Ғалымдар Жерде қанша жыл өмір қалғанын есептеп шығарды
Жер шарындағы тіршілік әлі 1,75 млрд жылға жетеді. Мұны Шығыс Англия университетінің ғалымдары компьютерлік модельдеу әдісі бойынша анықтады.
«РИА Новости»-дің хабарлауынша, Эндрю Рашби есімді ғалым бастаған топ ғаламшарлық жүйенің компьютерлік моделін жасап, соның негізінде Жердегі өмірдің таусылатын уақытын болжады. Олар Жерге түсетін Күн сәулесінің сапасын тіршілік ұзақтығының басты өлшемі ретінде алды. Ғалымдардың айтуынша, қазіргі ғылыми мәлімет бойынша ғаламшарымызға 4,54 млрд жыл болса, ондағы тіршілікке шамамен осының төрттен бірі – 1,75 млрд жыл қалды. Тіршілік Күннің әсерінен Жер бетіндегі судың түгел буланып кетуі салдарынан жойылуы мүмкін. «Мұндай зерттеулер бізге өзге ғаламшарларда тіршілікті дамыту қаншалықты мүмкін болатынын бағалауға жол ашады. Жерде тіршілік орнаған уақыттың 75%-ы адамның пайда болуына жұмсалғанын ескерсек, енді өзге ғаламшарларда да өмірдің сол эволюциямен қалыптасуы әбден мүмкін», – дейді Э.Рашби.