Тегі асыл, жігері мығым Ишағы апа

Тегі асыл, жігері мығым Ишағы апа

Абайдың шөбересі Ишағы Жағыпарқызы – Абайды көзі көрген адамдармен сұхбаттас болған санаулы жанның бірі. Бұл күнде Ишағы апаның өзі де 90-ға келіп отыр.


Бұған дейін Абайдың Тұрағұлдан сүй­ген немерелері Ақлима (1901-1990) жә­не Мәкен (1911-1989) апалар 89 жа­сын­да дүние салды. Ишағы апаның сіңлісі Ға­зал былтыр 85 жасында дүниеден өтті. Ел Ишағыны – Ишан, Ақлиманы – Ақыш, Мағ­рифаны Мәкен деп атап кеткен.
Ишан апа осы лектің көзін көріп, көп­те­ген естелікті бүгінге жеткізді. Мәкен апа­мен екеуінің бірігіп жазған Абай ұр­пақ­та­ры­ның шежіресі абайтанушылар Абай өмір­баянын зерттеуде басшылыққа алатын нұсқаға айналды десек, артық емес.
Ишан апа – соғысқа қатысқан он шақ­ты Абай ұрпақтарының ішіндегі аман орал­ған жалғыз майдангер. Тұрағұлдың Же­беш­тен сүйген ұлы Алпаш соғыстан мүге­дек болып оралып, 90-жылдары қай­тыс болды. Шығыс майданда болған Ишан апа әлі де болса соғыс жайлы айтқанда көп­теген деректерді «ашып айта алмай­мын» деп отырады. «Қайда болдыңыз?» де­генде: «Қайда болғанымызды өзіміз де анық білмейміз» дей келіп, тек Жапо­ния­мен шекарада, Харбин маңында болғанын мең­зейді. Бұл – майдангердің антына адалдығын да көрсететін шығар. Бір жағы бұл – Ишан апаның соғыс туралы айтар естелігі әлі көп екендігін байқатады.
Бірақ қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін Ишағы Жағыпарқызының Абайдың ұрпағы және Абай туралы деректерді жет­кізуші ретіндегі орны айрықша. «Абайдың ұрпағы» дегеннен шығады, ұлы ақынның еркек кіндіктен тараған бірден-бір ұрпағы, Ақылбайдың Әлімқұлының Бағыфұрының Айдары осы күнде Ақтауда тұрады. Айдар әзірге аталары туралы ашылып ештеңе айт­қан жоқ десе де болады. Ол кісі ашыл­са, әкесі Бағыфұрдан бастап бірталай де­рек­тер бере алған болар еді. Бағыфұрдың да басқа Абай ұрпақтары тәрізді қуда­лан­ға­ны­мен, нақты қайда, қалай қудаланғаны туралы әзірге жазылған жоқ. Бүгінде Абай­дың тікелей өз кіндігінен тарайтын ұрпа­қ­та­рын ауызға алғанда, осы Ишан апа мен Айдарды ғана айта аламыз. Ал басқа да ұрпағымын деген адамдардың көбі Абай тұрмақ, Құнанбайға да қосылмай жатады.
Ишан апа өзінің 1922 жылы Қарауылда дүниеге келгенін айтады. Ол Абайдың айрық­ша жақсы көрген баласы Мағауяның Жағыпарының қызы. Баршаға белгілі, Абай Мағауияның өліміне қатты қайғы­рып, артынан өзі де дүние салады. Жағы­пар 1928-1930 жылдар шамасында Се­мей­дегі екіжылдық мұғалімдер курсын біті­реді. Ишан өзін әкесі оқытып, сауатын ашты дейді.
Бұл жылдары Абай, Құнанбай ұрпақ­та­рына қарсы науқан бас­талады. Тұрағұл 1928 жылы қарашада кәм­пес­келеніп, жер ауда­рыл­ған­нан кейін Абайдың қалған немерелерінен де маза кетеді. Осыны аңда­ған Жа­ғыпар Семейдегі курс­ты бітірген­нен кейін сол кездегі Шығыс Қазақ­стан облысы Шемонайха ауда­нын­дағы Убо-Фор­пост де­ген ауылға мұғалім болып барады. Қазағы аз ауылда қазақ мектебін ашып, Жағыпар соның дирек­торы болады. Мұны Ишан апа мақтан қылып айтып отырады. Жағы­парлар