Анорексия ауруы мен ми көлемі арасында байланыс бар
Ми бөліктері үлкейген адамдар анорексия ауруына бейім келеді. Мeddaily.ru-дың хабарлауынша, науқас және сау қыз балалар миына салыстыра талдау жүргізген Колорадо университеті Медицина мектебінің сарапшылары осыған көз жеткізді.
medselect.ru
Психиатрия және неврология профессоры Гидо Франктың айтуынша, анорексияға шалдыққан жасөспірім қыздар миының маңдай бөлігінің сол жағы мен ми аралшығының оң жағы сау қыздар миына қарағанда тым үлкен болып шыққан. Сонымен бірге науқас қыздар миының самай қабығындағы сұр заттың да көлемді болатыны анықталды. Ми аралшығы дәм сезуге жауапты болса, мидың орбиталық-фронталдық, яғни маңдай бөлігі тойыну сезіміне жауапты. Ғалымдардың айтуынша, осы бөліктердің шамадан тыс үлкейіп кетуі қыз балалардың тамаққа тәбетін жоғалтып, ақыры анорексияға ұшыратқан.