Аягүл Миразова: Қазір ата-аналар да, оқушылар да мектеп таңдайтын болды

Аягүл Миразова: Қазір ата-аналар да, оқушылар да мектеп таңдайтын болды

Алматы қаласының облысымызда өткен мәдени күндеріне білім саласы қызметкерлері де келген болатын. Олардың ішінде Қазақстанның Еңбек Ері, Алматы қаласындағы №159 мектептің директоры Аягүл Миразова да бодды. Сол жолы ұлағатты ұстазбен сұхбаттасудың сәті түскен.

Мұғалімнің беделі өзіне байланысты

- Ширек ғасырдай уақыт мектеп басшысы болып келе жатыр екенсіз. Басшы болу, оның ішінде білім ошағын басқаруда жетістікке жету неге байланысты деп ойлайсыз?
- Өмірімнің 44 жылы мектепте өтіпті. Оның ішінде жиырма төртінші жыл Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектептің директоры болып қызмет істеп келе жатырмын. Елбасының ұстазға деген құрметі болар, 2008 жылдың 15-ші желтоқсанында Қазақстанның Еңбек Ері атағын тұңғыш рет ұстазға, оның ішінде маған берді.
Жалпы, мектеп басқарудың белгілі бір рецепі жоқ. Бірақ білім саласында белгілі бір нәтижеге қол жеткізу бірқатар нәрсеге тікелей қатысты. Соның бірі - жақсы мамандар дер едім. Сондықтан да мектеп басшысы үшін мамандарды таңдау, оларды баулу мәселесі өте өзекті. Жақсы мұғалімді саған қолынан жетелеп ешкім әкеліп бермейді. Мұғалімді де тәрбиелейсің. Білмегені болса, үйретесің. Мұғалімге кінә арту, оны жұмыстан шығару оңай. Сенсеңіз, мен директор болған осы жиырма төрт жылдық тәжірибемде ешбір мұғалімге сөгіс немесе қатаң ескерту жариялап көрмеппін. Ұлы Абай атамыз «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деп айтады ғой. Мұны ең алдымен үлкен ұжымды басқарып отырғандар жадында ұстауы тиіс.
Мұғалім мектепте жемісті жұмыс істеуі үшін оған жағдай жасалуы керек. Егер ұжымыңда психологиялық қолайлы жағдай тудыра алсаң, мақсатыңа қол жеткізгенің. Өзім ұжымымдағы барлық мұғалімді теңдей көріп, қошеметтеп отырамын. Табыстың үлкен, кішісі болмайды. Сондықтан әрбір мұғалімнің қол жеткен табысын көп алдында айтып, абыройын асқақтатып отырсаң, ол алға қарай талпына түседі. Табысқа апаратын жолдың бәрі осындай талпыныстан басталады.
- Мұғалімнің беделі туралы не айтар едіңіз?
- Қазіргі күні мұғалімнің беделі туралы көп әңгіме айтылып жүр. Әсіресе, әлеуметтік жағдайдың беделді түсіріп тұрғаны да рас. Мұғалімдеріміздің үйсіз-күйсіздігі кейде жаныңды ауыртатыны шындық. Десе де бұл уақытша қиыншылық. Материалдық жағдай әлі-ақ жақсарады. Мен бұл арада мұғалімнің беделі өзіне байланысты дегім келеді. Егер мұғалім білімді болса, өзінің жұмысына жауапкершілікпен қараса, беделсіз болмайды. Ондай мұғалімді оқушы да, әріптестері де сыйлап, құрметтейді. Мұғалім ізденімпаз болуы тиіс. Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары мұғалімнің беделі қандай еді? Мұғалімдерге деген жұрттың құрметі, көзқарасы да ерекше-тұғын. Олар қоғамның ең іскер, ең беделді мамандық иелері саналатын. Олай болса, білімді мұғалімді бәрі сыйлайды.
Бұрын ата-аналар мектеп таңдамаушы еді. Баласын неғұрлым үйге жақын мектепке беруге тырысатын. Қазір олай емес. Ата-аналар мектеп таңдайды. Әрине, кез келген ата-ана баласының жақсы мектепте білім алғанын қалайды. Сапалы білім беретін мектепті қолына шам алып жүріп іздейді. Алматының бір бұрышынан екінші бұрышына келіп оқудан балаларымыз да шаршамайды. Өйткені, олар болашақтың білімде екенін біледі. Ал жақсы мектептің негізі – жақсы мұғалім. Мектеп басшылары осыны мықтап есіне сақтағаны жөн.
Содан кейін біз білімнің негізі бастауышта қаланатынын есте ұстауға тиіспіз. Үйдің мықты болуы оның іргетасына байланысты болатыны секілді , білімнің негізі бастауышта. Өкінішке қарай, біз көп уақыт бастауышқа мән бермей келдік. Ендеше мұғалімдерге, оның ішінде бастауыш сыныптың мұғалімдеріне ерекше жағдай жасалуы қажет деп санаймын. Бастауыштың мұғалімі ерекше болуы тиіс. Кейде бастауышты бітіріп, бесінші сыныпқа келген оқушылардың ішінде дәптерін дұрыс толтыра алмайтын оқушылар бар. «Сонда мына баланы бастауышта кім оқытты екен» деп ренжисің.
Мұғалімнің беделін көтеретін тағы бір нәрсе – оның оқу кабинеті. Егер оқу кабинеті заманға сай жабдықталса, мұғалім де өз дәрежесінде жұмыс істей алады. Бұл тұрғыдан алғанда, Алматы қаласында мәселе жоқ. Тағы да бір атап айтарлық нәрсе, қала әкімі 2009 жылдан бастап түрлі республикалық, халықаралық білім сайыстарында оза шапқан жүлдегерлердің еңбектерін ерекше бағалау мақсатында «Үркер» төсбелгісін тағайындаған болатын. Сол жылдың өзінде қала бойынша бұл төсбелгіге 78 оқушы ие болған болса, үстіміздегі жылы «Үркер» төсбелгісін 323 оқушы кеудесіне қадады. Көрдіңіз бе, мұндай марапат оқушыға үлкен шабыт сыйлайды. Оның алға ұмтылып, білім бәйгелерінде топ жаруына ықпал етеді.

- Аягүл апай, шет мемлекеттерге жиі шығасыз ба? Ол жақтағы білім беру жүйесі жайында не айтасыз? Қандай артықшылықтары бар?
- «Көре-көре көсем, сөйлей‑сөйлей шешен боласың» дегендей, өз қазаныңда қайнай бермей, ара-тұра болсын шетке шығып тұрған жақсы. Осыдан біраз уақыт бұрын Оңтүстік Кореяға бардым. Ол елдегі білім беру жүйесін көріп, шынымды айтсам таң-тамаша қалдым. Оқушылар бірінші сыныптан бастап жаңа технологияны, ақпараттық жүйені меңгеруге қатты мән береді екен. Барлық баланың қолында планшет. Біз де балалардың ақпараттық технологияны игеруіне шектеу қоймауымыз керек. Өйткені, өмірдің өзі осыған әкелуде. Содан кейін ол елде баланың бір-біріне деген құрметі, сыйластығы қандай десеңізші. Математика сабағында тақтаға шыққан оқушының есебі дұрыс болса, өзге оқушылар қол шапалақтап, құрмет көрсететіні маған ерекше әсер етті. Ал бізде қалай? Тақтаға шыққан бала есеп шығара алмай қалса, мазақтап күлеміз. Ал мұндай қарекет баланың өзіне деген сенімділігін жояды.
Егер денсаулығы мықты болса, баланың бәрі де қабілетті. Мұғалім сабақты бәріне бірдей береді. Ешкімнің де құлағына сыбырлап бермейді. Тек баланың бойындағы сол қабілетті дамытып, талантын тани білуіміз қажет. Бала дегеніңіз әлі шимайланбаған тап-таза ақ парақ секілді ғой. Соның бетіне жазу түседі. Ендеше бала тағдыры ойыншық емес. Оның болашағына үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз абзал.
Баланы кішкентай кезінен көшбасшы болуға үйрету керек. «Сен жұлдызсың, жұлдыз болуға қақың бар» деп құлағына сіңірсең, ол балада құлшыныс пайда болады.
Содан кейін тағы бір айтайын дегенім, баланы біз еңбектен аластатып жатырмыз. Еңбек дегеніңіз қай уақытта да адамды өмірге дағдыландырады емес пе? Мысалы, Жапонияда мектептегі бүкіл тазалыққа оқушылар жауап беретін көрінеді. Ал бізде керісінше болып барады. Қазір оқушыларға еден де, парта да жуғызбаймыз. Ал өзіміз кішкентайымыздан еңбекке араласқаннан жаман болдық па? Осы күнге сол еңбектің арқасында жеттік.

Шығыстың қыздарына ризамын

- Сіз басқарып отырған №159 мектептің мұғалімдерінің көпшілігі оқулық авторлары болып табылады. Мұның сыры неде?
- Иә, мектебімде 32 мұғалім оқулықтың, дидактикалық құралдардың, әдістемеліктердің авторлары. Кейде біреулердің неге сізде оқулық авторлары көп деп таңғалатыны да бар. Біздің №159 мектептің ғимараты Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім акдемиясының іргесінде орналасқан. Бірде сол академияның басшысы, үлкен ғалым Немеребай Нұрахметов ағамыз мені шақырып алып: «Аягүл, сенде жақсы мұғалімдер бар ма? Болса, біздің ғалымдармен бірігіп, оқулық жазса» деген ұсынысын айтты. Ол кез 1996-97 жылдар еді. Бұл өзге өңірден мықты ғалымдар тартуға қаражаттың тапшы кезі болатын. Мен, әрине, «мұғалімдердің қолынан оқулық жазу келе ме екен» деген күмәнімді жасырмадым. Қанша дегенмен, мұғалім ғалым емес қой, оның үстіне оқулық жазудың өзіндік әдіс-тәсілі бар дегендей. «Есесіне олардың тәжірибесі бар» деді Немеребай аға. Содан не керек, тәуекелге бел буып Асанбекова Гүлмира дейтін тарих пәнінің мұғалімін оқулық жазуға көндірдім. Ол білім академиясына «бармаймын, бармаймын» деп күнде жылайтын. Ал мен оны «сенің қолыңнан бәрі келеді, сенің білімің бар, соны көрсет» деп қайраумен болдым. Кейін оқулық жазуға өзге мұғалімдер де тартылды. Мұғалімдерімнің ғалымдармен бірігіп жұмыс істеуі білім сапасының көтерілуіне ықпал етті. Қазір менің өзім де бірнеше оқулықтың авторымын.
- Алматыдағы сіз басқарып отырған №159 мектептің үш тілділікке эксперимент мектептердің бірі екенін білеміз. Тәжірибе қалай іске асуда?
- Елбасымыздың «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мектеп түлектерінің қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуі тиіс екені атап көрсетілген. Осы орайда мектебіміз қазақ тіліне басымдық бере отырып, әр шәкірттің орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруіне ерекше мән береді.
1997 жылы бір оқушыммен Иранға бардым. Ол Қазақстанның дінге енді бет бұрып жатқан кезі еді. Бірде Білім министрінің сол кездегі орынбасары Шәмша Көпбайқызы қоңырау шалып, мектебіңізде араб тілін білетін оқушы бар ма деп сұрады. Бар дедім. Сөйтсем, Иранда құран оқудан жарыс өтеді екен. Біз де бардық. Құранның аяттарын жатқа білетін небір білгірлерді көргенде өзіміз кәдімгідей қысылып қалдық. Бір таңғалғанымыз, ондағылардың бәрі ағылшын тіліне судай екен. Ал біз ағылшын тілін де білмейміз. Бір кезде сахнаға біздің баланы шақырды ағылшынша. Бүкіл зал ду етіп, дүрлігіп кетті. Тіпті, кейбіреулер көздеріне жас та алып жатты. Оларды көріп, менің де көңілім босады. Кейін аудармашыдан «зал неге ду ете қалды?» деп сұрасам, жүргізуші «Жетпіс жыл құдай деген сөзді аузына алмаған Қазақстан келді» деп хабарлаған екен. Осы оқиғадан кейін ағылшын тіліне қатты көңіл бөле бастадым.
Өз ана тіліңмен бірге, ағылшын тілін жетік білу сенің көкжиегіңді кеңейтеді.
Мектебімдегі ағылшын тілінің мұғалімдерінің дені осы Шығыстың қыздары. Шығыстың қыздарына ризамын.
- Үлкен буынның өкілдері көбіне кеңестік замандағы оқу жүйесін көп мақтайды. Неге?
- Бірде теледидарды қосып қалсам, Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір мектеп туралы хабарды көрсетіп жатыр екен. Көрсеткіштері керемет енді. Журналист мектеп директорынан мұндай жетістіктің сырын сұрап жатыр. Сонда әлгі директор ештеңені жасырмай: «Кеңес Одағы кезіндегі мұғалімдердің арқасында күн көріп отырмыз» деп жауап берді. Шынында да ол заманның мұғалімдерінің білімділігі мен біліктілігі жоғары болатын. Келіспеске амал жоқ.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали, Өскемен.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста