Ашаршылықты әшкерелеген тұңғыш туынды

Ашаршылықты әшкерелеген тұңғыш туынды

(Басы  газетіміздің өткен (№77 (759), (№80 (762) сандарында)


Кәкімжан Қазыбаев
                                                            Сұрапыл
                                                                       (үзінді)
Бірақ кешегі өз басынан кешкен оқиға­дан зәресі әбден кетіп тұр. Құдай мықтап сақтады, әйтеуір. Солай болып жүрмесе. Аудан орталығынан ертелетіп шыққан. Үйге жетуге асық. Жолдың екі жағындағы қалың ши жаз шыққаннан бері әрқайсысы өз түбіне бір-бір қарақшы тығып қойғандай көрініп жүретін-ді. Сол себепті ме, мылты­ғын тастамайды, жолға шығарда шабдар аттың айылын мықтап тартып алады. Оның үстіне, кейінгі кезде кісі етін жейтіндер шы­ғып­ты, «әне жерде олай бопты, мына жер­де былай бопты» деген суық сөз көбейіп кетті. Комиссия құрамында жүріп, көрген­деріне бұл үрей қосылған соң, не сорым. Қайшаның қазанға салынған жас сәби жөнінде айтқаны тағы бар.
Ауылға беттесімен-ақ осы ойлар қама­лап алған. Сенетіні – мылтығы мен шабдар аттың әлділігі ғана. Аштарды мұның өзі емес, астындағы күйлі аты да қызықтыруы мүмкін. Жан-жағына қарап, сылаң аяңға басып келеді. Шидің арасынан аңда-санда біреулер қараң ете түскендей болады. Онысы – қорыққанға қос көрінедінің кері. Дегенмен сол елестердің өзі-ақ мылтығына сан жармастырды. Бұған да еті үйрене бас­тады. Үш-төрт жерден жол бойы өліп жат­қан адамдарды кездестірді. Алғашқы екеуін айналып өтіп, қалған екеуінің қасы­нан жанай өте шықты.
Орта жолда ескі зират бар-ды. «Жолау­шыны тонаушылар сол зиратты паналайды екен» деген сөзді де еститін. Зират жаққа ат үстінен мұқият қарады. Тірі пенде бай­қал­майды. Әріректе, алаңқалау жердегі жол шетінде ғана бірдеңе қараңдағандай болды. Бірақ жеріне жете алмай, бұралып құлаған тағы бір сорлы шығар деп жобалады. Шалқасынан жатыр. Шабдар аттың да өлген адамдардың қасынан өтуге еті үйреніп қалыпты. Алғашқыдай аса үркіншектемеді. Десе-дағы, өліктің аты өлік қой, Ақылжанның жүрегі су ете қалды. Манағы қалған төртеу, әйтеуір, өзі басқар­ған ауылдан емес, бейтаныс адамдар, тегі босқындардан, аткөшектерден болу керек. Мына адам да солай болғай. Бет-аузын сақал-мұрт басып кеткен. Денесі ірі екен. Егер тірі болса, қолына түсе көрме, онда бұл дүниемен қоштаса бергенің. Сұлқ жатыр, тегі өліп қалса керек. Анадай жерге көне тымағы кетіпті. Құлаған кезде бас киімнің солай болатыны заңды ғой. шабдар ат пысқырынып, айналып өткісі келіп еді, Ақылжан оған жібермеді. Сұлап жатқан адамның қасынан енді өте берген­де, Шабдар ата кеп жөнелсін. Ақылжан топ етіп құлап қала жаздады. Жерге түсіріп алған шылбырына әлгі «өлді» деген адам­ның тұра кеп ұмтылғаны. Шабдардың уақытында үріккені мұндай жақсы бола ма. Ұзаңқырап барып артына қараса, солбырайған күйі әлгі өзінен әлі көз алмай қарап тұр екен. Ақылжанға таныс адам сияқтанып кетті. Бұлдыраған көзін сүртіп қайта қарады. Анарбайға ұқсайды. Сұм­дық-ау, ол қайдан жүр бұл жақта? Бірақ аштық қайда айдамайды. Аштықтан ба, әлде мынау қиын кезеңде өш алғысы келіп күткен бе?
Есебінің залымын қарашы. Өлген болып жатып, абайсызда шаужайдан алмақ болған ғой. Шылбыр қолына тисе бітті, мылтығын мойнынан алып та үлгере алмайды. Құдай бір сақтады, шабдардың үріккені құтқарды білем. Тақымы бос адам болғанда, топ ете түсетін еді, жастайынан атқа шапқанының пайдасы.
Ақылжан мылтығымен әлгі сұмырайды атып кеткісі келді, бірақ оның арты қандай болады? Тағы көз салды, Анарбай иттің дәл өзі. Сендей әпербақандардың әлегінен басталған зобалаң, міне, неге әкеп соқты. Ақыры «байдың баласы аштан өліпті демекші, өзің де сазайыңды тартып жүр екенсің ғой», өзге ауданнан аш болмасаң, мұнда неғып жүрсің? Қолыңа түскенімде сен мені аямайтын едің. Арам қаныңды мойныма алып қайтем. Егер қасымда Нарғазы көкем болғанда, мына қылығың үшін сені тірі жібертпейтін еді. Оның батыл­дығын маған бермей, қор болып жүрмін ғой. Көрінгенді аяған бірдеңемін. Әрі мы­нау билік басында жүргенім де қолбайлау. Аштан өлген адам мен оқ тиіп өлген адамды ажырату қиын ба? Екі ортада пәле болып жүрерсің. Дегенмен «зәресін бір алайыншы» деп, Ақылжан мойнындағы мылтығын алып кезенген күйі шабдардың басын кейін бұрып еді, әлгі биік шилердің арасына зып беріп жоқ болды. Сол тайғаныңмен кет!
Әкесін де өстіп орта жолда біреу аңдып жүрмесе неғылсын. Қазір мінген аттың өзі жауықтыратын болып тұр ғой. Анарбайдың залымдығындай залымдық өзгенің ойына ол жолда келмес дейсің бе? Бір күнгі тірлік үшін арпалыс не жасатпай жүр.
Мұның бәрін үй ішіне айтуға және қо­рықты. Үрейге үрей қосылып, мүлде бере­келері қашып жүрер. Қайшасын да, анасын да қорқытқанда, жүрегін жаралағанда не түседі. Қалжырағанының себебі жалпы ауыртпалықтан деп ұққан шығар олар. Со­лай-ақ болсын. Оның үстіне, сұлының сү­йір қауызы шашалдырып, тамағына тұрма­сы бар ма! Үшкір неме ары қарынға кет­­кен­де, ішекті бүлдіріп жүрмесе жарады.
Құдайторының мерт болғанын анасы адам өлгендей етіп естіртті. Ақылжан көзі­не жас алды. Нағашысының бағы қайтпаса жарар еді. Ал балық аулап жүргені – ақыл­дылық. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген. Бәйге жаратып, бас қосатын, думандатып той жасайтын заман ба қазір. Ең бастысы – бір қарынның қамы ғой. Жұтпен жалғаса келген мынау 1932 жыл­дың аштығы қандай жаман болып жүр. Малға – жұт, адамға – аштық. Бұдан асқан зобалаң бола ма? Әншейінде ешкісі лақ­таса, бір-біріне тұра жүгіретін ағайын енді бір-бірінен қашықтап барады, қатыгез бо­лып барады. Құлқын құрғыр бәрінен әмірлі екен, ең үлкен билік енді соның қолында.
– Әрі айдауда, әрі бөтен елде, менің тұқымымнан түк қалмады-ау, – деп зар иле­ді Қайша. Ақылжанның да қолқасы үзіліп кете жаздады. Мына күйде тұқымы жөнінде ойлауға шамасы келген пара­са­тына бас иді. Ал өзі болса, Қоспанбет аға­сы­ның қос қызығының көз жұмуына жол берді. Ауданы өзге дегендей, екі ортада өте алмайтын мұхит бар ма еді? Іргелерін соншама аулақ салып алғаны несі? Әкесінің шыдамсыздық жасауында қисын бар. Кеткені дұрыс болған.
Қолынан келсе, үш жарылуға дайын. «Нарғазы» деп – анасы, «тұқымым» деп – Қайшасы, туған ауылым деп өз жүрегі жұлмалайды. Ауылнайлық шағындағы қызмет өзгеге пайғамбардың биігіндей көрінер. Мұны тұқым-тұяғымен ақ май құсып отыр деп ойлайтын шығар. Сұлының қауызына шашалып, жол аңдыған қарақ­шы­ның қармағына түсе жаздағанын кім білсін. Ауылнайдан артық бұл күннің ауыртпалығына арқасын тосқандар бар дейсің бе? Жиырма жасында қатпаған топшысы мұндай зілді үзіліп кетпей, қалай көтеріп жүр екен. Ауылдың салмағының өзі мұндай, ауданның салмағы, облыстың салмағы қандай десеңші! Көз алдына Шодыр мен Жүсіп келді. Шодырды жиі көреді, жездесінен былтырғы қыстан бері хабар жоқ. Ажырасқандарына бір жыл толмаса да, мынау сұрапыл уақыт атам замандай болып, өзі сонша қалай алыс көрінеді? Қызыққа толы кезде уақыттың да аяғына жел бітіп, тез өтуші еді, ауырлық аяққа зіл қара батпан байлағандай жыл­жытпай тұр ғой. Егіннің пісуіне аз-ақ қал­ған мезгілдің өзі қандай қашық көрінеді. Оның әлі қанша өмірді жалмары белгісіз.
Шодырдың бүгінгі кейпі ауданның айнасындай. Шашы кәдімгі сексендегі қарттың шашындай ақ селеу болып кеткен. Оның бетіндегі әжімнен мынау Алатаудың сай-саласының саны аз шығар. Өзге аудан­нан гөрі, бұл ауданда аштыққа ұрынғандар салыстырмалы түрде ғана аз. Әйтпесе тө­тен­ше комиссия құрғызып, жағалай жәрдем көрсеткізе ме? Келімсектер, бос­қын­дар өлімді көбейтіп жіберген. Олар да адам ғой. Қайырым көрген бір қайыршы­ның сөзі мың қайыршыны шақырады. Әр-әр ауылдан, ауданның орталығынан аш­тырған үлеспе қара көженің өзі аштарды қара шыбындай қаптатып жіберді емес пе. Енді тіпті жаңа нұсқау болды. Елге, жерге, ауданға бөлмей, аш атаулыға қол ұшын беру керек. Шодыр онсыз да нартәуекелге басып, екі камба Н3-ны тараттырып жібер­ген. Сол үшін ез НКВД-сі үстінен арыз бер­ген. Алдымен аштықпен күресем, арызға жауап сосын деп жүргенде Құдай оңдап, кеңшілік келді. Аш атаулыға көмектесу женінде нұсқау түсті. НЗ-нің орны енді табылады.
Ақгвардияшылармен күрес, тап жаула­рымен күрес, ірі байлармен күрес, отырық­шылық үшін күрес, сауатсыздықпен күрес, колхоздастыру үшін күрес, енді аштыққа қарсы күрес, күрестен күрес, тіпті көз аша алмай қойды ғой тегі. Шодыр­дың шашы ағармағанда, кімнің шашы ағарады? Бәрінен де өтіп кеткені – осы аштық. Ертеңіміз үшін күресеміз деп, сол ертеңімізді жасайтын адамдардан айыры­лып қалсақ, ол күресте не мән бар? Күресу үшін ғана күресе бермей, революция күндерінде төккен қанның өтеуі болмаушы ма еді. Болатын уақыт та жеткен жоқ па! Сол үшін күресу керек қой. Мынау аштық деген пәле күресіміздің нәтижесі ме, жоқ әлде күресеміз деп жүріп, алды-артымызды ойлай алмай жығылған жарымыз ба? Күрес мұраты – жығу, жығылу емес. Ал ашар­шылыққа ұшыраудан артық омақаса жығылу бола ма? Қырқа шалып, гүрс еткізіп құлатайын деп тұрған осынау қиын сәттен қалай шығу керек. Оны қартайтқан  осы ақ шаштың әрбір талында ауыртпа­лықтың ізі жатыр.
Қамбадағы астықты таратып жіберуінде де үлкен сыр бар. Жейтін, себетін адам қалмаса, ол астық кімге керек. Ертең оны кім егіп, кім қайта астық етіп өсіреді? Анда-санда «Нарғазылардан хабар бар ма?» деп сұраушы еді Шодыр, қазір одан да қалды. Мұрнына су жетпей жүр.
– Қайшаны қарайтып аламыз-ау, – деді бір күні. – Менің байқауымда, ол – педагог боп туған адам. Ауылдағы мектептердің бәрі биылша жабылды. Детдомға келсе, қандай жақсы болар еді.
– Барсын, онда алыңыз. – Бұл адамға қарсы пікір айтуды күнә санайтын Ақылжан шын ықыласын білдірді.
– Жаңа қосылған екеуіңді ажыратып...
– Іс мүддесі талап етсе, шыдаймыз да.
– Детдомдарда балалар орысша біл­мей­ді, тәрбиешілер қазақша білмейді. Міне, қиындық қайда! – деді Шодыр. – «Әр детдомда қазақ тәрбиешілері болсын» де­ген нұсқау берді. Қайдан табады? Олар­ды табудан гөрі, райкомның секретарын табу оңай болар қазір.
– Мен шынымды айтып тұрмын, Шо­дыр аға.
– Жанымды жеп жүрген тағы бір жай – қазақ балаларының көбі Ваня, Максим, Петя, Саша, Вера, Таня, Тамара боп кеткен. Не от хорошей жизни, конечно. Ертең жақ­сы күн де келер. Сонда біреу болмаса, біреу ауданның хатшысы орыс болған соң, бәрін орыс қып жіберген ғой демей ме? Бұл қазақ халқының алдында мен үшін өтелмес қылмыс болады. Әр адамның бүгінгі тірлігі үшін күресумен бірге ар жағын да ойлауы­мыз керек?
Белозеровтің бұл пікірлерін естігенде, Қайша қатты тебіренді. «Өзің қалай қарай­сың?» – деп Ақылжанға қарады.
– Менің айтқаным – айтқан. Өзіңнің орныңды ауыстыратын біреу табылғанша барсаң – бар, тіпті Шодырдың көңілі үшін.
Феодор Афанасьевич түннің бір уағына дейін кеңседен кете алмады. Керосин шамның жарығымен ұзақ отырды. Бұл шам жалғыз осы райкомда ғана бар. Сарқандтың сарқыраған суы бір жағынан құлақ тұндырғанмен, бір жағынан, біртүрлі көңіл жұмсартатын секілді. Анда-анда алыстан қырғауылдың түнгі шақырғаны естіледі. Не де болса тау жақта, қалың ағаш арасында жүр-ау, сорлы. Аштардың аң­дуы­нан аман қалғандығын білдіріп, «тірі­мін, тірімін» деп тұрғаны шығар. Бүгін тірісің, ертең біреу тұзақ құрса қайтесің? Оның жалғыз-жарым шыққан үнін судың арқыраған гүрілі көміп-көміп жібергендей болады. Мүлгіген қараңғылықты түріп тастап тұрған – осы екі үн. Бірінде әдемілік, жұмсақтық, бейкүнәлік болса, бірінде өрлік, өктемдік, дүлей күш бар секілді. Сол дүлейлігімен сазды, сылқым үнді тұншық­тырып-тұншықтырып жібереді.
Өз үні де осы қырғауыл үніндей айқын шыққанмен, анау су сарылындай дүлей бір гүріл басып жіберсе қайтеді, естіртпей жүрсе, не істейсің? Алдындағы мәліметке көзі түскенде, жүрегі тағы зу ете қалды. Жоқ, бұдан әрі үнсіз қалуға болмайды, жазуы керек. Ең болмаса өзінің ары ал­дында ақталатындай, көңілге медеу тұтар­лық бірдеңе болуы керек. Ауылдық советтердің жіберген деректері бойынша, малының оннан бірі, адамдардың жартысы ғана қалған. Мынау сұмдық! Астық піскенге дейін әлі талайды көр күтіп тұрған шығар. Кенеуі кеткен халықты көрсеткен жәрдемнің де құтқарар түрі жоқ. Кешігіп қалдық, кешіргісіз қате жібердік. Апат өткеннен кейін айғайлағаннан не пайда, алдын алу керек еді. Толқып келген ойлар қағазға түсерде бытырап қаша берді. Іріңі әбден кернеп, жарылғалы жүрген көңілдің қанды сорпасының аузын ашқан бүгінгі көшедегі көрініс еді. Кәдімгі бөренедей қатар-қатар тізіп тастаған өліктер. Оны жинаушылар Белозеровті кес-кестеп жібермей:
– Мынаны өз көзіңізбен көріңіз, бұл пәледен енді құтқарыңыз. Бұдан әрі жұмыс істеуге дәтіміз шыдамайды. Араларынан сүзектен өлгендер шықты, – деді. – Енді аштыққа қоса індет қаптайды.
Феодор Афанасьевичтің көзі алақандай болған. Дереу аудандық денсаулық сақтау бөліміне хабар салғанда, ол дерек расталды. Сасулы екендіктерін айтты. Бір-бірімен ұштаса келген нәубет. Алдымен – жұт, сосын – аштық, енді міне – індет. Шын­жырдың шыршығындай бір-бірімен жал­ғасып жатыр. Бәрінің төркіні бір, кінә­лі...
Үш-төрт бет қағазды жыртып тастады. «Қазақстан өлкелік партия комитетіне. Оның бірінші секретарі Ф.И.Голощекин жолдасқа...» деп бастайды да, жыртады. Қалай бастаса екен? Біреу қолынан шап беріп ұстағандай қайта-қайта тұтығып отыр. Алдындағы мәліметтер «жаз, жаз» дейді. Манағы көшеде көрген көрініс «енді қашан» деп екі өкпесін қысады. Тіпті өлік­тер «өзіміз қол қоямыз» деп атып-атып тұрған­дай. Шошынғаннан басын көтеріп алып еді, бөлмеде жалғыз өзі екен. Қырғауыл үні алыстан қоңыраулап естілді. Оның даусы анық. Мұның даусы неге шықпайды. Өзеннің сарылы келді құлаққа. Бұл да анық. Күндіз байқамай ма, әлде түнде су сарылы, шынымен, күшейе ме? Өлгендер өсиетін айтқызбай қоятын емес. Ол кеңсе тілімен жазуға тіпті келмейді, ол жағына Шодырдың төселгені бар еді. Ащы күйінде жазу кібіртіктетіп, өзінің зәресін алып отыр. Мына күйінде хатқа қол қойған адам­ның ақылы дұрыс па деп күмән келтіруі мүмкін. Әрі өзі райкомның бірінші хатшысы болса.
Феодор Афанасьевич ыза боп кетті. Былай тартсаң – егіз өледі, былай тартсаң – арба сынады. Бәрі – бір шығын. Бәрі – бір құлайтын құз. Сияға малынған қаламын лақтырып кеп жіберді. Столдың үстіне найзадай қадалып, дір-дір етіп тұра қалды. Мұны күтпеген Шодыр мырс етіп күлді. Әдейі қадайын деп лақтырса ғой, мұндай шаншылмас еді. Шашыраған сия столдың үстін былғады. Алыстау жатқан, жазайын деп отырған қағазына да тиді. Бір бет тағы корзинаға лақтырылды. Дірілдеп тұрған қаламды суырып алды. Сиырдың башайындай айырыла кірген қаламұш тартып алғанда қайта бірікті. Яғни жазуға жарайды. Кернеген ыза кеме­ріне түскендей. Ал талайдан жанын қина­ған ойлар қағазға тізілгенде, мүмкін, аузы жа­рылған қанды шиқандай солқылдат­қаны басылар.
Феодор Афанасьевич таза бет қағазды алдына қайта алып, жаңа лақтырған қаламды сияға қайта малды. Қырғауылдың тұнық үні тағы естілді.
«Қазақстан өлкелік
партия комитеті­нің
бірінші секретары
Голощекин жолдас­қа!

Қадірлі Филипп Исаевич!
Ащы да болса көз көрген шындықты баян етуді большевиктік парызым деп санаймын. Мен сонау азамат соғысынан бастап, осы Жетісу өңірінде Совет өкіметінің орнауына, социализм жеңісінің өріс алуына тікелей куә болып келе жатқан адаммын.
Партия қайда жіберсе, сонда аянбай қызмет істеп жүрмін. Өзімді Ленин идея­ларының жүзеге асуы жолындағы күрес­кер­мін деп санаймын. Күрес қиындықсыз болмайды, әрине. Оның бұралаңы да көп. Бірақ қатеге ұрындыратын бұралаңға түспеу керек еді. Сол бұралаң – мына аш­тық. Аштықты қолдан жасағанымызды ашық айтқым келеді. Бұл қасіретке ұшыра­ған – қазақтар. Мен жастайымнан қазақ арасында өсіп, олармен етене араласқан, олардың мінез-құлқын, өмір салтын, дәс­тү­рін әбден біліп өскен адаммын. Бұлар­дың тіршілік көзі – мал. Ал сол малды коллективтендіруді тез аяқтаймыз деп, сыпырып алғанымыз қатенің ең сорақысы болды. Яғни өкімет атынан оларды тіршілік көзінен айырдық. Ел жағдайын білетін біздердің пікірімізге ешкім құлақ асқан жоқ. Иә коллективтендіру, иә партбилет! Мәселе, міне, осылай қойылды. Өзіңіздің атыңыздан деп айтылған зілді нұсқауларды үсті-үстіне алып жаттық. «Асыра сілтеу бол­масын, айыр тұяқ қалмасын». Жергілік­ті жерлерде осындай келемежге ұшыра­дық. Менің осы науқанның басында өз пікірімді білдірген хатым сізге жетті ме, жетпеді ме, ол жағы әлі беймәлім. Сондағы күдіктерімнің бәрі қазір тұп-тура келіп отыр. Ол айтқандарым сәуегейлік емес еді, өмір шындығынан түйгендерім бола­тын.
Асығыстықтың ақыры апатқа әкеп соқ­ты. Малсыз ел ашаршылықтың тырнағына бірден ілінді. Сіздерден жасыра алмай­мын, өтірік мәлімет беру – өліммен тең. Шындықты айтайын, партияның алдында жүзім қара болмасын. Ортаққа түскен малды бағу жүйесі әлі жоқ еді, халық оған әзір емес-ті. Өзімнен кеттің, «күл болмасаң, бүл бол» деп қарады. Мұның өзі шаруаның ғасырлар бойы қалыптасқан психологиясы еді. Үлкен қате соны ескермеуде болды.
Шама келмейтін жөнсіз салықтарға неге бардық? Ол шаруаларды мүлде тұралатты. Әуелі облыстан келген бір өкіл осыдан бір жыл бұрын «жүннің жоспарын орындамағансыңдар» деп қыста қой қырықтырды. Көпе-көрінеу малды қырып салды. Оны кеш біліп қалғаныма өкінем, мен ол өкілді айдап шықтым. Мүлде астық екпейтін ауылға астық салығы неге салынады? Азын-аулақ қалған малын сол салықты өтеу үшін айырбастап жібергендер де аз болған жоқ. Күн көретін түктері қалмады. Ал ортаққа түскен мал екі ортада иесіз қалды. Оған жұт келіп килікті, жұттан – ашаршылық. Қандай қасіреттің куәсі болып отырмыз.
Мүмкін, сенбессіздер, бүкіл бір ауылдан бір тірі жан қалмаған жағдайларға жиі кездестік. Кейбір әулеттерден әуелі тұқым қалмады. Қоғамды дамытатын ең басты резерв – адамдардан айырылдық. Қолға алған шарамыз өте кеш, оның көмегі шама­лы болды. Атам заманнан келе жатқан «ау­ру­дың алдын ал» деген қағиданы сақтауға мүмкіндік бермедіңіздер.
Мен өзім істейтін бір аудандағы жағдайды ғана айтып отырмын. Мүмкін, басқа жерлерде олай болмаған шығар. Бі­рақ аш босқындардың географиясы маған өте кең көрінді. Соған қарағанда, мен бұл апатты жаңа құрылыстың, социализмнің беделін түсірген қайғылы оқиға деп біле­мін.
Дереу, дереу шұғыл шара керек. Бірін­шіден, астық піскенге дейін елді тойындыр­маса болмайды. Ол үшін жергілікті жердің қолын байламаңыздар. Бір қойманы ашу үшін, бір тонна астық босату үшін қаншама келісім, нұсқау керек. Адамдар қырылып біткеннен кейінгі рұқсаттың құны бір тиын.
Екіншіден, ел есін жинасымен шаруа­лар­дың қолына мал тигізу қажет деп есеп­теймін. Өсіре алғанынша өсірсін. Бұл тұста да жергілікті жерге инициатива берген жөн. Бірақ ашып айтар жай – сырттан әкелмесе, өзімізде үлестіретін мал қалған жоқ. Өзгені білмеймін, біздің ауданға бұл жөнінде үлкен көмек керек.
Үшіншіден, індетке қарсы республика бо­йынша үлкен күрес жариялау дұрыс болар еді. Бұл біздің өз қолымыздан кел­мей­ді. Дәрігер дегенің қасқалдақтың қанын­дай қымбат. Аса бір шұғыл шара қолданбасақ, қалған адамдардың өзін індеттің аузына тосуымыз мүмкін. Мұны тіпті кезектен тыс мәселе деп қараған жөн. Төтенше оқиға.
Төртіншіден, қазақ ауылдарына, таза қазақ колхоздарына егін егуді, шөп шабуды, жинауды үйрететін маманды кім даярлай­ды? Оларды орталықта оқытып, дереу даяр­лаған жөн болар еді. Өмірден көрге­нім­ді айтайын. Біздің аудан – қазақ, орысы аралас аудан. Жер емген орыстарға ашар­шылықтың тісі аса бата қойған жоқ, астығы бар, картобы бар, олар ілдәлдаға жарады. Ертерек шөп жинап алып, малдарын да негізінен аман сақтап қалды. Яғни қалып­тас­қан өмір салты үлкен рөл атқарды. Ашаршылық апаты келгенше біз қазақтарды ондай машыққа үйрете алған жоқпыз. Тіпті кезінде орыс шонжарларында жалда бол­ған қазақтардың қыр қазағынан жағдайы әлдеқайда дұрыс болды. Бірақ жалпы келген апат оларды да әлсіретіп кетті.
Бесіншіден, босып кеткендерді туған жеріне қайырудың амалын ойласа. Олардың бәрі бірдей қырыла қойған жоқ шығар. Осыған ынталандыратын шаралар комплексі жасалса, нұр үстіне нұр. Айталық, келе салысымен, мал беру, колхозға кір деп зорламау, алым-салықтан босату, тегіне қарап қуғынға салмау. Жасыратыны жоқ, көп қазақтар ашаршылықтан бұрын ірі бай­ларды тәркілеу кезінде, колхозға бірігуге зорлау кезінде өзге жерлерге ауып кетті. Солардың қайтуына да қазір жағдай жасау аса бір әділдік болар еді. Қазақтардың атамекенді қимау сезімі ерекше. Оны пай­далану керек. Ашаршылық жұрттың бәрін әлеуметтік жағынан «теңестіреді». Енді бай тұқымы деп қудалауды да қойған жөн секілді. Бірін-бірі көрсету жағынан қазақтар өте белсенді болды. Тіпті орташалардың өзі сол көрсетуден бай қатарына жатқызылды. Сөйтіп, халықтың едәуір бөлігін социализ­м­нен үркітіп алдық.
Ашаршылықтың ащы сабағы осындай ойларды да тықпалайды. «Сен қайда болғансың, көктен түстің бе» дерміз. Мен көктен түскен жоқпын, әр қызметте жүріп, осы оқиғалардың тікелей куәсі болдым, оны жүзеге асырыстым, асыра сілтеуге де атсалыстым, бірақ өз еркіммен емес, пар­тия атынан айтылып жатқан соң, амалсыз­дан соған бардық. Сол үшін өзімді айыпкер санаймын. Әрине, өз басыма қатер төнсе де, бұлқынып шығуым керек еді, қорықтым. Мынау аштық әсіресе қазақ халқын қатты қаусатты. Тағы қайталаймын, мен өзімді де кінәлі санаймын. Сырттан келген сіздер тұрғай (бұл айтқаным үшін ғафу етіңіз, пар­тия тапсырмасымен келдіңіз ғой), өл­кенің жағдайына қанық мына біз секілділер де науқанның шылауында кете берді. Мен өз айыбымды ешбір кемітпеймін. Ол большевиктік адалдықпен сыйыспайды. Осы хатты жазуымның өзі де сол айыбымды мойындаудың куәсі болса керек. Ар алдында арылғым келгені шығар.
Бүгінгінің зары ертеңгінің заңына айна­лып кетпесін деп жазып отырмын. Ашар­шылықтың апаты сұмдық болды. Мүмкін, жоғарыда отырғандарға көп жай көмескі шығар. Мына біздердің көргенімізді ешкімнің басына бермесін. Сондықтан да осындай ащы сөздер шығып отыр. Жоғары­да көтерген мәселелерге назар аударса­ңыздар, мың да бір рақмет айтар едім.
Белозеров Феодор Афанасьевич, алып-қосары жоқ ащы шындықты жазушы Июнь, 1932 жыл. (Жалғасы бар)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста