Фамилиясы күрделі адамдар табысты бола бермейді
Табысты болудың бір құпиясы – адамның фамилиясында. Мельбурн университеті жанындағы Психология мектебі ғалымдарының пікірінше, адамның тегін білдіретін атаудың оңай айтылуы оның қызмет пен кәсіби саладағы жетістіктеріне себепші болады.
News.com.au порталының хабарлауынша, Саймон Лэхам бастаған психологтер тобы ондаған адамның фамилиясы мен олардың кәсіби жетістіктерін саралаған. Зерттеудің нәтижесінде фамилиясының дыбысталуы қиын адамдардың қызметте көптеген кедергілерге тап болатыны дәлелденген. Ал Дженкинсон, Бенсон сияқты оңай айтылатын «әдемі» фамилиясы бар адамдар еңбекте табысты болып шыққан. «Мұндай сәйкестік әсіресе мұғалімдер арасында байқалып отыр. Тіпті сирек кездесетін фамилияның өзі жеңіл айтылатын болса, мұның өзі оның иесіне зор табыс әкеледі», – дейді С.Лэхам.