Тіл мәселесі кеңінен талқыланды
Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесе отырып республикалық іс-шара аясында 24-28 маусым аралығында Тараз қаласында және Жамбыл, Байзақ аудандарында республикалық ақпараттық-насихаттау апталығын ұйымдастырған болатын.
Іс-шараның басты мақсаты мемлекеттік қызметшілерге, мұғалімдерге, жастар мен оқушыларға, жалпы көпшілікке және республиканың әр өңірінен келген тіл мамандарына қазақ әліпбиінің маңызы мен жаңа емле-ережелерінің мазмұнын түсіндіру және оның болашағы туралы ой қозғау болатын. Бұндай кездесулер мен дәрістер, семинарлар қоғамның әр түрлі әлеуметтік топтарын қамтуды көздеді.
Аталмыш жиынның ашылу салтанаты «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбында Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде болған еді. Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары С.Құрманбекова құттықтау сөзін сөйлеп ашып, апталық жоғары деңгейде өтуіне тілек білдірді. Сонымен қатар тіліміздің мәртебесі, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі сияқты маңызды мәселелер талқыланды.
Аталмыш жиынға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, әдіскерлер және көпшілік қауым жиналды. Атап айтсақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов, жазушы, Мемлекеттік сыйлық иегері Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қадырбек Сегізбайұлы, «Тіл-Қазына» орталығы бас директорының кеңесшісі, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы қатысты.
Апталық аясында жиналғандардың назарына жаңа әліпбиді үйрететін әдістемелік құралдар мен әдістемелік сабақтар көрмесі ұсынылып, баяндамалар жасалды.
Ақпараттық-насихат тобы 25 маусым күні Аса кентінде және 27 маусымда Сарыкемер кентінде мемлекеттік қызметшілерге, мұғалімдерге және аудан жұртшылығына қоғамдық дәрістер жүргізіп, маңызды мағлұматтарын ортаға салды. Ал, 26 маусым күні Тараз қаласында білім, денсаулық сақтау қызметкерлеріне, оқушыларға, елімізді мекендеген басқа да этнос өкілдеріне «Қазақ тілінің дамуы – ұлттың дамуы» тақырыбында дәрістер өткізді.
Келесі күні, яғни 27 маусым күні де прокуратура қызметкерлеріне арналып осындай сабақ өтті. Аталымыш іс-шарада мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі, сондай-ақ жаңа әліпбиге көшу жұмыстарының барысы жөнінде жианлаға қауымға тың мәліметтер берліп, кең көлемде талқылаулар, пікілер ортаға салынды. Дәл осы күні М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік және Тараз педагогикалық университеттерінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген ғалымдар республикадан шақырылған және жергілікті әдіскерлер мен мұғалімдерге жаңа әліпби, оның емле ережелері жөнінде әдістемелік семинарлар өткізді.
Жоғары деңгейде өткен апталықтың жабылу салтанаты 28 маусым күні «Қазақ тілі – мемлекет тұтастығының алтын кілті» тақырыбында «Қоғамдық келісім» мекемесінде болды.
Салтанатты жиын барысында тіл жанашырлары мен апталықтың ұйымдастырылуына үлес қосқан қызметкерлерге алғысхаттар берілді. Атап айтар болсақ, облыс әкімінің орынбасары С.Құрманбекова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхатымен марапатталды.
Ал, Қарағанды облысы тілдерді дамыту басқармасының ресурстық тіл орталығының директоры Г.Мұстағұлова, Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының бөлім басшысы Ә.Бақытова, Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Н.Жұмановаларға Тіл саясаты комитетінің, «Тіл-қазына» ғылыми-практикалық орталығының алғысхаттары табыс етілді.
Сонымен қатар басқа номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталып оларда салтанатты жиында марапатталды. Атап айтар болсақ, Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы «Ең үздік интернет бағдарламасы» номинациясын жеңіп алды. Ал, «Ең үздік маңдайша» номинациясын Жамбыл облыстық соты еншіледі. Сондай-ақ, «Ең үздік латын кабинеті» номинациясы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне және Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығына табысталды. «Ең үздік әдістемелік құрал» номинациясы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы Б.Мырзабаеваға берілсе, «Ең үздік әдіскер» номинациясын Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Бахытбек Шынар алды. «Ең үздік көрнекі ақпарат құралдары» номинациясына жеке кәсіпкер Ә.Рыспанов ие болды.
Тілдің болашағына, дамуына ықпал ететтін осындай мағыналы жиындардың берері көп. Іс-шараға қатысушылар осындай апталықтар көптеп өткізілсе пайдалы болар еді деген пікрлерін білдірді.
Нұрлы Еділов