Төреліктің тарихы тереңде
ҚР «Төрелік туралы» заңы бұрынғы «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық төрелік туралы» қос заңның ережелерін біріктірді. Заң азаматтыққұқықтық дауларды соттан тыс реттеу бойынша ішкі және халықаралық төрелік қызметін құқықтық жағынан бірыңғай тәсілмен қамтамасыз етуге бағытталған.
Төрелік түсінігі енді Қазақстанда бұрын қолданыста болған аралық соттарды, халықаралық төрелікті қамтиды. Төреліктің ведомстволық қарауына дауға шетелдік азаматтың қатысуына қарамастан, жеке немесе заңды тұлғалар арасындағы жеке құқықтық даулар енгізілген. Бұрынғы заңнама бойынша ішкі дауларды, яғни, Қазақстан Республикасы резиденттері арасындағы дауларды аралық сот, ал, шетелдік субъектінің қатысуымен болған дауларды халықаралық төрелік қарайтын.
Жаңа заңда төрелік процессте қарастыруға болмайтын даулар санаты анықталған. Оларға мынадай даулар жатады: кәмелеттік жасқа толмағандардың мүдделеріне қатысты; мүліктік дауға қатысы жоқ, жеке мүліктік емес қатынастардан туындаған даулар; табиғи монополия субъектілерімен олардың тұтынушылары арасында туындаған даулар; оңалту және банкроттық туралы даулар; әрекет етуге қабілетсіз немесе әрекет етуі шектелген деп танылған тұлғаларға қатысты даулар; мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік сыңайлы сектор субъектілері арасындағы даулар. Сонымен қатар, бұл заңның «Аралық соттар туралы» бұрынғы заңнан өзгешелігі бір жағынан, Қазақстан Республикасы резиденттерінің арасындағы, екінші жағынан, мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік сыңайлы сектор субъектілері арасындағы дауларды қарастыру мүмкіндігі бар. Алайда, бұл үшін тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органның (коммуналдық мүлікке қатысты) келісімі талап етіледі. Заңда резиденттер арасындағы, шетелдік субъект қатысқан даулардың да төрелік шешіміне шағымданудың бірыңғай тәсілі енгізілген. Төрелік қабылдаған шешімді мемлекеттік соттар бұрынғыдай аралық сот шешіміне шағымдану барысындағыдай заңдылық қағидасының бұзылғандығын негізге ала отырып тексере алмайды.
Төрелік шешімнің күшін жоюға немесе оны мәжбүрлі түрде орындаудан бас тартуға тараптар төрелік істі қарау барысында заңдарда Қазақстан қосылған халықаралық Конвенцияларда келтірілген рәсімдік ережелердің бұзылғандығы туралы дәлел келтірсе ғана рұқсат етіледі. Жаңа заңның жаңашылдығы, онда қайта ашылған жағдайлар бойынша төрелік шешімді қайта қарауды болдырмау негіздері бекітілген. Бұрындары төрелік туралы бірыңғай заң қабылданбастан бұрын, қайта қарау мүмкіндігі Қазақстан Республикасы резиденттері арасындағы ғана дауларды
қарайтын аралық соттарға ғана қатысты болған. Заң төрешілерге ғана емес, процеске қатысушыларға да қатысты төрелік құпиялылығы қағидасы әрекетін кеңейтеді, бірінші кезекте тараптардың келісімі мен Төрелік институттарын реттеу ережесін есепке ала отырып, төрелік іс қараудың диспозициялылығын реттейді. Заңда төрелік іс қарау барысында тараптарға дауларды медиациялық тәртіпте реттеу мүмкіндігі ұсынылған. Жалпы Төрелік – дәстүрлі заң, қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан, билік жолымен бекітілген құқықтық тәртіп. Іс әділ шешілсе, оған әркім тоқтайды,
ризалық білдіреді. Өмір болған соң ауыл арасында, ел ішінде, үй ішінде даужанжал, түсініспеушілік болмай тұрмайды. Мұндай жағдайда аузы дуалы, қазақ заңын, істің жөнжобасын білетін әділетті билер шиеленіскен істі шешіп, төрелігін айтып, дауды бітіреді. Төре, яғни билік айтушы, болған істі екі жақтың да даугерлерін қатыстыра отырып қарайды. Екі жақты да мұқият тыңдап, куәларды да қатыстырады, сөйтіп, аққараны шешіп, төрелігін беріп, билігін айтады. Қазақ заңында даужанжалды ел ішінен шыққан билер мен қазылар шешеді. Қазақ қауымында бидің орны мүлде бөлек. Би – өзі сот, өзі прокурор, өзі тергеуші әрі ақтаушы. Төле бидің: «Елге бай құт емес, би құт», – деуі, халықтың: «Әділ бидің елін дау араламайды», – дегені осыдан шыққан.