай ма,
Тарпаңдай танытпаса ел мiнезiн?

Кең ашып берекеге есiгiңдi,
Түзетiп, тербете бiл бесiгiңдi.
Сан ғасыр бұршақ салып мойыныңа,
Құдайдан тiлеп едiң осы күндi!

Бүгiлiп тiзе бүктi белдескенiң,
Өлгенiң қайта туып, жанды өшкенiң.
Бұлқынған қасiреттi қынабында,
Суырдың намысыңның наркескенiн.

Томирис, Едiл патша, Елтерiс хан,
Аңсаумен еркiн өмiр арпалысқан.
Жете алмай жерұйыққа Асанқайғы,
Желдiртiп желмаясын жер тауысқан.

Жерұйық iздемесең таптыра ма,
Бұйырар бiр түп жусан тоқтыға да.
Қызырды кiрiп келген танымасаң,
Басыңа байырқалап бақ тұра ма?

Бұтағы бойламаса күнге қарай,
Халық бiр қаусап бiткен қу қарағай.
Қандағы қасиеттен айырылсаң,
Қалмайды қуған қырсық құлғанадай.

Тiрiсiң-туған ана тiлiң барда,
Өлiсiң-түп тамырың жұлынғанда.
Қуатты күннiң нұры құтқармай ма,
Жас өркен үскiрiкке ұрынғанда.

Жоғалса қыздан иба, ұлдан иман,
Кең далаң кiмге керек құр далиған.
Жолында Бостандықтың төгiлген қан,
Кетедi судай зая құмға құйған.

Кезеңде қиқу салып жау қаптаған,
Тұлпар жоқ омырауын шаң қаппаған.
Ешқашан еңкеймейдi елдiң туы,
Ерлерi бiрiн-бiрi ардақтаған!

Адамға түсiрмесе адам жарық,
Тiрлiктi түнек басар қараң қалып.
Қақ жарған қара қылды билiк барда,
Қашанда патшасына адал халық!

Өмiрдiң ажыратпай ақ-қарасын,
Шарадай шайқаған көп шақша басын.
Әлек боп ел басқару әркiмге оңай,
Халыққа Көсем болу патшаға-сын!

IV
Қисыны келелi iстiң дер шағында,
Күш-қуат келiде емес келсабында.
Сөйлейдi Назарбаев Нұрсұлтан боп,
Көк тулы Қазақстан жер шарында.

Шарпысып жаңа дәуiр ескiменен,
Көз көрдi хикiметтi естiмеген.
Елбасы шарқ ұрады шартарапқа,
Қырандай балапаны кеш түлеген.

Аңдиды қырдан қатер, ойдан қырсық,
Суырмай саясат жоқ майдан қылшық.
Қазақты кiм сүйемек қолтығынан,
Тобықтан дұшпан қағып, тайғанда ұршық.

Ұрынса ұлан-асыр ғазауатқа,
Жанады жалғыз қалып қазақ отқа.
Шақ туды шамырқанып шамданатын,
Ойлаған елдiң қамын азаматқа.

Әр күнi, әр сағаты толғаныста,
Түсiп тұр ауыр салмақ ар-намысқа.
Азуы алты қарыс алпауыттар,
Ұқсайды талап жейтiн жолбарысқа.

Сабаздар саясаттың майын iшкен,
Арбайды қулық торын жайып iштен.
Келедi қанжығаға бөктергiсi,
Шықпаса ойларынан ойың үстем.

Алдаудан жатса-тұрса жазбайды олар,
Тұмсығы олжа тапса тез майланар.
Көлiне көлкiп жатқан байлығыңның,
Шақырсаң қатар-қатар қаздай қонар.

Жебемей асыл мақсат, асқақ арман,
Жетер ме мұратына тосқан алдан.
Аруағы бабалардың кешiрер ме,
Бақыттан айырылса басқа қонған.

Жаңылса жарастықтың жүлгесiнен,
Өрт қояр өшiккендер iргесiнен.
Көңiлiнен адамзаттың шыға алар ма,
Көрiнбей парасаттың мiнбесiнен.

Зулаған зымыран оғы заманада,
Зорлығы зұлымдықтың жоғала ма?
Қарудан ядролық бас тартпаса,
Маза жоқ мұңға батқан Жер-Анаға.

