Барша қазақтың бас ақыны Абай атын ауызға алғанда Көкбай есімі еріксіз тіл ұшына оралады. Тіпті Құнанбай қажының ұлы болғандықтан әрі өз өлеңіне көңілі толмағандықтан, жас шағында Ибраһимге бүркеншік есім болған Көкбайдың кім екенін әлі күнге Алаш жұрты айтарлықтай жақсы біле бермейді. Сонымен,
• Көкбай кім?
• Қай жылдары өмір кешіп, немен айналысты?
• Қандай мінез иесі еді?
• Абаймен алғаш қалай танысты?
• Қанша жыл дос болды?
• Арадағы қыл өтпестей достықтың сыры неде?
Алғаш Абайдың ақын шәкірттерін зерттеп, әрқайсысының аттарын жеке-жеке атап, өмір-деректерін хатқа түсірген Мұхтар Әуезов болса, кейін оның ісін жалғастырған ғалым Қайым Мұхамедханов еді. Алашына адал қызмет еткен осынау асыл азаматтардың артында қалған ұрпақтары, мына біздерге қалдырған құнды деректеріне сүйене отырып, біз Көкбай тұлғасын ашуға тырысамыз.
Ту бие мініп, Семейге тартқан «көк тентек»
Абаймен 25 жылдай жолдас, дос болған Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы қазіргі Семей облысы Абай ауданында туған. Тобықты ішінде Көкше руынан. Көкбайдың үшінші атасы – Есбай, Көкше ішіндегі жуан ата саналады. Есбайдың бес баласы: Сарымсақ, Сапақ, Жамантай, Көбентай, Бәйтен. Бұлардың бесеуі де шетінен ділмар, шешен әрі пысық болып, «Есбайдың бес жүйрігі» атанған. Сапақтың баласы – Қаратай шешен, Құнанбаймен тізелес, көкшенің рубасы адамы. Жамантайдың баласы – Жанатай. Жанатайдан – Көкбай. Сол заманның үрдісі бойынша, алғаш сауатын 10 жасында ауылдың Төлетай деген молдасынан ашқан Көкбай 15 жасқа келгенде бозбалалық құрып, оқуын тастап, ойын-сауық қуып кеткен еді. Алайда Жанатайдың жаман ұлы есті тентектердің қатарынан табылып, кешірек те болса, есін жиып, 17 жасқа келгенде Семей қаласына оқуға аттанады. Оған үлкен себепкер болған кейіннен Алашорданы құрушы арыстардың ең алғашқыларының бірі болған Әріп Тәңірбергенов еді. Көкбайдан екі-үш жыл бұрын Семей қаласындағы үш кластық орыс училищесіне түскен Әріп жазда ауылына демалысқа келген сайын қаланың тұрмыс-салтын, орысша оқудың қажеттігін, онда тағы Әнияр Молдабаев, Айтқазы Жексенаев, Ысқақ Солтабаев сияқты тобықты елінің жастары оқитынын естігенде, Көкбайдың оқуға деген құштарлығы онан сайын арта түседі. Алайда ол ойын әкесіне айтса, ол мақұлдамайды. Алған бетінен қайтпайтын, өршіл мінезді, жігерлі жас Көкбай «жіберсең – қолыңнан, жібермесең – жолыңнан» деп, әкесінің бір ту биесін мінеді де, «Семей қайдасың?» деп бір-ақ тартады.
«Семейге Абай келсе, бізде – думан» не Көкбай Абаймен қалай достасты?
Ауылдан қашып келіп, орыс мектебінің есігін алғаш ашқан Көкбай зерек, алғырлығының арқасында барлық пәнді жақсы меңгеріп кеткенімен қоймай, енді қолына қалам алып, өлең жаза бастайды. Сыбанның бір сараң байының Сымайыл дейтін баласының мінез-қүлқына ыза болған Көкбай оған өлең жазады. Әріпті де іліп, әдейі сөзге шақырады. Сөйтіп, екі ақын әзіл-шыны аралас айтысып кетеді. Көкбай айтыстың соңында, Әріпті Абайдан үлгі-өнеге алуға шақырып:
Семейге Абай келсе, бізде – думан,
Ән салып, босамаймыз айғай-шудан.
Басқосу, бақастасу, мәжіліс құру,
Секілді бір ғылымның жолын қуған.
Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,
Өзгелер отырады аузын буған.
Бір барсаң, мәжілісінен кеткің келмес,
Хакімдей Аплатон аңырап тұрған, – дейді.
Абай қалаға келген сайын Көкбай сияқты оқып жүрген жастарды жинап, қалай оқып жүргендерін сұрап, біліп, ақыл-кеңес берумен қатар, өздеріне де ән салғызып, өлең айтқызып, олардың өнер, талаптарын мадақтап, көңілді, мағыналы мәжіліс жасап отыратын болған. Ол жастардың кейбіреулерін оқуға түсірген де Абайдың өзі еді. Көкбайдың «Семейге Абай келсе, бізде – думан» дейтіні де осы болатын.
Ал енді Абаймен қалай етене араласып, арадан қыл өтпестей дос болуына алғаш түрткі болған оқиға жайлы Көкбай өз естелігінде былай баяндайды: «Ел ішінің ақы алысып, ақы берісіп жатқан сиезі еді. Мұны өткізуге Семейден Досовский деген ояз келіп еді, сол бір ісімді жақтырмай, мені ел кісілерінің ортасында тұрғанымда, стражниктерін (атарман) жіберіп жазаламақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай, әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүретін өлеңші жігіттерім бар еді, солардың біреуінен Абайға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жібердім. Ол кезде ән салып, өлең айтатұғым, қасымдағы жолдастарым да сондайды әдет қылатын. Оязға әкелген соң, Абай келді де, «жазығы не?» деп істің жөнін сұрады. Содан кейін Досовский: «Бұған біреу басшылық етіп, тәрбиесіне алмаса, мына елдің ортасында арызқой, пәлеқұмар болып, бұзылғалы жүрген адам. Сен тәрбиеге алып, міндетті болып, түзетемін десең, берем. Әйтпесе, жазаға ұшырайтын ісі бар», – деді. Абай маған кепіл болып, алып шықты. Осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды. Жаңағы оқиға 1880 жылдардың шамасында болып еді. Содан кейін қыс болсын, жаз болсын, Абай ел араласа, қасында жүріп, ауылына келсе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйіме бір жұма, көп болса, он күнге рұқсат алып келіп, артынан қайта барамын», – дейді. (Абай. Толық жинақ,. 1933, 387-бет).
Абай неге Көкбай боп жырлап, Көкбай боп жылады?
Алғаш Абай 1889 жылы өзінің «Жаз» атты өлеңін «Дала уәлаяты газетінің» № 7 санында Көкбайдың атынан жариялаған тарихи фактіні жадыларыңызда жаңғырта отырсақ. Өлеңнің басында былай деп түсінік берілген: «Семей уезі Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі. Кісіден үйреніп жаздым. Көкбай Жанатайұғлы». Ал енді осының мәнісін кім қалай түсіндіреді?
– Сол кезде, – дейді Мұхтар Әуезов, – Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырыпсалма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай мұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие қып шығарды.
Ал Көкбайдың өзі бұл жайлы естеліктерінде: «1880 жылдан бастап, 1886 жылға шейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ бұл уақыттағы сөздерінің барлығын «Көкбай сөздері» деп жүргізді. Кейін Омбыда шығатын «Дала уәлаяты» мен «Серке» газеті шыққанда, бірер өлеңін тағы менің атымнан жіберді. «Сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды» дегенді мен қылып қойып, өзін айтып еді. Осы хал 86-жылға шейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай ауылының ең өрістеп барып, орнықпақ болған жайлауы Бақанас өзенінің бойы еді. Көш жүріп кетті, біз Абаймен бірге бірнеше кісі болып артынан келдік. Осы жылы Абай ауылында доктор Долгополов та қонақ еді. Ауыл Бақанастың бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатыр екен. Абай қонып жатқан ауылды көріп, «осы суретті өлең қыл» деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып, бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой», – деді. Мен: «Асса, басында мен қолқаланып алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып, қайта аларсыз», – деп қалжыңдадым. Сөйтсем, сол күні «Жаздыгүн шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған өлеңіне ең алғашқы рет аз да болса, қанағат қылғанын көргенім – сол. Менің қалжыңыма орай, қылып: «Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын», – деді дейді.
