Жұлдызды жазбай таныңыз
Бүгін қазақ халқы ерекше құрмет тұтатын абзал ағамыздың жас кезіндегі суретін беріп отырмыз. Оның спорттық ғұмырындағы жеңістері мен ізі Қызыл империя үстемдік құрған кезеңге тап келіп, өз мүмкіндігін толығымен көрсете алмаса да, туған елі оны батыр ретінде құрметтейді. КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері, Азия-Африка ойындарының жеңімпазы болған. Боксшы болып, еліміздің абыройын асқақтатып қана қоймай, осы спорт түрін дамытуға да сүбелі үлес қосқан. Еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері болып, күрзі жұдырықты жігіттерімізді толағай табыстарға жеткізген. Сонымен батыр тұлғалы бұл жұлдызымыз кім?
А) Әбдісалан Нұрмаханов
Ә) Ескендір Хасанов
Б) Шоқыр Бөлтекұлы
В) Октябрь Жарылғапов
Өткен жолы Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ желаяғы, марқұм Ғұсман Қосанов ағамыздың суретін бергенбіз. 1960 жылғы Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері тірі болғанында, биыл мамыр айында 76-ға толар еді. 55 жасында дүниеден өткен, есімі қазақ спортының тарихына алтын әріптермен жазылып қалған ағамызды танитындар аз емес екен. Бірінші болып хабарласқан оқырманымыз Қайрат Төлеуов болды.