Азаматтардың өз құқықтарын қорғай алуы маңызды
Қазақстан Республикасының Ата Заңының 1-бабында мемлекеттің басты құндылығы адам және оның өмірі, құқығы мен ерік-бостандығы екені анық көрсетілген. Дегенмен мемлекеттік тұрғыдан азаматтарымыздың құқығының қорғалуын қамтамасыз етумен қатар, халқымыздың құқықтық мәдениетін көтерудің де маңызы зор!
Осы орайда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сот саласының мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Тапсырмаға орай, сот мамандары ел аралап халықпен жүздесуі тиіс, азаматтардың құқықтық сауаттарын арттыратын түрлі семинар, форум, дөңгелек үстел, байқау, түрлі іс-шаралар өткізуі тиіс. Қазіргі таңда бұл іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Негізі азаматтардың құқықтық мәдениетін, құқықтық саяси белсенділігін қалыптастыру, құқықтық мәдениет пен құқықтық саяси сананы қалыптастыру заман талабы болып отыр. Құқықтық сана мен саяси сауаттылық дегеніміз тұлғаның қолданыстағы немесе қабылданатын құқық нормаларына көзқарасы, оларға баға беру мүмкіндіктері болып табылады. Сондықтан құқықтық сауаты жоғары азаматтар еліміз үшін маңызды.
Осы орайда айта кетер жайт, құқықтық мемлекеттің негізгі белгісі заңның қоғам өміріндегі үстемдігі, жоғарлылығы. Қоғам өмірінің анағұрлым маңызды жақтары заңдар арқылы реттелуі керек. Ол үшін халқымыз заңның белсенді жұмыс істеуіне ат салысып, құқықтық тұрғыдан белсенділік танытуы керек. Құқықтық мәдениет азаматтардың өзінің іс-әрекетінде құқық нормаларын басшылыққа алуы, түсініп, оны қабылдау дәрежесі мен ерекшелігін білдіреді. Құқықтық сана мен мәдениеттің негізгі рөлі адам, азамат, қоғам, мемлекет мүддесіне сай келетін, олардың мақсаттарын қанағаттандыратын нормаларды қабылдау қажеттілігінің негізгі болып табылатындығында. Әрбір азамат өзінің бұзылған құқығын қорғай алатындығына сенімді болса, мемлекет үшін бұл үлкен жетістік.
Қазіргі таңда тәуелсіз құқықтық мемлекетіміздің құқық қорғау жүйесінде айтарлықтай реформалар жүріп, өз нәтижесін беріп жатқаны баршаға мәлім. Құқықтық мәдениетті арттыру үшін білім беру салаларында, балабақшадан жоғары оқу орындарына дейін адам, азамат құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғау туралы құқықтық білім кеңінен берілуі тиіс.
Жалпы өркениетке жетудің алғышарттарының бірі – құқықтық мемлекет құру. Құқықтық мемлекетте әрбір азаматтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасы бірге жетіледі. Құқықтық сана әрбір азаматты құқықты құрметтеуге, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға, қылмыс зардабын түсініп, оны жасамауға және екінші тұлғаның қылмыстық әрекетке бармауына ықпал етуге көмектеседі. Қоғамда тәртіп пен саяси тұрақтылық қалыптасқан жағдайда ғана халықтың құқықтық санасы оянып, жетіле бастайды. Егер қоғамда тәртіп пен тұрақтылық бұзылған жағдайда халықтың қоғамдағы тәртіп пен саяси тұрақтылықты реттейтін заң нормаларына наразылығы туып, оны құрметтеуден бас тартады. Сондықтан халқымыздың құқықтық сауатын арттыру қоғам талабы болып отыр.
Мақпал Абдрешева, Алматы қаласы №2 Бостандық аудандық сотының бас маманы