Теннис, гольф пен поэзия – көшбасшыға тән хобби
Кез келген адам сияқты Елбасының да қызығушылықтары мен сүйікті істері көп. Мемлекет басшысының негізгі хоббиі – спорт, музыка мен ғылыми шығармашылық.
Спорт
Елбасының бос уақыты мүлдем жоқтың қасы. Бірақ спортқа әрқашан мүмкіндік табылады. Өзінің айтуынша, бұл «сергектікті, айқын ой мен бойда мемлекетті басқаруға арналған энергияны сақтау үшін қажет». Президент бала кезінде күреспен әуестенген. Ал есейген шағынан бастап, негізінен, үлкен теннисті өзінің хоббиі санады. Елбасының корттағы шеберлігін халық тұңғыш рет 1992 жылы байқады. Арада бес жыл өткенде Назарбаевтың кәнігі гольфшы екені мәлім болды. 2001 жылғы ресми гольф маусымында Мемлекет басшысы жеке есепте екінші орын иеленді. Спорттың осы бекзат түрінің елімізде кең дамуына Президенттің өзі үлес қосты. Нұрсұлтан Әбішұлы күн сайын таңертең 40 минут бой жазу жаттығуларын жасайды. Волейбол, футбол ойнап, бассейнде жүзеді, фитнес үйірмесіне барып тұрады, тауда шаңғы тебеді. Тауға өрмелеумен және ат спортымен де айналысады. Елбасы – дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорттың зияткерлік түрлерінің де асқан білгірі.
Музыка
Жас шағында Елбасы домбыра, гитара, баян, аккордеон, мандолина сияқты музыкалық аспаптарда ойнай білді. Халық әндерін, халық сазгерлері шығармалары мен ұлы Абайдың әндерін нақышына келтіре айтып, вокалдық мүмкіндіктерін жетілдіретін. Украинаның Днепродзержинск қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде оқып жүрген кезінде жергілікті фольклорды, әсіресе украин халқының әндерін үйренді. Кейін жауапты мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, ұлттық музыканың, қазақстандық өнерпаздар шығармашылығының дамуына тікелей атсалысты. Елбасының өзі қазақтың бай рухани мұрасы қатарына бірнеше әнді қосты. «Үшқоңыр», «Жерім менің», «Елім менің» әндері атамекен, Отан тақырыбына арналды. Бұған қоса Нұрсұлтан Әбішұлы әйгілі Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әнінің тың игеру жылдарынан қалған жолдарын өзгертіп, Мемлекеттік Әнұранға айналдырғаны белгілі.
Әдебиет
Елбасының ең басты қызығушылығы – ғылыми шығармашылық пен әдебиет. Оның барлық еңбегі мемлекет дамуының тарихи жолын саралауға, келешектегі бағыт-бағдарын айқындауға арналды. «Ғасырлар тоғысында», «Бейбітшілік кіндігі», «Қазақстан жолы», «Тәуелсіздік белестері», «Сындарлы он жыл», «Жүз жылға татитын он жыл» және басқа да оннан астам кітабы әлем сарапшылары жата-жастанып оқитын дүниелерге айналды. Экономика ғылымының докторы – «Шаруашылық есепшілдік», «Қазақстан экономикасы: жаңарудың шындығы мен келешегі», «Арал жағалауы мәселелері мен оларды шешу жолдары» және тағы басқа көптеген ғылыми жұмыстың авторы. Ақыл-ой мүмкіндіктерін дамыту, интеллектуалдық әлеуетті арттыру – Елбасының басты ұстанымы. Ғылыми шығармашылықпен қатар, ұлт көшбасшысының ақындық таланты да бар.