Қараса Қазақстан алабына,
Құрамы қырық қылау - ала-құла.
Оп-оңай орта жолда арба сынар,
Тас тисе дөңгелектiң шабағына.

Жұрт тыныш пәле-жала зораймаса,
Ызадан қаны қайнап қараймаса?
Қауқарсыз қаңбақ емес халық деген,
Жөңкiле жосылатын жел айдаса.

Шаң тұрса шындық атты шарайнаға,
Көредi өз келбетiн қалай ғана.
Таба алмай ақиқаттың алтын кiлтiн,
Өкiнiп өткен жоқ па талай дана.

Түсiп тұр азаматтың бағы сынға,
Тiрлiктiң толқын атқан ағысында.
Айнымай әдiлеттiң ақ жолынан,
Топ жарды ғасырлардың тоғысында.

Көненiң қалып қоймай шиырында,
Жол тапты асулардың қиынында.
Жұртының аманаты жүрегiнде,
Дәуiрдiң ауыр жүгi иығында!

V
Соққанда замананың көк дауылы,
Ел түгiл солқылдайды жер бауыры.

Көппенен бiрге көрер не көрсе де,
Құдайдың қатардағы ол да құлы.

Халықтың қарық болса қағанағы,
Керiлер керегенiң сағанағы.
Ауылдан ала қашар түк таппаса,
Қу басты қасқыр мұжыр даладағы.

Ошақтың оты шалқып қазан асқан,
Оңдалар шалыс қадам жаза басқан.
Төндiрдi қара аспанды әлдекiмдер,
Қырыла қалатындай қазақ аштан.

Көп үшiн кiм болғаны күйiнбесе,
Ұршықтай қиындықты үйiрмесе?
Сапырған қара бұлтты қанатымен,
Дауылға дауылпаздай шүйiлмесе?

Қамалдың қабырғасы құламаса,
Тағанын дей алады кiм аласа?
Қираған құм шөлмектей қоғам кейпi,
Қиюын қайта тауып құрамаса.

Мұндайда содырлар мен сумақайлар,
Тайраңдап ел үстiнде күнде тойлар.
Сұңқардың желкесiне сұқсыр мiнiп,
Құланның құлағында құрбақа ойнар.

Мыңқ етпес мәңгүрт пенен маубас қана,
Сұр жылан iштен шықса-сол масқара.
Жармасса жау жағаға, бөрi етекке,
Жер үстi, аспан асты болмас пана.

Арсызға берсең-жақсы, алсаң-жаман,
Алдына арамдықтан жан салмаған.
Көршiнiң қолтығына су бүркедi,
Атақаз атамандар алшаңдаған.

Тату жұрт бiрi-шекер, бiрi-балдай,
Жарылып жауласатын түрi бардай.
Қызуы Оңтүстiктiң өрге шауып,
Солтүстiк сiреседi сүрi қардай.

Болысса иiлместi Тәңiр иер,
Таланса тар ноқтаны тағы киер.
Көсеудiң екi басы бiрдей ыстық,
Қай ұшын ұстаса да қолы күйер.

Бермесе пендесiне Алла сабыр,
Бәрi де арпалыстың далбаса құр.
Топалаң тиылмайды тентектердi
Келтiрiп тәубасына алмаса бiр.

Адалдық арамдықтың қолын қағар,
Күн келер күткен үмiт орындалар.
Ұлтының табанынан ызғар өтсе,
Ұлтарақ, ұлтаны да болуға бар!

VI
Дүние келе бермес шырайналып,
Бел буды тәуекелге мың ойланып.
Алдында болашақтың бетi жарық,
Еңбегi елiне-аян, құдайға-анық.

Шайқасып ата жаумен сан кезенген,
Бабалар кешiп өткен қанды өзеннен.
Байқаса, шығатұғын жол бiреу-ақ,
Бұралаң тайғақ кешу, тар кезеңнен.

Ғасырда көтерiлген намыс тудай,
Алаштың бағы жанбас арыс тумай.
Орнықпас ел iргесi, астананы
Байтақтың ортасына ауыстырмай.

Мақсаттан көзi жеткен тартына ма,
Бiледi түсетiнiн талқыға да.
Басқалар түсiнбесе түсiнбесiн,
Түбiнде түсiнетiн халқы ғана.

Көңiлi тебiренсе домбырадай,
Төгiлмес құлақ күйiн оң бұрамай.
Атадан арыстан боп туғанменен,
Тұтқасын ұстата ма тағдыр оңай?

Кең дала қанжылаған қасiреттен,
Қазақтың қашан көзден жасы кепкен?
Байланып Бостандықтың қол-аяғы,
Кененiң қанжығада басы кеткен.


Ту тiгiп Абылай аспас сарыбелге,
Кек қайтып, бастар ме екен елiн өрге?
Сарыарқа-айқастардың сахнасы,
Сенделтiп салған талай әбiгерге.

Алысса ауыздықпен арда көңiл,
Тартуға қайғы деген арба жеңiл.
Қобызға үнiн қосып күңiренедi,
Ежелгi Қазтуғаннан қалған Едiл.

Созылып сор өзенi содан берi,
Арнасы аққан сайын тереңдедi.
Ойласа Орынборды опынатын,
Алаштың арысы мен кемеңгерi.

Жер қайда қиып алып қылғытпаса,
Шындыққа шара бар ма шыр жұқпаса?
Қазақтың астанасын аярлықпен,
Ақмешiт, Алматыға сырғытпаса?

Жендеттер жаралғалы кiмдi аяпты,
Көгендеп кәрi-жасты бiрдей атты.
Кәмпеске, ашаршылық, отыз жетi-
Кiнәсiз халық қаны судай ақты.

Қорқаудың қиянаты ел есiнде,
Ойнаған төрт аяғы төбесiнде.
Аштық пен оқтан қалған ақ сүйектер,
Ғасырдың көлденең тұр өңешiнде.

Не керек қайран елiн еңiреттi,
Өлгеннiң орнына әкеп егiн ектi.
Қараса, тарих бетi таңдақ-таңдақ,
Түскендей жазылмайтын темiреткi...

VII
Саңқ еттi Алатаудың мұзбалағы,
Жаңғырып жартас бiткен, құз қарады.
Шарықтап шырқау көкте жүрдi-дағы,
Бетке алып тартып кеттi түз даланы.

Тұр мiне, Үшқоңырда-өзi шыңда,
Ақиық барады ағып көз ұшында.
Қыранды құс патшасы деп атайтын,
Айналды бұрынғының сөзi шынға.

Ақиық Алатаудың иесi ме,
Көк аспан соған ғана тиесi ме?
Сияқты Абылайдың ақ бурасы,
Көрiнген әлде өзiнiң киесi ме?

Аспанда атқан оқтай құс ағады,
Еске сап қасиеттi нысананы.
Қанатын сол қыранмен бiрге қағып,
Қиялы қияндарға ұшады ары.

Кеткендей елес берiп әлгi қыран,
Қайыспас қайсар ердiң тағдырынан.
Шыққан күн көкке өрмелеп бара жатты,
Әлемнiң алтын зерлi сандығынан.

Суырмай бұлттар бүгiн алдаспанын,
Шыңдар да құра қапты малдастарын.
Қаз-қатар қолын жайып, бата берiп,
Тiлеуiн тiлегендей марғасқаның.

Көз тiктi көк тiреген Талғар шыңға,
Асқар жоқ одан асқан алды-артында.
Биiкке бiр шықпаған бейшаралар,
Тәккаппар таудың сырын аңғарсын ба?

Шығатын ең шыңына шыдағандар,
Арманның шырқауындай мына заңғар.
Бiржола құз түбiнде қалады екен,
Биiктен басы айналып құлағандар.

Тимеген сауырына пенде аяғы,
Орнында Хантәңiрi сол баяғы.
Тәңiрдiң тақытындай аспандағы,
Асқақтап тұрған шығар тау нояны.

Жұлдыздай жарқырамай бiр кемерден,
Жалғанның қызығына кiм кенелген?
Жорып тұр жақсылықтың нышанына,
Ғажапты түсiндегi түнде көрген.

Түрi бар ‘‘Қарасайлап!‘‘ қонған атқа,
Ешкiм жоқ оң қанатта, сол қанатта.
Түседi Көктiң нұры шағылысып,
Қолында жарқылдаған шарболатқа.

Тұлпардың тұяғынан жер сөгiлiп,
Алдынан жау қашады төңкерiлiп.
Үн қосып ұрандаған даусына,
Жан-жақтан құйылады ел төгiлiп.

Бiр сәтте күн күркiреп жел шақырды,
Айдаhар ысқырынған қарсы атылды.
Қылышпен кере тартып қалғанында,
Көмейi кесепаттың қан сапырды.

Құтылып жалаңдаған жау-жаладан,
Еседi салқын самал кең даладан.
Басына Хантауының алып шықты,
Қалың ел Хан көтерiп қаумалаған.

Ажалға қарсы шауып жанға төнген,
Қазағы аман қапты сан қатерден.
Ескi жұрт екен дейдi сол баяғы,
Керей мен Жәнiбектi хан көтерген.

Жар болып жаратушы Алла бұлай,
Аруағы бабалардың қолдауын-ай!
Хан келiп алтын тәждi тiл қатады,
Күлтегiн, Әз-Жәнiбек әлде Абылай:

-Ал, балам, бекем ұста ел тұтқасын,
Тағыңды Тәңiр сенiң толқытпасын!
Оралып шалғайыңа бақ пен дәулет,
Қысылсаң Қызыр келiп қолтықтасын!

Бөгде жұрт басынуды жол тұтпасын,
Ұстасын өз атының тартып басын.
Кеткендер шыға бере сырт айналып,
Келгендер қоржыныңа қол сұқпасын!

Ер жiгiт туғаннан соң елге-қанат,
Өзiңе байтақ дала ендi аманат!
Тасыған дариядан өте алмассың,
Iздесең таяз өткел жар жағалап!

Атаның ақ жолынан айнымастан,
Арыстар арпалысқан айбыны асқан.
Нағыз ер намысы бар халқын ойлар,
Кiргенше қара жерге қойнын ашқан!

Осылай аян бердi хан бабасы,
Жұмбағын бiле бермес жан баласы.
Керуенi көп заманның көлбең қағып,
Көшедi көз алдынан тау-даласы.

Күркiреп жауар күндей қанша қаған,
Өздерiн Тәңiрiмен тең санаған.
Халқының қотыр тайын жегiзбеген,
Қасқырдай көп дұшпанға анталаған.

Естеми, Бумын, Бiлге, Күлтегiнге,
Жетедi адамзатта кiм тегiнде!?
Тасқа ойып жазып кеткен өсиетi,
Қасқайып қара жердiң тұр төрiнде!

Арт жақта ұрпақ бар деп жоқтап алар,
Айтарын түгел айтып кеткен олар.
Тәндерi топырақта жатқанменен,
Жандары жайсаңдардың көкте болар.

Уақыттың кiм батпаған тереңiне,
Елiм деп еңiрептi ер Едiге.
Жұртының жел жағына жанын тосып,
Солардай бола алмаса керегi не?!

Ерлiктiң өшкен едi салты қашан,
Өмiрi каhарманның халқына тән.
Түбiне солардың да жеткен жоқ па,
Айыр тiл, ала ауыздық алты бақан?

Өткеннiң өкiнiшi өткiр қандай,
Мәңгiлiк есте сақта деп тұрғандай.
Бес күндiк берекесiз боқ дүние,
Дариға, кiмдерге опа таптырғандай.

Мойнында мүскiндердiң талай күнә,
Төндiрген соқыр тұман арайлыға.
Арс етiп ала түссе таң қалмайды,
Қапқандар Абылайды, Абайды да.

Көп болса сөз батады жалқы жанға,
Қызғаныш қызыл өртi шарпығанда.
Шаң жұғып шашасына көрген емес,
Артында асқар таудай халқы барда!

Иiлмес батса-дағы басы қанға,
Қашанда батыр халық жасыған ба?
Жағаны жуып-шайып кетпес пе едi,
Арындап асау өзен тасығанда.

Жұртының жеткiзбесе баққа қолын,
Не керек иеленiп тақтан орын?
Патша аз ба пәтуасыз ғұмыр кешкен,
Кiм iздер құнсыз басын жоқтап оның?

