Ұзақбай Құлымбетовті ұмыту – тарихымызды естен шығару деген сөз...
Көрнекті мемлекет қайраткері, қарапайым ауыл мұғалімінен қазақ үкіметінің төрағалығы қызметіне дейін көтерілген аяулы азамат Ұзақбай Құлымбетов есімін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Шын мәнінде, оның өмір жолы, қазақ елінің мемлекеттігін нығайту, әл-ауқатын арттыру, өндірісін, ғылым-білімін жолға қою жолында сарп еткен күш-жігері, ерен еңбегі өз заманында күрескерліктің жарқын үлгісі болды. Білімі мен білігін, ақыл-парасатын жоғары бағалаған үлкенді-кішілі қауым Құлымбетовті қатты сыйлағандығы соншалық, 40-тың о жақ, бұ жағындағы жасына қарамастан, «ақсақал» деп ардақ тұтты. Ал Ұзақбай Құлымбетовтің тұлғалық бейнесі қалай қалыптасты? Қайраткер дәрежесіне ол қалай көтерілді? Қазақ елін өркендетерліктей қандай іргелі істер атқарды?
Бұл ретте өмірбаян деректеріне жүгінсек, Ақтөбе облысының Ырғыз уезіндегі Аманкөл болысында дүниеге келген Ұзақбай Құлымбетов бастапқыда ауыл молдасынан ескіше білім алып, сосын үш жылдық ауыл мектебінде оқиды. Ары қарайғы білімін Ырғыздағы орыс-қазақ училищесінде, Ақтөбедегі екі жылдық педагогтік курста жалғастырып, орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы мамандығын алады. Курсты бітірісімен Торғай және Ырғыз уездерінің ауылдарында мұғалімдік қызметтер атқарады. Алайда сол кездегі жағдай, саяси өзгерістер Ұзақбай Құлымбетовті қоғам жұмысына араласуға итермелейді. Бұл ретте С.Мұқанов өзінің «Өмір мектептерінде» «Ыбырай Алтынсариннің шәкірті» деп атаған Ұ.Құлымбетов кеңестік құрылым қызметіне тартыла бастаған алғашқы жылдарынан-ақ мектептер ашып, халықты сауаттандыру ісіне зор маңыз береді.
Қайраткердің қызы, әке жолын лайықты жалғап, ұстаздық қызметті өмірлік бағытына айналдырған Орынша Қарабалина-Қазыбаева бұл жайлы: «Мемлекеттік мәселелермен ел ішінде жиі болатын әкем барған жерінен үйсіз, күйсіз балаларды алып келіп, қашан тиісті жерлерге орналастырғанша үйде ұстайтын. Оларды жуындырып-шайындырып, бағып-қағып жүретін анамыз қанша қиын болса да, әкемізге қарсы келмейтін», – деп еске алады. Ел ішінде «Құлымбетовтің жақсылығын көріп едім» деушілер мен «Қандай мәселе бойынша қиналсаң да, ақсақалға бар, ол ешкімнің меселін қайтармайды» деген сыңайлас сөздердің сол заманда ауыздан-ауызға тарағандығының өзі – Ұзақбай Желдірбайұлының бірегей болмысының айқын дәлелі. Осы орайда бүкіл қажыр-қайратын қазақты еңселі ел етуге жұмсап, қандай жүйеге, қандай құрылымға қызмет еткеніне қарамастан, адамдық қалпынан, тұлғалық қасиетінен таймаған ұлтының адал перзентінің шын мәнінде лайықты дәрежеде ұлықталар сәті алда деп сенеміз.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Құлымбетовтің өмір жолын жастарға өнеге етуге болады
– Ұзақбай Құлымбетов – өткен ғасырдың 20-30 жылдарында Голощекиннің төңірегінде қалыптасқан партия, кеңес қызметкерлерінің бірі және бірегейі. Бірақ ол кісі жалпы өмірбаяны жөнінен алғанда, Ақтөбе өңірінде мұғалімдік қызметті бастаған кезінен-ақ өзінің халқына қызмет етуді биік мақсат ретінде қойған адам. Қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан ахуалда ол жергілікті халықтың мүддесін қорғап, орыстың қызыләскер отрядтарымен, командирлерімен текетіреске барған, сол үшін түрмеде де отырып шыққан. Кейіннен Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы болғанда халқына адал қызмет етуге тырысты. Ұзақбай Құлымбетов ашаршылықтың орын алуына кеңес, партия қызметкерлерінің де кінәсі бар екенін мойындаған, ашаршылық зардаптарымен күресу барысында жауапкершіліктен де қашпаған. Ұзақбай Құлымбетовті «Голощекиннің серігі» деп қарастыруға болмайды. Оны Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Н.Нұрмақов сияқты қайраткерлердің қатарына қосу керек. Коммунист болған екен, ауыр жылдарда ел басқарған екен деп біржақты кінәлау әділеттілік емес. Халқымызға еңбегі сіңген айтулы қайраткерлеріміздің еңбегін зерттеп, зерделеу мәселесін қайта қарап, қайта бағалап жатқан тұста Ұзақбай Құлымбетовтің өмір жолын жастарға өнеге етуге әбден болады. Ол – қарапайым қазақ шаруасының отбасында дүниеге келіп, мемлекет басшысы деңгейіне дейін көтерілген жан. Оның Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сонымен бірге, Ұ.Құлымбетовтің Қазақстандағы сталиндік жазалаудың құрбаны болғанын да ұмытпауымыз керек.
Ал «Ұ.Құлымбетовтің Алаш зиялыларымен қарым-қатынасы қандай болған?» дегенге келсек, олармен ешқандай байланысы болмаған. Өйткені Ұ.Құлымбетов – кеңестік құрылыс тұсында жарыққа шыққан, кеңестік қайраткер ретінде қалыптасқан адам. Сондай-ақ Құлымбетов туып-өскен Ақтөбе өңіріне Алаш қозғалысының идеялары кеңінен тарала қойған жоқ. Сол себепті де, Ұ.Құлымбетовті Алаш зиялыларының ықпалымен қалыптасқан қайраткер десек, ол үлкен қате болар еді. Ол – кеңестік жүйенің перзенті, коммунистік идеологияның қайраткері. Бірақ сол жүйеге қызмет ете тұра, ол өзінің қазақ деген халқына барынша адал бола білді. Ал репрессияға ұшырауына келсек, оның бар «жазығы» – Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Н.Нұрмақовтармен жақсы таныс әрі қызметтес, пікірлес болғандығы. Міне, сондықтан да ол Қазақстандағы ұлтшыл, буржуазиялық партия құру әрекетіне айыпталған және «20-30 жылдары Кеңес өкіметіне қарсы болған қозғалыстарды ұйымдастырған», «30 жылдардағы аштық кезінде Кеңес өкіметіне қарсы әрекеттерге барған», «Қазақстандағы Кеңес өкіметін құлату туралы жасырын партия ұйымдастырған» деген «қылмыстармен», «контрреволюциялық ұйымның мүшесі» ретінде жазаға тартылған. Шын мәнісінде, мұның астары мынада: сталиндік жүйе осындай жолмен өз халқына шын берілген адал азаматтардан құтылуға тырысты. Сондай азаматтардың бірі – осы Ұзақбай Құлымбетов. Ұзақбай Құлымбетов сияқты тұлғаның еңбегін естен шығару – тарихымызды естен шығару деген сөз...
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Туған халқының болашағы үшін күресті
Ұзақбай Желдірбайұлының қоғамдық және саяси қызметі Қазақстан тарихының күрделі де қайшылықты кезеңіне тұспа-тұс келді. Қазан революциясынан бастап өзі репрессияға ұшыраған 1937 жылға дейінгі республика өмірінде болып өткен тарихи өзгерістердің бәрі оның көз алдында өтті. Құлымбетов сол оқиғалардың куәсі болып қана қоймай, сонымен бірге республика көлемінде ірі қызметтерді атқара жүріп, олардың бәріне де тікелей атсалысты.
Ұ.Құлымбетов 1923 жылы Киробкомның ұйғарымымен Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберілді. Онда Ұ.Құлымбетов өзін шаруашылық мәселелерін жақсы білетін және әкімшілік жұмысын жете меңгерген қызметкер ретінде көрсетті. Ұзақбай Желдірбайұлының сол кездегі қызметіне берілген губком мінездемесінде оған «Қызметкерлерді таңдай біледі және оларды жұмсай алады. Саяси жағдайда өз бағытын анықтай біледі. Тұрақты, табанды. Еркі күшті, қателігін мойындап, одан қорытынды шығара алады. Өсек сөзге және топшылдыққа бейімдігі жоқ» деп әділ баға берілген. 1925 жылы ол республика халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің төрағасы болып бекітілді. Оның бұл қызметке шақырылуы кездейсоқ емес-тін. Қазақстанның саяси өмірінде бұл кезең өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Әлі толық шешімін таппаған жер мәселесі, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылын отырықшылыққа тарту, оны советтендіру сияқты толып жатқан мәселелер жеңіл-желпі шаруа емес еді. Осындай күрделі жағдайда республикалық басшылыққа Халық шаруашылығының орталық кеңесі сияқты ірі мекемені ешқайда да бұра тартпай, іскерлікпен басқара алатын басшы керек болды. Сөйтіп, аталған қызметке Ұ.Құлымбетов тағайындалды. 1925 жылы қаңтарда өткен РКП (б)-ның Пленумы Қазақстан өнеркәсібін қалпына келтіру ісіне үлкен көңіл аударып, тек Риддер мен Қарсақпай кен орындарын дамытуға 23 миллион сом қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл түсті металлургия өнеркәсібіне бөлінген одақтық қаржының жартысы болатын. Орталық Комитеттің шешімдерін іске асыру жолдарын талқылауға арналған Қазақ Өлкелік Комитетінің Пленумында Ұ.Құлымбетов жергілікті өнеркәсіпті дамыту мәселелеріне байланысты баяндама жасады. Баяндамада қойылған өзекті ой республикада шикізат өңдіру орындарымен бірге, қайта өңдеу өнеркәсібін, сондай-ақ жергілікті шикізат негізінде жұмыс жасай алатын ұсақ кәсіпшілік орындарын кеңейте түсу төңірегінде болды. Бұл жылдардағы Ұ.Құлымбетовтің Қазақстан өнеркәсібін қалпына келтіру және даму жолына шығару жөніндегі еңбегі еліміздің сол тұстағы Ф.Э.Дзержинский, А.И.Микоян сияқты белгілі қайраткерлері тарапынан түсінушілікпен қолдау тауып отырды. Жиырмасыншы жылдардың ортасындағы архив құжаттарынан Өлкелік Комитеттің Ұ.Құлымбетовті үнемі кезек күттірмейтін шұғыл бетбұрысқа мұқтаж шаруашылық, саяси өмір салаларына жұмсап отырғандығын байқауға болады. Мәселен, 1926 жылдың қыркүйегінде Өлкелік Комитет оны республика Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне ұсынып, оған өлкелік жоспарлау комитетінің тізгінін тапсырды. Ал 1928 жылдың басындағы бүкіл Одақ көлемінде астық даярлау науқаны өріс алған тұста Ұ.Құлымбетов Қазақ өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары болып бекітіліп, сонымен бірге республика Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметін қоса атқарды.
Отызыншы жылдардағы ашаршылық республикамыздың басқа қоғам қайраткерлері сияқты Ұ.Құлымбетовке де үлкен сын болды. Қазақ қоғамының ерекшеліктерінен жақсы хабардар жергілікті қайраткерлердің бір тобы (С.Садуақасов, Н.Нұрмақов, Ж. Мыңбаев) төніп келе жатқан апатты болдырмау мақсатымен Голощекин бағытына үлкен азаматтықпен ашық қарсы шықса, екінші бір бөлігі (О.Исаев, І.Құрамысов) бірінші хатшыны көзжұмбайлықпен қолдады, ал үшінші топтағылар (О.Жандосов, С.Меңдешев) кезінде С.Садуақасов орынды айтып көрсеткендей, бәрін көріп-біле тұра, еріксіз саяси биліктің зорлығына көнуге мәжбүр болды. Ұзақбай Желдірбайұлы өзінің ұстанған позициясы бойынша осы үшінші топтың қатарына жатты. Оны өзінің төмендегі сөзінен де байқауға болады: «30-шы жылдың мамыр айынан бастап, – деді ол, – 34-ші жыл түгелімен мен Қазақстан халкомы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқардым. Өмірімнің бұл кезеңінің алғашқы жартысы (30-31-32 ж.) Қазақстан өлкелік басшылығының, совет және партия ұйымдарының жіберген қателіктері салдарынан ауыл мен селодағы асыра сілтеушілікке тұспа-тұс келеді. Мен Өлкелік Комитеттің және оның хатшысы Ж. Голощекиннің ауылды басқарудағы әдістеріне алғашқылардың бірі болып қарсы шықсам да, Өлкелік Комитеттің Бюро мүшесі ретінде жіберілген қателіктерге жауап беремін». Сондай-ақ ол Өлкелік Комитеттің VI Пленумында (1933 жылғы шілде), VIII конференциясында (1934 жылғы қаңтар) сөйлеген сөздерінде өзіне тән турашылдығымен Қазақстан трагедиясына қатысты басқа қайраткерлердің де атын атап, қателіктерін дәл көрсетіп берді.
1935 жылдың қаңтарынан бастап 1937 жылдың 21 шілдесіне дейінгі аралықта Ұ.Құлымбетов Қазақ Орталық Атқару Комитеті Төрағасы қызметінде болды. Оның бұл кездегі жұмысы, негізінен, ескі басшылық жіберген қателіктерді түзету, ауыл шаруашылығы, соның ішінде алдымен мал шаруашылығының өсіп, өркендеуі, республика еңбекшілерінің әлеуметтік жағдайының жаңа сатыға көтерілуі үшін күреске арналды. Ұ.Құлымбетов Қазақ Орталық Атқару Комитеті Төрағасы қызметінде тұрған кезде Қазақ автономиялық республикасы одақтық республика мәртебесін алды. 1937 жылғы наурыз айында өткен Қазақстан Советтерінің X съезі Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын бекітті.
Ұ.Құлымбетов күрделі тарихи кезеңде өмірге келіп, қатардағы ауыл мұғалімінен қазақ мемлекетінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген бейнеті мол жолдан, бірақ азамат, қайраткер үшін қайталанбас жолдан өтті. Қиын-қыстау кезеңде туған халқының, еңбекші бұқараның болашағы үшін күрескен қайраткер ретінде ол республика тарихында өз орнын сақтап қалатындығы сөзсіз.
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Мұстафа Шоқайдан сырт айналмаған
– Осыдан 3-4 жыл бұрын Мұстафа Шоқайдың туған жерінде болып, туыстарымен кездескен едім. Әңгіме барысында олар М.Шоқайдың туысы ретінде кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, көп қиындық көргендерін айтты. Ол кісілерден естігенім, сол кезде басшылық қызметтер атқарған Ұзақбай Құлымбетовтің сол Мұстафа Шоқайдың туыстарына әртүрлі мәселелер бойынша көмектескен, жәрдем берген кезі де болыпты. Яғни бүкіл ел-жұрт Мұстафадан «жау» деп сырт айналғанда, Ұзақбай Құлымбетов жоғарғы шеніне, қызметіне қауіп төнеді деп қорықпастан, оның жазықсыз жапа шеккен туған-туыстарына мүмкіндігінше қолұшын берген. Мұның өзі Ұ.Құлымбетовтің адамгершілігі зор, ақыл-парасаты биік тұлға болғанын көрсетеді.
Мен Ұзақбай Құлымбетовті тікелей зерттеп жүрген жоқпын, бірақ әртүрлі хаттарына, сөйлеген сөздеріне қарап, ол кісінің елжанды тұлға болғанын байқаймын. Әсіресе, ашаршылық жылдарында қазаққа бүйрегі бұрып, жаны ауырған, қарекетсіз отырмауға тырысқан. Соған қарамастан «Голощекиннің серігі болды, соның саясатын бөлісті» деп қарайтындар бар. Бірақ Құлымбетов тұлғасына бірыңғай қаралау әдісімен келуге болмайды. Ол – сәл күрделі тұлға. Кеңес заманында саясатқа қызмет етпеген адам болмағанын түсінуіміз керек. Оның үстіне Құлымбетов өз халқына жамандық ойлайтын адам емес.
Қателікке кім кінәлі?
«...Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Ораз екеуміз Голощекинмен табандатқан үш күн бойы айтысып, әуре болдық. «Пленумнан кейін обком хатшыларының арнаулы мәжілісін шақырайық, сонда олардың ауылдың қамын жемей отырғандарын айтайық», – дедік. «Осының бәрін обком хатшыларының өздеріне әдейілеп ескертейік», – деп қолқа салдық. Амал не, мұндай мәжілістің шақырылу қажеттігіне Голощекиннің көзін жеткізу өте қиын болды. Ақыры оның бізге айтқан сөзі мынадай болды. «Маған не қыл дейсіңдер. Көшпенділік – бұл елдің ежелгі тұрмыс-салты. Мұны бір мәжілісте сөз еткенмен, оны тоқтата аласыңдар ма» дегені ғой оның. Қайдағы ежелгі салт десеңізші? Қазақ малын айдап, дүние-мүлкін артып алып, көшіп жүрсе, бір сәрі. Ал енді тамақтан тарығып, аштықтан азып-тозып қала-қаланы, темір жол станцияларын, базар-базарды кернеп тентіреп жүрсе, ол ежелгі тұрмыс-салты емес, қиыншылықтан ғой. Ежелгі тұрмыс-салтымен мұның үш қайнаса, сорпасы қосылмайтыны анық».
(Ұ.Құлымбетовтің ВКП (б) өлкелік комитетінің 1933 жылғы 10-16 шілде аралығында өткен 6-пленумында жасаған баяндамасының стенограммасынан үзінді)
Орынша ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
Еңбегіне тарихи баға берілмей, тарихтан орнын ала алмай келе жатқаны қынжылтады
– Ұзақбай Құлымбетовтің оқу-ағарту ісіне сіңірген еңбегі ұланғайыр. Негізгі мамандығы оқытушылық болғандықтан да, әкем қандай қызметте жүрсе де мектептер ашуға көп көңіл бөлген. Ақтөбедегі педагогикалық институттың негізін қалаған, облыс-облыстардағы институттар жанынан екі жылдық мұғалімдер институттарының ашылуына себепкер болған. Әрине, ол кісінің тікелей араласқан, бастамашы болған игі істері жетіп-артылады. Бірақ соның бәрін жан-жақты зерттеген немесе зерттеп жүрген адам жоқ. Тарихшыларымыздың көпшілігі ел тарихында елеулі орны бар көрнекті тұлғаларды тасада қалдырып, әркім өз ауылының бүргесін насихаттап кетті. Ұ.Құлымбетовтің көзін көргендер жоқ қазір. Шын негізінде, ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз. Саналуан тақырыпта жазған мақалалары, түрлі мәселелерге байланысты жасаған баяндамалары қаншама! 1921-1923 жылдар аралығында Ұ.Құлымбетов орталығы Петропавл болған Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Әкемнің ұйымдастырушылық қабілетінің зор екендігі сол кезде айқын көрінген. Өйткені Ақмолаға барысымен сол жерде мемлекеттік қызметкерлерді дайындайтын курс ашып, оған бірден 40 бала алғызған. Кілең кедей-кепшіктің отбасынан шыққан сол балалар өсіп-жетіліп, кейіннен Кеңес өкіметінің белді қызметкерлеріне айналған. Ақмолада қызмет еткен кезінде ол тек курс ашып қана қоймаған, сонымен бірге, Петропавл, Көкшетау темір жолын салғызуға басшылық жасаған. Ағаш өңдеу, консерві жасау зауыттарын қайта қалпына келтіру, алтын өндіру ісін жолға қою жұмыстарына ұйытқы болған. Сондай іскерлігі, білімдарлығы нәтижесінде еліміздің сол кездегі астанасы Қызылордаға, халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы қызметіне шақырылған. Сол қызметте жүріп, Қазақстан өндірісін дамытуға байланысты баяндамалар жасап, Риддер, Екібастұз, Атбасар мыс комбинаттарын дамыту, Ембі мұнай өнеркәсібінің қуатын арттыру, Елек тұз өндіру кәсіпорнын игеру, Жетіқара, Аққарға, Бозын алтын кеніштерін Қазақстанға қайтару сияқты басқа да көптеген мәселелер көтерген. «Өндірісті жандандыру үшін ұсақ кәсіпорындарды да еске алуымыз керек. Қай жерде шикізат болса, сол жерден кәсіпорын ашуға тиіспіз» деген. Мысалы, ол кісінің сол кездің өзінде жергілікті жерлерде тері-терсекті игеретін кәсіпорын ашуды ұсынуы күні бүгінге дейін өзекті болып отыр.
Үзеңгілестері «Құлымбетовтің көрегендігі мен мемлекеттік дәрежедегі ойлау жүйесі көптеген әріптестерімен салыстырғанда көш ілгері еді» дей келе, «ол өз ісін жетік меңгерген, ұйымдастыру қабілеті орасан, қызметкерлерді таңдай білген және оларды жұмсай білетін. Екі тілде шешен сөйлейтін, еркі күшті, тұрақты, табанды, әділ, турашыл, өз қателігін мойындап, қорытынды шығара алатын» деп еске алған. Оны өзінің 1932 жылы пленумда сөйлеген сөзінен де байқауға болады. «Мен Өлкелік Комитеттің және оның хатшысы Голощекиннің ауылды басқарудағы әдістеріне алғашқылардың бірі болып қарсы шықсам да, Өлкелік Комитеттің Бюро мүшесі ретінде жіберілген қателіктерге жауап беремін». Ол осы қателіктерді түзету үшін үлкен күш жұмсап, мәселе ақыры Өлкелік Комитеттің Бюро талқысына қойылады. Баяндама жасаушы – Құлымбетовтің өзі, т.б. Соның нәтижесінде кеш болса да, обком хатшыларына ауылдағы жағдайды өзгертуге бағытталған нақты міндеттер жүктелген. Ұ.Ж.Құлымбетов «Карлаг», «Алжир» сияқты өлім лагерьлерінің Қазақстан жеріне қоныс тепкендігіне де қарсы болған.
