Қазақ спортының тарихындағы маңдайы жарқыраған, елінің ыстық ықыласына бөленген спортшының бірі әрі бірегейі Жақсылық Үшкемпіров екені анық. Жалпы спорт дүниесінде Жақсылықтай табанды, сабырлы спортшылар сирек кездеседі. Жақсылық 1973-1980 жылдардағы КСРО чемпионаттарында қатарынан сегіз рет чемпион әрі жүлдегер болды. Бұл айтуға ғана оңай. Ол кезде Кеңес Одағының классикалық күрес (қазіргі грек-рим) шеберлері Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында көш тізгінін ешкімге бермейтін. КСРО чемпионатында бірінші орын алған балуанды айтпағанда, екінші, үшінші орынға ие болған спортшылардың өзі әлем чемпионы деңгейінде күресуші еді. Осындай ортада Үшкемпіров қазақтың намыс туын биік ұстай білді.
Ол Одақ бапкерлерінен көп қысастық көрді. 1975 жылы КСРО халықтарының спартакиадасында жеңімпаз атанған Үшкемпіровті Кеңес құрамасының жаттықтырушылары спорттық принцип бойынша сол жылғы Әлем, Еуропа чемпионатының біреуіне апаруға тиіс еді. Жақсылық сол жылы Кеңес Одағы құрамасы сапында халықаралық турнирлерге ғана барды. Қазақ балуаны 1978-1979 жылдары Одақ чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. 1978-1980 жылдардағы үш Одақ чемпионатында Жақсылық бір ғана қарсыласына сәл ғана ұпай айырмашылығымен есе жіберіпті. Қалған белдесулердің бәрінде жеңіс біздің жігітке бұйырған екен. Біріншіліктің финалындағы Үшкемпіров төрешілердің көпе-көрнеу әділетсіздігінен екінші орыннан аса алған жоқ. Ірі жарыстарда, оқу-жаттығу жиындарында Одақтағы негізгі қарсыластары Олимпиада ойындары мен Әлем, Еуропа чемпионаттарында жүлде алған Шумаков, Зубков, Аникин, Нецветаев, Бозин секілді мықтыларды ұтып жүрген Жақсылық Әлем чемпионатын былай қойғанда, қатарынан жеті жыл бойы Еуропа чемпионаты мен Әлем кубогы бәсекелерінен сырт қалды. Осындай жігіттің жігіті ғана шыдайтын сынаққа төтеп берген Үшкемпіровтің жолы 1980 жылы ғана ашылды.
Жақсылықтың орнында басқа адам болса 1976 жылы Монреаль олимпиадасына, 1977 жылы Әлем чемпионатына қатысатын мүмкіндікті қалт жібермеуі мүмкін еді. Бұлай деп отырғанымыздың себебі бар. 1976 жылдың басында екі бірдей ірі жарыста топ жарған Үшкемпіровтің Монреаль олимпиадасына бармайтыны белгілі болады. Сол кезде Украина құрамасының жаттықтырушылары Жақсылыққа «Киевке ауыс» деп қолқа салады. «Украина астанасынан үш бөлмелі пәтер беріп, жалақыңды екі есе өсіреміз, олимпиадаға талассыз барасың» дейді украиналық мамандар. Жақсылық кәдімгідей толқиды. Бұл хабар құлағына тиген Семей облысы спортының басшысы, көпке сыйлы Қабыш Омаров Жақсылықты күрес залына іздеп келеді. Қабекең жаттығу соңында Үшкемпіровті қолынан жетектеп, айнаның алдына әкеліп: «Кімге ұқсайсың?» дейді. «Әжемнің баласымын, әжеме тартқанмын», дейді Жақсылық. «Жоқ, сен қай ұлтқа ұқсайсың?» дейді Қабыш аға табандап. «Қазақпын, аға...» «Қазақ болсаң, Киевте атаңның басы бар ма?» дейді Омаров қатуланып. Жақсылық жанарымен жер шұқып, үнсіз тұрып қалады. «Саған бүтін қазақ бауырым, ұлым деп үміт артып отыр. Сен кетсең, туған халқыңның ақжарма көңілін аяқасты етесің. Сен ол жаққа сіңе алмайсың. Түбі елге ораласың, сонда өз жұртыңа қай бетіңмен қарайсың?! Есті жігіт аяқ астындағыны ғана көріп қоймай, келешегін қамдай білуі керек...» деп, Қабыш аға ел ағасына жарасатын түйінді сөзін айтады. Жақсылық елде қалады.
