ҰОС ардагерлеріне қандай қамқорлық жасалып отыр?

Сұм соғыстың аяқталғанына, міне, 67 жыл өтті. Сонау сұрапыл қантөгіс жылдары майданда миллиондаған адам көз жұмды. Бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміз қартайып, олар жыл өткен сайын азая түсуде. Жалпы, қазіргі кезде көзі тірі ардагер қарияларымызға мемлекет тарапынан нақты қандай жағдайлар жасалып отыр? Олардың медициналық көмек алуына, әлеуметтік қолдауға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп отыр ма? Осы туралы мамандармен аз-кем тілдескен едік.
Қалдыбай МАДИБРАИМОВ, Алматы қаласы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған емхананың бас дәрігері:
– Негізі, бұл емханада Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер және оларға теңестірілген азаматтар емделеді. Мұнда соғыс ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қала бойынша 26 емханамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Олар өздерінде тіркелген Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар жайлы, оларды емдеу процестері туралы мәліметтерді бізге беріп отырады. Біз ардагерлерді толық тексеруден өткізіп, ай сайын 62 науқасты квота арқылы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мүгедектеріне арналған госпитальға жіберіп отырамыз. Онда олар тегін әрі толық емін алып шығады. Сондай-ақ оларды жылына екі рет тереңдетілген медициналық тексеруден өткіземіз. Жүре алмайтын ардагерлерді үйіне барып қараймыз. Дәрі-дәрмектері толық жеткілікті. Оның бәрін тегін береміз.
Қалдыбай Мақатайұлының айтуынша, жалпы соғыс ардагерлеріне медициналық көмек уақытында көрсетіліп отыр. Қарт ардагерлерге ерекше күтім жасалған. Айтпақшы, біз осы мақалаға қатысты аталмыш емханаға барған кезде бас дәрігер Қ.Мадибраимовқа Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың алғысхат жолдағанының үстінен түстік. Онда Елбасы: «ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауы кезінде «Нұр Отан» ХДП сайлау науқанына белсене қатысқаныңыз үшін сізге алғысымызды білдіреміз. Сіздің жоғары азаматтық белсенділігіңізді өзіміз таңдаған экономикалық-саяси және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық бағытымызды қолдау деп бағалаймын», – деп көрсетіп, алғысхат жолдаған екен.
Енді атқарушы және өкілетті органдар тарапынан ардагерлерге жасалатын қамқорлық қандай деңгейде екендігін білу мақсатында ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Бақытжан Бектұрсыновпен телефон арқылы тілдескен едік.
Бақытжан БЕКТҰРСЫНОВ, ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары:
– Бізде ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне ерекше көңіл бөлінген. Оларға қамқорлық үнемі жасалып келеді. Мүгедек соғыс ардагерлерінің барлығы мүгедек арбасымен қамтамасыз етілген. Көзі көрмейтін, құлағы естімейтін қарттарға сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар берілген. ҰОС қатысушыларға, барлық категориялы мүгедектерге санитарлы-курорттық орындарға тегін жолдама беріледі. Сондай-ақ әр аудандағы жергілікті әкімдік өзінің бюджет шамасына қарай қарттарға түрлі қамқорлық көрсетеді. Мәселен, бір аудан жыл сайын әрбір ардагер қартқа 40 мың теңгеден бір реттік жәрдемақы берсе, келесі бір аудан 20 мың теңгеден үлестіреді. Бірақ бұл сома 10 мың теңгеден кем болмауға тиіс. Өткенде ғана құлағы нашар еститін, тілі бұратылып, анық сөйлей алмайтын төрт қартқа құны 1 млн 900 мың теңге тұратын аппараттар сатып алып бердік. 87 млн теңгеге протездік-ортопедтік құралдар, алып жатырмыз. Оның барлығы тегін беріледі. Облыс әкімдігі қолдау көрсетуде.
Пазылхан ӘБІШЕВ, ҰОС ардагері:
– Бізге мемлекет, жергілікті әкімдік тарапынан жыл сайын қаржылай көмек беріліп тұрады. Студенттер, мектеп оқушылары үйіміздің маңайын тазалап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді. Дәрігерлер кешенді медициналық тексеруден өткізіп, тиісті ем-домдарын жасайды. Денсаулық жағдайымызға байланысты емдеу-сауықтыру орындарына жолдамалар беріледі. Жеңіс тойы – мен үшін қасиетті мереке. Бұл – соғыста жеңіске жеткенімізді атап өтетін күн ғана емес, сонау майдан даласында қаза тапқандарға тағзым етіп, еске алатын ерекше күн. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың мына ықылас-қамқорлығына ризамыз. Біздің бар тілегіміз: ұрпағымыз соғыс дегенді білмей, бейбіт өмірде өсіп-өніп, өркендесе екен дейміз.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті тарих ешқашан ұмытпайды. Сұрапыл соғыс азабын тікелей көргендерді бүгінгі ұрпақтың аялай қамқорлыққа алуы – парыз. Майдангер ата-апаларымыз қандай құрметке де лайық. Оларға деген қызметтің сапасы ешқашан бәсеңдемесе екен...





