Жасұлан Қыдырбаев қалай ауыратлет болды?

Жасұлан Қыдырбаев қалай ауыратлет болды?

Осыдан бір-екі күн бұрын ауыр атлетикадан Алматыда өткен әлем чемпионатында төрткүл дүниені тамсандырып, 94 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған Жасұлан Қыдырбаевқа ҚР еңбек сіңірген атағы берілді. Ал әу бастағы "меже" спорт шебері ғана болғандай, деп жазады "Алаш айнасы".
Жұмбақтамай, таратып айтар болсақ, Жасұлан Қыдырбаевтың нағашысы оны ауыр атлетика залына жетектеп әкеліп, талантты жас бапкерлерге табыстағанда, "осы бала Қазақстан чемпионы болып, спорт шебері атанса, мен сендерге риза боламын", - деген екен. Ал қазір сол бала - спорт шебері емес, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақстан чемпионы емес, әлем чемпионы...
Иә, Жасұлан Қыдырбаев 13-тен асқан шағында "спортшы болсам, шіркін" деген асқақ арман құшағында Талғардан әсем Алматыға келеді. Көңілі алып ұшқан балаң жігіт Алматыға "күреспен кәсіби тұрғыда шұғылданып, балуан болсам" деп, бекініп келген екен...
Ал нағашысы Бекен Бекмұхамбетов ол кезде (2005 жылы) ҚР ауыр атлетика федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы болып жұмыс істейтін. Ол 13-тен асқан жиенін күреске апаруды кеш санайды. Өйткені онда бәсекелестік күйіп тұр. Әрі іштей "жастайынан күреспен айналысқан құрдастарын қуып жету оңай болмас" деп те ойлайды.
Сондықтан қолынан жетектеп, Кәркен Ахметов атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжге әкеледі. Өйткені ауыр атлетикада қазақ жастарының тым аз екенін көріп, жан-дүниесі егіліп жүретін. Сөйтіп, осы спорт шаңырағындағы Дәулет Әділғазиннің қолына "сүйегі менікі, еті сенікі" дегендей мағынадағы жүрекжарды сөздерімен тапсырып кетеді.
Ал Жасұланның өзіне "спорт шебері деңгейіне дейін жетесің, соған талпын, содан соң доғарамыз" дейді. Спортшы болуды армандаған Жасұлан "жоқ" демейді, әрине. Тек бас изей береді...
Осылай Талғардың Жасұланы талай таланттың томағасын сыпырған Кәркен Ахметов атындағы спорт шаңырағының табалдырығын аттайды. Бекен нағашысы болса, Жасұланды кейіннен Ержас Болтаев пен Тойшан Бектеміровке де тапсырып қояды. Олар Бекен ағаларының сөздерін жерге тастасын ба? Әрі Жасұланның бойынан өздеріне қажет қасиеттерді көреді...
Жасұлан кейіннен Ержас пен Тойшанның қол астында жаттығып, Илья Ильин ағасымен бірге тер төгеді. Ержас, Тойшан және Илья ағаларынан тәлім-тәрбие алады. Үш ағасының ортасында бойына жеңіс рухын сіңіре береді...
Осы ретте Жасұлан Қыдырбаевтың нағашысы Бекен Бекмұхамбетов туралы бір ауыз сөз ғана жазып өтсек те, жеткілікті болар. Естеріңізде болар, 2009 жылы Илья Ильин мен ұлттық құрама бапкерлері арасында дау туындап, ол Үкіметке дейін жеткен. Сол кезде ұлттық құрама бапкерлері Ильяны "ол жұлдыз ауруына шалдықты, дандайсып кетті" деп даттаған. Сонда Ильяны қолдап, арасына түскендердің бірі осы Бекен Сәрсенбайұлы болатын. "Жұлдыздарымызды дәріптей алмайтынымыз да бар ғой, бұл жерде Ильяны қолдап, оған жағдай жасау керек" деп, "Алаш айнасы" газетіне де сұхбат берген. Илья үшін біраз жүгірді десек те, артық айтпағандығымыз болар. Соның "нәтижесі" болар, Бекен көп ұзамай, ауыр атлетика саласынан аластап кетті. Өзіне салса, сүйікті спортының маңайынан ешқашан кетпес та еді ғой. Бірақ кеткен...
Енді Жасұланның жағдайына қайта оралайық. "Спортшы болсам, ел намысын Илья ағам сияқты қорғасам" деген ынтасы зор Жасұлан көп ұзамай, шамамен үш-төрт жылдың ішінде спорт шебері атанады. Яғни, әу бастағы "меже" жүзеге асады. Бекен нағашысы өз сөзін ұмытпай, Жасұланға "спорт шебері болдық, енді қоймаймыз ба" десе, жиені баяғыдай бас иземейді.
"Жоқ, аға ауыр атлетика маған ұнап қалды, кете алмаймын, енді ел намысын халықаралық аренада қорғағым келеді", - дейді. Ал бапкерлері Ержас Болтаев пен Тойшан Бектеміров тіпті ат-тондарын ала қашады. "Жоқ, Бекен аға, бұл балада өр мінез бар, қайсарлық бар, сол қайсарлығымын әлемді бағындыра алады, бағын байламайық, бұдан да жоғары жетістіктеге шығаруымыз керек", - деп үмітендіреді һәм сендіреді.
Жасұлан ағаларының сол үміттерін ақтады. Алматыдағы Балуан Шолақ бабамыздың атындағы киелі спорт сарайында әлем чемпионы болды. Серпе көтеруде 229 келіні еңсеріп, көпшілікті сүйсіндірді. Тіпті Илья ағасының Лондон Олимпиадасында орнатқан бүкіләлемдік рекордын (233 келі) жаңартқысы да келген. Бірақ ұстаздары Ержас Болтаев пен Тойшан Бектеміров "жоқ, қазіргі мақсат - әлем чемпионы болу" деп, сабырлық танытыпты. Жасұлан көнді. Кім біледі, ағаларының бір ойлағандары бар шығар. Бәрін де ретімен жүзеге асыруды ойластырып отырған ішкі есептері де бар болар.
Ал ендігі мақсат - Олимпиада чемпионы болу! Нағашысы Бекен Бекмұхамбетовтің де бар арманы - сол. Талғардағы тарих пәні мұғалімі, анасы Айманның да арманы - сол. Электрик болып жұмыс жасайтын әкесі Балғабайдың да арманы - сол. Жалпы, Жасұланның Рио Олимпиадасында алтынмен апталғанын көргісі келмейтін қазақ жоқ шығар, сірә..

Тұздық:
Айтпақшы, Жасұлан қазір Тараздың атынан сынға түседі. Тараздың спортшысы болып тіркелген. Себебі осыдан бірер жыл бұрын, яғни Жасұланның аты әлі шықпай тұрғанда, оған Алматы зілтеміршілерінің сапынан (бәлкім, штатынан) орын табылмағандай. Қызық, Ресей мен Қытайдан келген дайын зілтеміршілерге орын табылған мегополиске болашағы зор жас талант қажет болмай қалған ба, сонда? Ал Тараздан орын табылған. Сондықтан ол үш-төрт жылдай болды, Тараздың атынан сынға түсіп жүр.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста