Бақыт БЕДЕЛХАНҰЛЫ: Уақыттың жүрегі
Жыл қайыру
Қарашада шөп басын жел кемірер,
Шұнақ аяз шұқшиып, ерге мінер.
«Қауыс» соңы, аяғы «Боқыраудың»
Бітпей қалған бейнетің белде жүрер...
Тоң сіресер желтоқсан жебірленіп,
Жер жериді дүниеден «кебінденіп».
Ай менен күн алысар «Ақыраппен»
өлі әлемге қалсам деп өмір беріп.
Сондайда бір қаласың жеңілденіп...
Ал, қаңтарда «Қырықаяқ», «Тоқырау» кеп,
Сере қарда сері аяз отыр-ау, деп,
Өмірдің суретін сап терезеңе
Жүреді мұздан өрмек тоқыған боп.
Ол кезде ешкім ойламас опынам деп...
Ақырып «Ақпан» келер «Тоқпанменен»
Қысқа күнде жылымас оттан денең.
Өте шығар бұл ай да ит қуғандай
Қарлы боран ұйытқап, соққанменен.
...Қиқуы тез тиылған көкпар көрем.
«Ұттың» соңы құт болып «Әз» келеді.
Аққу ұшып, қаңқылдап қаз келеді.
Әз Наурызда теңеліп күн менен түн
Жадырап көрінеді жаз бедері.
Жамырап соны да жұрт мәз көреді.
«От амалы» – Көкек пен Сәуір келіп,
Балбырайды бар әлем бауыр керіп.
Өзен, көлдер еріне есінейді,
Жіңішкеден жуанды тәуір көріп.
...Тәубәшылға жатады Тәңір беріп
«Сартан» жайлап Мамырда «Зауза» келер.
Жақсылығын дайындап жазға берер.
Шұрқырап мал өреді беткей асып,
шыдасаң аз ғана егер...
Арқа-жарқа болады азбаған ел.
Құрметті өлең сүйер қауым, кітаптың толық нұсқасын мына жерден ПДФ нұсқада оқи аласыздар...