Жеребе командалық жұптарды анықтады
Астанада Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай қазанның 1-2-cі күндері өтетін «Қазақстанның бокс федерациясының кубогы – 2011» турнирінің командалық кестесі бекітілді.
Жеребе тастау арқылы рәсімделген кестеге сәйкес төрт дивизион бойынша кездесетін 16 команданың жұптық жекпе-жектері анықталды.
Сонымен, жеребе додаға қатысушы командаларды мынадай тізімде орналастырды: «Солтүстік» дивизионда – Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай облысының боксшылары Қостанай қаласында, ал Қарағанды мен Ақмола облыстарының командалары Қарағанды қаласында кездеседі. «Оңтүстік» дивизионда: Алматы – Қызылорда облыстары Алматы қаласында күш сынасса, Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстанның командалары Таразда жұдырықтасатын болады. «Батыс» дивизионы бойынша Атырауда Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстары шаршы алаңға шығады, ал Атырау мен Ақтөбенің боксшылары Ақтөбе қаласында өзара бәсекеге түспек. Сондай-ақ «Шығыс» дивизионында Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстары Өскемен қаласында өнер көрсетсе, Талдықорған қаласында Астана мен Алматы облысының боксшылары бір-біріне қарсылас болмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қазақстанның бокс федерациясының кубогы – 2011» турниріне «Астана арландары» қатыспайды. Себебі олардың басқа да додалары бар.
Турнирдің 1/4 бәсекелеріне қатысатын командалардың жұптық жекпе-жектері де жеребе арқылы анықталмақ. Оны Қазақстанның бокс федерациясы өз ішінде өткізіп, барлық ақпаратты облыстарға интернет арқылы таратып беруді жоспарлап отыр.
«Біздің негізгі мақсатымыз – отандық боксты дамыту. Сондықтан биыл сырттан легионерлер тартылмайды. Командалар өз дивизионында ғана ұтылған командадан боксшыларды тек жартылай финалға дейін ғана тарта алады. Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі оның арқасында қазірдің өзінде аймақтардағы бокстың өсуі байқалады», – дейді бокстан ҚР мемлекеттік бапкері Болат Әбдірахманов.
Қазақстан бокс федерациясының үйлестірушісі Берік Маржықпаев атап көрсеткендей, бүгінде елімізде легионері жоқ кәсіби боксшылардың аймақтық қосындары қалыптасып үлгерді. «Әрине, бұған дейін бізде легионерлерді тарту тәжірибесі болған. Бірақ ол Қазақстан бокс федерациясының мақсатына қайшы. Сондықтан біз ол жүйеден бас тартып, қазірдің өзінде оң өзгерістерді байқап отырмыз. Мәселен, Алматы облысында боксшылардың екі бірдей құрамы дайындалып, алдағы турнирге қатысайын деп жатыр. Биыл біз бокста үздік аймақты анықтамақпыз. Мінеки, бір дивизионда ұтылған командадан жартылай финалға дейін боксшыларды тартуға рұқсат бар. Ал одан кейін қалған командалардың күшін байқап көреміз. Бұл турнирде облыстар өз дайындығын көрсете алады», – деп атап көрсетті Берік Маржықпаев. Федерацияда бокстан әйелдердің ұлттық құрама командасының үйлестіруші қызметін атқарып жатқан ол алдағы турнирге әйелдер арасындағы бәсекелердің бірнеше категориясын енгізуді ұсынып отыр.
«Қазақстанның бокс федерациясының кубогы – 2011» турнирінің додалары AIBA олимпиадалық жүйесінің ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Әрбір команданың құрамына 49-91 келі салмақтағы 10 боксшы кіреді. Турнир жеңімпазы ұпай санына қарай анықталады. Жеңіске жеткен әрбір жекпе-жек үшін бір ұпай беріледі. Ал жалпыкомандалық есеп бойынша тең ұпай жинаған командалардың ішінен жеңімпаз ең жоғары 91+ келі салмақтағы жекпе-жектердің қорытындысы бойынша анықталады. Турнирдің жүлде қоры – 50 мың доллар.