Астанада «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша Бірыңғай тақырыптық қабылдау өтті. Қабылдауға келген тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін жеткізіп, оның шешілуіне қатысты тиісті жауап алды.
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған партиялық жоба аясында барлық аймақтағы «Нұр Отан» партиясының филиалдарында тиісті мамандар азаматтардың түйіткілді сұрақтарына жан-жақты кеңес берді.
Мәселен, баласына логопед пен диетолог маман тағайындауды сұрап келген Гүлім есімді тұрғынға алдағы күндері көмек көрсетілетіндігі айтылды. Сонымен қатар, астаналық Қыздығой Серғазиева қызына мүгедектік тобын тағайындау бойынша көмек сұраған еді. Себебі денсаулығына байланысты кейде жұмысқа жарамай қалатынын, ешқандай нәпақа таба алмайтынын айтады. Бұған дейін де медициналық көмек алып, тегін дәрілермен қамтамасыз етілген қызға қатысты мамандар оны қандай топқа жатқызуға болатынын анықтау мақсатында тағы бір мәрте ауруханадан ем алуға кеңес берді. Денсаулығы қалыпты екендігі белгілі болған жағдайда, жұмыспен қамту орталығына баруға жол сілтеді.
Қабылдау жүргізген ҚР Еңбек және ХӘҚМ-ның Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон төрағасының орынбасары Д.Т. Сәдуақасова, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары А.Қ.Тастанова және аталған министрліктердің өзге де құрылымдық бөлімшелерінің басшылары бірнеше мәселенің шешімін табуына қолғабыс етті. Сонымен қатар, іс-шараға партияның Саяси жұмыстар департаментінің директоры М.Р.Әбсаттаров және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетумен шұғылданатын үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.
Қабылдау барысында көкейдегі сауалдарын айтып, үмітінің ақталарына сеніп келген азаматтарға мамандар кеңес беріп, мәселені шешімін табуға көмектесе алатын мекемелер мен құзырлы органдарға бағыт-бағдар сілтеді.