Мемлекеттік тілдің бизнес әлемінде тірегі бар
Адамзат дамуының қазіргі тәжірибесі нақты дәлелдеп отырған дүниенің бірі: ұлт тілін өшірмей, ілгері жылжытудың ең қиын да өткір жолы – оны бизнестің тіліне айналдыру екен. Оған қазіргі ағылшын тілінің үстем жағдайы дәлел бола алады. Себебі ол капитал мен бизнестің тілінде сөйлеп кетті. Еліміздің «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты ретінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу деп нақты көрсетілген. Яғни, мемлекеттік тілді қолдану аясын барынша кеңейту деген сөз бұл. Тек сонда ғана осы бағдарламада көрсетілген «Мемлекеттік тілді меңгерген жалпы халық саны - 95%; Мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу - 100%» міндеттерін жүзеге асыра алатынымыз анық. Әрине, кәсіпкерлерге, бизнеске ықпал жасай алатын еліміздегі ең басты қуатты құрылымның бірі - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы. Себебі, билікпен қоян-қолтық жұмыс істеп отырған бұл құрылымның қазір барлық облыс пен аудан орталықтарында бөлімшелері бар. Ұзын саны екі жүзге жуықтайды. Еліміздегі барлық кәсіпкер, бизнесмендер «Атамекен» тарапынан айтылған кез-келген ұсынысқа елең ете қалатыны белгілі. Сондықтан оның осынау күшті ықпалын мемлекеттік тілді дамытуға пайдалану керек. Бұл қазір үлкен мемлекеттік іске айналып отыр. Оны «Атамекен» ҰКП басшылары жақсы түсінеді. Және соған тырысып отырғанын да айта кету керек. Осыған орай сол ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен бір жиынға арнайы тоқталайық. Ол жиынға палата басшылығы, Парламент депутаттары, ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты.
- Қазір мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға арналған қолдау бағдарламалары көп. Бірақ көп жағдайда осы бағдарламалар туралы ауылдағы ағайындарымыз біле бермейтіні рас. Біз еліміздің түпкір-түпкірінде болып, мемлекет ұсынып отырған бағдарламаларды түсінікті етіп жеткізіп, оған жан-жақты көмек беру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Тілге қатысты ешқандай кедергі мен қолайсыздық болмауы тиіс, - деп бастады сөзді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов. Содан кейін тіл мәселесіне ерекше тоқталып, сөзін: «Бұл әуелі ұлт алдындағы парызымыз» деп тұжырымдады. Иә, кәсіпкерлер палатасының басты міндеті, ең алдымен кәсіпкерлікті дамытуға сеп болу, қолдау, көтеру. Бірақ, осы елдің азаматы болғандықтан мемлекеттік тілдің дамуына бейжай қарай алмайды екен. Олар мемлекеттік тілді бизнеспен, кәсіпкерлікпен бірге өркендетсек дейді. Яғни, тілдің қолдану аясын кеңейтуге қатардағы дүние ретінде емес, үлкен концепциялық мәселе ретінде қарап отыр. Бұл бастамада нақтылық бар. Түбірлі, негізді ой бар. Кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасының кеңесшісі Айгүл Ахметқалиеваның сөзінен сол аңғарылады:
- Бұл идеяны жүзеге асыру үшін 9 ай бойы дайындық жұмыстарын жүргіздік. Жобаның тұжырымдамасын палата басшылығына таныстырып, бірден қолдау таптық. Мұның жауапкершілігі жоғары, ауқымды іс екенін түсінгеннен кейін жоба ретінде емес, дербес құрылым ретінде жұмыс істеуі тиіс деген тоқтамға келдік. Бір айта кетерлігі, бұл құрылым қазақ тілін оқыту мәселесімен айналыспайды. Қазақ тілін біз бизнес коммуникация тілі ретінде қарастырамыз. Яғни, коммуникацияның тиімділігін арттыру арқылы бизнестің тиімділігін арттырғымыз келеді, - дейді ол.
Иә, мемлекеттік тілді өркендетуді бизнес әлемі «парыз» деп түсінетін болса, онда біраз істің атқарылатына күмән жоқ. Қаржы мен іскерлік бар жерде дамымайтын дүние жоқ. Ең бастысы ынта мен жігер. Ал, ол кәсіпкерлерде бар екен. Міне сондықтан да палатада мемлекеттік тілді іскерлік қарым-қатынас тілі ретінде қалыптастыру, дамыту мақсатында арнайы бөлім ашып қойыпты. Кәсіпкерлік палатасының жиынына арнайы келген ғалымдар бизнестің назары мемлекеттік тілге ауғанына шын қуанды. Сондықтан болар алаштанушы ғалым, белгілі жазушы Тұрсын Жұртбаев салмақты ой өрді. Оның айтуынша, қайраткерлік дүниесі өткен ғасыр басындағы Алаш арыстарының ұстанымымен сабақтасып жатыр.
- Алаш қайраткерлерінің түпкі мақсаты ұлттық-демократиялық мемлекет құру болған еді. Олар түбінде экономиканың жетекші салаға айналатынын біліп, ел тәуелсіз болу үшін ұлттық экономика тәуелсіз болу керек деген ұстанымды тірек етті. Сол себепті ұлттық экономика мен кәсіпті қазақ тілінде жүргізді. Сіздердің сол кездегі алашордалықтар көтерген мәселені қайта жаңғыртып отырғандарыңыз мені қуантады. Алаш зиялылары салып кеткен жолды қайта тірілтуге «Атамекеннің» жігері жетіп отыр. Бара-бара елдегі іскер азаматтарымыз ана тілімізде сайрап, бизнес те өз тілімізде жүргізілер болса, соның өзі жетіп жатыр, – деді белгілі жазушы-ғалым.
Міне, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасында ортаға түскен ойлардың бір парасы осы болған-ды. Шын мәнінде, мемлекеттік тілді дамытуға осындай концептуальды көзқарастар қажет. Ол ертең кәсіптің тіліне, одан ары күні ғылымның тіліне, одан кейін әр саладағы басты қарым-қатынас құралына айналса ғана тілдің мемлекеттік мерейін көретін боламыз. Оған дейін міне осы кәсіпкерлер ұстанған «Парыз» деген ұғымды терең сіңіру қажет екен.
С. Ақынжанов