Монреаль олимпиадасынан кейін кезекті бір жарыста Украина құрамасының бапкері Кондрат: «Бізге келгеніңде Олимпиада чемпионы болатын едің. Енді не болды?» – дейді шын таланттың тұсалғанына налып. «Біз ақсақалдарды тыңдайтын халықпыз, – дейді Жақсылық. – Үлкендер рұқсат бермеді. Келесі Олимпиадада сол кісілердің сенімін ақтауым керек».
Құдай аузына салған шығар, Жақсылық төрт жылдан кейін, 1980 жылы барша қазақтың атынан Мәскеу олимпиадасында белдесті. Бұл Олимпиадаға қатысу оңайға соққан жоқ. Ең әуелі КСРО чемпионатында Олимпиада жолдамасы үшін айқасты. Сол жылы ақпанның басында Мәскеуде болған чемпионаттың бірінші күні Жақсылық үш қарсыласын таза жығып, ресейлік Вылежанинді 22:0 есебімен тас-талқан қылады. Ертеңіне жартылай финалда Еуропа чемпионатының жүлдегері, қазандық Анатолий Бозинді 11:1 есебімен еркін еңсерген Үшкемпіров финалда Одақтағы ең күшті балуандардың бірі, украиналық Виктор Савчукті 12:0 есебімен ойсырата жеңеді. Сөйтіп, біздің бауырымыз екінші рет Кеңес Одағының чемпионы атанады. Адамгершілік тұрғысынан және спорттық талап бойынша Мәскеу олимпиадасына Жақсылық Үшкемпіров талассыз қатысуы керек. Бірақ Кеңес Одағы құрамасының бапкерлері Жақсылыққа «Олимпиадада сен күресесің» деуге асықпайды. Олимпиада және әлем чемпионы Алексей Шумаков екеуін сол жылы көктемде екі бірдей турнирде сынап көреді. Жақсылық екі жарыстың да шешуші белдесуінде Шумаковтан басым түседі. Олимпиада жолдамасының иесі әлі белгісіз. Құрама жаттықтырушылары 48 келі салмақтағы Шумаков, Бозин, Савчук, Аникин, Казарашвили, Үшкемпіров арасында өзара бәсеке ұйымдастырып, Олимпиада жолдамасы үшін таласты қыздыра түседі. Жақсылық тағы да жеке-дара шығады. Жұрт осыдан кейін Үшкемпіровтің жолы ашылған шығар деп ойлайды. Жоқ, олай емес екен. Құрама бапкерлері әлі де үнсіз. Осындай жүйке әбден жұқарып, шыдам шегіне жеткен тұста Алексей Шумаков бас бапкер бастаған жаттықтырушылар алқасының алдында әділін айтады. «Дәл қазір Үшкемпіров бәрімізден күшті. Жақсылыққа сенуге болады!» – дейді Шумаков. Бұл – нағыз жігіттің сөзі еді. Бірақ түйін әлі де шешілмейді. Қызуқанды грузиндер «Темо Казарашвили Олимпиадада күресуге лайық» деп, жан аямай іске кіріседі. Бапкерлер алқасы екеуін дауысқа салғанда 6:2 есебімен Темо басым түседі. Осы тұста іске Қазақстанның Орталық партия комитеті араласады. Сөйтіп, Олимпиада жолдамасы Жақсылыққа бұйырады. Біз бұл оқиғаны жастарға үлгі болсын деп әдейі айтып отырмыз. Осындай әділетсіздік бел алып, маңдай терімен жеткен жеңісінің өзі саудаға салынған кезде Жақсылық өзін барынша сабырлы ұстай білді. Бапкерлермен сөз таластырған жоқ. Командалас балуандарға ренжімеді. Ұзақ жыл бірге жүрген жігіттерге теріс қабақ танытқан жоқ. Осындай жайлы мінезінің, адамгершілігінің арқасында Жақсылық Кеңес Одағы құрамасындағы сыйлы азаматтардың бірі болды.
Үшкемпіровтің Мәскеу олимпиадасындағы бірінші қарсыласы – 1978-1979 жылдардағы әлемнің екі мәрте чемпионы, Еуропаның бірнеше дүркін жеңімпазы, румын балуаны Константин Александру еді. 1978-1979 жылдардағы Еуропа чемпионатының финалдарында Алексей Шумаковты бет қаратпай ұтқан Константин нағыз бабында болатын. Жақсылықтың жаттықтырушысы Вадим Псарев пен күні кеше ғана бозкілемде атой салған Олимпиаданың екі, әлемнің бес мәрте чемпионы Валерий Резанцев кілемге өздері шығатындай толқып жүр. КСРО-ның ұлттық құрамасына Олимпиада кезінде арнайы шақыртылған белгілі күрес маманы Қабден Байдосов: «Александрудан сен жақсы күресесің. Ақылың мен сабырыңды тең ұстасаң, ұтасың» деп, Жақсылықты қайрап қойды. Қабден Байдосовтың сөзінің жаны бар. Бұдан бір жыл бұрын Жақсылық Алматыдағы Сұлтан Баймағанбетов атындағы бәсекеде талай жыл ешкімнен жеңілмеген Константинді жер соқтырған еді.
Енді, міне, екеуі екі елдің атынан кілемге шықты. Сырт көзге Олимпиада ойындарындағы көп белдесудің бірі ғана. Әйтсе де екі балуанның ішкі дүниесіндегі арпалысты тілмен жеткізу мүмкін емес. Екеуі де бұл Олимпиадаға барын салып дайындалды. Константиннің атақ-даңқы бір басына жетіп-артылады, оған жетпей тұрғаны тек Олимпиада алтыны ғана, ал Жақсылықтың иығындағы жүк мың батпан. Осы сәтті табаны күректей жеті жыл күтті. Ал табиғатынан батыр әрі балуан қазақ халқы үшін бұл жекпе-жектің бағасы тіпті бөлек. Жақсылық қазақ балуандарынан бірінші болып Олимпиада кілемінде белдескелі тұр. Алаш жұртының Олимпиада кілеміндегі – тұңғыш үміті, көшбасшы батыры. Бүтін бір ұлттың аманатын арқалау оңай ма?! Осыны жан-жүрегімен сезінген Жақсылық арыстанша айқасты. Қай жеңілгені алтыннан күдер үзетінін түйсінген екеудің айқасы қалың жанкүйердің көңілінен шықты. Үшкемпіров Александрудан 6:2 есебімен басым түсті. Кейінгі үш жылда Жақсылықтан басқа жан баласынан жығылмаған Константин Александру біз үшін мерейлі сәтте қандай көңіл күйде болды екен? Ал Үшкемпіров болса, дем алатын бөлмеге тәлтіректеп зорға жетеді. Жүз келі темір көтергенде сыр бермейтін тізесі дірілдеп, екі қолы жансызданғандай болып, кереуетке құлай кетеді. Қабден Байдосов Жақсылықты қызғыштай қорып: «Тиіспеңдер, екі-үш сағатта қалпына келеді», – деп шыр-пыр болады. Тіпті дәрігерлердің өзін қасына жолатпайды. Жақсылықтың өзінің айтуынша, мұндай жағдай оның басында бұрын-соңды болмаған екен. Осы оқиғадан-ақ Александрудың қандай мықты болғанын, Олимпиаданың тұсаукесті бәсекесінің Жақсылыққа қаншалықты ауыр соққанын біле беріңіз.
Тура үш сағаттан кейін Жақсылық есін жияды. Қабден ағасы жарты кесе қымыз ішкізгенде Жақсылықтың көзі шарадай жанады. «Бұдан артық сұрасаң да бермеймін», – дейді Байдосов балуанды арқасынан қағып.
Негізгі қарсыласын сан соқтырған Үшкемпіров әрі қарай қамшы салдырған жоқ. Еуропа чемпионы, поляк Роман Керпачты, Венгрия чемпионы Ференц Шерешті, әлем чемпионатының қола жүлдегері, болгар балуаны Павел Христовты бірінен соң бірін ұтып, Олимпиаданың алтын тұғырына табан тіреді. Сол бір мерейлі сәтте көзіне жас алмаған қазақ кемде-кем шығар. Осы Олимпиадада қазақтың тағы бір балуан ұлы, Жақсылықтың үзеңгілес досы Шәміл Серіков те алтын жүлдеге қол жеткізді. Біз бұл тарихты жайдан-жай қозғап отырған жоқпыз. Мәскеу олимпиадасына Қазақстанның классикалық күрес балуандарының атынан Жақсылық, Шәміл және Анатолий Быков қатысты. Алғашқы екеуі Олимпиада чемпионы атанса, Быков күміс медальды жеңіп алды.
Үш балуанның ешқайсысы елге жүлдесіз қайтқан жоқ. Бұл дегеніңіз, аталған үш жігіттің әлемдік деңгейдегі мықты спортшы болғандығын дәлелдейді. Сонымен бірге Вадим Псарев бастаған бапкерлердің балуан баптаудағы биік өресі мен тиянақты еңбегінің, терең ізденісінің жемісі. Тәуелсіздік алғаннан бері балуандарымыз төрт жазғы Олимпиадаға қатысты. Солардың ішінен Юрий Мельниченко ғана Олимпиада шыңына жетті. Қалған жігіттерге Жақсылықтың табандылығы мен еңбекқорлығы, Шәмілдің бойындағы ғажап шеберлік пен өр мінез жетіспеді.
Жақсылық пен Шәміл бір барғанда-ақ Олимпиада тұғырына көтерілсе, кейінгі жастардың ішінде екі Олимпиададан бос қайтқандары бар. Үшкемпіров келесі, 1981 жылы Әлем чемпионатында алғаш рет бақ сынап, алтын медальға ие болды. 1982 жылы Әлем кубогы сынында топ жарды. Яғни 1980-1982 жылдарда Кеңес Одағы құрамасы сапындағы ресми жарыстарда тек жеңіс биігінен көрінді. Яғни, жеті жыл армандаған мүмкіндікті қолы жеткен сәтте қапы жібермей пайдаланды. Бұл – кәсіби деңгейі өте биік, жан-жақты шыңдалған спортшының ғана қолынан келетін ерлік.
КСРО құрамасында болған он жылда Үшкемпіров кросс жүгіруде, тауға шығуда, белдемеге (турник) тартылуда үнемі үздіктер қатарынан табылыпты. Ал су астында демін ішіне тартып отыруда Одақ құрамасында Жақсылықтың алдына ешкім түсіп көрмепті. Үшкемпіров су астында дем алмай төрт минутқа дейін шыдайды екен. Бұл оның өкпесінің күшті екенін білдіреді.
Қазір Жақсылық – мықты кәсіпкер. Алматы облысының Балқаш, Ұзынағаш аудандарында үйір-үйір жылқы, табын-табын ірі қара ұстайды. Екі мал шаруашылығы, мыңдаған гектар жайылымы, басқа да тірліктері сәтімен дөңгеленіп жатыр. Жақсылық елуден астам адамға жұмыс тауып беріп отыр. Үшкемпіровтің ендігі арманы – сиыр тұқымын асылдандырып, қазақтың мал шаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қосу.
Жақсылық қашан көрсең де жайдары, қарапайым, сабырлы қалпынан айнымайды. Кеудесін көтермейді. Қазір де күрес десе, ішкен асын жерге қояды. Балуан інілері оқу-жаттығу жиынына жиналғанда бір малын арнайы сойып, етімен бірге балуандардың қант-шайын арқалап, Жақсылық ағалары жетеді. Біле білген адамға осының өзі – өнеге. Біз осы мақаланы жастар Жақсылықтың жақсы жағын біле түссе, атақты балуанды үлгі тұтса деп, әдейі жаздық.