Көк семсер жарқылдамас жүз болмаса,
Көсемнiң несi көсем iз қалмаса?
Сiрессе тағдыр деген суық мұхит,
Кемедей күтiрлетiп мұз жармаса!?

Көсем бе көптiң сөзiн айта алмаса,
Түскенде ауыр салмақ қайқаңдаса?
Түгендеп төңiректiң төрт бұрышын,
Есесiн елдің кеткен қайтармаса?!

Қалады көпке берген анты қайда,
Тұрмаса ел парызы әр күн ойда?
Гауhардай тұңғиықтан табылмаса,
Көбiктей су бетiнде қалқымай ма?

Патшасы болғанменен қанша дана,
Қадiрлi ел бақыты жанса ғана.
Ұлтының ұл қаша ма азабынан,
Емес пе қазағынан жан садаға!

Бекiтсе астананың iрге тасын,
Көрсетер күдiрейтiп кiм жотасын?
Күңiреткен қаралы күн қайтып келмес,
Қазақтың көрде жатқан күллi атасын!

Бiреулер әурешiлiк дер де мұны,
Көшiрiп босағаға төрдегiнi.
Қияға қиял жетпес құлаш ұрды,
Қайтпаған таудан-тастан өр көңiлi.

Жәрдемiн аямаса Хақтағала,
Пәрменi Президенттiң тоқтала ма?
Жарлыққа қолын қойды нық сенiммен,
Астана ауыссын деп Ақмолаға!

Сарыарқа сайын дала - жер кiндiгi,
Баянды Байтағымен елдiң күнi.
Қазағым, көш көлiктi болсын ендi,
Көтерген жолда қалмас Нардың жүгi!..

VIII
Аршында, шығар қазақ, үнiңдi асқақ,
Кiм сенi тоқтатады бүгiн жасқап?!
Астана Ақмолаға келе жатыр,
Айбынды Нұрсұлтандай ұлың бастап!

Желбiреп көштiң алды жалаулайды,
Арқаға аққан судай ел аунайды.
Тапсыр да тағдырыңды ер соңынан,
Ер туып екi қайта жаралмайды.

Арқаның асау желi борандайды,
Бiрақ та көшке бөгет бола алмайды.
Ақтүтек қайта айналып соққанменен,
Ақсүйек заман жұты оралмайды.

Бұл жердi бабаң қорғап жат қолынан,
Түспеген күндiз-түнi ат жалынан.
Асыңа қылаяғы шыбын қожа,
Айырылсаң қара қазан қақпағынан?

Қайтқаны осы емес пе кеткен есең,
Бiрiңдi-бiрiң қағып шеттемесең.
Япыр-ау, не қыл дейсiң бұдан артық,
Үстiнен қыл көпiрдiң өт демесең!

Салған соң кең толғанып көпке кеңес,
Аяулы Алматысы өкпелемес.
Алдымен Елбасының жүрегiнде,
Астана жерде де емес, көкте де емес!

Ағайын, артық сөйлеп құлаштама,
Тұнығын туған елдiң ыластама!
Жалпының қамын жеген жалғыз басы,
Көсемнiң өзi емес пе шын Астана!

Тағдырдың талқандалып тас қамалы,
Талайдың төңкерiлдi тостағаны.

Құлағы қияпаттың көрiнгенi-
Қарбалас ауыстырса астананы.

Көсемге көштiң түсер салмағы бар,
Көк толқын кеме жүзсе қақ жарылар.
Көреген, қол бастаған дара батыр,
Көкжалдай мұз төсенiп, қар жамылар.

Отырсақ өзге жұрттан аса қарап,
Қонғаны бақ пен дәулет қоса қабат.
Ерлiгi Елбасының жарқырап тұр,
Бұлт қалай күннiң көзiн тасаламақ?!

Көрейiн көштiң көркiн көлденеңдеп,
Төгейiн сүйiншiге сөзден өрнек.
Бiр күннiң бiте қалар жұмысы емес,
Мың күнгi мехнатпен келген еңбек.

Саңлақтың салған жолы жатыр дара,
Ақ таяқ ұстатқандай соқырға да.
Бұл көштiң абыройы халыққа ортақ,
Шығармас бiр адамның атын ғана.

Жаңарып Қаратаудың ескi өлеңi,
Бауырынан Алатаудың көш келедi.
Сыртынан қарап тұрған дос сүйiнiп,
Дұшпанның сұқты көзi сескенедi.

Көрмедiм ұлы көштi басқа мұндай,
Бүгiнгi батырлықтың дастанындай.
Келедi тәуекелдiң тауын асып,
Асқардан бабалардың асқанындай!

Келедi халқын бастап қазынаға,
Ақ боран, алдын орап азынама.
Қуанып қалың елi жатқан шығар,
Алайда шын қуанған өзi ғана...

Заманның зуылдайды күш-көлiгi,
Шалқиды алып-ұшып құс-көңiлi.
Шығармас сыртқа сырын патша-жүрек,
Кiм танып-бiлiп жатыр iштегiнi?

Сарыарқа-сан ғасырдан қалған мұра,
Риза бақытына жанған мына.
Күтiп тұр салтанатты көштiң алдын,
Қолында Ақмоланың ақ домбыра.

Арда едiң, асау едiң Арқа неткен,
Төсiңде небiр бағлан дархан өткен.
Ақмола осы едi ғой Кенесары,
Бөрiнiң бекiнiсiн талқан еткен!

Айналдым аруағыңнан, ер Кенекем,
Тәңiрi тiлегiңдi берген екен.
Тентiреп жердiң түбiн жетi айналып,
Қазақтың құты қайтып келген екен!

Жетерлiк көрiп келген көрешегi,
Болса екен мәңгi жарқын келешегi.
Ту ұстап, тұлпарына қайта қонған,
Халқының айдарынан жел еседi.

Қалың ел қазағына бесiк болған,
Бұл жұртта ошақ қанша өшiп қалған.
Есiлiм осы едi ғой ер Қабанбай,
Ен жайлап, жағасында көшiп-қонған.

Дұшпанның аян бiздi шақырмасы,
Қасықтай қара суын татырмасы.
Не iздеп жүрсiң деме бұл арадан,
Бабамның арыстандай жатыр басы!

Жөңкiлген Бостандықтың көшi қандай,
Сарқылған құрдым қайта тасығандай!
Көзiнен келгендердiң қымсынады,
Жыртығын жүдеу қала жасыра алмай.

Уақа емес, жалт қаратып дүниенi,
Астана шыттай жаңа киiнедi.
Қазақтың Көсемiнiң алдына кеп,
Тәккаппар талай бастар иiледi!

IX
Ақмола кеше ғана басқа қала,
Айналды Бәйтеректi Астанаға!
Емiренiп өз анасы емiзбесе,
Сәбиге шайнап берген ас бола ма?


Бақытым басымда тұр талай күткен,
Сеземiн келмегенiн оңайлықпен.
Үзiле жаздап едi өндiршегiм,
Өзекке тепкiлеген өгейлiктен.

Көңiлге сәуле құяр Сарай нұры,
Астана-ел тiрегi, ел айбыны!
Кемерi шалқып жатқан Қазақстан-
Мұхиттың аласұрған көк айдыны.

Тiршiлiк түзегенде көркiн жаңа,
Сұрапыл соқпаса екен толқын жара.
Армысың, Азаттықтың астанасы-
Талпынған арманына еркiн қала!

Жаhанның жанарында жаңа қала,
Жұлдыздай туа қалған өлiарада.
Бес жылда бой көтерген ғимараттар,
Жайнап тұр шомылғандай самалаға!

Жырламас ғажайыпты кiм мұндағы,
Жеткенше сөздiң дәмi,тiлдiң нәрi.
Алғысын жаудырады Елбасыға,
Бақытты бұл шаhардың тұрғындары.

Қарашы, шаңырағы жас қаланың,
Аспанның бұлтын серпiп тастағанын!
Бүгiннен басталатын шежiресi,
Авторы Назарбаев Астананың!

Көрем де Астананың келешегiн,
Елдермен алыс-жақын теңесемiн.
Сырлассын Невасымен ұлы Пушкин,
Мен, мiне, Есiлiммен кеңесемiн.

Бiрiншi Петр патша орыстағы,
Айбатын ақылымен тең ұстады.
Қайтсем де Ресейдi ел етем деп,
Белгiлi арпалысып алысқаны.

Жағадан астана сап алыстағы,
Батысқа, шығысқа да қарыштады.
Қазақтың Нұрсұлтаны сондай десем,
Әлеумет айтты демес мен ұшқары.

Аспанда мұнарасы дамылдаған,
Мен-дағы Астананың шамын жағам.
Әйгiлi қалалардың жер бетiнде,
Бiр күнде ешқайсысы салынбаған.

Батырдай тынбай жортқан жорықтарда,
Тұлпарын ауыстырған талыққанда-
Ғасырлар өткелiнде бiзден басқа,
Көшiрген астанасын халық бар ма?!

Бәйгеге кеш қосылып армандамыз,
Күтемiз аламанды алдан нағыз.
Күнi ертең ерке Есiлдiң жағасына,
Париж кеп орнай қалса таң қалмаңыз!

Х
Мiнеки, мойындатты кемелдiгiн,
Пайымдап әулиедей келер күнiн.
Көшiне астананың үрке қарап,
Сан-саққа жүгiрткендер не дер бүгiн?

Ағайын, адаспаңыз, ендi жетер,
Араздық, бақталастық ел жүдетер.
Ес жиып, етегiңдi жаба алмасаң,
Бодандық туын қайта желбiретер.

Сақтамай өкпе-наздың бұрынғысын,
Ер болсаң, ақтар iшек қырындысын.
Көзiңе жылыұшырап көрiнгенмен,
Кiсiнiң кiм танымас жырындысын?

Ақыны ақ сөйлемек ерiктi елдiң,
Мен-дағы өзiмше бiр көрiпкелмiн.
Тағзым ет Күлтегiннiң Көктасына,
Әйтпесе Астанаға не ғып келдiң?

Татулық тамшысына қаталаған,
Оқып көр не дегенiн ата-бабаң.
Сөз ұқпас саңылаусыз болмасаңыз,
Жас келер жанарыңа боталаған.

Қоңырауын керуен-күндер күмбiрлеткен,
Есiңе өмiр түсер мың жылғы өткен.
Заманды қолды-аяққа тұрғызбаған,
Жалғанның жал-құйрығы тұлдыр неткен?

Жым-жылас қаншама жұрт жерге сiңдi,
Ұмытпа кетсең қайтып келмесiңдi.
Алланың ашып-жұмған алақаны,
Сыйғызар уысына көл-көсiрдi.

Кiм келiп, кiм кетпеген даламызға,
Жырлайды құлақ түрсең әр аңызға.
Арбасқан, аласұрған бiр тiршiлiк,
Алмасқан бабамыздан баламызға.

Жаhаннан жоғалмаса адам аты,
Естiлер арттағыға ғаламаты.
Қаhары қара жердi қалтыратқан,
Қайда сол Көктүрiктер қағанаты?

Шайқасып үдей соққан дауылменен,
Құлаған Дештi-Қыпшақ дәуiрлеген.
Ұлдарын ұлы дала ұмытқан жоқ,
Қырқысқан бiрге туған бауырменен.

Ақтарсам iшiмдегi шер-шемендi,
Түспесiн есеңгiреп еңсең ендi.
Үш жаққа бұра тартса үш туысқан,
Ұшпаққа кiм шығарар ертең елдi?

Мен емес бас-аяғы зарлағанның,
Алды-артын дүниенiң барлағанның.
Туады әр халықтың өз Көсемi,
Бiтетiн маңдайына әр заманның!

Жолының дәлелдедi туралығын,
Тарихтың толғағынан туған ұлың.
Ардақтап, асылыңды аялай бiл,
Астынан су жүгiртпей сырмағының.

Көрiнсе анадайдан түсiп аттан,
Дұшпанға жорғалайсың тiсi батқан.
Келгенде өз жақсыңа кекжиесiң,
Жұртым-ау, қашан саған кiсi жаққан?

Намысты айырбастап күнкөрiске,
Сұғасың бiр кебiстi бiр кебiске.
Арыңның ақ таяғын жұмсамасаң,
Қызыл ит шыға қоймас кiрген iшке.

Нұрсұлтан – арқа тiрек, алтын дiңгек,
Алыптың халқы ғана нарқын бiлмек.
Қарғаның қарқылдайтын әдетi ғой,
Қыранның аспандағы даңқын күндеп.

Жоқты-бар, деумен азды-көп етемiн,
Төгуден аянған жоқ қара терiн.
Жалғасы Күлтегiннiң жаныңда жүр,
Тұлғасы асқақтатқан дала төрiн.

Ту болып тiгiлгендей елдiгiңе,
Жасына пайғамбардың келдi, мiне!
Халқының баласы едi бұған дейiн,
Жарасқан бес қаруы белдiгiне.

Әрқашан орны бөлек, даңқы дара,
Ол – ендi қамқор әке, халқы-бала.
Әкесi өз парызын өтемесе,
Сәбидей шырылдамай ел тұра ма?

Яссауи Қожа-Ахмет бұл жасында,
Күн кешкен қылуеттегi құжырасында.
Өмiрдiң мақсат-мәнi жер бетiнде,
Жақсының жұртқа шашқан шұғыласында.

Сүйреткен көне тарих көн шарығын,
Түбiнде сықсияды қол шамының.
Тасыған мейманасы бұл ғасырда,
Тағдыры қыл үстiнде жер шарының.

Бетi аулақ соғыс деген пәтшағардың,
Тажалдың асау басын ноқаталар кiм?
Тайғанақ тақтасында саясаттың,
Ойлары шайқасуда патшалардың.

Құдайым бәрiн бермес сұрағанның,
Бақытын мыңға балар бiр адамның.
Iшiнде сайыпқыран көсемдердiң,
Шоқтығы шоқ жұлдыздай Нұр-ағамның!

Тұлпардай алға түсiп жол қиында,
Сұңқардай суырылады топ жиында.
Жартысы ғұмырының аспанда өтiп,
Келедi самғауменен сан қиырға.

Ғаламның тыныштығын бұзды қайғы,
Қасiрет кеңiстiктi сызғылайды.
Алайда, Еуропа-Азияны
Жалғаған алтын көпiр мызғымайды!

Шұлғытып ұлығын да, ұлысын да,
Баурады Батысын да, Шығысын да.
Оның да жүрегiнiң лүпiлi бар,
Әлемнiң әрбiр алған тынысында!

Асылдың жарқылдамас бар ма күнi,
Әуелден түскен оған Алла нұры.
Сондықтан Нұр-Сұлтан деп атын қойған,
Ата-ана болжағандай алдағыны.

Тiл көзден аман қылсын Тәңiр оны,
Бесiк боп берекеге қалың елi.
Арқасы ерендiк пен кемелдiктiң,
Тынысы Бостандықтың кеңiгенi.

Өткендер оба-қазық орнатып па,
Шекараң анық едi қай уақытта?
Бекiтiп ұлан-ғайыр айналасын,
Бүгiнде болып отыр елге тұтқа.

Ойланшы, кеше қазақ, кiм едiң сен,
Құлпырып бүгiн қайта түледiң сен!
Ортаға Астанаңды орнатқаның-
Ғасырдың оқиғасы бiле-бiлсең.

Бүтiнге сызат түссе сынады оңай,
Бiрiңдi-бiрiң сыйла ғұламадай.
Бұйырды өз төрлерiң өздерiңе,
Баспалап босағадан сығаламай.

Салынып жатқан шаhар кең далаңа,
Сыйласын асыл мұрат әр балаңа.
Азаттық астанасы аталады,
Қазақтың астанасы сонда ғана!

Бәйтерек – Астананың төрiндегi,
Өресi биiктiктiң өмiрдегi.
Аялы алақаны Елбасының,
Секiлдi өшпейтұғын сенiм мөрi.

Самсаған қара орманым-байтақ елiм,
Сынға сап сан жақсыны байқап едiң.
Еңсесiн елдiгiңнiң биiктеткен,
Ортаңда бойлап өскен Бәйтерегiң!

Өтiнде арпалысқан өмiр-майдан,
Жайқалсын болашағың тамыр жайған.
Бәйтерек - Елбасының өр тұлғасы,
Әкелiп өз қолымен Тәңiр қойған!

Туыңдай қанат керген желдi күнгi,
Танытты кең әлемге теңдiгiңдi.
Тұрғанда Бәйтерегiң көкке шырқап,
Ұстай бiл асқақтатып Елдiгiңдi!..

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста