Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы, ғалым, ақын А.Байтұрсыновтың туғанына –140 жыл, «Қазақ әліпбиінің» жарық көргеніне – 100 жыл
Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына бүгін 140 жыл толды. 1929 жылы 12 мамырда НКВД-ға берген түсініктемесіне қоса, өз қолымен жазған өмірбаянында толық көрсетілген. Сонда Ахаң «мен 1872 жылы 5 қыркүйекте, мешін жылы тудым» деп айтады. Соңғы уақытта анықталған Ахаңның туған жылы мен күні туралы бұл деректің шындыққа сәйкес келетіндігін Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен мұрасын зерттеушілердің бірі Рәбиға Сыздықова да айтқан еді. Сондықтан осыған дейін 1873 жылғы 28 қаңтар «Ахаңның туған күні» делініп келсе, оны Ахаңның өз қолымен жазылған өмірбаянындағы күнге ауыстыру туралы осыдан бірнеше жыл бұрын республикалық баспасөзде бірнеше мақала жариялап едік. Ел тарихындағы осындай маңызды мәселеге тиісті министрліктің осы күнге дейін немқұрайдылық танытып, жеткілікті көңіл аудармай келе жатқаны кім-кімді де таңғалдырады. Сондай-ақ жаңа заман ағартушылығына бастау болған Ахаңның «Қазақ әліпбиінің» 1912 жылы Орынбор қаласынан басылып шығып, елінің қолына тигеніне 100 жыл толмақ.
Ахаң туған жер
Жоғарыда аталып өткендей, Ахмет Байтұрсынов атамыз қазіргі Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданының Сартүбек деген жерінде 1872 жылы 5 қыркүйекте дүниеге келген. Сартүбекпен Аққұм және Алла тағаланың Арқаның төсіне таққан маржанындай болған айдынды Ақкөл қапталдасып жатыр. Әр көктем сайын Ұлытаудан бастау алатын Жыланшық өзенінен кенері толығып, екінші шетіне көз жетпейтіндей марқайып, күмістей жарқырап жатушы еді. Бұл Ақкөл тарих таразысынан өткен талай тарихи оқиғаның да куәсіндей еді. Сонау елді бордай тоздырып, еңіреткен жоңғар шапқыншылығында қалмақтар Арқа жеріне дейін еніп, осы Ақкөл, Торғай бойында қоныстаныпты. Содан Абылай хан үш жүздің басын біріктіріп, қалмақтарға қарсы соғыс ашады. Басы қосылған қазақ әскері қалмақтарды жеңіп, оларды оңтүстікке қарай ысырғанда, Абылай бастаған әскер осы Ақкөлді бойлап өткен екен. Ұлытауда Абылайды ақ киізге орап, хан көтергенде де кіші жүз бен Арқаның басты билері, батырлары осы Ақкөлді асып барған екен сонда. Қазақ елінің азаттығы үшін ақ патшаның әскерімен талай айқасқан Кенесары хан да Торғай жерінде көп тұрақтай алмай, Жетісуға қарай бет алғанда әскерімен осы Ақкөлде бірер күн аялдапты. Ахмет Байтұрсынов өзінің өлеңдері мен әндеріне де осы Ақкөл мен Аққұмды арқау еткен.
Патшаның бұйрығымен 1843 жылы негізі қаланған Торғай бекінісінің картасы бойынша қарағанда Аққұм, Ақкөл жері Торғай өзенінің арғы бетінен шығысқа қарай жайылып, бір шеті Бетпақдаламен шектесіп жатса, Ахаң туған Сартүбек, Аққұм, Ақкөл аймағының бергі шеті Торғай өзенімен, Тосын құмымен жағаласып жатыр. Бұл жерлерді негізінен үмбетей руы мекен еткен. Ахаңның үлкен атасы Шошақ, одан туған Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Сабалақ), Ерғазы, Ермағанбет аса бір дәулетті адамдар болмағанымен, ел арасында беделді кісілер болған.
1885 жылы Қарғалы байланыс бекетінде өтіп жатқан болыс сайлауына уезд бастығы Яковлев арнайы келіп қатысады. Болыстыққа Дәуітбай ұрпағы өтеді. Содан тас салушы сайлаушылар алдында дау туындайды. Сол даудың ортасында жүрген Шошақұлы Байтұрсын уезд бастығынан сайлаудың қайтадан әділдікпен өткізілуін талап етеді. Яковлев Байтұрсынды тыңдағысы келмей, дөрекі сөздер айтып, жүріп кеткісі келіп атын тебініп қалады, сол кезде намыс қысқан Байтұрсын қолындағы шыбыртқыны сілтеп қалады. Оның бір ұшы Яковлевтің мойнын орап, Байтұрсын шыбыртқыны қайта тартып қалғанда, уезд бастығы атынан ұшып түседі. Бұл орыс патшасының өкілі үшін, оның қасына ерген атты казактар үшін бұрын- соңды көрмеген масқара оқиға болды. Сол кезде болыс сайлауына келген қазақтар үшін де таңғалдырған оқиға болғанымен, Шошақ ұрпақтары үшін бұл істің арты қайғылы оқиғаларға жалғасты. 1886 жылы сот шешімімен Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Сабалақ) 15 жылға Сібірге жер аударылатын болды.
Кейін Ахмет Байтұрсыновтың «Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам... Адамнан туып, адамның ісін етпей, Ұялмай не бетіммен көрге барам?!» деп жазғаны бар еді. Балалық шағынан сұмдық әділетсіздіктің куәсі болып, жүрегі жараланған Ахаң өлеңіндегі осы сөзін ғұмырының соңына дейін қағида қылып ұстады, орыс отаршылдарына қарсы, еліміздің Тәуелсіздігі үшін күресті және халқының көзін ашып, сауаттандырып, мәдениеті дамыған елдер қатарына қосу үшін жан қиярлықпен қызмет етті. Ұлы ұстаз Ахаң өз еңбегінің алғашқы жемісін көзімен көрді де. Өзі ғылыми түзген «Қазақ әліпбиі», грамматикасы, «Әдебиет танытқышы» жарық көріп, кезінде оқу орындарында оқытылды.
Ахмет Байтұрсынов – отаршылдыққа қарсы күрестің бастаушысы, дем берушісі
Қазақ жерінде оқыған азаматтардың арасында төңкерістік ойлардың ұрық шашуы ХІХ ғасырдың аяғы еді. Оның бастауында осы Ахмет Байтұрсынов тұрды десек, артық айтқандық болмайды. Сөзімізді дәлелдеу үшін Сәкен Сейфуллиннің «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы 19 қаңтардағы нөмірінде жарияланған А.Байтұрсынов туралы мақаласындағы сөзін келтіруге болады: «...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді». Сондай-ақ 1923 жылғы 4 ақпандағы «Ақ жол» газеті де: «...Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді», – деп А.Байтұрсыновтың отаршылдыққа қарсы төңкерісшілдік рухтағы қызметін атап көрсеткен.
1900 жылдан бастап Ахаң сөз түсінетін қазақты сөзбен ширатуға кірісті. Осы мақсатта И.Крыловтың мысалдарын аударуды бастады. А.Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын сонау Кеңестер Одағы кезінде зерттеген Рымғали Нұрғалиев өзінің «Алып бәйтерек» атты мақаласында бұл туралы: «Қалай да халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген... Кісілердің мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды, әсіресе патша отаршыларының зорлық- зомбылығы, жуандардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап, кейде ашық жеткізеді», – дейді. «Қырық мысал» баспадан шыққаннан кейін ел арасында көптеп тарады, Ахаң ойлағандай кітап өзінің насихаттық рөлін атқарып шықты.
Патша қазақ жерінде Сібір жерлері тәрізді Ресейге біржола қосып алу және халқын шоқындыру саясатын біртіндеп жүзеге асыра бастаған еді. А.Байтұрсынов патша отаршылдарының бұл саясаты қазақ халқының келешегі үшін өте қауіпті екенін жүрегімен сезді, білді. Ахаң ол кезде Қарқаралыда қызмет етіп жүрген. Жан ұшырып, жергілікті басқару әкімшілігінің қазақтарға жасап отырған қиянаттарының заңсыздығын айтып, петиция жазуға ұйғарды. Ол петицияға Қарқаралыдағы көптеген қазақ оқығандары қол қойған. Оған «Мыңдаған адам қол қойды» деген дерек те бар. Бұл 1905 жыл болатын (Ресейде «Қанды жексенбі» болған жыл).
Содан бір жыл бұрын, А.Байтұрсынов Ресей Думасына қазақтар тарапынан депутат болу туралы ел арасында сөз қозғап, (орыстың сол кездегі отар елдері арасында Думада тек қазақтан ғана депутат жоқ екен) Думаға қазақтан бір өкіл өткізулеріне көмек сұрап, башқұрлардың, татарлардың, өзбектердің белді өкілдеріне хат жазады. Сөйтіп, патшалық Ресей Думасына қазақтан депутат болуын армандаған, сол үшін көп ізденген, содан қазаққа бір жеңілдік болар деп үміттенген бірінші қазақ осы А.Байтұрсынов атамыз еді. С.Сейфуллиннің «...сонау патша заманында ұлты үшін дауыс көтерген кісі еді» дейтіні сол себептен еді.
Ахмет Байтұрсынов – қазақ әліпбиінің, грамматикасының және әдебиет теориясының ғылыми негізін қалаушы
Қазақ елін сауаттандыруда тарихи рөл атқарған Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ әліпбиінің» Орынбордан басылып шыққанына биыл 100 жыл толып отыр. Араб графикасына бейімделген, бар болғаны 28 қаріптен тұратын бұл әліпби әдістемелік оқулығымен бірге 1912 жылы елдің қолына тиіп, ауылда балалардың сауатын ашу үшін сол жылдан бастап қолданыла бастады. Аталмыш оқулықта оқыту әдісі көрсетілгендіктен бір жағынан, оқытушыларға да жеңіл болды, екінші жағынан, оқушы балалар бір жылда хат тану мүмкіндігіне ие болды. Бұрын араб қарпімен молдадан оқитын шәкірттер үш жылда хат тануды әрең игеретін. Ал кирилл қарпімен оқығандар өзінің қазақ қалпынан алыстай бастайтыны байқалды. Соның бір мысалы ретінде айта кетейін, сол кезде Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде оқыған Әліби Жангелдинді кезінде миссионерлер Ресейдің христиандық діни орталығына жіберген еді.
1913 жылы төте әліпбиді игергендер санының көбеюіне байланысты Ахмет Байтұрсынов Орынбор қаласынан осы әліпбимен «Қазақ» газетін шығара бастады. Ахаң «Қазақ әліпбиіне» қоса, оны оқытуға арналған бірнеше әдістемелік оқулық та әзірледі. Олар кеңес үкіметі тұсында ашылған мектептерде пайдаланылып, 1929 жылға дейін қолданыста болды. Елдің сұранысы мен кеңес тұсындағы қазақ мектептерінің қажетіне орай, «Қазақ әліпбиінің» оқулықтары сол тұста тоғыз рет баспадан басылып шықты. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде «Қазақ әліпбиін» дүниеге әкелген Ахмет Байтұрсынов қазақ тарихында тағы бір ұлы қадам жасады. Ол сонымен бірге қазақ тілі грамматикасын (фонетикасын, морфологиясын, синтаксисін және терминологиясын) жүйелі түрде ғылыми түзеген. Бағамдап қарағанда, бұлар – бірнеше адам ғылыми зерттеп қана жүзеге асыра алатын филология ғылымының төрт саласы. Сөйтіп, ұлы Ахаң қазақтың дыбыс жүйесін, сөз жүйесін, сөйлем жүйесін, терминологиясын толық зерттеп, қазақ тілі грамматикасының негізін салды. Ахмет Байтұрсыновтың лингвистика саласындағы бұл ғылыми еңбектерін кезінде Орта Азия, бүкіл түркі әлемі мойындап, қолдады және Ахаңның лингвистика саласындағы зор жетістіктерін өздерінің грамматикасында пайдаланды. 1929 жылдан кейін кеңес үкіметі саясатымен Қазақстандағы мектептер әуелі латын, одан кейін кирилл қарпіне көшірілгенімен, Қытай мен Моңғолиядағы 2 миллионға жуық қазақ осы күнге дейін Ахаңның 28 қаріпті емлесі мен грамматикасын қолданады.
ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ оқығандары, интеллигенциясы, жазушылары, ақындары болып қазақ мәдениетінің, әдебиетінің, өнерінің іргесін қалап, бекітіп жатқан кез еді ғой. Ал Ахаңның сол кезде жазылған «Әдебиет танытқышы» қазақ мәдениетін, әдебиетін, ғылымын тағы бір жаңа биікке көтеріп тастады. Кеңестер өкіметі кезінде Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалым Рымғали Нұрғалиевке осы «Әдебиет танытқыштың» алғашқы нұсқаларының бірін берген КазГУ-дың профессоры Бейсенбай Кенжебаев екен. Кітапты 40 жыл сақтаған ол кісі «бұл кітаптың шарапаты тиетін күн келеді, ол күнді мен көрмеспін, сендер көрерсіңдер» деген екен. Мұндай адамды қазақта әулие дейтін. Бірақ «кітаптың соңғы тарауы болмаған екен» деген сөз бар.
«Ахаң «Мәдениет тарихын» да жазды» деген дәлелді деректер бар. Бірақ Ахаңның бұл кітабы жоғалып, сақталмаған. Мұны әлі де зерттеу – ғалымдардың еншісі.
Жалпы, әдебиет теориясын оқулық пәні ретінде жазып шығу үшін әлемнің философия, психология, әдебиет теориясы ғылымдарының тарихын терең білу қажеттігін кез келген адам пайымдайды. Ең кереметі, ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақтың көзі енді ашылып келе жатқан кезде жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышын» сол кезде «қазақ әдебиетінің қалыптасуының басында жүрміз» дейтін ақын-жазушыларды былай қойғанда, көрші Ресейдегі, Орта Азиядағы, түркі тілдес елдердегі әдебиет, филология мамандары да мойындады. Олар әдебиет тарихтарында, энциклопедияларында А.Байтұрсыновтың еңбектерін атап өтті.
Ахаңның «Әдебиет танытқышы» әрбір сауатты адам түсінетіндей түрде жазылған. Онда әңгіме, роман, өлең жанрларының көптеген түріне ғылыми-теориялық терең сипаттама берілген. Мұнда да Ахаң көптеген қазақы терминді қолданған және оны оқып отырып, Ахаңның сөз түрлендіргіш қасиетіне таңғаласың. Ахаңның тіл оқулықтары мен әдебиет танытқыштағы сол терминдері өмірде жатырқанбай қабылданды. Терминология да – ғылымның бір саласы. Қазақта осы ғылымның негізін салған – тағы Ахаң. Шағын мақалада оқулықты толық шолып өту мүмкін емес және қажет те емес. Бірақ Ахаң осы «Әдебиет танытқышта» әдебиеттің ауыз және жазба әдебиет болып бөлінгені туралы біршама тоқтам айтқан. Ол әдебиетте қалыптасып отырған бұл көзқарастың жазба әдебиетті ауыз әдебиетінен көтеріп көрсету үшін, ауыз әдебиетін төмендету үшін істелгенін айтады. Ахаңның ғылыми-теориялық көзқарасы бойынша, «ауыз әдебиеті де, жазба әдебиет те шығармаға жатады, олардың құндылығы айтылған ойына, мәніне байланысты анықталады». Ал біз ауыз әдебиеті, жазба әдебиет деп әлі күнге дейін бөліп, жазба әдебиетті дәсердей етеміз. Керісінше, қазіргі уақытта жастар арасында жазба әдебиеттен гөрі, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы ауыз әдебиеті өкілдерінің шығармалары зор ықпал ете бастаған тәрізді. Осыған қарап та, Ахаңның «Әдебиет танытқышындағы» ауыз және жазба әдебиет туралы теориялық байламы өте дәл бағамдалғанына көзіңіз жетеді.
Ахмет Байтұрсынов мұраларының ғылыми бағамдалуы
Ахмет Байтұрсынов – патша өкіметі мен кеңестер үкіметі тұсында да қоғамдық және мемлекеттік қайраткер деңгейінде қызметтер атқарған тұлға. Сондай-ақ ол – шығармашылық адамы: ақын, жазушы журналист, композитор. Шығармашыл болған адамның өз еңбегінің қоғамда қандай деңгейде бағаланғанын білгісі келетіні рас. Бұл – заңдылық. Өз еңбегінің нәтижесін көрмей де, талай дарынды өмірден өтті. Ал Ахмет Байтұрсынов атамыз халық үшін істеген қызметтерінің, шығармашылығының бағасын өзінің 50 жылдық мерейтойы Тәшкенде, Орынборда аталып өткен кезде қазақ елінің басында жүрген мемлекет және әдебиет қайраткерлерінің аузынан естіп, баспасөз беттерінен оқыды. Той кезінде айтылған бағалы, құнды пікірлер осыған дейін орыс патшалығы тұсында екі рет сотталып, кеңес үкіметі тұсында өкімет басындағылардан психологиялық қысым көріп келе жатқан Ахаңның мерейін көтерді. Сонда С.Сейфуллин: «Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі... Қалай болса да, жазушысы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу-тіл құралдарымен қылған қызметі таудай», – деген-ді. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасов та Ахаңның халқына сіңірген қызметтеріне жоғары деңгейде баға берді. Бұл 1922-23 жылдардың арасы еді. «Ол кезде ауылдағы есі кірген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін Ахметтің есімін білуші еді» деп айтып отыратын үлкендер. Олай дейтіні, ол уақытта қыстық қант-шайын қамдау үшін шыққан базаршылар, ауқаттылар мен саудагерлер қалаға барғанда басқа қажеттерімен бірге, Ахаңның «Қырық мысалын», «Масасын», «Әліпбиін» алып қайтады екен. Кешке отбасында ағайындар жиналғанда немесе ораза кезіндегі ауызашарда үй ақсақалы сауатты балалардың біріне Ахаңның мысалдарын, «Ерсайынын» оқытып, жиналғандар рухани рақаттанысып қалады екен. Үлкендері «осының бәрін қалай біле берген» деп, мәз болып, бастарын шайқасады. Мысалдардың мәнін түсінгендері «данышпан екен, ә» деп таңданысады. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп айтушы еді данышпан қазақ, сол «қазанымыз» осы біздің заманымыз шығар. Ахмет Байтұрсынов есімі халқымен қайта қауышты. Оның артында қалған орасан зор мұрасы – халқына таусылмас қазына. Ұлы тұлғаның әлі де ашылмай, көрінбей жатқан қырларын зерттеу – ғалымдардың міндеті. 20-жылдардың бас кезінде Ахаңның еңбектері туралы ең алғаш ғылыми пікір жазғандар – М.Дулатұлы, Шонанұлы, І.Омаров (Ученая деятельность Байтұрсынова. 1927ж.) және т.б.
Ал Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын Кеңестер Одағы тұсында зерттеген ғалымдар, Рымғали Нұрғалиев пен Рәбиға Сыздықова болды. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Ахмет Байтұрсыновтың өмірін, саяси қызметін, ақындық шығармашылығын және ғылыми еңбектерін ғалымдар жеке-жеке алып, салаларға бөліп, зерттеу жұмыстарын бастады. Осы көштің басында тұрған жоғарыда аталған ғалымдармен бірге, ғалымдар З.Қабдоловтың, С.Қирабаевтың, Ә.Қайдаровтың, Ө.Айтбайұлының, Т.Кәкішевтің ғылыми зерттеулері ахметтануды биік белеске көтерді. Ахаңның еңбектерін терең зерттеуші ғалымдар қатары көбейіп келеді. Оның ішінде ғалым Ө.Әбдимановтың «Ұлттың рухани көсемі», «Ұлт азаттығын ұлықтаған ақын», «Қырық мысал –төл туынды», «Азатшыл ойға көшбасшы басылым», «Қазақ тілінің ұстазы – Ахмет Байтұрсынов» тәрізді көптеген зерттеулерін атап өтуге болады. Өткен жылы Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов мұражайының директоры Р.Имаханбетованың «Ғасыр саңлағы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық өмірбаяны» атты кітабы баспадан жарық көрді. Бұл да ахметтануға қосылған зор үлес болды. Ахаңның артында қалдырған мұрасы бұлақтың көзі тәрізді. Көзін ашсаң, жарқырап жаңа қырынан көріне береді. Дегенмен осы күнге дейін жазылған ғылыми зерттеулер Ахмет Байтұрсыновтың отаршылдыққа қарсы, еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт қайраткері, ақын, қазақ әліппесі мен грамматикасының, терминологиясының және әдебиет теориясының негізін қалаушы ұлы ғалым, аудармашы, фольклорист, журналист публицист, сондай-ақ композитор екендігін дәлелдеп шықты.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ
КСРО неге қателесті?
Ахмет Байтұрсынұлы жайлы ақпараттық қызықты деректер көп. Солардың бірі – 1974 жылы Мәскеудің Шығыс әдебиеті бас редакциясы тарапынан түркітанушы ғалым А.Н.Кононовтың редакторлығымен жарық көрген «Биобиблиографический словарь отечественных тюркологов» атты жинақ. Осы кітаптың 115 бетінде Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі туралы нақты мәліметтер берілген.
Алаш арысы жайлы кітапқа анықтамалық беру былай тұрсын, оның атын атағандардың соңына шам алып түсетін тұста мұндай «мырзалық» жасау – таңғаларлық құбылыс. Тіміскіленіп, тырнақ астынан кір іздейтін кеңес билігі мұны қалай ғана байқамады екен? Ахаңның аяулы есімі әлі ақтала қоймаған 1981 жылы тамыздың 31-і күні танымал ғалым Сейітбек Нұрханов Байтұрсынның немересі Самырат Кәкішевке аталған кітапты сыйға тартыпты. Қолтаңбада: «Қадірлі Сәке (Самырат Кәкішұлы)! Халқымыздың ар-иманы атанған ардагер Ахаң туралы ресми рұқсат етілген аз ғана деректі өзіңізге марқұмның оң көзі деп құрметпен ұсынушы – жерлес ініңіз Сейітбек. Алматы қаласы, 31 август, 1981 жыл» деп жазылған. Ол кез Ахаң жайлы жазбақ түгіл, айтуға рұқсат берілмеген, қазақ арасында аңдулы шақтың сарыны сақталған кезең болған. Сейітбек Нұрхановтың «Ахаң туралы ресми рұқсат етілген азғана дерек» деуі де сол сақтық амалы болса керек. Тілші ғалымның «халқымыздың ар-иманы атанған ардагер Ахаң» деп сөз саптауынан-ақ Ахметке деген ұлы құрметті аңғаруға болатындай. Осы бір елең еткізер дерек жөнінде өз аузынан естімекке Сейітбек ақсақалға хабарласқанда, ол: «Бұл кітап қолыма 1981 жылдардың алдында түскен еді. Дәл қай жылы екені есімде жоқ. Ахаң жайлы мұндай өмірбаянның Мәскеу кітабында жарияланғанына қатты қуандым. Сол уақыттың өзінде алашордашылардың ұрпақтарымен арагідік пікір алмасып тұратынбыз. Ахаңды ақталады деп ойлаған жоқпыз ғой. 1981 жылы Кавказда демалып, қайтар жолымда Самырат Кәкішұлымен бір ұшақпен келдік. Сол жолы ол кісіге Кононовтың Ахаң жайлы жазғанын айтып, артынша кітапты сыйға тарттым», – деді.
Енді сол ғылыми сипаттамалық өмірбаянға тоқталсақ. Алақандай мәтінде Ахмет туралы мол мағлұмат қамтылған. Жинақ құрастырушысы оның туған күнін «28.1.1873 жыл» деп көрсеткен. Ал ахметтанушылардың деректеріне сүйенсек, А.Байтұрсынұлы 1972 жылы қыркүйектің 5-і күні дүниеге келген. Сондай-ақ Кононов қайраткердің өлген жылына үлкен сұрау белгісін қойған. Бұл білмегендіктен емес, керісінше «дерек бердім, қалғанын іштерің білсін» деген ишараты болса керек...
Қанат БІРЛІКҰЛЫ
Ұлы ұстаздан жеткен марапат
Қазақстанның Жоғары оқу орындары қауымдастығы біраз жылдан бері еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі, жаңа буын мамандарын даярлаудағы жаңашыл идеялары мен инновациялық ұстанымдары үшін елеулі тұлғалар мен ұйымдарды Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен марапаттап келеді.
Биылдан бастап бұл марапат санатына А.Байтұрсынов атындағы орден қосылып отыр. Қауымдастықтың мұндай игі бастамаларына еліміздің Білім және ғылым министрлігі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Осы жылдың маусым айында Алматыдағы ғылым ордасында өткен министрліктердің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Ахмет Байтұрсынов атындағы орденнің тұңғыш иегері атанды.
Бұл марапатқа министр білім-ғылым саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосып, оқу орындарын мемлекеттік тілді базалық оқулықтармен қамтамасыз етуді күн тәртібіне қойып, күрмеуі қиын мәселелердің ойдағыдай шешілуіне мүмкіндіктер жасағаны үшін лайық деп танылған болатын.
Білікті ғалымдардан құралған арнайы комиссияның шешіміне сәйкес Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың өзі табыс ететін марапаттар бұдан соң да өз иелерін тапты. Биылғы оқу жылының алғашқы күндері Құрманғазы консерваториясының ректоры, әйгілі музыка шебері Жәния Әубәкіроваға Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медаль табыс етілді. Сондай-ақ іскер басшы, өнер саңлағы басқаратын Құрманғазы атындаға Қазақ ұлттық консерваториясы А.Байтұрсынов орденімен марапатталды. Бұған қоса өнер зерттеушісі Таңатар Қоңырұлы өнер саласына жоғары дәрежелі мамандарды дайындаудағы көп жылдық нәтижелі еңбегі үшін А.Байтұрсынов атындағы күміс медальді омырауына тақты. Бұл марапаттарды қауымдастық президенті Рахман Алшанов ұлттық консерваторияның Үлкен залында оқу жылының басталуына орай ұйымдастырылған салтанатты кеште табыс етті.
Бұдан кейін марапаттау шаралары 3 қыркүйек күні еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ ұлттық университетінде жалғасын тапты. Білім қара шаңырағында өткен үлкен ректорат мәжілісі барысында профессор Рахман Алшанов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынов орденімен марапатталғанын жария етті. Өз кезегінде университет ректоры Ғалым Мұтанов бұл марапаттың ұлттық университет үшін орны ерекше болатындығын атап өтті. Сонымен қатар жоғары білім жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және жоғары оқу орындарына оқулықтар жазудағы көп жылдық нәтижелі еңбектері үшін университет ғалымдары, профессор Өмірхан Әбдиманов – А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен және доцент Бірлікбай Есжанов А.Байтұрсынов атындағы күіміс медальмен марапатталды.
Білімділер мен біліктілерді ынталандыруға бағытталған осынау игі бастамалар ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың 140 жылдығына орайластырылып отыр. Жоғары оқу орындары қауымдастығы еліміздің білім-ғылым саласына серпін беретін мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтып отыр.
Алмат ИСӘДІЛ