Фәни мен бақи есігі
(Бақытжан Момышұлына құлпытас орнатылды)
Бақытжан Момышұлы – қазақ руханиятында өзіндік орны бар дара тұлға. Айбынды Алаш жұрты оны асылдың сынығы деп қана емес, әдебиетке үлес қосқан қаламгер ретінде бағалайды. Әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалдырған Бақытжан Момышұлының шығармалары ұлт руханиятына қосылған асыл қазыналар қатарында. Ел тарапынан еңбегіне лайық құрмет көрген асыл азамат ортамызда жүргенінде 72 жасқа толар еді. Марқұмның туған күніне орай «Кеңсайдағы» зиратына құлпытас орнатылды.
Бақытжан Момышұлын еске алып, құран бағыштауға Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бастаған қаламгерлер қауымы мен ғалымдар, марқұмның туыстары мен дос-жарандары жиналды. Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатының оқушылары Бақытжан Момышұлының рухына тағзым етті.
Қазақстанның Ардагерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Әділ Несіпбаев Бақытжан Момышұлының азаматтық қыры мен әдебиеттегі орны жөнінде кеңінен толғап, әсерлі әңгімеледі. Құран бағышталғаннан кейінгі сөзді Бақытжан Момышұлының жары, жазушы Зейнеп Ахметова алып, жиылған жұртшылыққа рақмет айтып, марқұмның аманатын жеткізді.
Зейнеп Ахметова: Бәкең бірде: «Біз әкемнің аманатын орындай алмадық» деді. Кезінде Бауыржан атамыз өзінің бейітінің жобасын сызып, көрсетіп кеткен. Ол сызбада ешқандай ескерткіш тақта да, сурет те көрсетілмеген. Тек қана төрт бұрышында қарағаш, аты-жөні қойылған тас қойылып, гүл егілген. Кейін қайтыс болғанында біз оны айтқанымызбен, Кәкімжан Қазыбаев ағамыз «Ол кісі халықтың адамы болғандықтан, биік ескерткіш қоюымыз керек», – деді. Содан комиссия құрылып, атаның ескерткішін бастан-аяқ өкімет қойып шықты. Осы әңгіме сөз болған кезде Бәкең өзіне құлпытас ұнайтынын айтып еді. Ол да әкесі сияқты мүсінін салып, ескерткіш орнату дегенді ұнатпайтын. Сол үшін отбасымызбен ақылдаса келе, құлпытас қойып, оны бұл фәниден бақилыққа өтетін есік тәріздес етіп жасап, атамыздың оюымен көмкеруді ұйғардық.