«Әудемжердің» әуресі
Абай секілді ақын шәкірттері де ән шығарған. Соның ішінде Көкбайдың әні бар. Бұл жай сөз емес, нақты деректер де бар. Мәселен, «Әудемжер»әні. Алайда ол өз иесіне емес, осы күнге дейін өзгелерге телініп жүр. Біреулер бұл әнді «Үкілі Ыбырайдікі» десе, біреулер «Ақан серінікі» дейді. Осыған алғаш тойтарыс беру үшін кәдімгідей ден қоя зерттеген абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов болды.
Ғалым 1983 жылы «Қазақ әдебиетіне» жазған «Әудемжер әні кімдікі?» атты мақаласында бұл әнді Көкбайдікі деп айтуға тұрарлық бірнеше нақтылы деректерді келтіреді. «Біріншіден, «Әудемжер» әні Көкбайдікі деп айтқан өзінің шәкірті Есентай Бердин», – дейді ғалым.
Екіншіден, 1964 жылы академик, композитор Ахмет Жұбанов тұңғыш рет «Әудемжер» әнін зерттеп, әннің авторы Көкбай екенін атап айтып, «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының 1-томына жазған. Ахаң былай депті: «Музыка дүниесінде елеусіз боп өтіп бара жатқан адамның бірі – Көкбай. Ол Абайдың айтуынша, «Өлең жиған тырбанып, ән үйренген ырғалып». Оның үстіне, Көкбай «Әудемжердің» авторы деген сөз расқа шығып келеді. Көкбай–Ленинге арнап ән шығарған адам. Ол осы «Әудемжермен» тынып, басқа ән шығармағанның өзінде де әңгіме етуге тұрарлық ән. Өйткені «Әудемжер» – әннің еркесі. Көкбайдың ақындығы көпке мәлім де, ал оның әншілігі, ән творчествосы қағаберісте келе жатыр» деген. (Қазақ әдебиетінің тарихы. 1-том, 2-кітап. Алматы, 1964, 188-бет).
Міне, осы келтірілген бірнеше деректерден-ақ «Әудемжер» әнін Көкбайдікі деуге қақымыз бар.