Қазақтың тұңғыш профессор математигі
«Алаш» партиясын құрудағы негізгі мақсатымыз қазақ халқының қамы еді ғой. Елі сай, жері бай, өсіп-өнген өнерлі халықтары бар мемлекеттермен терезесі тең түсетін қазақтың дербес мемлекетін құру еді. Ол мақсатқа жету үшін ұйымдастырушылық күші бар ұйым керек болды. Ол ұйым «Алаш» партиясы деп есептедік...
Әлімхан ЕРМЕКОВ
Әлімхан Әбеуұлы Ермеков Том технология институтының бесінші курсында оқып жүргенде, Ресейде әуелі Ақпан, одан кейін Қазан төңкерісі жүзеге асырылып, Сібірде де, Қазақстанда да төңкерістік қозғалыс кең өрістеп, Ә.Ермеков бірден саяси жұмысқа араласып, оқуды уақытша тоқтатады да, Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысқа тікелей араласып кете барады. Қазақ халқын қалайда езгіден құтқарып, теңдік әперуді мақсат тұтқан Әлімхан Алашорда жұмысына белсене араласады.
1918 жылғы сәуірдің 2-сі күні Әлімхан Алашорда басшылары Әлихан Бөкейханов, Халел Хаббасовпен бірге Семейден тіке байланыс желісі арқылы В.И.Ленинмен және ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен сөйлеседі. Онда не жөнінде әңгіме болғанын Семейде Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлығымен шығып тұрған «Абай» журналының сол жылғы үшінші санындағы мына мәтіннен аңғаруға болады:
«Қуаныш құтты болсын! Журналымыз басылып қойғаннан кейін мынадай қуанышты хабар алып, теңдікке, билікке сусаған, Алаштың ауылын қуантқалы журналдың тысына осы хабарды асыға басып отырмыз. 20 март күні (ескіше) Мәскеудегі Совет үкіметінің басшысы Ленин мен народный комиссар Сталиннен Бөкейханов, Ғаббасов атына тілграмм келді. Мұндағы Халел, Әлімхан прямой проводпен ауызба-ауыз Ленин мен Сталинге тілграммен сөйлескендегі жауабы мынау:
«Әр халықтың өз билігін өзіне береміз деп шыққан закон-жарлығымыз әлі сол қалпында, айтқанымыз айтқан. Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпы қазақ съезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз, жалғыз-ақ Совет үкіметін танысаңыздар. Енді біздің билік береміз деген сөзімізді іске асыру керек. Ол жердегі тұрған әкімшілікпен бірігіп, съезд шақырып, автономияны жария қылу жолында болатын комиссия жасаңыздар. Қазақ сияқты түрі, ісі, ғұрпы, елі, жері басқа жұрттың өз билігін өзі алуға ерікті. Қазақтың қамқорлары тезінен комиссиясын жасап, автономиясын жария қылуға асығар деп білеміз. Ендігі бір ниет, бір тілектегі адамдармен ақылдасып, байлаған сөздеріңізді бізге білдіреміз», – деп Ленин, Сталин қол қойған... 21 мартта Бөкейханов, Ғаббасов, Ермеков атына Мәскеуден тағы тілграмм алдық: «Халық комиссарларымен сөйлесіп жатырмыз. Алаштың автономиясына қарсылық жоқ. Бүгін, ертең Алашордамен Сталин өзі сөйлеседі», – деп. Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер. Жоғарыдағы өкілдер осы сарбаздар екен. «Басқарма».
1919 жылдың шілдесінде РКП (б) Орталық Комитеті мен Совет үкіметінің Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі Әскери революциялық комитеті ұйымдастырылды (Кирвоенревком). Оның түпкілікті құрамы 1919 жылғы 20 желтоқсанда бекітілді. Төраға ретінде қарт большевик Станислав Пестковский, мүшелері болып Әліби Жангелдин, Сақыпкерей Арғыншиев, Ғұбайдолла мен Әлиасқар Әлібековтер, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамедияр Тұнғаншин, Нысанғали Бегімбетов тағайындалды. Ол уақытта біздің екі облысымыз – Ақмола мен Семей — Сибревкомның қарауында. Бұлар Сібірге жасалатын билік орны еді. Әлгі аталған аймақтар қазақ елінде болғандықтан, Қазақстанда әлгіндей басқарма жасалғандықтан, бұлар соған кіруі керек-тін.
Міне, осы мәселені шешу үшін 1920 жылы мамыр айының басында Әлімхан Ермековті Семей облысының губерниялық комитеті уәкіл етіп Орынборға жібереді. Онда ол Семей мен Ақмоланың Кирвоенревкомға енуі жөнінде баяндайды. Ол Қазақ автономиясының құрылмаған кезі. Мұны талдау кезінде болашақ автономиялы республика құруға және оның шекарасын белгілеуге байланысты мәселе қаралады.
Әлімхан Әбеуұлы Москвада төрт айдай болады. Осы уақыттың ішінде ол Кирвоенревкомның мүшелерімен тұрақты байланыс жасап, олардан қажетті нұсқау-кеңес алып тұрады. Мәскеуге келген бетте Әлімхан В.И.Лениннің төрағалық етуімен болған комиссия мәжілісінде Қазақстанның жағдайы туралы баяндама жасайды.
Қазақстанның Батыс және Шығыс шекаралары қалай айқындалғаны туралы
Әлімхан Ермековтің естелігінен:
«Баяндамаға кіріспей тұрып Қазан төңкерісі көсемінің алдында қатты толқыдым. Бірақ оның қарапайымдылығы, мейірімділігі, кіші халықтарға деген ерекше қамқорлығы маған жаймашуақ әсер етті. Баяндама кезінде мені оның ширақтығы, ойының өткірлігі, баяндамашыны әділ де батыл қолдауы бейжай қалдырмады.
Енді Владимир Ильичтің шиеленіскен мәселелерді дұрыс шешуге қатысып, көмегі туралы жеке-жеке эпизодтарға тоқталайын.
Мен өзімнің баяндамамда, негізінен, Қазақстандағы шекараны анықтауда үлкен маңызы бар күрделі де шиеленіскен жер мәселесіне тоқталдым. Патшалық Ресей кезінде қазақ жұртының иелігінен өзен, көл жағалауында, орман алқабында орналасқан қара топырақты жерлер тартып алынған.
Мұндай әпербақандық помещиктердің құлқын жоқтайтын столыпиндік реформадан кейін тіпті өрістеп кетті. Ол Мемлекеттік Дума мінбесінен «қырғыз даласын игеру керек» деп патшалық саясаттың тірегі болды, сөйтіп, жергілікті тұрғындарды ойламай, Қазақстан мен Түркістанда кулактық шаруашылықтың қанат жаюына бар күшін салған еді. Мұнда Каспий жағалауы туралы мәселелер өткір пікірталастар тудырды. Ал жергілікті тұрғындардың жер туралы мәселесін тіпті қараған жоқ болатын. Ертістің он шақырым сол жақ беті 1904 жылғы орыс-жапон соғысы алдында Сенат үкіметінің қаулысымен Сібір казактарының иелігіне берілген. Ал қазақ елі бұл жерден айырылып, оның үстіне, жайылымдарда малын бағу үшін орыс кулактарына орасан зор қаржы төлеп, тез арада кедейлікке ұшырады. Сөйтіп, олар әрбір қазақ отбасына қызмет ететін үй шаруасындағы жұмысшы ретінде батрактарға айналды. Архивтерден қазақ өзінің өлген кісісін жерлеу үшін жерге 18-20 сом төлегені белгілі.
Баяндамамның соңында қазақтарға иеленіп келген жерлері өздеріне қайтарылып және жергілікті қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары орнығып біткенше, Ресейден қоныс аударуды тоқтатқан жөн деген ұсыныс жасадым.
Комиссияның мәжілісінде біздің республиканы анықтау кезінде Каспий теңізінің солтүстік жағалауларын кіргізу керектігін айттым. Бұған көптеген адам қарсы болды. Әсіресе Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателі (фамилиясы есімде жоқ), Лежава, Брюханов секілді басшылар «Каспий балығымен Мәскеу жұртшылығын асырап отырмыз, еліміз азық-түлік қиындығын бастан кешіп отыр» деді. Бұл мәселеге сөйлегендердің теріс көзқарасын байқаған Владимир Ильич маған бұрылып, былай деді: «Біздің экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секілді, ұялмаңыз, өзіңіздің ойыңызды еркін айта беріңіз, енді сөз сізге беріледі».
Владимир Ильич Астрахань губерниялық атқару комитетінің төрағасына бұрылып: «Жағалаудағы қазақ және орыс тұрғындарының сан жағынан ара қатынасы қандай?» деген сұрақ қойды. Төраға есептелген мәліметтер жоқ дегенге келтіріп, сұрақтан бұлтарғысы келіп еді, Владимир Ильич: «Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар деп отырғаным жоқ, осы өңірдегі тұрғындардың қайсысы басым?» – деді. Сонда төраға амалсыздан «қазақтар басым секілді» дегенге сайды. Владимир Ильич «мәселе түсінікті болды» деп, дауысқа салды, сөйтіп, менің ұсынысым көпшілік дауыспен қолдау тапты.
1920 жылдың 24 тамызында Халық Комиссарлар Советінің Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Республикасы туралы декрет жобасының мәселесі жөніндегі мәжіліске баяндамашының бірі ретінде мен де қатыстым. Мәжілістегі атмосфера аса іскерлік жағдайда болды, әрқайсысы өздерінің жауапкершілігін сезініп, қатал тәртіп пен саналылық орнағандай еді. Бұл мәжіліске В.И.Лениннің өзі қатысып отырды.
Мәселе туралы Ұлттар жөніндегі наркомат төрағасының орынбасары Каменский баяндама жасады. Ол өзінің жауапкершілігін қатты сезініп, баяндама барысында қатты қиналды. Сөйтіп, декреттің жобасы тұтас оқылып, РСФСР Халық Комиссариатының мәжілісінде бекітілді. Тиісті қосымшалар мен өзгерістерімен қоса декрет 1920 жылғы 26 тамызда бүкіл елге жарияланды.
1920 жылы 23 маусымнан 7 тамызға дейін Коминтерннің ІІ конгресінің мәжілістері өткен еді. РКП (б) делегациясының құрамына В.И.Лениннің басқаруымен партия мен үкімет басшылары кірді. Сондай-ақ бұған автономиялық республикалардан да делегаттар келді. Қазақ автономиясын Тұрар Рысқұлов пен Ахмет Байтұрсынов бастап барды.
В.И.Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында автономияны құру жөнінде «қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, оның дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңызды түйістіріңіздер» деп кеңес берді.
Мәжіліске қатысушылар үзіліске дәлізге шықтық. Қазақстандық делегация 15-тей адамбыз. Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. Бір 15-20 минуттан кейін ол кісі де шықты. «Біз сізді Сталинге кіруге тосып тұрмыз», – деп айттық.
Әлихан бәрімізге салқындау қарап: «Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс», – деп, жүріп кетті. Біз бәріміз де аңтарылған қалпы Әлекеңе ілесіп, Кремльден шығып кеттік. Осы күні «бәлкім, кіріп пікірлескеніміз дұрыс болар ма еді, мүмкін, басқаша шешілер ме еді» деген ой келеді («Жалын», 1992, №7-8, 59-бет.)
Осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң В.И.Ленин Қазақ АССР-ін құру жөніндегі декретке қол қояды. Қазақ республикасының территориялық шекарасын белгілеуде 29 жасар талантты Әлімхан Ермековтің жасаған еңбегі тарих алдындағы, қазақ халқының алдындағы перзенттік парызына айналады.
Ә.Ермеков 1920 жылы Қазақ Советтік Социалистік Республикасын құрысуға тікелей атсалысқанымен, алғашқы Қазақстан Орталық Атқару Комитетіне мүше болып сайланғанымен, С.Меңдешев, Ә.Әйтиев, Ә.Жангелдин, А.Асылбеков, С.Сейфуллин, Н.Нұрмақов, Ә.Досов сияқты коммунистер бастаған жаңа үкімет бұрын Алашта болған қайраткерлерді басшы қызметтерге қойғысы келмегендей. Тек А.Байтұрсынов қана оқу халық комиссары болып тағайындалады. Өзгелер шеттеп қалады. Солардың бірі Ә.Ермеков те сырттап, өз еліне оралады. Қарқаралыда жаңа ашылған техникумда сабақ береді. Жалпы, теміржолдан, ірі әкімшілік аймақтардан бір қырын, томаға-тұйық жатқан аядай Қарқаралы қаласы өткен ғасырдың бас кезінде А.Байтұрсыновқа да, Ә.Бөкейхановқа да, Ә.Ермековке де әр кезеңде қоныс-тұрақ болады. Бұл шағын қалаға М.Дулатовтың да қатысы болады. Ақмолада 1918 жылы «Тіршілік» газеті шыққанда оған редактор болған Рақымжан Дүйсенбаев та кейін өзінің туған аймағы Қарқаралыны паналаған-ды.
Репрессия ызғарын сезген Ә.Ермеков көңіл төрінен кетпейтін үлкен арманын жүзеге асыру үшін біржолата ғылыми-педагогикалық қызметке ауысады. 1926 жылы Ташкентте Қазақстанның тұңғыш педагогикалық оқу орны – Қазақ педагогикалық институты (Казпедвуз) ашылады. Әлекең алғашқылардың бірі болып осы институтқа оқытушы ретінде шақырылып, математика пәнінен сабақ береді. Әрі жаратылыстану-математика факультетінің деканы қызметін атқарады. Алғашқы ректоры және ұйымдастырушысы, қазақтың тағы бір аяулы перзенті Темірбек Жүргенов болған бұл жоғары оқу орнына Мәскеу, Ленинград, Киев сияқты еліміздің аса үлкен ғылыми орталықтарынан білікті мамандар, тәжірибелі ғалым-педагогтер шақырылады. Бұл жылдары Ә.Ермеков күйеу баласы Темірбек Жүргеновпен (Темірбек 1927 жылы Әлімханның қарындасы Дәмеш Әмірханқызы Ермековаға үйленеді) туыс әрі жасы үлкен, көргені мен көкейге түйгені мол аға ретінде өте жақын араласады. Әлімхан мен Темірбектің т.б. азаматтардың үлкен қажыр-қайраты мен табандылығының арқасында 1928 жылы Казпедвуз Алматыға көшіріледі.
Ә.Ермеков кейіннен Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында жұмыс жасап жүргенде Қазақстанның жаңа астанасы Алматыда 1930 жылдың 30 мамыр – 6 маусым аралығында VII Өлкелік партия конференциясы болып өтті.
Осы конференцияда ұлттық интеллигенция атынан суырылып шығып сөз сөйлеген азаматтардың бірі Әлімхан Ермеков болды.
Өкінішке қарай, Ә.Ермековтің конференцияда сөйлеген сөзі ұлттық интеллигенцияның таңдаулы өкілдерін қуғын-сүргінге ұшыратып жатқан Ф.И.Голощекиннің көңілінен шыға қоймады. Өйткені жағымпаздық атаулыға жаны қас Әлімхан өз сөзінде өлкелік партия комитеті бірінші хатшысының есімін ауызға да алмады. Голощекиннің күткеніндей, Ермеков Алаш арыстарының «қылмысын» әшкерелеп, көгендеген қозыдай халық жаулары қатарына қосып беруден де бойын аулақ салады. Ары таза, азаматтығы биік Ермековтің осындай жасықтыққа баруы мүмкін емес те еді.
Конференцияның алдында Голощекин Алашорда үкіметінің мүшесі болған қазақтың ғұлама ғалымы Ахмет Байтұрсыновты, тарлан ақын Мағжан Жұмабаевты, көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытовты контрреволюциялық жұмысқа араласты деген жалған айып тағып, халық жауы ретінде тұтқынға алдырады.
Конференциядан кейін көп кешікпей Ә.Ермеков «контрреволюциялық қызметі үшін» қазақтың тағы бір ұлы перзенті Мұхтар Әуезовпен бірге түрмеге отырады. Осылайша ол сталиндік зұлмат енді ғана қылаң беріп келе жатқан кезде абақтыға жабылады.
Қаншама пәле-жаланы басына үйіп-төгіп, екі жыл бойы әуреге салғанмен, ештеңе шығара алмаған соң, Ермеков пен Әуезовті түрмеден босатуға мәжбүр болады. Бірақ екі азаматтың сағын сындырып, жігерін жасыту мақсатымен республикалық газеттерде «Алашорданың бұрынғы көрнекті басшылары өздерінің өткендегі қызметін айыптап, Алашорда ұйымының контрреволюциялық ұлтшыл мәнін әшкерелейді» деген редакциялық мақала жариялап, соңында Ермеков пен Әуезовтің мәлімдемелерін басады.
Бұл жөнінде Әлекең өзінің естелігінде:
«...Біз түрмеде көп үгіттен, зорлықтан кейін жаздық бұл хатты. Бізге тіпті оны қалай жазуды да үйретті. Біздің бұл хаттарымыз ол кезде үгіт-насихат үшін керек болды. Міне, Алаштың көрнекті екі өкілі өз айыптарын мойындап отыр. Бұлар Совет өкіметі алдында тізе бүкті деп айтуға керек болды. Басқа сөздеріме тоқталмайын.
Бірінде: «мен халықты жерге орналастыру жөнінде таптық бағыт ұстамай, жалпы, қазақ ауылдарын қоныстандыру керек деп бұра тарттым» дедім. Ал расына келгенде, Қазақстанда ол кезде жерге орналаспаған орыс шаруалары жоқ-ты. Оларды патша үкіметі, әсіресе реакцияшыл Столыпин қазақтың өзенді, көлді, шұрайлы аймақтарына революциядан бұрын-ақ мықтап орналастырған болатын. Ал қазақ ауылдарын тез қоныстандырмасақ, елді сәулеттендіруге болмайды деп Ф.И.Голощекин жаналқымға алды. Сондықтан біз, жоспарлау комиссиясындағы мамандар, наркомымыз Ж.Сұлтанбеков болып, қазақ ауылдарын отырықшылыққа көшіруді жоспарладық. Осы күні республикада әр жерде кездесетін «Казгородок» дегендер соның бір көрінісі еді. Мұндайда бір ауылдың кедейлерін, орташаларын, әр ауылда кездесе бермейтін жекелеген байларды жерге орналастырудан, қора-қопсы салудан қалайша бөліп тастай аласың? Кімді де болса жер бетінен қуа алмайсың ғой. Қуып көрдіңіздер, бірақ олар қайда барса да, әйтеуір бір пұшпақты қоныс қылып отырды. Міне, кейін бізге «сендер бай-кедей демей қазақ ауылын түгел жерге орналастырамыз, қоныстандырамыз дедіңдер» деп айып қылды. Біз әлді адамдарды заңсыз жер аударып жібере алмаймыз ғой. Міне, мен өз хатымда осыны өзімнің зор айыбым, таптық қырағылығымның жоқтығы, марксизмді білмеуім деп мойындадым.
Екінші бір мойныма алған айыбым:
1928 жылы қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеп, кәмпескелеу теріс іс деп білгендігім. Бүгін байлардың малын сыпырып алсақ, ертең мұның теріс әсері күллі қазақ еліне тиеді. Бірте-бірте малды адамдардың бәрі де қара тізімге ілігеді. Сонан соң малдың сүмесімен күн көріп отырған егіншілік кәсібі жоқ көшпенді халық ашаршылыққа душар болады, азып-тозады, бет-бетімен қаңғып кетеді деп ойладық. Міне, өзімнің осы ой-пікірімді іс басында болмаса да, Москвада отырған, ұлықтар алдында ертеден беделі бар Әлихан Бөкейхановқа хат арқылы жеткізіп, оның орталық үкімет басшыларына барып, Қазақстандағы асырасілтеушілікті бөгейтіндей ықпал жасауын өтіндім. Алайда біздің мұнымыздан ештеңе шықпады. Бізді шетімізден көгендеп, тұтқындап, соттағанда менің әлгі Ә.Бөкейхановқа жазған хатым өзіме үлкен айып, қылмыс болып саналды. Міне, мен өзімнің хатымда «негізгі бір қателігім, ауыр айып-кінәм — осы» дедім.
(«Орталық Қазақстан», 1989, 10 қыркүйек).
1937 жылы халық басына қаратүнек орнады. Әлекеңнің ежелгі достары Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов халық жауы болып ұсталып кетті. Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері, оқу-ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов те халық жауы ретінде ұсталады. «Ендігілері аман қалмас» деген оймен Әлекең Алматыны тастап, 1938 жылғы ақпанда Мәскеуге келеді. Онда РСФСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің оқу орындары басқармасынан Куйбышев қаласының Жоспарлау институтына жолдама алады.
Ә.Ермеков 1938 жылдың 3 ақпанынан 17 наурызына дейінгі аралықта Куйбышев қаласындағы Жоспарлау институтының математика кафедрасының меңгерушісі болып істейді. Алайда сол кездегі «жағымпаз жендеттер» ол жақта да ізіне түсіп жүріп, қоймай арызданып, Ә.Ермековті қаматады. Ә.Ермеков жабылған жаладан үзілді-кесілді бас тартады. 1 мамырдан 17 шілдеге дейін жоғары жаққа алты рет арыз жолдап, әділдікті талап етеді.
1939 жылы 28 ақпан күні НКВД-ның әскери трибуналы Ә.Ермековті РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 49 жеке 58-1а статьясы бойынша 10 жылға бас еркінен айырады. Профессор Ермековке тағылған айыптар бірін-бірі жоққа шығаратын, шындыққа мүлде жанаспайтын, ойдан шығарылған зұлымдық жала болатын.
Ә.Ермеков абақтыда жүргенде заңсыздық жаламен жабылғандығын дәлелдеп, арыздануын тоқтатпайды. Осының нәтижесінде ол ақталып, 1947 жылдың басында тұтқыннан мерзімінен бұрын босанып шықты. Сол жылдың 15 тамызынан Ә.Ермеков Шымкент технологиялық институтының математика кафедрасын басқарып, қайтадан ұстаздық қызметін жалғастырады. Өкінішке қарай, ол жалған жаламен тағы да НКВД түрмесіне жабылады. Сол кеткеннен мол кеткен Әлекең 1955 жылғы 7 наурызда КСРО Бас прокурорының қаулысымен түрмеден мерзімінен бұрын босатылып, 1957 жылғы 26 қарашада толық ақталды. Содан кейін өмірінің соңына дейін Ә.Ермеков Қарағанды тау-кен институтында ұстаздық етті.
Әлекең өз жағдайының біразын кейінгі шағым арыздарында өз қолымен былай деп жазыпты:
«...30-жылдардың орта кезінде профессор міндетін атқаратын атақ алдым. Алматының кен-металлургия институтында математикадан сабақ бердім. Кафедра меңгердім. 1937 жылы күзге қарай «Халық жауларын» күні-түні әшкерелеп, тұтқындау күллі еліміздегі тәрізді Алматының да үрейін ұшырып тұрды. Бұрын Қазақстан комсомолының көрнекті жетекшісі болған, кейін Промакадемияны бітіріп, тау-кен институтына директор болған Әшірбек Бүркітбаев, басты оқытушылардың көбісі шетінен қамалып жатқанда, өз тағдыры да қыл үстінде тұрған шақта, бір күні мені кабинетіне шақырып: «Әлеке, маған енді өкпелемеңіз. Бұдан әрі сізді қорғауға шамам келетін емес. Ыңғайыңыз келсе, бір жаққа кетіп қалыңыз. Аспан асты қуыс қой», – деді. Солай келістік. Өз сұрауым бойынша деп Әшірбек інім бұйрық берді. Рақмет! Көп кешікпей Ә.Бүркітбаевтың өзі де қамалды. Мен Самараға, Куйбышев қаласына кетіп қалдым. Сондағы мемлекеттік жоспарлау институтына математика кафедрасының меңгерушісі, профессор болып орналастым. Беделді болдым. Жұмысымды жақсы істеп жаттым. Тек 1938 жылдың мартында осы қалада мені тұтқынға алып, этаппен Қазақстанға әкелді. Қорлық-қысастықта шек болмады. Ешуақытта істемеген, үш ұйықтасам түсіме кірмеген неше түрлі қылмысты жауып бақты. Бірін де мойныма алмадым.
Қалайша өзімді-өзім зиянкес, шпион, шетел агенті, Совет үкіметін құлататын (шетел агенті) астыртын ұйым құрдым демекпін! Таласып, арпалысып бақтым. Айлап ұйқы бермеді. Тізе бүктірмей, тіке тұрғызып қойды, аяғымның буыны ісіп кетті. Ақырында шалқамнан жатқызып, екі аяғымды керіп қойып, жанды жерімен тепкіледі. Сүзіскен қошқарлардай жүгіріп келіп тебеді. Бұл тергеушілердің аттарын әлі ұмытқан жоқпын. Катков, Оспанов, Халимуллин. Мұны заңсыздық, қысастық, қиянат деу жеткіліксіз. Бұл – нағыз хайуандық. Адамға аң да бұлай қарамас. Есімнен тандым. Есеңгірегенде көзіме неше түрлі елес көрінеді. Орысша айтқанда, галлюцинация пайда болды. Есімнен ауып, алжаса бердім. Інім Мүсілім, қарындасым Дәмеш, ұлым Мағауия, қызым Рауқилия, әйелім Рахия — бәрі талмаусыраған кезімде ағаш басына қарқылдап қонған жауын күнгі қарға-сауысқандай шуласып, өң-түсім аралас «Қылмысты мойындаңыз! Мойындамасаңыз, өлесіз. Осылардың айтқандарын істеңіз» деп улап-шулай береді. Сол кезде тергеушілер күні бұрын дайындап қойған протоколдарға қол қойыппын («Орталық Қазақстан», 1989 жыл 2 қыркүйек).
Әлімхан Әбеуұлы Ермеков 1970 жылы маусым айының аяқ шенінде 79 жасында дүние салды. Газетте шыққан некрологте: «Әлімхан Әбеуұлы жан-жақты, білімді, терең эрудициялы, жоғары мәдениетті адам еді, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер арасында зор құрметке бөленді... Өмірінің ақырғы күндеріне дейін өзінің көптеген оқушысының жан-жақты дамып, өсуіне қуанумен болды», – деп жазды.
Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор, академик, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты