Ерлан ЖҮНІС: МӘҢГІЛІК ЕЛ. НАРАДУ
БИСМИЛЛӘҺИР РАХМААНИР-РАХИИМ!
(деректі-метафизикалық дастан)
«Түркі халқының ұлы мұраты –мәңгілік ел болу»
Бұмын Қаған
«Кеңестің түбі – нараду»
Асан Қайғы
СӘЛЕМ
Бисмиллә, сәлем болсын Жаратқанға,
Күдіксіз құбылаға қаратқанға,
Ынтық қып кеш батқанда, таң атқанда,
Бойыма өмір нұрын таратқанға!
Бисмиллә, сәлем болсын Пайғамбарға,
Сәлемін пайғамбардың жайғандарға,
Байтаққа басын берген бабаларға,
Ұлысқа қазақ атын қойғандарға!
Ең сұлу сәлем болсын оқырманға,
Өлеңнен шуақ іздеп отырғанға,
Әділет, махаббатқа шақырғанда,
Сый бар ма одан артық ақындарға!
ӘЛҚИССА
Әлқисса, бір дастанды бастағаным,
Басыма ағаш жастық жастағаным,
Шалықтап, шалқып кетсем ғафу-ғафур,
Жәмшидтің қолға алғандай тостағанын,
Бар ма екен тарих – бастау тұнығындай,
Тік өскен жас байтерек шыбығындай,
Шындық, аңыз, қиялды қатар өрдім,
Сұлудың шолпы таққан бұрымындай,
Шарқ ұрған бір еркіндік құсына зар,
Өткеннен түседі екен ішіңе зар,
Қазақтың қаламына қарауыл көп,
Тарих өзін жазбайды, кісі жазар,
Кісінің жазғанында кәміл қайсы,
Бір жібі бозтайлақтың табылсайшы,
Қараңғы ғасырлардың түкпірінен,
Бір шырақ баба ұстаған жағылсайшы,
Ей, ақын, соны көріп шаттансайшы,
Сандығын сар даланың ақтарсайшы,
Керей мен Жәнібектің туын көрсең,
Сол тумен күн түбіне аттансайшы!
***
Алып ел – Алтын Орда – бақыт тағы,
Қолында Шыңғыс ханның жақұт дағы,
Бұл баян – бабалардың бір баяны,
Алып ел ыдыраған уақыттағы.
Хан болмақ, жұрт сұрамақ – Хақ бұйрығы,
Аспандап ұшар бақтың ақ тұйғыны,
Бабаның жолы үзілмес, қол кесілмес,
Түбінен кесілсе де ат құйрығы.
Көз жеткен ұлы дала қиырдағы,
Жошының еншісіне бұйырғаны,
Кейін жұрт Көк Орда деп кеңес құрды,
Байтақтың бар ұлысы жиылғалы.
Хандардың дарабозы – Өріс ханы,
Даланың бір жаралы арыстаны,
Өрістен өр боп туған түгел хандар,
Өгіздің көң терісі – талыс дағы.
Даланың кең қойылса керегесі,
Қозады ақыныңның делебесі,
Кешегі кең Керей мен Әз Жәнібек,
Өрістің арда туған шөбересі.
Тұғырға бақ қонатын тұс та туды,
Сол жылы көкшіл ай да қысқа туды,
Билеген Көк Орданы Әбілқайыр,
Бас қосқан бауырларға тіс батырды.
Қосылса қыр басында қос арыстан,
Секілді айбат шеккен аш арыстан,
Қос тұлпар Керей-Жәнібек қатар шапқан,
Қос жебе секілді еді қатар ұшқан.
Дұшпанға барқыт берсең, бөз аларсың,
Ойыңды сарқып берсең, сөз аларсың,
Қазақтың қазанында бас қайнаса,
Сол басты басқа емес, қазақ алсын!
Шаңқылдап ойда бөрі, шыңда құсы,
Жиылды екі жүз мың қырда кісі,
Билікке талас емес, ол бір бұйрық,
Қазақтың өтелетін шын хақысы!
Кең Керей, Әз Жәнібек көш бастады,
Сол көште – күллі қазақ бас қосқаны,
«Қазақ!» деп таудағы жұрт қосылмағы,
«Қазақ!» деп сайдағы жұрт астаспағы!
Бетке алып оңтүстікті көш жөңкілді,
Көшпенен ой жөңкілді, ес жөңкілді,
Артына бір қарады қос арыстан,
Кешірек қайта алам деп көшкен қырды.
Бойында қос арыстан қан ойнаған,
Сол қанда – келе жатыр талай бабам,
Артында кең даласы қарайлаған,
Алдында Қазақ Таңы арайлаған!
Бұл бір көш бақасты емес, бақ ойлаған,
Өз бағын маңдайына шақ ойлаған,
Сол қанда – Қасым менен Есім ханның,
Тәуекел, Әз Тәукенің қаны ойнаған!
Бұл бір көш мұндарды емес, мән ойлаған,
Ерлік пен Елдік мәнін кең ойлаған,
Сол қанда – Хақ Назар мен Салқам Жәңгір,
Абылай, Кенесары қаны ойнаған!
Жанардан ел көшті деп жас құлатып,
Қайтемін?!.
Сол шешімді тосты уақыт!
Келеді ең ұлы көш қазақтағы,
Тұлпары тұяғымен тасты уатып!
***
Жетісу – Әулиеатаның даласында,
Шу менен Сарысудың арасында,
Қарайған Қозыбасы шоқысы бар,
Бабамның сол шоқыда хақысы бар,
Сол маңда бір бәйтерек жайқалып тұр,
Заманның желіменен шайқалып тұр,
Басына сиқырлы құс ұя салған,
Секілді сом алтыннан құя салған,
Түбінде бәйтеректің әулие ұйыған,
Әулиенің маңайына сәуле ұйыған,
Ол әулие – Құлбақ әулие Тәңір құлы,
Заманға аңыз болған момындығы,
Момындық, көркем мінез – ұлылықтан,
Әл-жебрә, әл-қимиа сырын ұққан,
Аспаннан жұлдыз қаққан, күнді баққан,
Ғаламның мәнін ашқан тілді тапқан,
Сегіз түрлі есіктен кілт ұстаған,
Сол кілтті – тірі жаннан сырт ұстаған,
Жетеуді ашып, ішінен – сыйын алған,
Ал сегізді ашуға тыйым салған,
Қара тасқа жазғаны – ақ болады,
Ақ дегені – айнымас бақ болады,
Ал ақ тасқа жазғаны – қара болған,
Қарасы – сордан аққан сора болған.
Әулиенің оң жағында – данышпаны,
Ежелден өзі екен – алысқаны,
Ақылы – ілкі дүниенің ілгегі екен,
Үңгірде мың жыл өмір сүрген екен,
Жол кешсе – жер түбіне барған екен,
Су кешсе – су түбіне барған екен,
Айтқаны – адамзаттың арманы екен,
Түгел сөз сол данадан қалған екен.
Әулиенің сол жағында – жас жырауы,
Тілінен теңіз толқып, тас құлады,
Алапат тарқын екен, түркен екен,
Өзінен айтқан сөзі үлкен екен,
Өлместің шектей ұзын тілін алған,
Сөнбестің шоқтай қызыл күнін алған,
Сембестің бөрі езулі жағын алған,
Өшпестің мың ғасырлық жадын алған.
Әулиенің қарсы алдында – бұлт жайлатып,
Қара жерге отынсыз құрт қайнатып,
Желең-желең желпінсе жел тұрғызып,
Серең-серең секірсе сел жүргізіп,
Басына тірі аққудан тұмар киген,
Үстіне бітеу сойған бұлан киген,
Ыңыранып кәрі атандай шөгетұғын,
Ертеңді бүгініндей көретұғын,
Кәрленіп кәрі бақсы отыр еді,
Қос көзі туғанынан соқыр еді.
Төртеуі аян көріп, мұнда келген,
Шыңға емес, теңізге емес, құмға келген,
Сол аянды мен де енді қайтармаймын,
Бұл оқиға болған ба?
Айта алмаймын!..
Болғанына куә жоқ,
Болмағанына да – куә жоқ!
