Қазақ құзғындықты ғасырлар бойы ұмытпайтын халық

САУДАГЕРГЕ
Нанға 10 теңге, сүтке 60 теңге, 50 келі ұнға 2-3 мың теңге, картопқа 50 теңге, пиязға 30 теңге...
Айналайын, қазақ саудагері ойланшы?! Дәл қазір оңтайлы сәт екенін, әркім азық жиып алайын деп жанталасқан мына аласапыранда ешкім бақылап үлгермейтінін, бір тиынды екеу етіп алуға болатынын бәріміз түсінеміз. Бірақ тапқан пайдаң кеңірдегіңді тесіп шықпасына, маңайыңа жоламастай пәлекет өзіңе тап бермесіне кепіл бар ма? Шетелде олай еді, былай еді, Түркия кәсіпкерлері тегін азық таратып жатыр, Швеция елді де, бағаны да былай ұстап отыр демей-ақ қояйын. Өз қазағымнан мысал келтірейін, Президент архивіндегі 141 папкадан оқып едім: 1930 жылы аштық басталғанда қазақ жігіттері байлар берген алтын-күміке Қытайдан ұн тасый бастапты. Совет үкіметі өзгенің алдында қор көрінбеу үшін шекарадан ешкімді өткізбеуге, керуен иелерін аямай жазалауға бұйрық береді. Ұн әкеле жатқан жігіттерді ұстап, ата бастайды. Сонда 29 күнде 30 керуеннің жолы қиылған. Атып жатқанда тоқтамаған, елі үшін, ұрпағы үшін. Бір керуен ұсталса бірі өтер, ауалда шырқыраған балақайға бір уыс болса да ұн жетер деп өлермендікпен әрекет ете берген. Ақыры большевиктер асу-асуды түгел жапты, одан кейін қазақ аштан бұралды.
Бұндай мысалды былай қойғанда 1930-40 жылдары жер ауып келгендерге жарты күлшесінің жартысын бала-шағасынан жырып берген халық едік қой... Қазір, шүкір, аштық жоқ. Халықтың қолында азын-аулақ ақша бар. Ертең ТЖ созылып, Құдай бетін ары қылсын, ол ақша бітсе не болады? Шекара жабық, ұн бітіп барады, қант бітіп барады, ойбай, доллар өсіп кетті ғой, алып алыңдар! – деп дүрбелең жасап халықты сауудың ақыры қиынға соғуы кәдік. Өз кесеңе өзің Сұлтанмахмұтша қарап қойсаңшы, нақақ көзден жас тамбасын. Бұл қиындықтан да өтеміз, сонда көптің алдында көзіңді тіктей алмай қалма. Қазақ құзғындықты ғасырлар бойы ұмытпайтын халық.
.facebook.com парақшасынан





