Мұстафа Шоқай еңбегіне саяси баға берілер уақыт жетті...
Түркі жұртының ұлы тұлғасы, көрнекті қайраткер Мұстафа Шоқайды «фашистердің сыбайласы» деп даттаған өскемендік Flash газетін сотқа берген ақын Қасымхан Бегмановтың талабын әуелде Өскеменнің қалалық соты қанағаттандырмаған болатын. Алайда Мұстафадай арда азамат үшін бітіспес майдан ашқан ақын соңына дейін күресетінін айтып, алған бетінен қайтпаған. Ақырында Қ.Бегмановтың апелляциялық шағымын қанағаттандырған Шығыс Қазақстан облыстық соты Алаш арысын қаралаған аталмыш газетке әуелгі пікірін терістеген мақала жариялауды және моральдық шығын ретінде Қ.Бегмановқа 100 мың теңге өтемақы төлеуді міндеттеген. Бірақ шешімге мойынсынғысы келмеген газеттің бас редакторы Конституциялық сотқа шағымданатынын білдірген.
Біздің бүгінгі айтпағымыз болған немесе болатын сот істерінің егжей-тегжейі емес, осы талас-тартысқа өзек болып отырған Мұстафа Шоқай мен оның есімімен байланыстырылатын бірқатар мәселе төңірегінде болмақ. Мәселен, Мұстафа Шоқайдың Орта Азияны «халықтар түрмесі» болған КСРО шеңберінен құтқарып, азаттыққа жеткізуге бағытталған күллі қажыр-қайратын жоққа шығаруға тырысатындар басты желеу етіп ұстанатын «Түркістан легионының» ақиқаты неде және Мұстафа Шоқайдың ондағы алатын орны қандай? Енді осы төңіректе бірер сөз.
Легион қалай құрылды?
II Дүниежүзілік соғыстың алғашқы айларында жүз мыңдаған кеңес әскері немістерге тұтқынға түсті. Олардың арасында өзбек, қырғыз, тәжік сияқты Орта Азия халықтары өкілдерімен қатар, қазақтар да аз болған жоқ. III рейхтің оккупацияланған аймақтар басқармасы бойынша министрі А.Розенберг Түркістан мұсылмандарын кеңестер билігінен құтқару жолындағы күрес деген сылтаумен сол тұтқындардан әскери бөлімшелер құруды ұсынады және бұл жоғары жақтан қолдау табады. Сөйтіп, 1941 жылдың күзінде «Түркістан полкы» құрылады.
Міне, осы кезде тұтқындарды жаңа жасақтың құрамына көптеп тарту үшін күшті үгіт-насихат жүргізетін көрнекті қайраткерлер, көсемдер қажет болады.Түркістан халықтарының тәуелсіздігі жолындағы күресін Еуропада жалғастырып жүрген Мұстафа Шоқайдың бұл мақсат үшін таптырмас тұлға екендігін білген фашистер дереу оны осы жұмысқа тартады. Көмекшілікке өзбек Уәли Каюм бекітіледі. Осылайша, олардың концлагерьлерді аралап, тұтқындар алдында сөз сөйлеуі басталады. Алайда лагерьлерден көрген жағдайлары Мұстафаны қатты түршіктірді. Өйткені тұтқындар қиын жағдайда, өлімші хал кешіп жүрген болатын. Азық-түлік, сусын және баспана тапшылығы ең жоғары деңгейде еді. Бұл аз болғандай, неміс әскерлерінің әсіре нәсілшілдіктен туындаған қан-құйлы зұлымдығы да бастан асатын.
Шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қараның сөзімен айтсақ, олар әсіресе татарлар мен түркістандық тұтқындарды қит етсе атып тастаудан тайынбайтын. Бұл жағдайларға куә болудың Мұстафаға ауыр тигені соншалық, ол мұны көргенше, өліп кеткенді артық санады. Осылайша, лагерьлердегі алғашқы күннен-ақ Мұстафа Шоқай ұлтшылдармен бірге кеңестерге қарсы Түркістанның саяси құқықтары үшін күресудің мағынасыз және тіпті зиянды екендігін аңғарды. Соған қарамастан, өзі де тұтқын сипатында болғандықтан, тұтқын комиссиясындағы қызметін жалғастыруға мәжбүр болды. Бірақ өз қалауынан тыс атқарған бұл қызметіндегі басты мақсаты – неміс әскерінің Кеңестер Одағына қарсы жүргізіп жатқан соғысында жеңіп шығуын қамтамасыз ету емес, тұтқындардың ауыр жағдайын біршама болса да жақсарту болды. Ол бүкіл жұмыс уақытын, тіпті өмірінің қалған бөлігін осы мақсатқа арнады.
Тұтқындар лагерьлерінде болған кездерінде ол көптеген мұсылман тұтқынның нақақтан-нақақ атылып тасталуына кедергі болды. Алайда оның қолында тұтқындардың ауыр жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретіндей ешқандай билік болмады. Дегенмен де немістердің басшылық орындарына хат жіберіп, осындай адам төзгісіз жағдайдың жақсартылуын сұраудан танған жоқ. Тағы бір үлкен ұстанымы – ол Түрікстан легионының соғысқа қатыстырылуына қарсы болды. Егер де жазықсыз күйе жағушылар айтқандай, Мұстафа Шоқай немістермен сөзі жарасқан адам болса, қазасының өзі соншалықты құпияға толы болмас еді...
Түркістандық тұтқындардың кейінгі тағдыры
Тарихи деректерге жүгінсек, Түркістан легионы әскерлері ең алғаш рет соғысқа 1942 жылы, Астрахань бағыты бойынша қатыстырылған. Ал Мұстафа Шоқайдың одан бұрын қайтыс болғаны белгілі. Шамалы ұрыстардан кейін немістер легионды ұрысқа кіргізуді қойған. Өйткені бөлімшелерде бұрынғы коммунистер мен комиссарлардан жасырын ұйымдар құрылып, өзара үгіт-насихаттар жүрген, нәтижесінде легионерлер жүздеп, мыңдап, кеңестердің әскери бөлімшелері мен партизандар жағына өтіп кетіп отырған. Алайда тұтқындардың бұл әрекеті ылғи да сәтті бола бермеген. Өйткені көп жағдайда біздің құрамалар оларды қабылдамаған және кері тепкен. Легионға деген сенімін жоғалтқан неміс командованиесі ақырында оларды соғысқа қатыстырудан мүлде бас тартып, құрылыс, теміржол, көлік, тасымал сияқты қосымша бөлімшелердің жұмысына салған.
«Түркістан легионында» болған тұтқындардың соғыстан кейінгі тағдыры да өте ауыр. Себебі аяусыз қуғын-сүргінге ұшырап, азапты лагерьлерге айдалды. Мәселен, соғыстан кейін Алматыда 600 легионерге жария түрде сот болды. Қызыл шеңгелге түспей қалған легионерлердің бірқатары туған жерден мүлде безіп, шет мемлекеттерге тентіреп кетті. Ал кейінірек, Қостанай қалалық ҰҚК төрағасының орынбасары Серік Шәкібаевтің «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы жарық көрді. Тап осы кітапта Отанына опасыздық жасаған сатқын ретінде көрсетілген Мұстафа Шоқай өзіне жазықсыз жабысқан осы қара таңбадан күні бүгінге дейін құтылмай келе жатыр деуге болады. Алаш арыстары жаппай ақтала бастаған тұста да, одан кейін де Мұстафа Шоқайдың әділ бағасын беру туралы жасалған талап-тілектері ескерусіз, тіпті қараусыз қалып отырған. Мәселен, осыдан он шақты жыл бұрын Түркістан легионы туралы мәселені Парламент сенатының Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссиясының мүшесі, тарихшы Бақыт Садықова да көтерген екен. Бірақ бәрібір жабулы қазан жабулы күйінде қалған.
Әңгіменің тоқетері, тап осы мәселеге қатысты айтқанда бүгінде мынандай сұрақтардың әділ жауабын беру аса маңызды болмақ. Мәселен, соғыс тұтқындарын Түркістан легионына кіруге не мәжбүр етті? Олардың тап осы мәселедегі бар кінәсі, мүмкін, күнәсі – тұтқынға түскендігінде ме? Легионның арқасында қанша әскер концлагерьлерден аман қалды және Қызыл Армия жағына өтті? Ең бастысы, осы «Түркістан легионы» тарихындағы Мұстафа Шоқайдың алатын орны қандай? Түркістан легионын құру жөніндегі басты ой, түпкі мақсат неміс командованиесінен шыққан болса, біз неге Мұстафа Шоқайды легионның негізін қалаушы ретінде көруіміз керек?..
Мұстафа мұраты және Тәуелсіздік идеялары
Рас, Мұстафа тұтқындар алдында сөз сөйледі, үгіт жүргізді. Бірақ қайраткер тұлға осы орайда басқыншыларға қызмет етуді емес, елін азаттыққа жеткізуге септігін тигізуді көкседі. Фашистік Германияның КСРО-ға соғыс ашуын Түркістан халқын қызыл шеңгелден құтқарудың бір жолы деп білді. Мұстафа Шоқайдың Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық қозғалысын Еуропада үздіксіз жүргізіп, мезгілі жеткенде оны Түркістанның өз ішіндегі жергілікті қарсылық күштерімен біріктіру тұрғысындағы стратегиялық әдіс-тәсілдерінің дұрыстығын саясаттанушы ғалымдар бүгінде жоққа шығармайды. Түптеп келгенде, Мұстафа Шоқайдың мақсат-мұраты, ой-арманы бүгінгі Тәуелсіздік идеяларымен үндес, сарындас. Демек, Мұстафаның қызыл жүйені жек көргені қазақты жек көргені емес. Ендеше, ол жау болуға тиіс пе?! Ал қазақтың Мұстафа Шоқайдан қаһарман жасауына наразылығы оянған Д.Данилевский оның «фашистермен сыбайластығын» дәлелдеу үшін жоғарыда аталған С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабына сүйенгендігін айтыпты. Сол сияқты, Бақыт Садықованың «Казахстанская правда» газетінде 1997 жылы жарияланған мақаласын тілге тиек еткен екен. Яғни солақай саясаттың сарынымен пайда болған ертеректегі деректерге сүйенген де, соңғы уақыттардағы, тың көзқарастар негізінде жазылған ғылыми деректерді есепке алмаған. Осының өзі де көп жайды аңғартары анық.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Қасымхан Бегманов айтпақшы, ең алдымен, ресми билік орындары ұлттық тұлғалар туралы өздерінің сөздерін айтып, солардың тізімін жасауы тиіс. Сөйтіп, тарихи тұлғаларға тіл тигізгендерді жауапкершілікке тарту мәселесін заң жүзінде реттеу қажет. Олай болмаған күнде қысыр сөз, бос әңгіме ешқашан тыйылмайды. Оны Д.Данилевскийдің «Азаттық» радиосына берген сұхбатындағы: «Қазақстанда Мұстафа Шоқай елге еңбегі сіңген қайраткер, не батыр ретінде саналған емес. Шоқайдың еңбегі мойындалған мемлекеттік комиссия қорытындысы да, Президенттің жарлығы да, тіпті заң да жоқ» дегендегі сөз сыңайынан байқауға болады. Бұл – бір жағынан, ащы шындық. Айтса-айтқандай, біз «Түркістан!» деп, «Алаш!» деп өмірі өксікпен өткен аяулы арысымызды өз дәрежесінде мойындай да, бағалай да алмай келе жатырмыз. Қазақтың көрнекті жазушысы Әнуар Әлімжанов «Мұстафа Шоқайұлы ешкімнің ақтауына мұқтаж емес. Ол өзін-өзі шығармаларымен, ерлігімен ақтап отыр. Оны тарих пен уақыт ақтады. Түркі тілдерінде сөйлейтін халықтар оның өзіне лайық бағасын беруде» деп, ұлттық санамыз енді-енді оянып келе жатқан сонау 80-жылдардың соңында-ақ жазған екен. Өкінішке қарай, әзірге осы үмітке малданумен келеміз...
Әбдіуақап ҚАРА, шоқайтанушы ғалым:
Мұстафаның гитлершілермен ымыраға баруы мүмкін емес болатын
– Легион жобасына Мұстафа Шоқайдың қалай қарағандығы туралы өз жазбаларында қандай да бір мағлұмат кездеспейді. Солай бола тұрса да, оның бұл жобаға жылы қарамағандығын, сондай-ақ одан тыс қалуға тырысқандығын айта аламыз. М.Шоқайдың бұл жобаға қатыспауының маңызды себептері болды. Олардың ең бастысы Шығыс халықтарын төменгі адамдар ретінде көрген нацистік идеология еді. Нацистер әсіресе Шоқай қаншама жыл бойы саяси құқықтарын қорғау жолында күрескен қазақ, қырғыз, өзбек және татар секілді халықтарды төмен санады. Бұл көзқарас нацистік биліктің ең жоғарысындағы Гитлерден бастап, нацистік партияның ең төменгі сатысындағы қарапайым мүшесіне дейін, нацистердің барлығының бойында кездесетін. Гитлер де осы көзқарасты қолдаған баяндамалар жасайтын. 1941 жылы 11 желтоқсан күні Рейхстагта сөйлеген сөзінде Гитлер соғыста большевиктер жеңген жағдайда Еуропаның бейбітшілігін моңғолдар мен татарлар белгілейтінін және мұның бүкіл Еуропаны үлкен бір апатқа ұрындыратынын атап өткен болатын. Гитлердің бұл сөзі нацистердің моңғолдар мен татарларды дос емес, дұшпан ретінде санайтындығын ашық түрде көрсетеді.
Гитлерде Түркістан халықтарын қорлау шамадан тыс болатын. Оның пікірінше, Германия кеңес территориясына билігін жүргізер болса, Орта Азияның түркі халықтарымен ешқандай да қарым-қатынас жасалмайтын еді. Тек оларды неміс ықпалында ұстап отыру мақсатында жыл сайын бір топ қырғызды неміс астанасына саяхатқа алып келуге болатын еді. Бұдан басқа олармен ешқандай да бір байланыс орнатуға болмайтын еді. Ал, шындығында, Шоқай саяси қайраткер ретінде халқын төмен көретіндермен бірге істесіп, ынтымақтастық жасай алмас еді. Мұстафа Шоқай үшін халқының намысын қорғау барлық нәрседен жоғары тұратын. Мәселен, большевиктерге қарсы саяси салада талай жыл бірге күрес жүргізген Керенскиймен ат құйрығын кесісіп, жолдарын айыруына оның басқаруындағы «Дни» газетінде түркістандық әйелдерді орангутанға балаған бір мақаланың жариялануы себеп болған. Бұл теңеу Шоқай үшін адам төзбес қорлау еді. Ал нацистердің барлық Түркістан халқын қорлауы бұдан да бетер болатын. Бүкіл күресін Түркістан тәуелсіздігіне арнаған Шоқайдың мұндай қорлыққа көніп, Гитлердің нацистік партиясымен саяси салада қандай да бір байланысқа баруы мүмкін емес еді. Мұстафа Шоқайдың саяси күресінің басты мақсаты Түркістандағы кеңес билігінің орнына тәуелсіз ұлттық басқару жүйесін орнату болды. Сол себепті де ол кеңестер үшін режим қарсыласы болып танылды. Сондықтан да қызыл жүйе оның өмірі мен идеялары туралы мәлімет таратуға тыйым салды. Кеңес идеологиясының Мұстафа Шоқайды «халық жауы» етіп көрсетуінің басты себебі осында жатыр.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарихшы ғалым:
Шоқай сынды арыстарымызға күйе жағуға жол бермеуіміз керек
– Алаш ардақтыларына сыни пікір айтылып, оларға бұлайша күйе жағылуы бірінші рет емес. Бұған дейін Әлихан Бөкейханов жайлы орыс тілді газеттердің біріне «Әлихан Бөкейханов – террорист» деген мақала шыққан болатын. Тура осы мәселе араға үш-төрт жыл салып қайталанып отыр. Бұл жолы Мұстафа Шоқайды қаралауда. Мұстафа Шоқай жайлы көптеген зерттеу еңбек жарияланды. Елінде Мұстафа Шоқайға ескерткіш қойылды. Халық Мұстафа Шоқайдың еңбектері және қызметтерімен танысты. Соған қарамастан, «Мұстафа Шоқай – сатқын, фашист» деген пікірлер айтылыпты. Мұны жазған авторлар Сергей Михеев пен Денис Данилевский білмейді деп ойламаймын. Бұлар біледі. Олар сауатсыз адамдар емес. Олар өздерін тарихшымыз деп жүр ғой. Демек, олар Мұстафа Шоқай жайында бәрін де біледі. Бұл жерде мәселе басқада. Бұлар империялық кезеңді аңсайды. Сол кезді сағынады, көксейді. Оларда «қазақ халқының қоғамдық пікірі, ойы империялық кезеңнен ұзап кетпесе екен», «ұлттық сана нығаймаса екен», «қазақ халқы үнемі Ресейге жалтақтап отырса екен» деген мақсат бар. Біз өз ұстанымымызды қорғауымыз керек. Қоғам болып, зиялылар болып Шоқай сынды арыстарымызға қара күйе жағуға жол бермеуіміз керек. Олармен күресудің жолдарын қарастырған жөн.
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарихшы-ғалым:
Мұстафаны айыптауға ешқандай негіз жоқ
Мұстафа Шоқайдың дүниетанымы шығыс және батыс өркениеттерінің тоғысында қалыптасқан: ол өз халқының рухани мәдениетінен нәр алды, орыс, француз, түрік әдебиеттеріндегі қоғам дамуы теорияларымен етене таныс болды, олар оның өз танымында қорытылды. Жас кезінен өз халқын, бүкіл түрік-мұсылман қауымын орыстармен, өз дамуында алға кеткен басқа да халықтармен терезесі тең дәрежеге жеткізуді армандап өсті. Зеректігі, алған бетінен қайтпайтын табандылығы, еңбекқорлығы мен өжеттігі арқасында В.В.Бартольд, В.В.Радлов, Бодуэн де Курте, А.Н.Самойлович секілді атақты ғалымдардың назарына ілікті. М.Шоқай көзқарасына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов секілді ұлт зиялылары тікелей ықпал етті.
Мұстафа Шоқайды «фашистік Германиямен одақтас болған, «Түркістан легионын» құруға қатысқан» деген айыптауларға ешқандай негіз жоқ. Кезінде орыс эмигранттары да Мұстафаны «Англияның тыңшысы, Францияның арнайы қызмет орындарынан да ақша алып тұрады» деп жазған. Соны естіп Мұстафаның: «Оған француз капиталын да қоса салыңдар», – деп кекететіні бар. Кеңестер Одағының идеологтары да ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерін қаралауда алдарына жан салмайтын. Мұстафа Шоқай саяси ұстанымдарының сәйкестілігіне байланысты бір ғана Польшамен тығыз қарым-қатынаста болған. Мұны өзі ашық айтқан.
Розенбергтің Мұстафаны әскери тұтқындағы түркістандықтардың тізімін жасауға, олардың білім деңгейін, мамандығын анықтау жөніндегі жұмысқа пайдаланғаны рас. Олармен кездесу барысында Мұстафа кеңес армиясына қарсы соғысу жөнінде бір ауыз сөз айтпаған. Оның үстіне Түркістан легионы М.Шоқай қайтыс болғаннан кейін құрылған.
1948 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Берлиндегі бөлімшесіне «Мұстафа Шоқайға қатысты компрматериал іздеу туралы» тапсырма беріледі. Біраз уақыттан кейін Берлиннен М.Шоқайды қаралауға негіз болатын ешқандай «компрматериал» таба алмағандарын айтып жауап келеді. Ресей Мемлекеттік әскери мұрағатында кездейсоқ қалып қойған осы құжатты мен «Әлем таныған тұлға» атты кітабымда жарияладым, ал оны кеңес өкіметі ұзақ уақыт бойы жасырып келді.
М.Шоқайдың ұлы тұлға екендігін өзімен қатар жүрген мемлекет, қоғам қайраткерлері көзінің тірісінде-ақ мойындайды. Украина Халық Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А.Шульгиннің ол қайтыс болғаннан кейін: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, Мұстафа Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді»,– деуінде шындық жатыр.