бар­ғаннан кейін сол маңға Шыңғыстаудан басқа да адам­дар келіп қоныстана бастайды. Олар­ды орна­ластыруды да Жағыпар өз мойнына ала­ды. Кәм­пес­кеден кейін Шыңғыстауда халықтың аштан қы­ры­лып, Шың­ғыстау көте­рі­лі­сінен кейін Шәкерім, Абай­дың ұлы Мекайіл бас­татқан адам­дардың атыл­ған кезі. «Шың­ғыс­тау­дан көп адам келіп жатты. Оларды «от­кочевник» дейтін. Азып-тозып кел­ген­дер­ге менің әкем көп қамқорлық жасады. Киімдерін өртеткізіп, жаңа киім әперіп, таза үйге орналастырды. Өзі де бір семьяны үйге кіргізіп алды», – дейді Иша­ғы апа. Арада төрт жыл өтер-өтпесте әкесі қайтыс болады. «Неден қайтыс бол­ды?» дегенде Ишан апа қиналыңқырап отырса да, әскери адамға тән нақты адам­дардың атын атады. Қысқасы, ауырып жатқан Жағыпарға дәрінің орнына у берілген. «Әке­ме флаконнан дәрі ішкізгенде, діріл­деп, қалшылдап кетті. Менен үлкен Рәпила деген апам кейін дәріні тексергенде, у болып шыққан. Әкеме мал докторын алып келген. Мен бұл туралы естелігімде ашық жаздым»,– дейді Ишан апа. Арада аз уақыт өткен­де анасы Гүлманар да қайтыс болады. Сөйтіп, Жағыпардың бес қызы, екі ұлы жетім қалған. «Кейін Ақылбайдың тұқым­дары бізді Жармаға көшіріп алды. Аз өткенде әкемнің ағасының баласы Бере­кехан екеумізді балалар үйіне берді. Берекехан кейін қайтадан Шемонайхаға барды», – дейді Ишан апа.
Ол кісінің айтуынша, Ғазал сіңлісі қуғын­нан кейін Алматыға аялдаған Уәси­ла­ның қолына барады. «Семейде мен тәр­бие­ленген балалар үйінің директоры Ақыл­байдың Әлімқұлының бір қызының күйеуі еді, ол да 1937 жылы ұсталып кетті, – дейді Ишағы апа. – Сөйтіп жүргенде Семейде №11 қазақ мектебі ашылды. Мен үшінші бітірген едім, осы мектепке баруға талап қылдым. Бірақ әр детдомнан төр­тін­ші бітіргендерді ғана алып жатыр екен. Мен қайта детдомға бармай, жолда қашып кеттім. Облыстық білім басқар­ма­сы­ның бастығының орынбасары Әлім­құл­дың тағы бір қызының күйеуі екен, соған барғам. Сол кісінің көмегімен жаңағы мек­теп­ке бірден төртінші класқа қабыл­дан­дым. 1942 жылы оныншыны шала-мала бітіріп, соғысқа кеттік».
Осыны айтқан Ишан апа жасы ұлғай­ған­дықтан ба, сөйлеуге де шаршап қал­ғанын айтты. Ишағыдан кейін майданға алынған ағасы Берекехан мен інісі Жошы­хан сол күйі оралмады. Соғыстан кейін ол Мұхтар Әуезовтің ақылымен ЖенПИ-ге оқуға түседі, Уәсила апасының қолында тұрады. Мағауияның тұңғышы Уәсила Абайдың қолында өседі. Қуғын кезінде қыр­ғыз асып барып, кейін Алматыда тұра­ды. Абай туралы деректерді жеткізуші ретін­де танымал. Драма театрда киім тігу­ші болғандықтан, Абай туралы қойы­лым­дар­да Абай ауылы үлгісіндегі киім үлгілерін де Уәсила апа тігіп отырған.
Ишан апаның анасы – Абайды оқытқан «Кішкене молда» аталған Ғабитханның немересі Гүлманар. Әкесінің аты – Ғаби­долла. «Кішкене молда» да қуғын кезінде 1932 жылы қайтыс болған. Ишан апа өзі­нің атын Ишағы деп атасы қойғанын айтады.
Тегі асыл, жігері мығым Ишан Жағыпар­қы­зының әлі де айтары алда сияқты кө­рінеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста