Бақытжан Алдияр: Ауылда да ақынмын мен! Сондықтан Астанаға барып өлу шарт емес
ТАСТАҒЫ ӨЛЕҢ
Тас көшелер. Тас тұлғалар. Тас үйлер,
Тас үйлерге тағдырларын тасиды ел.
Тас қаланың тасасында қап қойған,
Тастай берік қайран көңлім, жаси бер.
Тас қаланың төріндегі тас қамал,
Тас қамалда отырады қасқалар.
Тас тұлғаға толы сол бір қамалды,
Тастай қашқам, қалмаған соң басқа амал.
Тас-талқан ғып мақсатын һәм мұратын,
Тас қалада теңселіп жүр бір ақын.
Тәспісінен жаңылысқан дүние,
Тастан жұмыр жырына елтіп тұратын.
Тас тағдырын талақ еткен жас арай,
Тас бағанды құшақтайды мас ағай.
Тасқа сен де таңыларсың дегендей,
Тас тұғырдан телміреді тас Абай.
Тасқа айналу шығар, бәлкім, сыбағам,
Тасқа айнала алмай-ақ жүр бір ағам.
Тасқа соққан маңдайды аяп сонан соң,
Тастай суық сіміремін сырадан.
Тасқа тастап мінезімді шынылау,
Тасып-толып мәз болады қу мынау.
Тас бағанды құшақтайды мас ағай,
Ол да маған қарағанда ұлылау…
Беу...
Тасты жарып өскен гүлдей жырым-ау…
2004 жыл. Алматы.
ҚАБІРДЕГІ БЕСІК
«Біздің елде жас нәресте тоқтамай шетіней
берсе, қабірінің басына сол нәрестенің өз
бесігін қоятын ырым бар... Алғаш көргенде
көзге біртүрлі ызғарлылау көрінеді». (Автор)
Халі айналып мүшкілге,
Сырдағынан сыр көшіп,
Жас қабірдің үстінде
Тербеліп тұр бір бесік.
Тербетілген өзі ме,
Тербеп тұрған жел ме екен?
Мұң құйылды көзіме,
Дейді жүрек бол бекем.
Бар ма екен бір керегі,
Қойды ма әлде ырымға?
Өн бойынан келеді,
Жөргек иісі мұрынға.
Қараң қалып жатыр-ау,
Бар деуші еді киесі.
Қайда кеткен апырау,
Құйтақандай иесі?
Күз аспаны күрсінді,
Мұздай жасы тоң тесіп.
Жасырады бір сырды
Кіп-кішкентай төмпешік.
Жабырқайды жарым Ай,
Басқа бедер, белгі өшіп.
Тал бесіктен, Тәңір-ай,
Жайлы ма екен Жер-бесік?
Бесігінің тұмары
Тырнағы екен бөрінің.
...Сынып түсті сыңары,
Жамандыққа жорыдым.
Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Қуыршағы – күнқақты.
Енді қайта туылмас
Тағдырды ұғып құр қапты.
Сыңғырлағы сыңғырлап,
Сағынады ойнауды.
Бұйырмастан мың бір бақ,
Бесігіне байлаулы.
Бар тіршілік тұр аяп,
Көзін салып қабірге.
Оқиыншы бір аят,
Жетер ме екен Тәңірге?!
Өксіп жатыр Өліара,
Қысқа өмірі жақпаған.
Күбірлейді Жер–Ана –
«Әлди, әлди, ақ балам...»
Теліп тұрмын қайғыға,
Жер-Ананың мұңды үнін.
Жер-бесігің жайлы ма,
Ұйықтай қойшы, құлдығым...
Әй-й-й, ұйқылы-ояу тірлігім...
1996 жыл. Тұрбат ауылы.
ӨМІРБАЯН
«Өтемістен туған он едік...» (Махамбет)
Атадан туған алты едік,
Алты бөлек жалқы едік.
Кілең шеккі жеп өстік,
Бір емшекті тарта еміп.
Алты бірдей жетімек,
Апыл-тапыл жетіп ек.
Қақты бізді әруақ,
Бақты бізді өкімет.
Жерді еңкейіп емгенбіз,
Елге ербиіп ергенбіз.
Дәрменсіздік дәнінің,
Дәмін татып көргенбіз.
Құлатпадық күйді епті,
Ұнатпадық күйректі.
Аңшы әкеміз адымды,
Аңдап басуды үйретті.
Дәмін сездік аш тілдің,
Бәрін кездік тас, қырдың.
Қабыланмен қағысып,
Қанын жұттық қасқырдың.
Иен дала, ерен дүз,
Иесі біз дегенбіз.
Алан сүтін ішкенбіз,
Аю өтін жегенбіз.
Әкеден ап үлгіні,
Тұтынғанбыз пірді ұлы.
...Қансонардан сол әке
Қайтпай қалды бір күні.
Тезге салып төте сын,
Түзетті өмір қатесін.
Әл-дәруан көргенбіз,
Әкеміздің әкесін.
Көндіге алмай ізге бір,
Күреңіткен күз-көңіл.
Пісте сатты шешеміз...
Пісірді ғой бізді өмір.
Дара қондық әлемге,
Бала болдық бар елге.
Жан емеспіз деуші едік,
Жатыры бір, жаны өңге.
Жас еді деп тым әлі,
Жұрт өтірік жылады.
...Бейіш жақтан боп шықты,
Бесінші ұлдың тұрағы.
Алтау едік, бес қалдық,
Алла барын еске алдық.
Көп жерлеген Кеңестен
Көрген жоқпыз еш тарлық.
Көлге көзде жас тұнбай,
Кеудені езге бастырмай,
Жанымыздың жарасын
Жалап жаздық қасқырдай.
Тон ішінде жетіліп,
Көп ішінде бекідік.
«Жетім қозы – тасбауыр...»
Дегеніңіз өтірік!
Тоқтамайтын көші ұдай,
Тағдыр ғой бұл, досым-ай.
Менің өмірбаяным
Өрім-терім осылай.
Жаныма ұйып мұң ұяң,
Жылағым кеп... жымиям.
...Жібісеңші сен де енді,
Зарпы ойламай зымиян,
Ей, тасбауыр Дүниям!
2004 жыл. Шымкент.
МҰҢДАРЫМДЫ АҚЫЛДЫҢ МҰХИТЫНА БАТЫРДЫМ
Әпербақан заманның,
Әдісіне алаңмын.
Әбжыландай арбасқан
Әрекеті адамның.
Іше-іше жұрт уды,
Ұмытқандай үркуді,
Алатаудан бұлт ауды,
Атымтайға күн туды.
Әлдекімдер дау бастап,
Әкіреңдеп жауласпақ.
Әкім болып туғандай,
Әкесінен әу баста-ақ.
Өзді-өзімен сыбайлас,
Бас-басына бір ойнас.
Байлығына ешкім де
Болған емес бұлай мас.
Бәрі – Ыбырай, бәрі – Абай,
Дуылдайды арадай.
Көсілгені батады-ау,
Көрпесіне қарамай.
Ауыл келген би, әкім,
Белге түйді ұятын.
Қазақстан – кең көрпе,
Барлық ұлт сыятын.
Тәубамызды тарсындық,
Саудаңызды арсындық.
Көрсе күлер күллі әлем,
Көрпе астында бар сұмдық.
Бүлкілдеген сол көрпе,
Бар құрлыққа болды ерке.
Жұртқа алақан жайып ек,
Жұмырымыз толды ерте.
Жеріміз бар иген құт,
Игере алмас күйге ендік.
Қайтарымын Хақ білер,
Қайыр сұрап үйрендік.
Көсемің де саудайы,
Шешенің де саудайы.
Залымдардың қолында,
Замананың аужайы.
Қорқынышы моладай,
Қоғам келді қомағай.
Толғатқанмен қаншама,
Туылмады Толағай.
Бар байлығын сатса елі
Қайдан ақсын бақ селі?!
Мұндай тақыр заманнан
Ақырзаман жақсы еді.
Әпербақан заманның,
Әдісіне алаңмын.
Әрең жүрмін ұялып,
Әруағынан бабамның...
Көрінгенге сүйкеніп,
Ішінде арам ит өліп,
Жүрген жанды көрем де,
Жұқарады жүйке нық.
Сыбыр менен күбірге,
Толып кетті бұл ірге.
Қанға толып батады,
Күннің көзі іңірде.
Кірін іздеп тырнақтың,
Өтіп жатыр зырлап күн.
Назға толы жанымның,
Нәзіктігін ұрлаттым.
Өлмес жанр - өлең де,
Өніп жатыр көгенде.
Нән өтірік – мінбеде,
Нағыз шындық – төменде.
Көптің көзі бұладай,
Көсемсиді бір ағай.
Теңгелерден құны жоқ,
Телміреді ұлы Абай.
Ұғатындар обалды,
Үндемейтін боп алды.
Көңілсіз бір көлеңке,
Көміп жатыр қоғамды,
Жазарым да көңілсіз,
Ғазалым да көңілсіз,
Ойдым-ойдым ойларым,
Өліп жатыр өмірсіз.
Мұңдарымды ақылдың
Мұхитына батырдым.
Көлеңкеге мен-дағы
Кіріп бара жатырмын...
ҚАЙТА ЖАРАЛУ
немесе Саттар, Саттарханов және әлі белгісіз сәби туралы жыр
«Ұлтын шын сүйген пенделерімді сол
ұлттың сапында екінші рет жаратамын» (Құран-Кәрімнен)
Жетпіс жыл бұрын...
Жүрегіндегі баса алмай сұрапыл отты,
Жүретін ылғи таң қылып мұраты көпті,
Түмен баптарым тәубә деп түгел қолдаған,
Түркістан жақта өмірден бір ақын өтті.
Жырынан оның тербеліп мақпал қара түн,
Жым болып бір сәт мұңайып бақтар қалатын.
Ғасырға сырын жыр етіп ақтарған ақын –
Саттар болатын!
Күні кеше еді...
Дүр сілкіп алса даусының дірілі көкті,
Дәуірдің өзі көз салған бұрылып отты,
Жиырма жаста-ақ жұмыр Жер түгел таныған,
Түркістан жақта өмірден бір інім өтті.
Жылы күлкісін арайлы мақпал таң ұққан,
Жиырма жаста өзін әлемдік тақтан танытқан,
Айрылдық тағы баяғы бақтар қалып таң –
Саттархановтан!
Бабалар салған ауады зейінім ізге,
Бұрылар тағы Тәңірдің пейілі бізге.
Ұлтымды сүйген ұлдарын тудырар қайта,
Ұлы Аллаһ, Сіздің тәнтімін мейіріңізге.
Бүгін бе, бүгін...
Бұл да бір бізге бұйырған несіп деп елі,
Бұлқынып жатқан сия алмай бесікке белі,
Түмен баптарым тәубә деп түгел қолдайтын
Түркістан жақта бір сәби өсіп келеді...
2002 жыл. Түркістан.
ҚОШТАСУ
Менің соңғы армандарым түсі аппақ,
Сізді ап ұшқан ұшақпенен бірге ұшты.
Мәжнүн кейіп мұңдарымды құшақтап,
Сағынышпен өткізермін бұл қысты.
Жабығармын, зарығармын, күтермін,
Күн астынан күлкіңізді іздермін.
Төзімімнің тозаңы ұшып бітер күн,
Менің мұңым ұсынады Сізге ернін.
Дүрия бір мінез қымтап қаланы,
Дүнияның малшынғанда бәрі аққа,
Көлеңкеңіз күле қашып барады,
Күлекеш Күн кіре тартқан тарапқа.
Өмір деген өгей шешем айтады ән
Өлім жайлы...
өліара ғой не етерміз?!
Сосын қарсы аяңдаймыз қайтадан,
Жалғыз қалған қара Жер мен екеуміз.
Сағынышпен өткізермін бұл қысты,
Самайында сағым ойнап жабықтың.
... Жүрісіме күллі Жердің күлді үсті,
Мен де аспанға кетсем бе екен?..
Жалықтым!
2003 жыл. Шымкент.
МАС АҚЫННЫҢ МОНОЛОГЫ
«Мен ішпеген у бар ма?!»
(Абай)
Бала – белде, қатын – елде, сор – баста.
Тәңір – көкте...
Бізге уақыты болмас та.
Кімдерменен жүрмедік біз жолдас боп,
Қай жерлерге бастамады жол қасқа?!
Қара аспанды тұрса-дағы кім тіреп,
Жағасынан ала түстік сілкілеп.
Көркемдіктің көз жасына көмілдік,
Көрінгеннің көрпесіне бір түнеп.
Ұлылыққа бастадық деп сапарды,
Ұрда-жықпен толықтырдық қатарды.
Ұрттап алып, дүнияны ұмыттық,
Ұлы Абай да іше алмаған заһарды.
Өтті біздің табаннан да талай сыз,
Атты бізге талай таңдар арайсыз.
Дүрмегіне қалдық елдің ілеспей,
Дүнияуи дертке ұрынған абайсыз.
Іштік келіп, іштік келіп талай күн,
Ішірткісі таусылды ақыр маңайдың.
Кейін білдік... Ішқұсалық зарпымен
Ішкен уы басқа екенін Абайдың.
Ішейін деп ішпейсің ғой нәлетті,
Сен жүргенде Хаққа құл боп әдепті –
Сенен бұрын егеді жұрт дәнекті,
Сенен өзге пенделердің бәрі епті.
Жасын ойнап, қашқанда елдің бәрі ыққа,
Қарсы қарап жүресің сен жарыққа.
Қимайсың ғой өзіңді-өзің қамытқа,
Сыймайсың ғой адам сияр қалыпқа.
Қайығыңды шайқаса да қай теңіз,
Қайғылыға бар сұйықтың жәйті егіз.
Мөлдірлікте ұлылық та, у да бар,
Сосын енді... Ішеміз де қайтеміз...
Құйыңдаршы!
2004 жыл. Шымкент.
СЫРАХАНАДАҒЫ ӨЛЕҢ
Сырахана. Сыз еден. Сынық көңіл.
Сықпытыма қарайды күліп тобыр.
Қайран, досым, ішінде мына түннің
Бір ақынның барлығын ұмытты өмір.
Мен отырмын жын басып, жаға жығып,
Сен отырсың маңдайың жаңа жібіп.
Ойсыз көзін қадайды мына бір қыз,
Одырайып қарайды ана жігіт.
Менің ішім қан жылап, сырттай күліп,
Сынап тектес бір салмақ бұлттай бүріп,
Әлдене айтқым келеді-ай мына жұртқа,
Масаң көзін жалғаннан кілт тайдырып.
Ай, адамдар, Адамнан тарағандар,
Жанымдағы қаны аққан жараны аңғар.
Аяғанның досы емен, бірақ, бірақ,
Жай адамның бірі деп қарамаңдар.
Менің тұлғам зәрлі емес шен-шекпенге,
Менің тұлғам зәрлі емес елші еткенге.
Көңілімді ұғып көр көкке ғашық,
Өмірімді өлеңмен өлшеп көр де.
Сонда ғана...
Белгісіз баста мәні,
Арманымды ұғарсыз асқаралы.
... Екіндіге еңкейіп Күн құлар сәт
Екінші бір ғұмырым басталады.
Қара өлеңнің мен салған тың соқпағы
Қайран қылып, тұрар жұрт құмсап тағы.
Қадірімді айтады ертең елге,
Қабірімді көмкерген гүл шоқтары.
Күміс жырым ілесіп құс үніне,
Кісіні де тәнті етер, кішіні де.
Мен сүйген қыз гүл қояр қызын ертіп,
Қызыл тастан қашалған мүсініме.
Тағдырыма таң қалып мына халық,
Тамырында жырларым тұрады ағып.
Жаутаңкөздер жаттайды өлеңімді,
Бірісінен-бірісі сұрап алып.
Қағидадай белгілі бесенеден,
Ғасырлардан ғасырға көше берем.
Көңлім қалған көкемнің ұлы өтеді,
Менің атым берілген көшеменен.
Бозбала ақын тебін мұрт түсі ойлы ана,
Сынға түсіп көнбейтін күш, айлаңа,
Мен туралы жып-жылы жыр оқиды,
Менің атым қойылған мүшәйрада.
Сол бозбала алдынан ашылса үміт,
Ақын болар өзімдей асыл сынық.
Ал әзірге...
сыраңнан құйшы, досым,
Басым сынып барады, басым сынып…
2004 жыл. Шымкент.
1992 ЖЫЛ. КӨКЕМНІҢ КҮРСІНІСІ.
«Тебірлерге қалғанда
Теңселер сойды ауыр ноғай жұртыңыз...»
(Шалкиіз)
Бұлың, бұлың, бұлыңғыр,
Бұлтты күннің құнын біл.
Бұлыңғырдың ішінде,
Өтті талай күнім құр.
Адырлардан жел есті,
Айдарлылар теңесті.
Көк үйдегі көп есті,
Күбір-күбір кеңесті.
Кеңесті де егесті,
Егес тегін еместі.
Желтоқсанның желі есті,
Күнім болды көмескі.
Көзге ілместен белесті,
Пана тұттық елесті.
... Жаңа Ай туды аспанда,
Соның өзі көп ескі.
Жел соқты да екпінді,
Телпек қылды тектімді.
Темір тордан телміріп,
Тектілерім тек тұрды.
Шерік-шерік шеп құрды,
Шерге әкеліп бөктірді.
Тұлпарымды тұғыр деп,
Тарантасқа жектірді.
Көп көзіне кек тұнды...
Күн ашылды, көк күлді...
...Он бес басты аждаһа
Бірін-бірі жеп тынды.
Тілек қабыл болғасын,
Түгендеді ел қол-басын.
Күлін көкке ұшырды,
Жылап Бапы ордасын.
Етті де еппен күйді оңды,
Жар басына үй қонды.
Бостандығын алғандар
Бас-басына би болды.
Тауысып ек тағатты,
Жеңіс жерге қаратты.
Ұмытыппыз о, ғажап,
Тауып жеуді тамақты.
Аңыз деуші ек кәнігі,
Бар екен ғой Тәңірі.
Ендігіңді шешеді,
Сол кісінің әмірі.
Бұлың, бұлың, бұлыңғыр,
Өтті-ау талай күнім құр.
Бұлыңғырдың ішінде,
Адасып жүр құлын-жыр.
Бұлың, бұлың, бұлыңғыр...
АҚЫН ІНІМЕН ӘҢГІМЕ
Ей, көңілі көктем тұнған жас інім!
Бүгін сенің алшы боп тұр асығың.
Мына ғасыр – сенің ғана ғасырың,
Ана сұлу – сенің ғана ғашығың.
Қазір сені айналып жүр бір бақыт,
Сол бақытты алма бірақ ұрлатып,
Тағдырың бар сынап жатқан жасырын.
Ей, қияғы қайрылмаған қыран ұл!
Сен таңдаған мына бір жол тым ауыр.
Бұйра басым шерленген жер бұл ауыл,
Жиырма жасым жерленген жер бұл ауыл.
Сол ауылдың кезіп жүріп сортаңын,
Сорқұдыққа тап болар деп қорқамын –
Сорқұдықтың суын ішкен күнә-дүр.
Айналайын періштем!
Аяймын ғой, аяп тұрмын сені іштен.
Бұл ауылда жеңіліс көп, жеңіс кем,
Біздер татқан татпашы улы жемістен.
Бұл ауылда күнә батар кезең көп,
Бұл ауылда сыра жатар өзен боп,
Сол күнәні сыра қосып мен ішкем.
Ал, мейлі, іштім, кәне, соның пайдасы?
Бұл ауылдың көп сұмдығы, айласы.
Мына бір көл – Жұмекеннің көз жасы,
Су перісі – Жұматайдың Ләйләсі.
Көл жағалай өскен мына жекен-мұң,
Қаламынан тамған Тоқаш көкемнің.
Ақ шағала – Мұқаңдардың Музасы,
Ана бір бұлт – сағынышы Төкемнің.
Ақандардың ағып өткен жасы боп,
Құлагер жүр тұяғынан шашып от.
Ано-о-оу тұрған – Есенғали ағамның
Құба жалды құнаны ғой басы жоқ.
Бұл ауылдың өзгермейді іреңі,
Ақындық пен өнер елі, жыр елі.
Және де оның тұрғындары үнемі
Бірдеңені жуады да жүреді.
Бұл ауылдың жоқ ешкімге тарлығы,
Жүрмейді онда хан, қараның жарлығы.
Және де оның «Қаламгердей» бары жоқ,
Барыменен базар қылар барлығы.
Өз жолыма үрке қарап тұрам да,
Өзің сынды жөн сілтеймін ұланға.
Аттың басын бұрдың ба ақыр, інім-ай,
Ай, інім-ай, қоймадың ғой... Жүр онда!
2005 жыл. Шымкент.
***
Тәтті ерінді тәбәрігім сен едің,
Сәттерімді саған қидым не керім.
Жақсы болған біздің үйге енбегенің,
Жақсы болған саған үйленбегенім.
Сен туралы ойламаймын енді әр күн,
Сезімімді өлтіргенсің ең балғын.
Қол ұстасып әлдекіммен қыр астың,
Қоныс басып Шымқалада мен қалдым.
Күйдіргенсің, жандырғансың, күйгенсің,
Сүйдіргенсің, қандырғансың, сүйгенсің.
Сенің жаның жылулы енді күйге енсін,
Менің жаным күлуді енді үйренсін.
Өмір мені көшіруде, көшуде,
Өмір сені кешіруде, кешуде.
Менің қызым сенен тәтті, әдемі,
Сенің ұлың маған тартып өсуде...
Өмір солай, солай өмір, аяулым,
Баяғыдай әлі ұйқылы-ояумын.
Баяғыдай қиялимын, баламын,
Баяғыдай жарымаған жаяумын.
Баяғыдай... Сол баяғы, баяғы,
Білдей ақын болдым ақыр аяғы.
Жұлым-жұлым менің ғұмыр-күнтізбем
Жыртылумен ортасына таяды.
Зымырайды, зымырайды қалай күн,
Зілмен тектес күнәсі бар самайдың.
Қызғанышпен қарайсың сен жарыма,
Мен жарыңа мүсіркеумен қараймын.
Өткен күннің таппағанмен дерегін,
Өзімді-өзім сендірумен келемін –
Жақсы болған біздің үйге енбегенің,
Жақсы болған саған үйленбегенім...
Солай!
ЕСКЕРТУ НЕМЕСЕ ГЕНЕТИК ҒАЛЫММЕН ӘҢГІМЕ (Доктор Дж. Шелдонға)
«Баста солай жаратқан Тәңір-ұстам,
Жердің беті – ең көне қабірстан...»
(Бала күнгі ғайыптан туған екі жол)
Шелдон мырза!
Сіз, әрине, ел танитын ғалымсыз.
Бірақ Сіздік түсінікке алаңмын.
Құмыраға көз тігіп-ақ жалынсыз,
Құрылымын зерттемексіз бабамның.
Сіз білейтін жұмбағы көп ғаламның,
Сенделмейік себеп тауып ебептен.
Біз жетінші ұрпағымыз Адамның,
Бізге дейін жеті ықылым ел өткен.
Адамзаттың бар тарихы – Құранда,
Һәм қараңыз Тәурат, Зәбүр, Інжілден.
Және бірі тығулы тұр Тұранда –
Түн көзінен жасырынған тұнжыр мең.
Іздемеңіз, таба алмайсыз Сіз оны,
Тапқан күні су қаптайды Жер бетін.
Жер бетінің жаңарыпты жүз өңі,
Және жүз рет өзгертпек ол келбетін.
Планетаға ие болып қалмақ кім,
Пенделерге болған мынау құт-тақыр?
Сырын ашып қойғаны үшін Аллаһтың
Атланттарды Атлантида жұтты ақыр.
Ал Сіз оған қарамайсыз, бей-жайсыз,
Діл-жүйеңіз диалекттен қиналар.
Қай бабамның мұрасы деп ойлайсыз,
Сырлы Сфинкс, пірлі пирамидалар?!
Ескертулер жасырулы кіл күштен,
Ескертем деп жар салмайды Тәңірім.
Тапқан күні сезінер ек... Шыңғыс пен
Һарон Рашид әл-Ракһаның қабірін.
Бізді сырттай бақылайтын көздер көп,
Сол көздерден тартады ылғи арқам сыз.
Ал Сіз болса соның бәрін сезген боп...
Әлі «ұшатын табақшаға» аң-таңсыз.
Санаңызға салмаңыз Сіз салмақ тым,
Планета – пенде-құсқа тор-ұя.
Кең жүрісті елшісіне Аллаһтың
Жердің үсті – дүр лаборатория.
Менделеевше көрмедім деп түс түнде
Таусылмаңыз түсініксіз құсамен.
Қала берді, жұмыр Жердің үстінде
Параллельді бар тағы да үш әлем.
Мен Ванга емен, Майқы би де емеспін,
Һәм ұқпаңыз Нострадамус болар деп.
Сіз көре алмас арасында елестің
Үш әлем бар... Сыбырлайды солар кеп.
Көкшіл кеме шегін шарлап көгімнің,
Көп ұзамай табысармыз ғарышпен.
Генетика сырын да ашар генімнің
Нанотехнологиялық әдіспен.
Ғылым – шексіз, жоқ ілімде шек дара,
Бұл сапарда болмайды ешбір жасуға.
Тартынбаңыз жаңалықтан, тек қана
Талпынбаңыз Аллаһ сырын ашуға.
Ал әзірге құм мен тасын аралап,
Тарихына үңілесіз даламның.
... Қызықсыз-ау, құмыраға қарап-ақ
Құрылымын зерттемексіз бабамның...
2003 жыл. Хазіреті Ысмайыл ата мешіті.
***
Өлеңім-ай, өлеңім, өлеңім-ай,
Өгейленіп барамыз неге бұлай?
Адаммен де сиыспай, қоғаммен де,
Ауыл жаққа аттанғым келеді ұдай.
Ару бұлттар қайтқанда ауыл жақтан,
Алаулайды бір отым Тәңір жаққан.
Сары сазын айтар ма ем сағыныштың,
Қабір үстін жас жуып бауыр жатқан.
Сен де маған ренжисің, Өлең-досым,
Мен де саған ренжимін, Өлең-досым.
Көзім жұмсам... көкжиек көңілімнен
Көгендеулі сезімнің көрем көшін.
Тағдырымды тастай сап тас қалаға,
Тауға қашып кетсем бе асқақ ана?!
Мен бүгінде қараймын жаным ашып,
Жаңа ауырған өлеңмен жас балаға.
Көкейімде көкке ұлып күй сан шырын,
Басам сосын шылыммен ми шаншуын.
...Өлең-досым төксінші запыранын,
Заһарыңнан бір жұтым құйсаңшы, інім...
2003 жыл. Шымкент.
АЛА МЫСЫҚ
Көңілдегі ысырып нала, мұңды,
Өмір менің ұштауда талабымды.
Мысық көрсем болғаны, көз алдыма
Бір оқиға келеді бала күнгі.
Жиі алдырып әкенің ауыр демін,
Еркелікпен ететін жауыр белін,
Алақұйын өмірден аумай қалған
Алты жасар бала едім, ауылда едім.
Бес ағамен белдесіп есі кірген,
Есті бала шошитын есімімнен.
Арыз айтып келуші ағайыннан
Арылмайтын әрдайым есік, іргем.
«Жүгермек» деп ел таққан дара белгі.
Жүретінмін шулатып тамам елді.
Ағам бірде өзімен адыр жақтан
Ала мысық көтеріп ала келді.
Қыркүйектің іші еді. Күз күні еді.
Күреңітіп алған-ды түз кілемі.
Түні бойы жаураған бала мысық
Темір пешке пана іздеп үздігеді.
Жылынған соң жатар деп қойнымда ойнап,
Тереңіне кеттім бір ойдың бойлап.
Әлгі ойменен сәлден соң мысығымды
Темір пештің үстіне қойдым байлап.
Беу, балалық, тәнті шақ, тәтті еркелік,
Қалды-ау сонда азапты сәттер төніп.
Аздан кейін мысықпен бірге менің
Жүрегімнің жартысы жатты өртеніп.
Сол сүреттен өн-бойым тоңып, ысып,
Жанарымнан бір жарық бөліне ұшып,
Қапелімде қараңғы шыңырауға
Құлап барам... Қолымда өлі мысық.
Сосын, сосын... Белгілі бар маңға емі,
Сауықтырған талайды салған демі,
Үш күн қатар ұшықтап Батпа кемпір
Әупіріммен адам ғып алған мені.
Жиі алдырып әкенің ауыр демін,
Еркелікпен ететін жауыр белін,
Алалығым жоқ-тұғын, Ала мысық,
Алты-ақ жасар бала ем ғой, ауылда едім.
Шықса-дағы сан ғажап белеске адам,
Әсер еткен дәл сендей емес маған.
... Ағайынға жасарда бір жақсылық,
Ала мысық, алдымен сені еске алам!
1999 жыл. Тұрбат ауылы.
***
Найза - кірпік, Ай - қабақ, Көктем - келбет,
Сезімімнің сарайын өткен тербеп.
Жұлдызымдай жұмбағым, жанды өртедің,
Үр қызындай көгенкөз көктен келмек.
Жолыққанда жанарым жанарыңмен,
Қалмағандай сөйлеуге шама мүлдем.
Жыр жамадым жаныма өртер ме деп
Үр жамалың аумаған лала гүлден.
Үндемейсің, жай ғана жымиясың,
Жанарыңның салардай шілиясын.
Ала таңдай күзетіп шықтым сені,
Балапандай тастамас жылы ұясын.
Кірпік қандай, қас қандай, қабақ қандай...
Сені маған егіз ғып жаратқандай.
Көз алдымнан бұлдырап барады елес,
Далада емес, қасымнан таң атқандай.
Найза - кірпік, Ай - қабақ, Көктем - келбет,
Сезімімнің сарайын өткен тербеп.
Жұлдызымдай жанымда жүрші мәңгі
Үр қызындай көгенкөз көктен келмек!
***
Кінәлай көрме,
Көңліңнен кеттім жырақ тым,
Меңіреу шөлде
Мен деген жалғыз бұлақпын.
Сүйетін сені
Сәт келмес, білем... сонда да
Кешірші, Күнім,
Келмейді сені жылатқым.
Кінәлай көрме,
Қолыңды алман, қош енді,
Жасай да алмас
Жаныма жат та, дос емді.
Шалқыған мұңнан
Шағылып тауым жүргенде
Шайқалтып кеттім,
Шаттыққа толы кесеңді.
Ақталып бір күн,
Арылып барлық айыптан,
Арымды кетсе
Арайлап атар шайып таң,
Шаһибаз кейіп
Шақтарда мұңнан айыққан,
Айқарып құшақ
Алдыңнан шығам ғайыптан.
Жолымды менің,
Жаным-ай, болсаң шын күтпек,
Түн баспай жанды,
Түріліп тұрғай түндік тек.
Көктем боп келіп,
Күлімдеп тұрам... сол шақта
Құс болып ұш та,
Құшағыма кеп сүңгіп кет!
***
Қайран да қайран, сері күндерім,
Қайрылмай ұшқан басымнан.
Сен едің ерке елігім менің,
Мен едім саған ғашық жан.
Сүйемін деуге батылым бармай,
Сүймеймін деп те айта алмай,
Жат болмай яки жақының болмай,
Үн-түнсіз жүрдім байқалмай.
Қайтарып өзім меселімді оймен,
Қаншама қайғы жастандым.
Шаттыққа шала мас едім ғой мен,
Сырымды саған ашқан күн.
Көрген жан біздің ақ арманды аяп,
Қарайтын күдік көзімен.
Жанымыз бірге жаралғандай-ақ,
Мен сен ем, ал сен өзім ең.
Жанымның бітпес жарасын жалап,
Жүргенде қамап шер шемен,
Адуын жылдар арасында ап,
Адасып кеткем мен сенен.
Тыйдық та жанның алып-ұшқанын,
Ұйыққа бәрін батырдық.
Өзіңе деген сағыныштарым,
Шығарған мені ақын ғып.
Көктен де сені іздедім, жаным,
Жерден де сені іздегем.
Жылдардың санап тізбегін қалың,
Үмітімді ешбір үзбегем.
Жүректі мынау жұбатпады ақ түн,
Жасай да алмай жаныма ем.
Жөніңді сұрап жылап бараттым,
Жолыққан жанның бәрінен.
Өрекпіп көңіл өртінен жырдың,
Қап-қара таңба қалды арда.
Есіміңді айтып тентіреп жүрдім
Кабактар менен барларда.
Етті де тағдыр боз басымды әлек,
Ой менен қырға қуды арман.
Жұттым ғой сенің көз жасың ба деп
Ап-ащы мөлдір улардан.
Жалғанға жетпей жасық үндерім,
Жамадым қайғы жаныма.
Жоғалтып алған асылым менің,
Жолықтың маған тағы да.
Жанымның жарық көгін мекендеп,
Жұлдыздай жанған бағым ең.
Түсім бе әлде өңім бе екен деп,
Түсінбей жүрмін әлі мен.
Түбіне кейде шым батып кетем,
Арылмай сол бір сиқырдан.
... Мына бір түсім тым бақытты екен,
Оятшы, жаным, ұйқымнан...
***
Жұмбақтамай айтсам сөздің шындығын,
Жұрт көзіне көп түсу де мін бүгін.
Кей ағайын кейіп-ақ жүр ауылдан
Ұзай алмай қойды ғой деп кіндігің.
Ұзар едім, кетер едім жайға алыс,
Табар едім өзіме тән жайлы ағыс.
Тек... ауылмен арамызда бар біздің
Бархаят бір жан ұқпайтын байланыс.
Көктегі Ием Жерден бөліп жай маған,
Кіндіккентке кіндігімнен байлаған.
Мен осы елдің топырағынан жаралғам,
Тағы осы елдің топырағына айналам.
Тіршіліктің алды – сағым, арты – елес,
Тірі ақынға қажеті жоқ мәртебе еш.
Ауылда да ақынмын мен!
Сондықтан
Астанаға барып өлу шарт емес.
Жер бетінде жоқ нәрсеге таласқан,
Адамдарға үрке қарап адасқан,
Миығымнан күліп бара жатамын,
Иығымда көк аспан...