Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА: Арманның таңы атып келеді...

Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА: Арманның таңы атып келеді...

КӨКТЕМІМ ТАҒЫ КЕЛДІҢ БЕ
Балауса шыбық бүрлеген,
Тербетіп самал үрлеген.
Көктемім, тағы келдің бе,
Үлбірек ерін гүлменен.
Сымпылдап ұшып қасқалдақ,
Тырналар келер аспандап.
Көктемді мен де сағынам –
Бәрі де содан басталмақ.
Асыртып тағы бір белең,
Көктемім келді дүрбелең.
Ат құлағындай қысқа өмір,
Өтсе ғой ән-күй, жырменен.
Жазар ма ем, шіркін, көсілтіп,
Төгілтіп ойдан нұрлы өлең.
Елтіп бір тыңдап тұрардай,
Ғажайып мынау сырлы әлем.

 

МОЙЫНДАТАМ ҚАЛАЙДА
Жырдан тапқан бақытын әйелдердің бірімін,
Қара өлеңнің кәдімгі қара табан құлымын.
Атақ-даңқым әзірге қылаң берер түрі жоқ,
Өйткені мен әзірге жер бетінде тірімін.
Жан-жүректен құйылар жырларым бар сарайда,
Мойындатам елімді, мойындатам қалайда.
Қатар жүрген елменен қарапайым ұстазбын,
Мына мені мойындау түсе қоймас оңайға.
Мойындатам әлемді мен де өзіндік үніммен,
Мойындатам жүректі жарып шыққан жырыммен.
Босқа өткен жоқ уақытым, міне, досым, қарашы,
Бақыттымын... тағы бір өлең жаздым бүгін мен.

 

КӨРЕ АЛМАҒАН ЖҮЛДЕСІН ЖҮЛДЕГЕРМІН
Ісім көп, басталмаған, бітпегені,
Жете алмай жатсам, досым, күтпе мені.
Сандығында қалдырмай сыр ақтару –
Алтыншаштың бұл күнде діттегені.
Үлгерем бе бәріне, жасым мынау,
Жүрдек уақыт, сен де әбден басындың-ау.
Қарайласаң қайтеді, қазір маған,
Мақсат емес байлықтың басын құрау.
Көтеремін өлеңнің ауыр жүгін,
Бір жыр жаздым – жағдайым тәуір бүгін.
Өлеңдерім өзіме серік болып,
Байқатпайды жүгімнің ауырлығын.
Өмірзая өксімей өтсе, мейлі,
Менің жаным басқаны көксемейді.
Бір жыр жазбай бір күнде кешім батса,
Жас балаша жүрегім өкпелейді.
Босап бір күн бәріне үлгерермін,
Ерте ме кеш межеме бір келермін.
Ұрпағыма арттағы мұра етіп,
Өшпейтұғын мәңгілік жыр берермін.
Білесің бе, досым-ау, мен әзірге,
Көре алмаған жүлдесін жүлдегермін.


МҰҚАҒАЛИДЫҢ ЕЛІМЕН СЫРЛАСУЫ
Бұл фәниде адам мәңгі тұра ма?
Ол – заңдылық, ғайып болсам, жылама.
Бәсекеге түсіп тұрған шағымда,
Ешкімдерге ұнай қойман, сірә да.
Налып қайттым, неге екенін сұрама,
«Күресе алмай кеткен жан» деп кінәла.
Мәңгі өмірім басталды енді, сондықтан,
Маған мекен бола алмайды бұл ара.
Менің жолым – бұл өмірдің мектебі,
Өлеңдерім - өмірімнің өткелі.
Мақтауларым асып кетті жасымнан,
Бәсекелес болар жан жоқ өйткені.
Мен жоқ болсам, бақталас жоқ көре алмас,
Бәсекемен шекпен киіп, шен алмас.
Мен жұмақтың төріндемін, ешқашан,
Дұшпан түгіл, досым-дағы келе алмас.
Мұнда жақсы, алмас ешкім мазаңды,
Азапқа сап бермес ешкім жазаңды.
Өлеңімнің шуағына жылынып,
Таң нұрына шомыламын азанғы.
Сатып кетер бірге отырып бір кеште,
Табылмайды мұнда тіпті, күндес те.
Кешір, халқым, ардақтың боп қалайын,
Жүрегімен сыйлап кеткен жыр-десте.
Өкпелеген жоқпын, халқым,өзіңе,
Сүйдім сені оным аян өзіме.
Жер көрпемді жамылып ап жатырмын,
Жырларымның жан жылуын сезіне.
Р.S
Мұқағали қайта келіп күн кешсе,
Қайсыбіреу қақпақылдап жүрмес пе?
«Қолда барда, қадірі жоқ алтынның»,
Қадірлейді кеткеннен соң келмеске.

 

АҚЫН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Жас қайыңдар биік-биік тал болып,
Жетім көлді таба алмайтын дал болып.
Мұқағали, тірі болсаң, жүрер ме ең,
Өлең жүгін арқалаған нар болып?!
Онда өзіңді «ата» дер ме ек, кім дер ек,
Ақын қызға берер ме едің бір көмек?
Жас қайыңдай көрінесің жас болып,
Қарттығыңнан таба алмадым бір дерек.
Жүрер ме едің ақсақалды абыз боп,
Маңайыңа жинап алып нағыз топ.
«Мынауың – ақ, мынау - қара» дер ме едің?
Қайран, аға, өзіңе айтар арыз көп.
Жүрер ме едің жырыңды оқып арада,
«Ақын ата» – деп, атар ма ек, жан аға?!
Қайың-талмен, тау-таспенен сырласып,
Күле қарап үлкенге де балаға.
Бұл күніңді тойлап бірге жер-жерің,
Жырыңменен жүректерді тербедің.
Тоғызыншы ақпанда кеп: «Өй, менің,
туған күнім, білесің бе?», – дер ме едің?!
Тамыршылдық жайлап алған жер бетін,
Көрер ме едің бүгінгі күн келбетін?
Қолым қысып қолдарыңмен күректей,
«Құтты болсын бұл кітабың!» дер ме едің?
Зор даусыңмен тамағыңды бір кенеп:
«Поэзияға үлкен талап, сын керек!»
Осыны айтып, қырын қарап отырған,
Алып тұлғаң елестейді дүр бөлек.
Сусындап ел өлеңіңнің нәрінен,
Ақындардың биік тұрсың бәрінен.
Өшпес жырың мәңгілікке тұрады,
Орын алып қазағыңның төрінен.

 

ӨЗ-ӨЗІММЕН СЫРЛАСУ
Күзі қалды өмірдің көктемі өтіп,
Өлеңімді келемін өткел етіп.
Жанға тыным бермедім ала жаздай,
Алғам жоқ па жазымды өкпелетіп.
Қай белеске, тағдырым, сүйремедің,
Жүрегімді найзамен түйреледің.
Бірін-бірі түртпектеп, іштен шалар
Қашан мына тірлікке үйренемін.
Үйренесің,
Жүресің өлмеген соң,
Жазың қайта жадырап келмеген соң.
Үйренесің көрге де үш-ақ күнде,
Өмір саған ырықты бермеген соң.
– Қайда барам?
Бұрылмас мойын артқа,
О бастан-ақ жаралған екем жатқа.
Туған жерді ұмытқан сорлы жүрек,
Келген жерді ұмыту қиын боп па?
Жүрек түбі сыздайды, шаншылайды,
Көзден кейде төгілер тамшы-қайғы.
«Уақыт өтіп барады, асыққын», – деп,
Шабан атты шабытым қамшылайды.
Жыр жазамын қай уақта ақын болып,
Нем бар еді аулыңа жақын қонып.
Қайран өлең, сорыма жаралдың ба?
Қалтыраймын күзімде жаным тоңып.
Жастайымнан өлеңмен сусап өстім,
Ұрпақ өсіп, жемісін жиса дестім.
Бала-шағам аман боп, бал немерем,
Қызығы боп жүрсем ғой осы кештің.

 

СЕМЕЙІМ
Құштарым менің басылмас,
Өзіңе қанша келейін.
Ер мінез ерке Ертісі,
Семейім менің, Семейім.
Салқын да, сая бағыңды,
Жұмағым демей не дейін.
Өнердің қайнар бұлағы,
Жыр көзі, жарқын Семейім.
Көделі жасыл майсаңа
Кеудемді басып өбейін.
Қырқаға малы сыймаған,
Сарыарқам – салқын Семейім.
Ақ арман қуып алыстан,
Бақытымды іздеп келіп ем.
Перзентің болып кеттім ғой,
Мен кеше ұяң келін ем.

 

***
Көңілім – тұман,
Түнерді бұлтым аспанда,
Қалды ғой көңіл жақыннан-дағы, жастан да.
Кей-кейде жаным ақ жауын болып егіліп,
Жауыннан кейін күн нұрым көзін ашқанда.
Арманым, күліп, жадырап сен де тұрасың.
Көңілім жадау,
Басылмай көптен жаңбырым,
Жабырқау күйлі қарсы алдым қанша таң нұрын.
Жадыратып бір көңілге желік бергізбей,
Қайғыға малып отырсың мені, тағдырым,
Досымдай болып қимаған етін бір асым.

 

***
Өлең боп күндіз-түні терлегенім,
Неге мен биігіме өрлемедім.
Тауыма тура құрық салсам-дағы,
Кезігер кедергіге сермегенім.
Көз ілместен жыр жаздым таңға отырып,
Хақ жолында айтпадым жанға өтірік.
Сәулесі жоқ жылт еткен болса, мейлі-ау,
Отырғаным мінеки барға өкініп.
Жатып алды жолымда қара жылан,
Секілденіп жүрегім жаралы жан.
Биігіне жете алмай өтеді ме,
Жасынан жырға құмар бала қыран.
Менің жырым – өткелі өмірімнің,
Менің жырым – айнасы көңілімнің.
Қайдан кеп ең, қарағым, дегендейін,
Қарайсың кеп, келеді нені білгің?
Сен қарайтын жоқ мансап, шекпенім де,
Тұрмын қазір елудің өткелінде.
Албансың ба, жоқ әлде Шапырашты,
Деп сұрайды ел кездескен сәттерінде.
Елімді айта қояр деп дәмеленбе,
Құштар ғана адаммын мен өлеңге.
Елім – байтақ қазақтың кең даласы,
Енді ғана қолы жеткен егеменге.
Жыр емес, таныс жиды өрлегендер,
Көтерілді жыр жазып көрмегендер.
Жақсылық жасаған боп, сырыңды алып,
Осылай сыртта қалды терлегендер.

 

АРМАННЫҢ ТАҢЫ АТЫП КЕЛЕДІ
Қызығы қалмады көктемнің,
Қурады гүлдері бөктердің.
Өңім бе, түсім бе, мен солай,
Басымнан бұл жайды өткердім.
Қызығы қалмады кештердің,
Бәрін де жаныма дос көрдім.
Ей, өмір, сен қашан дес бердің?
Қашан бір бұрылып, ескердің?!
Қызығы қалмады күзімнің,
Гүл едім, келмейді үзілгім.
Мәні де қалмаған секілді,
Өмірде «сізің» мен «бізіңнің».
Болмаса, болмасын күйім де,
Сезіндім тап-таза күйінде.
Құмар да емес ем жасымнан,
Сән қуған сауықшыл үйірге.
Біреулер ар сатып биіктер,
Көтерер «аруын» «сүйікті» ер.
Өмірде жалғыз мен емеспін,
Жете алмай жүргендер құйып тер.
Біреулер жетеді жалбаңдап,
Бұл – таза сауда ғой; арзан бақ.
Мен олай жетпеймін биікке,
Мен жетпей жүгірген Арман да - ақ.
Шыдай гөр, әділдік, жеңесің,
Байқадым шындықтың өресін.
Арманның таңы атып келеді,
Қарсы алам қасқайып, көресің!

 

 


* Ақынның жырлары Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста