Батыр Баукеңнің көзі – тектіліктің өзі...
Жалғанның жазылмаған заңдылығы ма, барлық кезде қыраннан – қыран, тектіден текті туа бермейді. Тарихты парақтасақ, ондағы заманалар мен дәуірлерден қаншама атақты, абыройлы тұлғалардың артында қалған ұрпағы қауқарсыздық танытып, ұлы адамның атын сақтай алмаған кездері аз болмағанын көреміз. Осы ретте қандай да бір құрметке лайық, яғни қасиетті тегін ешкімнің алдында аласартпай, әке аманатын адал арқалаған бір есімді ерекше атар болсақ, ол – Бақытжан Момышұлы. Қазақ үшін ғана емес, адамзат үшін қан майданда қалың шептің алдына түсіп, бораған оққа кеудесін төсеген қаһарман Бауыржандай батырдан жаман ұл, нашар ұрпақ туса, қалың елі тағдырдың ондай қиянатын кешірмес еді... Биыл батыр ұрпағы – Бақытжан ағамыздың дүние салғанына бір жылдың жүзі болыпты.
«Бауыржанның баласымын» деп бір есікті қағып көргенім жоқ...»
«Адамда әке – жалғыз. Ол кісі өзі айтқандай, «Қойдың бойында арқардың қаны болмаса тастан секірмес еді», менің денемдегі тамырларда таралып жатқан қан әкемдікі емес пе?!. Әйтсе де өз басым «Бауыржанның баласымын» деп күні бүгінге дейін кеуде көтеріп, бір есікті қағып көргенім жоқ. Бірақ қалай болғанда да әкемнің бел баласымын... Әкемнің биік тұлғасына деңгейлесе алмайтынымды жақсы білемін, бірақ соған бір қадам жақындап, оның атына ендігі жерде көлеңке түсірмеу – менің перзенттік борышым...» деген қағидамен өмір сүрген Бақытжан Момышұлындай қазақтың қайсар ұлы пәниді тастап, мәңгілік өмірге кеткелі бері де көктем, қыс-жаз ауысып, қайтадан күз келіп үлгеріпті, жалған-ай!..
«Баукеңнiң баласы» деген аттың өзі білгенге мың-сан мәртебеден артық әрі жүгі ауыр екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте Бақытжан ағаның қандай ұл, жалпы қандай азамат болғанын ол кісінің жары, Батырдың ғана емес, қала берді қалың қазақтың келіні атанған Зейнеп Ахметова апамыздан артық ешкім де білмейді. Ол кісінің қайын ата топырағына тартып, қаламды серік еткені баршамызға белгілі. Ендеше, Зейнеп апаның жазбасындағы мына жолдарға бей-жай қарауға әсте болмас: «Бақытжан – Алматыда туып, орысша оқып ержеткен қаланың түлегі. Даңқы жер жарған әкесі бола тұра, әкенің мейірімі мен тәрбиесіне мұқтаж болып, жан азабын да, тән азабын да көп тартқан, әсіресе жастық шағы қиын болған адам. Өз өміріне қолын бір сілтеп, қалай болса, солай бетімен жүрген кездері де болыпты. Анам: «Тегі жақсыдан жаман туады десең де, тегінің бір сарқын-сарқыты көрінбей қоймайды. Тегі нашардан қанша жақсы туды десең де, түп қазығы бақайынан тарптай қоймайды», – деуші еді. Сол сөз шындық екен. Бақытжан қыран қонған алтын тұғырлы қара шаңырақ – әке үйін берік ұстап қалды».
Қасиетті Құран Кәрім һәм Дина әженің күйі
Ал Бақытжан Момышұлының нағыз азамат, болмысының нағыз қазақы болып өсуіне тегімен қатар, анасы Жамал апаның тәрбиесінің ықпалы зор болғаны даусыз. Көзіқарақты қауым апамыздың «Лениншіл жас» газетінде қызмет еткенін жақсы біледі. Ендеше, бала Бақытжан көзін тырнап ашқаннан анасымен бірге редакция табалдырығында Кәкімжан Қазыбаев, Саттар Бөлдекбаев, Бүркіт Ысқақов, Камал Смайылов, Мыңбай Рәш секілді белгілі журналист, қаламгер ағаларының арасында өсуі оның болашақ өміріне керемет іргетас болды деуге негіз мол. Өзін шығармашылыққа жетелеген сол ағалары екенін Бәкеңнің өзі көзі тірісінде «Мейрам сайын олар үйде әдемілеп қабырға газетін шығаратын. Сондай-ақ «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Қыз Жібек» операларына да мені сол ағаларым апарды алғаш» деп айтып отыратын болса керек. Әсіресе Бақытжан ағамызға өте қатты әсер еткен, күй тыңдауға құштарлығын оятқан Дина әже Нұрпейісованың концерті екен. Олай болса, Бақытжан Момышұлының ұлттық менталитетті де бойына қайдан сіңіргенін аңғару қиын емес.
Зейнеп АХМЕТОВА, Бақытжан Момышұлының жары:
– Бәкеңнің жандүниесін серпілтіп, шарапат шуағын төккен, ізгілікке жетелеген қасиетті кітабымыз – Құран Кәрім еді. Әке қабірінің басында емін-еркін Құран оқи алатынына, Алланың осы күнге жеткізгеніне күнделікті дұға-тілек тілеп, тәубеге келеді. Бәлкім, біреу болмаса біреу «мына кісі жұбайының бағасын асырғысы келіп отыр» дер. Өз ойы – өзінде оған таласым жоқ. Бәкеңді мақтауға менің қарапайым тілім жетпейді. Тек қана айтарым, алтынның сынығы да – алтын. Тұлпардан туып, дәл сондай тұлпар болмағанымен, жабы емес, өз шабысы, өз екпіні бар жүйрік. Қазақтың үлкен бір шаңырағына ие болып, әке атына қылау түсірмей өткен қабырғалы азамат. Құдайым әркімнің маңдайына осындай-ақ ұл берсін!
«Әкем ту сыртымнан бақылап жүргендей болады»
Егерде Бақытжан ағамыз жай қарашаңырақ иесі, болмаса тамырында Баукеңдей батырдың қаны ағып жатқан «атаның ұлы» ғана болса, біз ол кісі жайлы еске алар ма едік, бірақ мәселе осы бір азаматтың тектілігінде болып тұр емес пе? «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген сөз текке айтылмаған, әрине Бақытжан ағамыздың әкесі секілді қолына қару ұстамауына ол кісі кінәлі емес және де ол шарт емес. Бастысы, ол кісінің өзгелерден оқ бойы озық тұратыны – Баукеңнiң қанын ғана емес, кеудедегі жаны, яғни шығармашылық мұрасын бүгінгіге бүтiн күйiнде жеткiзе бiлуiнде. Батыр атаның әрбiр жазған парағын, айтқан сөздерiн сақтап, сараптап, мұра етiп жариялау тектi азаматтың қолынан ғана келетiнiн Бақытжан аға дәлелдедi. «Восхождение к отцу» Бақытжан Момышұлының әкесі жайлы алғашқы кітабы еді.
1982 жылы маусым айының 10-ы. Бейсенбі. Қазақ тарихында қаралы күн дерлік осы датаны біріміз білсек, біріміз, яғни бүгінгі ұрпақ біле бермеуіміз кәдік. Бұл – көзі тірісінде оқтан да, оттан да қаймықпаған, ажалмен талай бетпе-бет келген хас батырдың Алла алдында жан тапсырған күні еді. Алаш жұртына бұл күннің «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадай» аласапыраннан ауыр түспесе, кем түспегені анық. Ал енді кең дүниеге сыймай кеткен әкесінің төңкерілген қазандай бір төмпешік болғаны Бақытжандай ұлға қалай тигенін елестетудің өзі қиын. Үндемей күйзеліп, қайғыға батып кеткен ұлды сол тұңғиықтан суырып алып шыққан Жаратқанға деген сенім мен уақыт, сосын қаламы болса керек. Сөйтіп, Бәкең «Восхождение к отцу» деген кітабын дүниеге келтірді... «Молодец, сынок! Про отцов так и надо писать». Әкесінің қандыкөйлек қаруласы, сенімді досы Дмитрий Снегиннен осы сөзді естігенде Бәкең жылап жіберсе керек. Өйткені ол жай сөз емес, «әке алдындағы борышымды өткердім бе?» деп күйзеліп жүрген Бақытжандай ұл үшін бұл нағыз баға еді әрі бойға жігер беретін күш еді. Себебі содан соң Бақытжан әкесінің архивін ақтарып, оның рухани әлемін, жан-тән, мәңгілік рух, кие жайлы терең философиялық ойларын, тіршілік, табиғат, бақи мен пәни туралы көзқарас-пікірлерін зерделеп-зерттеді. Сөйтіп, «Во имя отца», «Сыновья великого волка» деп аталатын тағы екі туындыны дүниеге әкелді. Бақытжан Момышұлы солайша әкесіне тікелей арналған үш роман-эссе жазған қаламгерге әрі әке қанын ақтаған перзентке айналған. Сонда да көңілі көншімей, «әке тану жолында жүрмін, кез келген шығарманы жазып отырғанымды ту сыртымнан, иығымнан бақылап, қарап тұрғандай болады. Құдды бір қатал редакторым сияқты «әй, мына жерің дұрыс емес, төмендеп кеттің», «мынаны түзе, аспандап, іріленіп барасың, саябырсы, сабаңа түс», «өзіңнің ойыңды жазуға құқың бар, бірақ жалған сөйлеуге қақың жоқ» дейтіні анық сезіліп тұрады» деген Бақытжан Момышұлының сөздері осы бір тұлғаның нағыз асқақтығын аңғартса игі.
Әкемнің күлкісі
(әңгімеден үзінді)
Сен өзгенің жетістігіне қуанып, жолы болмаған кездерде табаламауға үйреттің. Сен мені арзан бөзге қызықпауға, жалпы, бос шашылған ысырапқа қарсы болуға тәрбиеледің, ішпыстылыққа салынбауға үйреттің, қатты айтқанда, «қолы бостардың ғана іші пысады» дедің. Сен мені сүттей ұйыған тыныштықтағы жұмыс кештерін сүюге баулыдың. Иә, сенде мен мәңгілік бойыма дарытар тағы қандай ізгі қасиеттер бар? Сен мені домбыраны сүюге үйреттің, көне патефонның түбіне отырғызып қойып, алақұйын Құрманғазының күйін тыңдайтынсың, екеуміз қосылып жапа шеккен қазақтар әні «Елім-ай»-ды шырқайтынбыз. Кіп-кішкентай мені даңқты ақсақал Жамбылға алып барған да өзіңсің. Сонда ұлы жыршы маған ақ батасын берді.
Бақытжан Момышұлы