Үш адам ажал құшты. Маңғыстауда автобус пен жеңіл көлік соқтығысты
Маңғыстау облысында автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, үш адам көз жұмды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап жазды.
Бейнебақылау камерасы арқылы түскен видеода ZAZ Chance автокөлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, King long автобусына соқтығысқанын көруге болады.
ЖКО 9 қаңтар күні Ақтау-Ақшұқыр тас жолының 14-шақырымында болды.
«ZAZ Chance автокөлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы жолаққа шығып, King Long автобусымен соқтығысқан. Апат салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты. Бұл факт ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша Түпқараған аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерулерінің бірыңғай тізілімінде тіркелген (көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы)», - деп хабарлайды Маңғыстау облысының полиция департаменті.