Олимпиада ойындарын түркі халықтары ойлап тауыпты
Бүкіл әлем 4 жылда 1 рет өткізілетін Олимпиада ойындарын адамзат баласының өткен тарихының дамуымен байланыстырады. Алайда, әлі күнге дейін оның пайда болу мерзімін ешкім нақты айта алмай келген еді. Жақында отандасымыз, жүзуден халықаралық дәрежедегі төреші, су добы, байдарка мен каноэ есуден жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Спорттық ұйымдардың халықаралық конфеде-рациясының вице-президенті Өтепқали Құраловтың «Прототюрки и зарождение античных олимпийских игр» деп аталатын кітабы жарық көрді. Ел чемпионатының рекордшылары мен жеңімпаздарын ғана емес, КСРО, Еуропа, Әлем және Олимпиада ойындарының қатысушылары мен жүлдегерлерін дайындаған ҚР Спортының құр-метті қайраткері бұл еңбегінде тарихшылар мен археологтардың соңғы зерттеу жұмыстарына сүйене отырып, антикалық Олимпиада ойындарының тарихына қатысты өзінің қызықты болжамын ұсынады. Автордың келтірген дәйектері мен сүйенген ғылыми тұжырымдары оқырманды бірден терең ойға шомдырады. Оны бұл кітапқа білдірген пікірлерінде Спорт ұйымдарының халықаралық конфедерациясының президенті Б. Рогатин, ҚР Журналистика академиясының академигі, спорт ардагері Д. Омаров та үлкен ілтипатпен атап өткен.
Ө.Құраловтың ұзақ жылғы ізденістерінің нәтижесінде жарық көрген бұл зерттеуіне әлем ғалымдарының адамзат тарихындағы ең алғашқы өркениеттің қазіргі Қазақ жерінде пайда болғанын бұлтартпас деректермен ғылыми түрде дәлелдеп шығуы түрткі болған көрінеді. Өйткені, Олимпиада ойындарының тарихында бұған дейін оның Зевс құдайының құрметіне ежелгі Грекиядағы Олимпия қаласында б.з.д 776 жылдан бастап 4 жылда 1 рет өткізіліп келгені туралы айтылған. Сондай-ақ, онда әскери дайындық, дене шынықтыру өнерін көрсету байқаулары, ақындар мен шешендер айтысы және әртүрлі өнер көрмелері ұйымдастырылғаны сөз болады.
Қазіргі қазақ жерінде орналасқан адамзат тарихындағы ең ежелгі өркениет ошағын археологтар Арқайым-сынтасты немесе Қалалар елі атап жүр. Өйткені, бір-бірінен 40-70 шақырым аралықтағы 22 қаладан тұратын және жалпы аумағы 55-60 мың шаршы шақырымды құрайтын Арқайым өркениетінің алып жатқан территориясы бүгінгі замануи орташа еуропалық мемлекеттердің аумағымен бірдей. Сондай-ақ, оның тұрғындары кейін адамзат тарихындағы түрлі көші-қон үдерістері кезінде дүниенің түкпір-түкпіріне тарап, өздері қоныс аударған жаңа мекенде өзінің төл мәдениетін ары қарай дамытқаны түрлі қазба жұмыстары кезінде табылған материалдарды салыстыру арқылы толық дәлелденіп отыр.
Ө.Құраловтың сөзіне қарағанда, ең байырғы дін тәңіршілдік сенімін ұстанған Арқайым-сынтасты тұрғындары саналатын бүгінгі түркі халықтарының ежелгі ата-бабалары сол кезде-ақ қайтыс болған адамдарға ас беріп, ат шаптырып, палуан күрестіріп, ақындар айтысын ұйымдастырып отырған. Өз дәуіріндегі ең қуатты мемлекетті құрып, жан басы өскен соң басқа жерлерді жаулап алып, онда өз үстемдігін құрған олар өздерінің сенімі мен салтын сонда жалғастырған. Бұған антикалық ойындардың Олимпиада да ғана емес, бұрын Грекиядағы өзге қалаларда да өткізіліп келгені дәлел бола алады. Оны соңғы жарты ғасырдың ішінде түркітанушылар анықтаған грек тіліне түркі халықтары тілінен сіңген 33 сөздің 10-ы Олимпиада ойындарының терминологиясынан табылуы нақтылай түсері анық.
«Зерттеушілердің ендігі міндеті – бүгінгі қазақ жерінен ертеде әлемнің түкпір-түкпіріне қоныс аударып, сол жерде өз мәдениетін қалыптастырған халықтардың тіліндегі, салт-дәстүріндегі ықпалдастықты кеңірек талдау болуы тиіс. Мәселен, түркі халықтарында бұрын тек ат спорты ойындарының 39 түрі болған көрінеді. Мұншалықты бай ойындар әлемде әлі күнге дейін ешбір халықта жоқ. Өкінішке орай, қазір олардың көбі ұмыт болып бара жатыр», – дейді ҚР Президенті жүлдесінен Халықтық спорт түрлері спартакиадасын өткізу идеясының авторы және бастамашысы болған Өтепқали Нысанғалиұлы. 1987 жылы «Буревестник», «Еңбек», «Зенит», «Қайрат», «Локоматив», «Спартак» сияқты 6 спорт қоғамының басын қосып, кейін атауын «Қазақстан» деп өзгерткен дене шынықтыру спорт қоғамдары кәсіподағының төрағасы болған қайраткердің айтуынша, халықтық спорт түрлері ешқашан да мемлекеттің қолдауынсыз өркендей алмайды. Бұл әлемнің барлық елдеріне тән құбылыс. Тек мемлекеттік дотацияның көлемі әр елде әрқилы. Ө.Құраловтың пайымдауынша, Олимпиада ойындарының тарихына қатысты бұл зерттеу жұмысының нәтижесі енді түрлі деңгейдегі спорт қоғамдары арқылы Халықаралық олимпиада комитетіне ұсынылмақ. Егер дәлелдері сенімді шығып, бұл тұжырым мәртебелі ұйым тарапынан қолдау табатын болса, Олимпиада ойындарының тыныс-тіршілігіне жаңа қан жүгіріп, дамудың тың бағыттары пайда болары анық. Оған жол ашатын ендігі үміт, ең алдымен, оқырманның қолында тұрғаны күмәнсіз.