КЕРБҰҒЫ

КЕРБҰҒЫ

Алтайдың ақиығы Оралхан бөкейдің туғанына – 70 жыл
Асылы, білімдар адамдар өлгенше оқисың, білімнің ұшы-қиыры жоқ деп жатады. Ұлы Мұхаңның «Пәлі, Абай деген дария ғой, мен одан қасықтап қана алдым» дегені секілді біздің көп адамнан қасықтап үйренеріміз көп. Үйрене алмай жатсақ, оның серті өзімізге жүретінін көп парықтай бермейміз. Сондай біздің әлі үйренеріміз көп жазушының бірі – Оралхан Бөкей.
«Менің Оралханым» деген естелік кі­тап­ты оқығаннан кейін Жұмабай Шаш­тай­ұлының «Оралханның балаң күнінде жаз­ған дүниелерін қарап отырып, соншалықты мықты қаламгер шығады деп ойламайсың. Бірақ ол шарықтап кетті. Осының себебі не екен» деген сауалына әлі толық жауап табылмағаны қалай?
«Оралхан Бөкей несімен мәңгілік» деген сауалдың жауабын оның том-том кітап­тарын оқумен ғана жауап бере алар едік. Осы сөзді айтуға менің қаншалықты құқы­ғым бар екенін білмеймін. Өйткені Орал­ханды түгел тауысып оқымадым, зерт­темедім.
Адам туып, жастық шағын бастан ке­шіріп, дүниеден озғанымен, жастар деп аталатын кеңістік өзгермек емес. Бір тол­қын өтеді, келесі толқын жетеді. Ал бірақ барлық адамның жас кезінде кешетін сезімдері, албырттықтары, лапылдап тұр­ған от сезімдері ұқсас келеді. Оралхан болса әр жастың жүрегін шабақтаған се­зім­нің диагнозын дәл қойып, әр нотаның үстінен дөп түседі. Оралханның бірінші мәңгіліктігі – осы.
«Аспирант қыздың тракторшы жігіті» деген әңгімесіндегі жігіттің бастан кешкен сезімі, психологиясы студент жастардікі. Әркімнің өз Қалқашы бар. Айтатын ойы, ойлаған күдігі – бәрі жастыққа тән. Сол шы­ғарманы оқыған түні өзің ғашық бол­ған қызға Оралханның абзацтарын ұрлап, хат қып жазғанымыздың несін жасырайық. Болмаса «Жылымығын» жақсы көрмейтін жасты табыңызшы. Соқыр қыз бен жігіттің арасындағы диологті оқып отырып, көз­дің соқырлығынан жан соқырлығы қор­қынышты екенін түсінгенде өзіңнен өзің шошып, өз рухыңа, болмысыңа үңі­летінің қалай?.. Бұл жазушының шеберлігі ме?!. Содан бастап сен өзіңнің рухыңның, көкі­регіңнің көзін ашуға ұмтыласың. Жаныңды тәрбиелейсің.
«Рокуээл Кенттің автобиография­лық шығармасын оқып, менің де өмірбаяндық шығарма жазғым келді. Менің өмірім – қатарластарымның ішіндегі ең қызық­ты­сы», – деген Оралханның өмірі шын мәнін­де оқиғалы өмір еді. 25 жасында Шыңғыс­тайдан атақты болып келген жазушы сол атағымен өмірден озды. Өмірге бірнеше оптикалық құралдармен қарайтын Орал­хан шығармаларында еш­кім айтпаған, бай­қамаған тұстарды, қал­тарыстарды жазуға тырысады.
«Бәрі де – майдан». Жоғарыдағы ру­хы­ңызды тәрбиелеудің өзі – майдан. Осы повесіндегі Ақан шалдың ғұмыры, траге­диясы, адалдығы ешбір оқырманын бей­жай қалдырған емес. «Сендер курортта болдыңдар. Не көрдіңдер?» деп өмір бойы қажап өткен көршісінің иттігі бір оқырманын жиіркендірмей қоймайды. Сонда біз Ақан сияқты ер болуға, оның жары секілді төзгіш, мұратшыл жан болуға ұмтылдық. Енді қарасаңыз, Оралхан біздің тәрбиешеміз екен. Бұл – Оралханның тағы бір ерекшелігі.
Осы повесінің жоғары жағында «ардақты әкем Бөкей мен аяулы анам Күлияға арнадым» деген эпиграф бар. Расымен, ата-анасына мәңгілік мөлдір ескерткіш болды. Шығармадағы Ақан мен Алманың арасындағы қарым-қатынас шын өмірдегі Оралханның анасы мен әкесі арасындағы сыйластық еді. Оны қарын­дасы Ғалия Бөкейқызы айтқан. Сонда ар­ғы аталары Дос шешен болған, өз әке­сінің болмысын Ақан арқылы, анасының кісілік келбетін Алма арқылы түсінгенде, Орал­ханның шыққан тегі ақсүйектікке, бекза­далыққа жетеқабыл екенін білесің.
«Адамдар асығады да жүреді. Қайда асығатындарын өздері де білмейді. Білсе, асықпас еді ғой» деген сөз шеберінің өзі де арамыздан асығыс аттанғандай. Орал­хан туралы сөз айтудың қиындығын сезін­ген сайын, өзінің айтқан әр сөзін төбе би­дің айтқан сөзіндей қабылдай бер­мек­піз. «Жоспарланған дүниемнің көптігі сон­дай, олар – ешқашан жазып тауыса ал­май­тын шығарма», – деп қиналғаны Тәңір­ден же­тер бұйрықтың аяқасты екенін сез­геннен кейін шығар.
«Цензураның мың ширатылған қызыл жылан жіптерімен қол-аяғы мықтап байланған О.Бөкей кеңесті кемсітудің жолын дәл тапты; ол – қазақты биіктету, рухын ояту... Қаламгер сондықтан да кі­тап­тан кітапқа қазағын Алтайдың асқар шыңына өрлете берді. Ең аяғында өзі де қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып тұрып қалды. Мәңгілікке!..» – деп әділ, тура айтқан Марат Қабанбайдан асып не сөз айт­пақпыз?!.


Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ


Оралхан рухы туған өлкесінде асқақтады
Алғаш рет қазақтың Оралханына айналған қаламгермен «Ұйқым келмейді» кітабы арқылы таныстым. Онда алтыншы сыныпта оқитын кезім. Алматыда оқитын әпкем қысқы демалысында маған бес-алты жазушының шығармаларын сыйлыққа алып келіпті. Арасында Орағаңның да кітабы бар екен. Содан бері Оралхан Бөкей менің ажырамас бір бөлшегіме айналды.

Биыл Алтайдың Кербұғысына айнал­ған жазушыға 70 жыл толды. Суреткердің 70 жылдық мерейтойын бүкіл Алтай той­ла­ды. Астанадан, Алматыдан ат арытып жеткен қонақтар үш күн бойы Шыңғыстай­да Алтай жыршысын еске алып жатты.
Табиғаты ерекше, Бұқтырмасы бөлек әсем Алтайдың сұлулығын көрсеңіз, Ора­ғаң елестейді. Орағаң мен Алтай, Орағаң мен Шыңғыстай егіз ұғым сияқты. Той әуелі Катонқарағайдағы суреткерге қо­йыл­ған зәулім ескерткішпен ашылды. Катонқарағай ауданының төрінде орын тепкен Орағаңның ескерткіші тірі жазушы­ның өзін көз алдымызға әкеледі. Бұл ес­керткіштің жазушының образын берген еліміздегі бірден-бір ескерткіш екенін ай­тып жатты тойға жиналған қауым. Бір жағы Алтайға, бір жағы қалың қазағына қасқая қарап тұрған Орағаңның сұлулық­ты, табиғаттың көркемдігін жырлау үшін келгенін паш еткендей.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев: «Әкімдер, министр­лер бұл өмірге келеді, кетеді. Көбі есте қал­майды. Мәңгілік есте қалатын – ақын­дардың, жазушылардың, композиторлар­дың туындылары. Сол кісілердің еңбегі­нің арқасында ұлт бар екенін, мемлекет бар екенін таниды. Қазақ дейтін ұлт бар еке­нін, Қазақстан дейтін мемлекет бар екенін білдіргендердің біреуі – жерлесіміз Орал­хан Бөкей. Осы Оралханның арқа­сын­да ең бірінші әрбір қазақ өзінің туған жеріне, еліне деген махаббатын түсіне бас­тады. Әрбірі өзінің елін, жерін сүюді Орал­ханнан үйрену керек», – деген еді.
Қатондағы Мәдениет үйінде Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына орай ғылы­ми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылы­ми-тәжірибелік конференцияны белгілі жазушы Әлібек Асқаров жүргізді. Ғылыми-тәжірибелік конференцияға қаламгердің қаламдас достары Кәдірбек Сегізбаев, Қуа­нышбай Құрманғалиев, Төлен Әбдік, Марат Мәжитов, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай, інілері Дидахмет Әшім­хан­ұлы, Тұрсын Жұртбай, ақын Жанат Әс­кер­бекқызы қатысып, қаламгер туралы ойларын ортаға салды. Тұрсын Жұртбай өз сөзінде қаламгердің атақты шығармасы «Атау­керенің» қалай жазылғанын айтқан еді. «Атаукеренің» әуелдегі аты «Қауіпті бу­дан» болған екен. Тұрсын аға оның «Қа­уіп­ті будан» деген атауынан гөрі «Атауке­ре­ге» көбірек келетінін айтқан екен. Осы­лай­ша суреткер ғалымның пікіріне құлақ асып, әйгілі шығармасын «Атаукере» деп атапты.
Конференция барысында суреткер туралы әдемі естеліктер, әдемі әңгімелер өрілді. Алтай туралы сөз болса, Орағаңды айтпау мүмкін емес. Оралхан Бөкей тура­лы айтылса, Алтайдың таулы сілемдері сөз болар. Әлде «табиғат та адам секілді, өзін кім сүйсе, соған ғана ықыласы ауып, ыр­қына көне ме екен?..
Белгілі публицист, «Айқын» газетінің ре­дакторы Нұртөре Жүсіп Өрел ауылын­да өткен кездесуде: «Біздің жақта қыс ұзақ» деген шығармасын оқыған шығар­сың­дар. Алтайда сегіз ай қыс болады. Қа­сат қардың биіктігінен адам аяқ алып жүре алмайды. Бораны аңыраған аязды қыста пеш түбінде, сол пештің бірде гүрілдеген, бірде ышқына ысылдап шыққан дауысын естіп жатып қиял әлеміне енетін шақтар болады. Оралхан ағаларыңды жазушы ет­кен – сол қиял», – деген әдемі сөзді айтқан еді. Қиял әлеміне шарықтаған әрбір бала­ның өз Мұзтауы, өз қасқа құлыны болады. Ең бастысы, Орағаңның бізге «Мұзтаудың қасқа құлынына» айналғалы қашан?!

Атаукере
(Тағанның монологінен)
...Егер әлем саясаткерлері мен тарих­шылары Тағанға ізгілік, ақиқат, болашақ туралы болжамдар мен өмірлік пробле­ма­лардан емтихан тапсырса, ешқайсысы да зачет ала алмас еді. Ондай атты күн қа-й-да-а... «НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..»
***
 ...Жер бетінде өткен соғыстан соң да жетіліп кеткен адамзат болашағы өздері байыбына бара қоймаған айқастың құрбаны боларын аспансығандар сезе ме, — сезеді, бірақ өлермендікпен өшігеді өмірге. Неге? Бұл сұрақтың жауабын мал баққан қаймана ел бере алмақ емес. Сондықтан да аяйсың әрі осы бір өз жаныңда әмір жоқ бейнетқорлардың кәперсіз кәсібіне қызығасың. Ең бастысы — олар қару жасамайды екен.
«НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..»

Гүлзина БЕКТАС


Әр қазақтың сырласы
Оралханды оқымаған оқырман жоқ десек, ешкімнің таласы болмас. Бүгінде ең көп оқылатын шығармалар Оралхан Бөкейдің қаламынан туған дүниелер екені де даусыз. «Оралхан шығармаларының көп оқылуының, автордың оқырмандардың сүйіктісіне айналуының сыры неде?» деген сауал төңірегінде қаламгер қауымы көптеген жауап айтты. Өз пікірлерін білдірді. Ал біз бүгін «Оралхан Бөкей сізге несімен қымбат?» деген сауалды оқырманның өзіне қойдық.

Болат МҮРСӘЛІМ: Оралхан Орал­хан­ның ғана көзіне ілігетін, Оралханның ғана нәзік түйсігі сезетін өмірдегі көр­кем­дікті прозаға саф та мөлдір бояуын төкпей-шашпай әкелді. Оралханның өнердегі поэ­тикалық сөзі мен абстракциялық биікке шыққан толқын да толқын импровизациясы прозадағы шарттылықтарды бұза отырып, жаңаша жазу стилін әдебиетке әкелді. Өзі «әдебиетке есіктен емес, терезеден секіріп кіру керек» деп сыпайыласа, бүгінде оның терезеден секіріп қана емес, әйнектерін күл-парша етіп шашып кірген еркіндігін көре­міз. Оралханның мәңгілігі де осы еркіндігінде болса керек.
Қайсар ҚАУЫМБЕК: Маған ерекше әсер ететіні – Оралхан шығармаларының лири­калығы мен кейіпкер психологиясын шегіне жеткізе ашып беретіндігі. Мысалы, «Атау­керені» оқып отырып, қанша жек көр­сеңіз де, Еріктің мінезінен өзіңізді тауып алып оты­ра­сыз. Саналы оқырман, осыны бір сәт мойын­даңызшы. Ал Тастың (Тас­жан), Бар­хан­ның, Нұрланның, Нұржанның т.б кейіп­керлерден де өз бойыңыздағы нәзік сезім­дерді тауып алып отырасыз. Орал­­хан шығар­­маларының мәңгілігі осын­да шығар. Ал мы­наған таң­ғалам, Оралхан ақын болса қайтер еді?! Ол өз дәуірінде ақын болып туылса, сол кезеңдегі қазақ поэзиясының олқы тұсын толтырар еді де, сол жерден асқаралы шың болып көте­ріліп кетер еді. Ал содан кейін оның құзар шы­ңы­на қалпа­ғы­мыз түскенше шалқая қарап, соңыра етегіне жар­масып еліктеп кетер ме едік Демек, қазақ поэзиясы бүгінгідей емес, мүлде бас­қа ар­намен ағар еді деп ой­лаймын.
Заңғар КӘРІМХАН: Шығарма көркем шығарма болғалы адам тағдырын ар­қау етеді. Сондықтан оның құндылығына баға бергенде туындыдағы әр образдың аста­рына үңілуге тура келеді.
Оралханда жағымды, жағымсыз деген кейіпкер жоқ, бірақ солардың түрлі әрекеті бар. Сол арқылы олардың адамдық қасиеті танылады, кісілік келбеті көрінеді. Ондағы кейіпкердің қилы жолға түсуіне не себеп, олар өмірге не үшін қапалы, не үшін қуана­ды, неден түңіліп, нені үміт етеді, міне, осын­дай сауалдарға жазушы туындылары­ның қадір-қасиетін ұққанда ғана жауап таба аламыз. Айналып келгенде, кейіпкер тағдыры – оқырман тағдыры. Кейіпкер бейнесінен, іс-әрекетінен әркім өзін тани­ды. Оралхан шығармаларының құдіреті сонда, кейіпкер тағдыры арқылы өз жа­ныңа үңілуге, өзіңді-өзің іздеп табуға жете­леп отырады.
Ая ӨМІРТАЙ: Оралхан десе, көз алдыма жер тар­пыған сәйгүлік келеді, мүмкін, жазғандары сұлулықты сипатта­ған­нан соң шығар, бәлкім. Қаһарлы Ал­тай­дың қар бас­қан шыңын көз алдымызға тіреп қо­йып, тоңдыра алады, өткел бермес Бұқ­тыр­маны күркіретіп, қиялмен сарқырай асау өзенге үнсіз меңірейтіп қаратып қоя алады. Ешқашан көрмеген өзенді ойша ел­естетіп, жағасында ұзақ отырасың. Аспан шал мен ұлының өте алмаған сайтан көпі­рінен де жүріп өтеміз... Меніңше, Оралхан­ны мәңгілігі – сұлулықты, паңдықты там­сан­дыра шын­ға айналдыра жазғанынан. Әрі адам жа­ны­на шырақ алып терең үңілуі, әр жазған шығармаларынан әркім өзін көре алуында.
Олжас БЕЙСЕНБАЙ: Табиғат. Өмір. Адам – осы үш ұғымның үкілі үндестігін ше­бер өре білген сөз ұстасы.
Адамзат тіршілігінің жөн-жосығын, адам өмірінің сиқырлы сандықтарда жа­сырылған құпия кодтарын табиғаттың тыл­сым да қарапайым құбылыстарынан дәл тауып, тамырын баса білген, табиғат-ананың әрбір аттап басқан іс-қимылын өңменінен өткізе білген ой зергері. Таби­ғаттың сақшысы. Бәлкім, табиғаттың жоқ­таушысы...
Мен үшін қазақтың өр рухын қайта оят­қан, кербұғылық қасиетін қайта оралтқан қамшыгер Оралханы.
Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА: Менің өмі­рімдегі бақытты сәттер – Оралхан Бө­кей­дің анасының тәрбиесінде болған жыл­дар, ағаның шығармаларындағы кейіпкер­лерді өз көзіммен көрген жылдар, ағаның балалық шағы өткен қара шаңырақта Кү­лия апа мен Ғалиямен өткен жылдар. Ал­ла­ға сансыз шүкір деймін! Ағаның шығар­ма­ларының әлі айтары көп. Оқыған сайын ойың тереңдей береді.
Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ: Алтайдай асқақ мекенді жүрегімен суреттеді. Және сол асқақ мінезді қазақ әдебиетіне дәстүр етіп қалдырды. Маған Оралхан Бөкейдің Кербұғыдай кербез дара тағдыры, сүйінуге тұратын тәкаппар тұлғасы ұнайды.
Балғын БЕЙСЕНОВА: Оралхан шы­ғармаларының өміршеңдігі – жалаң ұран, жадағай қоғамды сөз етпеуінде. Адам жанының мың қатпарын қопарып, кол­мен койғандай айта білуінде. Кестелі сөзді төгілдіріп жазуын айтсаңшы!
Досым ЗІКІРИЯ: Оралханның шығар­маларын оқымайсың, онымен сырласып, достасып кетесің...

Кербұғы
Ааааа, ууууу, аааааа!
Кеше таң алагеуімде Кербұғы әдетінше маралдарды алдына салып тауға беттей бергенінде, өліспей беріспейміз дегендей басқа бұғылар үйірді шыр айнала қоршауға алып, жібермеп еді. Кербұғынікі – жыл сайынғы жекпе-жекте жеңіске өзі жетіп, дәнігіп алған менмендік. Күйектің алғашқы кезегі өзіне еңбексіз тимейтінін сезген соң, маралдарды бетімен жіберді де, танауын желдете көкке көтеріп: «Ааууаа» деді. Осы үн шығуы мұң екен, бағанадан бері бастарын кекжеңдетіп, жер тарпып ойқастап жүрген тамам бұғы қаз-қатар болып екіге жарылып тұрыса қалды.
***
«Сарт!» Есін жиғанда, өзінің теңселіп құламай тұрғанын, ал Жасбұғының қисалаң қағып әлдеқайда ұзап бара жатқанын көрді. Сонда ғана көзден ыршып жас шығып, бар даусымен баяғыша, жас шағынша күйек шақырды. Бұл Кербұғының басқа бұғылардан бөлекше үнін баяндайтын ең ақырғы шақыруы еді.
– Ааааааааа, уууууууууу, ааааааааа, ууу!!!
***
– Аааааааа, ууууууууу, ааааааааа, ууууууууу, ууууууу!
Бұл үнді күллі тау әулеті үздік-создық ұзақ қақпақылдады, қайталады-ау... Осы сәтте бүкіл өмір «ауа» секілді еді бұғы үшін. Бірақ олай емес екен: жаңадан ғана жетіліп, үлпілдеп тұрған қос мүйіздің түбінен қос оқ сақ етіп тиді де, Кербұғы омақаса құлады. Қайтып тұяқ серіпкен жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста