2003 жылы уақытша қызметтен босап, біраз көңіл күйім болмай жүрген кезім болатын. Содан кейін қол қусырып отырғанша деп, біраз уақыт өзімнің сүйікті кәсібім баспагерлікпен және шығармашылықпен айналысуға тура келді. Сол жылдың көктемінде кезінде Алматы облыстық «Жетісу» газетінің қазанында бес жыл бірге қайнаған әріптес ағам, бүгінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істейтін Мейрамбек Төлепбергеновті кездестіріп қалдым. Сөз арасында менің баспагерлікпен айналысып жүргенімді естіген ол: «Бекен, өзіміз ерекше құрмет тұтатын азамат және қазіргі Қазақ-Британ университетінің ректоры Әділ Ахметов ағамыздың керемет бір кітабы дайын тұр. Соны өзің қолға алып көрсең қалай болады? Себебі ондай дәрежедегі адамның кітабын үлкен жауапкершілікпен шығару керек екенін түсінесің ғой» деді. Ойламаған жерден орайы келіп тұрған мұндай ұсынысқа қуана келістім.
Айтылған уақытта өзіміз бір шығармашыл топ болып жұмыс істеп жүрген белгілі журналист, филология ғылымының докторы, профессор, бүгінгі күні Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров және «Шартарап» баспасының директоры Құлтас Достан үшеуміз Әділ Ахметов ағаның қабылдауында болдық. Кезінде кең байтақ еліміздің кемеңгер басшысы болған Дінмұхамед Қонаев ағамыз отырған кабинеттің ішінен Әділ Құрманжанұлы бізді орнынан тұрып, жылы қарсы алды. Әрине, бірнеше жыл сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, елші, білім комитетінің төрағасы және шет тілдер институтының ректоры сияқты жауапты лауазымды қызмет атқарған адамның бойынан қалай болса да сабырлылығы және ерекше мәдениеттілігі мен қарапайымдылығы бірден байқалып тұрады екен. Әділ Құрманжанұлының аузынан кітаптың негізгі көтерер жүгі мен мазмұны не туралы екенін білгенде барып, бұл шығарманың қазақ оқырманы үшін тыңнан түрен салған үлкен бір жаңалық және өте тұшымды дүние екеніне көзіміз жетті. Содан кейін Әділ аға біздің жоспарымызбен танысып болған соң, кітапты шығаруға рұқсатын берді. Бұл дегеніңіз біз үшін үлкен мәртебе болды. Ал әңгіменің төркіні кітапты алғысөзбен шығару мәселесі қозғалған кезде Бауыржанға қарап: «Бауыржан, кітаптың алғысөзін өзің жазарсың» дегенде, ол сасып қалды. Ол кезде Бауыржан Омаров М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі болып қана қызмет жасайтын және профессор деген ғылыми атағын да алмаған кезі болатын. Өзіне қандай салмақтың жүктеліп отырғанын бірден түсінген ол: «Аға, ыңғайсыз емес пе? Сіздің кітабыңызға алғысөзді бізден гөрі мүйізі қарағайдай небір мықты ғалымдар мен жазушылардың біреуі жазғаны салмақты болатын шығар» деген кезде Әділ аға жылы ғана жымия күлді де: «Онда тұрған ештеңе жоқ. Ертең сен де солардай боласың. Сенің де болашағың алда ғой» деді. Иә, кез келген кітапқа жазылған алғысөз шығармашылық қағидаты бойынша сол кітапқа тілеген ақ жол немесе берілген ақ бата іспетті болатыны белгілі. Сондықтан да алғысөзді жазатын адамның атағы мен дәрежесі кітап авторынан бірнеше саты жоғары тұруы керектігі жазылмаған заңдылық екені айтпаса да түсінікті. Осы сәтте маған Әділ аға Бауыржанға «Сенің де болашағың алда ғой» деген сөзі арқылы оған өзінің оң батасын беріп тұрғандай әсер етті. Ол кісінің бір сағаттай ғана пікірлесіп, бір ғана көрген адамына осындай ықылас танытуының себебін уақыт өте келе өмірдің өзі дәлелдеді.
Әділ ағаның кабинетінен өте бір жылы әсерде шықтық. Бізді таңғалдырғаны – ол кісінің өте қарапайымдылығы. Әсіресе, Бауыржан бір жағынан қуанып, бір жағынан қобалжып келеді. Әрине, біздің әдебиет пен ғылымда кейбіреулер биттің қабығындай көзге көрінер-көрінбес бірдеңе жазса болды, есімі елге танымал академиктер мен мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған ақын-жазушыларға алғысөз жаздырып, арзан бедел жинауға тырысатыны өтірік емес. Ал бұл жерде ғылым саласында енді ғана көріне бастаған филология ғылымының докторы Бауыржан Омаровтың белгілі қоғам қайраткері, дипломат, тілші-ғалым әрі профессор Әділ Ахметовтің кітабына алғысөз жазуының орны бөлек еді. Жалпы, осы көрініс арқылы шығармашылық әлеміндегі мұндай қағидаттың бұзылуын өз басым бірінші рет кездестірдім.
Кітапты баспаға дайындау процесіне кірісіп кеттік. Оқырман қауымға журналист ретінде жақсы танылған және ғылымның көкжиегінде енді көтеріліп келе жатқан Бауыржан бүкіл жан-дүниесін сала отырып, алғысөзді өте әдемі жазып шықты. Ендігі мәселе кітаптың жоғары полиграфиялық тұрғыдан дұрыстап әрленуіне және мұқабасының мазмұнына келіп тірелді. Себебі кітаптың мұқабасына шығарманың мазмұнына сай америкалық үндістердің тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін образды суреттер керек болды. Сол кезде Әділ аға бізді өзінің үйіне шақырды. Үйіне келгенде таң қалғанымыз, кітап сөресінде ежелгі майя еліне байланысты негізінен ағылшынша және біраз бөлігі ғана орыс тілдерінде жазылған жүзден аса кітаптарды көргенде еріксіз басымызды шайқап, өзімізді жаңа бір әлеммен танысқандай әсерде қалдық. Яғни, бір кітап үшін қаншама әлемдік кітапханалар қоры пайдаланылған. Және де сол кітаптардың барлығы оқылып шыққандығын аңғартатын белгілер кітаптардың керек беттеріне қойылған жапсырмалардан бірден байқалып тұрды. Осы кітаптарды парақтап отырып, Әділ ағаның ағылшын тілінде жыраулардай жосылтып сөйлейтініне күмәніміз болған жоқ. Көлемі алты баспа табақ қана ғылыми-көпшілік туындыға 113 сілтеме жасап, өз тұжырымын ғылыми түрде дәлелдеу үшін жүзге жуық шетелдік әдебиеттерді пайдалану ғылымға шын ниетімен берілген және өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын адамның ғана қолынан келетін іс екені белгілі. Әділ ағаның кітапханасында отырып, осыны байқадық. Осы орайда оқырман қауымға тілге тиек етіп отырған шығармамыздың құндылығы қандай дәрежеде екендігі түсінікті болу үшін Бауыржан Омаровтың аталмыш кітапқа жазған алғысөзінен үзінді келтіре кеткенді жөн көрдім: «...Автордың садағын созып тартып толғаған жауынгер халықтың тағдыры туралы қалам тербеуге толық құқы бар. Әділ Ахметов – қызмет бабымен әлденеше жыл мекен еткен АҚШ-тың қойны-қонышын түгел шарлап шыққан ғалым. Американың билік орындарының көзінен таса қалмайтын тоғай арасындағы үндістер лашығына барып, байырғы тұрғындардың талайымен тілдескен. Ағылшын тілінде шыққан һәм Батыс өркениетінің бесігінде тербелген үндістер тарихы туралы бұрын-соңғы әдебиеттерді түгел ақтарған. Мұхиттың арғы бетіне сапар шеккен тілші- ғалым түркі тілдеріне тән атауларды «үндіс» тілдерінің бау-бақшасынан көптеп табады. Табу мен эвфемизмнің терең қатпарларына үңіліп, ғылым докторы дәрежесін иеленген ғалым үндістер мен түркілердің ой орамдарынан да ұқсастық іздейді. Сөйтіп, үндіс деп аталған халықтың тегі азиялық деген тұжырымға табан тірейді. Байламдарының батылдығы соншалық, кей тұста дерек пен дәйекке сүйенген ғалым Әділ Ахметов әрдайым «елдестірмек – елшіден» деген қағиданы ұстанатын, ақырын сөйлеп, анық басатын дипломат Әділ Ахметовке бағынбай кетеді...».
Кітапқа формалды түрде редактор өзім болдым. Олай дейтінім, кітап басылымға жіберілер алдында Әділ аға өз шығармасының үстінен өзі төрт- бес мәрте оқып шықты. Яғни, бұл кітапқа сол кезде редактор мен корректор да қажет емес еді. Егер де баспаға кітабын тапсыратын кез келген адам өз ісіне Әділ Құрманжанұлының деңгейінде қарайтын болса, онда баспагерлер басы артық редактор мен корректордың есебінен қаншама қаражатты үнемдейтіні сөзсіз. Шынын айтсам, өзіміз де шығармашылықпен айналысып жүрсек те, шығармашылықпен айналысатын қаншама адамдармен істес болсақ та, Әділ аға сияқты өз ісіне өте ыждағаттылықпен, асқан жауапкершілікпен қарайтын адамдарды өте сирек кездестірдім. Қызмет бөлмесіндегі жазу үстелінің үстінен де шашылып жатқан артық қағаз көре алмадық. Бұны айтып отырған себебім, бір ұлы жазушының аузынан «Өзінің жазу үстелінің үстіндегі шашылған қағазды жинай алмаған адам ел басқара алмайды» дегенді естіген едім. Бұл дегеніңіз біз үшін сол кезде үлкен өмір мектебі болды десем, артық айтқандық емес.
Әділ Құрманжанұлының кітабы «Азия – Берингия – Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі» деген атпен 3000 данамен ойдағыдай болып жарық көрді. Енді екінші кезекте осы кітаптың дүниеге келгенін оқырманға сүйіншілеп жеткізу және тарату мәселесі тұрды. Осы орайда Әділ аға өзінің тағы да бір биік парасатымен бізді таңғалдырды. Сөз арасында баспаның басшысы Құлтас Достан: «Аға, Қазақстанның бүкіл жоғары оқу орындарының басшыларының бәрі сіздің бір ауыз сөзіңізді жерге тастамайтыны сөзсіз. Солар өз оқу орнына 70-80 данадан алса, жетіп жатыр ғой» деді. Сол кезде Әділ аға: «Айналайын, қызмет бабын пайдалану арқылы оқырманға озбырлық жасауға болмайды. Кітапты ондай әдіспен тарату автордың беделін түсіріп, кітаптың да қадірін кетіретінін ұмытпаңдар. Сондықтан да кітапты оқырман өзі іздеп оқуы керек», – деді. Осы сөзді естіп отырып, Әділ ағаны тағы да бір жаңа қырынан танығандай болдым. Иә, Құлтастың айтып отырған сөзінің де жаны бар екені рас. Кейіпкеріміздің құзырлы жерлерге айтатын бір ауыз сөзі ғана кітапты тарату мәселесін оп-оңай шешіп тастайтынына күмән жоқ. Алайда ар алдындағы арзан дүниеге бас имейтін Әділ ағаның ондай пендешіліктен бойын аулақ ұстайтыны бүгінгі күні кітабымен қоса сақалын да саудалап, әкімқаралардың алдын бермей жүретін кейбір қаламгерлерге үлгі боларлықтай әрекет екені ақиқат.
Осы әңгімеден кейін Әділ ағаға біздің де бір көмегіміз тисін деген ниетпен кітаптың баспасөз беттерінде жарнамалануына шамамыз келгенше атсалыстық. Шынымен де, бұқаралық ақпарат құралдарында аталмыш кітап жөнінде жақсы пікірлер айтылып, тұшымды рецензиялар жариялана бастаған кезде, кітапқа қызығушылық танытқан оқырмандар саны да көбейе бастады. Осы кітаптың бір данасын алғашқы оқырманның бірі ретінде өзімнің әріптесім, қазақ әдебиеті мен өнерінің үлкен жанашыры және сол кездегі Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы, кеден қызметінің полковнигі Ерікжан Абдрахмановқа сыйладым. Кітапты бір демде оқып шыққан өткір мінезді ол: «Мына кітап шағын болса да, жүз тарихи романға татиды екен. Сондықтан да бұл кітапты мына біздің департаментте өзінің ата-тегін білмей жүргендерге оқыту керек», – деді. Сонымен қатар Ерікжан Алматыға келген бір сәтінде Әділ ағаға жолығып, кітабына қолтаңба да жаздырып алды. Осылайша, біреуден біреу есту арқылы бұл кітаптың мыңдай данасы Шығыс Қазақстан облысында ғана таралып кетті. Яғни, Әділ ағаның өзі айтқандай, кітап оқырманды емес, оқырман кітапты іздеді.
Осы кітапты баспаға дайындау барысында Әділ Құрманжанұлынан шығармашылық жағынан да көп нәрсе үйрендім. Ол дегеніңіз – нақтылық пен тиянақтылық. Олай дейтінім, кітапты жазу барысында фактілерді сағызша созбай, көлем қумай, айтып отырған мәселені оқырман ойына орайлы түрде жеткізе білу шеберлігі. Кітапта автор бағзы замандарда Алтайдан басталған ұлы көштің тек Батысты ғана нысанаға алмай, Қиыр Шығыстағы Беринг жермойнағын басып, жаңа әлем атанған Америкаға да бет бұрғанын ғылыми айғақтармен дәлелдеу жолында көз майын тауысып, қаншама тер төккені айтуға ғана оңай. Бұл жерде біздің тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатпақшы болып отырғандағы негізгі мәселе – 100-ден аса кітаптардағы тарихи деректердің қаймағын ғана қалқып алып, 92 беттік қана шағын кітапқа зерделі түрде оймақтай етіп, сыйғыза білуде еді. Егер де осы мазмұндас кітапты қаламының сиясы шашыраған басқа біреу жазатын болса, онда оның көлемін қыруар деректерді орынды-орынсыз пайдалану арқылы сағызша соза отырып, елу баспа табаққа да емін-еркін жеткізуге болатыны еш қиындық тудырмасы анық. Бірақ одан автор да, оқырман да ештеңе ұтпайтыны ақиқат. Міне, тілші-ғалым Әділ Құрманжанұлы қаламының қарымы өз оқушысын жалықтырмай, оқырман ойымен үндесе жататын шеберлігі де осында шығар.
Кітап жарыққа шыққаннан кейін үстімізден бір үлкен жүктің абыроймен сыпырылып түскеніне және Әділ аға сияқты ел сыйлайтын азаматтың сеніміне ие болғанымызға қуандық. Қазақта: «Баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас» деген қанатты сөз бекер айтылмаған ғой. Әділ аға үшеумізді арнайы шақырып, алғысын айтып, жұмысымызға сәттілік тілеп, ағалық батасын берді. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ шығармашылық топтағы үшеуміздің жолымыз үшке айырылды. Бауыржан Омаров Ақпарат және мәдениет министрлігіне департамент директорлығына тағайындалып, Астанаға жол тартты. Одан кейін Тіл комитетінің төрағасы, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облыстық әкімшілігінің аппарат басқарушысы, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы сияқты біраз қызметтердің басын қайырып тастады. Құлтас Достан болса баспагерлікпен қоса республикалық «Спорт» газетінің бас редакторы қызметіне дейін көтерілді. Ал өзіміз болсақ, сол жылы Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасына бастық болып тағайындалдық. Одан кейін де бір-екі жақсы қызметтің тұтқасын ұстап, Елбасының Жарлығымен мемлекеттік марапатқа да ие болдық. Әйтеуір, Алла тағаланың сәтін салуы ма, әлде аузы дуалы Әділ ағамыздың батасы қабыл болды ма, ешқайсымыз да жаман болған жоқпыз. Осылайша, «Әр ащының бір тұщысы бар» дегендей, сол бір қызметтен босап, көңілім құлазып жүрген кездеріме де мың да бір тәубе қыламын. Себебі сол кезде өзіме арқа сүйейтін аға емес, рухани өресі биік аға тапқаныма және өзіндік бір өмір мектебінен өткеніме қуанамын.
Бірде Әділ ағаның кітабын оқыған жақсы танысым кітаптың артқы мұқабасындағы «редактор» деген жердегі фамилиямды көріп қалып, үйге іздеп келіпті. Біразға дейін бірдеңені айта алмай, қипақтап отырды да: «Сен Әділ Ахметовті жақсы таниды екенсің ғой» деді. Мен танитынымды жасырмадым. Сол кезде ол өзінің баласы Әділ аға басқаратын Қазақ-Британ техникалық университетінде оқитынын, сол баласының бір пәннен баға ала алмай, оқудан шығарылу қаупі бар екенін айтып, көмектесуімді өтінді. Мен бірден бас тарттым. Сол кезде әлгі танысымның көзінен жасы ыршып кетті. Ер адамның көзіне жас алғаны қиын екен. Дос көңілі бір атым насыбайдан қалатыны бар емес пе. Амалсыздың күйін кешіп, әр қадамымды зорлықпен басқан бетте Әділ ағаның алдына баруыма тура келді. Менің не жағдаймен келгенімді естіген Әділ аға тәжірибелі дипломат ретінде өзінің іштегі қынжылысын білдірмей: «Бекен, айналайын, осы оқу орнындағы білім деңгейін әлемдік дәрежеге көтеру мақсатында және оқу процесі барысында сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстыққа жол бермеу үшін барлық мұғалімдерге жоғары талапты өзім қоя отырып, сол қағидатты өзім бұзамын ба?» деді. Орынды айтылған осы сөзді естігенде екі бетім оттай қызарып кетті. Осы қылығым үшін Әділ ағадан көпке дейін ұялып жүрдім. Иә, кезінде өзі іргетасын қалап, алғашқы ректоры болған аталмыш оқу орны бүгінгі күні білім деңгейі жағынан елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде таныла бастаған оқу орнының біріне жатады. Осы орайда өзіне де, өзгеге де бірдей талап қоя білетін Әділ Құрманжанұлының бұл оқу орнының беделінің биікке көтерілуіне сіңірген еңбегі зор. Тіпті осы жоғары оқу орнына талапкерлерді қабылдау кезінде барлығы жария түрде болсын деген ниетпен Әділ Құрманжанұлы қабылдау комиссиясының құрамына журналистерді де мүше етіп кіргізгенінің өзі ол кісінің ар жолында қия баспайтынын көрсететіні сөзсіз.
Бірде сәті түсіп, Астанаға барып қайтудың реті келді. Уақыттың ыңғайы келіп тұрған соң, бірінші кезекте сол кездегі Ақпарат және мәдениет министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы болып жаңадан тағайындалған үзеңгілес досым Бауыржан Омаровты жаңа қызметімен құттықтамақшы болып, кеңсесіне бардым. Сөз арасында Бауыржан мемлекеттік тапсырыспен Әділ ағаның тағы да бір керемет кітабы өндірісте жатқанын айтты. Әділ ағамыздың қағидатын жақсы білетін мен Бауыржанға: «Ол кісінің өзі кітабын шығару жөнінде өтініш жасаған жоқ шығар» дедім. Менің ойымды дөп түсінген Бауыржан: «Мына қызметте кітап пен газет-жорнал шығарушылардың өтінішімен-ақ шаршайды екенсің. Ал Әділ ағамыздың беделі мен парасаты ондай пендешіліктен биік қой», – деді. Көп ұзамай Әділ Құрманжанұлының кезекті «Түбі түркі өркениет» атты кітабы жарық көргенін естіген бетте қаншама кітап дүкендерін араласам да, таппадым. Содан амалдың жоқтығынан автордың өзіне телефон шалып, шын жүректен інілік құттықтауымды білдіріп, аталмыш кітапты таба алмай жүргенімді айттым. Сол кезде Әділ аға: «Ол кітап мемлекеттік тапсырыспен шыққан соң, сатылымға көп түскен жоқ. Өзіңе бір данасын сақтап қойдым. Реті келгенде, аларсың», – деді. Ініме деп ұмытпай, сарқытын сақтап жүрген ағаның осы бір жылы сөзін естігенде көңілім жадырап сала берді.
Көп ұзамай, Астанаға тағы да ат басын бұрудың сәті түсті. Жоспарымдағы негізгі мәселенің бірі – Әділ Құрманжанұлына жолығып шығу болатын. Көптен бері арқаны кеңге салып, оңаша отырып әңгімелесудің реті келмегендіктен бе, қатты сағынып қалғандаймын. Бұл жолы жоғары оқу орнының ректоры емес, Парламенттегі сенатор ағаның қабылдауына келдім. Көңілі әрдайым тұма суындай тұнық көрінетін Әділ аға орнынан тұрып, баяғыдай құшағын жая қарсы алды. Әңгіме арасында адамның ішкі сезімін және көңіл пернесін дөп баса білетін дипломат аға жазу үстеліндегі сөрмесін ашты да: «Ал, Бекенжан бауырым, ағаңның өзіңе сары майдай сақтап отырған сарқытынан дәм тат» деп көптен бері ынтызарым ауып жүрген «Түбі түркі өркениет» атты кітабын ұстатты. Кітапты қолыма алып, бірінші бетін ашып қалғанымда: «Осы кітаптың алғашқы шығуына және көпшілікке кеңінен таралуына себепкер болған және өзім ерекше құрмет тұтатын Бекен ініме игі тілекпен, автор: Әділ Ахметов» деп жазылған қолтаңба көзіме оттай басылды. Осы сөйлемдерді оқи отырып, сол сәтте өзімнің қандай әсерде болғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Иә, жай ғана сарқыт емес, арнайылап, сақтап берген сарқыттың дәмі ерекше болатынын сонда ғана жете сезіндім.
Көптен күткен жаңа кітапты парақтап отырмын. 340 беттік көлемді шығарма үш бөлімге бөлініпті. Бірінші бөлімде – өзімізге жақсы таныс, тегі – азиялық, бірақ белгілі де белгісіз себептермен америкалық атанып кеткен «үндістер» тақырыбы. Екінші бөлім – жанарыңды жаулап алатын әртүрлі нанымдық және танымдық тақырыптағы қызықты мақалалар. Ал үшінші бөлім – тағы да тыңнан түрен салған «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» деп аталады. Иә, оқырманын елең еткізетін тың мәселеге, орамды ойға және нақтылы тұжырымға негізделген шығарма. Кітапты зерделей отырып, жазғандарын өзім жақсы білемін деп ойлайтын Әділ Ахметовпен емес, шығармашылығын әлі жете тануға толық қауқарым жетпей жүрген Әділ Ахметовпен кездестім. Әсіресе, «Құранның ғажайып құпиясы», «13-пен байланысты тыйымдардың сыры», «Англо-саксондардың түпкі тегі», «Табу және магия», «Майя өркениетіндегі күнтізбелер жүйесі мен сәуегейліктің ғылыми негіздері» сияқты мақалалар оқырманын өзіне баурап әкететіні соншалық, мақаланың ішіне қалай жан-тәніңмен кіріп кеткеніңді байқамай қаласың. Аталмыш шығарманың ең соңғы бетіне жеткен кезде «таралымы 2000 дана» деген сөзді оқығанда барып, көңілім су сепкендей басылды. «Шіркін-ай, қаншама оқырман керемет сарқыттан дәм тата алмай қалатын болды ғой» деп қынжылдым. Әсіресе, ұлы Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп айтқанындай, «Құранның ғажайып құпиясы» атты мақалада автор мұсылман әлемінің қасиетті кітабының ішкі құрылымы математика ғылымы тұрғысынан мұқият зерттеліп, нәтижесінде бірде-бір жұмыр басты пендені жайбарақат қалдыра алмайтын ғажайып сырдың шымылдығы ашылғанын керемет айғақтармен дәлелдей білген. Егер де осы мақаланы Құдайдың барына, Құранның шындығына шүбә келтіріп, басқа діннің төңірегінде адасып жүрген кей пенделер оқитын болса, онда олардың райларынан тезірек қайтып, мына он сегіз мың ғаламның әміршісі және жаратушысы Алланы мойындаудан басқа амалы қалмайтынына шек келтірмеймін. Иә, аталмыш шығарма – өзінің құндылығы және көтеріп отырған салмағы жағынан кеңінен талдап жазуды талап ететін күрделі тақырып. Сондықтан да оны алдағы күндердің, яғни келешекте жазылатын мақалалардың еншісіне қалдырғанымыз жөн болар.
Бұл мақалада біз тілші-ғалым және үлкен парасат иесі Әділ Ахметов жайлы өзіміз куә болған жайттарды ғана тілге тиек еттік. Ал мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат әрі сенатор Әділ Ахметов жайлы айтар болсақ, ол әрине, ауқымы бөлек тақырып. Ондай тақырыпқа біз емес, Әділ Құрманжанұлының деңгейіндегі қайраткерлер мен ғалымдар қалам тербей жатар деп ойлаймын. Себебі қаламсабыңды шамаңа қарай көтере білу ғана әркімнің өз деңгейіне жарасатын этикет пен қағидат екені даусыз. Солай десек те, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты ретінде Әділ Құрманжанұлының көтеріп жүрген жүгі аз емес. Әсіресе, еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастығы ұйымына төрағалық еткен жылдары атқарған жұмыстары жөнінде көп нәрсені тілге тиек етуге болады. Олай дейтінім, көпшілік аталмыш ұйымның не екенін дұрыс түсінбей, онда төрағалық ету дегеніңіз біздің елімізге не беретіні және оның халықаралық маңызы жөнінде әңгіме қозғалған кезде, бұл мәселеге алғашқылардың бірі болып атсалысып, телевизиядан түсініктеме беріп, баспасөз беттерінде тұшымды мақалалар жазған екі ғана депутатты білемін. Олар – Қуаныш Сұлтанов пен Әділ Ахметов. Сонымен қатар, «Елдестірмек – елшіден» демекші, Әділ Құрманжанұлы көршілес қырғыз еліндегі төңкеріс кезіндегі қиын кезеңде де ара ағайыншылық миссиясын абыроймен атқарған азаматтарымыздың бірі екенін айта кеткеннің артықтығы жоқ шығар деп ойлаймын.
Иә, кез келген адамның өзі – бір жұмбақ әлем. Кей адамдардың жанында тонның ішкі бауындай бірнеше жыл бірге араласып-құраласып жүрсең де, олардың бойынан өзіңді тәнті қылатындай керемет қасиет байқамауың мүмкін. Ал кей адамдар болады, бір көргенде өзіне тартып, жандүниеңді жібітіп, көңіліңе нұр сеуіп тұратын. Әрине, біздің кейіпкеріміз осы айтқандарымыздың соңғысының қатарына жатады. Олай дейтінім, Әділ ағаны таныған сегіз жылдан аса уақыт ішінде ұялы телефонмен жиі хабарласқанымыз болмаса, бетпе-бет бес-алты мәрте ғана жүз көрістік. Әсіресе, баспасөз беттерінде арагідік жарық көріп жататын мақалаларыма телефон арқылы ағалық ықыласын білдіріп, көңілімді бір марқайтып тастайтын Әділ Құрманжанұлының ағалық пейілінің орны тіпті бөлек. Ал кездескен жерде: «Ой, айналайын, бауырым» деген бір ауыз жылы сөзі мен бауырына тарта құшақтағанының өзі – бізге үлкен мәртебе. Осы орайда мен бұрын «шынайы рухани сыйластық» деген сөздердің астарына терең үңіле бермейтінмін. Сөйтсем, ол дегеніңіз – адамдардың бір-біріне деген адал пейілі, шынайы тілектестігі және жан сарайын жақсы атаулымен толтыруға асығып тұратын сағынышы екен ғой...
Сарқыты сарқылмайтын аға
Читайте также
Шоқан шындығы неде?
«Артық туған Абылай...»
Жақсылық Грек-рим күресінен Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің бозкілемдегі бейнеті мол жылдары туралы
Ұзақбай Құлымбетовті ұмыту – тарихымызды естен шығару деген сөз...
Жер жүзіне палуандықпен атын жайған... қазақтың Қажымұқаннан басқа кімі бар?
Теннис, гольф пен поэзия – көшбасшыға тән хобби
Последние статьи автора