Балаларды қуантқаннан артық не бар, бұл өмірде? Олардың жайнаған жүзін көріп, күміс күлкісін естіп, алаңсыз бақытты балалық шағын тамашалағаннан артық ғажап нәрсе болмас. Баланы қуанту – әлемге шуақ шашумен тең. Өйткені балақайлар – болашағымыздың баянды жолы, өміріміздің мәні, көңіліміздің сәні. Балаға жасалған бар жақсылық болашақ жолындағы ұлы іспен тең.
Міне, сондай балғындар шаттыққа бөленген бейсенбі күні Талдықорған қаласында қос бірдей «Айгөлек» және «Айбөбек» балабақшасы жеткіншектер үшін есігін айқара ашты. Ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Мұқанов, мәслихат хатшысы Ермек Келемсейіт, білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова, Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов, қалалық білім бөлімінің басшысы Болат Тұрысбеков қатысып, бөбектердің ортасынын табылды.
Алғашқы кезекте №15 «Айгөлек» балабақшасында болған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы балабақша ұжымы мен ата-аналарды құттықтады.
– Елбасының қолдауы мен бүгінде елімізде жемісті жұмыс істеп жатқан «Балапан» бағдарламасы аясында бүлдіршіндерімізді балабақшамен қамтуға мүмкіндік алып отырмыз. Осы жылы алдымызға үлкен мақсат қойып, жеткіншектерді балабақшамен қамту деңгейін жыл соңына дейін 77 пайызға жеткізсек деген ойымыз бар. Өткен жылды 64 пайызбен тамамдадық, қазіргі таңда 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді бақшамен қамту деңгейі 72 пайызды құрап отыр. Биылдың өзінде 98 мектепке дейінгі білім беру мекемесін ашуды жоспарласақ, оның 68-і жекеменшік үлгідегі балабақша. Бүгінгі таңда облысымызда 769 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді.
Жаңадан бой көтерген «Айгөлек» балабақшасының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Аспанымыз ашық, еліміз аман, балаларымыз бақытты болсын! – деді.
Ата-аналар атынан Ырысты Мустафина сөз алып, солтүстік-батыс шағын ауданының балалары үшін еңселі балабақша салуға мүмкіндік жасаған ел ағаларына алғысын жеткізді.
Бұдан соң облыс әкімі Амандық Баталов пен ақсақалдар алқасының мүшесі Мереке Серғазин балабақша лентасын қиды.
Жиналған көпшілік балабақша ішін аралап көрді. Құрылыс жұмысын «СурМак» ЖШС жүргізген 280 орынды екі қабатты ғимарат барлық талапқа сай жабдықталып, жасалған. Тіпті кіреберіс дәлізге көлік тұрағы орнатылып, онда балалар ойнайтын машина, велосипедтер қойылған. Жеткіншектерді жол ережесін үйретуге баулитын бағдаршамдар да әр тұстан менмұндалайды.
Баспалдақпен көтерілер тұстағы қабырғаға да әсем табиғат көрінісін бейнелейтін сурет салынған. Топ бөлмелері де сәнді жабдықталған. Балалардың қолеңбегін қояр кішігірім қабырғалар да қарастырылған.
Облыс әкімі Амандық Баталов балабақшаны аралап көріп, ән-күй залында балалардың өнерін, дене шынықтыру бөлмесінде спорттық ойындарды тамашалап, балабақша бүлдіршіндеріне жұмсақ ойыншық- тарды тарту етті.
Бұдан соң облыс әкімі «Шығыс» шағын ауданындағы №14 «Айбөбек» балабақшасының ашылу салтанатына қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Облыс басшысы мен ақсақалдар алқасының мүшесі Амантай Бөстекбаев балабақша лентасын қиды. «Балапан», «Жұлдыз», «Гүлдер» тобында ашық сабақтарды көріп, музыка залында бүлдіршіндердің дайындаған концерттік бағдарламасын, спортзалда балалардың таэквандо ойындарын тамашалады. Бүлдіршіндерге сыйлығын тарту етті.
Балалар үшін барлық жағдай жасалып, жатын, ойын бөлмелері қарастырылған 320 орынды балабақша құрылысын «Гакку-Құрылыс» ЖШС жүргізген. Балабақша ғимараты да алыстан менмұндалап, шағын ауданның сәнін ашып тұр. Ең бастысы, балабақшаға зәру болып отырған ата-аналардың сұранысы өтелді.
Қуанышты бөлісуге келген шағын аудан тұрғыны, көпбалалы ана Тұрар Бостанова:
– Бүгін шағын аудан тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Мемлекет, облыс басшыларының ана мен баланың жағдайын ойлап, осындай әсем балабақша салып беріп жатқанына мың да бір рахмет. Осында балалардың күміс күлкісі ғана естіліп, болашағына нұрлы баспалдақ қалана берсін, – деген тілегін жеткізді.
Алма ЕСЕНБАЕВА