Қазір көбіміздің көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен жезөкшелік – қоғамдағы дауасыз дерттің бірі. Әрқайсымыздың ар-ұятымызды түртіп оятып, бетімізді қызартатын мұндай жат әдеттердің 70 жылдан астам уақыт бойына кеңестік идеяның уағызын санасына сіңіріп өскен ТМД мемлекеттерінің адамдары үшін жағымсыз құбылыс болып көрінуі де мүмкін, ал, жезөкшелік әлдеқашан тамырын тереңге тартып, орнығып қалған АҚШ, Ұлыбритания, Германия сияқты әлемнің алпауыт мемлекеттерінде мұндай көріністерге бой үйренген. Сол себептен де туабітті осындай ортада өскен көптеген шетелдіктер жезөкшелер қызмет көрсететін бардельдерге барып, нәпсісін қанағаттандырып шығуды ұяты жоқ, қажетті тірлік деп қабылдайды. Ал, ТМД мемлекеттерінің азаматтары үшін бұл моральға жат нәрсе.
Алайда, ұстаным қанша мықты болғанымен, Одақ ыдыраған тұста ортақ идеологиядан көз жазып, бақылаусыз қалған елдердің шетелдік жат ағымдар мен жезөкшелікке пәрменді күрес жүргізуге шамасы жетпей қалды. Осыдан бірер жыл бұрынғы мәліметтер көршіміз Ресейдегі тәнін саудалайтын әйелдер санының шамамен 1 миллионнан асқанын хабарлаған. Қазақстандағы жағдай да қуанарлық емес. Ішкі істер министрлігі таратқан дерекке сүйенсек, еліміздегі тәнін саудалайтын қыз-келіншектердің қара-құрасы 4 мың адамға жуықтаған. Айналдырған 15-20 жылдың көлемінде ұлттық қасиетіміздің тұнығын лайлап, ұрпағымызды азғындататын жезөкшеліктің соншалықты қанатын кеңге жайып, тамырын тереңге тартуына не себеп?
Мұндай сауалға жауап іздейтіндердің аузына ең алдымен қоғамдағы тұрмыс пен күнкөрістің төмендігі түседі. Тәнін саудалайтындардың басым көпшілігі де мұндай лас тірлікке еріккенінен емес, жоқшылықтың тақсіретін тартып, амалы таусылғандықтан барғанын айтып ақталады. Не істеу керек? Заманында Қодар мен Қамқаның арасындағы жақындықты жат қылық деп қабылдап, кінәлілерді бүкіл қазаққа, қала берді, үркердей ғана тобықтыға ащы сабақ болсын деген тәртіппен жұрт алдында жазалаған қатал Құнанбайдың бүгінгі ұрпақтары азғындық жолға түскендерді қалай азайтатынын білмей осылайша дал болуда. Басқа-басқа, балапанды басымен, тұрымтайды тұсымен жіберген мына заман кешегі күнге дейін дініне берік, дәстүріне адал деп әспеттеп келген өзбек бойжеткендерін елдегі экономикалық жағдайдың төмендігі ар-ұяттан бездіртіп, берісі Ресей мен Қазақстан, әрісі Сирияға асырып жібереді деп кім ойлаған? Ғаламтордағы кейбір дерек көздерінің мәліметтері рас болса, Өзбекстандағы жезөкшелердің ең көп шоғырланған ұясы Ферғана жазығы көрінеді. Жұмыссыздық жетелеп әкелген бойжеткендерді мұнда сымбаты мен тұлғасына қарай әртүрлі баға күтіп алады. Қазақстандағы жағдайды да одан алыс деп айта алмаймыз. Тән саудасы қалаларды былай қойғанда, түкпірдегі ауылдардың өзінде қызып тұр. Ол мына қалпында кете берсе, елдің ертеңі не болмақ?
Осыдан екі ғасыр бұрын мұндай сауал орыс патшаларын да ойландырған еді, сондықтан, олар жезөкшелікпен айналысқандарды аяусыз жазалап, тіпті, итжеккенге де айдаттырған. Алайда, сол шектеуден кейін елде түрлі жұқпалы аурулардың көбейіп кетуіне байланысты 1 Николай жезөкшелікке ерік беріп, оларды дәрігерлік полицияға қадағалатқан. 1901 жылы Ресейде шамамен 2400 жезөкшелер үйі тіркеліп, онда 15 мыңнан асатын әйел қызмет көрсеткен. Қазір заман басқа болғанымен, дәл сол 1 Николай секілді бүгінгі орыс қоғамы да жылдан-жылға қарқын алып бара жатқан жезөкшелікті бірыңғай жазалаумен тоқтата алмайтынын мойындап, тұйықтан шығатын басқа жол іздестіруде. Біреулер оны патша ағзамның тұсындағыдай заңдастырайық десе, енді біреулер жезөкшелікті бұлайша еркіне жіберу онсыз да өсімі азайып кеткен орыс ұлтының болашағына балта шабатын қауіпті қадам деп алаңдаулы. Әйтеуір, бірізге түскен пікір жоқ.
Ресейдің Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде жезөкшелікпен айналысатын жеңіл жүрісті әйелдерге қомақты көлемде айыппұл салу жазасы қарастырылғанымен, әзірге ол да жұрт күткендей пайдалы нәтижеге қол жеткізбей отыр. Сондықтан, Мемлекеттік Дума депутаттары да қазақ қалаулылары сияқты жезөкшелікпен алыса-алыса амалы таусылған мемлекеттердің тәжірибесін есепке алып, «заңдастырамыз ба, қайтеміз» деген секілді түпкі ұшы тиянақсыз ой-ұсыныстың ырқынан шыға алмай жүр.
Жезөкшелікті заңдастыруды қалайтындардың көмейінде сол арқылы қазына қоржынының бүйірін бұлтитуды көздейтін ойдың жатқанын да білеміз, бірақ, оны қалай және қандай жолмен жүзеге асырамыз? Жезөкшелікті бүгін заңдастырсақ, ертең ұлттық құндылықтарынан ажырап бара жатқан еліктегіш халқымыздың арасынан оны ерсі әдет деп емес, пайда табудың жолы ретінде қабылдап, тәнін саудалауды жаппай кәсіпке айналдырып жіберетіндердің шықпайтынына кім кепілдік береді? Қорқыныштысы – осы. Ендігі еншімізде қалып отырған жалғыз амал – жезөкшеліктің әрі қарай таралуына мүмкіндігінше жол бермеу. Қолданыстағы заңдарымыз да қылмыстың мұндай түріне қатал қарайды. Қылмыстық кодекстің «Жезөкшелікпен айналысуға тарту» және «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» деп аталатын 308, 309-баптарында қылмыстың мұндай түрімен айналысқандарға аса қомақты айыппұл салумен бірге, бас бостандығынан айыру шарасы қарастырылған. Мәселен, жезөкшелікпен айналысуға күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру, тәуелді жағдайын пайдалану, бопсалау мүлкін жою немесе бүлдіру жолымен жезөкшелікпен айналысуға тартқандарға 308-баптың 1-бөлігінде көзделген тәртіппен мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл баптағы санкцияның жоғарғы шегі бес жылдан жеті жыл аралығындағы бас бостандығынан айыруды құрайды. Тек жезөкшелікке қатысты қаһарлы заңдарымыздың іс жүзінде орындала қоятындығына күмән көп.
Тәжірибе жезөкшелердің арнайы жабдықталған притондары мен бардельдерін кез келген адамның ұйымдастыруға күш-қуаты жетпейтінін, ондай кірісі мол жұмыстың тізгінін өздері тасада қалып көрінбейтін ұйымдасқан қылмыстық топтар мен ауқатты адамдардың ғана ұстайтынын көрсетуде. Сол себептен де ықпалды адамдардың желеп-жебеуімен жүретін притон басшылары қылмыс үстінде қолға түссе де, көп жағдайда судан таза шығады. Бір қызығы, жезөкшелікпен айналысатын топтың қауіпсіздігін көп жерлерде осы қылмыспен күресуге тиісті құқық қорғау органдарының өкілдері қамтамасыз етіп жүреді. Бұған Алматы қаласындағы осындай притондардың бірін Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы бастығы орынбасарының ұзақ жылдар бойына қамқорлық жасап келгені үшін сотталғаны анық дәлел. Былайша қарасаңыз, заңдарымызда кінә жоқ. Егер жаңадан қолданысқа енгізілген Қылмыстық кодекстің 308, 309- баптары мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну» деп аталатын 450-бабының талаптарын біреулердің сөзіне, біреулердің көзіне қарамай әділ басшылыққа алып қолдана білсек, ел-жұртты алаңдатып отырған қылмыстың бұл түріне кәдімгідей тосқауыл қоятынымыз анық.
Елеусіз МҰРАТ,
«Заң газеті»
zangazeti.kz
Тән саудасы түкпірдегі ауылға жетті
Читайте также
Көгілдір әлем құпиясы немесе Алматыны гейлер ордасына неге айналдырдық?
Бір жыныстылар суррогат ана іздеп жер бетін шарлап жүр
Түнде жұмыс істейтіндердің құқығы тапталып тұр
Байқаңыз, балалар ашуланшақ болып барады...
Ақын Қайрат Әлімбектің құлпытасын күреп тастауы мүмкін
Студентті сүлікше соратын жемқор ЖОО-лар анықталады
Последние статьи автора