Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев орталық «Нұр ғасыр» мешітінде қасиетті Рамазан айында ораза ұстап жүрген мұсылман жамағатқа ауызашар берді. Әкім ауызашар бергеннен кейін өзінің жеңілдеп қалатынын айтты деп хабарлайды NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісі.
«Ораза ұстамаймыз, бірақ әрбір мұсылман өзінің мүмкіндігіне қарай Рамазан айында барлық құлшылықтарды жасау керек. Бұл біздің отбасымызда жиырма жылдан бері келе жатқан дәстүріміз. Ауызашардан кейін жеңілденіп қаламыз», - дейді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ауызашар дастарханында ел зиялылары сөз сөйлеп, ауызбіршілікке шақырды.
«Абай адамдардың әртүрлі деңгейдегі санасы барын айтады: біреу берекетсіз өмір сүреді, осы өмірге келгенін түсінбейді. Олар жақсы мен жаманды айырмай, көппен бірге жүре береді. Біреу жақсы мен жаманды біледі, жаманды таңдайды. Енді бір адам жақсыны да, жаманды да біледі, жақсы жолды таңдайды. Нәпсіні бағындырады. Осы адамдар ораза ұстайды. Қара шаңырағымыз аман, бірлігіміз мәңгілік болсын! Біз бірліктің негізінде ғана ел боламыз», - деді саясаткер Амангелді Айталы.
Ауызашар соңында Құран оқылып, ел тыныштығы үшін алақан жайып, дұға жасалды. Облыс әкімі ақтөбеліктерге Құран-Кәрімнің араб тіліндегі нұсқасын таратып берді.
www.nur.kz/kk/1178239-berdibek-saparbaev-qadir-tuninde-aqt.html