***
Қайыр, Тәңірі құлы Құлбақ әулие Бәйтерекке – Өмір ағашына сүйеніп, көкке қолын жайды. Ішінен әлдебір дұғаны күбірлеп отырғандай еді. Қыр басында екі кісі күн салып, батысқа, әрі солтүстік батыс қиырға көз жіберіп тұр. Қарсы алдындағысы қара қобызымен күбірлесіп отыр. Айнала құлаққа ұрғандай тып-тыныш. Тек, қыр астынан Шу өзенінің күркіреп аққаны құмығып естіледі. Құмыға жеткен дауысты күздің желі күшейте түскендей. Күшейген дауыс бірте-бірте ұлғая берді. Ұлғайған дауыс аспан астында жаңғырыға бастады. Жаңғырған дауыс ат тұяғының дүбіріне ұқсады. Дүбір екі аттың, жоқ, бірнеше аттың, жо-жоқ, үйір-үйір жылқының тасты уатқан тасырына айналғандай... Мінәжат үстінде бір мезет қалғып кеткендей болған Құлбақ әулие селк ете түсті.
Бірінші хәл
Тәңірі құлы Құлбақ әулие, қыр басындағы екеу оралған бетте сөйлеп кетті:
Екі дүние тең сынды,
Соны кешкен мен сынды,
Өң дегенім – түс сынды,
Түс дегенім өң сынды.
Таң басынан ай көрдім,
Айдан асқан тал көрдім,
Бір ғажайып жай көрдім,
Бір ғаламат хәл көрдім:
Аян ба, әлде, жасын ба,
Бәйтеректің басында,
Бір найзағай жарқ етті,
Алапат от шарқ етті.
Бар мен жоқты танымай,
Жасқанды ма жанарым,
Бұл не екен, тәңірі-ай,
Жорып көрші, жараным.
Үштің біріншісі Мұндыз ақын әулиенің үрметіне оң тізесін жерге басып, жүрелей отырды да, сөйлеп кетті:
Бағаналы ордама батып дұспан кірмеген,
Керегелі үйіме көлденең кісі түспеген,
Қоныс қылған жерімді қорқау торып жүрмеген,
Қылышымды сүймеген – қымызымды ішпеген,
Тамызық қылған отыным шала бықсып жанбаған,
Шаңыраққа түтінім шалқаламай тік ұшқан,
Жорық кешсем, қасық қан жау жеріне тамбаған,
Сығайлары бұғысқан, ығайлары ығысқан,
Уа, ұлы даламның бір әулиесі Құлбағым,
Баласағұн тауында тәңірі қалап туғаным,
Қасиетіңе қанығып, өсиетіңді тыңдадым,
Сенің көрген аяның – бір сорым да, бір бағым:
Бәйтерегім дегенің – байтақ ұлыс емес пе,
Таң басында ай көрсең – заман тыныш емес пе,
Жімле дүниені жасқантып жарқ еткен ол жай оты –
Қабылан ұлдың қолында қайқы қылыш емес пе?!.
Қасқайып бір шапқанда қаһар қылышы емес пе,
Зілденіп бір шапқанда заһар қылышы емес пе,
Алқалап бір шапқанда ғұн мен сақтың оты еді,
Арқаланып шапқанда әділеттің соты еді!
Қара тасты қамырша турар еді, әулием-ай,
Қара басты қаңбақша шабар еді, әулием-ай,
Қабылан ұлым қынаптан суырар еді, әулием-ай,
Қағанатым бейқамдық табар еді, әулием-ай.
Бір тауарих ойымда, Яқсарт дария бойында,
Қызылбастың қанқұмар Кир патшасы жайында,
Ұлы Тұран тік тұрып қызмет қылып тойымда,
Сақтың Тұмар Ханымын салсам деген қойынға,
Әлем тіктеп бір сәт те қарай алмас жүзіне,
Менің үрдей Ханымым, менің іңкәр Ханымым,
Эллада мен Скифия гүл шашатын ізіне,
Менің сұлу Ханымым, менің сұңқар Ханымым,
Яқсарт дарияны шалқытты,
Ант қылышын көтерді,
Су толқыны секілді сақ әскерін толқытты,
Қызылбастың патшасын қаздай қылып әкелді,
Қаздың жүні секілді Кирдің басын қалқытты.
Уа, әулие Құлбағым, осы, менің баяным,
Баз кешпеген баяғым – қылымдардың тарында,
Сенің көрген аяның – сол қылыштың аяны,
Күнге қарап тұратын кейінгінің қолында!
Сол сәтте үштің екіншісі Керқайат бақсы сөйлеп кетті:
Ай, әулие Құлбағым,
Ай, әулие Құлбағым,
Көкті шатыр қылғаным,
Жерді төсек қылғаным,
Ойлар болсам – ойдағым,
Сөйлер болсам – тілдегім,
Ындыныңды байладың,
Ымырасына жүрмедің.
Баласағұн жайладың,
Басты Ордаға кірмедің,
Қара суға тойғаным,
Қара жаяу жүргенім.
Сен әулие емей, кім әулие,
Тәңір бәрін тең берген,
Ішімдегі бір әуре:
Аян түсің сен көрген,
Өткен емес, келерім,
Қас төбемнен төнерім,
Қасқа жұлдыз сөнерім,
Бір сұмдықты көремін:
Қанға бөккен бас көрем,
Парлап аққан жас көрем,
Досқа айналған қас көрем,
Қасқа айналған дос көрем,
Бозайғырды бос көрем,
Бауырына ер түскен
Боінгенді аш көрем,
Ботасына шер түскен,
Қорыққаннан қос көрем,
Заман болар кер түскен.
Аспан таудың сауырында,
Жерге көме алмастай,
Алатаудың бауырында,
Көрге бере алмастай,
Қайқы қылыш жарқ етер,
Ханның басы қиылар,
Қара жұрты жиылар,
Көзіне қан құйылар...
Замананы аңдасын,
Ханға мазар сала алмас,
Ұрпағымыз хан басын,
Ұлып іздеп таба алмас.
Сол қылышты сен көрдің,
Жай оты ма дегенің,
Сол қылышты мен көрдім,
Көрдім соны, кененім.
...Селеудің басында дір ете қалған үнсіздіктің бұзылуын күтпестен үштің үшіншісі Көліркін данышпан сөйлеп кетті:
Ай дəуірін сүреді айналсоқтап,
Қыдырып қырға тоқтап, ойға тоқтап,
Дөңгелеп бағыты ауып кете алмайды,
Тəңірі түзу етіп қойған соқпақ.
Кісіге – заман мейман жолай соққан,
Заманнан жан бар ма екен жанай шапқан,
Кісі үйден кете ме, үй кісіден,
Шаһ сарайдан кете ме, сарай шаһтан,
Айтыңдаршы, неде оның айырмасы,
Бар ма екен қара жерге қойылмасы?
Қашаннан құйқа еті – қылыш жемі,
Бөрінің бөкен болса байырғы асы.
Тәңірі әр ұлысқа жер береді,
Бірге артық, ал біріне кем береді,
Жер де бақыт секілді биязы құс,
Таңдап жүріп қонғанды жөн көреді.
Аспаннан ай көрінер таң алдында,
Сол айдан ой көрінер салар мұңға.
Ұлы дала – майданы халықтардың,
Ұрпағы жеңімпаздың қалар мұнда.
Кім кетіп, кім жеңерін жер таңдайды,
Кім шөлдеп, кім қанарын көл таңдайды,
Өзгенің даласына көз тіккендер,
Отырар төрді емес, көр таңдайды.
Өзгенің күні өзгені жылытпайды,
Әркімді туған жері ұлықтайды,
Адамдар ұмытады көп нәрсені,
Қара жер ештеңені ұмытпайды.
Жазу бар маңдайында бұл даланың,
Жазуға күн қарадым, жыл қарадым,
Қ – Құдай,
А – адамзат,
З – замана,
А – алаш,
Қ – қара жер – құндағы оның.
Заманның көрген түсі – оқиғалар,
Тұтас ел тағдырына тати ма олар?!
Құдай жазған жазуды маңдайдағы,
Қылышпен аршып жүріп оқиды олар!
Үшеудің сөзін үнсіз тыңдаған Тәңірі құлы Құлбақ әулие: «Сусәгән узқа тәңрі мунуз бермәс» деп, көзін жұмып, дұға ете берді.
Екінші хәл
Бір заматта көзін қайта ашқан Құлбақ әулие үшеуге қарап сөйлеп кетті:
Күн – ғаламға мең сынды,
Ғалам деген құс сынды,
Түс дегенім – өң сынды,
Өң дегенім – түс сынды,
Ай – құсыма бау сынды,
Құс дегенім – жел сынды,
Жел дегенім тау сынды,
Тау дегенім – көл сынды.
Бұл маңайда бар ма ешкім,
Әулиеңе ой түсті,
Бір ғажайып хәл кештім,
Бір ғаламат жай түсті:
Дүниенің шетінен,
Кемпірқосақ керілді,
Қара жердің бетінен,
Қызыл жолақ көрінді.
Абдырадым, а, Тәңір,
Аян ба екен, не екен?
Абдырадым, а, Тәңір,
Баян ба екен, не екен?!.
Кең дүниенің кіндігі секілді көсіліп жатқан далаға көз жіберіп отырған Мұндыз ақын сөйлеп кетті:
Жылқы ішінен жараған жорға алмаса мінбеген,
Тон ішінен құндыздан жең салмаса кимеген,
Қатарға алған жігіті бек болмаса жүрмеген,
Қасына алған сұлуы ханша болмай сүймеген,
Бұлан еті базданып таңға асса жемеген,
Қыздар құйған қымызға қылау түссе жұтпаған,
Сай-сүйегі сыздаса сырқат көрдім демеген,
Дұспанынан олжа етпей бұйымды зат тұтпаған,
Анталаған жау көрсе, арыстанша ақырған,
Айқай салған даусынан атан түйе шөккендей,
Алқалаған дос көрсе, алқасына шақырған,
Сыпайылық мінезі – сақинадан өткендей,
Ат жайылар шалғыны алты көшті құраған,
Құс салатын сонарын қыран ұшып жетпеген,
Таң алдында Тәңірден ел тілегін сұраған,
Басқа қонған дәулеті балталаса кетпеген,
Құдіретті ерлердің мекені екен бұл мекен,
Сол мекеннің әулиесі Тәңірі құлы Құлбағым,
Сенің жарық дүниеңде өң мен түсің бір ме екен,
Сенің көрген аяның – бір сорым да, бір бағым:
Кемпірқосақ керілсе – кең дүниеге бір думан,
Қара бұлттың қалқанын жарып-бұзып күн туар,
Сол думанда шаттанар қыз-бозбала сыр қуған,
Қыз-бозбала сыр қуса – қамшы ұстар ұл туар!
Қызыл жолақ ғұндардың қамшысы емей немене,
Ғұн қамшысы – биліктің жаршысы емей немене,
Қамшы ұстаған ғұн ұлы – құлдығыңа көне ме,
Құлжа шыққан сақаның алшысы емей немене!
Иір-иір қамшысы Еуропаны үйірген,
Дойыр қамшы алдында Кіші Азия бүгілген,
Дырау қамшы алдында ұлы Рұм де иілген,
Дүре қамшы алдында қызылбастар жүгінген!
Мен бір тарих айтайын, замананы байқайын,
Ғаламды ашпақ секілді, сырын шашпақ секілді.
Қолға алып Жәмшидтің тостағанын шайқайын,
Тарғытайдың ұлына түскен тостақ секілді.
Киммерияны құлатып, Мидияға аттанған,
Жиырма сегіз жыл бойы ат үстінен түспеген,
Скиф жауынгерлері қайта оралған шақта алдан,
Бұрымдарын тарқатқан, бармақтарын тістеген,
Әттең, сұлу жарлары, қайран ару жарлары,
Қара құлдан ұл тауып, қара басып шығады,
Қос құрлықты шайқалтқан скиф абадандары,
Бір сұмдықтың болғанын елге келіп ұғады.
Қалай ғана қара құл скиф жарын жар етті,
Қорланғаннан сарбаздар құлға дүниені тар етті,
Қара нанды мұң етті, қара суға зар етті,
Көзін ойып олардың, Аримаспадан әрі етті!
Құлдан туған жас ұлдар жасақ құрып әскерден,
Таврия тауы мен Меотида көлінің
Арасына ор қазды, қорған салып қос көлден,
Қолға алсақ деп билігін Скифия елінің.
Күн баласын мұқатпақ құл баласы, әулием-ай,
Сатқын шыққан сұлу жар енді күңнен бетер-ді!
Құлға қарсы соғысқан Күн баласы, әулием-ай,
Қылыштарын қоя сап, қамшыларын көтерді,
Ғұн қамшысын көргенде құлда зәре қала ма,
Бас сауғалап, бытырай қашты олар далаға,
Құл таңбасы қанында, құл белгісі санада,
Тектілігі сүйектің қайдан болсын қарада!
Сенің көрген аяның – сол әмірдің қамшысы,
Ұлы даңқтың жұлдызы, ұлы билік жаршысы,
Сар далада салтанат құрған өмір қамшысы,
Ғұн патшасы ер Еділ – ол да Тәңір қамшысы!
Ақынның сөзіне басын шайқап отырған Керқайат бақсы былай деп сөйлеп кетті:
Ай, әулие Құлбақ-ай,
Ай, әулие Құлбақ-ай,
Тексіз ерден тумағай,
Тексіз жерде тұрмағай,
Құмнан сарай салмағай,
Құлдан әскер жимағай,
Жарың шығар жалмақай,
Күңмен неке қимағай!
Сорға қоныс теппегей,
Орға қамыс жаппағай,
Өзің тумай өппегей,
Бөлтірікті бақпағай!
Қамшы болар таяғың,
Соғыс деген сонар шақ,
Сенің көрген аяның –
Баяғы емес, болар шақ:
Ай, күн болар, күн болар,
Күн шықпастай түн болар,
Қылатының қың болар,
Кешетінін мұң болар,
Әкем деген еріңді,
Әлпештеген серіңді,
Ханға деген төріңді,
Таңба деген мөріңді,
Өзің көріп танымай,
Өзі-өзіңе жарымай,
Шытынайсың, а, құдай,
Бытырайсың тарыдай.
Сұрқылтайдай көріндің,
Сол бір сұмдық ғасырда,
Әлпештеген серіңнің
қамшы ойнайды басында!
Серіңе тиген сол қамшы –
Жеріңе тиген қамшы екен,
Жеріңе тиген сол қамшы –
Еліңе тиген қамшы екен!
Салыңа тиген сол қамшы –
Арыңа тиген қамшы екен,
Арыңа тиген сол қамшы,
жаныңа тиген қамшы екен!
Сол қамшыны ұстаған –
Ұстан болар дегенің,
Сол қамшыны нұсқаған –
Дұспан болар дегенің!
Ақын мен бақсыға кезек қарап отырып, данышпан сөйлеп кетті:
Шұрқырап жылқы ішінде құлын ойнар,
Сұлудың топ ішінде бұрымы ойнар,
Қамшыны сілтеместен оның сертін,
Шіркін-ай, ел болса екен бұрын ойлар.
Не ұстасаң, қолда соның табы қалар,
Табында таңба бар ма танып алар?
Қамшыны қол еткеннің қары талар,
Қамшыны тіл еткеннің жағы талар.
Бабадан мирас болса – енші бәрі,
Сол болар жаңылғанда жөн сұрары.
Бейне бір қамшы деген кісі ұяты,
Ұятты, арлы кісі – ел шырағы.
Заманның тыртық көрсең жамалынан –
Заманды кешкен жанның тағы арынан.
Әр кісі қамшысымен бірге туар,
Кім қалай сілтейтіні – амалынан.
Дойырдың танығаны доқ болады,
Отынның қарығаны шоқ болады,
Иесі өтсе дағы қамшы қалар,
Сол қамшы сор болар, не бақ болады.
Қол созған қайран өмір құлатыға,
Залымдық таңуға әуес кім атына?!.
Ұрсаң да құмырсқаны қамшыменен,
Ұқсатып келтірмессің мұратыңа.
...Тәңірі құлы Құлбақ әулие арқан бойы көтерілген күнге қарап: «айлын арслан тутар, кучун уйуқ тутмас» деп, ой тұңғиығына бата берді.
Үшінші хәл
Үшеу үшін қас-қағым, әулие үшін заман ауысым уақыт өткенде Тәңірі құлы Құлбақ сөйлеп кетті:
Күн, Ай, Жұлдыз – үш болды,
Үшке Бірім тең болды,
Өң дегенім – түс болды,
Түс дегенім – өң болды.
Жан дегенім – жарық нұр,
Күннен шуақ алады,
Ар дегенім – анық нұр,
Айдан қуат алады,
Жүрек деген – жұмбақ нұр,
Жұлдыздайын жанады.
Оның бәрін жан көрді,
Бір сөзіне сай көрді,
Бір ғаламат хәл келді,
Бір ғажайып жай келді:
Көкте қалқып жүретін,
Алып қара тас көрдім,
Көкте қалқып жүретін,
Жарық әппақ тас көрдім.
Көлеңкесі солардың,
Жер бетіне түсіп тұр,
Қарай қалған жанардың,
Жарық нұрын ішіп тұр.
Соның сырын көріп кел,
Соны тағы жорып көр!
Манадан бері қойтасқа арқасын беріп, Құлбақ әулиеге қырын қарап отырған Мұндыз ақын сөйлеп кетті:
Абыздары аққудай, қызыл тұлпар сардары,
Сарыала қаз, көк үйрек сән асырған қалғаны,
Тарғытайдан тараған адамзаттың ардағы,
Әділет пен теңдіктің жер бетінде қорғаны,
Абыздары – ордалы ой біткеннің орманы,
Ақындары – ағын су, кірлемеген арлары,
Арулары – тамылжып құс ән салған таң бағы,
Сардарлары – сап құрған ер біткеннің саңлағы,
Айнал жердің ақ төрі, алтын төрі осы екен,
Алтын төрдің халқы бір салтанатты көш екен,
Шалқар-шалқар көлдері – алтын жиек кесе екен,
Алып-алып таулары қамалдардай сес екен!
Уа, осы байтақта бағы асқан қариям,
Тумысынан тақуа Тәңірі құлы Құлбағым,
Екі өмірді тең кешкен Сейхұн-Жейхұн дариям,
Сенің көрген аяның – бір сорым да, бір бағым:
Үшкіл заман түбінен үміт туған таңдарда,
Үш бегіңді шақырдың, әй, әулием, кеңеске,
Қалқып жүрген қара тас – Қазығұртым болғанда,
Әппақ тасың – басында қалған кеме емес пе,
Қара тастың сен көрген көлеңкесі қалқыса –
Қағба нұры далаңа құйылары емес пе,
Әппақ тастың сен көрген алтын нұры шалқыса,
Тұтас түркі баласы жиылары емес пе,
Қазығұртым – әулие, қалған әмбие кемесі,
Адамзаттың баласы аман қалған жер осы!
Күлтөбеде құрылған кіл жақсының кеңесі,
Тұрандағы бар таулар – тау біткеннің төресі!
Аспан деген – айқай жер – Дәшті-Қыпшақ жазығы,
Бүл жазықта он екі қазылықтың басы бар,
Ол он екі қазылық – бұл даланың қазығы,
Тау дегенің – ол да әулие, құпиясын жасырар!
Кенеттен Керқайат бақсы сөйлей жөнелді:
Ай, даламның ажасы,
Ай, даламның дадасы,
Кенен ақыл қожасы,
Кемел ойдың қадасы!
Күн тұтылса төбеңде,
оның жайын сен білдің,
Сәби іңгә дегенде,
оның жайын білдің,
Су құрдымға құласа,
оның жайын сен білдің,
Ившқар ата жыласа,
оның жайын сен білдің,
Жұлдыз туса аспанда,
Кім туғанын сен білдің,
Кімнің түспей дастанға,
Ұмтылғанын сен білдің.
Зевс ұлы даламда,
Адасқанын сен білдің,
Жылан қызбен үңгірде,
Жарасқанын сен білдің,
Үзілмеген өмірсің,
Ұрпақпенен құрдассың,
Тарғытаймен тамырсың,
Ер Тоңғамен сырлассың,
Мұны да ұқтың, баба ата-ау,
Әр сөзіңді баққан жұрт,
Қара тасың – Қаратау,
Әппақ тасың – аққан жұрт.
Заман болар алағай,
Алапасы асады,
Әкесі өлген баладай,
Әділ жұрттың босады,
Алқакөлден сор шығар,
Ақтабаннан қан шығар,
Алдарынан ор шығар,
Артарынан шаң шығар.
Қаратаудың өрінен,
Қаралы көш құлайды,
Сарыарқаның белінен,
Сая таппай жылайды,
Кеңкілдейді кәрі атаң,
Ақ сақалын жас жуар,
Көштен қалған қара атан,
Елдің сорын ащылар...
Керқайат бақсының сөзінен жаны түршіккен Көліркін данышпан терең күрсініп, сөз бастады:
Дүние – бір үріккен киік пе екен,
Қолтықтан аңшы оғы тиіп пе екен,
Ел босса – етек-жеңін жияр бір күн,
Өзгеден таба алмайды ұйық мекен.
Адамның өз өмірі аулағаны,
Өзгеден жүрер соны даулағалы,
Етегін басып жүріп, еңсе тіктеп,
Адамдар өткенімен, тау қалады!
Тіріде тірлік үшін дау қоздайды,
Дауласса – дос та озбайды, жау да озбайды,
Езіліп жүрек еті, жігер мүжіп,
Қалалар тозғанымен, тау тозбайды!
Әзелден әзиз жандар әу деспейді,
Әзәзіл кірген жерге қау да өспейді,
Жаныңның жарық отын ұрлай-ұрлай,
Замандар көшкенімен, тау көшпейді!
Көліркін мұның бәрін неге айтады,
Заманның запыранын шеге айтады,
Біз семіп, бізден кейін шыққан шыбық,
Ұлдарын таудай етсін деп айтады!
Бір жазық – адамзаттың ұғымы әлі,
Жолында тас кездессе, жығылады,
...Даланың қазықтары – таулар болса,
Халыққа қазық болар ұлылары!
Тәңірі құлы Құлбақ әулие Көліркін сүйеніп отырған қойтасқа ұзақ қарап отырып: «ергә мун тәгір, тағ сәңіріңә иел тәгір» деп, өз әлеміне кетті.
Төртінші хәл
Сәлден кейін әулие селк етіп, басын қайыра көтеріп, сөйлеп кетті:
Ер қылары – іс деймін,
Іс қылары – оң деймін,
Өң дегенім түс деймін,
Түс дегенім өң деймін.
Ол жұмсақты қатырды,
Ол қаттыны жұмсартты,
Батпасыңды батырды,
Атпасыңды атырды.
Тұрмасыңды тұрғызды,
Жүрмесіңді жүргізді,
Ардақ Айды, Күнді ізгі,
Иалынуққа білгізді.
Иалынуқтан мен білдім,
Екі дүниені тең білдім,
Мен білгенді жел білді,
Жел білгенді ел білді.
Бой бергенге жан берді,
Жан бергенге ой берді,
Бір ғажайып хәл келді,
Бір ғаламат жай келді:
Көк көбесі сөгілді,
Жігін көрдім – алайған,
Ай тостақтан төгілді,
Түбін көрдім – қарайған.
Соның сырын көріп кел,
Соны тағы жорып көр!
Әулие сөзін көзін жұмып тыңдап отырған Мұндыз ақын сөйлеп кетті:
Шәки басып жүргенде шөп біткенді шат қылған,
Көбелек пен гүлдердің мерекесі мейманы,
Әнтек қана күлгенде ет жүректі шоқ қылған,
Тархандар мен дүрлердің мерекесі мейманы,
Күрең түсті жібектен қасабасы көрініп,
Құламадан ақ күміс теңгелері сыңғырлап,
Сорабаның шашағы күн нұрындай төгіліп,
«Еркежан» деп емініп, жеңгелері сыңғырлап,
Сыңғыры үшін сырғаның Сөкмән семсер көтерген,
Ағша менен Сәйфтер қаламдарын әкелген,
Жарты ауыз лебізі мың жылқымен өтелген,
Жарты езу жымиса – мың күлкімен өтелген,
Он төртінде туған ай, он бесінде толған ай,
Бітімінің сипаты – билеп өскен қайыңдай,
Болмысының сипаты – ұжмақтағы алмадай,
Қызыл ерні – алуадай, қара көзі – мойылдай,
Тегіндерге қойылған тамғалықтың ханшасы,
Әй, әртіні үзүгтер, әй-әй, алын үзүгтер,
Тәңіріге мойынған бар халықтың ханшасы,
Жұлдызтастан жасалған жерден таппас жүзіктер!
Асып туған осындай сұлулардың әулиесі,
Әй, киелі Құлбағым, әй, кемел де Құлбағым,
Сенің сөзің әулелден саналардың сәулесі,
Сенің көрген аяның бір сорым да, бір бағым:
Ай төгілсе – ұлыстың ақ ырысы емес пе,
Ақ сүт құйған далаңа – Тәңірі ісі емес пе,
Бақ-құт түссе балаңа – Тәңірі ісі емес пе,
Алтын менен күмістің шағылысы емес пе!?.
Ай аспаннан төгілсе – сүт төгіліп тұрғаны,
Ту биенің сүтіндей құт төгіліп тұрғаны,
Көк көбесі сөгілсе – бұлт сөгіліп тұрғаны,
Бұлттан шыққан күндей боп жұрт көрініп тұрғаны!
Бір тарихты сөз қылам, сөзді – өзгеге көз қылам,
Шарлап кетем шалғайды, жайлап кетем жуықты,
Тамырыма үңілсем талай жайды кез қылам:
Жошы ұлы Берке хан мұсылман боп туыпты!
Хақ сөзіне ұйытып байтақ Дәшті даласын,
Тақуалық тәспісін төңірегіне санатқан,
Сол Берке хан туғанда ембеген соң анасын,
Жошы жұртты шақырып, әулиелерге қаратқан,
«Бұл – мұсылман» - десті олар, - «кәпір сүтін еме алмас»,
Немересі Шыңғыстың қалар болса, нені алмас,
Мұсылманды алдыртты, бауырына салдыртты,
Емді Берке сол жанды, қайран қылып бар жұртты!
Керқайат бақсы сөйлеп кетті:
Құлбақ әулие, құлдығым,
Құлбақ әулие, құлдығым,
Жер қарасам – ошағым,
Көк қарасам – түндігім!
Тасты тасқа соққанда,
Оны да алтын еттің соң,
Текеметті қаққанда,
Одан меруерт төктің сен,
Бір есіктен екі рет,
Бір мезетте кірдің сен,
Бір жолменен жеті рет,
Бір мезетте жүрдің сен,
Ат бармайтын алысқа,
Аттап басып бардың сен,
Соның мәнін талысқа,
Хаттап басып алдың сен,
Сенің көрген сәулең бұл,
Сенің көрген хәлің бұл,
Сыздатады кеудемді,
Мұздатады жанымды.
Ай төгілсе тостақтан,
Бозінгенің суалар,
Боздалаңды шу алар,
Бозайдынды бу алар,
Қара тостақ бос қалса,
Қара жерің қуарар,
Қара көзді құм алар
Қара дұшпан қуанар.
Кер-кер заман келеді,
Көр-көр көзің көреді,
Өсері мен өнерін,
Өзге жұртқа береді,
Жұрқа қалмай жылқыдан,
Құйқа қалмай қойыңнан,
Салық кетпес жұртынан,
Қамыт кетпес мойыннан,
Аша тұяқ кеткен соң,
Аштық келіп жеткен соң,
Кәрі атаны шөккен соң,
Кенезесі кепкен соң,
Бүтін жұртың бүлінер,
Бір-біріне ілінер,
Бүлінгені – тірілер,
Бірінің етін бірі жер.
Бесеуі өлер жетеудің,
Біреуі өлер екеудің,
Бекер көрген екенмін,
Ай, не етермін, не етермін!
Бақсы сөзінен аза бойы қаза болған Көліркін данышпан ұзаққа дейін аузына сөз түспей абдырап отырып, былай деп сөйлеп кетті:
Түрлентер жердің бетін Тәңір суы,
Басылар айтақырдың кебірсуі,
Шапқылап балақан мен құлыншақтар,
Шат қылар дүниені өмір шуы.
Шапақтап әппақ санын жас нәресте,
Шатпақтап былдырласа – көңілсуі,
Қылымсып, қолтықтасып қатар құрбы,
Күшейер бойындағы қан ыршуы,
Арда емген ана сүтін келеді ұрпақ,
Ана сүт – тазалықтың ағын суы,
Әуелеп көкіректен ән ырғиды,
Қойылып кәрілердің қоңырсуы,
Аштықтан бір шек болған бір күннің де,
Екі күн басылмайды жебірсуі,
Қанағат – адамзатқа бір тиянақ,
Сонда тұр жүздің нұры, көңіл шыры,
Халықтың көкірегі бос қалғаны,
Қазанның күнде қалып қаңырсуы,
Бозінген – ене тарих сүтін құйсаң,
Қайтпай ма ұзақ жылдық қабырсуы,
Қайта ашар шежіресін шаңнан аршып,
Шежіре – шетін емес, тамыр тіні,
Тарих бұл – өзі-өзіңді билей білу,
Өтпелі өзгелердің әмірсуі,
Кітаптың кез-келгені Хақтан емес,
Еменнің өзі болмас қабыршығы,
Тіліңде тұтас тарих қаттаулы тұр,
Сөздердің сақталуы оның сыры,
Диірменді қалыбына келтіретін –
Уақыт – шыр айналған жан ұршығы,
Таулардан бір хикмет көрмейсің бе,
Бір кезде жерде болған оның шыңы,
Теңізден бір хикмет көрмейсің бе,
Бір кезде тауда болған соның шүңі,
Өткеннің бұлдырлауы секілді екен,
Келетін болашақтың сағымсуы,
Басылар айтақырдың кебірсуі,
Түрлентер дүниені Тәңір суы!
Үшеудің сөзін салмақтап, ой таразысына салып отырған Құлбақ әулие: «сачратғудың қорқмыш қуш қырқ йыл азры иығач узә қонмас» деп, көзін жұма берді.
Бесінші хәл
Бір мезеттер болғанда Құлбақ әулие өзі туған кезінде Ай үлкен болды ма, әлде Шолпан үлкен болды, соны есіне түсіре алмай, аспанға қараған күйі сөйлеп кетті:
Екі қолым ұста екен,
Екі аяғым тең екен,
Өң дегенім түс пе екен,
Түс дегенім өң екен,
Пір Дәуіттен жүз алдым,
Қылыш соқтым, шаппадым,
Пір Сәдіден біз алдым,
Етік тіктім, баспадым,
Пір Опидан тал алдым,
Жеміс ектім, үзбедім,
Пір Үббіден сал алдым,
Қайық қылдым, жүзбедім,
Пір Сәруар үт берді,
Ділбар көрдім, сүймедім,
Тепшем ата жіп берді,
Шекпен қылдым, кимедім,
Пір Борықтан бұлт алдым,
Жаңбыр суын – дәт қылдым,
Отанадан шырпы алдым,
Сексеуілді от қылдым,
Мырқайдардың желіндей,
Сөз самалын соқтырдым,
Ыдырыстың деміндей,
Ой самалын соқтырдым,
Менің түбім – кешірім,
Менің сойым – ұяң мұң,
Ахмет Қами есімін,
Еске алғаннан ұялдым,
Қалтаң ата қасында,
Кекшіл ата жанында,
Баласағұн басында,
Батиманың бағында,
Ғұмыр кешкен сәттерді,
Қанша кештім – ұмыттым,
Қара жұмбақ көп көрдім,
Қанша шештім – ұмыттым,
Күннен кейін Ай келді,
Әлде Шолпан дәл келді,
Бір ғажайып жай келді,
Бір ғаламат хәл келді:
Көк түбінен жер көрдім,
Ұшып барады екенмін,
Көк түбінен ел көрдім,
Түсіп барады екенмін,
Соның сырын көріп кел,
Соны тағы жорып көр!
Мұндыз ақын сөйлеп кетті:
Алқалаған алтын Ай көктің ұлы – Тәңірқұт,
Ай толқытқан сулардың әміршісі бір өзі,
Күн қорыған маңдайын оттың ұлы – Тәңірқұт,
Күн түсетін жерлердің әміршісі бір өзі,
Атой салып әскері кірген елдің иесі,
Тұлпарының тұяғы түрген елдің иесі,
Сұңқарының шеңгелі бүрген елдің иесі,
Бөрісінің азуы тілген елдің иесі,
Тәңірқұттың ақылы – біткен емес ұлыққа еш,
Ал айласы – жыланның ізін көрген, әулием,
Қорыққандар даңқынан қорған салған қырық көш,
Торыққандар тоқал қып қызын берген, әулием,
Ат басына қан жақпай өте алмаған даламен,
Тәңірқұттан сөз алмай шыға алмаған жолға да,
Белбеулерін қолға алып, бетін бояп қарамен,
Төмендігін қылмаса, кіре алмаған ордаға!
Тәңірқұттар билеген текті өлкенің төбесі,
Бөрісі мен құсының жайын білген Құлбағым,
Сенің сөзің – төрт құбыла түгел жұрттың кеңесі,
Сенің көрген аяның – бір сорым да, бір бағым:
Көк түбінен жер көрсең – көкорайлы мекенің,
Тәңірінің назары – қорғауында тұрғаны,
Көк түбінен ел көрсең – ұлың торсық шекелі,
Тәңірінің назары – таңдауында тұрғаны,
Шегірбаян ұшырған сермендесі даланың,
Сүлейменнен сыр алған пәрмендісі даланың,
Сенің ұшып жүргенің – қыран ұшқаны емес пе,
Қанатында қыранның Тұран ұшқаны емес пе?!.
Тұр дүниеге Тәңірқұт – Қыран Баба емес пе,
Мөде менен әкесі Тұман баба емес пе,
Нәнди бидің жалғызы Күнби Елжау қыраны,
Көк аспанда байтақты күзетумен тұрады!
Бұл байтақтың бақытын қайтаратын түс екен,
Даңқы менен дәулеті қайта келер ағылып,
Құтылықтың басына құт боп қонған құс екен,
Құл Тегіннің тәжіне таңба болған – Самұрық!
Керқайат бақсы сөйлеп кетті:
Азығымның ағасы,
Абұлымның ардағы,
Арғымақтың тағасы,
Ар-ожданның ғарнағы!
Ай, әулие Құлбағым,
Қайнарымсың бас алмас,
Шеше алмайтын жұмбағым,
Құпиямсың аша алмас,
Менің бабам көргенде,
Сонда қария екенсің,
Даналыққа келгенде,
Тетіс дария екенсің,
Бабасына бабамның,
Дәріс берген екенсің,
Баласына баламның,
Дәріс берер ме екенсің?!.
Күншығыста ұлы су,
Одан ассаң дала бар,
Сол даланың ұлысы –
Сен оқытқан дана бар,
Күнбатыста ұлы су,
Одан ассаң дала бар,
Сол даланың ұлысы –
Сені көрген дана бар!
Көк түбінен жер көрсең –
Жеріңе тықыр таянды,
Көк түбінен ел көрсең –
Еліңе бүкір таянды,
Көкке ұшып кеткенің –
Төмен ұшар қарлығаш,
Замананың өкпегін,
Елеп ұшар қарлығаш,
Шайқас болар үш ғасыр,
Айқас болар үш елмен,
Тұс-тұсыңнан тұстасар,
Түпкі дұспан күшенген,
Оң жағыңнан жұлдызқұрт,
Жапырағыңды кемірер,
Сол жағыңнан қарақұрт,
Теспей сорып семірер,
Таудың биік қиясын,
Тасқын су да кеше алмас,
Қарлығаштың ұясын,
Тастап қартың көше алмас,
Қылышыңды тат баспас,
Құрығыңды мүк баспас,
Қара жолды шөп баспас,
Ат арқасын түк баспас,
Күн күн асар, күн асар,
Жыл жыл асар, жыл асар,
Жыласар да шыдасар,
Үш жүз жылға ұласар!
Көңіліне дақ, көзіне жас келген көліркін данышпан сөйлеп кетті:
Босаға туса егер жаз келгені,
Қаңқылдап қатар ұшып қаз келгені,
Өседі қатқақ жерде жусан биік,
Жусанның аласасы – сазда өнгені,
Сүмбіле туса егер күз келгені,
Сыртынан шәркейіңнің сыз келгені,
Маңқылдап көшкен жұртта төбет үрер,
Ит үрсе – жалғыз қайтқан із көргені.
Арқалап жүрер адам жүгін көшпен,
Бел бар ма өтетұғын бүгілместен,
Қазаннан басқа тұтар бұйымы жоқ,
Қадымда бір қария ғұмыр кешкен,
Қария – бір әулеттің отағасы,
Жүрген жан шетке ұзамай, от арасы,
Қазанды ешбір адам қозғамаған,
Өткен соң дүниеден екі ағасы.
Ол қазан – құйттай қазан, қозы қазан,
Қарияның қара кешке – сөзі қазан,
Үш ұлы ойлаушы еді, қайтсін-ай деп,
Болған соң әкесінің көзі – қазан.
Бір күні аманат шақ қартқа келді,
Шақырды үш баласын – арттағы елді:
«Қазанды кім көтерсе соған берем»,
Үшеуі үндемеді, шартқа көнді.
Үлкені «әупірім» деп сөзді алғаны –
Қайысты қара белі – қозғалмады,
Ортаншы орнынан да жылжыта алмай,
Кенжесі қылжақ қылып, мәз болғаны.
Кенжесі күшін салды – қозғалмады,
Мұндайды көргені осы – өз болғалы,
Тарылған кәрі көзін ашты қария,
Кісінің кең дүниеге аз ба арманы?!.
Мұның бір сыры бар-ды ұшқарыдан,
«Үшеуің көтер, - деді, үш жағынан»,
Үп етіп титтей қазан көтерілді,
Үш жақтап ұстағанда үш оғлан.
Қаласа, от болмайды қозданбайтын,
Сәт қана қаласаң да тез болмайтын,
Қара жер – қара қазан мысалы еді,
Үш бұтақ бірікпесе – қозғалмайтын.
Жалғанмен шындық үшін мән соғысар,
Түнекпен жарық үшін таң соғысар,
Әуелден халық емес, қан соғысар,
Әділет деп ар менен жан соғысар,
Ол да бір ел болудың мысалы екен,
Кешкені адамзаттың – болса мысал.
Дұспанмен ел соғысса, жер соғысар,
Дұспанды жарға соғар, шөлде тұсар,
Қар басар, қатқақ түсер, дауыл соғар,
Кешкені адамзаттың – кем бе мысал?!.
Жер тәні жұпыны екен, тозған екен,
Адамзат өзін сәндеп, озған екен,
Соғыста өледі адам – тірі болса да,
Соғыстан тірі қайтар сөз ғана екен!
Тәңірі құлы Құлбақ әулие тас төбеге келген күннің сарғайған жапырақтың өзіне сәуле түсіріп тұрғанын көріп, табиғаттың сонша мейірімді екендігін, ал адамдардың неге сонша қатыгез болатынын ойлап: «Тәңсіздә тәгірмән турғуса, йарағсызда йар барыр» деп, көзін қайта жұмды.
Алтыншы хәл
Тәңірі құлы Құлбақ әулие солтүстікке қарай дегбірсіздене көз салып, әлденені талқылап жатқан үшеуге тоқта дегендей алақанын көрсетіп ишара білдірді де, сөйлеп кетті:
Ой – аспандай кең екен,
Сезім – ойдың іші екен,
Түс дегенім өң екен,
Өң дегенім түс екен,
Жерден кәрі сөз деген,
Айдан кәрі ой деген,
Заман сайын өзгерем,
Заман сайын бой берем,
Қалғымайды кек деген,
Түс көрмейді ызалар,
Ұйықтамайды жек көру,
Бірте-бірте қызарар,
Бірте-бірте ұзарар,
Бірте-бірте ұшталар,
Бірте-бірте із алар,
Жолдар-жолдар қысқарар,
Олар ояу жүреді,
Олар баяу жүреді,
Олар таяу жүреді,
Олар бәрін біледі,
Олар кәрі сезімдер,
Ой ішінде тұрақтар,
Ай, олардан безіңдер,
Ай, олардан жырақ бар,
Қызыл-қызыл ай көрдім,
Айға біткен жал көрдім,
Бір ғаламат жай көрдім,
Бір ғажайып хәл көрдім:
Ой жер болып алыпты,
Қараңғыға шомыпты,
Іші сөзге толыпты,
сырты көзге толыпты!..
Соның сырын көріп кел,
Соны тағы жорып көр!
Құлбақ әулие сөзін аяқтай бере Мұндыз ақын сөйлеп кетті:
Тураға – тік, қисыққа қырын барған Күн ұлы,
Күнбатысқа қылыштан бұрын барған ғылымы,
Күншығысқа қамшыдан бұрын барған білімі,
Күн сағаты – мысырлық сағаттан да ерте еді,
Сан санаты – шыңдағы абақтан да ерте еді,
Дана жетеу болса егер, Анақарыс бірі еді,
Элладалық даналар арасында дүр еді,
Дарияға ең алғаш зәкір салған кім еді,
Сол зәкірдей дүниеге ақыл салған кім еді?!
Ұстаз екеу болса егер, Әбу Насыр бірі еді,
Дүниедегі ұстаздар арасында пір еді,
Алты бастау – негіздің бәрін тапқан кім еді,
Саз бен санның әлемге шамын жаққан кім еді?!
Емші үшеу болса егер, оның бірі – Тоқсары,
Жан мен тәннің шуағы – дәру гүлі Тоқсары,
Өзі өлсе де, елесі қалып қалған Тоқсары,
Афинаны обадан алып қалған Тоқсары.
Жүгенектің жерінде Ахмедтен кім асқан,
Ақиқаттан сый алған, тазалықтан сыр ашқан,
Хакім ата – Сүлеймен, Бақырғаннан кім асқан,
Махаббаты мәңгілік сұлулыққа ұласқан!
Даналықтың дәнінен әулие өспей кім өсер,
Әулиелігің сол шығар Тәңірі құлы Құлбағым,
Тазалықтың дәнінен махаббаттың гүлі өсер,
Сен көрген аяның – бір сорым да, бір бағым:
Қара жерге ой кірсе – даналықтың құмы екен,
Ой ішіне сөз сіңсе – сана бүрлеп тұр екен,
Ой сыртына көз бітсе – жүрекке біткен нұр екен,
Бабам іздеп жүретін адамдықтың шыңы екен!
Ысқақ баба жұрыны, Ибраһимнің құлыны,
Қожа Ахмет Яссауи – жер астына кірген Ой,
Топырақтан жаралып, топыраққа сіңген Ой,
Жер үстіне көз болып қалатынын білген Ой,
Даналықтың топырағы түлегенде біз өндік,
Топырақтан біз сіңген даналардың жүзі өнер,
Жас шыбықтай жайқалып күнге ұмтылып түзелдік,
Жас шыбықтай жайқалып күнге ұмтылып түзелер!
Маңайын сипалап, бір уыс топырақты қолына алып, маңдайына басып отырған Қерқайат бақсы сөйлеп кетті:
Ай, әулие Құлбағым,
Әулиеліктен шүленім,
Топырақтан тұрғаным,
Топыраққа сіңерім,
Қара жерден не ауыр,
Қарадай басқан ой ауыр,
Қара ойдан не ауыр,
Қораланған ай ауыр,
Қара айдан не ауыр,
Бетін басқан күн ауыр,
Тұтылған күннен не ауыр,
Тұтқиыл келген мұң ауыр,
Қара жерге ой кірсе –
Қара басың жер болар,
Қара ойға сөз сіңсе,
Қара сөзің шер болар,
Жер сыртына біткен көз –
Бір Тәңірге жыларың,
Жастан басқа түк көрмей,
Жанарыңды бұларың,
Ой төресі санаңды,
Жылқы ішінде бозыңды,
Сөз төресі данаңды,
Қастерлеген қажыңды,
Ай, күндердің күнінде,
Қара жерді өптірер,
Қара құдық түбіне,
Қара нардай шөктірер,
Әділетсіз арырсың,
Мейірімсіз налырсың,
Ынсапты қалай танырсың,
Ай, көргенім жаңылсын!
Әділет, мейірім, ынсап үшеуінің адамды адам қылмағы бір анық емес пе деп ойлаған Көліркін данышпан сөйлеп кетті:
Үңгірдің қабырғасы бейнелі сөз,
Көрсе де көре алмайды кейде оны көз,
Адамзат табиғаттан тыр жалаңаш,
Жалаңашты білмейді жейделі кез.
Қарасаң сол бейнеде – зіл қашалған,
Қорыққан жануарды қырға салған,
Адамдар соны қуған – ол да хайуан,
Өзгеше болғанымен сұлбасы аңнан.
Туғанда кісі көзін зорға ашады,
Көздерін ашпай жатып қарны ашады,
Адамды ашқан қарын билеген соң,
Еңкейіп өлгенінше зар басады.
Аз жүріп, арқасына дорба алады,
Дорбаға салған заты мол болады,
Өзінен ауыр жүкті қайтпек екен,
Мықшиып, соны қорып, қор болады.
Киімді жануардан тартып киді,
Құндыз бен түлкі киімін шалқып киді,
Жүнін тартып алған соң өзін жеді,
Жеді де, және аңсады артық күйді,
«Қорықпа, қолыма кел, бағам» деді,
«Бір саған бар жақсыны табам» деді,
Жырақтан қуғанынша жақын ұстап,
Шетінен кертіп жеген амал деді,
Ойласаң, сол қашқан зіл – заман екен,
Заманды кісі қалай шабады екен,
Заманды кісі қалай бағады екен,
Заманның тілін қалай табады екен?!.
Заманды қолға үйретіп алмақ адам,
Мойнына темір қамыт салмақ адам,
Уақыт ит секілді ізіңе ермес,
Қарамас далбасаңа қармалаған.
Бәрі де аш қарыннан амал туған,
Болмайды өзгеше ол мән артудан,
Қарашы айналаңа көзіңді ашып:
Тыр жалаңаш адам жүр заман қуған!
Тоқтаса, топ соңынан бара бермей,
Тән емес, жанын ойлар, қарап өлмей.
Жаралған топырақтан адам шырақ,
Жұтады түбі бәрін қара жердей!
Құлбақ әулие күшейе түскен ат тұяғының дүбіріне біршама құлақ салып отырды да: «кең тон убрамас, кеңәшлік білік артамас» деп, көзін қайта жұмды.
Жетінші хәл
Бір замандар болғанда, өзен бойлай біткен қалың құрақтың басына ұлы бесін қонғанда, Құлбақ әулие көзін ашып, сөйлеп кетті:
Заман іші кең екен,
Адам іші – кіші екен,
Түс дегенім өң екен,
Өң дегенім түс екен.
Кіші ішін кеңейтер,
Құрсақтарға ұл бітсе,
Кең даланы көркейтер,
Керім туған гүл бітсе,
Ұлдың іші тарылса,
Ұлыс іші тарылар,
Қыздың іші тарылса –
Кең дүние қаңырар.
Айдың іші жарылса,
Жұлдыз болып жамырар,
Ойдың іші жарылса,
Орынды сөз табылар.
Сөз сөзбенен айтысты,
Жұлдыз біткен шарпысты,
Бір ғаламат жай түсті,
Бір ғажайып хәл түсті:
Күннің алтын сәулесі,
Қызыл-жалқын өң берді,
Қызыл-жалқын сәулесі,
Жарып өтті шеңберді!
Соның сырын көріп кел,
Соны тағы жорып көр!
Ғадетінше Мұндыз ақын ауыздыға сөз бермей, сөйлеп кетті:
Тәңірі жерді тегіс етсе, биік жері – Өтүкен,
Төңірегін теңіз етсе, тұйық жері – Өтүкен,
Бүтін етсе құрлықты, қиық жері – Өтүкен,
Түгел түркі жиылса, ұйық жері – Өтүкен,
Өтүкенді жайлаған түркі бабам өр еді,
Өтүкеннің жынысы өр түрікке төр еді,
Өрде тұрған Өтүкен – жүзімдегі мең еді,
Маңдайдағы көз еді, қолымдағы мөр еді,
Көз жоқ еді кірбіңге, жүз жоқ еді кіржіңге,
Түз бар еді түлікке, қыз бар еді жігітке,
Шығысында – Шаңдуңға, батысында – Інжуге,
Терістікте – Байырқу, түстігінде – Түбүтке,
Дейін жерді жаулаған, дүйім елді баураған,
Азбан ағын мінгенде ауыздығын шайнаған,
Аз Қаракер мінгенде көзіне тер саулаған,
Ту асауын тұсаған, тау батырын байлаған,
Тас шегенін бор еткен, су шүңгілін сор еткен,
Қол астына алған соң – тозған жерді от қылған,
Бұл байтақтың баласын бір-бірінен зор еткен,
Аз халықты көп қылған, көп халықты тоқ қылған,
Күлтегінім тұрғанда – Күн тұрғаны секілді,
Тоныкөгім тұрғанда – шың тұрғаны секілді,
Білге қаған тұрғанда – төбем көкке жетердей,
Бұмын қаған тұрғанда – бір еңкеймей өтердей!
Тәңіріден басқаға тізе бүгіп көрмеген,
Айласына кірмеген, айдауына жүрмеген,
Өтірікті мұқатқан, өрекпіні бастырған,
Қара көзін бұлатқан, қара қанын шаштырған.
Қағандардың қолында күннен келген жебе еді,
Ғұннан қалған сол жебе – тас қамалды бұзады,
Қақыратып ұшқанда қабыртқаны сөгеді,
Оқыранып ұшқанда – омыртқаны ызады,
Аяндағы күн нұры – келген жебе ғарыштан,
Ер Тоңға мен Тоныкөк дұшпанына зулатқан,
Емен сапты жебесі екі құрлыққа тең ұшқан
Үйеңкісапты жебесі үш хандықты шулатқан,
Қасарысқан дұшпаны қарсы жүріп беттесе,
Шар басында айналып шырылдаған шыбыны,
Құстай заулап көз жетпес бұлт басына жетпесе,
Батпақтағы бақадай миға батып кетпесе,
Ініндегі тышқандай жерден шықпай өтпесе,
Қайың сапты жебесі құтқармаған тіріні!
Кең дүниені көкіректегі көзімен ғана болжап көріп, өмір келбетін өзінше білетін Керқайат бақсы сөйлеп кетті:
Тауға біткен асқарым,
Суға біткен тереңім,
Жеті есікті ашқаным,
Жеті ғайып көрерім,
Көк дегенің – жеті қат,
Ары қарай кім барған,
Жер дегенің жеті қат,
Ары қарай кім барған,
Жеті жұлдыз көкте бар,
Жұлдыздардың алыбы,
Күндіз-түні от болар,
Дүниенің жарығы,
Жеті бөлік жерде бар,
Судан біткен арасы,
Жеті түрлі пенде бар,
Жеті түрлі бабасы.
Жеті түрлі әулие бар,
Өзің едің төресі,
Жеті түрлі сәуле бар,
Жарық күннің жебесі.
Жаз дегенің қыс болар,
Қашқан бағың секілді,
Ұзын жебе қысқарар,
Бас бармағың секілді,
Қысқарады өлшемі,
Ұзарады сұмдығы,
Шеңбер деген – ел шебі,
Оқ теседі бір күні,
Қызыл ойды ойлатар,
Қызыл сөзді сайратар,
Жақсыларды жайратар,
Жоқшыларды жайратар,
Қызыл жебе қадалар,
Кіл жақсылар қырылар,
Жан таппасың сағалар,
Жер таппасың тығылар,
Қуғын көрер көсемің,
Сүргін көрер шешенің,
Тастан болар төсегің,
Достан болар кеселің,
Жақсыларды жау дерсің,
Жаудан бетер соярсың,
Жақсы сөзді дау дерсің,
Даудан бетер жоярсың,
Өз әкеңнен безерсің,
Өз балаңнан тығылып,
Өз бауырыңды езерсің,
Өз жаныңнан түңіліп...
Бұрқасын күнгі бұлттай буырқанып, соқыр көзінен ыршып жас шыққан бақсыға бір қарап, күн сәулесінің бірде қызыл, бірде жасыл түске еніп су бетінде құбылып ойнап тұрғанына бір қарап, Көліркін данышпан сөйлеп кетті:
Дүниені кезер болсаң, кез қыл шынды,
Айтсаң да аманат қып аз күн сырды,
Уақытты тәңір жасар, кісі өлімші,
Өмірі – өткінші бір мезгіл сынды.
Жалғаншы – жарық күннің жай қонағы,
Қылары мейманпаздық, тойламағы,
Бойынан ойы азар боп тұрған соң,
Ол құрға қайдан келсін ой қамағы,
Ойлы жан – озар күннің шын қонағы,
Болмайды қонақшылық бұлдамағы,
Ас ішіп, аяқ созып күн тұлдамай,
Жақсыдан жарты ауыз сөз тыңдамағы,
Өзі де жақсы болып, жай ұқпағы,
Көркемдеп, келген жерін байытпағы,
Адамдық қылмақ болсаң, ақырға жет,
Ол қасиет дерт емес қой айықпалы.
Жалғаншы жаны үшін күн кешеді,
Өзін бақпақ, баптамақ – бір кеселі,
Ол есер екеу болып жолға шықса,
Жол бойы бір-бірімен күндеседі.
Жақсылар жан бақпайды, ар бағады,
Өзге емес, өз бойынан арланады,
Ол жақсы екеу болып жолға шықса,
Жол бойы бірін-бірі қорғамағы,
Шын жақсы әр ғасырда бір келмегі,
Келген соң – ұлысына сыр бермегі,
Жалғаншы әр жыл сайын бір келмегі,
Келгенде бақырайып құр келмегі.
Кім жақсы жарық күнде – кемел жақсы,
Кемелден керім туған өнер жақсы,
Сыры оның бір ғасырға болады азық,
Келгенше қайта айналып келер жақсы.
Тәңірі құлы Құлбақ әулие қыр астынан жеткен дауыстың анық ат тұяғының дүбірі екенін кісі дауысы араласа естілгенінен біліп, көзін қайта жұмды. Көңілінде үміт пен күдік оты қатар тұтанғаны күреңденген кейпінен сезіліп тұрды.
Сегізінші хәл
Күн кіші бесінге ауған сәтте көзін ашқан Құлбақ әулие марқайып, насаттанған дауыспен сөйлеп кетті:
Көңіл шіркін құсбегі,
Үміт баптап келмегі,
Өң дегенім түс пе еді,
Түс дегенім өң бе еді,
Түн дегенім ай болды,
Ай дегенім таң болды,
Бір ғаламат жай қонды,
Бір ғажайып хәл қонды:
Дала көрдім гүл толған,
Бабалардың жерінен,
Төбесіне күн қонған,
Бала көрдім төрінен.
Оң қолында – қыраны,
Сол қолында – қылышы,
Саңқылдайды ұраны,
Жарқылдайды ұлысы.
Тұлпар мініп тұр екен,
Тұрпаты оның дүр екен,
Ту ұстаған ұл екен,
Ту бетінде – Күн екен!
Мамыражай жер екен,
Маңғаз жұрты өр екен,
Адамзатпен тең екен,
Мәңгі жасар ел екен!
Көрдім соның жарығын,
Көзім тоймай қарадым,
Жақсылыққа жорыдым,
Жорымаңыз, жараным!
Орнынан тұрған Құлбақ әулиемен бірге үшеуі де өре түрегеліп, әулиеден дұға тілеуін сұрады. Әулие дұға етті:
Күн даласы – Ұлы Дала,
Бақан басына күн қада,
Алып күнің жарқ етсін,
Алып құсың шаңқ етсін!
Қазақ бол!
Қазақ бол!
Қазақ бол!
Ақсарбасқа атан шал,
Қасқа айғырға таңба сал,
Әкең тақтан түспесін,
Ұлың аттан түспесін!
Қазақ бол!
Қазақ бол!
Қазақ бол!
Ақбоз үйді оттан тік,
Күн шығатын жақтан тік,
Шаңырағың тік болсын,
Босағаңа құт толсын!
Қазақ бол!
Қазақ бол!
Қазақ бол!
Мәңгілік бақ мекен бол,
Мұратыңа бекем бол,
Ұлы елің өрлесін,
Ұлы күнің сөнбесін,
Қазақ бол!
Қазақ бол!
Қазақ бол!
Құлбақ әулие дұға етіп тұрғанда оның сөзі бітік қара тасқа қашалып жазылып жатты. Қара тас – аққа айналды. Құлбақ әулие: «йеті башлық – иіл бөкә» деді де, Арыстан Тегіннің жеті жүз мың әскері бар Бөкә Бұдражға қырық мың ғана әскермен қарсы соғысып, Бөкә Бұдраждың тас-талқан болғанын ойлады. Сонда олардың айтқаны: «Аспаннан алып тау көрдік, сол таудың сансыз есігінен алапат от атқылап, берекеміз қашып жеңілдік» еді. Тәңірі қорғайды. Түркі баласы қорғалған. Біз қорғалғанбыз. Жер бетінде бір тайпа ел бар. Тәңірі оларды дұшпандардың мысын басу үшін жаратқан. Оларды жаратып, түркі деп атаған.
***
Күн екіндіге таяған уақытта қыр басынан қалың көш көрінді. Көш басында ту көтерген мұрақты екі кісі арттағы көшке «осы жерге аялдаймыз» дегендей белгі беріп, желе шауып, желдіре шауып, Шу өзенінің сағасына келіп ат суарды.
Жем іздеп ұшқан бозторғай ұясына қайта оралдай уақыт өткеннен кейін оңтүстікке қарап, ойға шомып отырған мұрақты қос кісіге әскербасы келіп, көзотағалы бөрік киген жас жігіттің бір ауыз сөзге ұлықсат сұрап тұрғанын жеткізді:
- Сөйле, - деді екі кісінің бірі астына төселген ақ киізге мөрлі жүзігін ысқылап отырып.
- Анау бәйтеректің басында әлдебір нәрсе жарқырап көрінген соң, жақын барып ем, құс ұясы екен, жұмыртқасы өзгеше, алтын секілді көз тартады. Соны Сіздерге айтсам деп...
- Сөзіңді жұтпа, сөйле, жігіт...
- Бәйтерек – жай ағаш емес, әулие ағаш секілді. Түбінде төрт балбал тас тұр. Тағы бір үлкен қойтас жатыр. Қойтаста жазу бар екен.
- Жазуды таныдың ба?
- Жоқ, көне замандағы жазу секілді, ажырата алмадым.
- Әулиеата – киелі жер. Мұнда балбалдар мен қойтастар аз емес. Сонау Сарыарқа даласына дейін ұласып жатыр. Өтүкендегі тастар секілді. Кейінгі ұрпақ өзі оқып алар, - деген екінің екіншісі – ат жақты, сұңғыла бойлы кісі сөзін сарбаздарға бұра сөйлеп, асатаяғын көтерді:
- Қас қараймай Қозыбасыға жетейік. Көш көтерілсін! Алла Тағала мұратымызды оңғарсын!
Хош, қайыр!..