«Қызыл жебенің» сынығы – 80-де...
...Бүгінгі жас ұрпақ Тұрарды, Бауыржанды көрген жоқ. Бірақ олар ірі болмысы, дара тұлғасы жөнінен солардың заңды жалғасындай болып, жандарында Шерхан Мұртазаның жүргені үшін де бақытты. Өйткені Шерағаң – өзі «Қызыл жебе» деп үкілеген Тұрар Рысқұловтың қайраткерлігі мен Бауыржан ағасының жүректілігі, тектілігі, оның сыртында қазақы биік өре, кесек мінез қатар дарыған бөлекше бітім иесі.
Жазушы өмірінің кейбір тұстары кейіпкері – Тұрардың тағдырымен ұқсас. Әкесі қуғын-сүргіннің құрбаны болған Шерағаң өмір тауқыметін тым ерте тартты. Қабырғасы қатпай жатып еңбекке араласты. Балалық шағы соғыстың қиын-қыстау кезеңімен тұспа-тұс келді. Ол күндерді қаламгердің «ең бірінші рет 7 сыныптан соң Жамбылдағы интернат-пансионатқа оқуға түскенде ғана тойып тамақ іштім» деп еске алғаны бар. Қалай болғанда да, «бір бейнеттің бір зейнеті болады» деген рас екен. Әкесіз өмірдің ауыртпалығын сезініп өскен барлық жетім тәрізді ол да мейлінше намысқой болып ержетті. Орыс тілін оңдырып білмесе де, орта мектептен кейін бірден Мәскеуге барып, полиграфиялық институтқа түсті. Үш жылдан кейін ол оқып жатқан бөлім Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінің құрамына кірді. Шындығында, жас Шерханның қаламгерлік жолы қалай болғанда да жұмыс істеп, ақша табу әрекетінен басталады. Өйткені университеттен берілетін болар-болмас шәкіртақы мен «Мосфильм» массовкаларына қатысқаннан және станцияда жүк түсіруден түскен азын-аулақ ақшаға үлкен қалада өмір сүру мүмкін болмай кетеді. Болашақ қаламгер сол мезетте өзін ең алғаш аудармашы ретінде сынап көруді ұйғарады. Сөйтіп, башқұрт әдебиетінің классигі Мұстай Кәрімнің шығармаларын аудара бастайды. Содан 1955 жылы оқуын тамамдап, «саяси және көркем әдебиет» редакторы дипломымен елге оралады.
Қарымды қаламгер, қайраткер тұлға Шерхан Мұртазаның содан күні бүгінге дейін өзінің күллі қажыр-қайратын қазақ баспасөзінің игілігіне жұмсап келе жатқандығына қалың жұртшылық куә. Шерағаң ұлттың үні болып келе жатқан «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері, «Жұлдыз» журналы, «Қазақстан» мемлекеттік телерадио компаниясы тәрізді көптеген мекемеде басшылық қызметтер атқарды, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Бір даусыз шындық, қандай қызметтің тұтқасын ұстаса да, Шерхан Мұртаза сөз майданының бел ортасынан табылып, қуатты ойымен танылды. «Бойымда қаным, қолымда қаламым барда мен өлмеймін» деп, шындықтың бетіне әрдайым тура қараудан тайсалмаған қайсар қаламгер өзімен бірге тұтас ұжымды да биіктетті. Мәселен, тізгінін Шерағаң ұстаған шақта таралымы 40 мыңды құраған «Лениншіл жас» тиражының бас-аяғы үш-төрт жылда төрт есеге өсуі – соның бір ғана айғағы. Осы арада Шерхан ағаның Камал досы жайлы лебізін өзіне қарата айтар болсақ, Құдай оның қолына қару етiп қалам бердi. Ол сол қаруды тот бастырмай, топастандырмай, таза әрi өткiр ұстады... Бұл жөнінде өзі: «Менің өмірде екі қанатым болды. Оның бірі – журналистика, бірі – жазушылық. Мен өзімнің көрген-білгенімнің бәрін шығармаларыма арқау еттім», – деп елеусіз ғана әңгімелейді. Дей тұрғанмен де, Шерхан Мұртаза шығармаларында бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі тұнып тұр. Шерағаңның Тұрар бейнесін сомдауының өзі – ұлт рухын асқақтатуға, елінің еңсесін биіктетуге жасалған батыл қадам.
Шерағаң бір әңгімесінде Бауыржан ағасының «Осы күнi менiң бабам батыр болған, менiң бабам түген болған дейтiн дуайпаттар көбейдi. Болса, болған шығар. Ал ол өзi ұлының тырнағына тати ма? Ендi оның келер ұрпағы оны айтып мақтана ала ма екен? Соны неге ойламайды?!» дегенін айтқан екен. Осы орайда бір нәрсе анық: біз бүгінгі заманның Тұрарына, Бауыржанына балап отырған Шерағаң да, оның ұрпағы да бір-бірімен мақтануға әбден лайық. Өзі айтпақшы, осынау бір кем дүниеде олардай ноқтаға басы сыймайтын тұлпарлар тым аз...
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің бас редакторы:
Нағыз мінезді адам – Шерағаң!
Бүгінде 80 жасқа толып отырған Шерағаң – қазақ баспасөзі тарихындағы іргелі редакторлардың бірі. Қай басылымда да ол кісі батыл редактор болды. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» секілді ұлт әдебиетінің айнасы іспеттес басылымдарды басқару оңай емес. «Лениншіл жаста» бас редактор болғанын білесіздер. Ең басты айтарлығы, «Социалистік Қазақстанды» «Егемен Қазақстанға» айналдырған – осы Шерхан Мұртаза ағамыз. Осының барлығында Шерағаңның жүріп өткен жолы жатыр. Біз сол кісінің шәкіртіміз.
Ол кісінің ең басты атап өтетін қасиеті – батылдығы. Ұлттың мәселелерін ешкімнен тайсақтамастан, еш жаққа жалтақтамастан, газет бетінде көтеріп отырды. Соған өзінің ізінен келе жатқан жас буындарды тарта білді. Ақселеу Сейдімбеков сынды қазақтың керемет этнограф-жазушысын – сонау Қарағандыда, Фариза Оңғарсынова апамызды Маңғыстауда жүрген жерінен «Лениншіл жасқа» тілші етіп, Шымкентте трактор айдап жүрген жерінен Мұхтар Шахановты қызметке алды. Оралхан Бөкейді де Шығыс Қазақстаннан Алматыға шақырып, қызметке алды. Осы кісілердің қай-қайсысын алсақ та, қазаққа еңбегі сіңген танымал тұлғаға айналды. Яғни Шерағаңның тағы бір айтарлықтай қасиеті – талантты тап басып тани білетіндігі.
Осы кісілерден кейінгі буында біз тұрмыз. Мені де Павлодарда жүрген жерімнен шақыртып алды, Қайнар Олжайды – Қарағандыдан, Ермұрат Бапиды Өскеменнен алдырған да – Шерхан Мұртаза ағамыз. Сонда қарап тұрсақ, Шерағамыз мамандарды тек сол Алматыдан ғана қарастырып қоймай, еліміздің түкпір-түкпірінен орталыққа жинай білді. Қазір осындай нәрсе қалып бара жатыр. Аймақ өз бетінше, республика өзімен-өзі, қала өз жағдайымен дегендей, әркім – әр жақта. Ортақ бір елдік мұрат деген жоқтың қасы. Кей республикалық басылымдардың тек қана бірсыдырғы жолға түсіп, «ауыл түлектері» дегендей деңгейге құлдырап кеткен де жөні бар. Ал Шерағаңның кезінде ондай болған жоқ. Сонда ол кісінің ұлттың тұтастығын сақтап, ұлт мүддесіне қызмет етудің биік үлгісін көрсетіп берген бірден-бір тұлға болғанының айғағы – бұл. Қаншама таланттың көзін ашып, олардың өзін-өзі жетілдіруіне, өзін мойындатуына мүмкіндік жасап, оларға ұшқыр идеялар берді. Қаншама өткір мәселені көтерді және соның әрқайсысын аяғына дейін жеткізуге тырысты. Тапсырмаларды беріп қана қоймай, орындалуын қадағалайтын – өзі.
Біз енді ол кісінің шәкіртіміз деп кеудемізді керіп мақтанамыз. Ол кісідей болмасақ та, ұқсап бағуға тырысамыз. Шерағаң секілді батыл болғымыз келеді, бірақ бола алмаймыз. Шерағаң секілді қайсар болсақ дейміз, қайсар бола алмай келе жатырмыз. Шерағаң сынды қайраткер болсақ дейміз, ол да қолдан келмей тұр. Шерағаң сынды мықты болсақ дейміз, мықты да бола алмай келе жатырмыз. Шерағаң сынды жүректі болсақ дейміз, жүректі де бола алмаудамыз.
Шерағаңның жеке адам ретіндегі үлгі етерлік қасиеттері көп: сыйласа біледі, сырласа біледі. «Ақылы асса, аға тұт» деген мақалмен жасы үлкенді сыйлайды, кішіге де ізет көрсете біледі. Бірақ ортасында өзінің мінезін де көрсете біледі, әрине, орынды жерде. Редактор деген мінез дер болсақ, нағыз сол мінезді адам Шерағаң ғой.
Қалихан ЫСҚАҚ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
Жастарды маңайына жинай білді
– Әдебиеттен менің замандастарым ішіндегі ең мықтысы осы Шерхан болды. Оның ұйымдастыру қабілеті зор. Газетке, журналға автор тарту, оқырман жинау үшін де Шерағаң көп еңбек сіңірді. Сосын ол сол кездегі талантты деген жастарды маңайына жинай білді. Шерханның өзінің басқа замандастарынан айырмашылығы – осы. Биыл 80-нің сеңгіріне шығыпты. Жасай берсін! Ғұмыры ұзақ болсын.
Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ, публицист:
Беделін көптің қажетіне жұмсаған...
Шерхан Мұртаза – журналистер ортасында Шерағаң атанған тұлға. Бұл бір ауыз сөз ғана емес, мың атақтан да жоғары құрмет дер едім. Ол кісі қатардағы жорналшылықтан гөрі, редакторлық қызметімен көпке танылды. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» басылымдарына басшылық жасап, сол кездегі еліміздің ең бір аға газеті «Социалистік Қазақстанның» (әлі де сол дәрежеде) атауын тайсалмай ауыстырған өткір азамат – осы Шерағаң. Мұның барлығы Шерхан Мұртазаның жорналшылық саласындағы еңбегінің бағаланғаны деп білуіміз керек. Ол кісінің газет жұмысының ұйымдастырушысы ретіндегі қабілетінің барынша көрінген кезеңдері болды. Кейін Қазақ радиосының төрағасы болды. Журналистика деген семсердің жүзіндей қылпылдап тұрған саланың қай қырында болса да бірінші басшы болуының сыры Шерағаңның мықтылығынан, қабілетінің жоғарылығынан деп білеміз.
Мен Шерхан ағамыз басшы болған тұста «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет ету бақытына ие болдым. Газеттің сәл қожырай бастаған тұсы еді. Уақыт өзі солай еді, КСРО-ның құлауға жақын қалған, соңғы күндері дегендей... Сол тұста Шерағаңды әдейі басшылыққа қойған болуы керек. Мықтылығына сеніп. Расында, келді де, бірден кадрларды іріктеп, газет айдарларын жаңартып, редакцияны да ширатып, істі алға жылжыта жөнелді. Газетке қайтадан жан бітті. Горбачевтың «қайта құруының» қызып жатқан кезінен еш тайсақтамай, «Социалистік Қазақстанның» ұсқыны сықиып тұрған кезінен «мұртын сындырып», халыққа жақындатып, газетті оқылатын жағдайға жеткізді.
Айтпақшы, «Социалистік Қазақстан», біз ойлағандай, оп-оңай «Егемен Қазақстанға» айнала салған жоқ. Ол үшін үлкен жүрек, тәуекелшілдік керек еді. Себебі заман тайғақ, алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Жаза басқанды жазаға кесе салатын кез болды. Бірақ Шерағаң еш қорыққан жоқ. Тәуелсіздік алдық, «Егеменді Қазақстан» болсын деді де, сонысын іс жүзіне де асырды. Кейін «Егемен Қазақстан» болдық. Қазір газет әлі де сол стильде келе жатыр. Одан бөлек журналистердің, жалпы, газетке еңбегі сіңген азаматтардың тұрмыстық жағдайына да аса мән беріп, баспана алып беріп, біршама жақсылық жасағаны тағы бар ағамыздың. Басшылық алдындағы өзінің биік беделін қарақан басына жұмсамай, көптің қажетіне жұмсағандығы ол кісінің адамгершілігінің асқақтығында еді. Бірақ ол кісі жайдақ адам емес, талапты жоғары қойды. Адамдарды, яғни қызметкерлерін ру мен жүзге, ағайын, танысқа емес, жұмыс істей білгендігіне қарай бағалап, сондай адамдарды көтеруге тырысты. Қаламының мүмкіндігі зор, ойы бар журналистерді қолдап отырды.
«Тірілер ойлансын...»
***
...Біз балшықтан бала жасап ала алмай жүрген елміз. Тарихи зобалаңдар соқпағанда қазақтар қазір 40-50 млн шамасында жүрер еді. Өткенге – салауат, тіріге береке тілейік. Береке берсін, лайым. Ақтамберді ақын:
Атадан алтау туғанның
Жүрегінің бастары
Алтынменен бу болар.
Атадан жалғыз туғанның
Жүрегінің бастары
Сары да жалқын су болар, – деген. Ақын ғой, шіркін. Айтқан ғой сабазың. Ал енді «Атадан алтау» деген не? Ойландың ба, Камал? Неге үшеу емес, неге бесеу емес, неге он емес?
Әріден қалған Алты Алаш деген ұғым бар. Оны бізге ұмыттырған, «бөліп таста да, билей бер» деген. Алты Алаш – түркі тектес алты ағайынды дегені, сірә. «Алтау ала болса, ауыздағы кетер» деген нақыл сөз де сол заманнан қалған. Ажырама, алакөз болма дегені ғой. «Алты бақан алауыз». Бұл да – бірлікті аңсағандықтан қалған сөз.
***
...Қазақтың мәйегі ауылда еді. Ауыл барда қазақ халқының нәсілі асыл еді. Сол мәйек қазір іри бастады. Американы алғаш жаулап алушылар байырғы тұрғын – үндістердің қиян-кескі қарсылығына тап болған ғой. Садақпен қаруланған үндістерді зеңбірекпен жеңе алмаған. Сонда бір сұңғыла зымиян айтты дейді «үндістерді жеңу үшін әуелі бизонды қырыңдар» деп. Ал Зеңгі бабаның ірі түрі – бизон үндістердің асыраушы азығы еді. Бизон жаппай қырылды, үндістер жеңілді, рухы сынды… Үндістердің қазіргі қалған-құтқан ұрпағы… оны айтпай-ақ қояйын, өте аянышты.
Ал сонау бозала таңды заманнан бері қазақты асыраған мал емес пе еді, Камал?! Қазақ малдан ажырады ғой. Қолдан ажыратты. Сонау қаһарлы 32-33 жылдары алдымен мал кеткен, артынша адам кеткен. Бір-екі жылдың көлемінде 40 млн бастан 5-ақ млн қалған.
***
Көне Египет папирусына жазылып, бізге жеткен асылдарға көз сал. Не жазылған? Бұл дүниеден өткен адам о дүниеде Құдірет алдында жауап беріп тұр:
– Мен адамдарға арамдық, қиянат жасамадым.
– Мен малды қыра берген жоқпын.
– Мен қаріп-қасірді қорлаған жоқпын.
– Мен ешкімді өлтірген жоқпын.
– Мен зинақорлық жасаған жоқпын.
– Мен таразыдан жеген жоқпын.
– Мен сәбилердің тамағын тартып алған жоқпын.
– Мен ағын суға бөгет салған жоқпын.
– Шындықты бұрмалап, күнәһар болған жоқпын…
Бұл дүние – бәріміздің уақытша мейманханамыз. Сағаты соққан сәтте біз екеуміз не деп жауап берер екенбіз, Камал? Біздің шоңдарымыз не деп жауап берер екен? Халықтың үлесін, кәрі-құртаңның зейнетақысын, еңбекқорлардың еңбекақысын жеп жатқандар не дер екен? «Табиғаттың қатесін түзейміз» деп, өзендерді 99 жерінен буып тастағандар не демек? Таразыдан жеп жатқан тасбақалар аз ба? Қу дүниеге бола бірін-бірі өлтіріп жатқандар аз ба? Сәбилердің несібесін тартып алып жатқандар ше? 36 млн малды қырып салып, тамтығын ғана қалдырғандар ше? Шындықты бұрмалаушылар көдеден де көп. Қып-қызыл өтірікті көтере беретін – осы дүние ғана. О дүниеде ондай қулық өтпейді. Құдіреттен күшті ешкім жоқ. Қазақтың батыр Бауыржаны: «Өтіріктің балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық», – деді.
Сен не дер едің, Камал?..
Тірілер ойлансын…
(Камал Смайыловқа жазылған хаттардан)
Қайраткер тұлға тойы Таразда өтеді
Ұлт әдебиетінің көрнекті өкілі, қазақ журналистикасының ақсақалы, абыз қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойы бүгін туған жерінде үлкен салтанатпен аталып өтпек.
Жазушының кіндік кескен жері – Жуалы ауданында Шерхан Мұртаза тойы бұдан көп бұрын басталып кеткен болатын. Бұл жыл мұнда Шерхан Мұртазаның мерейтойы жылы ретінде өнегелі шаралармен аталып өтуде. Мектептердегі тәрбие сабақтары мен сынып сағаттарында – даңқты жерлестерінің шығармаларын терең оқып-үйрену, кітапханаларда оқырмандар конференциялары мен кітап көрмелері ұйымдастырылып, жазушы шығармашылығының иірімдері кеңінен насихатталуда. Алаңдар мен саябақтарда жазушы шығармалары бойынша театрландырылған көріністер ұйымдастырылып, аудандық Мәдениет үйінде «Қазақтың қайсар Шерханы» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Салтанатты шара «Баласағұн» орталық концерт залында «Шерхан Мұртаза шығармашылығы және тәуелсіз ел руханияты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласады. Басқосу аясында жазушы шығармаларының 5 томдық жинағының тусаукесер-таныстырылымы өткізілмек. Тойға қатысушы қонақтар бұдан соң Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Шерхан Мұртаза шығармашылығына арналған мұражай мүйісінің ашылуына қатысады.
Кешке жақын мерейтой қонақтары Жуалы ауданының орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына жол тартады. Онда «Халқымыздың ұлы перзенті Ш.Мұртаза – 80 жаста» атты салтанатты шара өткізу, драматургиялық шығармалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау, мерекелік концерт және «Домалақ ана» спектаклінің қойылымы өтеді деп күтілуде. Бағдарлама барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар да ұйымдастырылмақ.
Бек МЕРГЕН