Ресейдегі Қазақ мектебінің бүгіні және болашағы
Н. Ғ. Баринова, РФ еңбегі сіңген мұғалім, РСФСР оқу ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қаракөл қазақ орта мектебінің директоры, Құлынды ауданы, Алтай өлкесі
Әңгімені ел тарихынан бастағым келеді. Ресейдің Алтай өлкесінде ғұмыр кешіп жатқан он мыңға жуық қазақтардың бес жүздейі Қазақстанның Павлодар облысымен шекаралас Құлынды ауданында орналасқан (Ресей елі осы жерден басталады). Жиырмасыншы ғасырдың басында ақ патшаның отарлау саясатының нәтижесінде ХIX ғасырдың соңында жер- су тапшылығын көрген Семей уезі қазақтары (180 отбасы) шалғынды шөбінен «құлын көрінбейтін» Құлынды даласын бетке алып, кең жайылым, жайлы қоныс іздеп жылжыған екен. Сөйтіп Құлынды даласының бір пұшпағына қоныс аударған Керей аталатын қазақ ауылының жұрты сол жоғарыдағы көшкен елдің бүгінгі ұрпақтары , оның да тарихы бұл күнде бір ғасырдан асып барады.Кеңес кезіңде бұндай ауылдар тіпті осы Құлынды ауданының өзінде бірнешеу болатын. Олар: Топан, Қоратал,Үлкен Керей, Кіші Керей, болмаса, Златополь, Сергеевка, Ананьевка деген орыс селоларында да қазақ отбасы көптеп кездесетін. Ал қазірде содан қалған, таза қазақтар қоныстанған сексен үйлі ауыл, біздің ел – Керей ауылы.
Тарихи көшке ілесіп, замана желінің әуенімен сан қилы уақиғаны бастан өткерсе де,(ақпан, қазан революциялары , ұжымдастыру, НЭП, Ұлы Отан соғысы, сталиндік жеке басқа табыну,тың және тыңайған желерді игеру, тоқырау жылдары мен қайта құрулар және т.б.) керейліктер - күні бүгінге дейін ата-баба дәстүрін, салтын, ең бастысы - ана тілін қаймағы бұзылмаған қалпында сақтап, сақтап қана емес, дамытып отырған ел.Керей ауылының бұлай болуының негізгі себебі – мектепте оқытуды қазақ тілінде жүргізу болып табылады.
Шежіре бойынша, ауыл тарихы 1905 жылдан басталса, арнайы мектеп үйі 1925 жылы салынады да, онда ұл балалармен қатар қыздар да мектепке қабылданады оқушылар арап әріптерімен сауатын ашады. Оқушыларға жергілікті мұғалімдер Ілияс Жанболатов пен Мағдан Сүлейменов деген азаматтар білім береді. 1936 жылдан бастап білм беру ісі латын әрпіне көшіріледі. Мектеп алғаш төрт жылдық, 1937 жылдан бастап жеті жылдық, 1962-ші жылы сегіз жылдық, ал 1989-жылы орта мектеп болады, ал оқыту мектеп ашылған күннен бастап бүгінге дейін қазақ тілінде жүргізіліп келеді
Ата күші, ана сүтімен шыққан ана тіліміз – қазақ тілінің қасиеті мен құдіретін, сол тілді дұрыс қолданып, сол тілде сөйлей білген адам ғана білмек қой. Өзіңнің кім екеніңді, ұлтқа тән қасиетіңді, белгіңді жоғалтпау – тіліңді жоғалтпау. Тәрбие бесіктен басталады, білім беретін орданың есігінен басталады демекші, 1925 жылы қазақ тілінде ашылған Қаракөл мектебі өзінің оқу жоспары мен оқу бағдарламаларын 89 жыл бойы Қазақстан білім министірлігі бекіткен құжаттармен жүргізіп келді. Сонау 60-70 жылдары осы өңірде көптеген қазақ мектептері жабылып, немесе Ресейдің ұлт мектептері оқу бағадарламаларына көшіріліп, қазақ тіліне бөлінген сағаттар қысқартылып, есесіне орыс тілі көбейтілген кезеңдерде де, керейліктер бұндай өзгерісті қабылдамай, ұстаздар, ата- аналар, жұртшылық болып бір ауыздан ана тілін тереңдеп оқыту ісін арашалап алып қалдық. Тіпті мектепке дейінгі білім беру дұрыс болсын деп 1988 жылы бүкіл Одақ көлемінде таза қазақ тілінде жұмыс істейтін «Балдырған» атты жалғыз балабақша ашып, ол бүгінде мектеп ішіне орналастырылды.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, Керей ауылы, Қаракөл мектебі өзінің орныққан, ашылған күнінен бүгінге дейін рухани байлығының бастау көзі іргелес тұрған ата мекеніміз - Қазақстан екенін жақсы түсінеді. Оқулықтар, әдістемелік құралдар, қазақ мектебіне аса қажет, әсіресе ұлт тілін дамытуға керекті көркем әдебиеттер, басылымдармен мектепті жабдықтау үшін әсіресе одақ ыдыраған кезде, өз басым, мектеп басшысы ретінде 1991жылы, Алматы қаласына арнайы барып сол кездегі оқу министрі Шаяхметовпен жолығысып, оның орынбасарлары Әзизханов, Бәишев, Абай атындағы педагогикалық институттың ректоры Т. С.Садыковпен кездескен кездерім көптеген өзекті мәселелерді шешіп, мектебіміздің қайта құру кезеңіндегі бағыт –бағдарын айқындауға көп септігін тигізді.
Кеңестер одағы кезінде бар қазақ мектептерінің даму тағдыры бірдей болып қалыптасқан белгілі бір жүйеде жұмыс жасап жатқанда, енді тәуелсіздік тізгініне ие болған ата жұртымыздан көмек қалай болар екен, шет елдегі қазақ мектебінің алдағы болашағы қандай болмақ, мектебіміздің түлектері жоғарғы оқу орындарға қалай қабылданар екен, не істеу керек деген оймен шыққан іссапар осылай сәтімен аяқталды. Оның үстіне 1993жылы Қазақстан Республикасының оқу министрлігінің бұйрығы бойынша Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында шет елдердегі қазақ мектептерінің директорлары үшін ұйымдастырылған оқулардың да зор көмегі тиді. Онда тұңғыш рет, Ресей, Монголия, Өзбекстан елдерінен келген біздерге лекциялар қазақ тілінде жүргізілді, тәжірибе алмасулар да қазақ тілінде өтті. Қазақ мектептерінің осы кезеңде дамуына көп еңбек сіңірген Ш.К.Беркімбаевадан да осы жолы дәріс алып, сұхбаттастық.
Сонымен бірге бұл жылдары ақпарат құралдары газет –журналдар кедендік кедергілерге ұшырамай баяғыдай қолымызға тиіп тұратын да, ата жұртымызда болып жатқан ұлы өзгерістерге қуана да, сүйсіне де қарайтынбыз,тәжірибелерді қолма-қол пайдаланатынбыз. Соның бірі дайын тұрған топыраққа түскен дән секілді, баспа беттерінде айқын түсінікпен жарық көрген Мұхаммед-Рақым –Құрсағидың «Атамекен» бағдарламасын оқу-тәрбие ісінде пайдалана бастадық. Бағдарламаның «Атамекен» деген атауының өзі де шет жүрген біздердің жүрегімізді тебірентерлік жай. Осының әсері ме,болмаса Ресей мемлекетінде өмір сүріп отырып өз тіліміз бен дінімізді жоғалтып мәңгүрт болып қалмайық деген қауып пе, әлде өзге ұлтпен қатар өмір сүріп отырып, өз ұлтыңның одан еш кемдігі жоқ екендігін дәлелдеуге тырысатын ұлттық намыс па, әйтеуір, біз бұл бағдарламаны жылы қабылдап, оны өз мүмкіндігімізше пайдаланып келеміз.Тіпті осы бағдарламаның авторы М.Р.Құрсағи Ресейдегі Қаракөл орта мектебі көп жылдар бойы осы бағдарламаны пайдаланып мол тәжірибе жинақтағанын естіп елімізге келіп өз көзімен көріп баға беріп кетті.
Кезінде өлке көлеміндегі жалғыз таза қазақ мектебі болған соң, оның ішкі ұлттық мазмұнына түрі де сай болсын деген тұжырымды басшылыққа ала отырып жабдықталған мектеп, шын мәнінде, келген қонақтар мен тәжірибе алмасушы әріптестеріміздің көңілінен шығып жатқанына қуанып қаламыз.
Ұлт мектебі болғандықтан,соңғы жылдары оның проблемаларына байланысты түрліше семинарлар мен конференциялар өткізіліп тұрады.Мысалы, өлкелік оқу ісі бөлімінің басшылығымен қос тілді оқыту проблемасына байланысты өткізілген өлкелік семинарға өлке көлемінен ғана емес Қазақстаннан астаналық ғалымдар Клара Хамитқызы Жаданова мен Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі Каусариат Жаңбырқызы Аужанова да қатысты соңғы жылдар ауқымында мектебімізде «Ұлттық тәрбие –ұлағат көзі», «Халқын сүйген –салтын сүйеді», «Наурыз –ұлттық мерекем» деген тақырыптарда аудан,өлке көлемінде семинарлар өткізіліп,ұстаздар өз тәжірибелерін ортаға салды.
Әсіресе, «Халық педагогикасы –тәрбиенің бастау көзі» деген тақырыптағы халықаралық семинарға Таулы Алтайдан, Мәскеуден, Павлодар облысы мектептерінен, өлкенің түрлі ұлт аудандарынан келген әріптестеріміздің өз тәжірибелерін бөлісуі үлкен әсер, ұлағат қалдырды.Бұл 1989-2000 жылдар кезеңі еді
Шағын ғана мектептің осыншама істерді тындыруы осында қызмет етіп жүрген әрбір ұстаздың іскерлігі мен тынымсыз еңбек етуінің нәтижесі.
Оқу тәрбие ісінде этно - педагогиканы негізге ала отырып, алдыңғы қатарлы жаңа оқыту технологияларын қолданып, әсіресе қазақ тілін тереңдете, оны дұрыс меңгеруге, дамытуға көп көңіл бөлінуде. Мектептегі, ауылдағы, мәдениет үйіндегі әр түрлі шаралар тек қана қазақ тілінде жүргізіледі де, балалар, үлкендер, ұстаздар таза әдеби тілде сөйлеуге тырысады. Ана тілімізге деген сүйіспеншілік ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет- ғұрыптарымызды еш қаймағы бұзылмаған қалпында сақтауға, мектепте ұлттық өнерді үйрететін түрліше үйірмелердің жұмыс істеуіне әкеледі.
Тілді дамыту, оның аясын кеңейту үшін жүргізілетін шараларда мектеп кітапханасының маңызы зор. Кітапхананы жабдықтауда, жоғарыда айтып өткендей, үзбей алып тұрылған газет-журналдарымыз тоқсаныншы жылдардың ортасына таман қолымызға сирек түсе бастады, жалғыз қазақ мектебінің күнкөрісі кімге қажет болыпты, түйенің танығаны жапырақ дегендей, Алматы, қайдасың,- деп 1997жылы тартып кеттім.
Сол жолғы тындырылған істер Қаракөл орта мектебін бүгінге дейін сақтап тұруға көп көмегін тигізді, себебі болашақта мектепті оқу –құралдармен жабдықтау, әдістемелік материалдар, энциклопедиялар мен сөздіктер, электронды оқулықтар көрнекіліктер, карталар т.б. Ш.К.Беркімбаева, кітап базасының сол кездегі директоры С. Тастамбаев, «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы Сайраш Әбішева сияқты танымал кайраткерлердің көмегімен көршілес Павлодар облыстық оқу департаменті арқылы алып тұратын болдық, әрине, мектептің өз көлігі болмағандықтан осыншама қиындықпен алынған дүниелерді жеке меншік көлігіммен тасымалдауға тура келді. Осы жерде бір ерекше айта кетерлік мәселе Сайраш Әбішеваның қамқорлығы: шет жүрген біздерге бауырымдылық танытып және де журналды қалай алуыма болар екен деп редакция босағасына келіп тұрған Ресейдегі қазақ мектебінің директорын бірінші рет көріп тұрмын деп кейіннен 2-3 жылдай журнал ақысын өзі төлеп жіберіп тұрды. Жазған хаты мектептің өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.
Өткеніңді ұмытсаң, болашағыңды қалай болжарсың, дегендей оқу- тәрбие ісінде маңызды мәселенің бірі -мұражай жұмысы. Мектепте Алтай өлкесі бойынша қазақ тілінде жабдықталған «Атамекен» атты өлкетану мұражайы бар. Онда Керей ауылының кешегі мен бүгінгі тарихы бар, мектептің 85 жылдық тарихын паш ететін құжаттар мен деректі материалдар көптеп жинақталған. 2011жылы аудан, өлке бойынша өтілген жас экскурсоводтар конкурсынан 10 сынып оқушысы Қауымбаева Эльвира 1 орынға ие болды. Тіпті Құлынды аудандық мұражайы осы біздің мұражайдан тәжірибе алып отырады. Мұражай мектеп бойынша да, ауыл бойынша да шын мәнінде тәрбие іс- шараларының орталығына айналды.
Мектептің оқу- тәрбие ісінің көрсеткіші аудан бойынша да, өлке бойынша да алдыңғы орындарда. Мектебімізде жасөспірімдер инспекциясында есепке тұрған бірде бір оқушы болып көрген жоқ, үлгермеушілер, қиын отбасы, қиын оқушы дегендер де мүлде болған емес Соңғы жылдары аудан көлеміндегі мектептердің оқушыларын сынып жетекшілері біздің мектепке түрліше кездесулерге әкелетін болып жүр, сондағы мақсатымыз, дейді олар, қазақ балаларының бойындағы әдептілік, инабаттылық, үлкенді сыйлау, өнерді сүйе білу қасиеттерінен орыс балалары да үйреніп үлгі алса екен дейміз дегенде өзіміздің қазақ болып туғанымызды мақтаныш етеміз. Шетте жүріп, өзге ұлт өкілдерімен қатар тұрып, қазақ ұлтының, өзінің ұлттық өнері, ұлттық мәдениеті, тамаша әдет- ғұрпы бар екендігін үнемі көрсетуге тырысамыз.
Біздің түлектеріміз, ауылымыз бен мектебіміздің, қала берді бүкіл Құлынды даласының даңқын аспандатады. Бүгінде біз қос астананың зәулім ғимараттарын, әсем архитектуралық дүниелерін тудыдырған академик,еңбегі сіңген архитектор, халық архитекторы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Монтахаев Қалдыбаймен, филология ғылымының кандидаты Тамаева Биғаткен Ғайсақызы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Канленов Мағауия, Астана опера театрының әншісі Қосбармақов Нұрлыбек, тіпті Павлодар өңірінің өзінде әр салада қызмет істеп, ұстаз, мектеп директоры, жоғары оқу орындарында дәріс беріп жүрген, сонда магистратура , аспирантурада оқып жүрген түлектерімізбен мақтана аламыз. Мұндай жетістікке, біздің түлектеріміз, білімді өз ана тілінде оқып, үйреніп алуына байланысты жетіп отыр.
Менің ойымша, Абайша ойлай білген қазақ неге Пушкин тілінде сөйлеуі керек? Кейде маған сіздер мектепке мұғалімдерді қайдан аласыздар деп сауал қояды, ол түсінікті жайт қой, біздің жағдайда мектепке кадрлар дайындау түк қиын емес қой. Өйткені біз 8 жыл бойы түлектерімізді нағыз қазақ етіп білім мен тәрбие беріп тарихи отанымыз Қазақстанға қайтарып жатырмыз ғой.Қазақша тәрбие мен білім алған, ана тілі мен әдет –ғұрпын жетік меңгерген түлектеріміз бүгінгі таңда кез келген жоғарғы оқу орындарына қиналмай –ақ түсіп аяқтап шығады, Қаракөл мектебіндегі мұғалімдердің түгелі дерлік осы мектептің түлектері.
Әрине, шет елде тұрып, өз тіліңде оқып, қызмет істеудің де (қазақ мектебінде) өзіндік қиындығы бар. Ол - іс қағаздарын, біздің жағдайда, сол елдің мемлекеттік тілінде жүргізу. Мысалы, түрліше отырыстар, педагогикалық кеңестер хаттамаларын, мектептің құжат қағаздарын орыс тілінде жүргізу біз үшін өте қиын. Түгел шараларды таза қазақ тілінде өткізіп тастап, есепті орыс тілінде беруіміз керек. Ендеше есеп беретін мектеп басшылары қос тілді (біздің жағдайда орыс, қазақ тілдерін) жақсы меңгеруі керек. Шағын ауылда тұрып қазақ тіліндегі мектепті сақтап қалу мәселесі әр уақытта да біздерді толғандырып келеді Сол себепті қандай да болмасын көмегі болар деген істерді жүргізуге тырысамыз.
Халықтар достығын нығайту, әр ұлттың мәдени дамуына жағдай жасау саласында өлке бойынша істелініп жатқан шараларға жиірек қатысу нәтижесінде талантты әнші, биші оқушыларымыз Барнаул, Москва, Хургада Египетте өнерлерін көрсетіп Керей ауылының даңқын тағы бір аспандатып тастады.
Ұлттық мәдени автономияның жұмысы біздерді Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығымен таныстырды.Ресей қазақтарының ФҰМАсының ұйымдастыруымен 2011жылы Челябіде, Самарда өткен конференцияларда өз тәжірибемізбен алмасқанда (қазақ мектебінің жұмысы) қауымдастықтан қатысқан Күлғазира Нұранқызымен танысып, кейіннен ол кісі елімізге келіп,бәрін өз көзімен көріп,ақыл –кеңес беріп кеткеніне дән риза болып, бізді де іздер, жоғымызды жоқтар, ата жұрттағы бауырларымыз, тірегіміз бар екенін сезініп көңіліміз толқыды.
Ең бір елеулі уақиға -мектеп басшысы , әрі атамекеннен жырақта жүрген қазақтың бір қызы мен үшін 2011 жылы 25-28 май айында Казақстанның әсем қаласы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының IY құрылтайы болды. Ресей мемлекетінде өмір кешіп жатқан миллионға жуық казақтың атынан 35 елден келген делегаттардың, Қазақстан Президенті Н. Ә.Назарбаевтың тікелей қатысуымен Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында сөз сөйлеп, келесі күні Қазақстан мемлекеті оқу министрінің қолынан Ы.Алтынсарин медалін таққаным бүгінде жарты ғасырға жуық атқарып келе жатқан еңбегімнің жемісі шығар деп, атажұртымда да сол еңбектің бағаланғаны деп сезіндім.