Біле-білсек, Ұ.Құлымбетов – өз кезеңіндегі көрнекті саяси қайраткерлердің бірі де, бірегейі де. Бесжылдықтың алғашқы жоспарын жасаған да – осы кісі. Түрксіб теміржолына Т.Рысқұловтың басшылық жасағаны рас. Бірақ ол Мәскеуде отырып жетекшілік етті. Ал Ұ.Құлымбетов осы жерде жүріп басшылық жасады. Жүз мыңдаған жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарта отырып, бәрін ұйымдастырып, етекпен құм тасығандай дәрежеде теміржол салдыру тек орталықтың ісі екен деп қарамай, жергілікті үкімет басшылары отырғандығын да естен шығармау керек шығар. Ал Ұ.Құлымбетов ол кезде Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болды. Яғни мемлекеттік деңгейдегі ірі жобалардың бәріне тікелей басшылық жасады. Сондай адамның еңбегіне тарихи тұрғыда баға берілмей келе жатқаны мені қынжылтады. Марқұм жолдасым Кәкімжан Қазыбаев кезінде: «Есіңде болсын, Ұзақбай Құлымбетов жөнінде екі түрлі материал бар. Біреуі – қаралаған материал да, екіншісі – жақсы мағынада жазылған материал. Бірақ жұрттың қолына көбінесе қаралаған дүниелер түседі де, екіншісі соның тасасында қалып қояды», – деген еді. Оның үстіне бұл кісі жөніндегі материалдардың дені Мәскеу мұрағаттарында жатыр.
Қалай болғанда да, Ұзақбай Құлымбетов елімізде өткен ғасырдың басында орын алған аса маңызды әлеуметтік-экономикалық және тарихи өзгерістердің басы-қасында болды. Сол жұмыстардың бәрін біз қазір жоққа шығарып жатырмыз. Бірақ тарихты терістеуге болмайды. Мысалы, бұл кісі өз кезеңіне қызмет етті және ол ісін дұрыс деп есептеді. Бүкіл өмірін ел игілігі жолындағы күреске арнап, шынайы қайраткерлік биікке көтеріле білген мұндай тұлғаны елеп-ескермеу, өз дәрежесінде бағаламау тарихқа зор қиянат екендігін мойындауға тиіспіз.
Қорыта айтқанда...
«Елім!» деп емініп, «жұртым!» деп жүгініп қызмет қыла тұра, Ұзақбай Құлымбетов жөнсіз жаза кешіп, небәрі 47 жасында құйрықты жұлдыздай Алаш аспанынан ағып түсті. Әділетсіздік оның отбасын да айналып өткен жоқ. Ұ.Құлымбетов атылысымен, іле-шала жан жары Әйеш те тұтқындалып, тектен-текке он жыл ғұмырын Карлагта өткізді. Ал Ақтөре, Кәбира, Бостан, Орынша, Болат есімді бес баласы тағдырдың тауқыметін титтейінен тарта жүріп, әркімнің босағасында күн кешті, талай құқайды көрді. Десек те, текті тұқымнан тараған бейкүнә перзенттер әке даңқына лайық көргенді ұл-қыз болып ержетіп, әрқайсысы өмірден өз орнын тапты. Ешкімнен ештеңе даулаған жоқ, «Аққа – құдай жақ» демекші, әділеттің түбі бір салтанат құрарына сенді. Ол күн ақыры жетті де. Асқар таудай әке есімі ақталды. Бір ғана өкініштісі, замандастары «көрегенділігі мен мемлекеттік дәрежедегі ойлау жүйесі көптеген әріптестерімен салыстырғанда көш ілгері еді» деп шынайы мойындаған Ұзақбай Құлымбетовтің тарихи тұлғасы мен қайраткерлік іс-әрекетін, артында қалған мол рухани мұрасын талдап-таразылау, зерделеу жағы кенжелеп жатыр. Туғанына 120 жыл болғандығына қарамастан, Ұ.Құлымбетов есімі республика көлемінде дәріптелмей отыр. Қайраткердің атында Алматы мен Ақтөбеде ғана шап-шағын екі көше бар. Кезінде өзі қызмет еткен Ақмола, Петропавл, Қызылорда өңірлерінде ол кісінің есімімен байланысты бірде-бір мектеп те, көше де жоқ. Тіпті осы күнге дейін өзінің туған жері – Ақтөбе облысында да жөні түзу мүсіні жасалған емес. Ұзақбай Құлымбетовтің Қазақстаның оқу-ағарту саласын, өндірісін өркендетуге мейлінше үлес қосқандығын ескерсек, оның есімі жоғары оқу орнының да, өндіріс орындарының да қай-қайсысына болсын берілуге әбден лайық. «Үмітсіз – шайтан» демекші, ондай игілікті шаралардың да атқарылар кезі келер...
Бiлгiм келген бiр сұрақ
Арғы аталары кім?
Ұзақбай Құлымбетов өте шешен, білімді, әділ, турашыл кісі болған көрінеді. Ал түп аталарында атақты адамдар болған ба?
Айдар НҰРСЕРІКҰЛЫ, Түркістан қаласы
Әділдік пен турашылдық, табандылық қасиеттерінің негізінде батырлық жататыны белгілі. Ал шежіре деректеріне жүгінсек, батырлық Ұзақбай Құлымбетовке арғы әкелерінен келген. Ол кіші жүздің ішіндегі шөмекейден тарайтын аспан, оның ішінде – аю. Үлкен атасының аспан атану себебі жоңғарлармен соғыста көрсеткен ерлігіне байланысты. Соған куә болған хан соғыстан кейін шақырып алып, «Кешегі ұрыста біздің рухымызды көтеріп, мерейімізді аспандатқан сен болдың. Бүгіннен бастап атың Аспан болады», – дейді. Кейіннен Аспанның баласы да соғыста аюша алысып, ержүректілігімен танылады. Сөйтіп, оның да өз аты ұмытылып, аю атанып кетеді. Демек, Ұ.Құлымбетов – әкесі жағынан батырдың ұрпағы. Сол сияқты, шешен болуы да тегін емес. Оның анасы – Әлімнің ішіндегі төртқара. Төртқарадан тарайтын Сейітқұлдың екі баласы болған. Соның бірі Ұзақ өте беделді адам болыпты. Ал екінші баласынан әйгілі Әйтеке би тарайды. Ұзақбай Құлымбетов анасы еліне төркіндеп барғанда туылса керек. Сонда ел жиылып, «Бұл да баяғы Ұзақтай беделді болсын» деп, нәрестеге соның есімін берген. Яғни Ұзақбай Құлымбетов – анасы жағынан Әйтеке бимен туысады.
Саясатқа қалай келген?
Ұзақбай Құлымбетов еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған екен. Саясатқа қалай араласқан?
Нұрзада БЕКБОСЫН, Алматы қаласы
Өзінің естеліктеріне жүгінсек, Ұзақбай Құлымбетов әуелде шынымен де саясаттан тыс болған. Соны айта отырып, өзі: «Мұғалімдік қызметте жүрген жылдары негізгі жұмысымнан басқа нәрсемен айналысқан емеспін. Азын-аулақ табысымнан (айына 128 сом 20 тиын) әке-шешеме қарайластым. Ал газет, кітабы жоқ түкпірдегі ауылда білгеніңді де ұмытып қалатын едің. Саясаттан мүлдем сауатсыз болдым. Тіптен патшаның құлағанын естіп қуанғаныммен, түрлі партиялардың өзара айырмашылығын көп ажырата білмеуші едім», – деп жазған. Алайда заман тынысы көзі ашық азаматты саясаттан бәрібір тыс қалдырмаған. Бұл ретте оған «Қазақ» газетінің де айтарлықтай әсері болған. Оны қайраткердің «Қазақ» газетінің ықпалымен сол тұста басқалар сияқты ұлтшылдық көзқарас ұстанғаным рас» деген сөзінен аңғаруға болады.