Алтынай ЖИЕНБЕКОВА, «Достар» тобының әншісі:
Мағжанның мөп-мөлдір тұнық әрі сондай тұңғиық сырлы өлеңдері өз оқырманымен қаншама жылдан кейін ғана қауышқанын білеміз. Міне, сол Мағжанның сұлу, сырлы сөздеріне ән де жазылса керек, бірақ бертінге дейін біз оны білмей, тіпті «Сен сұлудың» өзін Майшекин деген авторға балап келдік. Бір жағы ол ең құрығанда сондай өзге атпен ақынның шығармасын кейінгі ұрпаққа қалдыру үшін қолданылған амал болуы ғажап емес. Енді қазір еліміздің өз еркі өзінде болғандықтан, тұлғаларымыз ақталған соң, қай ақынның сөзіне ән жазып, қалай жариялаймын десе де, ешкім қой демейді. Бірақ сонда Мағжанның поэзиясына жуықтауға бата алмай ма, ән көп туған жоқ. Біз «Әлдиле, өлім, әлдиле» деп келетін Мағжан сөзіне жазылған әнді жақсы қабылдадық. Оның әуенін жазған жап-жас әнші әрі ол тұста сазгер болып танылмаған Алтынай Жиенбекова атты әнші еді. Біз әншімен әңгіме барысында осы бір әннің тылсым жағдайда туғанын естіп, қызықты жағдайды әрі қарай өрбіте түстік.
– Мен бұл әнді 17-18 жасымда тіпті ерекше жағдайда кездейсоқ жаздым деуіме болады. Мектепті бітіргеннен кейін «Қайда барамын? Бұл өмірде кім боламын? Қандай жолға түсемін? Тағдырым қандай болады?» деген сұрақтар мазалайды ғой. 9-сыныпты бітірген соң, Шымкенттегі музыка училищесіне түстім. Бірақ сол тұста, яғни 1995 жылдары ақша енді ғана ауысып, әлеуметтік жағдай құлдырап тұрған шақ еді ғой, отбасымыз аздап тарығып, училищені тастап кетіп, Кентауға оралуыма тура келді. Әкем шахтада істейтін, мінезі қаталдау кісі еді. «Неге оқуыңды тастайсың? Мені жерге қараттың!» деп ұрысатын. Бір жағынан, ән шығарып, өнер жолын қуғым келеді, бірақ шоу-бизнеске араласатындай қолымыз қысқа болды.
Содан бір күні үйде ешкім жоқ болатын, жалғыз өзім оңашада гитараны алып, кеудемді кернеген белгісіз бір әуенді ойнай бастадым... Ыңылдап тартып отырып, өзім егіліп жылап аламын. Кішкентай ғана кітапханамыз бар еді. Сол әнді тартып отырғанымда сөреде тұрған бір кітап өз-өзінен айқара ашылып, жерге құлап түсті. Қорқып кеттім! Жан-жағыма қараймын, ешкім жоқ. Кітапқа үңіліп едім, Мағжанның «Әлдиле, өлім, әлдиле» деген өлеңі ашулы тұр екен. Сөздері, мағынасы, буыны – бәрі менің жазған әуеніме дөп түсе қойды. Сонымен, ол әнді ешкімге көрсетпей, өз орындауымнан өзім ләззат алып, біраз уақыт айтып жүрдім. Арасынан үш шумағын таңдап алып, байқауларды ұйымдастырушы, үлкен өнерден хабары бар Мәдина Керімбайқызына алып бардым. Ол тыңдап отырып жылады... «Көресің, бұл әнің хит болады, осыны конкурсқа шығару керек» деді. Содан Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен 2000 жылы Шымкенттегі «Анда-санда» студиясына барып жаздырдық, музыкалық өңдеуін Ағын Қасымбек пен Дмитрий Багров жасады. Өте сәтті шықты. Әнді «Қажыдым» деп атадық. Осы әнмен «Жас қанатқа» қатыстым. Содан кейін Мұрат Ерғалиев шақырып: «Азия дауысына» осы әніңді шығар» деп ұсыныс білдірді. Орындап, 2-орын алдым. Көпшілік «сөз сазын, сазы сөзін тапқан, керемет үйлескен» деп айтады. Әйтеуір, жаман пікір естіген емеспін. Сөйтіп, «Қажыдым» 2001 жылы бірінші альбомыма енді.
...Мағжанды оқыған соң, өзіне, тұлғасына ғашық болдым. Расында да, өте сауатты, жүрегі өте мықты, қазақ үшін жанын қиған біртуар арыстай азаматымыздың өлеңі де, тағдыры да мені қатты толғандырды. Тіпті сол «Әлдиле, өлім, әлдиленің» шығу тарихын алып қарайықшы... Репрессия құрбаны болып, түрмеде бір татар ақынымен танысады. Баласы болса шетінеп кетеді. Өзі – абақтыда. Сонда өмірінде қандай мән қалды? Сондай жан күйзелісінен туған өлеңдерінің бірі емес пе?
Мағжанның «Күнім, айым, еркетайым, бөлейін енді. Қыста дауыл, жатқан ауыл, ұйқың да келді...» деп келетін «Бесік жырына» арналып жазылған тағы бір әнім бар. Бірақ ол әлі жарыққа шыққан жоқ. Мұрағатымда жатыр. Алла жазса, түбінде Мағжанның осы өлеңін де сахнаға алып шығамын.