Жолдама сағымға айналды
Шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі Минскіде өткен әлем чемпионаты Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшін өте сәтсіз аяқталды. Бірінші дивизионның «А» тобында сынға түскен хоккейшілеріміз соңғы екі ойында жеңіліске ұшырап, төртінші орынға табан тіреді.
Венгрия U-18 құрамасымен болатын ойынға дейін Қазақстан жеткіншектері «А» тобына бөлінген жалғыз жолдамадан үмітін үзбей келген. Бірақ мадияр ұландарымен болған ойында 1:6 есебімен ойсырай ұтылып, таулары шағылды. Жалғыз голды біздің құрама сұрмергендерінің біріне айналған Максим Жабунин соқты. Владимир Беляев жаттықтыратын өрендеріміз бұдан соң айдын иелері Беларусь U-18 құрамасымен кездесті. Негізі, бұл ойынның нәтижесі турнир кестесіне ешқандай өзгеріс енгізбейтін еді. Беларусь бозбалалары бұл кездесуге дейінгі қарсыластарын оңды-солды жеңіп, ешбір құрама қуып жете алмастай болып қара үзіп кеткен-ді. Мақсаттарына қол жеткізсе де, соңғы ойында қарқындарын бәсеңсітпей, біздің жеткіншектерді де тізе бүктірді. Есеп – 1:6. Қазақстандықтар сапынан бұл матчтағы жалғыз голды Михаил Рахманов енгізді. Екі ойында да Қазақстан U-18 құрамасының қақпасын басында Максим Грязнов қорғап, кездесу барысында оның орнына Александр Кузьменко шықты.
Сонымен, Қазақстан U-18 құрамасы биыл да алдарына қойылған мақсаты орындай алмады. Яғни келесі жылы кіл мықтылар арасындағы жоғарғы дивизионда өнер көрсетуге құқық беретін жалғыз жолдамаға қол жеткізе алмай, елге қайтты. Кейінгі жылдары жеткіншектеріміз үшін жоғары дивизион жолдамасы сағымдай бұлдырап, жеткізер емес. Соңғы үш жылда мүмкіндіктері жетерліктей болып көрінгенімен, бақтары жанбады. Минскіде өткен мұзайдын додасының қорытынды кестесі төмендегідей:
Әлем чемпионаты. Бірінші дивизион. «А» тобы.
Ескерту: о – өткізген ойындары, ж – жеңістері, ож – овертаймдағы жеңістері, оұ – овертаймдағы ұтылыстары, ұ – ұтылыстары, ш/а – шайба айырмасы, ұп – ұпайы.