Мемлекеттің атаулы күндері – тек мейрам ғана емес, мемлекет туралы, билік туралы, биліктің табиғаты мен оның әділетті қолданысы туралы ойларға жетелейтін күн. Осы орайда орта ғасырлық саясаттану ілімінің бастауларына көз жүгіртіп көрсек, бүгінмен сабақтасып жатқан, бүгінге тәлім боларлықтай не көрер едік?
Қазіргі заманғы билік көп жағдайда саяси кеңесшілер институтына сүйенеді. Олар қазіргі жайды сараптап, оның дамуының түрлі сценарийлерін жасап, оған әсер етудің тиімді жолдарын ұсынып, қандай нақты жағдайда қандай шешімдердің оңтайлы болатынын саралайды. Мемлекет институтының даму тарихы онсыз басқарудың тиімсіз болатынын көрсетеді. Бұл бүгін ғана қалыптасқан жүйе ме?
Батыс саясаттануында саяси кеңесшілік, саяси консалингті Николло Макиавеллиден бастайды. Ол мықты мемлекеттік билікті, оны нығайту жолында барлық әдіс-тәсілдерді қолдануды қолдап, өз еңбектерінде саясатта моральға емес, күшке сүйену керектігін дәріптеп, бүгінгі саяси реализмнің (real politic) негізін қалады деп санайды. Ал одан жарты мың жыл бұрынғы орта ғасырлар тарихына көз жүгіртсек, Азияның әр мемлекет басшысының қасында олардың саяси кеңесшілері – уәзірлері жүргенін байқар едік. Кеңестік кезеңнің киносы оларды тек сарай төңірегіндегі айла-шарғыларды ұйымдастырушы етіп көрсеткенімен, өз заманында олардың мемлекет өмірінде үлкен орын алғандығын көреміз. Мысалы, оғыз-түркі тайпаларынан құралған Селжүктер мемлекеті ХІ ғасырда өзінің даму шыңына жетіп, Орта Азияның басым бөлігін, Иран, Әзірбайжан, Сирия, Ирак, Армения, Грузия, Палестина елдерінің аумағында орасан зор империя құрды. Осы мемлекетті басқаруда оның негізін қалап, бастауында тұрған Тоғрұл-бек, Алп-Арслан, Мәлік-шах тәрізді билеушілер негізінен уәзірлер көмегіне жүгінді. Әсіресе Мәлік-шахтың мемлекет басқару жүйесін жетілдіру мақсатында осы тақырыптағы ең үздік еңбекке, қазіргіше айтсақ «тендер жариялағаны» – қызық тәжірибе. Оны орта ғасырдың көрнекті ойшылы Низам әл-Мүлк «ұтып алды». Нәтижесінде, сол замандағы Орта Азия мен Таяу шығыстың мемлекет басқару жүйесіне үлкен әсер еткен «Саясат-нама» («Сиясат-наме») еңбегі дүниеге келді.
Низам әл-Мүлктің бұл кітабында ел басқарудың көптеген мәселелері көрініс тауып, оның 51-тарауында мемлекет өмірінің түйінді тұстары сараланып, тиімді шешімдер ұсынылады. Кітап өте қызықты оқылады, өйткені мұнда бір мәселенің оңтайлы шешімін ұсыну өте мұқият таңдалған дидактикалық материалдармен – әңгіме-әфсаналармен бірге беріледі. Мәселен, кітаптың «Жазалау, хатибтер, мұқтасибтер және олардың ісінің табысты болуы туралы» алтыншы тарауда сауда жүйесінде тәртіп орнатуда мынадай ұсыныстар жасайды: «Әр қалада мұхтасибтар тағайындау керек; олар базардағы бағаны қадағалап, таразылардың дәлдігін өлшеуі тиіс; қай жақтан келгеніне қарамастан базарда тек рұхсат етілген заттар сатылуын қадағалауы керек; егер талап болмаса, базар адамдары ойына келгенін істейді, халық қиналады» дейді. Немесе, қазіргіше айтсақ «монополизммен күресуде» мынадай мысал келтіреді: «...сонда ел нан таппай дүрлікті. Ибрахим сұлтан бәрін шақырып алып: «қалада неге нан жоқ», – деп сұрады. Олар айтты: «қалаға келген астықты наубайшылар толайым сатып алып кетеді, жеке адамға астық сатқызбайды». Махмұт Ғазневи сұлтан сонда ашуланып, олардың бірін пілдің аяғының астына тастауға пәрмен беріп, оның қоймасын халыққа ашып берді. Сол күні қалада нан көп болғаны соншалық, елу ман нан сатылмай қалды».
Әл-Мүлк мемлекет басқару ісіне иманды, білімді, бай, текті адамдарды тартуды ұсынады. «Егер олар бұл қызметке келіспесе, оларды мәжбүрлеу керек» деп санайды ол. «Мемлекет тұрақты болу үшін басшы әділетті болып, бабалар дәстүрін ұстануы тиіс, орынсыз қантөгіске жол бермеуі керек» дейді әл-Мүлк.
«Сиясат-намеде», сондай-ақ оның тұстасы Ибн Халдунның «Үлкен тауарих» кітабының кіріспесі – «Муккадим» еңбектерінде адамзат қауымдастығы дамуының заңдылықтары саралана келе, қазіргі заманғы экономиканың заңдылықтарының негізі қаланғанын байқауға болады. Олар қазіргі экономиканың басты түсініктері – қосымша құн, еңбектің бағалану принципін Адам Смиттен сегіз ғасыр бұрын, мемлекеттің экономикадағы тұрақтандыру саясатын Кейнстен 900 жыл бұрын айтып кеткен.
«Сиясат-наменің» бірқатар ұсыныстарын бүгінгі терминдермен баяндасақ:
1. Жекеменшік құқығын және кәсіпкерлік еркіндігін қатаң сақтау;
2. Заңның үстемдігі және сот жүйесінің әділетті құрылуы;
3. Қоғамдық қауіпсіздік және сауда коммуникацияларының қауіпсіздігі;
4. Салықтың оңтайлы деңгейін ұстану, сол арқылы халықты еңбекпен қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру мәселелерін шешу;
5. Мемлекеттің сауда, өндіріс және коммерция істеріне араласуын тежеу;
6. Мемлекеттің баға саясатына араласпауы;
7. Нарықтың монополизациялануына жол бермеу;
8. Биліктен тәуелсіз монетарлы саясат ұстану, ақша құнын биліктегілердің анықтауына жол бермеу;
9. Бюрократтық аппаратты қысқарту және оның тиімділігін арттыру.
Демек, қазір толайым батыстық экономистердің қанжығасында жүрген экономикалық теориялардың түп негізі осыдан мың жыл бұрын біздің құрлықта тамырланған екен. (Қарап отырсақ, кеше ғана әлемді дүрліктірген дағдарыс та осы талаптарды қатаң ұстанбаудан туындапты).
«Бұл «Басқару туралы кітап», міне – жазылып болды. ...Ал Билікші өзін мәжбүрлей отырып, осы кітапты ұдайы оқып отырсын. Өйткені мұнда кеңес те, даналық та, бұрынғылар айтқан сөз де, Пайғамбар (ғ.с.) туралы баяндаулар да, әділетті патшалар туралы әңгімелер де, кеткендер туралы әфсаналар да, қалғандар туралы сөз де бар. Ұзақтығына қарамастан ол әділетті патшаның назарына лайық. Алла жарылқасын!» деп аяқталады кітап.
Төл мемлекетіміз де Тәуелсіздік алған күннен бастап ата-баба мұрасына, дәстүрге, өткеннің сабағына үлкен ықыласпен қарайтынын үнемі дәлелдеп келеді. Демек, Тәуелсіздігімізді баянды етуде адамзаттың ақыл-ойының осындай асыл маржандарының тәлімін де ұмытпағанымыз жөн тәрізді.
Р.S.
Мақала негізіне «Сиясат-наме» кітабының «Әлем әдебиетінің алтын қоры» айдарымен А.Р. Дүйсенбаевтың жетекшілігімен басылып шыққан нұсқасы алынды.