ҰБТ: Апелляциялық комиссия қалай жұмыс жасайды?
Бүгін Қазақстанда мектеп түлектерi үшін сын сағат - Ұлттық бiрыңғай тестiлеу басталды. Алдағы жетi күннiң барысында қазақстандық 92077 түлек ұлттық бiрыңғай тестi тапсыратын болады. Олар елiмiздегі арнайы дайындалған 155 тестiлеу пункттерiнен сынақтан өтеді. Тоқтала кететін жайт, Ұлттық бірыңғай тестілеуде аппелляциялық комиссияның жұмысы аса маңызды. Өйткені, аталмыш комиссия ҰБТ-ға сенімділікті арттырып қана қоймай, түлектердің алынған тест нәтижелерінің объективтілігін арттырады. Осыған орай, Алаш айнасы интернет-газеті тестілеу сынағы барысындағы апелляциялық комиссияның жұмысы жайлы Ұлттық тестілеу орталығының хабарламасын ұсынады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу шеңберіндегі бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету, тест тапсырмаларын бағалау кезінде даулы сұрақтарды шешу және емтихандарға қатысушылардың құқығын қорғау үшін апелляцияларды қарастыру бойынша Республикалық комиссия, сонымен қатар әрбір қабылдау пунктінде апелляциялық комиссия құрылады. Аталған комиссия тестілеу кезеңінде жұмыс істеп, емтихан аяқталғаннан кейін өз қызметін тоқтатады. Жергілікті апелляциялық комиссияны ҚР Білім және ғылым министрлігі тағайындаған өкіл басқарады. Апелляциялық комиссияның құрамын облыстық және қалалық білім басқармалары бекітеді.
Әрбір ҰБТ өткізу пункттеріндегі апелляциялық комиссияның мүшелері ретінде жергілікті мектептердегі жоғары білікті пән мұғалімдері алынады. Жергілікті апелляциялық комиссияның мақсаты Ұлттық бірыңғай тестілеудің ережесіне сәйкес талапкерлерден түскен өтініштерді қабылдау. Комиссия өтініштерді ҰБТ-ға қатысушының жеке өзінен тестілеудің нәтижесі хабарланғаннан күннің ертесіне сағат 14.00-ге дейін қабылдайды.
Әрбір ҰБТ өткізу пунктіндегі апелляциялық комиссия талапкердің өтінішін бір күн ішінде қарастырады. Тестілеудің қорытындысымен келіспейтін талапкер белгіленген мерзім ішінде тест тапсырмасының құрылымы бойынша немесе қандай да техникалық себептер бойынша апелляцияға шағым беруге құқығы бар. Ол шағым тест тапсырмасының құрылымы бойынша:
- тапсырманың құрылымы дұрыс емес деп есептейтін жағдайда;
- жауапты дұрыс таңдап, бірақ оның қорғалмағанына сенімді болған жағдайда. Яғни жауап кілтінің дұрыс еместігін дәлелдейтін жағдайда беріледі. Сонымен қатар, техникалық себептер бойынша:
- басқа секторды қате толтырып қойған жағдайда, (жауап парағында пәндерді шатастырып алу);
- сұрақ кітапшасында техникалық қателер болған жағдайда (тапсырма басылмаған, қажетті беті жоқ және т.б.) беріледі.
Тест тапсырмасының құрылымы бойынша апелляцияға түскен өтініштерді қабылдау пән мұғалімдерінің құзырында. Оларды жергілікті апелляциялық комиссия қарастырады. Өтінішке салмақты жауап болған жағдайда оны апелляцияларды қарастыру бойынша құрылған Республикалық комиссияға жібереді.
Талапкерлердің техникалық себептер бойынша берген өтініштерін жергілікті апелляциялық комиссия тікелей Ұлттықт тестілеу орталығына жібереді. Егер талапкердің өтінішінде көрсетілген дерегі расталса, онда оған автоматты түрде балл беріледі.
Ұлттық тестілеу орталығының оқыту курстарынан өткен, тестілеу рәсімдерінен хабары бар, тәжірибелі және білікті пән мұғалімдерінен құралған Республикалық апелляциялық комиссия жергілікті апелляциялық комиссияның талапкерге балл қосу туралы ұсынысының қаншалықты қисынды екендігін қарастырып, соңғы шешім қабылдайды.
Талапкер кез-келген өтінішті берер алдында апелляцияны қарастыру емтиханды қайта тапсыру болып табылмайтынын білуі тиіс. Апелляцияны қарастыру барысында тек сынақты тапсыру нәтижесін бағалау дұрыстығы ғана тексеріледі.
Талапкерлерді апелляция туралы дұрыс ақпараттандыру мақсатында Ұлттық тестілеу орталығында ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша апелляцияға өтініш беру және қарастыру рәсімдері жөнінде Жадынама әзірленген. Бұл Жадынама талапкерге тестілеуге қатысуға өтініш түсіру уақытында беріледі.
Тоқтала кететін жайт, 2013 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу барысындағы Республикалық апелляциялық комиссия талапкерлерден 1361 апелляцияны қарастырды. Оның ішінде ҰБТ-2013 кезіндегі қолданылған тест тапсырмаларының жалпы санының 0,45%-ын құрайтын 288 тест тапсырмасына берілген талапкерлердің өтініштері қанағаттандырылды. Бұлардың ішінде қазақ тіліндегі тест тапсырмасы – 156, орыс тіліндегі тапсырмалар 132-ні құраған.
Жалпы, алдыңғы жылдардың нәтижесі де бір-біріне ұқсас шамады әрі қанағаттандырылған өтініштер тапсырмалардың жалпы санының 1%-нан аспайды.