«Сабалақ» немесе «Ақауыз атты жазамын деп...»
Көкбай Абайдың ақын шәкірті бола жүріп те көп іс тындырған. Соның бірі – «Сабалақ» дастаны Абайдың тапсырмасы бойынша жазылған еді. Ол жайлы ұлы Мұқаң: «Онысы Абылаймен содан бергі замандар турасындағы тарихтық тартыстар жөніндегі тақырып болады. Көкбай сол Абай берген деректер бойынша ұзақ шығарма жазады. Мұнда Абылай заманын айтып кеп, содан Қасымға, Есенгелді, Саржанға ауысады. Әңгімелі поэмасының айқын жіктелетін екі бөлімі бар. Мезгілі, мазмұны, кейіпкерлерінің қалыптасу айырмасына қарай, бұл ұзақ шығарманы айқын екі дәуірдің адамдары турасында, екі ұдай бағытта жазылған шығарма деп жіктей аламыз. Сонда поэманың алғашқы бөлімін Абылайға арналған «Сабалақ» поэмасы деп атауға болады. Екінші бөлімі Абылайдың бір топ нәсілдеріне арналады», – деген.
– Бір жылы менің өзіме: «Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, «осыны өлең қыл» деді, – деп бастайды Көкбай бұл жайлы естелігінде, – ...күндіз-түні тыным алмай жаздым да, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім. Абай бұл уақытта үлкен ауылынан бауырдағы ауылына, тоқалынікіне барып, сонда жатыр екен. Кіші ауылы – «Аралтөбе» деген жерде. Үлкен ауылы, Ділдә қыстауы – Ақшоқыда. Біздің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді. Кеш болып, ел орынға отырған кезде, кіші ауылға жетіп, Абай отырған үйге сәлем беріп кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерімде сәлемімді алмастан:
«Абылай келді ме?» – деді...
... Мен сұрағына: «Келді», – деп едім:
– Олай болса, айт! – деді.
Сонан соң барлық киімімді шешінбестен, отыра қалып, айта бастадым. Өлеңді алғашқы айта бастағанымда тымағымның бауын да шешкен жоқ едім. Тегінде «шешінейін, жайланайын» деген сөз Абайдың ықыласын қайтарып тастайды. Сондықтан өлеңді айта отырып, тымағымды шешіп бір алып қойып, тағы бір әредікте белдігімді тастап, содан өлеңнің желісін үзбей отырып, сыртқы киімді тастап, жүгімнен бірте-бірте барып қана босандым...
...Өлеңді әнге салып айтсам да, шаршаған, талғанымды білдірмей, желісін үзбей айтып отырдым... Қағазыма да қарағаным жоқ. Ылғи жатқа айттым.
Алдарына келген шай ішілмей қалды. Алғашқы самаурын суып кетіп, оны алып барып, екінші рет қойып, тағы әкелді. О да суып қалды. Абай да, басқа ешкім де ішкен жоқ. Сонымен үшінші самаурын келгенде, Абылай мен Кенесарының жорығын аяқтатып барып, енді Наурызбайға көшіп едім, бұған келгенде: «Енеңді ұрайын, ашулы тентек, Кене ханның бағын да осы алып еді. Енді шайыңды іш!» – деп, Наурызбайдың жайын бұл арада тыңдағысы келмеді.
Осы өлеңдердің ішінде Наурызбайға Меркенің бегі берген Ақауыз аттың тұлғасын сипаттап едім. Ол атты менің сөзімнен сынады да: «Мұның шыға шауып, жайылып қалатын ат болған екен» – деп, сол күндерде Ақауыз атты жазамын деп, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген белгілі ат сынын шығарды. Басында мұны Ақауыз аттың сыпаты деп айтқан соң, мен: «Абылай-Кене жырына кіргізейін бе?» – деп сұрап едім, «Бұл шіркіннің өзі де мес болып кетті ғой», – деп кіргіздіртпеді.
(Материалдар «Абай» журналының мұрағаттағы тігінділерінен алынды)
«Cорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды...»
Последние статьи автора