Теміртауда жедел жәрдем көлігі науқастарды емес, азық-түлік тасып жүр. Сөйтсе, бұл машина дәрігерлердің мейрамханада өтетін төл мерекесінде облыс әкімінің қатысуымен болған банкетке тағам жеткізуге бөлініпті.
Мына кадрлерде мейрамхананың артқы есігінде жедел жәрдем көлігінен қорап-қорап азық- түлік пен ыдыс-аяқ түсіріліп жатқаны бейнеленген. Ғаламторға жария етілісімен, «адам өліп жатса келмейтін жедел жәрдем бастықтарға тамақ тасып жүр» деген сарында қызу пікірталас өрбіді. Ал Теміртау қаласының жедел жәрдем қызметіндегілер әлгі машинаның тек шаруашылыққа пайданылып жүргенін айтады. Оның үстіне, лауазымды шенеуніктер айтқан соң, сөздерін жерге тастай алмадық дейді.
Вячеслав Цой, Теміртау қалалық жедел жәрдем қызметінің басшысы:
-Денсаулық сақтау департаментінің кәсіподақ басшысы келіп, ыдыс-аяқты мейрамханаға жеткізіп салуды сұрады. Онда тұрған не бар? Ол көлікті біз тек қана шаруашылық істерге пайдаланамыз. Өзім де жүремін, есеп-қисаппен айналысатындар да ары-бері жүреді. Өйткені бізде шаруашылық ісіне арнайы бөлінген көлік жоқ.
ktk.kz